Жоба Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің тұжырымдамасы



жүктеу 251.62 Kb.
Дата14.06.2016
өлшемі251.62 Kb.
Жоба

Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің тұжырымдамасы

1.Заң жобасының атауы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексі


2.Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негізі

Жаһандық құқықтық кеңістікті эволюцияландыруға сүйенетін құқықтың түрлі салаларында заңнама қарқынмен әрі ауқымды түрде жаңарып жатқан жағдайда әкімшілік әділет институтын енгізу Қазақстан Республикасында әкімшілік реформаның негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Президенттің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында дербес әкімшілік әділетті қалыптастыру жөніндегі негізгі ережелер, соның ішінде қылмыстық және азаматтық іс жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысаны болуы тиіс Әкімшілік іс жүргізу кодексін әзірлеу көзделген. Бұл тұрғыда әкімшілік іс жүргізу заңнамасын реттеудің нысаны; процестік оқшаулау мен жариялы-құқықтық сипаттағы жанжалдарды шешу тәртібінің заңдылығы мәселелері өзектілігін сақтайды.

Мемлекет басшысы Республика судьяларының VI съезінде сот билігінің әкімшілік әділет жүйесінің юрисдикциясында азамат пен мемлекеттің арасында туындайтын дауларды шешу мәселелері болуға тиістігін атап көрсетті.

Осы ережелерді іске асыру үшін Әкімшілік реформаны жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2014 жылғы 27 мамырдағы
№ 07-1-2/И-419 хаттамасының 2-тармағының 2.2) тармақшасында Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жобасын (бұдан әрі – ӘІЖК жобасы) әзірлеу көзделген.

Қазіргі күнге дейін жариялы мүдделерді қамтамасыз ету мен қорғаудың маңызды әкімшілік-құқықтық құралы болып табылатын әкімшілік сот ісін жүргізудің заңнамалық тұрғыдан айқындалмауы практикада үнемі даулар мен теорияда екіұдайылықты тудырып отырды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады.

Заңнаманы талдау Қазақстанда «әкімшілік соттардың» қызметі халықаралық практикадағы әкімшілік соттардан ерекшеленетінін көрсетеді. Соңғылары жариялы-құқықтық сипаттағы құқық қатынастарының кез келген түрінен туындайтын дауларды қарайды және шешеді. Ұлттық заңнама бойынша жеке адамдардың билік органдарымен жариялы-құқықтық дауларын мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің арнайы ұйғарымдарына сәйкес шешеді. 2004 жылы құрылған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар (бұдан әрі - МАӘС) тек бір міндетті – әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді біліктілікпен қарауды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың (лауазымды тұлғалардың) қаулыларын даулау туралы істерді қарауды шешеді. Мұның барлығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жариялы сипаттағы дауларды шешуді, ең бастысы құқық тәртібін сақтауды мақсат етпейтін материалдық және процестік нормаларды қамтудан туындап отыр.

Қазіргі қоғамда әкімшілік-құқықтық ықпал ету саласының конфигурациясы демократиялық құндылықтардың бекітілуінен және жариялы басқарудың ізгілендірілуінен бастап нарықтық экономикаға көшуге қарай біртіндеп өзгерді. Мемлекеттің негізгі заңдарында жария етілген адамның және азаматтың құқықтары мен міндеттерін сақтауды ескере отырып, мемлекеттің қоғамдық тәртіп пен заңдылықты нығайту үшін қажет салаларға қатысуын үдету және әкімшілік құқық институттарын жетілдіру процесі жүріп жатыр. Осылайша, әкімшілік құқық қатынастарының тұжырымдамасы жариялы басқаруды ізгілендіруге – басқаруда адамды бағдарға алу бағытына қарай өзгеруде.

«Қазақстан - 2050» стратегиясының басты бағыттарының бірі ретінде Мемлекет басшысы экономикалық әлеуетті көтеру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуалды жасауды белгілеп берді. Стратегияда Қазақстан инвестициялар үшін өңірлік магнитке айналуға тиіс деп атап көрсетілген. Тәуелсіз әкімшілік юрисдикцияның құрылуы тәуелсіз әкімшілік соттардың тарапынан заң мен бақылаудың байланыстылығы есебінен мемлекеттік қызметтің ашықтығына елеулі дәрежеде септігін тигізе алады; Республикада экономикалық және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады.

Көптеген жағдайларда жақсы жұмыс істейтін әкімшілік юрисдикцияны құру рейтингтерге оң әсер етеді (мысалы, «doingbusiness» – рейтинг бизнесті жүргізуге қолайлы болады). Шетелдік инвесторларға тәуелсіз әкімшілік соттар сақталуын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың шешімдерінің заңдылығын тексеру үшін нақты құқықтық негіздер керек. Бұл отандық кәсіпкерлер үшін де маңызды фактор болып табылады.

Әкімшілік юрисдикцияның ретке келтірілген механизмі Қазақстан азаматтарының арасында сот төрелігі органдары беделінің өсуіне әкеледі, халықтың оларға деген сенімі нығаяды. Сол арқылы басқару қызметінің заңдылығы азаматтар мен азаматтық қоғамның көз алдында ұлғайған болар еді.

Әкімшілік әділетті құруда мемлекет пен азамат арасындағы даулардың қаралуын жалпы юрисдикциядағы әкімшілік соттарға беру емес, ең алдымен әкімшілік сот ісін жүргізудің негіздерін бір актіде қамтитын негізгі құқықтық актіні әзірлеу және жинақтау бастысы болуға тиіс.

Қазіргі заманның болмысын, халықаралық тәжірибені, ұлттық саясат пен заңнаманың жоғарыда көрсетілген ұстанымын ескерсек, әкімшілік-құқықтық қатынастармен байланысты даулардың сотта ведомстволық қаралуы, осы дауларды азаматтық процесте елеуле түрде ерекшеленетін сотта қарау мен шешудің процестік принциптері мен қағидалары белгіленетін ӘІЖК жобасын әзірлеу туралы мәселе сөзсіз туындайды.

ӘІЖК жобасында, егер заңда олардың басқа сотта қаралуы көзделмесе, барлық жариялы-құқықтық дауларда мамандандырылған әкімшілік соттарға жүгінуге болатын ереже қосылатын болады. Бұл ретте жариялы-құқықтық даулар деп әкімшілік процестің қатысушылары билік пен бағыныстылық қатынасында болатын даулар түсінілетін болады.

Әкімшілік әділет жүйесін жұмыс істейтін МАӘС базасында құру жоспарланып отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жалпы юрисдикциядағы соттардың ведомстолық қарауына жатқызылады. Әкімшілік әділет дербес сот ісін жүргізу (сот төрелігі) тармағына бөлініп, басқару саласында туындайтын құқықтық дауларды қараумен ғана айналысуы және азаматтар мен басқа да құқық субъектілерінің жариялы құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

Әкімшілік дауларды апелляциялық және кассациялық тәртіппен Республиканың облыстық және оған теңестірілген соттарының әкімшілік істер жөніндегі сот алқалары қарайтын болады. Бұл ретте облыстық соттарда және Жоғарғы Сотта тиісті дербес алқаларды (әкімшілік істерді қарайтын алқа) құру қажет.

Төмен тұрған соттардың жауапкершілігін арттыру мақсатында ӘІЖК жобасында тиісті ережені бекіту ұсынылады. Соған сәйкес Жоғарғы Сотта шағым берудің кассациялық тәртібі сақталған жағдайда, егер соттардың қабылдаған шешімдері қалыптасқан сот практикасына қайшы келсе не оларды орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен ақуіпсіздігі үшін орны толмайтын ауыр салдарға әкелуі мүмкін болса, біркелкі сот практикасын қалыптастыру үшін маңызы бар ерекше жағдайларда, жергілікті соттардың заңды күшіне енген сот актілері сот қадағалауы тәртібімен тексерілуі мүмкін.

Әкімшілік әділет институты жеке тұлғаның мәртебесіне немесе кәсіпкерлік қызмет субъектісінің мәртебесіне (жеке кәсіпкер, шағын, орта немесе ірі кәсіпкерлік субъектісі) қарамастан, әкімшілік арыздарды процестік қараудың бірыңғай тетігін жасауға тиіс.

МАӘС-тің қарауына мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің арыз иелерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзуға не оны жүзеге асыру үшін кедергі болуға себеп болған; қандай да бір міндетті заңсыз жүктеген немесе жауапкершілікке заңсыз тартқан шешімдері мен әрекеттерін (немесе әрекетсіздігін) даулау туралы істерді жатқызу ұсынылады.

МАӘС-та жергілікті атқарушы органдардың жиналысқа, митингіге, шеруге, пикетке немесе демонстрацияларға тыйым салу туралы шешімдері; уәкілетті мемлекеттік органның адамды оралман, мәжбүрлі көшіп-қонушы, босқын деп танудан бас тарту туралы шешімі; көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе шектеу бойынша мемлекеттік органдардың әрекеттеріне; заңды тұлғалардың немесе жеке кәсіпкерлердің банк шоттарынан салық берешегін салық органдарының мәжбүрлеп өндіріп алу әрекеттеріне; сот орындаушысының атқару құжатын орындау бойынша немесе мұндай әрекеттерді іске асырудан бас тарту жөніндегі шешімі мен әрекеті (әрекетсіздігі); Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік берген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен шешімдері даулануы мүмкін.

ӘІЖК жобасында азаматтық процестік заңнан жеке тұлғалар мен жариялы әкімшілік арасындағы дауларды қарауды реттейтін құқықтық нормаларды: сайлауларға, референдумдарға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы арыздар бойынша іс жүргізуді; алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуға азаматтардың құқықтарын бұзатын жергілікті атқарушы органдардың шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы арыздар бойынша іс жүргізуді; жергілікті билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттерін (немесе әрекетсіздігін) даулау туралы істер бойынша іс жүргізуді; нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы істер бойынша іс жүргізуді; органдар мен лауазымды тұлғалардың актілері мен әрекеттерін заңсыз деп тану туралы прокурордың өтінішін қосу жоспарланып отыр.

ӘІЖК жобасында әкімшілік сот процестерін жүргізудің жалпы процестік қағидалары жазылатын болады: сот ісін жүргізуге ықтимал қатысушылардың ауқымын белгілеу, судьяға қарсылық білдіру, арызды беру мерзімі, мерзімді – тиісті адамның кінәсінен немесе кінәсінсіз өткізіп алу салдары, процестік ерекше түрлері туралы қағида және т.б. белгіленеді.

Мемлекетке қарсы сөйлей отырып, арыз иесі өзін дәрменсіз сезінбеуі тиіс. Осыған орай, арыз беру мүмкіндігі өз мүдделерін іске асыру құралы ретінде тартымды болуға тиіс: бұл сотта шешім шығару және оны тез орындау үшін болатын уақытқа, процестік шығыстарға және т.б. қатысты болып табылады. ӘІЖК жобасында осы мәселелер реттелетін болады.

Әкімшілік іс жүргізуде ең маңыздысы және заңнамалық тұрғыда ең аз реттелген бөлігі сотқа дейінгі іс жүргізу болып табылады. Қазіргі құқықтық саясат дауларды шешудің соттан тыс ныснадарын дамытуға, дауларды барынша сотқа дейінгі сатыларда реттеуге, арыз иелерінің құқықтарын тек сот арқылы ғана емес, бірінші кезекте құзыретті әкімшілік-құқықтық органдардың қорғауына бағытталған. Осыған орай ӘІЖК жобасында «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңда белгіленген алдын ала әкімшілік іс жүргізуден кейін ғана МАӘС-ке арыз беруге болатыны жөнінде ереже бекітіледі (қазіргі кезде оны әзірлеу ҚР Әділет министрлігіне тапсырылған).

ӘІЖК жобасы арыз иелерінің сот органдарына шағым беру тәртібін реттейтін әкімшілік процесті ңбарлық саласын қамтитын болады.


3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары

Заң жобасын әзірлеу мен қабылдаудағы негізгі мақсат азаматтардың, заңды тұлғалардың, заңды тұлғалар құрмаған ұйымдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы тиімді қорғауды қамтамасыз ету, әкімшілік сот ісін жүргізуді төрешілдіктен арылту, Қазақстан Республикасының сот құрылымын одан әрі жетілдіру болып табылады.


4. Заң жобасын реттеу мәні

Заң жобасымен әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастар реттеледі.


5. Заң жобасының құрылымы

«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабында көзделген талаптармен үйлеседі.


6. Заң жобасын қабылдаған жағдайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар

Заң жобасын қабылдау соттардың әкімшілік істерді қарау тиімділігін арттыруға; жариялы-құқықтық дауларды шешудің нақты тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді деп күтіледі. Соған орай сот төрелігін жүзеге асыру сапасына, сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға оң септігін тигізіп, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруін тездетуге ықпал ететін болады.


7. Басқа заңнамалық кесiмдердi әзiрленетiн заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкес келтiру қажеттiлiгi

Мына заңнамалық актілерді әзірленетін заң жобасымен бір мезгілде сәйкес келтіру қажет болады:

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі;

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс;

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының кодексі;

«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.



8. Заң жобасы мәнiнiң өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдермен регламенттелуі

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі.


9. Қаралатын мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар-жоғы

Еуропалық және кеңестен кейінгі кеңістікте әкімшілік әділеттің ұйымдастырылуын зерделеу осы институтты әкімшілік сот ісін жүргізу не жалпы соттардың шеңберінде әкімшілік соттар мен әкімшілік істерге мамандандырылған құрылымдар білдіретіндіктен, оның әр алуандығые және оны қолдануда бірыңғай амалдардың жоқтығын көрсетті.

Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінің көпшілігінде сот билігі жүйесінде арнайы құрылымдар атқаратын әкімшілік сот ісін жүргізу қағидалары көзделген, атап айтқанда:


  1. мамандандырылған әкімшілік соттар (Австрия, Бельгия, Германия, Италия, Португалия, Түркия, Финляндия, Франция, Швеция);

  2. жалпы соттардың құрылымында мамандандырылған әкімшілік палаталар, алқалар (Венгрия, Словакия);

  3. жалпы соттардың құрылымында мамандандырылған палаталар және жекелеген әкімшілік соттар (Испания, Нидерланды, Словения, Чехия, Швейцария).

Ең дамыған және беделі бар модель Германиядағы әкімшілік әділет болып табылады. Онда әкімшілік соттар сот билігінің дербес тармағы болып табылады және конституциялық құқық саласына қатысы жоқ барлық жариялы-құқықтық дауларды қарайды.

Мұнда әкімшілік соттар жүйесі үш сатыдан тұрады. Бірінші саты жергілікті әкімшілік сот болып табылады. Екіншісі, апелляциялық саты ретінде жоғары әкімшілік жер соттары жұмыс істейді. Үшінші, кассациялық саты ретінде Федералдық әкімшілік сот жұмыс істейді. Әкімшілік соттардың ведомстволық қарауына жариялы-құқықтық сипаты бар барлық даулар, атап айтқанда мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалардың шешімдеріне және әрекеттеріне азаматтардың шағымдары туралы істер, аумақтық бөліністер арасындағы даулар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары туралы даулар жатады. Заң әкімшілік соттардың мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды тұлғаларының шешімдерінің күшін жою құқығын, не ұйғарым ету немесе сол немесе өзге шешімді қабылдау құқығын бекітеді. Әкімшілік соттар заңдық фактілерді де белгілейді.

Барлық сатыдағы әкімшілік соттар алқалы түрде әрекет етеді. Бірінші сатыдағы әкімшілік соттар, сондай-ақ жоғары әкімшілік жер соттары істерлі құрамында үш білікті судьямен, сондай-ақ төрт жыл мерзімге сайланатын екі алқабимен шешеді. Жоғары саты – Федералдық әкімшілік сот – бес судьядан тұрады.

Әкімшілік сотқа жүгіну тәртібі олардың істерді, шағым әрекеті немесе шешімі шағымдалатын адамға қатысты жоғары болып табылатын және оны кері қайтарған тиісті әкімшілік сатыға берілген жағдайда ғана қарау мүмкіндігін көздейді. Осылайша, істерді сотқа дейінгі қарау сатысында шығарылған актінің заңдылығы мен мақсатқа сәйкестігін алдымен әкімшілік орган тексереді.

Германияның әкімшілік соттары талап қоюдың үш түрін қарастырады: басқару актілерін даулау туралы талап қоюлар, актіні шығару туралы талап қоюлар, актіні шығару фактісін белгілеу туралы талап қоюлар. Бірінші талап қоюда актінің нысаны мен мазмұнындағы кемшіліктер көрсетіледі. Екінші талап қою түрінде мүдделі тұлғаның басқарушы органды талапкер мүдделі актіні шығаруға міндеттейтін шешім шығаруға өтінішін білдіреді. Үшінші талап қоюда әкімшілік соттардың алдына құқық қатынастарының болуын немесе жоқтығын тану не актінің күшін жою туралы мәселе қойылады.

Германияның әкімшілік-процестік заңнамасына әкімшілік процестің барлық сатыларының процестік реттелу дәрежесінің өте жоғары болуы, тараптарға процестің барысы мен нәтижелеріне белсенді түрде ықпал етуге, өз құқықтарын тиімді қорғауға, процестік мнідеттерді мүлтіксіз орындауға мүмкіндік беретін процестік құралдар мен тәсілдердің жеткіліктігі тән болып табылады.

Германияда әкімшілік-құқықтық дауларды қозғау құралдарының – талап қоюлардың үйлесімді жүйесі әзірленген. Жариялы-құқықтық талап қоюлардың үш түрі болады: құқықтық қатынастарды өзгерту туралы талап қоюлар (оның ішінде заңсыз әкімшілік актінің күшін жою туралы талап қоюлар); міндеттемені орындау туралы талап қоюлар (оның ішінде актіні шығару туралы немесе талапкер мүдделі әрекетті жасау туралы талапты қамтитын талап қоюлар); әкімшілік құқықтық қатынастың, актінің болу немесе болмау фактісін белгілеу туралы талап қоюлар.

Қазіргі заманғы германиялық әкімшілік соттар әкімшілік актілердің заңдылығына, актілердің заңның мақсаттарына және ол үшін мемлекеттік орган құрылған мақсатқа сәйкестігіне, сондай-ақ әкімшілік қабылдаған шара мен оның азаматтар мен ұйымдар үшін салдарларының үйлесімдігінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады. Сот талқылауының нәтижесі заңсыз басқару актісінің немесе оның бөлігінің күшін жою, әкімшіліктің қандай да бір басқару актісінін қабылдау, талапкердің пайдасына қандай да бір әрекетті жасау туралы нұсқауы болуы мүмкін. Француз әкімшілік соттарынан айырмашылығы неміс әкімшілік соттарының толық юрисдикциялық өкілеттіктері жоқ және олар дауланып отырған басқару актісін өзгерте алмайды.

Германияның да, Францияның әкімшілік соттарындағыдай іс жүргізу инквизициялық сипатқа ие, сот процестің басқарушысы болып табылады: ол істің мән-жайын дербес зерттейді, тараптардың талаптарымен, уәждері мен дәлелдемелерімен байланысты емес, іске басқа мүдделі тұлғаларды қатысуға тарту туралы мәселені өзі шешеді. Алайда, тараптардың жарыспалылығы мен тепе-теңдігі қағидаты, сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидаты да жұмыс істейді.

Жалпы құзыреттегі әкімшілік соттардан басқа ГФР-да жекелеген жариялы-құқықтық дауларды шешу үшін бірқатар мамандандырылған юрисдикциялар жұмыс істейді. Олардың ішінде қаржылық, еңбек, әлеуметтік соттар, тәртіптік өндірісте және Федерациямен жария-құқықтық қызметтік қатынастағы адамдардың шағымдары бойынша өндірісте істерді шешу жөніндегі соттар. Мамандандырылған юрисдикциялар Германияның федеративтік құрылысына сәйкес үш буынды болады. Бұл соттардағы сот ісін жүргізу кейбір алып тастауларды қоспағанда, азаматтық процестің жалпы қағидалары бойынша жүзеге асырылады.



Франция жариялы билік органдарының қызметіне әкімшілік-сот бақылауының негізін қалаушы болып танылған. Әкімшілік әділетті ұйымдастырудың француз моделінің (әкімшілік соттар басқару органдарынан бөлінген) әкімшілік соттар мен квазисот органдарынан (әкімшілік апелляциялық трибуналдар) тұратын көп сатылы құрылымы бар. Бұл модельге Бельгия, Италия, Нидерландтар мен Грецияның жүйелері жақын.

Францияның әкімшілік әділеті жалпы юрисдикциядағы соттар мен атқарушы билік органдарының жүйесінен бөлінген, сот төрелігінің дербес тармағын білдіреді. Ол жалпы юрисдикциядағы соттарға атқару билігінің қызметіне араласуға тыйым салған (заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда) билікті бөлу жөніндегі ерекше француз тұжырымдамасына негізделген. Бұл тұжырымдаманың салдары екі жақты сот жүйесі болды: Францияның Кассациялық сотының басшылығымен жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесі және Францияның Мемлекеттік Кеңесінің басшылығымен әкімшілік соттар жүйесі.

Француз әкімшілік әділет жүйесінің заңнамалық негізі Францияның
2000 жылғы 4 мамырдағы Әкімшілік әділет кодексі болып табылады, ол күшіне 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап енді де бұрын қолданылған 1973 жылғы Әкімшілік трибуналдар мен әкімшілік апелляциялық соттар кодексінің орына келді.

Әкімшілік әділет жүйесінің өзі үш буынды болып табылады. Бірінші буынды 37 әкімшілік трибунал құрайды, осы соттардың 8-і Францияның теңіздің ар жағындағы аумақтарында құрылған. Әкімшілік трибуналдар істерінің соттылығы аумақтық қағида бойынша анықталады.

Мемлекеттік кеңес – бұл Францияның Жоғары әкімшілік соты. Ол бірінші саты бойынша Республика Президенті қол қойған декреттер мен ордонанстардың; Мемлекеттік Кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана қабылдануы мүмкіндерден басқа министрлер актілерінің; ұлттық қоғамдық бірлестіктердің әкімшілік шешімдерінің заңсыздығына шағымдарды қарайды; Президенттің декретімен тағайындалған қызметшілердің мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша дауларын, өңірлік кеңестер мен Еуропалық парламентке сайлаулар өткізілген кезде туындаған дауларды шешеді. Мемлекеттік Кеңес сондай-ақ Республика Президенті қол қойған декреттер мен ордонанстарды және министрлердің актілерін түсіндіруді және олардың заңдылығын тексеруді жүзеге асырады.

Мемлекеттік Кеңес әкімшілік трибуналдар, апелляциялық әкімшілік соттар мен мамандандырылған әкімшілік юрисдикциялар: Есеп соты, Әлеуметтік көмек жөніндегі орталық комиссия, Босқындар шағымдары жөніндегі комиссия, Бюджеттік және қаржылық тәртіп жөніндегі сот үшін апелляциялық және кассациялық сот ретінде әрекет етеді.

Әкімшілік-құқықтық дауларды қарау үшін Мемлекеттік Кеңесте арнайы Сот секциясы құрылған, ол он кіші секциядан тұрады. Іс бойынша шешімді дау сипатына байланысты кіші секцияның өзі, екі кіші секцияның жиналысы, Сот секциясы немесе Мемлекеттік Кеңестің Жалпы отырысы шағаруы мүмкін.

Әкімшілік соттарда қарауға жария-құқықтық істердің мынадай бірнеше санаты:



  • басқарудың заңсыз құқықтық актілерінің күшін жою туралы даулар (немесе билікті асыра пайдалану туралы даулар);

  • толық юрисдикция даулары;

  • басқарудың құқықтық актілерн түсіндіру туралы істер жатады.

Әкімшілік-құқықтық даудың нысанасы басқарудың жеке немесе нормативтік, кез келген құқықтық актісі болуы мүмкін, өйткені Францияда бірыңғай клаузула әрекет етеді. Саяси сипаттағы немесе мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігіне бағытталған Үкімет актілері, сондай-ақ мектептер мен пенитенциарлық мекемелерде қабылданатын тәртіптік сипаттағы актілер бұған жатпайды.

Француз әкімшілік әділет жүйесінің ерекшелігі деп әкімшілік актіні түсіндіру туралы өтінішпен әкімшілік сотқа жүгіну мүмкіндігін есептеуге болады. Бұл әкімшілік құқықтың нормаларын практикада дұрыс қолдануға ықпал етеді.

Француз әкімшілік әділетінің өз кемшіліктері де бар. Оның бастысы жариялы-құқықтық даулардың көптігімен байланысты сотта істі ұзақ қарау болып табылады (орташа алғанда 2-2,5 жыл). Кейбір қиындықтар Францияның сот жүйесінің екі жақтылық сипатын туғызады. Істің әкімшілік немесе жалпы юрисдикциядағы сотқа ведомстволығын дұрыс анықтау үшін арыз берушілер адвокаттарға жүгінуге мәжбүр.

Ең дамыған еуропалық елдердің бірі – Швецияның әкімшілік әділет органдарының құрылуы едәуір қызығушылық туғызады. Әкімшілкпен қатынастағы азаматтардың құқығын сот деңгейінде қорғау қажеттілігі онда ХХ ғасырдың басында Жоғарғы әкімшілік соттың енгізілуіне әкеліп соқты. Алайда, шын мәнінде төмен тұрған әкімшлік соттардың үйлесімді жүйесі болған жоқ. Әкімшілік әділет органдарын қайта құруға Швецияның Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясы (1946 ж.) мен Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісіне (1966 ж.) қосылуы себеп болып табылды. Өйткені адам құқықтары туралы белгілі бір нормалар, олардың ішіндегі ерекше жағдайлар әрбір нақты жағдайда әкімшілік органдармен емес, сот тәртібімен шешілуін талап етеді. Бұдан басқа әкімшілік істерді қарау рәсімі едәуір жақсартуды талап етті. Мұның нәтижесінде жалпы соттармен қатар жұмыс істейтін әкімшілік соттар жүйесінің құрылуы болды.

Бұл жүйеге тән ерекшелік барлық жүйенің төменгі буыны болып табылатын әкімшілік соттармен қатар саны аз, құзыреті шектеулі арнайы соттардың жұмыс істейтіндігі болып табылды.

Осылайша, Коммуналдық заңға сәйкес уәкілетті коммуна жиналысының шешімдеріне шағымдар арнайы сот болып табылатын камералық сотқа беріледі, ол кейбір әкімшілік дауларды қарайды.

Әкімшілік соттардың жүйесіндегі кейінгі буын апелляциялық соттар болып табылады. Бірақ олардың құзыреттілігі салық мәселелерін қараумен, қаржылық шенеуніктердің жауапкершілігі туралы істермен, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы бірқатар істермен шектеледі. Жоғары саты Жоғарғы әкімшілік сот болып табылады.

Әкімшілік істерді шешу тәртібін реттейтін негізгі заңнамалық акті 1971 жылғы Әкімшілік іс жүргізу заңы болып табылады. Алайда, бұл Заңды қолдану аясы белгілі дәрежеде шектеулі. Ол Үкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен олардың атқарушы органдары, полиция шешетін мәселелерге қолданылмайды.

Заң жалпы және шектеулі қолдану қағидаларын да ажыратады. Шектеулі қолдану қағидалары тек азаматтардың жеке құқықтарын, олардың артықшылықтарын немесе міндеттерін қозғайтын немесе тәртіптік жаза қолдану жағдайларға қатысты істерде ғана пайдаланылады. Жалпы қолдану қағидалары әрбір рәсім кезінде сақталуға тиіс. Ең алдымен, бұл - істі қарау кезіндегі үстірт көзқарасқа жол бермеу қажеттілігіне қатысты. Бірқатар қағидалар азаматтардың билікке жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз етуге және әкімшілік іс бойынша шешімге апелляция беруді жеңілдетуге бағытталған. Атап айтқанда, егер азаматтың арызында кемшіліктер болса, билік арыз берушіге оларды жою үшін көмектесуге міндетті деп көрсетілген. Тараптардың әрқайсысы билікпен қатынаста болған жағдайда өз өкілі немесе көмекшісінің қызметін пайдалана алады.

Тиісті қағидалар істерді тез және тиімді шешу қажеттілігін ескере отырып, оларды қарау тәртібін де реттейді.

Әкімшілік-процестік қызметті тиісінше реттеу үшін Заңның ережелері маңызды, оларға сәйкес істі қарайтын орган шешім шығарылғанға дейін осы іс бойынша барлық алынған ақпаратты тараптарға хабарлауға тиіс. Тараптардың барлық оларды қызықтыратын құжаттамаға қолжетімділік құқығы бар. Іс бойынша шешім негізделген болу керек. Мүдделі тараптарға олардың пайдасына емес қабылданған шешімге шағым келтірген жағдайда қандай әрекет жасау керек екендігі туралы ақпаратберу мүмкіндігі де маңызды рольге ие.

Әкімшілік әділеттің ағылшын-саксондық жүйесі

Ұлыбританияда жариялы-құқықтық дауларды шешуді қазіргі уақытта әртүрлі органдар жүзеге асырады: жалпы құқық соттары, мамандандырылған юрисдикциялық (квазисот) органдары, Ұлыбритания парламенті, орталық және локальді үкіметтердің уәкілеттілері. Алайда әкімшілік әділет органдарына тек қана әкімшіліктен тәуелсіз жалпы құқық соттарын жатқызуға болады, олар, жалпы процестік қағидаларды басшылыққа ала отырып, азаматтар мен мемлекеттік басқару органдары арасындағы жанжалдарды шешеді. Жалпы құқық соттарынан өзгеше квазисот органдарының жүйесі англялық және американдық құқықта әкімшілік әділет деп аталады. Ұйымдастырушылық жағынан бұл органдар, әдетте, мемлекеттің атқарушы органдарының бөлігі болып табылады.

Ағылшын құқығы арыз берушіге басқару актісінің заңдылығын квазисот органдарына жүгінбей-ақ, тікелей сотқа даулауға рұқсат береді. Ұлыбританияға қарағанда АҚШ-та жалпы қағида бойынша мүдделі тұлға заңсыз актіні квазисот органдарының қарауын қоса алғанда, оған әкімшілік шағым келтірудің барлық тәсілдерін көруге тиіс. Тек қана әкімшілік мекеме сөзсіз өз құзыретінің саласынан тыс әрекет еткен, бағыныстылық тәртібінде шағым келтіру адамға орны толмас залал келтірген, сотқа әкімшіліктің ұқсас істер бойынша пікірі белгілі болған жағдайлар бұған жатпайды.

Жалпы құқық соттарының Ұлыбританияда әкімшілік биліктің актілерін тексеру бойынша өкілеттіктерінің шектері қай болсын нормативтік актімен белгіленбеген. Дәстүр бойынша ағылшын судьясы әкімшілік актінің заңдылығын немесе әреке етуін (әрекетсіздігін) бақылайды, актінің орындылығын бақылауға тыйым салынған. Сот актінің олар үшін басқарудың мемлекеттік органы құрылған мақсаттарына сәйкестігін бағалау бойынша өкілеттіктерге ие, яғни басқару актісі адалдық қағидатына қарама-қайшы болуы мүмкін емес. Оның үстіне, ағылшын құқығы басқару актілеріне ақылға сыйымдылық қағидаты талабын қояды, оны тексеруді сондай-ақ сот жүзеге асырады, бұл қағида АҚШ-та зор мәнге ие болды. Істің іс жүзіндегі жағы бойынша сот өз пікірін тек қана мекеме негізсіз немесе айқын қате шешім қабылдағанда білдіреді, өйткені әкімшілік өкілдерінің сотқа қарағанда арнайы, техникалық мәселелерде неғұрлым білікті.

Ұлыбритания мен АҚШ-тағы жалпы құқық судьясы басқару органдарының актілерін заңсыз деп тану және олардың күшін жою жөніндегі өкілеттіктерге ие, бұл сот төрелігі органдарының атқарушы биліктің қызметіне араласуы деп есептейлмейді.

Ұлыбритания мен АҚШ-та континенталдық елдерде сияқты әкімшіліктің әрекеттері мен шешімдеріне шағым келтірудің өзіндік құралдар жүйесі қалыптасты. Мемлекеттік билік органы құқықтарын бұзған жеке тұлға сотқа құқық бұзушы органның атына арнайы сотт4 прерогативтік бұйрығын шығару туралы арызбен жүгінеді. Құрама Штаттардың заң шығарушысы сот бұйрықтарының нысандарын Әкімшілік рәсім туралы федералдық заңда бекітті.

Сот бұйрықтары әртүрлі сипатта және әртүрлі мақсаттарда болуы мүмкін. Солай, сот басқару органына әрекетсіздікті тоқтатуды бұйыратын және заң талап ететін шараны немесе әкімшілік қамауға алуды қолдануды міндеттейтін бұйрық шығаруы мүмкін; бұйрық тыйым салу сипатында болуы мүмкін, бұл арыз берушіге мемлекеттік органның заңға қарсы әрекеттерді жасауын болдырмауға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кейбір бұйрықтар оны әкімшілік жоққа шығаратын заңды фактіні (құқықтық мәртебені, қатынасты, актіні) белгілеу үшін болуы мүмкін. Бұйрықтың бұл нысанасы ағылшын құқығында бұрыннан, ал АҚШ-та тек қана 1934 жылдан бері қолданылады. Ол тараптарға жеңілдетілген және тездетілген тәртіпте оларды қызықтыратын мәселе бойынша соттың пікірін белгілеуге және, ірі сот шығындарына әкелмей, дауды мәні бойынша шешуге мүмкіндік береді. Мұндай сот бұйрығын жалпы құқық соттары ғана емес, сондай-ақ квазисот органдары шығара алады.

Құқықтың ағылшын-американдық жүйесінде басымдыққа ие жалпы құқық соттарында жария басқарудың әрекеттерінен жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау қағидатының да өзінің кемшіліктері бар: қымбаттылығы, процестің формальдігі мен күрделілігі, осыған байланысты кәсіби заңгердің қызметтерін пайдалану қажеттілігі, істі қараудың ұзақтылығы. Осы мән-жайлар квазисот органдарының – мамандандырылған әкімшілік юрисдикциялардың құрылуына ықпал етті, олар даулы әкімшілік істі мәні бойынша оны жалпы құқық сотына бергенге дейін талқылайтын. Мұндай органдардың Ұлыбританияда да, АҚШ-та да құрылуы ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында басталды.

Ұлыбританияда істерді квазисот мекемелері қарауының бірыңғай рәсімі жоқ және әрбір трибунал немесе комиссия өз қызметінде Парламент немесе министр қабылдаған өзінің регламентін басшылыққа алады. АҚШ-та, керісінше, процестік қағидалар федералдық заңнамалық деңгейде дәл реттелген, бұл квазисот органдарының қызметін қарапайым соттардың қызметіне едәуір шамада жақындата түседі. Тиісті құқықтық рәсім – квазисот әкімшілік мекемелерінің қызметінің қажетті шарты. Оның кепілі болып, Ұлыбританияда сияқты, істі тыңдау туралы хабардар болу және дауды қараған кезде квазисот органында тыңдалған болу құқығы табылады. Бұл құқықтарды жүзеге асыру үшін арыз беруші мен мемлекеттік органда азаматтық сот процесіне қатысушылардың құқықтарына сәйкес жеткілікті кең өкілеттіктер бар.

Бұрынғы ҚСРО елдерінде әкімшілік сот ісін жүргізу бәрінен бұрын Балтық елдерінде пайда болды. Литва, Эстония, Латвияда әкімшілік соттар жұмыс істейді. Олардың қызметінің қажетті заңнамалық базасы құрылып, жетілдірілуде.

Бірқатар мемлекеттерде әкімшілік сот ісін жүргізу азаматтық процесс немесе оның түрлерінің шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан. Балтық елдері, Украина, Молдова, Грузия, Армения, Әзірбайжан сияқты басқа елдерде арнайы әкімшілік сот ісін жүргізу енгізілген.

Тиісінше осы екі топта әкімшілік әділет саласын реттейтін заңнамалық актілерінде, әкімшілік дауларды қарауға уәкілетті соттарда, олардың құзыреттілігі мен соттылығында елеулі айырмашылықтар бар, сондай-ақ сот ісін жүргізунің өзінің ерекшеліктері бар (шағымданудың стадиялары, тәсілдері, дәлелдеу міндеттері, сот актілерінің түрлері мен оларды орындау).

Бірінші топ елдерінің тәжірибесі мен заңнамалық базасын зерттеу әкімшілік дауларды негізінен жалпы юрисдикция соттары, сондай-ақ әкімшілік, экономикалық, әскери соттар қарайтындығын көрсетті. Алайда, кейбір елдерде шағыммен бағыныстылық тәртібіндегі жоғары тұрған органға немесе лауазымды тұлғаға алдын ала жүгінудің міндетті рәсімі қарастырылған (Түркменстан). Бұл топтағы елдердің көбінде әкімшілік органның әрекетіне, әрекетсіздігіне берілетін шағым адамның қалауы бойынша жоғары тұрған органға да, сотқа да берілуі мүмкін.

Бұрынғы ҚСРО елдерінің әкімшілік әділет саласындағы заңнамасын және тәжірибесін талдау бұл мәселеде елде жеке әкімшілік-процестік заңдар қабылданған-қабылданбағандығы негізгі болып табылатынын көрсетті.

Бірінші топтағы елдердің арнайы процестік заңы жоқ. Бұл жариялы-құқықтық дауларды шешу тәртібінің айқын болмауын туғызады. Сот арқылы қорғалу мен сот құрылысының жалпы қағидалары әкімшілік әділет мәселелерін құқықтық реттеудің қажеттіліктеріне толық көлемде сай келмейді.

Екінші топ елдерінде әкімшілік әділет мәселелерін реттейтін арнайы заңнамалық актілер бар.

1999 жылы Грузияда Әкімшілік іс жүргізу кодексі қабылданды. Әкімшілік істерді жалпы соттар қарайды. Сондай-ақ Грузияның Жоғарғы сотында әкімшілік істер бойынша палата құрылған.

2000 жылы «Әкімшілік сот туралы» Заң Молдовада қабылданды. Шын мәнінде бұл - әкімшілік-процестік заң. Әкімшілік істерді жалпы соттардың мамандандырылған алқалары қарайды, олар процестік мағынасында әкімшілік соттар болып табылады. Сол кезде жеке әкімшілік соттарды құру нұсқасы белсенді талқыланып жатыр.

Украинада әкімшілік соттарды құру идеясы 1992 жылғы Сот-құқықтық реформа тұжырымдамасында бекітілген болатын, бірақ ол туралы шешім 2002 жылы ғана «Украинаны4 сот құрылысы туралы» Заңмен қабылданды. 2005 жылы Украинада Әкімшілік сот құрылысы кодексі қабылданып, қолданысқа енгізілді. 2002-2009 жылдарының ішінде әкімшілік соттар жүйесі қалыптастырылды.

Әкімшілік іс жүргізу кодексі Арменияда күшіне енді. Онда бірнеше жыл Арменияның Әкімшілік соты құрылып, жұмыс істейді.

Сондай-ақ Әзірбайжанда 2009 жылы Әкімшілік іс жүргізу кодексі қабылданды.

Осылайша, Балтық, Кавказ елдерінде, Украина мен Молдовада әкімшілік әділет институты белсенді дамуда. Сол кезде бұрынғы КСРО-ның қалған елдерінде (Ресей, Беларусь, Орталық Азия елдерінде) бұл институт әзірше жеткілікті процестік және ұйымдастырушылық ресімделуін тапқан жоқ.

Әкімшілік соттардың әкімшілік дауларды қарау тәртібі жалпы юрисдикция соттарындағы сияқты сот төрелігін жүзеге асырудың демократиялық қағидаттарына негізделеді: сот тәуелсіздігі, оның тек қана заңға бағыныстылығы, жариялылық, сот отырыстарының жариялылығы және т.б.

Мұндай соттарда мынадай:



  • әкімшілік органдар қабылдаған құқықытық актілер мен олардың әрекеттерінің заңдылығы, сондай-ақ осы органдардың құзыретіне жататын әрекеттерді орындаудан бас тартудың заңдылығы мен негізділігі, сондай-ақ олардың орындалуын созбалау туралы;

  • әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу туралы;

  • салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді бюджетке төлеу және өндіріп алу туралы, сондай-ақ салық даулары бойынша;

  • қызметтік даулармен байланысты;

  • бір-бірімен ведомстволық байланыста жоқ әкімшілік органдар арасындағы даулармен байланысты;

  • сайлау және референдум туралы заңнама саласындағы істер қаралады.

Кейбір елдерде (Латвия) әкімшілік соттар сондай-ақ ұйымдардың жария-

құқықтық шарт жасасу, мұндай шарттың күшін жою міндеті туралы істерді қарайды.

Грузияның сот жүйесіндегі бірінші сатыда құзыреті шектеулі әкімшілік істерді магистр судьялар (бітімгершілік судьяның аналогы), қалған істерді – басқа аудандық және қалалық соттар, екінші саты бойынша – апелляциялық соттар, кассациялық сатыда – Жоғарғы Сот қарайды. Бұл ретте жоғары тұрған соттарда әкімшілік істер бойынша палаталар бар.

Даулардың санатына қатысты Грузия соттарында әкімшілік істерді қарайтын соттардың құзыретіне психикалық ауруды мәжбүрлеп емдеуге адамдарды стационарға орналастыру туралы, сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілерінің орындалу барысында туындайтын даулар туралы істер жатқызылған.

Осы топ елдерінің көптеген процестік заңдарында тараптардың татуласу мүмкіндігі қарастырылған.

Оның халықаралық практикадағы модельдерін ескере отырып, әкімшілік әділет институты мынадай қасиеттермен сипатталады:



  • жеке адамдарға жария биліктің заңсыз актілерін, әрекеттерін даулауға

және оларды міндеттерін орындауды мәжбүрлеуге мүмкіндік беретін құқықтық құралдар, қағидалар, тәсілдер жүйесі;

  • «билік – бағыныстылық» қатынастарының субъектілері болып табылатын адамдардың ортасы;

  • осы субъектілер арасындағы әкімшілік-құқықтық даудың болуы;

  • әкімшілік-құқықтық дауларды қарауға арналған әкімшілік әділет органдарының жүйесі (әкімшілік әділеттің нақты моделіне байланысты);

  • азаматтық немесе қылмыстық істі қараудың қалыпты сот тәртібінен басқа ерекше процестік тәртіп;

  • дауды шешудің құқықтық салдары, әдетте, заңсыз актіні (әрекетті немесе әрекетсіздікті) жарамсыз деп тану және (немесе) заңсыз актінің күшін жою, сондай-ақ мемлекеттік органның оған жүктелген міндеттерді орындауы болып табылады.



10. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжанып отырған қаржы шығындары

Болжанып отырған мамандандырылған әкімшілік соттардың судьяларын жалпы юрисдикциядағы соттарға ауыстыру қаржы шығынын талап етпейді, өйткені судьялардың лауазымдық жалақылары бір санатпен есептеледі.



Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында алқа құру үшін жылына 607, 3 мың теңге, облыстық және оған теңестірілген соттарда жылына 4 920,0 мың теңге қаражат қажет.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет