Жертөледегі жазу



бет23/29
Дата14.06.2016
өлшемі2.03 Mb.
#134303
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29

3

Еске алудың өзiнен бойы қалтырап, қалай айтарын бiлмей iркiлiп тұрғанда:

– Сендер менi әулие тұтасыңдар. Ол бекер! – дедi Аруақ өзiмен өзi сөйлескендей сыбырлап. – Жауырды жаба тоқып, сылап-сипамай сендер менiң кiнәмдi де айтуларың керек.

– Аруаққа ғайбат айтуға болмайды ғой!

– Неге болмайды. Ғайбаттан қорыққандар тiрлiгiнде түзiк жүрсiн. Өлiге сын айтуға болмайтын болса, тарихта шындық бола ма?.. Мен адасқан адаммын. Өзiммен қоса сендердi де адастырдым. Халқыма шүйгiн өрiс iздеп едiм, өзiм бұйдасын ұстап бұрған ұлы көштiң алды шыңырау болды. Бiз көкiректерден Құдайды қуып шықтық та, сиқырлы құмыраны тасқа бiр перiп мың жыл бойы қамалған кәрi Жынды бостандыққа шығарып жiбердiк. Қаңырап бос қалған кеуделерге сол заматта-ақ жылмаң етiп, Жын кiрiп алды. Қазiр қазақтың жүрегiнде сақалына сары шайтанын орап бiр-бiр Жын отыр. Ол еркегiне арақ iш, ұрғашысына зина қыл, аhирет жоқ, ештеңеден қорықпа, бүлдiр-бүлдiр дейдi бүйiрiне түртiп сықылықтап. Қазiргi ұрпақ менiң «Альбатросым» мен «Социалстанымды», «Советстанымды» оқиды:

Бiздi Октябрь туғызды,

Болатпен бел буғызды.

Жұмыскер тап жауларын

Елден түрiп қуғызды.

Ұшан қызыл туымыз,

Еңбекшi тап нуымыз,

Тiтiретедi дұшпанды

Жер қозғалтқан шуымыз...

Сәбидiң ақша қардай пәк санасына қара сызық түскен сайын өзiмдi күнәhар сезiнiп, ұяттан өртенiп кете жаздаймын. Оқыма, жырт, лақтыр деймiн айқайлап. Бiрақ менiң о дүниеден шырылдаған дауысымды олар естiмейдi. Ал Жын: оқы, адастырмайтын кiтап тек осы, дейдi сиқырдай сыбырлап. Құранға созылған қолды қағып жiбередi; Мағжан, Ахмет деген кiсiлер өтiптi ғой, оқып көрсек қайтедi деп қарайлаған аңқау көздерге айдаhардың аузын ашып көрсетiп, имандарын ұшырады... Иә, өзiм бостандық әперген Жын өзiмдi көрге тықты ғой. Жо-жоқ, көр де бұйырмай қалды емес пе! Артымда белгi жоқ, ел-жұртым, ұрпағым қол жайып, құран бағыштайын десе, сүйегiмнiң қайда жатқанын да бiлмейдi. Большевизмнiң қарғыс таңбасы басылған тәнiме қара жерден қос уыс топырақ бұйырмады. Жер бетiнде сая табар жұдырықтай төмпешiк болмаған соң, ендi, мiне рухым шексiздiктi шарлап жүр. Қысқа өмiрiмнiң қызық-шыжығы, өкiнiш-өксiгi өткен, елесiм қалған орындарға оқта-текте соғып кетемiн. Пәниден бақиға озар ең ақырғы күн түнеген мына тас қапасқа бүгiн әдейi бұрылдым; сенiң жан айқайыңды естiп келдiм; осыдан жарты ғасыр бұрынғы өзiмнiң ышқынған, шарасыз күңiренген үнiм құлағыма жеткендей болды. Менен кейiн де, саған дейiн де мұнда талайлар жатқан: алаяқ сатқын да, нахақ күйген момын да, атақты қайраткер де, кемеңгер ғалым да. Бiрақ солардың бәрiнен мен үшiн сенiң жөнiң бөлек. Сендер бiздiң тарихи қателiгiмiздi жетпiс жылдан соң түзетуге талпыныс жасадыңдар. Мәңгүрт тобырға айналдырдым деп мәз боп жүрген Жын санын бiр-ақ соқты сол сәтте. Ақ қардың үстiне алаулап қызыл қандарың тамды; соңғы үмiттерiңдi азуы сақылдаған қасқыр ит талады. Бiрақ, көк желкелерiңнен шоқпар мен күрек тиiп жер құшып құлағандарыңмен, ғасырлар бойы есесi кетiп етпеттеп жатқан қазақ, бұққан басын көтерудi ұмытуға айналған қазақ, сол күнi бұлқынып, тiк тұрып кете алмаса да, еңсе тiктеп тiзесiне қонды. Қанға бөккен Азаттық алаулап алаңда қалды. Танкiнiң таптап өткен табаны да, өрт сөндiргiш машинадан атқылаған мұздай су да оны бәрiбiр сөндiре алған жоқ. Алаулаған сәулесi қара түнектi қақ жарып, төрткүл дүниенiң түкпiрiн шарпып өттi. Ең бастысы, жасып, жаншылған миллиондарға мызғымас, мәңгiлiк боп елестеген дүлей зұлымдыққа қарсы шығуға болатындығына көздерiн жеткiздiңдер. Сана, түсiнiктi құрсаған көксiреу мұз бұзылды, сең қозғалды. Ендi оны тоқтату мүмкiн емес. Бiздер iстеуге тиiстi iстi сендер iстедiңдер. Һәм өкiндiм, hәм сүйсiндiм. Әнеугүнi алаңда сендермен бiрге болдым. Қаңсырағанда басыңнан сүйедiм, машинадан атқылаған судан малмаңдай боп тұлабойың қалшылдағанда ыстық демiмдi үрлеп жылыттым... Сен – тағдырдың менiң қателiгiмдi түзету үшiн жiберген адамысың. Еңсеңдi түсiрме, беркiн, бауырым!

– Мыналардың түрi жаман, аға! Қажыдым...

– Бұлардан қайырым күтпе. Өз мақсаттарына жету үшiн ештеңеден тайынбайды. Сенi ендi бұлардың темiр қақпанынан ешқандай құдiрет суырып ала алмайды. Тек қайыспа, қасқайып кiсiлiк тұғырыңнан түспеуге тырыс.

– Өлiмнен қорқамын,аға!

– Өлiм әрқашан да қорқынышты. Бiрақ ер-азамат үшiн өлексе сүйреп тiрi жүру одан да қорқынышты. Ас iшiп, аяқ босатқаннан басқа түк бiтiрмей қара жерге кiргеннен сақтасын, Құдайым. Сен болсаң, миллиондардың бiрiнiң ғана қолынан келер ұлы ерлiк жасадың. Осыдан кейiн өлем деп өкiнуге бола ма? Ертеде мұсылмандар Ғазауатқа аттанар алдында кебiнiн киiп, жаназасын шығартып алатын болған. Кенесарының сарбаздары да сөйткен. Олар тiрi қалуды емес, жауды жеңудi мақсұт тұтты. Аман қалған жанын олжа көрдi. Қоршауды бұзып шыққанымен Ханын құтқара алмай, өзiнiң тiрi қалғанына әйгiлi ер Ағыбай өмiр бойы өкiнiп өткен. «Науанның «Ағатай, тоқта!» деген үнi құлағымнан кетпейдi» деп түн ортасында тұрып ап күңiренiп отырады екен. Өзiн құрбан етем деген адам ғана ұлы мұратты iске асырмақ. Әрине, ажалдан қорқу заңды, бiрақ мәселе қалай өлуде. Бiреудi машина қағып кетедi, бiреу араққа уланып қылжиып қалады, ендi бiреу мансабымнан айрылдым деп миына қан құйылып өледi... Ал сен халқың үшiн құрбан болып барасың. Былай өлген кiсiде арман бар ма! Мен ғой, мiне, сенiң тағдырыңа қызығып тұрмын. Серке басыммен, самайын ақ шалған аға жасыммен мен бұлай өле алмадым, алданып, опасыздың отына күйдiм. Халқым деп қан майданға қасқайып шығып, сол үшiн қыл мойнымды қиянаттың қылышы шапса, өкiнiш не. О дүниеде де жаным жай таппай осы күнге дейiн шырылдап жүргенiм содан. Өкiнбе, бауырым. Серпiл көңiлсiз ойдан. Артыңа өлмес өмiр тастап бара жатқаныңды сезiн. Сен өзiң тамсанып, табынып өскен Сәкеннен бақыттысың. Өзiңнен де бақытсыз бар екенiн түсiнiп, тәубаға кел. Серпiл, серпiл, шақыр аруағыңды. Кеудеңдi үңгiп жұлқылап жатқан құзғын ойларды қу!..

Кенет бiрте-бiрте Аруақтың сақал-шашы ағарып, қара киiмi бозара бастады. Тұла бойы қыбырсыз маздап жанған әппақ шыраққа айналды. Бұның айналасын тұмшалап қорқыныш төндiрген түнектi өзiне сiңiрiп жұтып жатыр. Басын сәл изеп қоштасқандай ишара жасады да, сыбдырсыз басып шегiне бердi. Үрей шақырып қамалаған қара түндi алдына сап қуып, бөлме iшiнде аппақ таңды қалдырып барады...

Ұйқыдан оянғаны не талып кетiп, ес жиғаны белгiсiз, Әзиз-Сұлтан көзiн ашқанда, бөлме iшi жап-жарық екен. Аппақ таң сүттей ұйып тұр. Маужырап ататын кәдiмгi бейбiт таң. Көңiлiнде ешқандай қобалжу, қорқыныш жоқ. Басының солқылдап ауырғаны басылған. Денесi қунақ, санасы сергек. Талай күнгi кемiрген тәнiндегi дерт пен жанындағы өрттiң дауасын әлгiндегi елестеген Аруақ тапқандай; бақсыдай арбап бойындағы бар әлсiздiктi сылып алыпты. Ендi бұлыңғыр болашағын ойлағанда, уайымға тiзгiн берiп бұрынғыдай үрейленер емес. Аруақпен тiлдескен қас қағым сәтте бүкiл болмысы құрыш боп құйылып шығыпты, боркемiк, осал қоспадан арылған. Неге де болса бас тiккен қайсар қуат, бекемдiк орнапты жүрегiне. Қабырғасы сөгiлсе де егiлмейтiн, үгiлмейтiн қара тас боп түйiлiп қалды.


ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

ҚЫРАН БОП ҰШҚАН ҚАРҒА

1

Жаңа хатшының келгенiне талай қазақтың қыбы қанды. Ендi әдiлдiк орнайды, тәртiп болады деп бер жақтарынан өздерiн алдарқатқанмен, әрқайсысының iшiнде: “бәрiбiр бiздiң жүздiң, бiздiң рудың, бiздiң ауылдың, бiздiң көшенiң пәленшекесi болмас едi, одан да орыстың болғаны дұрыс болды” деген қызғаныштың қызыл төбетi ырылдап жатқан. Әркiмде екi есеп, бiр қисап: Қонаев заманында шөмiштен қағылған жәбiрлi топ алдарынан жарқ етiп күн ашылғандай құнжыңдасты. Жаңа басшының оң қабағына iлiгiп атақ алармын, жiлiктiң майлы басы бұйырып қалар деп емексiдi. Әсiресе Қали Ержанов — айы оңынан туып, бөркiн аспанға атты. Оған атақ та, сыйлық та керек жоқ. Бәрiн Қонаевтың тұсында алып болған. Сонда да оған риза емес. Бiтiспес дұшпаны – Сүлейменовтi саясына алғаны үшiн оған өкпесi қара қазандай. Кекiрейген ол неменi су түбiне жiберудiң талай сәтi түсiп едi амал не. Ең аяғы Москвамен жалғасып, “Ая и Я” туралы науқан көтерiп, мәселенi Сусловтың алдына дейiн апарып, бұтын көктен келтiрейiн деп тұрғанда осы ұзын шал араға түсiп дымды құртты емес пе. Сенген Қонаевы мiне, сергелеңге түсіп өз басымен қайғы боп кеттi. Ендi қай құдайы құтқарып қалар екен!



Қали ортақол ғана жазушы болатын. Бiрақ аброй-­беделi классиктен зор. Іскерлiк жағынан әдебиетте оның алдына түсе қоятын жан кем де кем шығар. Өзiн насихаттаудың, ат жасаудың хас шеберi. Бiр әңгiме, жарты повесть жазса, бүкiл баспасөзге бiр жыл бойы жыр. Газет-­журнал бiткен қақалып­-шашалып соны мақтап-­тамсанып даңғара қағумен болады. Тiл тапқыш, жөн бiлгiш. Кiм­-кiмнiң болсын осал жерiн дөп басады. Жақсылықты дабыралап, бадырайтып жасайды, ал зұлымдығы жiңiшке, жымын бiлдiрмейдi. Есепке жүйрiк. Пайдасы еселеп қайтар нәрседен ештеңесiн аямайды, төге салады, шаша салады. Керегiне жарар алкашқа жартылығы дайын. Жағымпаз, жылпостың да бетiн қаққан емес. Бәрiне құшағы ашық. Бiрiн жұмысқа iлiктiрдi, екiншiсiне прописка жасап бердi... Солардың бәрi болмаса да, бiразы қазiр iс басында, кез­келген шаруасын солар жалғыз-­ақ звонокпен тындырып бередi. Қалидың сондықтан шешпейтiн мәселесi жоқ. Жарылқаушы, құтқарушы. Дефицит товардан бастап пәтер әперуге дейiн соның қолында. Ондай жақсылығын көрген аш өзек, көгенкөздер отқа айдасаң да тайынсын ба. Қалекесiнiң жолында бауыздалып өлуге даяр. Әдебиеттегi ақсақал-­қара сақалдардың ендi бұған қарсы келетiнi шамалы. Бiрiн дастарханмен тұсады, бiрiн картамен матады. Анау­-мынау деп керi лағып, аспанға қарап ұлығандар, қаламын жалаңдатқан жас перi жан алғыштарын жауып жiберiп, бiр-­екi рет шаңын қағып алғаннан кейiн жым болатын. Сөйтiп Қали не жазса да айдарынан жел естi. Бiр әңгiмесiн “сыншылардың” ақыл-­кеңес, өтiнiш-тiлегiмен повестке айналдырды, повестен роман жасады, одан үрлей­-үрлей буаз қылып дилогия туғызды. Сол қалың томдығын жиырма жылда жиырма рет қайта бастырған шығар. Толықтырылған, қайта қаралған, жаңадан редакцияланған... деген сылтаумен бiрiншiде 370 сөзiн, екiншiде 547 сөзiн өзгертiп, он бесiншiде 81 сөйлемiн қайта жазып бастырды. Мыжи бередi, езе бередi. Мысалы: “қонақтар шай iшiп, ет жедi” деп бiр жазса, екiншiде: “қонақтар шай iштi, жайғасып бiраз әңгiме­-дүкен құрған соң ет жедi” деп түзетедi. Штатты сайқал “сыншылары” сол-­ақ екен: “Рас-­ау, шай iшiле сап ет жемейдi ғой, қалай дөп басып суреттеген! Аһ, қандай психологиялық дәлдiк! Аһ, неткен шеберлiк!” деп аузын ашып, көзiн жұматын. Кiтап тарату мекемесiндегiлер: “Ержановтан құтқара гөрiңдер!” деп жоғарыға жылда ойбай салады. Бiрақ олардың зарын тыңдап жатқан ешкiм жоқ. Мұқабасы алтынмен зерленген қызыл-­жасыл қалың том автолавканың белiн қайыстырып ауыл-­ауылға жол тартады. Сабан той, шопан тойда еңбек озаттарына тарту-­таралғы, үздiк оқушыға сыйлық. Ендi қай қазақтың үйiне барсаң, төрiнде Қалекеңнiң кiтабы, кiтапханаға кiрсең, сөресiнде сiрескен Қалекеңнiң кiтабы, дәретханаға кiрсең, қақ айрылып жыртылып жатқан Қалекеңнiң кiтабы. Есесiне Қазақстандағы кiтабы ең көп тиражбен тарайтын, халық сүйiп оқитын ең танымал жазушы, ең пәленше, ең түгенше жазушы. Атақ та, ақша да Қалекеңде. Мақтау, қолпаш. Алмаған сыйлығы қалмады. Пәленбай тiлге аударылды. Екi­-үш үзiндiсi оқулыққа да ендi. Әйтсе де оның шығармаларын оқыған қатардағы оқушы екi ұдай күй кешетiн. “Мынаны несiне аяқ-­қолын жерге тигiзбейдi, түкке тұрмайтын шатпырақ қой” деп тұшынбай мұрынын шүйiргенмен, “елдiң бәрi тегiн мақтамайды ғой, бәлкiм мен түсiнбейтiн шығармын” деп өз талғамына күдiктенетiн. Бiрте-­бiрте Қалидың өзi де талантының мықтылығына бек сене бастаған. Ендi оған сын есту деген маңдайына мылтық тiреп атқанмен бiрдей едi. Бетiне шаң тимей желдей есiп жүргенде, сол оқты атқан Сүлейменов болды. Һәм оңаша, кiшiгiрiм жерде емес, жалпақ жұрттың көзiнше жайратып салды. Совет одағының шар тарабынан ығай мен сығайлар жиналған жазушылардың кезектi съезiнде классикпiн деп жүрген алтын басын боққа домалатып, халтурщик дәрежесiне түсiрдi. Өмiрiнiң мәнi мен сәнiне айналған “әйгiлi” дилогиясын насоспен үрленген желбуаз опус дедi. Белгiлi орыс романының елiктеу дәрежесiндегi қазақша дарынсыз вариациясы деп, қадап-­қадап көптеген мысал келтiрген. Қали сол жерде буынып өлуге дәс қалды. Ең болмаса баяндама газетке басылып елге тарап кетпесiн деп жанұшырып Орталық комитетке барған. Ондағылар қауқарымыз жоқ деп екi алақанын жайды. “Адамға табын, жер, ендi” поэмасын жазып совет поэзиясын ғарышқа самғатқан асқақ ойлы жас перiге қарсы келуге кiмнiң жүрегi дауаласын. Бар қылған қайраны, таң атпай жасақтарын жауып жiберiп, Алматыдағы барлық киоскiден газеттi сатып алып, өртеп жiберген. Содан берi алысқаны-жұлысқаны – Олжас. Істемеген қысастығы жоқ: сiлiмтiктердi жалдап таяққа жыққызды; алкаштарға ақша берiп, iшкiздiртiп, талай рет милицияға да ұстатқызып жiбердi. Оның сыртында пәлен жерде пәлен, түглен отырыста түглен деп ұлтшылдық, антисоветтiк сөз қоздатты деп, бiрiн оң, екiншiсiн сол қолымен жазып, үшiншiсiн әйелiне, тағы бiрiн баласына көшiртiп Орталық Комитет пен КГБ­-ға қосарлап айдаған домалақ арыздары қаншама... Бұлардан онша ештеңе өне қоймаған соң, творчествосына тиiсуге көшкен. Орынсыз болса да соқтығып, бiреу болмаса бiреу сенедi деген есеппен күйе жағып қаралай бергендi жөн көрдi.

Әдетте Қалидың үйiндегi бас қосудағы әңгiме­-дүкеннiң аяғы топ­-ұйымның жиналысына айналып кететiн. Онда кiм не iстеу керектiгi жайлы мәселе қаралады, қаулы қабылданады. Келесi отырыста әркiм өзi атқарған iсi туралы есеп беруге тиiс. Осындай бiр бас қосуда бiр лақа ауыз, қотыраш баланың ынта­-жiгерi жүдә ұнап қалды. Көзi сығырайған, талтаяқ, безеу бет. Кезiнде бiраз сiлтеген қасқа-­ау шамасы. Бiрақ соңғы кезде бауыры ауырып, қойып жүр дедi танитындар. Кеш бойы Олжасты жамандап шаршаған жоқ. Сөзiнде, әрине, қисын аздау. Ең бастысы, Олжасты жан­-тәнiмен жек көредi екен. Сонысына риза. “Жарайсың, қотырашым! – дедi iшiнен айызы қанып. – Мәлiметтерiн алып, өзiн картатекаға кiргiзiп қою керек шығар. Үйi-­күйi қандай екен? Асырауы келiссе, жақсылап үретiн жолдаяқтың сортынан сияқты.”

Ана әдебиет газетiнiң редакторы – осы үйдiң сүйек­-саяғын кемiрiп семiрген тарғыл мысық. Руы бөтен болса да әдейi iшке тартып жүр. Жүзшiл, жiкшiл демес үшiн осындай мияулап, үретiн бұралқылар керек емес пе. Осы орынға да әупiрiммен қонжитқан өзi. Соны шақырып алып: “Мына баланың беталысы дұрыс екен. Өзiндiк пiкiрi бар. Саған мақала жазып апарады, соны бас!” деп табыстаған. Бiр аптадан соң тарғыл мысық мияулап келiп тұр:

– Ойбай, Қалеке, мына жiгiтiңiз өгiздiң мұрынын жұдырықпен тесетiн нағыз нойыстың өзi ғой. Төрт бет мақала әкелiптi. Ілiп алар қисын жоқ. Олжастың: “Өзгенiң тауын аласартпай, өз даламызды асқақтатайық” деген қанатты сөзiне тиiседi. Шынымен саңлаусыз ба, әлде қиястығы ма, әлiппе ашқан адамға түсiнiктi нәрсенi бұра тартып, “тау” мен “дала” сөзiн заттық мағынада алып талдайды. Мiне, өзiңiз тыңдаңызшы; “О.Сүлейменов “Өзгенiң тауын аласартпай, өз даламызды асқақтатайық!” дейдi. Мұнысы мүлдем қате. Таулар тұрғанда дала ешқашан асқақтай алмайды. Дала дала болып қана қалады. Ал тау жасасаң, оның аты Балкан, Сиона, Анд, Кордильер болуы мүмкiн” деп жазады. Жамандаудың жөнi осы екен деп бүйтiп сандырақтай беруге бола ма?

– Не болса да бас! – дедi Қалекең дауысы ызбарланып. – Оқушы пiкiрi деп бас.

– Газеттiң обалы бар емес пе, Қалеке­-ау? Оқушы не дейдi, күлмей ме?

– Бұл – сенiң пiкiрiң. Елдiң бәрiн өзiңдей көрме. Бiреу, мiне, басқаша пiкiр жазып отыр ғой, демек ондай да түсiнiк бар деген сөз. Неге ондай көзқарас өмiр сүруге тиiстi емес? Мақсатымыз – Сүлейменовтi қаралау ғой? Басқа-­көзге төпелей беру керек. Бiреу болмаса, бiреу сенедi. “Тегiн жамандап жатқан жоқ, бiр гәп бар­-ау сiрә”, деп өзi түсiнбесе де көңiлiнде күдiк қалады. Сөйте-­сөйте пiкiр қалыптасады. Жақында Қапаев деген бiр жазушының шығармасын оқыдым. Өзiмiздiң ноғайлардың мынандай бiр әфсанасын мысалға алыпты: “Бiр кедей сиырын сатпақшы болады. Базар күнi таң сәрiден сиырын жетелеп жолға шығады. Мұны бiлген төрт алаяқ өзара сөз байласып, кедейдi алдап соғуға бекiнедi. Ең әуелi қудың бiрi кедейдiң алдынан шығып:

– Оу, жiгiтiм, ешкi жетелеп қайда барасың? – дейдi.

– Ешкiң не айтып тұрған, сиыр емес пе, көзiң жоқ па немене? – дейдi кедей таңырқап! Алаяқ бетi бүлк етпей өтiрiктi құйқылжытып төндiре түседi:

– Мұндай сиырды көрсем көзiм ақсын. Кәдiмгi ешкiнiң өзi ғой.

– Басымды қатырмай, жоғалшы! – Кедей қолын бiр сiлтеп, сиырын жетелеп жүре бередi.

Бiраздан кейiн екiншi суайт ұшырасады.

Жол болсын, тусықан. Мына серкештi қайда апара жатырсың? – дейдi аярлана жымиып.

– Сендер не, соқыр боп қалғаннан саусыңдар ма? Қайдағы серкеш, көрмей тұрсың ба, бұл сиыр ғой! – Кедей одан сайын ашуланып, тақталмастан ары қарай жөнеле бередi.

Көп өтпей үшiншi қу жолын кес­кестейдi:

– Ойпырмай, не деген арық ешкi, тарамысына iлiнiп өлгелi тұр ғой. Сатқалы апара жатырсың ба? Базарға жеткенше өлiп қалмаса игi едi! – деп басын ары-­берi шайқап, таңдайын тақылдата сұңқылдайды.

“Үйден сиыр алып шығып едiм. Шынымен шайтан иектеп, ешкiге айналдырып жiберген жоқ па? – Кедей күдiктенiп сиырының ар жағына бiр, бер жағына бiр шығып қарай бастайды. – Жоқ, сиыр, өзiнiң кәдiмгi қара сиыры!” Көңiлi жайланып, сапарын ары қарай жалғастырады.

Базарға жетпей алдынан төртiншi қу шығады жылмаңдап.

– Базарға бара жатырсың ба?

– Иә, базарға.

– Ешкiңдi сатасың ба?

– Ешкi дейдi? – Кедей тағы да таң-­тамаша боп көзiн уқалай бастайды. Сиыр ендi шынымен оған ешкi боп көрiнедi. – Иә, ешкiмдi сатам, – дейдi.

Екеуi сол жерде қол алысады. Сөйтiп, кедей сиырын ешкi деп сатады.” ...Мiне, көрдiң бе сөздiң құдыретiн? Жаман деп айта берсең, не нәрсе болса да жаман боп көрiнедi. Сондықтан мұндайда қисын iздеудiң қажетi жоқ. Жауыңды аяма. Соға бер оңды-­солды сiлтеп...

Бiрiншi басшы өзгергенмен де Қалекеңнiң ұйқысы тыныштала қойған жоқ. Сүлейменовтiң Қонаевпен бiрге күнi батар, саяси айып тағып сiлкiлеп­-сiлкiлеп, соттамаса да соның бер жағына апарар деп үмiттенген. Мiне, дүрбелеңнен берi екi айдан асты, өзгерген дәнеңе жоқ. Осы жағдай бүйiрiне шаншудай қадалып, тыншын кетiрдi. “Нежөлi, бұрқыратып жазып жатқан жария, домалақ арыздардың ешқайсысының әсерi болмайды?” Сөйтiп қабағы қыржиып жүргенде, идеология жөнiндегi бөлiм желтоқсан уақиғасына қатысты ғылыми конференция өткiзедi екен деген хабар жеткен құлағына. Салып-­ұрып идеологиялық хатшыға барды. Өзi өсiрген текешiгi. Қалай бақылдатамын десе де қолында. Бұрын вертушкасымен тiкелей сөйлесетiн. Мына дөкей бәрiн өзгерттiрсе керек. Бес­-алты күннен берi хабарласа алмай қор болды. Көке, номерiм мынандай деп айта салса, қайтер едi. Әлде қашқалақтағаны ма? Онда тәубасын ұмытайын деген екен ол бала. Есiгiндегi хатшысы да, көмекшiсi де бөтен бiреулер. Мұны танымайды екен, то есть, бұл танымайды, әйтпесе көзi қарақты қазақтың бәрi мұны бiлуге тиiстi емес пе. Жоқ, масқара, шынымен мұны танымайтын болып шықты. Мұны, Қали Ержановты, пәленбай сыйлықтың лауреатын, классиктi... танымайды! Осындай надан, осындай топас... жандар мына қасиеттi табалдырықты қалай аттап жүр? Қалай жер басып жүр? Хатшысы – қаздаңдаған ағашаяқ бiреу. Пiсте мұрын, кекiрейген, кiржiк қабақ. Көргеннен-­ақ суқаны сүймеген. “Қандай мәселемен келдiңiз, алдын ала жазылдыңыз ба...” –


деп тергеп­-тексерiп итiн шығарғаны. Бәрiнен бұрын “кiм боласыз?” дегенi жанына батты­-ау! Жарайды, жүзiн танымайтын шығар, телевизорға күнде шығып жүрген кiсi емес, аты-­жөнiн айтқанда қабырғаға қарағандай селт етпегенiн айтсаңшы!

– Шырағым, менi танымайсың­-ау деймiн! – дедi Қалекең шыдай алмай, астындағы емен орындық сықырлап.

– Жоқ, танымаймын! – Сидиған, қара торы келiншек жауапты келте қайырды. Ол да осынау өз-­өзiнен iсiп-­кеуiп, көк аспанды жалғыз өзi тiреп тұрғандай мардымсып езуi ырсиған, қушық иық, көкбақа шалды кiрген бойда­-ақ ұнатпай қалған.

– Е, кiтап оқымайтын боп шықтың ғой, шырағым! – дедi келiншектiң жауабына шамданып қалған Қалекең сызданып.

– Неге оқымаймын? Қазақша-­орысша iлiкке жарар көркем әдебиеттiң ешқайсысын қалт жiбермеймiн.

– Ендеше менi неге танымайсың?

– Елдiң бәрi танитындай сiз Олжас Сүлейменов емессiз ғой!

– Түйенiң танығаны – жапырақ! – дедi Қалекең жарты бетiн жапқан көзiлдiрiгiнiң қалың шынысы шатынап. – Ауызға бiр iлiксе болды, содан көз жазбайсыңдар.

– Ауызға iлiгу үшiн әуелi сондай шығарма жазу керек қой...

Қалекең аяқ­-қолы қалшылдап, “Алла, әкеңнiң аузы­н


-ай, мына қатын өлтiрдi­-ау!..” деп iштей буынғанмен, ары қарай сөз жарыстыруға шамасы келмедi. Ызадан тұншығып, көгерiп­-сазарып отырып қалған.

Еркелiгiн көтеретiн бастық баурына сәлемдеспестен бұрқылдап, ұрсып­-зеки кiрген. Бір шелек суды төбесіне төңкере салсаң, быж етіп сол мезетінде бу болып ұшардай бетінен жалын шашып, лапылдап өртеніп тұр:

– Надан, топас бiреулердi қайдан жинап аласыңдар осы. Атымызды Америка, Европа... айдай әлем бiледi. Қайдағы бiр шүйке бас кiм боласың, танымаймын дейдi бедiрейiп. Өй, әт-тәңа нәлет кеще! Жоғалт көзiн, қу жұмыстан!

– Ой, аға, сiз де... Қатын­-қалаштың сөзiн сөз деп. Арзандап қайтесiз. – Түтiнi бықсып, лап етiп жарылғалы тұрған көкесiн екi иығына кезек су бүркiп әзер сөндiрген.

Сабасына түскен соң, келген жұмысына көшкен Қалекең.

– Желтоқсандағы бүлiкке байланысты ғылыми конференция өткiзейiн деп жатқан көрiнесiңдер. Дер кезiнде орайластырылып жатқан iс екен.

– Иә, сондай ниетiмiз бар. Орталық Комитеттiң идеология бөлiмi мен Ғылым академиясы бiрiгiп өткiзедi. Бiрер күнде мәселенi нақтылап, жоспарын бекiтемiз.

– Бәрекелдi, өзiм де бiлгендей келiппiн. Сүлейменов-ты сүмiрейтiп, құйрығына қаңылтыр байлап жiберетiн жер осы. Бұл конференцияда қазақ ұлтшылдығының түп­тамыры айқындалып, оның шығу себептерi жан­-жақты зерделенуге тиiстi. Жас ұрпақтың санасын улаған не нәрсе, желтоқсан бүлiгiнiң рухани дем берушiсi кiм? –Осылардың аты аталып, саяси бағаларын алуы қажет.

Хатшы Қалекең ұсынған төрт бет қағазды асықпай оқып шықты:

– Жақсы. Бұл пiкiрлерiңiздi пайдалануға тырысамыз.

– Тырысқанды қой. Конференцияның негiзгi тұжырымдарының бiрi осылай түйiнделсiн!

Хатшы бетi жылтырай жымиып, басын шұлғыды...

Қалекең бастықтың алдынан қабағының қыртысы жазылып, жаймашуақтанып шықты. Қос қапталдағы ақ тұмандана шаңытқан фонтандардың барқын лебі сарай ашқандай. Сәл аялдап, айналасын самарқау шолып өтті де, біраз қыдырыстамақ оймен, Ақ үйдің желке тұсындағы жолға түсті. Кеудесі шалқақ, жүрісі мығым. Анау-мынау емес, Ержановтың өзі келе жатқанын көрсін деген сыңаймен, жіліншігіне қорғасын құйғандай салмақтанып, маңғаз басып келеді. Кенет шоқ-шоқ қарағаш өскен алаңқайды кесіп өте бергенде қарғаның шулаған үні естілді. Көгал беті жыбырлай жөңкіген көлеңке. Төбеде бір топ қарға үйіріле ұшып жүр. Қарағаштың басына бірі қонып, бірі ұшып у-шу. Олардан арқан бойы жоғарыда оқшауланып бір алақанат қарға қалықтайды. Қанаттары жалпылдап қалай тыпырласа да зеңгір көкке самғап көтеріле алар емес. Бірақ өзінше шарықтап жүрмін деп ойлайтын болса керек. Дауысы алабөтен қарқылдап: «Міне, маған қараңдар, қыраннан қай жерім кем!» дейтіндей. Көз тоқтатып қараған Қалекең: «Ей, бейшара, бәрібір қарғасың ғой!» деп ішінен мырс етті де, іле кілт тиылып, өзін біреу табалап тұрғандай қарадай күйініп жерге бір түкірді.

...Қалекең мұнымен де тынған жоқ. Дұшпанын ес жиғызбай жан­жақтан төпелеуге бекiнген. Бiр­-екi жандайшабын шақырып алып, Сүлейменовтың отбасына лаң салуға нұсқау бердi.



2

Олжас тығырыққа тiрелгендей күй кештi. Түзде түртпек, айқас, күрес, үйге келсе, үйдегiлер күрең қабақ. Енесi тыржиып терiс қарайды. Маргарита да тоң­-торыс, салқын. Қазақ “қатын-­жау” дегендi осындайда айтқан екен ғой деп ойлады. Соңғы кезде тiптi мiнез шығарып жүр, мынандай қиналған, қиын сәтте қолтықтан демеудiң орнына. Кешiгiп келсе, жаңа үйленген кезiнде iстемеген қылығын көрсетiп:

– Қайда болдың? – деп бетi ызғарланып, көз жасын сығып-­сығып алады. – Балалардан ұялсаңшы! Мамама не деймiн?

Бiр күнi кешке қарай телефон шар ете түстi. Маргарита алған.

– Эта квартира Сүлейменова? – дедi әйел дауысы акцентпен.

– Да, Сулейменовых.

– Слушай, ты знаешь твой муж сейчас где находится?

А что?


– А то... ё­ё­ёй – мауыққан мысық дауыс керiле тәттi есiнедi. – О, господи, как хорошо! Какая прелесть! Иногда ты делись им со мною. Только что мы с ним перетрахались. Сейчас он в ванне свой грех смывает.

– Спасибо! Как раз мы с ним сейчас к этому готовимся!

Абыржып қалған ар жақтағы аяр дауыс сәл iркiлiп барып баж еткендей:

– Дура! – деп телефонды тастай салды.

Маргарита бөлмеге жуасып кiрдi. Көп күннен берi мұздай шытынап көгiс тартқан маңдайы жазылыпты, жүзi төменшiк. Қасына келiп қипалақтап сәл тұрды да:

– Кешiр! – дедi күйеуiнiң иығына басын сүйеп. ­ – Во многом виновата я!

Ақын ештеңеге түсiнбей ожырая қарады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет