Жол жүрісі туралы



бет1/4
Дата28.06.2016
өлшемі1.41 Mb.
#163685
  1   2   3   4


Қазақстан Республикасының

З а ң ы
Жол жүрісі туралы


Осы Заң Қазақстан Республикасында жол жүрісі жұмыс істеуінің және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен жалпы шарттарын белгілейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі (бұдан әрі – шұғыл шақыру жүйесі) – навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдары мен деректерін пайдалана отырып жұмыс істейтін, шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы қалыпқа түсірілген ақпарат беруді қамтамасыз ететін мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйе;

2) автомагистраль – көлік құралдарының жүруі үшін арнайы жобаланған және салынған (немесе реконструкцияланған), жол бойындағы иеліктерге қызмет көрсетпейтін жол. Оған тек басқа жолдардан ғана әртүрлі деңгейлердегі жол айрықтары арқылы өтуге болады. Бұл жолдың:

бiр-бiрiнен жүруге арналмаған бөлу жолағымен бөлінген, әртүрлі бағытта жүру үшін бөлек жүру бөлiктерi бар;

басқа жолдармен, темiржолдармен және трамвай жолдарымен және жаяу жүргінші жолдарымен бiр деңгейде қиылыстары жоқ;

автомагистраль ретінде арнайы белгіленген;

3) автомобиль – жолдарда жүруге және олармен адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға немесе адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға арналған көлік құралдарын жолдарда сүйретуге арналған, оның ішінде троллейбустарды қоса алғандағы механикалық көлік құралы;

4) айрықша мақсаттағы автомобиль – күзетілетін адамдарды тасымалдау және (немесе) олармен бірге ілесіп жүруге арналған көлік құралы;

5) аялдау – көлiк құралының жүрісін бес минутқа дейiн не, егер бұл жолаушыларды отырғызу немесе түсiру, көлiк құралын тиеу немесе түсiру үшiн қажет болса, одан да көбiрек уақытқа әдейі тоқтату;

6) велосипед – екi немесе одан көп дөңгелегі бар (мүгедектерге арналған кресло-арбалардан басқа) және үстінде отырған адамдардың дене күшiмен қозғалысқа келтiрiлетiн көлiк құралы;

7) велосипед жолы – велосипедтердің жүруіне арналған және тиісті белгімен белгіленген жеке жол немесе жолдың бір бөлігі. Велосипед жолы басқа жолдардан немесе нақ сол жолдың басқа элементтерінен конструктивтік түрде бөлінеді;

8) велосипед жүретін жолақ – жолдың жүру бөлігінің велосипедтер жүруге арналған жолағы. Велосипед жүретін жолақ жолдың басқа жүру бөлігінен ұзына бойындағы жол таңбасы және арнайы белгілер арқылы бөлінеді;

9) елді мекен – кіретін және шығатын жерлері тиісті белгілермен белгіленген, құрылыс салынған аумақ;

10) жаяу жүргінші – жолда көлiк құралынан тыс жерде тұрған және онда жұмыс жүргізіп жатпаған адам. Мүгедектерге арналған кресло-арбалармен жүріп-тұратын, велосипедті, мопедті, мотоциклді жетелеп әкеле жатқан, шана, арба, балалар арбасын сүйретіп келе жатқан жеке адамдар жаяу жүргiншiлерге теңестіріледі;

11) жол – көлiк құралдарының жүруі үшін жайластырылған немесе ыңғайластырылған және пайдаланылатын жердің барлық бөлінген жолағы не жасанды құрылыстың үстi. Жол бiр немесе бiрнеше жүру бөлiктерiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және олар болған кезде бөлу жолақтарын қамтиды;

12) жолаушы – көлiк құралының үстiнде (ішінде) отыратын және оны басқармайтын адам;

13) жол жүрісі – жолдар шегінде адамдар мен жүктердi көлiк құралдары арқылы немесе оларсыз тасымалдау процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы;

14) жол жүрісі қағидалары – Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісінің бірыңғай тәртібін, жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданысын белгілейтін нормативтік құқықтық акт;

15) жол жүрісіне қатысушы – жол жүрісі процесiне жаяу жүргiншi, жолаушы немесе жүргiзушi ретiнде тiкелей қатысатын адам;

16) жол жүрісі қауiпсiздiгi – қатысушыларының жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi;

17) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жол-көлік оқиғаларын, жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерін болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға, сондай-ақ осындай зардаптарды жоюға бағытталған қызмет;

18) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында басшылықты өз құзыреті шегінде және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган және оның астанадағы, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері;

19) жол жүрісін реттеудің техникалық құралдары – жол белгiлерi, жол таңбасы, бағдаршамдар (олардың жұмыс бағдарламасын айқындайтын жабдықты қоса алғанда), темiржол өтпелерiндегi реттеуiш құрылғылар, сондай-ақ жол қоршаулары мен бағыттауыш құрылғылар;

20) жол жүрiсiн ұйымдастыру – жол жүрiсін басқару жөніндегі ұйымдық-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, жобалау-іздестіру, ұйымдық-техникалық, бақылау-қадағалау, өкімдік және басқа да іс-шаралар кешенi;

21) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі – тиімді жоспарлауды және бақылау іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ететін, бақылау қызметінің неғұрлым басым бағыттарына ресурстарды іріктеп алу, оңтайлы бөлу қағидаттарына негізделетін әкімшілік ету жүйесі;

22) жолдың жүру бөлігі – көлік құралдарының жүруі үшін пайдаланылатын жолдың бір бөлігі;

23) жол иелері – жолдың меншік иелері болып табылатын немесе шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жолдарды басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;

24) жол-көлiк оқиғасы – көлiк құралының жолда жүруі процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға;

25) жүргізуші – көлік құралын басқаратын адам, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушы;

26) жүргізуші куәлігі – тиісті санаттағы көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат. Жүргізуші куәлігі иесінің жеке басын куәландыратын құжат болған кезде, алып қойылған немесе жоғалған құжаттың орнына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімге берілетін құжат та жүргізуші куәлігі болып есептеледі;

27) интеллектуалды көлік жүйесі – жол жүрісін басқару мен бақылауды қамтамасыз ететін өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені;

28) көлік құралы – адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы;

29) көлік құралының иесі – көлік құралының меншік иесі, сондай-ақ көлік құралын шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында не өзге де заңды негізде (жалдау құқығы, көлік құралын басқару құқығына сенімхат, тиісті органның осы адамға көлік құралын беру туралы өкімі) иеленетін адам. Өзінің қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауына орай, оның ішінде көлік құралының меншік иесімен немесе өзге де иесімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде көлік құралын басқаратын адам көлік құралының иесі болып табылмайды;

30) көлік құралын мемлекеттік тіркеу – құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексергеннен, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлерін салыстырып тексергеннен кейін көлік құралын тіркеу туралы куәлікті бере отырып және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін бере отырып уәкілетті орган жүзеге асыратын, көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру рәсімі;

31) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік – көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат берілгенін растайтын құжат;

32) көлік құралдарының белсенді қауіпсіздігі – көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың көлік құралының конструктивтік ерекшеліктерімен байланысты туындайтын алғышарттарын жоюға бағытталған конструктивтік және пайдалану қасиеттерінің жиынтығы;

33) көлік құралдарының бәсең қауіпсіздігі – көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларының ауырлығын азайтуға бағытталған конструктивтік және пайдалану сипаттамаларының жиынтығы;

34) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган – автомобиль көлігі саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

35) қызмет өңірі – көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган тіркелген механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн бөлу қағидаты бойынша айқындаған аумақ;

36) мемлекеттік баяндама – жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жыл сайынғы есеп;

37) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі – мемлекет меншігі болып табылатын және механикалық көлік құралына берілетін жеке-дара әріптік-цифрлық белгіден тұратын және ұлттық стандарт талаптарына сәйкес жасалған бұйым. Бұл ұғым «Транзит» нөмірлік белгілеріне қолданылады;

38) механикалық көлік құралы – мопедтер мен рельстік көлік құралдарын қоспағанда, қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін, өздігінен жүретін жол көлік құралы. Ұғым тракторлар мен өздігінен жүретін машиналар жол жүрісіне қатысқан кезде оларға да қолданылады;

39) механикалық көлік құралын пайдалану – механикалық көлік құралы тіркелген кезден бастап кәдеге жаратылған кезге дейін оның мақсаты бойынша пайдаланылуын қамтитын өмірлік цикл сатысы;

40) механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап тексерудің бiрыңғай ақпараттық жүйесi – механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнің иелері, механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерi, мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу нәтижелерi туралы мәліметтер қамтылатын электрондық дерекқор;

41) мопед – цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;

42) мотоцикл – қозғалтқышы бар, бүйiр тiркемесiмен немесе онсыз екі дөңгелекті механикалық көлiк құралы. Мотоциклдерге жүктемесіз салмағы төрт жүз килограмнан аспайтын үш және төрт дөңгелекті көлiк құралдары, цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден асатын скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;

43) міндетті техникалық қарап тексеру – механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің техникалық жай-күйінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін диагностикалаудың мерзімдік процесі;

44) орынтұрақ – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған жол учаскесі болып табылатын, көлік құралы қойылатын орын;

45) паркингкөлік құралдарын сақтауға (қоюға) арналған және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған, бір немесе көп деңгейлі инженерлік құрылысты немесе арнайы ашық алаңды қоса алғанда, арнайы жабдықталған ғимаратты (ғимараттың бір бөлігін), құрылысты (құрылыстың бір бөлігін) білдіретін аумақ;

46) техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмi – техникалық қарап тексеру операторларының бiрыңғай тiзбесi;

47) техникалық қарап тексеру операторы – мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын және техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзiлген заңды тұлға немесе дара кәсiпкер;

48) техникалық қарап тексеру орталығы – механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнің техникалық жай-күйін диагностикалау жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған, осы мақсаттар үшiн техникалық қарап тексерудің стационарлық және (немесе) ұтқыр желiсi бар кешен;

49) техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы – механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерiнiң техникалық жай-күйi параметрлерiнiң тiзбесiмен бірге иесi және механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерi және мiндеттi техникалық қарап тексеру нәтижелерi туралы мәлiметтер қамтылатын құжат;

50) техникалық қарап тексерудің стационарлық желiсi – механикалық көлiк құралдары мен олардың тіркемелерін мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу үшiн диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған, ғимаратта немесе құрылыста орналасқан кешен;

51) техникалық қарап тексерудің ұтқыр желiсi – мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу үшiн механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған арнайы көлiк құралынан не ұтқыр құрылыстан (контейнер типіндегі) тұратын жылжымалы кешен;

52) тоқтап тұру – көлiк құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсiруге не көлiк құралын тиеуге немесе түсiруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату;

53) тiркеме – қозғалтқышпен жабдықталмаған және механикалық көлiк құралының құрамында жүруге арналған көлiк құралы. Ұғым жартылай тiркемелер мен ұзартылмалы тiркемелерге де қолданылады;

54) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтер – Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсететін қызметтер;

55) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғысы – жұмыс істеп тұрған кемінде екі жаһандық навигациялық спутниктік жүйе сигналдарының көмегімен көлік құралының координаттарын, жылдамдығын және қозғалыс бағытын айқындауды, жол-көлік оқиғасы және өзге де төтенше жағдай кезінде көлік құралы туралы хабарлама беруді, сондай-ақ жылжымалы радиотелефон байланысы желілері арқылы шұғыл қимылдайтын жедел қызметтермен екіжақты дауыс байланысын жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін құрылғы;

56) шұғыл шақыру жүйесінің операторы – шұғыл шақыру жүйесін басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті ұйым.
2-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда белгіленгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады.
3-бап. Жол жүрiсiнің негiзгi қағидаттары

Жол жүрiсiнің негiзгi қағидаттары:

1) жол жүрiсiне қатысушылардың өмiрi мен денсаулығының шаруашылық қызметтiң экономикалық нәтижелерiнен басымдығы;

2) жол жүрiсi қауiпсiздiгiнің қамтамасыз етілуі үшін мемлекет жауаптылығының жол жүрiсiне қатысушылардың жауаптылығынан басымдығы;

3) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету кезiнде жол жүрiсiне қатысушылар, қоғам мен мемлекет мүдделерiнiң сақталуы;

4) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жүйелi көзқарас болып табылады.


4-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi

Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi жол жүрісі саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру құралы болып табылады және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормаларды, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктердің, жол жүрiсiне қатысушылардың, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн және жол-көлiк оқиғаларының зардаптарын жоюды қамтамасыз ететiн құралдар мен шаралардың жиынтығын қамтиды.

2-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК

БАСҚАРУ ЖӘНЕ САЯСАТ


5-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару

Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару:

1) жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясатты айқындауды, әзірлеуді, іске асыруды;

2) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті қаржыландыруды;

3) көлік құралдары иелерінің және тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыруды қамтамасыз етуді;

4) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің негізгі нысаналы көрсеткіштерінің статистикалық есептілігін және мемлекеттік есепке алынуын жүргізуді;

5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілерді белгіленген тәртіппен әзірлеуді, қабылдауды, бекітуді және іске асыруды;

6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, орталық, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың құзыретін белгiлеуді;

7) жол-көлiк оқиғаларының алдын алу және олардың зардаптарының ауырлығын азайту мақсатында орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметiн үйлестiруді;

8) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді;

9) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жоюды;

10) жолдардың қауіпсіздігі мен олардың өткізу қабілетін қамтамасыз етуді;

11) көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;

12) жол пайдаланушылардың қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз етуді;

13) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды;

14) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасының орындалуына мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың жүзеге асырылуын;

15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік басқарудың өзге де нысандарын қамтиды.
6-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат

1. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат жол жүрісіне қатысушыларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға бағытталған.

2. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары:

1) жол жүрісі қауіпсіздігі мен қолжетімділігін, оған қатысушыларға қолайлылық пен сервисті қамтамасыз ету;

2) орнықты көлік жүйесін қамтамасыз ету;

3) жол жүрісіндегі тәуекелдерді азайту;

4) қауіпсіз көлік құралдарына көшу;

5) қоғамдық көлікті пайдалануды ынталандыру және көтермелеу;

6) жол жүрісі қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету;

7) жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру;

8) жол жүрісі саласында қоршаған ортаны қорғау;

9) Конституцияға, осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзге де бағыттар болып табылады.


7-бап. Жол жүрісі саласындағы қызметті қаржыландыру

Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.


8-бап. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету

жай-күйінің көрсеткіштерін есепке алудың мемлекеттік

жүйесі
1. Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің көрсеткіштерін есепке алудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі жүзеге асырылады, бұл адамдар қайтыс болған және (немесе) жарақаттанған, көлік құралдары, құрылыстар, жүктер бүлінген не өзге де материалдық залал келтірілген жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ жол жүрісі саласындағы құқық бұзушылықтар, жол жүрісінің жай-күйін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсететін басқа да көрсеткіштер туралы мәліметтерді қамтиды.

2. Жол жүрісінің жай-күйін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсететін көрсеткіштер туралы ақпарат уәкілетті органның ресми сайтында орналастырылады.

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ, ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨКІЛДІ ЖӘНЕ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ЖОЛ ЖҮРІСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) жол жүрiсi саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлейді;

2) жол жүрiсi және оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық етеді, олардың Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнің және Қазақстан Республикасы Үкiметiнің актiлерiн орындауын бақылайды;

3) жол жүрiсi және оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

4) көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекітеді;

5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тiркемелерiн мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекітеді;

6) механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн міндетті техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын, механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу мерзімділігін бекітеді;

7) жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекітеді;

8) жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу тәртібін бекітеді;

9) міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекітеді;

10) масаң күйді куәландыруға жіберу, масаң күйді куәландыру және оның нәтижелерін ресімдеу қағидаларын бекітеді;

11) шұғыл шақыру жүйесі операторының функцияларын жүзеге асыратын заңды тұлғаны айқындайды;

12) шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру және пайдалану қағидаларын бекітеді;

13) өзiне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
10-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган:

1) жол жүрiсi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

2) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына мониторинг жүргізеді;

3) халықты жол жүрісі қауіпсіздігі мәселелері бойынша құқықтық сауаттандыруды және оларға ақпарат беруді қамтамасыз етеді;

4) көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, емтихан қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын әзірлейді;

5) жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнайы қызметтер тізбесін әзірлейді;

6) жол жүрiсi мен оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды ұйымдастырады әрі жүзеге асырады;

7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік баяндаманы енгізеді;

8) мемлекеттік органдардың жол жүрiсi және оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

9) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан олардың Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын сақтауы туралы мәліметтерді сұратады және алады;

10) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзірлемелерді ұйымдастырады;

11) жүргізуші куәліктерінің, көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктің, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері бланкілерінің нысандары мен үлгілерін бекітеді;

12) Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылатын жолдардың тәуекелдер дәрежесін бағалауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін бекітеді;

13) масаң күйді куәландыруға жіберу, масаң күйді куәландыру және оның нәтижелерін ресімдеу қағидаларын әзірлейді;

14) мүгедектерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында олардың қажеттіліктерін ескере отырып, жолдарды жобалауға, салуға, жөндеуге, күтіп-ұстауға және оларды басқаруға арналған нормативтік, жобалау және техникалық құжаттаманы жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде келіседі;

15) аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттаманы белгіленген тәртіппен келіседі;

16) автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, темiржол өтпелерiн, қалалық электр көлiгi желiлерiн, тұрғын үй кешендерін және жекелеген ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ жаңа көлік құралдары үлгілерін пайдалануға қабылдау жөнiндегi жұмыс және мемлекеттік комиссияларға қатысады;

17) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құрады және пайдаланады;

18) жол жүрісін реттейді;

19) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімін жүргізеді;

20) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсу бойынша банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мiндеттердi орындауы үшiн оларға көлiк құралының сәйкестендiру нөмiрi бойынша деректердi ұсыну тәртiбiн және ұсынуды айқындайды;

21) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау бойынша оқытушылар, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің тізілімін жүргізеді;

22) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктерді аккредиттеу тәртібін, біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру қағидаларын, көлік құралдары жүргізушілерін даярлау бойынша оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері болуға кандидаттарды аттестаттаудан өткізу тәртібін бекітеді;

23) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктерді аккредиттеуден өткізеді және олардың тізілімін жүргізеді;

24) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер мен оқу ұйымдары есептілігінің тізбесін, нысандарын және оларды ұсыну мерзімділігін бекітеді;

25) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
11-бап. Көлiк және коммуникация саласындағы

уәкiлеттi органның құзыретi

Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган:

1)техникалық қарап тексеру операторларының механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру мен одан өткiзу тәртiбiн сақтауына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

2) техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасының нысанын әзірлейді;

3) жолаушылар мен багаждың тұрақты емес тасымалдарымен айналысатын заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің жолаушылар мен багажды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастыруы және жүзеге асыруы тәртібін әзірлейді;

4) техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiн жүргiзеді;

5) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау критерийлерін, тексерулердің жыл сайынғы жоспарларын әзірлейді және бекiтеді;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның

құзыреті


Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:

1) жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді;

2) көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

3) көлік құралдары жүргізушілерін міндетті рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

4) автомобильдегі алғашқы медициналық көмек қобдишасының дәрілік заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдарының тізбесін бекітеді;

5) адамдардың көлік құралдарын басқаруына тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекітеді;

6) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге уақтылы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырады;

7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


13-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Білім беру саласындағы уәкілетті орган:

1) жалпы білім беретін мектеп оқушыларының жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы білім деңгейін арттыру бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді;

2) балаларды жол жүрісі қағидаларына оқыту бойынша үлгілік білім беретін оқу бағдарламаларын бекітеді;

3) оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштердегі тізбесін қалыптастырады және бекітеді;

4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


14-бап. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті органның

құзыреті


1. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган:

1) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен және мемлекеттермен қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;

2) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетел компанияларының филиалдары мен өкілдіктерінің, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың автокөлік құралдарына мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің үлгілерін, көлік құралдарының және олардың жүргізушілерінің халықаралық жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру үшін қажетті басқа да арнайы өнімді әзірлеуде уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды;

3) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетел компанияларының филиалдары мен өкілдіктерінің, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың көлік құралдары жүргізушілері арасында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде уәкілетті органға жәрдем көрсетеді;

4) механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеуден өткізуде, емтихан қабылдауда және жүргізуші куәліктерін беруде, сондай-ақ тиісті құқықтық көмек көрсетуде шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен, консулдық мекемелерімен, халықаралық ұйымдар өкілдіктерімен, шетелдіктермен, азаматтығы жоқ адамдармен, шетел компанияларының филиалдарымен және өкілдіктерімен, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалармен уәкілетті органның өзара іс-қимылын ұйымдастырады;

5) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетел компанияларының филиалдары мен өкілдіктерінің, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуді ұйымдастырады;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган осы баптың


1-тармағының 2) – 6) тармақшаларында көрсетілген функцияларды дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымға жүктейді.
15-бап. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның

құзыреті
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган:

1) жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіруді ұйымдастырады;

2) лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою жөнінде нұсқамалар береді;

3) жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезінде материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдырады;

4) жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жоюға тартылған авариялық-құтқару қызметтерінің (оның ішінде аэроұтқыр жасақтардың) жұмысын қамтамасыз етеді;

5) трассалық медициналық-құтқару пункттерін құрады, олардың қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.


16-бап. Әскери полиция органдарының құзыреті

Әскери полиция органдары:

1) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары, Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін бере отырып, мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады;

3) әскери полиция органдарында тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуді жүзеге асырады;

4) уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралдары колонналарымен ілесіп жүруді ұйымдастырады әрі қамтамасыз етеді және осы колонналардың өтуі кезінде жолдар мен көшелерде жол жүрісін реттеуді жүзеге асырады;

5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тiркемелерiн мемлекеттік тіркеу қағидаларын әзірлейді;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


17-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың,

астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар

қалалардың) өкiлдi және атқарушы органдарының құзыретi
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) өкiлдi органдары:

1) жергілікті бюджетті бекіткен кезде жол жүрісін ұйымдастыру және аумақтық-көліктік жоспарлау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемдерін айқындайды;

2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдары басшыларының жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi есептерiн қарайды;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдары өз құзыреті және өңір шегінде:

1) тиiстi аумақта жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етеді;

2) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенiн ұйымдастырады әрі өткізеді және олардың орындалуын бақылайды;

3) облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда, елдi мекендердiң көшелерiнде жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, енгiзу және күтiп-ұстау жөнiндегi барлық жұмыс түрлерінің орындалуын және оларды бақылауды қамтамасыз етеді;

4) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;

5) қала құрылысы құжаттамасында аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру бөлімінің болуын қамтамасыз етеді;

6) интеллектуалды көлік жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге маманданушы ұйымдар құрады;

7) жол-көлік оқиғаларынан болған ысыраптың және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бюджет шығындарының, сондай-ақ жолдардағы авариялылық деңгейін азайту үшін қолданылатын шаралар тиімділігінің мониторингін жүзеге асырады;

8) мыналар:

қоғамдық көлікті дамытуды және жол жүрісін ұйымдастыруды ескере отырып, елді мекендердің бас жоспарын әзірлеу, қабылдау және орындау;

қаланың жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруіне әртүрлі шектеулер енгізу арқылы жол жүрісін ұйымдастырудың арнайы аймақтарын белгілеу;

елді мекендерде жол жүрісін ақпараттық жағынан қамтамасыз ету арқылы елді мекендерге көліктік жүктемені азайту жөнінде шаралар қолданады;

9) жолдарда жол жүрісін қалпына келтіру үшін жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жояды;

10) халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаттарын беруді жүзеге асырады;

11) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
18-бап. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету

саласындағы қызметті үйлестіру

1. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті үйлестіру дер кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою және олардың зардаптарының ауырлығын азайту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың келісілген іс-қимылдарды әзірлеуі және жүзеге асыруы арқылы жүзеге асырылады.

2. Үйлестіру қызметінің негізгі міндеттері:

1) мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар қызметінің тиімділігін бағалау;

2) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

3) басшылар мен лауазымды адамдардың жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жүргізген жұмысы туралы есептерін тыңдау және олардың осы саладағы қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

4) жол жүрісін ұйымдастыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданбағаны үшін лауазымды адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға енгізу болып табылады.

4-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІ САЛАСЫНДАҒЫ ТӘУЕКЕЛДЕРДІ

БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ


19-бап. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдер

1. Жол-көлік оқиғаларының орын алуы мен олардың зардаптары жол жүрісі саласында мына бағыттар бойынша қызметті жүзеге асыруға байланысты тәуекелдер салдарынан болуы мүмкін:

1) жүк және жолаушы тасымалын жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған техникалық ақауы бар механикалық көлік құралын пайдалануға шығару, сондай-ақ денсаулық жағдайы көлік құралдарын қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етпейтін адамдардың басқаруына рұқсат беру тәуекелі жатады;

2) автомобиль жолдарын, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын басқарушылардың тәуекелі. Бұған жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын пайдалану талаптарын бұза отырып, оларды күтіп-ұстау тәуекелі жатады;

3) медициналық ұйымдар тәуекелі. Бұған жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетпеу тәуекелі жатады;

4) оқу ұйымдарының тәуекелі. Бұған механикалық көлік құралдары жүргізушісі болуға кандидаттарды және балаларды жол жүрісі қағидаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу салдарынан сапасыз оқыту тәуекелі жатады;

5) жобалау және құрылыс ұйымдарының тәуекелі. Бұған жолдар және жол инфрақұрылымы объектілерін жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптарын ескермей жобалау, салу, жөндеу және реконструкциялау тәуекелі жатады;

6) көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жұмыстарын орындайтын және қызметтерін көрсететін ұйымдардың тәуекелі. Бұған көлік құралдарын жасаушы зауыттар белгілеген нормалар мен қағидаларды, дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламенттердің талаптарын және көлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығарындыларына қойылатын талаптарды бұза отырып, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді жүргізу тәуекелі жатады;

7) көлік құралдарын жобалау мен жасап шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған:

көлік құралдарын олардың жол жүрісі жағдайларындағы қауіпсіздігі талаптарын ескермей жобалау және жасап шығару;

жасап шығарылатын көлік құралдары мен олардың құрауыштарына қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін конструкцияның, технологиялық процестердің немесе сериялы және жаппай жасап шығару өнімдерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеу тәуекелі жатады;

8) сәйкестікті растау жөніндегі органдардың және сынақ зертханаларының тәуекелі. Бұған:

көлік құралдарының қауіпсіздігін техникалық реттеу саласында көзделген талаптарды бұза отырып, көлік құралдарының, оларға орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау;

жаңа көлік құралы конструкциясының жекелеген элементтерінің жетілдірілмеуі, болмауы немесе техникалық ақауы салдарынан жол-көлік оқиғасын жасау;

пайдалануға енгізілетін жаңа көлік құралдары мен олардың компоненттеріне қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін технологиялық процестердің немесе сериялы және жаппай жасап шығару өнімдерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеу тәуекелі жатады;

9) техникалық қарап тексеруді жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған:

пайдаланылатын көлік құралдары мен олардың құрауыштарына қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін технологиялық процестердің немесе көлік құралдарын техникалық қарап тексеру желілерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеуі;

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу салдарынан механикалық көлік құралдарын техникалық қарап тексеруден сапасыз өткізу жатады;

10) сауда жасаушы ұйымдардың тәуекелі. Бұған көлік құралдары қауіпсіздігінің техникалық талаптарына сай келмейтін көлік құралдарын, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектерді сату тәуекелі жатады;

11) жолдар мен көлік құралдары иелерінің тәуекелі. Бұған жол-көлік оқиғаларын жасаудың жоғары қаупін туғызатын шарттармен қоса жолдар мен көлік құралдарын пайдалану тәуекелі жатады.

2. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі осы Заңда белгіленеді.
20-бап. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару

және ішкі бақылау жүйесі

1. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі жол-көлік оқиғаларының орын алу ықтималдығын, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын ауыр зардаптарды (адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын) азайтуға бағытталады.

2. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі – жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін тәуекелдерді және олардың зардаптарын анықтау, бағалау, мониторингілеу, азайту үшін жол жүрісі саласында мемлекеттік органдар жүзеге асыратын, ұдайы құрылымдалған процесс.

3. Тәуекелдерді басқару процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:

1) тәуекелдерді айқындау:

тәуекелдерді және тәуекел түзетін факторларды бағалау (жол-көлік оқиғаларының барлық ықтимал себептерін жүйелі түрде және ұдайы бақылау, талдау, олардың ықтималдығы мен мөлшерлерін сапалы бағалау);

тәуекелдерді сыныптау (тәуекелдер және олардың туындауына әкеп соғатын, дамуына әсер ететін факторлар ерекшелігін зерттеу, тарихи деректерді сараптамалық бағалау, тәуекелдер картасы);

2) тәуекелдерді өлшеу (бағалау), олардың өткізілу мерзімділігі тәуекелдің маңыздылығына қарай, бірақ жылына кемінде екі рет болып белгіленеді;

3) тәуекелдерді талдауды жүзеге асыру;

4) тәуекелдерді басқару әдісін таңдау және қолдану;

5) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесін түзету;

6) бақылау іс-шараларын жоспарлау және жүргізу.

4. Жол жүрісі саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады, онда мыналар қамтылуға тиіс:

1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі өкілеттіктері мен функционалдық міндеттері, олардың жауапкершілігі;

2) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау рәсімдері;

3) тәуекелдердің жол берілетін мөлшеріне олардың жол жүрісі саласындағы сыныпталуы бойынша жеке-жеке лимиттер;

4) уәкілетті органға, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі есептілікті табыс етудің ішкі рәсімдері;

5) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі критерийлері.

Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде белгілейді.

5. Жол жүрісі саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бақылау және қадағалау органдары мен уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

6. Мемлекеттік органдардың бақылау қызметін жоспарлауы осы Заңда белгіленген жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жүзеге асырылады.


21-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау және

қадағалау


1. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреттері шегінде тексерулер нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.

2. Уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылау функцияларын орындау жөніндегі қызметті үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.


22-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды

және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

Мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:

1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы – уәкілетті орган ведомствосының басшысы;

2) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары – уәкілетті орган ведомствосы басшысының орынбасарлары;

3) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары – уәкілетті орган ведомствосының мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары;

4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары;

5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары;

6) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары жатады.
23-бап. Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік

бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын

лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері

1. Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының:

1) заңды тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге және лауазымды адамдарға жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар беруге, ал мұндай нұсқамалар бойынша қажетті шаралар қолданылмаған жағдайда, кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тартуға құқығы бар. Нұсқамаларды жол жүрісі қауіпсіздігінің бас мемлекеттік инспекторлары қолданылатын шаралар туралы ақпарат ұсыну мерзімдерін көрсете отырып, өз құзыретіне сәйкес жазбаша нысанда береді;

2) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарының алдын алу және (немесе) жою, қолайсыз жол-климат жағдайлары кезінде; көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруі үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде не егер көлік құралдарын пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса; егер теміржол өтпелері оларды жол жүрісі үшін қауіпсіз жағдайда күтіп-ұстау қағидаларына сай келмесе; жолдарда жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде; терроризмге қарсы операциялар және (немесе) күзет іс-шараларын жүргізу кезінде жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, оның ұйымдастырылуын өзгертуге;

3) жолдарда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстар жүргізуді шектеуге немесе оларға тыйым салуға;

4) көлік құралдары мен олардың тіркемелерін, тракторларды және басқа да өздігінен жүретін машиналарды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, оның ішінде мұндай тыйым салуға негіз болған себептер жойылғанға дейін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін алып қоя отырып, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ақаулар және жағдайлар болған кезде пайдалануға тыйым салуға, ал тиісті техникалық пайдалану қағидаларында көзделген ақаулықтар болған кезде троллейбустар мен трамвайларды пайдалануға тыйым салуға; тораптарының және агрегаттарының нөмірлері не мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жасырын, қолдан жасалған, өзгертілген, сол сияқты көлік құралдарының таңбалануы тіркеу құжаттарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеген кезде көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға;

5) іс жүргізуде жатқан істер мен материалдар бойынша жеке тұлғаларды және лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен шақыртуға, олардан қажетті түсініктемелер, анықтамалар және құжаттар (олардың көшірмелерін) алуға;

6) жедел медициналық көмекке мұқтаж жеке тұлғаларды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да жағдайларда, шет мемлекеттердің дипломатиялық, консулдық және өзге де өкілдіктеріне, халықаралық ұйымдарға тиесілі көлік құралдарынан және арнайы мақсаттағы көлік құралдарынан басқа, жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шығындарды өтей отырып пайдалануға;

7) жол жүрісі қағидаларының сақталуын техникалық бақылау құралдарын, жол-көлік оқиғасы орнында оның зардаптарының ауырлығын азайту мақсатында қолданылатын авариялық-құтқару жабдығын, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететін өзге де техникалық құралдарды, автоматтандырылған жүйелер мен аспаптарды әзірлеу және жасау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс берушінің уәкілетті органға жүктелген функцияларын орындауға қатысуға;

8) іздестірудегі көлік құралдарын ұстауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға;

9) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша уақтылы орындалмаған қаулысы бар адамға оны орындағанға дейін мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартуға;

10) ішкі істер органы қызметкерінің өміріне немесе денсаулығына жүргізуші және (немесе) жолаушы (жолаушылар) тарапынан қауіп-қатер (құқыққа қарсы мінез-құлық, іздеудегі адаммен ұқсастық, масаң күйде деген күдік) болмаған жағдайларда, оларға көлік құралының кабинасын (салонын) тастап кетуге рұқсат беруге құқығы бар.

2. Уәкілетті органның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
24-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге

асыру


1. Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша:

1) жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын тұжырымдауға және іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіруге қатысуға;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметімен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынастарда уәкілетті органның атынан өкілдік етуге;

3) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарына және ұйымдарға Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар (қаулылар, ұсынулар) енгізуге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіруге;

5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының қызметіне басшылықты жүзеге асыруға құқығы бар.

2. Мемлекеттік инспекторлар жүргізілген мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша мынадай актілер шығарады:

1) тексеру жүргізу нәтижелері бойынша акт;

2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;

3) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;

4) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасы бұзылған жағдайда, кінәлі адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулы.

3. Дара кәсіпкерлер, жеке және заңды тұлғалар жол жүрісі саласындағы нормалардың, қағидалардың, техникалық регламенттер мен стандарттардың сақталуы тұрғысынан бақылауға жатады.

4. Уәкілетті орган лауазымды адамдарға және өзге де адамдарға жол жүрісін ұйымдастыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасында қолданылатын қағидалардың, нормативтер мен стандарттардың талаптарын, сондай-ақ механикалық көлік құралдарының экологиялық қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар береді, ал осы нұсқамалар бойынша қажетті шаралар қолданылмаған жағдайда, кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартады.

5-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ

ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ ЗАРДАПТАРЫН ЖОЮҒА

БАҒЫТТАЛҒАН ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ


25-бап. Жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар

1. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергiлiктi атқарушы органдар, қарамағында жолдар бар жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ уәкілетті органның аумақтық бөлiмшелерi жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды оның қауiпсiздiгi мен жолдардың өткiзу қабiлетiн арттыру мақсатында жүзеге асырады.

2. Жолдардың өткізу қабілетінің жоғары болуын және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол иелері:

1) жол жүрісін ұйымдастыру және аумақтық-көліктік жоспарлау жөніндегі құжаттама негізінде жол жүрісін ұйымдастыру және көліктік жоспарлау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

2) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын тәулік бойы пайдалануды және жедел жөндеуді қамтамасыз етеді.

3. Аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:

1) аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттаманы әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етеді;

2) жобаларды келісуді және қаржыландыру көздерін айқындауды қоса алғанда, аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру саласында бірлескен жобалауды және іс-шараларды іске асыруды өңіраралық және өңірлік үйлестіруді қамтамасыз етеді;

3) адамдар жаппай келетін объектілер салуды жоспарлау кезінде аумақтық көлік жүйелерінің тасымалдау және өткізу мүмкіндіктерін есепке алуға қойылатын талаптарды белгілейді;

4) елді мекендердің көлік жүйелерінің тасымалдау және өткізу қабылетін есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында күрделі құрылыс объектілерін орналастыру және оларды көше-жол желісіне қосу тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейді;

5) көліктік жоспарлау, көліктік инфрақұрылым объектілерін дамыту және орналастыру кезінде елді мекендердегі автомобильдендірудің қазіргі бар және перспективалық деңгейін есепке алуға қойылатын талаптарды белгілейді;

6) қызыл сызықтарды орнату және жаңартып отыру, олардың шекарасындағы аумақтарды пайдалану регламентін міндетті түрде сақтау, сондай-ақ көліктік инфрақұрылым объектілерінің жоспарлы орналастырылуы үшін аумақтарды резервке қою жөніндегі талаптарды енгізеді;

7) аумақтардың көліктік байланыстылығын және қолжетімділігін бағалаудың құқықтық критерийлерін және оған қойылатын нормативтік талаптарды белгілейді;

8) аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі қызметтің өзара байланысын қамтамасыз етеді;

9) қолданылуы жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі стандарттарда регламенттелген және құжаттамада көзделген техникалық құралдарды, құрылғылар мен конструкцияларды пайдаланады;

10) жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын орнатуға және пайдалануға қойылатын негізгі нормативтік құқықтық талаптарды белгілейді;

11) елді мекендерде және оларға іргелес аумақтарда көлік жүйелерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін көлік жүйелеріне, жол жүрісін ұйымдастыруға және көліктік инфрақұрылымға қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптарды белгілейді.

4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде көлік ағынының нормативтен тыс жүктемесімен және қоршаған ортаға антропогендік жүктемемен сипатталатын, жекелеген қала аумақтарына көлік құралдарының кіруіне әртүрлі шектеулер енгізу арқылы жол жүрісін арнайы ұйымдастыру аймақтарын құруға құқылы.

5. Көше-жол желісінің көліктік-пайдалану сипаттамаларының көлік жүйесінің қажеттіліктеріне сәйкес келуін бақылау мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жолдарда, елді мекендердің көшелерінде, олардың жекелеген учаскелерінде, көлік тораптарында, көше-жол желісіне тән учаскелерінде көлік құралдары жүрісінің параметрлері (қозғалыс жылдамдығы, қарқындылық, жүктеме деңгейі, жүру аралығы, жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарының орналасуы мен жай-күйі) туралы деректерді жинау, өңдеу және жинақтау арқылы жол жүрісіне мониторингті жүзеге асырады.

6. Айрықша мақсаттағы автомобильдердің жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана және Алматы қалаларында – Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, ал басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктерде ұлттық қауіпсіздік органдары автомобиль жолдары немесе автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері (арнайы трассалар) бойынша олардың жүру жылдамдығы мен маршруттарын айқындауға және осы жолдарда көлік құралдарының жүруіне, аялдауына және тоқтап тұруына шектеу енгізуге, жол жүрісінің бағытын уақытша өзгертуге құқылы.

Күзет іс-шараларын жүргізу кезінде арнайы трассалардағы және оларға іргелес жатқан аумақтар мен акваториялардағы жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге де жұмыстардың барлық түрлерінің жүргізілуі Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісу бойынша жүзеге асырылады. Күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде арнайы трассалардағы жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге де жұмыстардың барлық түрлері тоқтатыла тұруы мүмкін.
26-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру процесiнде оның қауiпсiздiгiн

қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi талаптар

1. Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарының оң жақпен жүруі белгіленген.

2. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жол жүрісінің бірыңғай тәртібі, жол жүрісін реттеудің техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданылуы жол жүрісі қағидаларында белгіленеді.

Қазақстан Республикасының жолдарында орнатылған жол белгілері мен сигналдар, жарық жол сигналдары және жолдардың таңбалануы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келуге тиіс.

3. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi қызмет қолданылуы техникалық регламенттерде регламенттелген және жол жүрiсiн ұйымдастырудың жобалары мен схемаларында көзделген техникалық құралдар мен конструкцияларды кешендi пайдалану негiзiнде қауiпсiздiк талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.


27-бап. Жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту

1. Жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту жолдарда жаяу жүргіншілердің, көлік құралдарының және өздігінен жүретін машиналардың жүру бағыттарын өзгерту, жүруіне уақытша тыйым салу немесе уақытша шектеу енгізу, оның ішінде көлік құралдары, өздігінен жүретін машиналар қозғалысының жылдамдығын, олардың массасын, білікке түсетін жүктемені, габариттік мөлшерлерін шектеу арқылы жүзеге асырылады.

2. Жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе оған тыйым салу, оны ұйымдастыруды өзгерту:

1) жол жүрісі қауіпсіздігіне, оның ішінде жеке адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төнген;

2) жолдардың сақталуына қатер төнген;

3) жол-көлік оқиғалары;

4) атмосфералық ауа химиялық және өзге де заттар концентраттарының жол берілетін шекті нормативтерінен артық ластанған;

5) дүлей зілзалалар, қолайсыз жол-климат жағдайлары;

6) бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізгенде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруі үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында не көлік құралдарын пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндірген;

7) егер теміржол өтпелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сай келмеген;

8) жолдарда жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстар жүргізілген;

9) терроризмге қарсы операциялар және (немесе) күзет іс-шаралары жүргізілген;

10) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарын алдын алу және (немесе) жою жөніндегі іс-шаралар жүргізілген;

11) жолдардың конструктивтік элементтері жай-күйінің көрсеткіштері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің техникалық нормаларына сәйкес келмеген;

12) мыналар:

жолдардың нормативтік өткізу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында ақылы қолжетімділікті қамтамасыз ету;

белгіленген уақытта көлік құралдарының белгілі бір санаттарының кіруіне шектеу қою немесе тыйым салу;

жүк және транзиттік көлік құралдарының жүруін шектеу арқылы нормативтен артық жүктеме болған;

13) мынадай:

айрықша мақсаттағы автомобильдермен ілесіп жүрген кезде;

ұйымдастырылған автобус колонналарының;

әскери колонналардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізілген жағдайларда енгізіледі.

3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде жолдарда көлік құралдарының жүруіне уақытша тыйым салу немесе оған уақытша шектеу енгізу туралы шешімді жол иелері уәкілетті органдармен бірлесе отырып, өз құзыреті шегінде қабылдайды.

4. Жол иелері осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде бұл туралы жол жүрісіне қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлай отырып, жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе оған тыйым салу, оны ұйымдастыруды өзгерту жөнінде шұғыл шаралар қолданады.

5. Көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган жолдарда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстардың жүргізілуін шектеу немесе оған тыйым салу жөнінде шаралар қолдануға құқылы.
28-бап. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге жол жүрісі

қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылатын

талаптар

1. Көлік құралдарын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер:

1) жүргізушілердің жұмысын жол жүрісі процесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптарға сәйкес ұйымдастыруға;

2) Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі туралы заңнамасында белгіленген жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауға;

3) автомобиль және қалалық жерүсті электр көлігі жүргізушілерінің және басқа да қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға;

4) жол-көлік оқиғаларының және осы Заңды бұзушылықтардың себептерін талдауға және жоюға;

5) көлік құралдарының техникалық жай-күйін, жарамды күйде пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге;

6) жүргізушілерді рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден өткізуді қамтамасыз етуге;

7) жүргізушілердің жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге дәрігерге дейiнгі көмек көрсету дағдыларын жетілдіру жөнінде іс-шараларды ұйымдастыруға міндетті.

2. Автомобиль және қалалық жерүсті электр көлігімен тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мамандандырылған кәсіпорындар жүктердің түрлерін, оларды тасымалдау ерекшеліктерін ескере отырып, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы қағидаларды белгілейді және көлік құралдары жүргізушілеріне талаптар қояды.


29-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету

1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету:

1) көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден, жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты оны ауыстырған кезде механикалық көлік құралдары жүргізушісін медициналық қарап тексеруден өткізу;

2) көлік құралдары жүргізушілерін рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден өткізу;

3) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге уақтылы медициналық көмек көрсету;

4) жол жүрiсiне қатысушыларға, парамедиктерге, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың қызметкерлеріне жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге дәрiгерге дейiнгі көмек көрсету тәсілдеріне оқыту болып табылады.

2. Медициналық қарап тексерудің мақсаты көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамның және механикалық көлік құралдары жүргізушісінің жүргізуші қызметіне медициналық қарсы көрсетілімдері немесе шектеулерін айқындау болып табылады.

3. Жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталуына бақылауды жүзеге асыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган медициналық көрсетілімдері бойынша механикалық көлік құралын басқаруға рұқсат берілген адамдарды өз құзыреті шегінде уәкілетті органдардың пайдаланушылары қол жеткізе алатын автоматтандырылған дерекқорға енгізеді.

4. Медициналық көрсетілімдер бойынша механикалық көлік құралын басқаруға рұқсат берілген адамдарды автоматтандырылған тіркеу мен есепке алу және уәкілетті органдар пайдаланушыларының автоматтандырылған дерекқорына қол жеткізу тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

5. Қайта медициналық қарап тексеру мынадай мерзімдерде өткізіледі:

1) жолаушылар, қауіпті жүктер тасымалдауды орындайтын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері – әрбір үш жыл сайын, ал елу жасқа толғандар – жыл сайын;

2) механикалық көлік құралдарының алпыс бес жасқа толған жүргізушілері және мүгедек жүргізушілер – әрбір екі жыл сайын.

6. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған жағдайларда медициналық көрсетілімдері болған кезде қайта медициналық қарап тексеруден өту қысқартылады, бірақ кемінде бір жылға дейін қысқартылады.

7. Механикалық көлік құралдарын масаң күйде басқарғаны үшін не осындай күйдегі адамның басқаруына механикалық көлік құралын бергені үшін не жүргізушінің масаң күйде екенін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден жалтарғаны үшін механикалық көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар осындай құқығын қалпына келтіру алдында, бірақ механикалық көлік құралдарын басқару құқығынан айыру мерзімі өткенге дейін бір айдан ерте емес мерзімде қайта медициналық қарап тексеруден өтуге тиіс.

8. Механикалық көлік құралдары жүргізушілерін себептерін көрсете отырып, қайта медициналық қарап тексеруге мерзімінен бұрын жіберуге:

1) адамдардың механикалық көлік құралдарын, өздігінен жүретін машиналарды басқаруына рұқсат беруге тыйым салатын немесе оларды басқару құқығына шектеу белгілейтін аурулар мен қарсы айғақтар тізбесіне енгізілген ауру белгілері пайда болған кезде – уәкілетті орган, механикалық көлік құралының жүргізушісі жалданып жұмыс істейтін жалдаушы;

2) механикалық көлік құралының жүргізушісінен адамдардың механикалық көлік құралдарын басқаруына рұқсат беруге тыйым салатын немесе оларды басқару құқығына шектеу белгілейтін аурулар мен қарсы көрсетілімдер тізбесіне енгізілген ауру анықталған кезде – денсаулық сақтау ұйымы бастамашы болуы мүмкін.

9. Механикалық көлік құралдары жүргізушілерінің қайта медициналық қарап тексеруден уақтылы өтуіне бақылау:

1) жүргізуші куәлігін беру және ауыстыру, сондай-ақ ол алып қойылғаннан кейін қайтарылған кезінде;

2) көлік құралдарын жол жүрісіне қатысуға жіберуге рұқсат беру;

3) механикалық көлік құралдары жүргізушілерін жұмысқа қабылдау кезінде және олармен еңбек қатынастары кезеңінде жүзеге асырылады.

10. Механикалық көлік құралдары жүргізушілерін рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден:

1) көлік құралдарын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер;

2) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары өткізеді.

11. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек:

1) алғашқы сағат ішінде жол-көлік оқиғасы болған жерде және медициналық ұйымға бара жатқан жолда дәрігерге дейінгі көмек көрсетуді;

2) жол-көлік оқиғасы болған жерде, медициналық ұйымға бара жатқан жолда және медициналық ұйымда білікті медициналық көмек көрсетуді;

3) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге бейінді медициналық ұйымдарда мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтиды.


30-бап. Орнықты көлік

1. Жол жүрісі процесінде қоршаған ортаға келеңсіз әсер ету деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін көлік құралдары орнықты көлік болып табылады.

2. Орнықты көлік:

1) көліктерді пайдаланушылардың көлік қажеттіліктерін аз шығын жұмсай отырып, барынша қанағаттандыру, сондай-ақ экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және өңірлік дамудың теңгерімділігі үшін барлық көлік түрлерінің қолжетімділігін, ұтқырлығын және жұмыс істеуін;

2) шығарындылар мен қалдықтарды азайтуды, сондай-ақ алып жатқан аумаққа барынша аз әсер етуді және шуды азайту шараларын қамтамасыз етуге тиіс.

3. Орнықты көлікке велосипедтер және экологиялық көлік құралдары жатады.

4. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:

1) орнықты көлікті ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

2) орнықты көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары орнықты көлікті дамытуды ескере отырып, көліктік жоспарлауды қамтамасыз етеді.


31-бап. Интеллектуалды көлік жүйесі

1. Интеллектуалды көлік жүйесі өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені негізінде:

1) жол жүрісін және барлық көлік түрлерінің жұмысын басқарады;

2) жол жүрісі қауіпсіздігін және мониторингін қамтамасыз етеді;

3) жол жүрісіне қатысушыларға көліктік қызмет етудің ұйымдастырылуы туралы ақпарат береді;

4) көліктік ахуалды бағалау үшін бастапқы деректерді жинайды;

5) жол-көлік ахуалы туралы ақпаратты қалыптастырады;

6) криминалдық және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда тиісті уәкілетті органдарға ақпаратты жедел түрде ұсынады.

2. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:

1) интеллектуалды көлік жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

2) көлік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:

1) жол жүрісін ұйымдастыру және жедел басқару мақсатында жергілікті атқарушы органдар құрамында мамандандырылған құрылымдар құруды;

2) жол жүрісін және қалалық жолаушылар көлігін басқарудың қазіргі заманғы интеллектуалды жүйелерін енгізуді;

3) кептеліс жағдайларында жол-пайдалану қызметтерінің жұмысына қойылатын талаптарды белгілеуді;

4) жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау шараларын күшейтуді;

5) көліктік жоспарлау мен жол жүрісін ұйымдастыруды жетілдіруді қамтамасыз етеді.
32-бап. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға көмек

көрсету және олардың зардаптарын жою

1. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы, көлік және коммуникация саласындағы органдармен, уәкілетті органмен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларына жедел ден қою және онда зардап шеккен адамдарға уақтылы кешенді көмек көрсету тәртібін айқындайды.

2. Жол-көлік оқиғалары кезінде жедел ден қою және зардап шеккен адамдарға уақтылы кешенді көмек көрсету:

1) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға алғашқы және келесі сағаттарда көмек көрсету жүйесін әзірлеу және бекіту негізінде қамтамасыз етіледі. Жүйенің міндетті элементтері:

шұғыл шақыру жүйесін енгізу;

жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаларын оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары және көлік құралдары жүргізушілерін даярлау шеңберінде адамдарды алғашқы медициналық көмек көрсетуге оқыту;

жол-көлік оқиғаларының төтенше жағдайлары туралы хабарлау, сондай-ақ уәкілетті органдардың тиісті бөлімшелеріне ақпаратты жедел және бір-ақ рет беру үшін бірыңғай жалпыұлттық телефон нөмірін енгізу;

тиісті уәкілетті органдар лауазымды адамдарының ақпарат алу, оқиға орнына шығу және келу, зардап шеккендерге білікті көмек көрсетудің басталу уақыттарын тіркеу;

зардап шеккендерді көлік құралынан және басқа да обьектілерден жедел шығарып алуды қамтамасыз ету;

жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккендерге шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсету;

төтенше жағдайлардың салдарын жою;

тиісті уәкілетті органдармен жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға көмек көрсету бойынша бірлескен жоспарлы оқу-жаттығулар өткізу болып табылады;

2) медициналық көмек көрсету және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бағалау жүйесін әзірлеу және бекіту;

3) дене жарақаттарын, сондай-ақ психологиялық жарақаттарды барынша азайту мақсатында жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерді және жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың туыстарын ерте кезеңде оңалтуды және қолдауды қамтамасыз ету;

4) жол-көлік оқиғаларына ұшырағандарды оңалту үшін:

үшінші тұлғалар алдында міндетті жауапкершілікті белгілеу;

көлік құралдары иелерінің үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды халықаралық өзара тану арқылы жол жүрісіне қатысушылардың сақтандыру жүйесін құру;

5) кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту және зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсету мақсатында жол-көлік оқиғаларының мұқият тексерілуін қамтамасыз ету;

6) жол-көлік оқиғаларына байланысты себептер мен зардаптарды жою жөніндегі шараларды жетілдіру саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді көтермелеу негізінде қамтамасыз етіледі.

33-бап. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы

Шұғыл шақыру жүйесінің операторы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) шұғыл шақыру жүйесін пайдалану;

2) шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

3) шұғыл шақыру жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешеніне жүйелі-техникалық қызмет көрсету;

4) шұғыл шақыру жүйесіндегі ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету;

5) шұғыл шақыру жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ шет мемлекеттердің осыған ұқсас мақсаттағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету;

6) шұғыл шақыру жүйесіндегі шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларын тіркеу және есепке алу;

7) абоненттерді сәйкестендіру карталарын шығару.
34-бап. Пайдаланылып жүрген көлік құралдарын шұғыл

қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру

құрылғыларымен жарақтандыру

1. Жолаушылар мен багажды, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын М және N санатындағы пайдаланылып жүрген көлік құралдары шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандырылады.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, М және N санатындағы пайдаланылып жүрген көлік құралдарын шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыру ерікті негізде жүзеге асырылады.

М санатындағы көлік құралдарына кемiнде төрт дөңгелегi бар және жолаушылар тасымалдау үшiн пайдаланылатын механикалық көлiк құралдары жатады.

N санатындағы көлік құралдарына кемiнде төрт дөңгелегi бар және жүктерді тасымалдауға арналған механикалық көлiк құралдары жатады.
35-бап. Қоғамдық бірлестіктердің жол жүрісі қауіпсіздігін

қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға

қатысуы

1. Жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылған қоғамдық бірлестіктер жол-көлік оқиғаларын болғызбау мақсатында өздерінің жарғыларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:



өз құзыреті шегінде уәкілетті органдарға жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды жүзеге асыру және қағидаларды, стандарттарды, техникалық нормаларды және басқа да нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің өтініші бойынша жол-көлік оқиғаларының себептері мен мән-жайларына зерттеу жүргізуге, материалдарды прокуратураға беруге және сотта өз мүшелерінің мүдделерін білдіруге;

авариялардың профилактикасы жөнінде іс-шаралар жүргізуге;

Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.

2. Уәкілетті орган қоғамдық бірлестіктердің келісуімен оларды жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және жүргізуге тартуға құқылы.

6-тарау. ЖОЛДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ

ӨТКІЗУ ҚАБІЛЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ
36-бап. Жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу,

күтіп-ұстау және оларды басқару кезінде жол жүрісі

қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар

1. Қазақстан Республикасының аумағында жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және оларды басқару автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптары негізінде және оларды сақтай отырып орындалуға тиіс.

Жолдарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде жол жүрісі қауіпсіздігіне теріс әсер ететін инженерлік шешімдер есебінен күрделі шығындарды азайтуға жол берілмейді.

2. Жолдарды жобалауға, салуға, жөндеуге, күтіп-ұстауға және оларды басқаруға арналған нормативтік, жобалау және техникалық құжаттама жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен келісілуге және бекітілуге жатады.

3. Жолдардың жай-күйінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде белгіленген талаптарға сай келуі үшін жауапкершілік жобалау кезеңінде – жобаны орындаушыға, ал реконструкциялау және салу кезеңдерінде жұмыстарды орындаушыға жүктеледі.

4. Пайдалану процесінде жолдардың жай-күйінің белгіленген қағидаларға, техникалық регламенттерге сай келуін қамтамасыз ету жөніндегі міндет иелігінде (қарамағында) жолдар бар жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі.

5. Халықаралық автомагистральдар және азиялық автомобиль жолдары желілеріне кіретін жолдар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен халықаралық келісімдердің талаптарына сай келуге тиіс.
37-бап. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол

құрылыстарының жай-күйіне жауапты лауазымды адамдарға

және өзге де тұлғаларға қойылатын негізгі талаптар

1. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының жай-күйіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар:

1) жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын стандарттардың, нормалар мен қағидалардың талаптарына сәйкес жол жүрісіне қауіпсіз күйде күтіп-ұстауға;

2) жекелеген жол учаскелерін пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндірсе, олардағы жол жүрісіне кедергіні дер кезінде жою, жол жүрісіне тыйым салу немесе оны шектеу шараларын қолдануға міндетті.

2. Жолдарда жұмыстардың жүргізілуіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар жұмыс жүргізілетін жерлерде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Осы жерлер, сондай-ақ жұмыс істемейтін жол машиналары, жұмыс аяқталғаннан кейін қалған, жол шегінен тысқары жерге шығарылуға болмайтын құрылыс материалдары, конструкциялар белгіленген нормаларға сәйкес келетін бағыттау және қоршау құрылғыларымен, жол белгілерімен, ал тәуліктің қараңғы мезгілінде және көріну жеткіліксіз жағдайларда қосымша қызыл немесе сары сигнал оттарымен белгіленуге тиіс.

Жолдағы жұмыстар аяқталғаннан кейін көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жол жүрісі жағдайлары қамтамасыз етілуге тиіс.

3. Тиісті лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар:

1) түрлі санаттағы мүгедектердің қажеттіліктерін ескере отырып, қалаларда және жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру және көліктік жоспарлау жөніндегі құжаттаманы, жолдарды жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарымен жабдықтауды; жолдарды, жол құрылыстарын салу, реконструкциялау жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен;

2) жолдарда бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуді уәкілетті органмен келіседі.
38-бап. Жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарын және

басқа да жұмыстарды орындайтын субьектілерге

қойылатын талаптар

1. Жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар, оның ішінде авариялық-құтқару жұмыстары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

2. Жолдарда жұмыстардың жүргізілуіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар жол жұмыстары және басқа да жұмыстар жүргізілетін жерлерде қозғалыс қауіпсіздігін:

1) елді мекендерде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар жүргізілетін жерден кемінде елу метр және елді мекендерден тысқары жерлерде үш жүз метр қашықтықта жол жүрісіне қатысушыларды аталған жұмыстардың жүргізіліп жатқаны туралы ескертетін ақпарат қалқандары мен қажетті жол белгілерін орнату;

2) елді мекендерде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймағында көлік құралдары қозғалысының ең жоғары рұқсат етілген жылдамдығын сағатына отыз километрден аспайтын, елді мекендерден тысқары жерлерде сағатына алпыс километрден аспайтын етіп белгілеу арқылы қамтамасыз етуге міндетті. Ұзақ қашықтықтағы жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймақтарында жылдамдықты шектеу тиісті белгілерді орнату арқылы жүйелі мерзімділікпен қайталанып отыруы қажет;

3) көлік құралдарының жол жүрісі жүзеге асырылуы қажет жолақтарды тиісті және анық көрінетін тігінен және көлденеңінен жол таңбаларымен белгілеу;

4) уәкілетті органмен бірлесіп, жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймағында көлік құралдары қозғалысының шектеулі жылдамдығының сақталуын бақылау жөніндегі іс-шараларды жүйелі жүргізу;

5) жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарымен және басқа да жұмыстармен айналысып жатқан адамдарды тәуліктің кез келген уақытында олардың алыс қашықтықтан көрінуін қамтамасыз ететін, халықаралық және ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін сигналдық қорғаныш киіммен жарақтандыру арқылы қамтамасыз етуге міндетті.

3. Жолдың бұру жолақтарының шекараларында:

1) жолдарды салуға, реконструкциялауға, күрделі жөндеуге, жөндеуге және күтіп-ұстауға, сондай-ақ жол сервисі, жол қызметі, сыртқы (көрнекі) жарнама обьектілерін, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттерін, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттерін орналастыруға байланысты емес жұмыстарды орындауға;

2) жолға күтім жасауға, оны салуға, реконструкциялауға, күрделі жөндеуге, жөндеуге және күтіп-ұстауға арналмаған және жол сервисі, жол қызметі, сыртқы (көрнекі) жарнама обьектілеріне, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттеріне, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттеріне жатпайтын үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды және басқа да обьектілерді орналастыруға;

3) жолдың бұру жолағын күтіп-ұстау немесе жолды жөндеу жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, жер учаскелерін жыртуға, шөп шабуға, ағаш кесуді жүзеге асыруға және орман екпелері мен өзге де көпжылдық екпелерді зақымдауға, шым қабатты және топырақты ойып алуға тыйым салынады.


39-бап. Жол пайдаланушыларға қатысты жол қауіпсіздігін

қамтамасыз ету

1. Жолдарда тек мемлекеттік тіркеуден өткен және жарамды техникалық күйдегі көлік құралдарының жүруіне рұқсат етіледі.

2. Көлік құралдары жолдың жүру бөлігімен тек осы Заңның талаптарына және жол жүрісі қағидаларына сәйкес қозғалады.

3. Жолдарда:

1) жолдың жүру бөлігінде және тротуарда материалдарды жинап қоюға, оларды және заттарды сақтауға;

2) тұрақты және уақытша кіретін және шығатын жерлерді, басқа жолдармен қосылыстар және қиылыстар жасауға;

3) жолдың жүру бөлігіне кедергілер, шлагбаумдар орнатуға және басқа да тәсілдермен көлік құралдарының жол жүрісіне бөгет жасауға;

4) жол қызметінің, сыртқы (көрнекі) жарнаманың, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттерінің, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттерінің нұсқағыштарын қоспағанда, бұру жолағында жол жүрісіне жатпайтын белгілер, нұсқағыштар орнатуға;

5) әрбір бағытта көлік құралдарының жол жүрісі үшін жолдың бөлек жүру бөліктері болмаған және әртүрлі деңгейлерде жолдардың қиылыстары жайластырылмаған кезде көлік құралы қозғалысының жылдамдығын сағатына бір жүз километрден асатын етіп белгілеуге;

6) автомобильдердің, тракторлардың, басқа да өздігінен жүретін және тіркемелі көлік құралдарының зауыттық сынақтарын жүргізуге;

7) бекітілген белдеуге көлік құралдарын қоюға және жууға арналған алаңдарды орналастыруға;

8) уәкілетті органның рұқсатынсыз бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.

4. Автомагистральдарда жаяу жүргіншілердің, сондай-ақ көлiк құралынан тыс жерде үй жануарларының болуына тыйым салынады.


40-бап. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қауіпсіздігін

қамтамасыз етудің негізгі шаралары

1. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызмет:

1) көлік құралдарының бәсең қауіпсіздігін жақсартуға;

2) жолдарды пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын жасауға, оның ішінде жылдамдықты басқаруға, жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының көрінуін арттыруға, көлік құралдарының инженерлік-техникалық сипаттамаларын жақсартуға;

3) жүргізушілерге ақпарат беру, оларды оқыту және олардың жол жүрісі қағидаларын сақтау міндеттілігі арқылы олардың заңға мойынсынушылық мінез-құлқын қалыптастыруға;

4) жаяу жүргіншілердің мүдделерінде жасалатын өзгерістер туралы оларға консультация мен ақпарат беруге және жаяу жүргіншінің жол-көлік оқиғасында зардап шегушіге айналу тәуекелін азайтуға ықпал ететін шараларды жүзеге асыруға;

5) жаяу жүргіншілерге жол жүрісін ұйымдастыруда болатын және болған өзгерістер туралы ақпарат беруге және жаяу жүргіншінің жол-көлік оқиғаларында зардап шегушіге айналу тәуекелін азайтуға ықпал ететін шараларды жүзеге асыруға бағытталуға тиіс.

2. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттамада:

1) жаяу жүргіншілер жүретін уақытта олар пайдаланатын қауіпсіз өзара байланысты және қозғалысқа қолайлы маршруттар жасау арқылы тәуекелдерді болғызбауды ескере отырып, жер пайдалануды жоспарлау;

2) жасанды жарықтары бар, қауіпсіз, қолайлы, өзара жалғасқан жаяу жүргінші жолдарын салу;

3) жолдарды жобалау және салу кезеңінде жаяу жүргінші мен көлік ағындары қозғалысын аварияға қарсы бөлу кедергілерімен және қоршауларымен бөлу көзделуге тиіс.


41-бап. Елді мекендерді жоспарлау шеңберінде жол

пайдаланушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету

1. Елді мекендердің жолдарын жоспарлау кезінде барлық жол пайдаланушылардың қажеттіліктері орнықты қалалық жоспарлау, көлік қызметтеріне сұранысты басқару және жер ресурстарын пайдалану шеңберінде:

1) қоғамдық көліктің басымдығы мен артықшылығын қамтамасыз ете отырып, халықтың жол жүруге сұранысын реттеу;

2) межелі орындарға апаратын көлік құралдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;

3) елді мекендердің жолдары мен көшелерінде жол жүрісі қауіпсіздігін және олардың үздіксіз өткізу қабілетін қамтамасыз етуді ескере отырып, базарларды, адамдар жаппай жиналатын объектілерді жоспарлау мен орналастыру;

4) географиялық және демографиялық жағдайларды ескеру;

5) интеллектуалды көлік жүйесін енгізу;

6) елді мекендерді, көліктік инфрақұрылымды жоспарлау және елді мекендер жерлерін пайдалану жөніндегі функцияларға жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды енгізу негізінде қамтамасыз етіледі.

2. Елді мекендердің аумақтық-көліктік жоспарлау схемаларында, бас жоспарларында:

1) жол жүрісінің қауіпсіз және үздіксіз ұйымдастырылуы;

2) бекітілген техникалық сипаттамаларға сәйкес жол жүрісіне қатысушылардың жол-көлік оқиғаларының әсерінен жоғары қорғалу деңгейі;

3) жерасты және жерүсті жаяу жүргінші өткелдерін салу арқылы көлік және жаяу жүргінші ағындарын бөлу;

4) орынтұрақтардың, паркинтердің, велосипед жүретін жолақтың не велосипед жолдарының, сондай-ақ қоғамдық көлікке және жедел (шұғыл) медициналық жәрдем және өртке қарсы қызмет ұйымдарының арнайы көлік құралдарына арналған жүру жолағының болуы;

5) көлік құралдарының қарсы ағындарын қарсы жүру жолағына шығып кетуді шектейтін жол қоршауларымен бөлу;

6) көлік құралдарының қиылысатын ағындарын әртүрлі деңгейлердегі көлік айрықтарымен бөлу;

7) көлік құралдарының, халық пен өндірістің шектен тыс шоғырлануын болғызбау;

8) көлік және инженерлік ифрақұрылымды қоса алғанда, елді мекеннің аумағын болжамды демографиялық, автомобиль, жол және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға сәйкес келетін жол жүрісін ұйымдастыруды ескере отырып дамыту;

9) жолдардың өткізу қабілетінің, көлік айрықтарының, көлік құралдарының орынтұрақтары мен паркингтерінің көлік құралдары шоғырлануына және елді мекендер аумақтарының құрылысына арақатынасы;

10) елді мекендерді орнықты дамыту кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шаралар көзделуге тиіс.


42-бап. Жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін,

оны ұстап тұруды және жетілдіруді қамтамасыз ету

1. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, жол иелері мыналардың негізінде қолда бар жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оны ұстап тұруды және жақсартуды қамтамасыз етуге міндетті:

1) жол пайдаланушыларды санаттары бойынша бөле отырып, зардабы ауыр жол-көлік оқиғаларының санын, сондай-ақ пайдаланушылардың әрбір тобы үшін көліктік инфрақұрылымның тәуекелге әсер ететін негізгі факторларын анықтау;

2) жол-көлік оқиғаларының саны немесе ауырлығы шектен тыс болатын қауіпті жерлерді немесе жол учаскелерін анықтау және тиісті түзету шараларын қолдану;

3) қолда бар жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне бағалау жүргізу және қауіпсіздік көрсеткіштерін жақсарту үшін өзін-өзі ақтаған инженерлік тәсілдерді пайдалану;

4) жол желісін жобалау және пайдалану кезеңінде көлік құралдары қозғалысының есепті жылдамдығын реттеуді жүзеге асыру. Көлік құралдары қозғалысының сағатына бір жүз километрден асатын есепті жылдамдығы әрбір бағытта көлік құралдарының жол жүрісі үшін жолдың бөлек жүру бөліктері болған кезде және әртүрлі деңгейлердегі жолдардың қиылыстары жайластырылған жағдайда ғана белгіленеді;

5) қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарын жобалау, қауіпсіздікті тексеру және жолдарды бағалау процесінде жол жүрісі қауіпсіздігі саласында кадрларды қайта даярлауға және оқытуға жәрдемдесу;

6) адам факторлары мен көлік құралдарының конструкциясын ескеріп және интеграциялай отырып, қауіпсіз жолдарды жобалау мен пайдалануға қатысты стандарттарды әзірлеу және пайдалануға жәрдемдесу;

7) жол жұмыстары жүргізілетін жерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

2. Жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оны ұстап тұруды және жақсартуды қамтамасыз ету жолдардағы авариялық-қауіпті жерлер мен учаскелерді жою жөніндегі іс-шараларды орындау негізінде жүзеге асырылады.
43-бап. Жол пайдаланушылардың ұтқырлыққа және

қолжетімділікке қажеттіліктерін қамтамасыз ететін

қауіпсіз жол инфрақұрылымын әзірлеу

Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, жол иелері жол пайдаланушылардың ұтқырлыққа және қолжетімділікке қажеттіліктерін қамтамасыз ететін қауіпсіз жол инфрақұрылымын:

1) жаңа инфрақұрылымды салу кезінде көлік құралдарының барлық түрлерін есепке алу, оның ішінде жолдар мен көшелерді интеллектуалды көлік жүйелерімен, велосипед жүретін жолақтармен не велосипед жолдарымен, қоғамдық көлікке арналған жүру жолақтарымен қамтамасыз ету;

2) жаңа жобалардың техникалық сипаттамаларында барлық жол пайдаланушылардың жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қажеттіліктерінің көрініс табуын қамтамасыз ететін жаңа жобалар мен жолдарға салынатын инвестициялар үшін ең төменгі қауіпсіздік рейтингілерін белгілеу және бекіту негізінде әзірлеуге міндетті.


44-бап. Жолдарда жол сервисі объектілерін жайластыру

1. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, жол иелері жолдарды жобалау, реконструкциялау, салу және пайдалану кезеңінде:

1) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын және мүгедектерге келуіне басқа азаматтармен тең жағдайлар жасайтын арнайы техникалық құралдармен, бейімдемелермен жабдықтауды ескере отырып, жол сервисі объектілерін жобалау нормаларына, салу жоспарларына және оларды орналастырудың бас схемаларына сәйкес жолдарды көрсетілген объектілермен жайластыруды қамтамасыз етеді;

2) жол жүрісіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып, жол сервисі объектілерінің жұмысын ұйымдастырады;

3) жол жүрісіне қатысушыларға жол сервисі объектілерінің бар-жоғы және жақын жерде денсаулық сақтау және байланыс ұйымдарының орналасуы туралы ақпарат, сол сияқты тиісті жол учаскелерінде жүрудің қауіпсіз жағдайлары туралы ақпарат береді.

2. Жол сервисінің объектілері мен инженерлік коммуникацияларды жолдардың және жол құрылыстарының шегінде орналастыру жолдағы көру мүмкіндігін және Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасында көзделген жол жүрісі қауіпсіздігінің басқа да жағдайларын нашарлатпауға тиіс.


45

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет