ЖОҒары оқу орындарында араб тілін оқыту әдістемесінің кейбір мәселелері камишева гүЛНҰр аббасқызы



Дата27.06.2016
өлшемі52.5 Kb.
#160784
ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА АРАБ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

КАМИШЕВА ГҮЛНҰР АББАСҚЫЗЫ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Араб елдерімен экономикалық, сауда, мәдени байланыстардың дамуы негізінде Қазақстанда араб тілін үйрену қажеттілігі туды. Біздің елімізде араб тілі жоғары оқу орындарында өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап оқытыла бастады. Дегенмен де, әлі күнге дейін бізде арабистика ғылымы дамымаған. Араб тілін оқытатын қазақстандық ғалымдар жазған оқулықтар, кейбір шағын кітапшалар мен әдістемелік нұсқауларды, Б.Тасымовтың кітабын есептемегенде, жоқтың қасы. Қазақстанның жоғары оқу орындарында араб тілі Ресей, араб елдері ғалымдарының оқулықтарымен оқытылады. Сондықтан біз бұл мақалада араб тілін оқыту әдістемесінің кейбір мәселелеріне тоқталуды жөн көрдік.

Біздің жоғары оқу орындарында қолданылып жүрген араб тілін оқытуға арналған оқулықтарға жасалған талдау лексиканы оқыту барысында көрнекіліктің дидактикалық принципі кеңінен қолданылмайтындығын көрсетті. Бірақ бұл топқа О.Б.Фролованың оқулығы кірмейді. Мұнда берілген мәтіндерге байланысты елтанымдық мақсаттағы көрнекі суреттер келтірілген.

Оқулықтарда мәтін мазмұнына байланысты суреттердің келтірілмеуі таным процесі кезінде көзбен көріп сезіну арқылы абстрактылы ойлауға дейінгі даму диалектиасына қайшы келетіні сөзсіз. Оқу материалы неғұрлым сезіну арқылы меңгерілсе, ол соғұрлым сіңімді болады. Бұл принцпиті кезінде атақты педагогтар Я.А.Коменский, Г. Песталоцци, К.Д.Ушинскийлер қолдаған.

Оқуға барлық сезім мүшелерін қатыстыру керек деген «дидактиканың алтын ережесінің» авторы да Я.А.Коменский болатын. Ол: «Сезім арқылы қабылдауға қажеттінің барлығы сезім мүшелері арқылы қабылдануы керек. Көру-көзбен, есту-құлақпен, дәм сезу-таңдаймен, иіс сезу –мұрынмен. Егер бір нәрсе бірнеше сезім мүшесі арқылы қабылданса, өте тиімді болады», - деген (1, 34).

Кейбір кітаптарда шет тілін оқытудың бастауыш кезеңінде лексемалар басқа сөздердің қатысынсыз, лексикалық бірліктердің байланысысыз жекелеген түрде қолданылады. Осылайша тілді жеке бір бүтін жүйе ретінде оқытатын жетекші принциптерінің бірі – жүйелілік принципі ескерілмейді. Тіл үйренудің барлық кезеңдерінде үйренуші жекелеген лексикалық бірліктерді сөз тіркестері мен сөйлемдер құрамында қолданатынын практика көрсетті. Бұл туралы И.Б.Ворожцова:«Басқа сөздермен байланыста қолданылған лексикалық бірліктер ғана есте жақсы сақталады», -деп атап көрсетті (2,54).

Көптеген авторлар, мысалы, Б.З.Халидов, А.А.Ковалев, Г.Ш.Шарбатов, В.В.Лебедев,Г.И.Бочкарев, Д.Г.Зайнуллин, О.Б.Фроловалар өз оқулықтарына араб мәдениетінен мол мағлұмат беретін көркем әдебиет үзінділерін келтіреді. Бұл кітаптарда елтауға, сол елдердің тарихына қатысты көптеген материалдар кездеседі. Бұл өте тиімді тәсіл. Өйткені тіл үйрену барысында студенттер оқылатын тіл елінің әдебиетімен, мәдениетімен, тарихымен, экономикасымен, салт-дәстүрімен танысады. «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген араб мақалы бекер айтылмаса керек.

Грамматикалық материалдарды ұсынғанда, көптеген авторлар дедуктивті жолды ұсынады. Әуелі ереже беріліп, артынан соған сай мысалдар келтіріледі. Тек В.В.Лебедев пен Г.И.Бочкаревтің кітаптарында индуктивті (мысалдардан ережеге келу) әдіс қолданылады. Тілді оқытудың жоғарғы деңгейінде бұл авторлар грамматикалық материалды ұсынғанда, сұрақтарды орыс тілінде қойып, оған жауаптарды араб тілінде келтіреді. Авторлардың ойынша, «сұрақ-жауап түріндегі араб әдеби тілінің ережесі тілтанымдық дәстүрдегі түсініктер мен ережелердің жүйесімен таныстырады» (3, 5). Біз В.Г.Костомаров пен О.Д.Митрофанованың: «коммуникативтілік тілдің грамматикасына оны меңгерудегі құрал ретінде қарайды, Грамматика мақсат емес, оқыту құралы. Ол коммуникативтік қызметке бағына отырып, ауызша және жазбаша тілді дамытуда қолданылатын амал» (4,65), - деген пікірімен толық келісеміз. Поляк ғалымы Д.Мелинский грамматиканы аса маңызды көмекші құрал деп есептесе (5,89), Т.А.Дайка меңгерілетін тілдің құрылымы емес, қарым-қатынас жасаудағы оны қолдану мүмкіндігі маңызды болып саналатын студентке «коммуникативтік грамматика» қажет деп санайды . Грамматикалық материалды индуктивті әдіс арқылы түсіндіру студентті ойландыруға, ұсынылып отырған мағлұматты есте жақсы сақтауға көп көмектеседі. Демек, грамматикалық материалды индуктивті жолмен жеткізу проблемалылықтың дидактикалық принципіне жатады. В.С.Цетлин шетел тілінің грамматикасын оқытудағы индуктивтілікке жаңаша анықтама береді: «Мәселе жаңа құбылысты меңгеруде мысал мен теориялық білімнің қайсысы бірінші келетіндігінде емес. Мұнда алдын-ала хабарланған практикалық ережелер жаңа материалды меңгеру дағдысында жалпыланады да, соңынан теориялық түсінікке ұласады» (6, 25). Бұл дұрыс көзқарас. Өйткені кейбір ережелер мысал арқылы түсіндірілгенде, үйренушінің санасыа сіңіп, оның сол тілдегі грамматикалық құбылыстар туралы түсінігі қалыптасады. Белгілі бір кезеңде оқытушы өтілген грамматикалық материалдарды жүйелеп, бұрынғы тілдік фактілерді құрастырып, «бөлшекті бүтінге» айналдырады. Жүйелеу формалары әртрлі болуы мүмкін: қайталау, жалпылау, лингвистикалық түсінік, кестелер, т.б. Тіл үйренушінің ойлау қабілетін арттырып, өтілген материалды жақсы меңгеруге индуктивті әдіс өте тиімді.

Енді шетелдердің жоғарғы оқу орындарында этникалық араб емес адамдарға араб тілін үйрету әдістемесіне талдау жасауға көшеміз.

Қазіргі таңда бүкіл әлемде араб тілін оқуға деген қызығушылықтың артып отырғаны рас. Бұл туралы тіл танушы ғалым Фиржсон былай дейді: «Араб тілінде сөйлеуші адамдардың саны мен оның таралу аймағына қарағанда, араб тілі шын мәнінде ұлы тілдердің бірі болып саналады. Бұл тілдің оның ғасырдан-ғасырға , ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмай аман жеткендігі оның ұлылығы мен күрделілігінде» (7,2).

Соңғы жылдары экономикалық, саяси, мәдени байланыстардың дамуына орай араб елдері мен басқа да елдерде араб тіліне деген қызығушылық артты. Қазіргі кезеңде араб елдері білім, мәдениет, ғылым мәселелерімен айналысатын араб ұйымын құрды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты араб тілінің сақталуы мен оның таралуына ықпал жасау болып табылады.Бұл ұйымның бас директоры тунистік ғалым доктор Монжи Бусниннің айтуынша, бұл ұйым араб елдерінің идеялық, мәдени, ұлттық құндылықтарын тарату мақсатында жұмыс жасайды. Араб педагогтары, ғалымдары мен қайраткерлері осы міндеттерді өз елдерінде, сондай-ақ шетелдерде жүзеге асыруда.

Шетелдіктерге араб тілін оқытатын оқытушылардың барлығы дерлік аудармасыз әдісті қолданады. Мағриб елдерінде шетелдіктерге араб тілін оқыту әдістемесінің негізін салушылардың бірі доктор Аль-Уали аль-Ильми былай дейді: «Біз бастапқыда лексиканы семантизациялау кезінде аударма әдісін қолданатынбыз. Бірақ шетелдік студенттермен жеткілікті дәрежеде жұмыс жасағаннан кейін араб тілін оқып жатқан үйренушілер өз ойларын арабтың әдеби тілінде жеткізе алатындығын көрдік. Сондықтан аудармадан бас таруды шештік. Бұл әрекетіміз табысты болды» (7, 125). 1978-жылы доктор Аль-Уали аль-Ильмидің редакциялауымен лексикалық материалды семантизациялауда аудармасыз әдіс қолданылған «Мафатиху аль-Арабия» атты оқулық жарық көрді.

Араб педагогтары кеңінен қолданатын дидактиканың жетекші принциптерінің бірі көрнекілік принципі. Араб тіліне арналған арабша оқулықтардың басым бөлігінде оқытудың бастапқы кезеңінде суреттер көптеп кезедеседі. Профессор Маулея Ахмед Аль-Альуии шетелдіктерге араб тілін оқытуда көрнекіліктің маңызы зор деп атап көрсетті. Бұл лексикалық материалды ұсынғанда аралық тілді пайдаланбаудың бірден-бір жолы. Оқылатын тілдегі лексикалық бірліктердің мағынасы оқушының санасында сурет арқылы жақсы сақталады. Белгілі бір сөзді айтқанда, оқытушы оны заттай көрсетеді. Мысалы, оқытушы қаламды көрсетіп тұрып, арабша QALAM (ﻘﻟﻢ ) деп атайды. Студент көріп тұрағаннан соң айтылған нәрсенің мағынасын тез түсінеді. Сонымен қатар белгілі бір сөздің мағынасын түсіндіруде оқытушы қимылды өз ісәрекеті арқылы көрсетеді. Мысалы, FATAHA ( ﻔﺗﺢ - ашу) етістігін түсіндірерде оқытушы өзі барып есікті ашып көрсетеді. Бұл әдіс французша «dramatization» деп аталады. Сонымен қатар ағылшынша «Role playing» деп аталатын әдіс те араб оқытушылар тарапынан көп қолданылады. Мұнда оқытушы өзі рөлге еніп, тікелей іс-қимылдары мен сөздері арқылы түсіндіреді.

Соңғы екі әдіс барысында студенттердің белсенділігі артып, оқытудың коммуникативтілік принципі жақсарады. Оқытудағы саналылық пен белсенділік принципі қазіргі заманғы дидактикалық жүйенің тиімді тәсілдерінің бірі. Мұнда оқушылар танымдық белсенділік танытып, өз бетінше ізденуге, білім алуға талпынып, оқу әрекетінің субъектісіне айналады. Бұл екі әдіске доктор Рушди Ахмед Тъима жоғарғы баға береді

Көп мағыналы сөздерді түсіндіргенде, араб елдерінде көбіне сөздердің контекстік түсіндірілуі қолданылады.Оқытушы студенттерге мәтінді бірнеше мәрте оқып, ондағы таныс сөздердің мағыналары арқылы, сөздікті қолданбай, оның толық мәнін түсінуге тапсырма береді. Ойлау қабілетін арттыру арқылы студенттер таным процесіне қосылады. Бұл тәсілде дидатиканың проблемалылық пен белсенділік принциптері іске қосылады.

Тунистік оқытушылар жаңа сөздердің семантикасын түсіндіріп болғаннан кейін бір түбірлес сөздерден сөзжасамдық топ жасайды. Мысалы өткен шақтағы етістіктің семантикасын түсіндірерде оның осы шақтағы формасын, масдарын, негізгі және ырықсыз етіс есімшелерін қолданады. Мәселен, KATABA-жазды ( ﮐﺗﺐ), YAKTUBU-жазып отыр ( ﻴﮐﺗﺐ), KITABATUN- жазу ( ﮐﺗﺎﺒﺔ), MAKTUBUN- жазылған (ﻤﮐﺗﻭﺐ), KATIBUN-жазушы ( ﮐﺎﺗﺐ).

Семантикаландырудың осы тәсілін қолдану барысында саналылық принципі байқалады. Студенттер бір түбірлі сөздердің жасалуын саналы түрде қабылдайды. Мухаммад Исмаил: «Айтылған сөздің мағынасын дұрыс түсінген кезде ғана тілді меңгерді деуге болады. Көп мағыналы сөздің мәнін айтылған формасында түсіну саналылық жағдайында ғана автоматты түрде іске қосылады», -дейді (5,4). Жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру барысында оқытушылар жиі қолданатын тәсілдің бірі- олардың жекеше, көпше түрлерін қатар қолдану. Рушди Ахмад Тъима бір түбірден әр түрлі мағынадағы сөздер көп жасалатын араб тілінде бұл тәсіл өте тиімді деп атап көрсетті .

Араб елдерінде лексиканы семантизациялау кезінде ассоциация (латынша associatio- байланыс )әдісі кеңінен қолданылады. Оқытушы берілетін сөздің мағынасын ашуға көмектесетін сөздер тізбегін айтады. Соларды байланыстыратын ортақ сөзді студент табуы керек. Мысалы, AL’USRATU (отбасы-ﺍﻻﺴﺮﺓ) сөзін ұсынарда → AL’ABU(әке-ﺍﻻﺐ) , AZ’ZAUWZU (күйеу- ﺍﻟﺯﻮﺝ), AI’ATFALU (балалар-ﺍﻻﻄﻓﺎﻝ) деген сөздерді қолданады.

Біздің ойымызша, жоғарыда айтып өткен тәсілдердің барлығы араб тілін оқытуда белгілі бір дәрежеде тиімді. Дегенмен, проблемалық оқытудың концепциясына сүйене отырып, біз жаңа лексиканы семантизациялау барысында мағынаны тану тәсілін тиімдірек деп ойлаймыз.

Атақты ғалым бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби грамматиканы «тілді тезге салатын өнер» (6,131) деп, оған жоғары баға берген. Көптеген араб педагогтары грамматикалық материалмен таныстырғанда индуктивті тәсілді қолдайды. Аталған оқулықтарда студенттерді өз бетінше ізденуге итермелейтін, проблемалық принципке негізделген таспырмалар орын алғын. Әуелі мысалдар келтіріліп, ондағы заңдылықтарға назар аударылады да, сонан соң ереже келтіріледі. Мухаммад Мууааданың : «Бастапқы кезеңде индуктивті әдісті қолданып, кейінен дедуктивтіге көшкен тиімді» деген пікірі осының дәләлі.

Барлық араб авторлар өз оқулықтарында белгілі бір дәрежеде көрнекілік принципін тиімді пайдаланған. Солардың ішінде «Аль арабаия аль муасара» оқу-әдістемелік кешенінде тұрмыстық жағдайлар бейнеленген иллюстрациялар көп кезедеседі. Студенттерге соларға байланысты дилогтар, монолог-суреттемелер жасау, дискуссиялар өткізу сияқты тапсырмалар беріледі. Өмірде кездесетін жағдайларды негізге ала отырып, студенттер шығармашылық қызметке қызыға кірісіп, нақтылы жаңдайда қарым-қатынас құралы ретінде араб тілін пайдаланады.



Бургиба атындағы институтта араб тілін оқытудың барлық кезеңдерінде студенттерге ойлау қабілеттерін дамытатын проблемалық тақырыптарда әңгімелер құрастыру тапсырылады. Осылайша, оқытудың проблемалылық пен креативтілік принциптері орындалады. Оқушылардың белсенділігі продуктивті, яғни шығармашылық сипатта болуы керек. Демек, студенттер тек қана оларға ұсынылған алгоритм бойынша әрекет етпей, нақтылы жағдайға баға беріп, өз беттерінше шешім қабылдай алуы қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Константинов Н.А. История педагогики М., «Просвещение» 1982 г.

  2. Лебедев В.В. Читаем арабские тексты Продвинутый этап . М.: «Муравей», 2002 г.

  3. Витлин Ж.Л. Современные методы преподавания иностранных языков / Иностранные языки в школе 1998 г. № 3

  4. Цетлин В.С. Реальные ситуации в общении на уроке / Иностранные языки в школе 2000 г. № 3

  5. Ковалев А.А., Шарбатов Г.Ш. Учебник арабского языка М., «Восточная литература» 1999г.

  6. Мустафа Ан-Нахас, Абд Аль-Уахид Проблемы преподавания литературного арабского языка и его диалектов иностранцам (Мушкилату аль амииати у аль фусха фи таълими аль лугати аль арабийати лиль ажаниба.) Сирия, институт Аль-Хартум, 1977 г.

  7. Аъмаль Надуа Обучение иностранцев арабскому языку Тунис 1992 г.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет