Жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастарды реттеудің қағидаттары мен әдістері


Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының нысаны мен субъектісі



бет2/2
Дата10.12.2022
өлшемі41.33 Kb.
#466976
1   2
6-10

1.3 Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының нысаны мен субъектісі
Құқық нысаны мен құқықтық қатынастар объектісін анықтау мәселесі қанша зерттелгеніне қарамастан таласты да тоқтамсыз мәселе болып келе жатыр. Заң ғылымы дамуының әр кезеңінде зерттеушілер аталмыш санаттарды әр түрлі тұрғыда түсіндіріп келді. Тіпті, кей тұста құқықтық реттеу нысаны мен құқықтық реттеу пәнін шатастыру да ұшырасып қалады. Ал кей авторлар «құқықтық қатынастар нысаны» ұғымын қолданады да «құқық нысаны» ұғымын атымен елемейді. Міне, осылайша қазіргі заң ғылымында бұл мәселеде пікір алалығы орын алып отыр. Сөзімізге дәлел үшін дәйектер келтірейік.
Мәселен, В.И.Леушин құқықтық қатынастардың негізгі белгілерін анықтағанда құқық нысанын адамдардың не үшін құқықтық қатынастарға түсетінінің көрсеткіші (жеке я қоғамдық мүддені бейнелейтін материалдық және рухани игілік) деп санайды. Ал құқықтық қатынастар нысанына ол пайдаланылуына я қорғалуына субъективті құқық пен заңды міндеттер арналатын нақты игілікті жатқызады [14, 220-б.].
М.К.Сүлейменов құқық нысаны реттелмек қоғамдық қатынастар болады дейтін танымал пікірді ұстана отырып, құқық нысаны ұғымы іс жүзінде құқықтық реттеу пәнімен сәйкес келеді дейтін қорытындыға келеді. Сол себепті бұл ұғымдардың бірін басы артық ұғым деп санайды. Артық санап отырғаны құқық нысаны деп ұйғаруға болады [37].
А.Х.Хаджиев жер туралы құқықтың нысанын зерттей келе оларды мынадай түрлерге бөледі: 
а) «құқық нысаны (нысандары) - құқық қамтамасыз ететін игілік (игіліктер);жер мен жер саласындағы басқа нысандардың болуымен және оған иелік ету, пайдалану, өкім жүргізумен байланысты тиісті жер құқығының шоғыры пайда болған;
ә) жер жөніндегі құқық нысаны (нысандары) - жер қоры, жерлердің санаты, пайдаланылатын жер, жер телімдері және оған деген құқық;
б) жер құқығы қатынастарының нысандары жер саласының нысандары (материалдық игілік және оған деген құқық), жер құқығының реттеу пәнін түзетін қоғамдық қатынастар осыған байланысты пайда болады» [32, 63-б.].
Л.К.Еркінбаева «аграрлық құқық нысаны» ұғымын айналып өтіп, аграрлық құқық қатынастарының нысандарын негіздеп, түсіндіріп береді. Мұндай нысанға ол «аграрлық құқық субъектісінің аграрлық өндіріс саласында әр түрлі игіліктер жасауға бағытталған қылық-әрекетін» ғана жатқызады. Осыған орайластыра ол «аграрлық жер құқығы нысаны», «аграрлық азаматтық құқық қатынастарының нысаны», «аграрлық еңбек құқығы қатынастарының нысаны», «аграрлық әкімшілік құқық қатынастарының нысаны», «аграрлық экологиялық құқық қатынастарының нысаны», «аграрлық қаржылық құқық қатынастарының нысаны» және «аграрлық салықтық құқық қатынастарының нысаны» сияқты ұғымдарды кеңінен түсіндіреді [38].
Құқықтық қатынастар нысаны туралы мәселеге осы тұрғыдан келу өткен ғасырдың бірінші жартысының бас шенінде советтік белгілі ғалымдарының зерттеулерінде кездесетінін көрсете кету орынды. Мәселен, О.С.Иоффе диалектикалық материализм философиясында нысан субъектіге қарсы салғатырылатын, субъектінің санасы мен қарекеті бағытталатын сыртқарғы нәрсе ретінде анықталатынын айтқан болатын. Осыған орай ол: «...только человеческое поведение способно к реагированию на воздействие, оказываемое субъективным правом и правовой обязанностью. Ни вещи, ни материальные блага не способны к такому реагированию», - деп түйін жасады. Демек, оның пікірінше, материалдық игілік я зат құқық нысаны бола алмайды [39].
Осы идеяны дамыта отырып Д.М.Генкин «азаматтық құқық нысаны әрекет болады», бұл әрекетті «орындауға адам орындауға құқылы немесе міндетті» екенін жазады. Оның пікірінше, меншіктік құқықта, сатып алу-сатуда т.б. «... зат ешқашан құқықтық қатынастардың нысаны бола алмайды», өйткені құқықтық қатынастар «әрқашан адамдардың әрекетіне (әрекетке бармауына) бағытталатындықтан оның нысаны заттар емес, адамдардың әрекеті» болады [40].
Құқықтық қатынастардың нысанын осылайша ұғындыру сол кезеңдегі «Мемлекет пен құқық теориясы» оқулығында да қолдау тапты [41].
Алайда, совет дәуірінің сол алғашқы кезеңінде-ақ бұл тұрғыға қарсы тұрғандар да болды. Атап айтсақ, М.М.Агарков социалистік азаматтық құқықтың мағызды нысандары «заттар» мен «жеке игіліктер» болып табылады деп сендірді [42].
Мұндай кереғарлық қазіргі кезде де байқалып қалады. Дәлел үшін қазіргі зерттеушілердің өзгеше теориялық ұстанымдарын келтіруге болады. Мысалы, А.В.Мицкевич құқықтық қатынастардағы құқықтық өкілеттігі бар тараптың мүддесін қанағаттандыратын материалдық және рухани игілікті құқықтық қатынас нысаны деп ұғады. Мұнан соң ол «құқықтық қатынастардың нысаны әрекеттердің өзі емес, олардың нәтижесі» екендігін ашық та айқын көрсетеді [43].
Л.П.Рассказов құқықтық қатынастардың нысаны деп «адамдардың құқық нормаларының реттеуші ықпалы бағытталатын әрекеттері, қылықтарын» санайды. Оның түсіндіруінше, «адамдардың қылықтары мен әрекеттері қандай да бір игілік пен мүддені- материалдық, интеллектуалдық, жеке адамның материалдық емес игіліктерін өткеру үшін жасалатындықтан» «мұндай әлеуметтік игіліктер мен мүдделер» құқықтық қатынастардың нысанын емес, «пәнін құрайды» [13, 343-б.].
И.Б.Калинин табиғи ресурстар жөніндегі құқықтың мәнін айқындай келе, табиғи ресурстар жөніндегі құқықтың нысандарына «ресурс пайдаланушы қолын жеткізу үшін іс-әрекетін арнайтын игіліктерді» жатқызады. «Табиғи ресурстар жөніндегі құқықта мүлік ретіндегі табиғи ресурсты ғана емес, осы ресурсты пайдалану құқығын да қатынастардың нысаны» деп санайды[35, 74-б.].
«Құқық нысаны» мен «құқықтық қатынастардың нысаны» ұғымдарына қатысты өз тұрғымызды белгілеп алу үшін философияға жүгінуге тура келеді. Философиялық тұрғыдан келгенде, заттық-практикалық және танымдық қарекеті аясындағы субъектіге бетпе-бет қойылатын нәрсе объект деп ұғылады. Нысан - объективті шындықтың субъектімен ықпалдасатын бөлігі [44].
Нысанды осылайша түсіну құқық саласына да қолайлы. Демек, құқықтың реттеу пәні бола алатын және осындай реттеуді қажет ететін қоғамдық қатынастар құқық нысаны болып саналады. Сонда, субъектілердің заңды міндеттері мен субъективтік құқық бағытталатын нысан құқықтық қатынас нысаны болып шығады.
Осыдан келіп, құқықтық қатынас нысанын анықтаудың қазіргі заманғы тәсілдеріне ден қоюға тиіс боламыз. Бұл бойынша құқықтық қатынас нысандарына мынадай әлеуметтік құбылыстар мен игіліктер жатады [45]:
1) Материалдық дүние бұйымдары - заттар. Заң жүзінде зат болып құқықтық қатынастың пайда болуына себеп болатын табиғаттың жаратылған күйіндегі және адам қолымен жасалған күйіндегі заттары есептеледі. Сөйтіп, затқа өндіріс құралдары, тұтыну заттары, ақша, бағалы қағаздар т.с.с. жатады.
2) Рухани жасампаздық өнім - ақыл-ой (руханият, шығармашылық) қарекетінің нәтижесі. Мысалы, құқықтық қатынастың пайда болуына себеп болатын өнер, әдебиет, көркемсурет, кино шығармалары т.с.с. Нақ осы қатынастарға субъективті құқық иесі мүдделі болады.
3) Мүліктік емес жеке игіліктер - адам және оның жеке тұлғасымен тікелей байланысты материалдық емес игіліктер.
4) Құқықтық қатынастарға түсушілердің әрекеттен (белсенді қылық) я болмаса әрекетсіздіктен (бейқам қылық) көрінетін қылығы.
5) Құқықтық қатынастарға түсушілер қылығының нәтижелері, басқашарақ айтқанда, белгілі бір әрекет я әрекетсіздіктің салдарлары.
Құқықтық қатынастар нысанын осылайша танып-түсінсек, жер және оның қойнауын пайдалану құқығының нысаны мен экономиканың осы саласындағы құқықтық қатынастардың нысанын неғұрлым дәл анықтауға жол ашылар еді.
Ол үшін, ең алдымен, жер қойнауы туралы мәселені қарастыру қажет, өйткені жер қойнауы ұғымын жер және оның қойнауын пайдалану құқығының нысаны ретінде анықтап алудың теориялық және практикалық маңызы зор. Н.Б.Мұхитдинов пен С.П.Мороз әбден негіздеп көрсеткендей, біріншіден, «кен құқығын құқықтық реттеудің пәнін құрайтын қоғамдық қатынастардың шеңберін белгілеу осы мәселенің дұрыс шешіміне байланысты»; екіншіден, «жер қойнауы» туралы түсінікті айқындап алмай, кен құқығының негізгі құқықтық институттарының мазмұнын ашу мүмкін емес» [17, с.111].
«Жер қойнауы» ұғымын анықтау мәселесінде осы күнге дейін тоқтамды тұрғы болмай тұр, ғалымдар мен практиктердің таласты мәселесі болып қалып келеді. Сөзімізге дәлел ретінде қазіргі көзқарастарды алға тартып, тарихқа да жүгініп көрейік.
Көне Рим құқығына жер қойнауы сияқты санат беймәлім болды. Екшелген заңдық түзілістерді жасай отырып римдіктер жер қойнында бар дүние оның тұтастығын құрайтынын, оған жердің өзінен гөрі басқаша құқықтық тәртіп қажет болатынын болжай алмады. Осыған орай, В.А.Краснокутский римдік жекеқұқықтық доктринада жер қойнауы жер телімінің құрамында болғанын сондықтан жерден бөлек қарастырылуы мүмкін еместігін көрсетеді [46].
Құқықтың онан ары даму жолында жер қойнауын жер (жер телімі) құрамына енгізу өз жалғасын тапты. Мәселен, «Свод законов Российской империи» кейініректегі «Гражданское уложение Российской империи» жобасында жер қойнауы жер телімінің ажырамас элементі ретінде қарастырылады. Айталық, аталмыш заңдар жинағының 1-томының 387-бабының 1-бөлігі бойынша жер қойнауы жерге тиесіліліктің мәнін береді.
Совет кезеңінің азаматтық заңнамасында жер қойнауын пайдалану ісіндегі қатынастарды жекелей реттеу қарастырылды, жария көпшілік сипатта болды. Сондықтан жер қойнауы, басқа да кез келген табиғи ресурс сияқты, азаматтық құқық айналымына енгізілген жоқ, жприя көпшілік биліктің араласуымен алынып тасталды. 1922 және 1964 жылдағы РСФСР Азаматтық кодекстері жер қойнауы, басқа да табиғи ресурстар сияқты, азаматтық заңдар шеңберінен шығарылатынын белгіледі.
Шетелдік заңнама да жер қойнауы мен оның құқықтық тәртібін анықтауға түрлі амал-тәсіл ұсынады. Мәселен, қазіргі кезеңде АҚШ-тың кейбір штаттарында жер меншігінің иесі сол жер қойнауының да иесі болады, бұл құқық, ол - жерге ие болып тұрса және басқа бір адамға ауыстырмаса сақталады.
Осыған ұқсас доктрина неміс заңнамасында да бар. Атап айтқанда, Герман Азаматтық Уложениесінің («Уложение» сөзін реалия сөз ретінде аудармай беріп отырмыз. - Е.Ж.) 905-параграфында мынадай нұсқау бар: жер телімін меншіктеу құқығы сол телімнің үстіңгі және астыңғы беткейдегі қабатындағы кеңістікке қолданылады. Алайда меншік иесі, өзіндік мүддесі болмаса, қандай да бір тереңдікте я биіктікте жер қойнауын қозғауға тыйым сала аламйды. Бұл дегеніміз - мұндайда басымдық жер телімі иесінің мүддесіне беріледі деген сөз. Ал иесінің мүддесі бар жер телімінде бар нәрсенің бәріне, жер теліміне қандай меншік болса, сондай меншік болады [49].
ТМД елдерінің заңнамаларында да бұл мәселе әр басқа шешім тапқан:Украина Азаматтық кодексі (181-бап) мен Тәжікстан Азаматтық кодексінде (141-бап) жер қойнауы телімдерін не азаматтық құқық нысаны, не жылжымайтын мүлік ретінде атамған.
Ал Әзірбайжан Азаматтық кодексінде (135-бап), Өзбекстан Азаматтық кодексінде (83-бап), Беларусь Азаматтық кодексінде (130-бап) жер қойнауы телімдері жылжымайтын мүлік пен азаматтық құқықтың оңаша нысандары ретінде қарастырылады. Мұны жер қойнауы телімдерінің құқықтық мәртебесін анықтаудағы озық қадам деп таныған жөн. Ресей заңнамсына келсек, РФ АК 130-бабында жер қойнауы телімдері жылжымайтын мүліктер тізіміне енгізілген. Демек, олар азаматтық құқық айналымының нысаны болмақ.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде «жер қойнауы мен басқа да оңашаланған табиғи нысандар» мүліктік жалдауға, соның ішінде концессиялық келісімдер арқылы жалдауға, берудің ерекшеліктері заңдармен белгілену мүмкіндігі қарастырылған (ҚР АК 541-баптың 4-тармағы).
«Жер қойнауы» ұғымы мен оның заңдық мәртебесін парықтау жөнінде әр ел заңнамасының өзгешеліктері, сондай-ақ теория мен жүзедегі пікір алалықтарының болуы «жер қойнауы» терминіне әр түрлі анықтама беру себебінен деп ойлаймыз. Сонда, жер қойнауы деп нені ұғуымыз керек?
«Жер қойнауы» ұғымын зерттеу - күрделі іс, соған қарамастан, орындалуы аса қажет міндет. Себебі: біріншіден, жер және оның қойнауы жөніндегі заңнамамен реттелетін қатынастар шеңберін дұрыс белгілеуге мүкіндік туады; екіншіден, «жер қойнауы» терминіне заң арқылы кіріктірілген мазмұнды айқындау жер қойнауын пайдалану мен қорғау саласын мемлекеттік басқарудың мәні мен арнайы ерекшеліктерін ұғу үшін қажет; үшіншіден, «жер қойнауы» терминінің мазмұнын дәл түсіну жер қойнауын игерудің құқықтық сынын жетілдіруге, заңнама дамуының бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Жер қойнауын құқықтық реттеу нысаны ретінде бірегейлеу үшін оған тиісті дәрежеде сипаттама берілу керек. Басқаша айтқанда, оны табиғат ортасынан айырықшалайтын сипат-белгілер және, соған орай, оны зерттеу, пайдалану, ұдайы өндіру мен қорғау істерінен келіп шығатын қатынастар анықталуы керек.
«Жер қойнауы» ұғымының мазмұны туралы ғылыми түсініктерді зерттеу олардың екі критерийге байланысты болатынын байқатты: біріншісі - жер қойнауын пайдалану түрлері, екіншісі - табиғаттың басқа нысандарымен, мысалы, жер беткейі я судың табанымен, арақатынасын көрсету арқылы жер қойнауын даралау.
Зерттеуіміздің мақсатына жету үшін «жер қойнауы» ұғымын жалпы геологиялық және құқықтық тұрғыдан түсіндіріп алған жөн. Бұл екеуі де аталмыш санаттың маңызды белгілерін айқындап береді.
Сонымен, жалпы геологиялық жосықта жер қойнауы «қабығы, мантиясы мен ядросын қосып алғанда, Жердің беткейінен кіндігіне дейін созылып жатқан терең бөлігі» деп түсіндіріледі. Мұнан гөрі тар мағынасында алғанда геологияда жер қойнауына «жер қабығының қазіргі заманғы дамыған техникамен пайдалы қазбалар алуға я басқаша пайдалануға болатын жоғарғы бөлігін» [50] немесе «жер бетінің төменгі жағындағы орын, жердің терең бөліктерін» [51] жатқызады.
Заң әдебиеттерінде де «жер қойнауы» термині әр түрлі түсіндіріледі.
Мәселен, Н.Б.Мұхитдинов пен С.П.Мороз жер қойнауы деп «табиғи ортаның жер қабығының қыртысында орналасқан я бетіне пайдалы қазбалар шығып жатқан, материалдық өндіріс үшін компоненттерін бөліп алу жолымен пайдаланылатын немесе кеңістіктегі операциялық базис ретніде пайдаланылатын, заңмен қорғалатын бөлігін» [17, 119-б.] есептейді. Өкінішке қарай, мұндай түсіндірмені құқық көзімен қарағанда сәтті деп айту қиын. Әр сөзіне зейін қоя қарасақ, «табиғи ортаның жер қабығының қыртысында орналасқан бөлігін», «бетіне пайдалы қазбалар шығып жатқан» болса, жер қойнауы деп тануымыз керек болады. Демек, пайдалы қазбалар болмаса, бұл - жер қойнауы деп танылмайтын болғаны ма!?
Өзінің ертеректегі еңбектерінде Н.Б.Мұхитдинов «жер қойнауы» ұғымы мен «пайдалы қазбалар» ұғымының теңестірілу мүмкіндігі туралы пікір айтқан болатын [52]. Мұндай тұрғы совет ғалымы Г.С.Башмаков еңбектеріннен де орын алды [53]. «Жер қойнауы» ұғымын анықтаудың мұндай жолымен келісу қиын. Өйткені пайдалы қазбалардың түрлерін түгендеп шығудың өзі оңай жұмыс емес, өз алдына дербес істелетін жұмыс десе болады, себебі олардың түрі ғылым, техника мен технологияның дамуына қарай молая беретіні белгілі. Оны аз десеңіз, жер қойнауы әрқашан мемлекет меншігі болып саналған, санала береді де, ал пайдалы қазбалар болса мемлекеттік акт мен/я контракт негізінде құқықтық қатынастардың басқа субъектілерінің де меншігі бола алады. Ең аяғында, жер қойнауын осылайша түсінсек, пайдалы қазбалары жоқ жер қойнауын қай тарапқа қалдырмақпыз? Жер қойнауының пайдалы қазбалары жоқ бөлігінің құқықтық мәртебесі қандай болмақ? Осы сауалдарға жауаптың болмауының өзі «жер қойнауы» ұғымы жөнінде келтірілген парықтаулардың олқылығын дәлелдей түседі. Әрине, айта кету қажет, Н.Б.Мұхитдинов кейін мұндай түсіндірмеден аулақтады да жер қойнауына енді «құрамдас бөлігін алу арқылы я жерасты имараттарын орналастыру, тиісті заттар мен материалдарды сақтау, өндіріс қалдықтары мен заттарын, ағынды су қалдықтарын көму арқылы халық шаруашылығы қажеттерін қанағаттандыруға пайдаланыла алатын табиғи ортаның бөлігін» жатқызды [16, 44-б.].
Жер қойнауының анықтамасына қатысты тағы бір тұрғы оған әлдебір геометриялық кеңістік ретінде қарау. Мәселен, Б.Ф.Ерофеев геометриялық кеңістік және оның жер асты беткейінде орналасқандарының бәрін жер қойнауы деп санады[54]. Бұл тұрғының сол кезде қолданыста болған заңнама қағидаларымен үйлесуі қиын болды, өйткені бұл - құқықтықтан гөрі геологиялық тұрғыға дұрыс келетін анықтама болатын.
«Жер қойнауы» ұғымының құрамын мұнан да күрделі етіп беру де бар. Мысалы, Ресей ғалымы Р.Р.Ямалетдинов құқықтық қорғау нысаны ретінде жер қойнауы деп Ресей Федерациясы аумағының шегінде жер асты беткейлері мен су нысандарының түбінде орналасқан табиғи ортаның бөлігін санады, бұған сол бөліктің ішкі құрамын түгелдей, сонымен бірге жерасты сулары мен жерасты құрылыстарын, жер бетіндегі я су түбіндегі пайдалы қазбаларды да осыған енгізді. Бұлардың шарты жер қойнауы жөніндегі заңмен белгіленген тәртіппен және мақсатпен пайдаланылатын болуы керек және жер қойнауын пайдаланудың заңмен анықталған түрінің қол жетер жердегі тереңдікке дейін созылып жатуы керек[55]. «Жер қойнауы» ұғымын бұлайша белгілесек, анықтық қосымша түсініктемелер беруге тиіс боламыз, сондықтан мұны теориялық та, практикалық тұрғыдан да сәтті шыққан әрі қабылдануы оңай деп айта алмаймыз.
«Жер қойнауы» ұғымы ТМД елдерінің заңнамаларында да әр сипатта түсіндіріледі.
Мәселен, Украинаның Жер қойнауы туралы кодексінде жердің топырақ қабатынан және су түбінен төмен орналасқан, геологиялық зерттеу мен игеруге болатын тереңдікке дейін созылып жатқан жер қабығының бөлігі [56] ретінде түсіндіріледі. Қазақстан заңында жер қойнауына «топырақ қабатынан төмен орналасқан не пайдалы қазбалары жер бетіне шығып жатқан, ал топырақ қабаты жоқ болса - жер бетінен және теңіздердің, көлдердің, өзендердің және басқа да су айдындарының түбінен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге болатын тереңдікке дейін созылып жатқан жер қыртысының бөлігі» (ҚР Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңы, 1-бап, 12-пункт). Қазақстан Республикасында бұрын қолданылған «Жер қойнауы және минералды шикізатты өңдеу туралы» Кодекс бойынша жер қойнауы - «табиғи ортаның халық шаруашылығы қажеттерін және басқа да қажеттерді қанағаттандыру үшін құрамдас бөлігін алу жолымен немесе жерасты имараттарын орналастыру, өндірістің залалды заттары мен қалдықтарын, ағынды су төгіндісін көму жолымен пайдалануға болатын бөлігі» [56].
Келтірілген қағидаларды құқықтану тұрғысынан талдау Украина заңнамалық актісінде жер қойнауы ұғымы сәтті берілген деген пікір туғызады. Ықшам, сыйымды, мәні дұрыс мазмұндалған. Мұндай анықтама жер қойнауы терминінің құқықтық емес, семантикалық тұрғыдағы анықтамаға, «топырақ қабатының астындағы, жер тереңдіктеріндегі орын» деген түсіндірмеге, сәйкес келеді. Украин заңнамашысы жер қойнауы ұғымын түсіндіруде «игеру» терминін де сәтті қолданған. Бұл термин жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі шаруашылық қарекетінің барлық түрін (жер қойнауын геологиялық зерттеу, барлау мен өндіру, жерасты имараттарын салу мен пайдалану) қамтиды. Өйткені бұл сөзден «бір нәрсені пайдаланып үйрену, бір нәрсені қолдану, меңгеру, шаруашылық қарекетінің шеңберіне енгізу т.с.с.» деген мағыналарды ұғуға болады [51, 728-б.].
Қазақстан заңнамалық актісінде жер қойнауына берілген ұғым аса сәтті емес: анықтама күрделендірілген, қосымша ғылыми және заңнамалық түсіндірмелерді қажет ететін сөздер мен терминдер берілген. Сайып келгенде, жер қойнауын пайдалану саласы үшін аса маңызды қағиданы түсіну қиындатылған. Бұл заңның авторлары, байқауымызша, аталмыш терминді жер қойнауын игеру саласындағы пайдалы қарекет мазмұнына таңуға барынша тырысқан. Біздіңше, соншалықты тиімді қадам емес. Айталық, су айдындары түрлерін санамалау артық; «жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар» деген терминдік тіркес жер қойнауындағы пайдалы қарекет түрлерін шектеп тастайды; сондай-ақ «ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып» тіркесін қолданудың қажеттігі жоқ еді, өйткені кез келген антропогендік қарекет, соның ішінде жер қойнауын пайдалану да, ғылыми-техникалық прогресті пайдаланатыны өзінен-өзі белгілі; бір мезгілде «топырақ қабаты» және «жер беті» деген екі терминді бірдей қолдану заңды түсіндіруді күрделендіреді, бұлардың түпкі мағынасы бірдей болғанмен, жеке-жеке түсіндірмені қажет етеді.
Ресей Федерациясының Жер қойнауы туралы заңында: «топырақ қабатынан төмен орналасқан, ал топырақ қабаты жоқ болса - жер бетінен және су айдындары мен ағынды су түптерінен төмен орналасқан, геологиялық зерттеу мен игеруге қол жететін тереңдікке дейін созылып жатқан жер қыртысы жер қойнауы болып табылады» [58]. - деп жарияланған. «Жер қойнауы» ұғымы Қырғыз Республикасы [59], Беларусь Республикасы [60] заңнамаларында да осылайша парықталады. Тек бұл елдің Заңының 2009 жылы әзірленген жаңа жобасында бұл ұғымға жер бетіндегі «пайдалы қазбалардың ұсақ қиыршықтық (россыпь) көріністерін» енгізу туралы шағын қосымша бар[61].
Түркіменстан заңнамасы бойынша, «топырақ қабаты мен су айдыны түбінен төмен орналасқан, геологиялық зерттеу мен игеруге болатын жер қыртысының бөлігі» жер қойнауы деп танылады [63].
Жер қойнауы ұғымын анықтау жөніндегі қолда бар теориялық еңбектер мен құқық қолдану жүзесінде қалыптасқан пікірлерге сүйене отырып бұл терминге өз тарапымыздан түсіндірме ұсынғанды жөн санаймыз. Жер қойнауы және оны пайдалану заңының сүзгісінен өткізіп бұл ұғымды қысқа тұжырып былайша парықтауға болады: жер қойнауы - шегінде геологиялық зерттеу мен игеру мүмкін болатын жер қыртысының бөлігі.
Бұл тұрғы жаратылыстану ғылымдарының мәліметтеріне сүйенеді. Жаратылыстану мәліметіне сүйенсек, минералды ресурстардың түзілуінде, ең алдымен, жер қыртысы мен Жердің жоғарғы мантиясында болып жататын үдерістер шешуші қызмет атқарады. Сонымен қатар, минералды ресурстардың өзі жер қыртысында болады. А.Н.Вылегжанин атап өткендей, «мемлекеттердің табиғи ресурстар жөніндегі мүддесі, жер қойнауының құқықтық нормаларын жасауға қозғау салатын негізгі түрткі-себеп, өркениеттің қазіргі даму кезеңінде жер қыртысы мен мантиясының арсындағы шекарадан төмен түспейді». Бірақ болашақта, планетаның тереңіне бойлаған сайын (бәрінен бұрын, жер бетінен үлкен қашықтықтағы геотермалдық ресурстарды игерген сайын), ахуал өзгеруі мүмкін», ал «жер қойнауы» ұғымы осы ахуалды ескере отырып түсіндірілуі мүмкін.
Жер ғаламшары туралы ілімге негіздей отырып «жер қойнауы» терминіне анықтама беру бұл ұғымға жер қойнауы және оны пайдалану жөніндегі заңдар шегінде анықтама беру төңірегіндегі таласты да мүмкіндігінше толастатар еді. Сонда, «жер қыртысының бөлігі» аталымын қолданудың өзі жер бетін/топырақ қабатын/ су айдынының түбін жер қойнауының жоғарғы шекарасы деп есептеуге тірек болар еді. Бұл - жер беті мен су түбіндегі минералды шикізат, пайдалы қазбалар мен кең тараған пайдалы қазбаларды құрамдық бөлігі ретінде жер қойнауына жатқызу қажетттігі туралы пікірді орнықтырар еді. Геологиялық зерттеу мен игеруге қол жетер кеңістік жер қойнауының төменгі болып табылады. Планетаның вертикалы және тереңдігі бойымен жер қойнауына қол жеткізуді ғылыми-техникалық прогресс жетісіктері мен жер қойнауын зерттеу мен игерудің қазіргі технологиялары анықтайды.
«Зерттеу» деген аталым жер қойнауын зерттеудің кез келген түрін, соның ішінде геологиялық зерттеуді де, қамтиды. Ал «игеру» сөзі жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі шаруашылық қарекеттердің барлық түрін (барлау, өндіру, жерасты имараттарын салу мен пайдалану т.б.) қамтиды. Бұл сөздің жоғарыда көрсетілген мағыналарын («бір нәрсені пайдаланып үйрену, бір нәрсені қолдану, меңгеру, шаруашылық қарекетінің шеңберіне енгізу» т.с.с.) ескерсек, ойымыз айқындала түседі.
Бұл терминге байланысты ұсынып отырған нұсқамызға сүйеніп жер қойнауы мен жердің арасындағы шекара әр нақты жағдаят пен әр нақты қарекеттің түріне орай белгілену қажет деген пікір айта аламыз. Н.Б.Мұхитдинов пен С.П.Мороз дұрыс көрсеткендей, «границы между недрами и поверхностью (землей), как объектами права собственности, должны проходить там, где использование земной толщи в качестве недр не влечет отрицательных последствий для землепользования, а использование ее поверхности не наносит вреда недрам» [17, 115-116-б.].
Осыдан келіп, жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының нысанына жер қойнауы телімін жатқызған жөн деген пікірге келеміз. Өйткені қолданыстағы заң бойынша жер телімі деп «жер қойнауының оны пайдалану операцияларын жүргізу үшін тұйық шекарамен белгіленген, геометрияланған бөлігін» түсінеміз.
Ал жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастардың нысаны дегеніміз, сонда, жер қойнауын пайдаланушының табу үшін өз еңбегін жұмсайтын игіліктер болып шығады. И.Б.Калинин дұрыс айтады, зерттеп отырған саламызда құқықтық қатынастар нысаны белгілі бір табиғи ресурс қана емес, осы ресурсты пайдалану құқығы да бола алады. Алайда бұл үшін табиғи игілік, табиғи ресурс және табиғи нысан ұғымдарының ара жігін ажыратып алу қажет. Табиғи игіліктер - жер қойнауын пайдаланушы пайдаланып отырған немесе пайдалануы мүмкін табиғи ресурстардың жиынтығы, бұған жер қойнауы ресурстары да, сондай-ақ табиғи жағдайлар да жатады. Табиғи жағдайлар (климаттық, географиялық т.с.с.) деп табиғи ортаның әр түрлі қасиеттерін, ахуалын ұғамыз. Табиғи ресурстар болса табиғи нысандардың адам пайдаланып жүрген я пайдалануы мүмкін пайдалы қасиеттер мен заттардан тұратын жиынтығы. Ал табиғи нысан деп табиғаттың өзі жаратқан өзара байланысты материалдық элементтерінің кеңістік жағынан шектеулі кешенін айтамыз.
Сонымен, жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастардың жалпы нысаны жер қойнауының белгілі бір ресурсы, абстракт күйде емес, жер қойнауын пайдалану келісімшартында және/не рұқсаттамада/лицензияда нақты көрсетілген ресурс болып табылады. Мұнан шығар түйін сол: жер қойнауының нақты бір телімінде орналасқан табиғи ресурс жер (мұнай, көмір, жерасты суы, газ және басқа минералды шикізат немесе пайдалы қазба) қойнауын пайдалану саласындағы қатынастар нысаны болады
Осы тұста жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастар нысаны ретінде пайдалы қазбалардың белгілі бір критерийлер бойынша жіктелуіне тоқтала кеткен жөн. Пайдалы қазбалар табиғи күйінде және физико-химиялық қасиеттеріне қарай сұйықтар, газ тәріздестер, кендік және кендік еместер болып бөлінеді. Ал заңнамалық қағидаларға сүйенсек, пайдалы қазбаларды кең тараған және кең тарамаған пайдалы қазбалар деп бөлуге болады. 
Бұл жіктемедегі құқықтық қатынастар нысандарына қарай отырып келтірілген жалпы және тікелей нысандардың материалдық нысандар екеніне көз жеткізуге болады. Себебі жер қойнауын пайдаланушы материалдық әлемнің нысандары - жер қойнауы, пайдалы қазбалар, минералды шикізаттарға т.с.с. тікелей әсер ету жолымен өз мүдделерін қанағаттандырады. Мұны И.Б.Калинин жақсы байқаған. Оның айтуынша, ресурс пайдаланушының мүддесі материалдық емес игіліктерді пайдалану жолымен де қанағаттандырылуы мүмкін, ондай игіліктерге, мысалы табиғи ресурстар туралы, олардың орналасқан және шоғырланған жері мен жағдайы туралы геологиялық, картографиялық және басқа ақпаратты жатқызуға болады [35, 76-б.].
Елімізде 2010 жылы қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа заңдағы кей жайттар да күмәнсіз емес екенін айтуға мәжбүрміз. Онда «жер қойнауын пайдаланумен байланысты объектілер» деген жаңа термин ұсынылып, ол «объектілерге» «заңды тұлғадағы қатысу үлестері (акциялар пакеттері)» мен «жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның акцияларына меншік құқығын куәлендіретін бағалы қағаздар» да жататыны көрсетілген (1-баптың 23-тармағы). Бұл ұғымның жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін арнайы заңға енгізілуін сәтсіз де жаңсақ қадам деп есептесе болады, өйткені «қатысу үлестері (акциялар пакеттері)» мен «бағалы қағаздар» азаматтық құқық нысандары болып табылады, сондықтан оларды басқару азаматтық заңнамамен реттелуге тиіс.
Құқықтық қатынастар мен құқық нысаны мәселелерін зерделеуде құқық субъектісі туралы ілімді елемей кетуге болмайды. «Нысан» ұғымын философиялық тұрғыдан парықтасақ, нысан заттық-практикалық және таным қарекетінде «субъектіге» қарсы салғастырылатыны дәлелденген. Құқықтың классикалық теориясында құқықтық қатынастар субъектісі деп субъективті құқығы мен заңды міндеттері бар құқықтық қатынастарға түсушілерді айтады. Теория мен практикадағы дәстүр бойынша құқықтық қатынастардың субъектілері екіге бөлінеді: индивидтер (жеке тұлға) және ұйымдар (заңды тұлға). Кей авторлар мұндай субъектіге әлеуметтік қауымдастықтарды да (халық, ұлт, өңір жұртшылығы, еңбек ұжымы) жатқызады [63]. Құқықтық қатынастардың субъектісі жөніндегі мәселе мемлекет пен құқық теориясында терең зерттелді, сол себепті субъектінің тек жер қойнауы және оны пайдалану құқығына ғана қатысты сипаттарына тоқталамыз.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастардың ерекшелігі жер қойнауы және оны пайдалану құқығының міндетті субъектісі мемлекет болуында. Өйткені жер қойнауы заңнамаға сәйкес тек мемлекеттің меншігіне ғана жатады (ҚР Конституциясы, 6-бап, 2-тармақ; ҚР АК 193-бап; ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы Заңы 10-бап). Бұл құқықтық қатынастарда мемлекет ҚР Үкіметі арқылы, уәкілетті орган, мысалы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі арқылы әрекет етеді.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастардың субъектісі жеке тұлға да, заңды тұлға да бола алады. Бірақ бұл құқықтық қатынастарға субъектінің үшінші түрі - әлеуметтік қауымдастық қатыспайды. Бұл жерде жер қойнауы иесі мен жер қойнауын пайдаланушылардың арасындағы қатынастардың арнайы өзгешелігі мен шектеулілігі ескеріледі. Бұл тұрғы заңнамадан да дәйек табады, онда «қазақстандық және шетелдік жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар жер қойнауын пайдалану құқығының субъектісі бола алатыны» көрсетілген. Бұған қоса, жер қойнауы туралы 2010 жылғы ҚР Заңы жер қойнауын пайдаланушылардың өз қажеттері үшін кең тараған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өндіретін тұлғалардан басқасы кәсіпкерлік қызметтің субъектілері болуы тиіс екендігін көрсетеді. Жер қойнауы туралы жаңа Заңда жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастарда ерекше арнайы субъектінің, «келісімшарт бойынша оператордың» пайда болу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұны жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелері тағайындай алады. Осы қағида «операторлардың», мысалы, Қашаған және Қарашығанақ жобаларындағы опреаторлардың, құқықтық мәртебесін заңдастырып отыр.
Мұнан бұрынғы Заңда (1996 жыл) жер қойнауын пайдалану құқығы субъектісінің екі түрі бар: жер қойнауын тұрақты пайдаланушы, бұларда жер қойнауын пайдалану құқығының мерзімі шексіз болады; жер қойнауын уақытша пайдаланушы, бұларда жер қойнауын пайдалану құқығын пайдаланудың нақты мерзімі болады(«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 1996 жылғы ҚР Заңы, 11-бап). Аталмыш Заң 1999 жылдың 11 тамызына дейін жер қойнауын пайдалану құқығының субъектісіне «шетелдік мемлекеттер» пен «халықаралық ұйымдарды» жатқызып келді. Алайда Қазақстанда жер қойнауы және оны пайдалану құқығын беру тәжірибесіне шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың мұндай құқыққа ие болу мысалы әлі беймәлім болатын.
Шүбә жоқ, экономика аясындағы құқықтық қатынастардың субъектісінің құқықтары мен міндеттері жер қойнауы және оны пайдалану құқығының нормаларымен де белгіленеді. Дей тұрсақ та, нақты бір құқықтық қатынас өмірге келу үшін жер қойнауын зерттеу мен игеру саласындағы құқықтық қатынастарда құқық нормалары арқылы пайда болатын, өзгеретін я қысқаратын нақты жайттар болуы керек. Бұл туралы жұмысымыздың келесі тармақтарында сөз болмақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет