1.1. Ойлау тәсілдері
Ойлау әрқашан анализ және синтез процестерінен басталады. Ойлау – түйік пен қабылдаудағы анализ бен синтездің жаңа мазмұнға ие болған түрі. Анализ дегеніміз ой арқылы түрлі заттар мен құбылыстардың мәнді жақтарын жеке бөліктерге бөлу. Синтезде ой арқылы заттың құбылыстық барлық элементтері біріктіріледі. Анализ бен синтез – бір-бірімен тығыз байланысты, бірінсіз-бірі болмайтын құбылыс.
Анализ бен синтездің негізінде салыстыру деп аталатын ой операциясы пайда болады. Салыстыруда заттардың ұқсастық, айырмашылық қасиеттері айқындалады. Бұл операция салыстыратын заттардың бір түрлі белгілерін көрсетумен қабат, басқа белгілеріндегі айырмашылықтарын да айырып көрсетеді. Мәселен, заттарды оның түсіне, түріне, құрылысына, атқаратын қызметіне қарай салыстыруға болады. Ойлау операциясының, күрделі түрі — абстракция мен жалпылау.
Шындықтағы заттар мен құбылыстарды жалпылау арқылы оның елеулі қасиеттерін басқа қасиеттерінен ойша бөліп алуды абстракция дейді. Мәселен, квадрат, трапеция, параллелограмма деген сөздерді «төрт бұрыш» деген сөзбен белгілесек соңғысы абстракция болады. Сондай-ақ, бор, қар, қант секілді заттардың ортақ қасиеті ретінде «ақшыл» деген сөзді алсақ, бұл да абстракциялық ұғымға жатады.
Астракцияға қарама-қарсы процесті нақтылау деп атайды. Нақтылау абстракциялық ұғымды соған сәйкес келетін жеке ұғымдармен түсіндіру, яғни жеке заттар мен нәрселер туралы ой. Мәселен, жылқы деген жалпы ұғымды құлын, тай, құнан, дөнен, айғыр, бие деп бөлетін болсақ, мұндағы жылқының жеке түрлері нақтылауға мысал бола алады. Нақтылау абстракцияга қарағанда, ұғымды көрнекі етіп түсіндіруге мүмкіндік береді. Жеке мысал, көрнекті құрал — нақтылаудың түрлі формалары.
Жалпылау дегеніміз біртекті заттардың, құбылыстардың ортақ қасиеттерін оймен біріктіру. Жалпылау үшін заттардың ерекше маңызды белгілерін таба білу керек. Мәселен, алма, өрік мейіз, алмұрт т. б. ұқсас белгілері жиналып келіп, «жеміс» деген жалпы ұғымды береді. Жалпылау тәсілі бізге сыртқы дүние заттарының мәнді белгілерін ажырата алуға жәрдем береді.
Жалпылау арқылы шындықтағы заттар мен құбылыстарды белгілі принцип бойынша орналастыруды жүйелеу (систематизация) дейді. Жүйелеудің жоғары түрі -классификация. Мәселен, жануарлар — типке, типтен – класқа, кластан — отрядқа, отрядтан — отбасыға, отбасыдан — текке, тектен — түрге т. б. жүйеленеді. Жүйелеу арқылы өсімдіктер дүниесін, химиялық әлементтерді белгілі классификацияға келтіруге болады. Осы айтылған ой тәсілі мал шаруашылығының қыры мен сырын жақсы білетін қазақтарда ерекше дамыған. Мәселен олар шөпті ащы (көкпек изен, жусан т. б.), тұщы (қияқ боз т.б.), құрғақ сулы деп бірнешеге бөледі. Шөптерді қай малдың жейтініне қарай да топтастыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |