Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасында Бірінші сатыдағы соттың материалдық құқық нормаларын дұрыс



жүктеу 39.85 Kb.
Дата04.03.2016
өлшемі39.85 Kb.
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасында
Бірінші сатыдағы соттың материалдық құқық нормаларын дұрыс

қолданбауы үкімді өзгертуге негіз болды

( үзінді)

Б. бұрын сотталмаған, ҚР ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігінің “а,г,д” тармақтарымен 8 жылға, ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігінің “ж, з, к” тармақтарымен 10 жылға, ҚК-нің 58-бабы 4-бөлігінің негізінде жазаларды ішінара қосып, түпкілікті 11 жыл бас бостандығынан айырып түзеу колониясының қатаң режимінде жазаны өтеуге сотталған.

Сот үкімімен 2005 жылдың ақпан айының 23 күні сағат 22-30 шамасында Еңбекшіқазақ ауданының Байсейіт ауылының Абай және Юльчев көшелерінің арасында орналасқан айналма жерде Б. алдын-ала сөз байласып, топ құрып, қару ретінде пайдаланатын затты қолданып, жәбірленуші А-ның денсаулығына ауыр зиян келтірумен ұштасқан қарақшылық жасаған, содан кейін алдын-ала сөз байласып, жасаған қылмысын жасыру үшін топ құрып, қарақшылықпен құқыққа қарсы жәбірленуші А-ны өлтірмек болған, бірақ өзіне байланысты емес жағдайлар бойынша ойын аяғына дейін жеткізе алмаған деп танылған.

Сотталған Б. апелляциялық шағымында қылмысты жалғыз өзі жасағанын, жәбірленушіні өлтіргісі келмегенін, оның қатты дауысын басу үшін қыл-қындырғанын, бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмағанын, кінәсін жартылай мойындағанын ескеріп, жазасын жеңілдетуді сұраған.

Жоғарғы Сот судьясының іс бойынша баяндамасын, мемлекеттік айыптаушының үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін тыңдап, істегі құжаттармен танысып, алқа сот үкімін төмендегі себептерге байланысты өзгертуге жатады деп санайды. Б-ның жәбірленуші А-ға алдын-ала сөз байласып топ құрып, қару ретінде пайдаланатын затты қолданып денсаулығына ауыр зиян келтіріп, қарақшылық жасағаны іс бойынша жинақталған құжаттармен және сот мәжілісінде жан-жақты, толық, объективті түрде бағаланып, зерттелген дәлелдемелермен өз дәлелін тапқан.

Сотталғанның өзі де осымен келіскен.

Сотталған Б-ның апелляциялық шағымындағы жәбірленушіге қарсы қылмысты тек қана жалғыз өзім жасадым, оны өлтірейін деген ойым болмады дегені, іс құжаттарымен расталмайды.

Іс құжаттарына сәйкес, Б. жиде ағашының кесіндісімен А -ның желке тұсынан, бетінен ұрып, жерге құлатқан, содан кейін сыбайластарымен бірігіп, оның басынан, бетінен және денесінен қолдарымен - аяқтарымен тепкілеп, соғып, басының миын жабық түрде ауыр жарақаттап, сол жақ жауы-рынын, сындырып, есінен тандырып, ақшасымен кілттерін алған. Б-ны жәбірленушінің танығанын біліп, жасаған қылмыстарын жасыру ниетімен, жәбірленушіні құқығына қарсы өлтіру мақсатымен, жіпті оның мойынына орап, қылқындырғанын ол есінен танып, тіршілік белгілерін білдірмегесін өліп қалды деп ойлап, Б. сыбайластарымен бірге оқиға болған жерден бой тасалап кетіп қалғаны соттағы жәбірленушінің, куәлар А.Г. мен А.Д -ның жауаптарымен оқиға болған жерді қарау, айғақты заттарды алу, оқиға болған жерді көрсету арқылы тексеру, айғақты заттарды қарау туралы хаттамаларымен, сот-дәрігерлік сараптама қорытындыларымен объективті түрде дәлелденген.

Б-ның қылмыстық әрекеттері ҚР ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігінің “а, г, д” тармақтарымен,24-бабының 3-бөлігімен және 96-бабының 2-бөлігінің “к” тармағымен дұрыс дәрежеленген.

Сонымен қатар, соттың Б.,А -ны алдын ала сөз байласып, топ құрып, қарақшылықпен қасақана өлтіруге оқталды дегені негізсіз.

Өйткені іс құжаттары бойынша жәбірленушіні қасақана өлтіруге сотталғаннан басқа адамдардың әрекет жасағандары көрінбейді. Бұл туралы сотталғанда және жәбірленушіде көрсетпейді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы “Азаматтардың өмірімен денсау-лығына қарсы әрекеттер үшін жауапкершілікті реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы” №7 нормативтік қаулысының 11 тармағында “кісі өлтірушінің немесе басқа адамның жәбірленуші білетін өзге де жасаған қылмысын жасыру ниетімен істелсе, мұндай әрекеттер ҚК-нің 88-бабы 1-бөлігінің “е” тармағымен дәрежеленеді”, - деп көрсетілген.

Сотталғанның жауабына сәйкес, жәбірленушінің оны танығаны мойнына жіп салып қылғындыруға себеп болған.

Сотталғанды танып қалғанын жәбірленуші де көрсетеді.

Сондықтан қылмыстық іс бойынша Б-ның қарақшылықпен жәбірленушіні қасақана өлтіруге оқталды дейтіндей бірде-бір нақты дәлелдеме жоқ.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 11 сәуірдегі “Кәмілетке толмаған адамдардың қылмыстары және оларды қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы” № 6 нормативтік қаулысының 19-тармағында: “егер кәмелетке толмағанға бас бостандығынан айыру жазасы ҚК-нің 53-бабының 4-бөлігінде және 56-бабының 2-3-бөліктерінде көрсетілген ережелер ескеріліп тағайындалса, онда жазаның неғұрлым ауыр түрі мерзімінің немесе мөлшерінің жартысы және төрттен үш бөлігі тиісінше кәмелетке толмағанға аяқталған қылмысы үшін тағайындалуы мүмкін, бас бостандығынан айыру жазасы 10 немесе 12 жылдан бастап есептелуі тиіс” - деп айтылған.

Осыған сәйкес ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігімен соттал-ғанға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаумен келісуге болмайды. Бұл баптармен бас бостандығынан айыру жазасы 9 жылдан аспауы керек.

Сондықтан тағайындалған жаза кемітілуі тиіс.

Б-ға жаза тағайындағанда алқа бірінші сатыдағы сот көрсеткен жауапкершілікті ауырлататын және жеңілдететін жайларды ескереді.

Жоғарыдағылардың негізінде және ҚР КІЖК-нің 411-бабының 3-тармағы мен 421-423-баптарын басшылыққа алып, алқа Алматы облыстық сотының 2005 жылғы 7 қарашадағы Б. жөніндегі үкімін өзгертті.

ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігінің “к” тармағымен ҚК-нің 55-бабын қолданып, 8 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігінің “а, г, д” тармақтарымен тағайындалған жазаны өзгеріссіз қалдырып, ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес жазаларды ішінара қосып, түпкілікті өтеуге 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігінің “ж, з,” тармақтарын үкімнен алып тастап, үкімнің қал-ған бөлігін өзгеріссіз қалдырды.



Сотталғанның апелляциялық шағымын ішінара қанағаттандырды.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет