III тарау «Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар» деп аталады. Тарау ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдері моносилаб жүйесіндегі дауысты дыбыстар сәйкестілігінің толық құрамын ажыратып, ортақ белгілерді көрсетуге бағытталған.
Түркiлiк тiлтаным ғылымы тарихында дыбыс өзгерiстерiнiң тiл табиғатын танытудағы маңызын, туыс тiлдердi өзара ажыратудың басты белгiлерi ретiндегi қызметiн саралау ХI ғасыр лингвисi М.Қашқаридың еңбегiнен бастау алады. Ғалым «Диуани лұғат–ит түрк» шығармасында 30-дан аса түркi тiлдерi мен диалектiлерiнiң гомогендi лексикалық бiрлiктерiн салыстыра отырып, бiрнеше дыбыс сәйкестiктерi мен фонетикалық заңдылықтарды анықтап беруi (МҚ I, 64-69) классикалық араб лингвистикасымен сабақтаса дамыған түркi тiл бiлiмiнде салыстырмалы-тарихи фонетиканың негiзi бұдан мың жыл бұрын-ақ қалана бастағанын көрсетедi. Түркi халықтары өмiрiндегi күрделi саяси-әлеуметтiк жағдай, жартылай көшпелi өмiр салты ғылымның үздiксiз дамуына қолайлы жағдай туғыза алмауына орай лингвистика ғылымы да белгiлi бiр дәрежеде кешеуiлдеп қалды. ХI-ХҮ ғасыр аралығында түркi тiлдерi жайлы жазылған құнды лингвистикалық еңбектердiң бiразы бүгiнгi ұрпаққа жетпеуi де мүмкiн. М.Қашқари заманынан кейiн араға 7-8 ғасыр салып барып, батыс Еуропада салыстырмалы-тарихи фонетиканың негiзi қалана бастады. ХIХ ғасырдың 15-20 жылдарынан басталған батыс ғалымдары Расмуск Раск, Якоб Гримм, орыс лингвисi А.Х.Востоковтардың дыбыс жүйесiндегi өзгерiстердi туыс тiлдер деректерi негiзiнде салыстыра қарастырып, дыбыстардың артикуляциялық ерекшелiктерi мен дыбыс өзгерiстерiнiң өзара сабақтастығын, байланысын анықтауға ұмтылған ғылыми iзденiстерi тiл бiлiмiнде тарихи-салыстырмалы фонетиканың қалыптасуына ықпал еттi. Дыбыстың функционалдық қырларын, олардың тiлдiк жүйедегi маңыздылығын талдау тарихи фонологияны дүниеге әкелдi, әлемдiк тiл бiлiмiнде бiрнеше фонологиялық мектептер қалыптасты. Қазiргi таңда тiл дамуындағы фонемалардың дербестiк қасиетi, функционалдық қырлары жан-жақты талдануда, фонеманың сөз мағынасын айқындау мүмкiндiгi де мол тiлдiк деректермен, теориялық тұжырымдармен дәйектелдi. Әлем тiлдерi бойынша фонологиялық жүйе супрафонологиялық қабат деңгейiнде қарастырылып, дыбыстардың просодиялық қырлары, тональдық, акценттiк ерекшелiктерi, атомарлық – морлық, интеграттық – буындық, фраземалық – конгламераттық негiзде сипатталуда Қазақ тiлi фонологиялық жүйесiндегi үндестiк заңы жайлы еуропалық дәстүр бойынша қалыптасқан анықтамадан әлдеқайда терең де ауқымды, жаңаша көзқарас қалыптасып, дыбыс жүйесiндегi мағына ажыратуға қабiлеттi сегменттерге байланысты сегментология термині енгізілді. (Ә. Жүнісбек).
Тіл дамуын, әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасуын қамтамасыз ететін басты механизмдердің бірі – дыбыс өзгерістері өте баяу әрі үзіліссіз жүріп отыратын, әр тілде түрліше жүзеге асатын процесс. Тiлдегi дыбыстық өзгерiстердiң негiзгi факторларының бiрi барлық тiлдерге тән универсалды құбылыс - фонологизация процесi. «Фонемалардың дифференциялануы негiзiнде, олардың аллофондары, тiлдiң дамуына сәйкес мағына айқындау қасиетiне ие болады» [26, 367]. Фонема мен буынның, морф пен морфеманың арақатынасындағы дыбыстардың мағынаға ықпалы морфонологиялық зерттеулерге негiз болуы, тiлдiк жүйенiң ең кiшi бiрлiгi – дыбыс табиғатының күрделiлiгiн, морфемалық, лексикалық деңгейлермен сабақтастыра қарастыруды қажет ететiн әртарапты құбылыс екенiн нақтылай түстi.
Ескерткіштер тіліндегі сегіз дауысты дыбыс қазіргі түркі тілдерінің де, оның ішінде қыпшақ тілдерінің де дауыстылар жүйесінің негізін қалайтыны белгілі. Көне түркілер әліпбиінде сегіз дауыстының төрт қана полифонды таңбамен бейнеленуі алфавит түзу барысында дауыстылар жүйесінің артикуляциялық ерекшеліктері мен сапалық қасиеті, генезистік сипаты (фонема мен аллофондар негізінде) толық ескерілгенін көрсетеді. Түркі тілінің сингармониялық табиғатын үйлесімділікпен дәл беретін әліпби түзу мүмкіндігі көне түркілердің дыбыс жүйесі даму жолын саналы түрде игергенін білдіреді. Жалпы адамзат тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың, функционалдық-сапалық деңгейі бірдей, өзара ықпалдаса, байланыса отырып сөз тұлғасына, сөз мағынасына әсер етеді. Толық мәнді лексема жасауда дауыстылар мен дауыссыздарды бөліп қарап, біреуіне ғана басымдық беру тілдің онтогенездік табиғатына қайшы. Шынайы тіл табиғаты консонанттар мен вокализмдер жүйесін тең дәрежеде қарастырғанда ғана ашылары анық. Сондықтан түркі тілдеріндегі моносиллабтардың тұлғалық, мағыналық даму бағытын айқындауда дауыстылардың да, дауыссыздардың да сәйкестігінің маңызы ерекше.
Жалпы түркі тілдеріндегі вокализмдер жүйесі: «бірінші дәрежелі» созылыңқылар, дифтонгтар мен полифтонгтарға және біршама қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – оғыздық тип; «екінші дәрежелі» созылыңқылар мен біршама қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – алтайлық тип; біршама созылыңқылар мен өте қысқа айтылатын дауыстыларға негізделген жүйе – қыпшақтық тип; «екінші дәрежелі» созылыңқыларды, фарингалданған және қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – тува-тофалар (қарағас) типi [СИГТЯ,16] деп төрт түрге сараланып қарастырылады. Бұл жіктеудегі қыпшақ жүйесінің белгілері полисиллабтар құрамындағы бірінші буындағы дауыстылардың сапалық қасиетіне негізделген болу керек. Қыпшақ тобына кіретін қазақ тілінде дербес қолданылатын моносиллабтар құрамында дауысты дыбыстар өте қысқа (сверхкраткий) болып айтылмайды, тек эмоционалдық-стильдік ыңғайда, императивтік мәнде жұмсалғанда ғана біршама қысқа айтылуы мүмкін. Батманов И.А. ескерткiштер тiлiнде дауысты дыбыстардың кейде таңбаланып, кейде таңбаланбауы көне түркi тiлiндегi созылыңқылар мен қысқа дауыстылардың қолданысын көрсетуi мүмкiн деген пiкiр айтады. (ДТД, 7) Ғалымның гипотезалық пiкiрiне сүйенсек, Орхон ескерткiштерi тiлiнде VС, СV, СVС модельдi моносиллабтар құрамындағы дауыстылардың таңбаланбау жағдайының жиi кездесуi бiршама қысқа немесе жартылай созылыңқы дауыстыларды қолданатын тiлдiң белгiлерi (Т – Тон.33, ЫТ – КТк. 3 «посылать») болуы да мүмкiн. Бiрақ дауыстылардың таңбалану, таңбаланбау құбылысының лексиканы қамту мүмкiндiгi белгiлi бiр жүйеге бағынбайды. Егер ғалымның пiкiрi ғылыми тұрғыдан толық дәйектелiп жатса, ескерткiштер тiлiнiң жартылай қысқа және қысқа дауыстылар тән қыпшақтық бояуы қоюлана түседi.
Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тіліндегі бiр буынды түбірлер мен түбір-негіздер құрамындағы дауысты дыбыстар қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен салыстыра қарағанда бiрнеше фоно-корреляттар түзеді. Ескерткіштер тіліндегі а дыбысының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерістері төрт түрлі сәйкестік ауқымында ғана көрінеді және өте сирек кездеседі. Бұл түркi тiлдерi вокализмдерi жүйесiндегi а фонемасының тұрақтылық сипатынын айғағы. а ≈ ä.. at(ï) ≈ at(a) ≈ ät(ij), ескерткіштер тілінде: at(ï) «немере, туыс» (Айд. І, 171) Bu bitig bitigme atïsï jollïγtegin «Бұл жазуды жаздырған туысы Иоллығ Тегін» КТк. 13 ~ тат. тілінде ät(ij), басқа қыпшақ тілдерінің көпшілігінде (қаз., ққалп., қырғ., ноғ., құм.) at(a) түрінде тұлғаланып «әке, баба» мағынасында және жалпы егде жастағы ер адамдарға қатысты қолданылады (ЭСТЯ I, 200); jan(a) ≈ zän(e), Орхон ескерткіштерінде jan(a) «және» (Айд. І, 211; Айд. ІІ, 101). jaγï bolïp, itinü jaratunu umaduq, janï ičikmis «Жау болып қолдарынан түк келмей және бағынды» КТү.10. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тіліндегі бір буынды түбірлер мен түбір-негіздер құрамындағы а фонемасының ä фонемасына ауысуы қыпшақ-ноғай тобындағы тілдерден гөрі қыпшақ-бұлғар тобындағы тілдерде жиі кездесетінін байқауға болады: башқ. bäj(läm) «вязание», bäj läneš «связь», jäj «лето», jäš «молодой», jäš(en) «молния, гроза», säs «волос», т.б. (БРРБУС, 19, 30, 31) ~ қаз., ққалп., ноғ. baj(lam), baj(lanïs), žaz, žaj, šaš. Қазіргі қыпшақ тобындағы тілдердегі ä фонемасымен қолданылатын моносиллабтардың ескерткіштер тілінде а фонемасымен берілуі ä дыбысын кейінгі құбылыс ретінде қарастыруға толық негіз бола алмайды. а ≈ е. *an ≈ *en, an(čula) ~ en(šile) «еншілеу, атау» Айд. І, 206. jaraq – lïγdï qaγanqa ančuladï «Жарақтыларды қағанға еншіледі» КТү. 32 қаз. enšile, en: ен–таңба, малға ен салу. Қыпшақ тобындағы тілдер арасында қарақалпақ тілі а, ä дауыстыларының орнына е дауыстысын қолдануға бейім тіл. Зерттеушілер оның себебін өзбек тілімен байланыстырады, қарақалпақ тілін өзбек тілінің элементін бойына едәуір сіңірген тілдердің бірі ретінде қарайды [27,44]. Бір буынды сөздердегі а ≈ е сәйкестігі қыпшақ тобындағы тілдер арасында әдеби тіл мен диалектілерді тұтастықта қарағанда жиі кездесетін құбылыс және әрбір тілге тән жүйелі заңдылық та байқала бермейді. Өзара төркіндес а, е, ä дыбыстарының архетипін анықтау әлі де зерттей түсуді қажет етеді, төркіндес дауысты дыбыстарды бір тұлғада ғана реконструкциялау түркілік глоттогенез табиғатын түсіндіре алмауы да мүмкін. а ≈ ï. taš(ï) ≈ tïs «сырты» (Айд. І 218) Tašra jorïjur tijin kü esidep «Шетте жүр деген хабар есітіп» КТү. 12 ~ қаз тілінде tïs, tïs(ta), tïs(qary); ққалп., ноғ., қырғ. tïs; тат., башқ. tïš. Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі а ≈ ï сәйкестігі екі-үш сөз құрамында ғана ұшырасқанымен қазіргі қыпшақ тілдерінің өз ішінде біршама жиі кездеседі. а ≈ о. an(ï) ≈ on(ï) «оны» (Айд. І, 206): Any körip, anča biliņi «Оны көріп, солай білің» КТк.13 ~ қаз., ққалп., ноғ. onï. Тат., башқ. тiлдерiнде көне түркiлiк оl жiктеу есiмдiгiнiң табыс септiк формасы anï а ≈ u сәйкестiгiн түзiп қолданылады: unï. Қыпшақ тобындағы тiлдерде де anï жiктеу есiмдiгi тұлғалық өзгерiске ұшырағанымен осы сөзбен түбiрлес сiлтеу есiмдiгi кеңiнен қолданылады. Аталған сәйкестіктер ішінде a ≈ o, а ≈ е сәйкестігі ескерткіштер тілінің өз ішінде де кездеседі. Мысалы: ol ≈ anï «ол, оны», jana ≈ jeme «және» (Айд. І, 211, 212). Сондықтан ескерткіштер тіліндегі а фонемасының қазіргі қыпшақ тілдерінде е тұлғасына ауысуы ерекше белгі ретінде қарауға келмейді, бұл сәйкестiктер Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң арасында да, бiр тiл iшiнде де қолданылатын құбылыс.
Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тобындағы тілдерде е фонемасының өзгерістеріне қатысты үш дыбыс сәйкестігі кездеседі. е ≈ і. Орх. jer/jir, Е. jer ~ қаз., ққалп., қырғ. žer; тат. žijr; башқ. jer «земля». Jrγaru jir Bajïrqu jiriņe tegi süledim «Терістікте Байырқу жеріне дейін соғыстым» КТк. 4 (Айд. І, 163); Орх., Е., Тал. el/il ~ қаз., ққалп., құм. el, тат., башқ. el/il, қырғ. эl «страна»; Аталған сәйкестік Орхон ескерткіштерінің өз ішінде де екі түрлі тұлғада қалыптасқан. Мысалы Тоникуқ жазбасында Tenri Umaj ïduq jer – sub «Тәңрі Умай, қасиетті Жер-су» Тон. 38 (Айд. ІІ, 111). Ескерткiштер тiлiнде алмасып қолданыла беретiн е ≈ і сәйкестігі қазіргі қыпшақ тілдерінiң арасында да кездеседi, кей жағдайда бір тіл ішінде екі вариант қатар қолданылады. Қазақ тіліндегі түбірлес en «ет. кіру» ≈ in «зат. майда аңдар мен жәндіктердің тұрағы» параллельдері қолданылса, ескерткіштер тілінде in тұлғасы «ет. төмен түсу» мағынасын бередi: jobalï intimiz «қиындықпен түстiк» Тон. 26 (Айд. II 109) ~ қыпшақ ескерткiштерiнде en → engil «сходить, спускаться» (Құрыш. 112) ~ қар., ққалп. en, тат. ijn/ijņ, құм. эn. е ≈ i сәйкестiгi қыпшақ-бұлғар тобындағы тiлдерде кеңiнен орын алған, е тұлғасы башқұрт тiлiне тән болса, i тұлғасы татар тiлiне тән: *bej(ä) ≈ *bij(ä) «бие». е ≈ ä. Орх., Е. je(me) ≈ žä(ne): jaņïlïp ülesikiņin jeme bunta urtïm «Жаңылып көшкенiңдi және сонда айттым» КТк. 10 (Айд. I, 170) ~ қаз., ққалп. žäne, тат., башқ., jänä, қар. janï «и, опять». е ≈ э. Э тұлғасы негізінен қырғ., құм., ноғ. тілдеріне тән. Орх., Е., Тал. еkі «два» Ekisin özi altïzdï «Екеуiн өзi құртты»; Қырғ., құм., ноғ. т.б. түркi тiлдерiндегi э фонемасы көне түркiлiк е-нiң сәл жуан айтылатын варианты, аталған тiлдердiң орфографиялық жүйесiнде қалыптасқан норма бiр дыбыстың реңктiк белгiлерiн тереңдете түскен сияқты. А, ä, е (э )фонемалардың түбiрлес моносиллабтар құрамында сәйкестiк түзуi тек фонетикалық негiзде ғана емес, семантикалық сипатта да көрiнiс беруi олардың бiр негiзден тарап, даму барысында фонологиялық дербестiкке ие болуымен қатар аллафондық сапада көне түркі дәуіріне дейін-ақ қолданыста болу мүмкіндігін көрсетедi. Кiрме элементтер арқылы қалыптасқан ä фонемасы мен түркiлiк сөздерге тән ä дауыстысының артикуляциялық сапасы бірдей болғанымен түркi тiлдерi вокализмдер жүйесiндегi тарихы, фоно-морфо-семантикалық қабiлетi бiрдей емес.
Вокализмдер жүйесiндегi ï фонемасы көне түркі жазба ескерткіштеріндегі V, VС, СV, СVС, СVСС, VСС модельдi моносиллабтар құрамының барлық позициясында бірнеше сәйкестіктер түзіп қолданылады. ï ≈ а. Орх. ï(γač) «дерево». Ïγač tutunu aγturtum «Ағаш ұстап шықтық (көтерілдік) Тон. 25 ~ қаз., ққалп. aγaš, құм. agač (РКумС, 178), башқ. aγas (БРРБУС, 110), алт. аgaš (Верб. 5), қырғ. žïgač (РКС, 105), ноғ. аgaš (РНС, 150). Сирек болса да ï ≈ а сәйкестiгiнiң сөз мағынасына әсерi байқалады: *қыл ≈ *қал, қылжақ «сайқымазақ, орынсыз бұрма, тәлкек сөз», қалжың «әзiл» (ҚТТС, ҮI, 582). Қалжың, қылжақ лексемалары мәндес болғанымен әрқайсысына тән семантикалық реңк аңғарылады, қылжақ «дөрекi, орынсыз әзiл», қалжың «жеңiл, сыпайы әзiл». ï ≈ u. *jïm ≈ *žum, Орх., Е. jïm(čaq) «жұмсақ» (Айд. І, 213), Süčig sabïn, jumčaq aγïn erür, jraq budunïj anča jaγïtur ermis «Тәтті сөзін, жұмсақ қазынасын беріп, алыс халықты өзіне жақындатқан еді» КТк. 5 (Айд. І, 169) ~ қаз. žum(saq), ноғ. jum(sak) қырғ. žum(šak) Башқұрт тiлiнен басқа қыпшақ тiлдерiнде инлаут жағдайдағы көне түркiлiк ï дыбысы негiзiнен ерiндiк u дыбысына өзгеруi ï фонемасын кейiнгi құбылыс ретiнде тануға негіз бола алмайды. ï ≈ о. Ескерткіштер тіліндегі jïm(čaq) «жұмсақ» сөзі башқұрт тілінде о дауыстысы арқылы қалыптасқан: jom(šaq) (БРРБУС, 126). Ал құмық тілінде көне түркілік тұлғасы сақталған: jïm(ïšaq) (РКумС, 419). ï ≈ о сәйкестiгiнiң қазақ тiлiндегi көрiнiсiн негiзiнен елiктеуiш, бейнелеуiш мәндi сөздерден көремiз: тоқ ≈ тық, ор(ғы) ≈ ыр(ғы). ï ≈ і. tïl ≈ til, Орх. tïl «тіл». Tïlïγ kelurti «Тілдіні келтірді». Тон. 36 (Айд. ІІ, 111) ~ қаз., ққалп til. ï ≈ i сәйкестiгi қазақ тiлi говорларында өте жиi кездеседi: Сәйкестiктiң семантикалық белгiлерi ыз ≈ iз, тыр(нақ) ≈ тiр(нек) т.б. параллельдерiнен байқалады. ï ≈ ij. Орх. tïl (Тон. 36) ~ қырғ. tijl «язык» (РКС, 467); құм. tijl (РКумС, 1140). Көне түркiлiк ï дыбысының ij дауыстысына ауысуы татар, башқұрт тiлдерiнде де кездеседi. Аталған тiлдердегi ij фонемасы i дыбысына өте жақын айтылады. Сондықтан ï ≈ ij сәйкестiгiн ï ≈ i фоно-коррелятының аясында қарастырған жөн. ï ≈ е. Ескерткіштер тіліндегі tïl «язык» сөзі башқұрт тілінде tel (БРРБУС, 180). Көне түркiлiк ï дыбысының қыпшақ тiлдерiнде е дыбысына ауысуы өте сирек. ï ≈ е сәйкестiгi қазiргi тiлдердiң iшiнде де аз ұшырасады, бұл ï дауыстысының е фонемасына тiкелей өзгеру мүмкiндiгiнiң шектеулi екенiн бiлдiредi, қаз. тiлiнде: сықылды ≈ секiлдi. Ескерткіштер тіліндегі ï дыбысынан басталатын моносиллабтарға ž протезалық дыбысының қосылып айтылуы да кездеседі. Мысалы; Күлтегін жазбасында ïr(aq) «алыс, жарық» КТк. 7, 5 ~ қазақ тілінде žïr(aqta) «алыста»; ït «ыт, жібер» КТк. 12 ~ қаз. žït(qïtuw) «ытқыту, білдірмей алып қою»; Тоникуқ жазбасында ï(γač) «ағаш» Тон. 25 ~ қырғ. žï(gač) «дерево», жыгач иштетүү өнөр жайы «деревообрабатывающая промышленность» (РКС, 105). Башқ. тіліндегі бірінші буындағы ï дыбысы қазақ, құмық тілдеріндегі u дыбысына сәйкес келеді: башқ. bïw «душить», bïž(aw) «теленок», bïr(aw) «сверло», tïmaw «насморк» (БРРБУС, 157, 179, 169, 69) ~ қаз. buw,, buz(aw), құм. buw, buw(zaυ), tuw(maυ) (РКумС, 203, 455, 901.
Көне жазба мұралар тіліндегі бір буынды сөздер құрамындағы і дауыстысы қыпшақ тобындағы тілдерде көп өзгеріске түспеген. і ≈ э. Орх., Е. is «іс», ič «іш» (Айд. І, 222, 223): isig küčig bertik ök «ісімді күшімді (күш-қуатымды) бердім» Тон. 52, ~ башқ. эš «дело», эs «живот, нутро» (БРРБУС, 110, 113). і ≈ е. Орх., Е., Тал. it «ет, iсте», ti «айт, де», jir «жер» (Айд. I, 172, 175): Ilgerü Qadïrqan jïšïγ aša budunïγ anča qonturdïmïz, anča itdimiz «Ілгері Қадырқан қойнауынан аса халықты осынша қондырдық, осынша еттік» КТү. 21; Üze türk teņrisi, türk ïdïq jiri – subï anča timis «көкте түркі тәңірісі, түрктің қасиетті жер-суы былай депті» (КТү. 10) ~ қаз., ққалп., ноғ., қырғ. et(iw), de, žer, тат. ijt, dij, žijr; башқ. ijt, tij, er. i ≈ e сәйкестiгiнiң қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң бәрiнде дерлiк кездесуiн көне түркi жазба ескерткiштерi тiлiндегi i, е дыбыстарының фонемалық мән жүктемей алмасып қолданылуының табиғи жалғасы ретiнде қабылдауға болады. i ≈ ij. Орх. il(ki) «первый» (ДТД, 84): Eņ ilki Tadïqan Čorïņ boz atïγ binin tegdi «Ең iлкi Тадықан Чордың боз атын мiнiп тидi» КТү. 32 ~ тат., башқ. ijl(äk), қар. ilk/ijlk. Қаз il(ki), Ескерткiштер тiлiндегi i дыбысының дифтонг ij фонемасына өзгеруi негiзiнен бұлғар, половец топшасындағы тiлдерге тән екенiн аңғаруға болады. Бұлғар тобындағы татар, башқұрт тiлдерiндегi ij дыбысының акустикалық сапасы қазақ тiлiндегi ij/ïj дифтонгiнiң табиғатымен бiрдей емес, татар тiлiндегi ij қазақтың i-сiне жақын естiледi. Бұлғар, половец тiлдерiндегi i, ij дыбыстарының сапалық ерекшелiктерiн қалыптасқан орфографиялық норма тереңдетiп жiберуi де мүмкiн. і ≈ ï. Орх. sil(ik) «сұлу, таза» (Айд. І, 172): silik qïz oγlïņ küņ boltï «сұлу қыздарың күң болды» КТү. 7 ~ қаз. sïl(qïm), қырғ. sïl(ïq). Осы түбірден тараған қазақ тіліндегі suluw лексемасы і ≈ u сәйкестігін түзеді. Қазақ тiлiнде i ≈ ï сәйкестiгiнiң табиғаты а ≈ ä, а ≈ е алмасуларына жақын құбылыс. Жуанды, жiңiшкелi ï/i қысаңдары қыпшақ-ноғай топшасындағы тiлдердiң моносиллабтық жүйесiнде негiзiнен анлаут, инлаут позицияларда ғана қолданылады. Қыпшақ-бұлғар топшасындағы татар тiлiнде жiңiшке i жиi қолданылса, башқұрт тiлiнде жуан ï кеңiнен тараған. Түркі тілдерінде i ≈ ï сәйкестiгiнiң семантикалық сипаты bïč «резать, рубить, косить» (ДТС, 104), башқ. bïš(qï) «пила», bïs(ïnγa) «пилить» (БРРБУС, 19), тат. pïc(kï) «пила», pečän «сено», pïčak «нож» (ТРС, 426, 442), ноғ. pïč(uυ) «пилить», pïš(kï) (РНС, 422). қар. bïč(ak) «нож», bïč(qï) «пила». buč(uq) «половина» қаз. пышақ, пiшен, пiшiм, пiшу, пұшық лексемаларынан аңғарылады.
Ерін дауыстыларының жуан, жіңішке болып жіктелуі Орхон-Енисей ескерткіштері тілінде айқын көрініс тапқан: qoj «қой», qon «қон», ol «ол», toq «тоқ», köz «көз», kün «күн», öl «өл», söz «сөз», sub «су», sür «сүр», tün «түн», töp(e) «төбе», tuj «түй, түсін» т.б. КТү. 12, 50, КТк. 8, 2. Ескерткiш тiлiнде жуан u, о дыбыстарының бiрдей таңбалармен, жiңiшке ö, ü дыбыстарының бiрдей таңбалармен белгiленуi де көне түркi тiлiндегi лабиаль дауыстылардың жуан-жiңiшке варианттарының айқын ажыратылғанын бiлдiредi. u ≈ о. ur ≈ or, Орх. ur «белгiлi бiр iс-әрекеттi iстей бiлу» (Айд. I, 170): turk budunïγ il tutsïqïnïn bunta urtum «Түркi халқын жинап, ел еткенiңдi мұнда айттым» КТк. 10 ~ тат., башқ. or. uz ≈ os, Е. uz «мастер, умелец» (ДТД, 75) ~ башқ. os(ta) «мастер»; Ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi арасындағы u ≈ о сәйкестiгi негiзiнен қыпшақ-бұлғар топшасындағы тiлдерге тән. Қыпшақ-ноғай топшасында көне түркiлiк и дыбысы о фонемасына ауысуы өте сирек. Қазақ тiлiндегi bod(an) «тәуелдi халық» сөзiнiң көне тұлғасы bud(un) «жалпы халық, қарапайым халық», екi тұлғаның де ортақ негiзi ескерткiштер тiлiнде қолданылатын *bud/bod «бой, дене» лексемасы. Ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi u ≈ о сәйкестiгiнiң бiр сөздiң тұлғалық варианттарында қолданылуы әрбiр тiлдiң тарихи қалыптасу кезеңiндегi өзiндiк ерекшелiктерiне байланысты болса, дербес мағыналы түбiрлес сөздер құрамында кездесуi аталған дыбыс өзгерiсiнiң фоно-морфо-семантикалық қабiлетiне байланысты.
Қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi ü дауыстысының әр тiлге тән етпеген акустикалық-артикуляциялық ерекшелiктерi бар. Қыпшақ-бұлғар тобындағы татар, башқұрт тiлдерiнде жартылай қысаң ü фонемасы ö дыбысына жақын айтылса, қыпшақ-ноғай топшасындағы қарақалпақ тiлiнде баяу және созылыңқы, қазақ тiлiнде батыл айтылады [27, 34-36]. Түркi тiлдерiне тән ең көне фонемалардың бiрi ескерткiштер тiлiндегi ü дыбысы қыпшақ тiлдерiмен моносиллабтар құрамында бiр ғана сәйкестiк түзедi. ü ≈ ö. üles ≈ öläč, ölöš, ескерткiштер тiлiнде ül(e) «үлестiру», ül(es) «үлес»: qutïm barürün, ülugim bar üčün ... «бағым бар үшiн, үлесiм бар үшiн...» КТү. 29 ~ ноғ. öl(ejs) (РНС, 161), тат. öl(äš) (ТРС, 738), башқ. öl(öš) (БРРБУС, 111). Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi арасындағы ü ≈ ö сәйкестiгiнiң ö тұлғасы негiзiнен татар, башқұрт, iшiнара ноғай тiлдерiне тән. Бұл құбылыс қыпшақ бұлғар топшасындағы тiлдердiң негiзiнде жатқан көне бұлғар тiлiнiң белгiсi де болуы мүмкiн. Қыпшақ-ноғай топшасындағы қазақ, қарақалпақ тiлдерiнде көне түркiлiк ü тұлғалы сөздер толық сақталған. Түркi тiлдерiндегi ü, ö тектес дыбыстар болғандықтан туыстас тiлдер арасында өзара алмасу мүмкiндiктерi де жоғары. ü ≈ ö сәйкестiктегі ескерткiштер тiлiнiң өз iшiнде де қолданылады, мысалы: ügüz ≈ öguz «өзен» (ДТД, 77), tör ≈ tür «үкiмет (билiк), заң» (ДТД, 73). Моносиллабтар құрамындағы ü фонемасының көп өзгерiстерге түспеуi, бiрiншiден, оның бiршама тұрақты дыбыстарға жататынын көрсетсе, екiншiден, қыпшақ тiлдерiнiң ноғай-қыпшақ топшасындағы қазақ, қарақалпақ тiлдерiнiң Орхон, Енисей, Талас мұралары тiлiмен тым жақындығын бiлдiредi. Ескерткіштер тіліндегі о дауыстысы қазіргі қыпшақ тілдерінде негізінен тұрақтылығын сақтаған. о ≈ u. oz ≈ uz «озу, жеңу» (Айд. I, 181): Oza kelmis süsin Кültegin aγïtïp... «Оза келген әскердi Күлтегiн қуып» КТү. 47 ~ башқ., тат. uz. Көне түркiлiк о фонемасының и дыбысына өзгеруi ескерткiштер тiлiнен де орын алған, мысалы jont ≈ junt «жылқы» (ДТД, 45). Қазақ тiлiне u тұлғасы тән екенi белгiлi: жұнт(тай). Қазақ тiлiнде жұнт лексемасының «суда жүретiн итбалық тәрiздес мақұлық (ұлпаны өте әдемi, жып-жылтыр болса керек)» (ТС, 57) мәнi де белгiлi. Қазақ халқы да жұнттай сөзiн түгi жылтыраған, семiз жылқыға, топ-толық әдемi қыз-келiншектерге қатысты қолданады. «Жылқы» мағынасы мен «итбалықтың баласы» мәндерiнiң қайсысы аналогиялық жолмен қалыптасқан ауыспалы мағына екенiн анықтау қиын. Ғалымда junt/jont лексемасын екi дербес лексеманың бiрiгуiнен жасалған туынды сөз түрiнде талдаған Э.В.Севортянның этимологиясы белгiлi: jun at → junat «үйретiлмеген, асау (жабайы) жылқы» (ЭСТЯ IҮ, 253-254). Жоғарыда келтiрiлген деректер негiзiнде көне түркiлiк о дыбысының фонологиялық табиғаты қазiргi қыпшақ тобындағы қазақ тiлiнде толық сақталғанын аңғаруға болады.ö ≈ ü. ög ≈ üg(äj), ескерткiштер тiлiнде ög «шеше» (ДТД, 77): ögim qatunïγ kötürmiš teņri «шешем қатынды көтерген тәңiрi» КТү. 29 ~ башқ. üg(äj) «неродной» (БРРБУС, 75). Көне түркi тiлiнде «жалпы ана», «шеше», «мал төлiнiң енесi» мәнiн берген ög моносиллабы қазiргi қыпшақ тiлдерiнде -ej/-äj жұрнағын қабылдап, есiм мәнiмен бiрге сын есiмдiк сипатқа ие болған. ö ≈ u. ö/ög ≈ uj «ой» (ДТД, 77), Орх., Е., Тал. Ol üč qaγan öglesin... «Ол үш қаған кеңесiп...» Тон. 20 (Айд. II, 107) ~ тат. uj «мысль, дума» (ТРС, 584), башқ. uj «мысль, размышление» (БРРБУС, 71).ö ≈ o. ög ≈ oj «ой» қаз., ноғ., құм. oj. Қазақ тiлiнде ö тұлғасы да қолданыста: өк → өкiнiш. ö ≈ е/э. öl ≈ эl «өл» (ДТС, 78). Орх., Е., Тал. öl: Ol sü anta öldi «Ол әскер сонда өлдi» КТү. 48 ~ қар. тiлi диалектiсiнде эl «умирать» Моносиллабтар құрамындағы o, ö, ü, u дыбыстарының гомогендi сөздердiң мәнiн өзгертуге қабiлеттi идео-сегменттiк белгiлерiн ғылыми ортада кеңiнен танымал ö «ойлау», *ur «ұрпақ» т.б. моносиллабтарының тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясы нақтылай түседi.
Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi фоно-корреляттар арқылы көрінетін дауысты дыбыстардың фоно-морфо-семантикалық табиғаты түркi түбiрлерiндегi дауыстылардың тұрақсыздық сипаты немесе олардың дауыссыздарға тәуелдiлiгi жайлы тұжырымдардың тым бiржақты екенiн көрсетедi. Дербес мағыналы жаңа сөз тудыруда дауыстылар мен дауыссыздар бiрдей қатысады. Түбiрлес моносиллабтардың мәнi синонимдiк, омонимдiк (полисемиялы), антонимдiк сипатта да бола бередi және денотаттың заттық-құбылыстық, iс-қимылдық сапалары ескерiлмейдi. Түбiрлес моносиллабтарға ортақ мазмұн-идея (дефинициялар жиынтығы) негiзiнен бiрiншi дәрежелi V, СV модельдерiнде сақталып, екiншi дәрежелi VС, VСС, СVС, СVСС модельдерiнiң қалыптасуы негiзiнде мағына нақтылана түседi, одан кейiнгi сөзжасам барысында моносиллаб мағынасы қайта күңгiрттенiп, жаңа тұлғаға сай жаңа мағына қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |