«ЖҮректен шықҚан жырларым »



жүктеу 120.73 Kb.
Дата21.06.2016
өлшемі120.73 Kb.
« ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЖЫРЛАРЫМ... »

А.Т.Шахманова

Жезқазған гуманитарлық колледжінің кітапхана меңгерушісі

_____________________________________________________


Мақсаты: ақиық ақынды еске алу, өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы оқырмандарды адамгершілікке, имандылыққа, сұлу да нәзік сезім – махаббатты аялай білуге, мейірімділікке, отансүйгіштікке, әсемдікке тәрбиелеу, поэзияны сүюге баулу.

Көрнекілік: тақырып, Мұқағалидың портреті, өз дауысы, «Менің Мұқағалиым» кітапханалық плакаты, үстел үстіне шашылған кітап көрмесі, шам жағылған жеке столдар.

(Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен «Қарлығашым келдің бе?» өлеңі қойылады)

І. Шахманова – Армысыздар, құрметті жыр сүйер қауым! Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқылған «Қарлығашым келдің бе?» өлеңімен басталып, ақынды еске алуға арналған «Жүректен шыққан жырларым...» атты романтикалық кешке қош келдіңіздер!

Қазақ поэзиясының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиы да жалғыз. Қазақ поэзиясының Хантәңірі атанған Мұқағали Мақатаев өлең жазуды 10 жасынан бастаған екен. Алғашқы балауса жырларын ол майданға кеткен әкесіне арнап жазған болатын. Балалық шағы жаралы соғыс жылдарына дәл келген өз тұстастары сияқты болашақ ақын да ерте есейіп, анасымен бірге тылдағы барлық қиыншылықтарды басынан өткізген. Еңбекке ерте араласып, арба айдап, соқа салды, тырма тартып, шөп шапты, масақ терді.

Бала Мұқағали қанша қиындық көрсе де, сабағын өте жақсы оқыған. Жасынан өте алғыр, зерек болыпты. Тағы бір қасиеті таза, ұқыпты жүреді екен. Орта мектепті бітіргеннен кейінгі кезеңдерде ақын ауылдық кеңестің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газеттің тілшісі, қазақ радиосының дикторы, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, жазушылар Одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарды.1946 жылы Лашын апамызбен отбасын құрды. Дүниеге Майгүл, Алмагүл, Шолпан атты үш қыз, Жұлдыз, Айбар атты ұлдары келді. Майгүл атты қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, ақынның қабырғасын қайыстырды.

Анасы Нағиманның айтуынша Қарасаздың Шалкөде жағы саздау екен де, сазда қаз – үйректер көп болады екен. Мұқағали шешесінен екі қаз сұрап алып, пошта машинасын айдайтын орысқа қазды беріп, орыс тілінде жазылған әдебиеттер алып қалады екен. Машина келесі қайтып келгенше кітаптарды оқып, белін буып дайындап қояды екен. Міне ақын осылайша бір орысы жоқ таза қазақ ауылында білімін көтерген. Ауылдық кеңесте хатшы болып жүрген кезде мектеп орыс тілінен мұғалім таппай, ауыл басшыларының өтінішімен орыс тілінің мұғалімі болып жұмыс жасаған. Ақын мектепте оқып жүрген кезден кітап оқуға құмар болған. Оқулықтармен қоса үйіне әдеби кітаптар жинауды әдетке айналдырады. Кейін ауылдан Алматыға көшкенде де екі машинаға артқан жүгі осы қимас досы, білімнің көзі том -том кітаптар болады.

45 жасында өмірден өткен ақын артына үлкен әдеби мұра қалдырды. Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде Мұқағали ақынның 23 кітабы бойынша 1834 өлеңі , 19 поэмасы бар екені анықталып отыр.

Мұқағалидің өлеңдерін жыр сүйер қауым іздеп жүріп оқитын болды. Өлеңдерінің тілі қарапайым, сөзі мағыналы болғандықтан, ақын өлеңдеріне 100- ден астам әндер жазылды. Бұл әндер бүгінде барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Ақын аудармалар да жасаған. Көптеген шығыс классиктерінің, Дантенің, Шекспирдің өлеңдерін қазақ тілінде сөйлеткен. Қазақ поэзиясының Хантәңірі деген атқа ие болған Мұқағали Мақатаевты ұрпақтары ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Хантәңірдің биік шоқтығындай болған ақын өлеңдері ешқашанда ұмытылмайды.




ІІ. 1. «Бүгін менің туған күнім...» мини-көрініс. ( «Сарыарқа» күйі Лашын дәптер тексеріп отырады, Мұқағали келеді)

Лашын: Ә, Мұқа, келдіңіз бе? Туған күніңізбен құттықтаймын. Шағын мерекелік столым дайын тұр. Тамақ дайын болғанша мына дәптерлерді тексеріп тастайын, сосын столға отырамыз.

Мұқағали: Рахмет, жарқыным!

Мұқағали: Бүгін менің туған күнім, ой, бәлі-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай –ақ қойғаны-ай!

...Тойланбаса тойланбасын не етейін,

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін...» (блокнот пен қалам ұстатады)



Сұңғат: Ассалаумағалейкум, Мұқа аға!!! Мен ХХІ ғасыр ұрпағымын.

Бүгін сенің туған күнің, Мұқа аға-ай!

Бұл күнді өту мүмкін емес тойламай.

Бүгін қазақ даласында мереке,

Бүгін қазақ қалай жүрер сайрамай?...

Бүгін сенің туған күнің, Мұқа аға -ай,

Тойлап жатыр бізбен бірге Күн мен Ай.

Тойлап жатыр «Жетім көлдің аққуы»,

Көлде жүзіп қанаттарын сабалай.

Жалғастырар ізіңді де бар мұнда,

Тыңдай білер тыңдарман да бар мұнда!

Тойлап, Мұқа, сенің туған күніңді,

Ұмытпайтын ұлы халық бар мұнда!

Мұқағали: Әп, бәрекелді!!! Рахмет, Ұрпақтарым менің!

1- столдан ән –жыр шашу. «Жарығым-ай» әні- Ондыбаева Г.Қ.

2.Шахманова – Сазгер Нұрғиса Тілендиев былай деп еске алады: «Бір жылдары Мұқағали екеуміз ақынның туған жерінде жайлауда болғанымыз бар. Сол жолы арақ-шарапқа мойын бұрмай сары қымыз ішумен болды. Өзі білетін жер-су аттарын айтып, туған жерін, ағайын-туыстарын таныстырды. Жұрт айтатындай бөгде «ерлік» көрсеткен жоқ. Аз күн болса да жақсы демалып қайттық. Сол жолы бір малшы ағасы тамақ үстінде бізге әзіл тастап еді:

- Екі бірдей тамаша талант иесі жайлау төрінде отыр. Бірі атақты композитор, бірі мықты ақын. Неге мынау жасыл жайлау туралы ән шығармасқа. Нағыз саржайлау дегеніміз мына жатқан Шалкөденің кең төсі емес пе? – деп қалған. Сол сөз менің көкейімде көптен жүретін. ...Мұқағали жанымда болған айға жуық уақыттың сәтті бір күнінде өмірге ән келді. Ал ақын інім лезде оның сөзін егілдіріп, төгілдіріп, құлпыртып тудыра салды. Сөйтіп «Саржайлау» әні жарыққа шықты». «Саржайлау» әнімен Шоқан Фаризаны қарсы алыңыздар!



«Саржайлау» әні - Шоқан Фариза

3. «Менің анкетам» мини-көрініс. (Емхана. 8 желтоқсан 1974 жыл. музыка әуені, есікті қағып Мұқағали кіреді)

Гүлім: Кіріңіз, отырыңыз.

Гүлім: Туған жерің?

Мұқағали: Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.

Гүлім: Туған жылың ?

Мұқағали: 1931. Құрдасымын Шәмілдің.



Гүлім: Жынысың кім?

Мұқағали: Еркекпін ғой, еркекпін,

Және – дағы тәуірмін.



Гүлім: Шыққан тегің?

Мұқағали: Шаруамын.

Бар тірліктен бағалы оны санаймын.



Гүлім: Білімің ше?

Мұқағали: Орташа ғой.

Алайда оны жоғарыға балаймын.



Гүлім: Ана тілің?

Мұқағали: Қазақша.

Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.



Гүлім: Қайда істедің?

Мұқағали: Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.

Оқымаған дипломсыз демесең,

Бір басымнан бар мамандық табылар.

Гүлім: Сөгіс алып көрдің бе?

Мұқағали: Ол жағынан періште едім дей алмаймын мен мүлде.

Ойлы-қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету,

Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...

Гүлім: Шетелдерде болдың ба?

Мұқағали: Болғамын жоқ.

Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.

Қалсам болды , өлсем болды жәйіммен

Осы отырған орнымда-ақ.



Гүлім: Мекен – жайың?

Мұқағали: Мекен – жайым – жер менің.

Жерде жүрген ақын деген пендемін.

Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,

Мен өмірді жырлау үшін келгемін!



2-столдан ән-жыр шашу. Октябрь Самал «Махаббат моласы», Акиева Таңшолпан «Жас қайың» әні, Орынбекова Мөлдір «Мұқағалиға» арнау.

4. Шахманова – Мұқағали «Мен өлеңді ойдан құрастырып жазбаймын, құлағыма сыбырлағандай болады, соны қайталап жазамын» деген екен. «Мұғалима бізге бақыт туралы шығарма жаздырды. Бақыт деген не екенін мен қайдан білейін...» .

Әділдіктен айырмай еш бақытын,

Тірісінде жырлаған бар жақұтын.

Халқын, тілін, қастерлеген Отанын,

Жырдың аты аталар «Үш бақытым».

Қожан Әлия: «Үш бақытым»

Ән: «Бақыт деген...» – Уалиева Гүлшарбан

5. «Мен – Үйсінмін» мини-көрініс ( «Адай» күйі)



Мұқағали:

Мен – Үйсінмін!

Қауға берсең, қауға бер,

Қан ағызып, үйренгем жоқ жаулап ел.

Мен – Үйсінмін,

Мал бақ десең, мал бағам,

Еш жамандық көргемін жоқ қауғадан.

Мен – Үйсінмін,

Ұлы жүзбін, ұлымын,

Ұлымын деп, ұлыққа да бармағам.

Мен – Үйсінмін,

Ұлы десең ұлымын,

Кісіліктің, кішіліктің құлымын.

3 столдың жыр-ән шашуы. «Сәби болғым келеді» әні

6. Шахманова- Фариза Оңкарсынованың «Шашы ағарған қыз» кітабынан үзінді: «Мұқағали әр өлеңін - өмірге адам әкелген анадай – туған, босанған. Ол жырлардың бірінің мұрны пұшықтау, енді бірінің балтыры қайыңдай болмауы мүмкін.Бірақ олар тастан қашалған әдемі мүсін емес,тұла бойында тулап жатқан қан, лүпілдіген жүрек, сәбидің тәніндей үлбіреген сезім, бір сөзбен айтқанда – олардың әрқайсында өмір бар. Ал өмір бар жерде жалғасу, жаңғырығу, мәңгілік бар. Сүйсіну мен күйіну, рахат пен өкініш, күлу мен күрсіну бар. Бұлар барда – жек көру мен жақсы көру де бар. Өмірдің өзі , сайып келгенде, осы екеуінен тұрады ғой»- дейді ақын апамыз.



«Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға?!» - Мамай Бақытхан

7. «Автограф» мини-көрініс Жазушылар Одағының трибунасы ( «Адай» күйі)

Мұқағали :

Көрер едің,

Шаламын ба, отпын ба,

Білер едің,

Ақынмын ба, жоқпын ба?...

Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Маханбет те жоқ мұнда

Сырым да осы,

Жырым да осы,

Алдыңда.


Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

...Махандар жоқ, Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!



4- столдың ән-жыр шашуы. «Шәмшіге жазған хаттар» - Төлегенова Б.

8. Шахманова – Фариза Оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» кітабынан үзінді: «Оқушылардың көктемгі каникулында «Балалар кітабының апталығы» Бакуде өткізілетін болды. Жазушылар Одағы табан астынан мені жіберді. Жолға дайындала бастадым. Билет алып, редакциядағы шаруаларды жігіттерге тапсырдым, ертеңіне жүруім керек еді. Редакция хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова 5-6 хат әкеліп берді. Арасында біреуі тым қалыңдау екен. Сыртына адресті қазақша жазыпты. Асығып, ашып қарасам, қолмен жазылған өлең. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!» - деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар екен. «Бұны кім жазуы мүмкін?» - деген оймен бірінші парақты оқи сала, шыдамай алты бет өлең-хаттың соңына көз жүгірттім. Мұқағалидың өлең-хатын алып, алқымыма тығылған жұдырықтай кесекті жұта алмай, көзімнен шығардым. Сол түні Бакуге ұшуым керек еді. Үйге келіп, жолға жиналып жатсам, кешкі сегіз жарымның шамасында біреу телефон соғады. Лашын жеңгей екен. –Ағаң саған хат жазып жіберіп еді, соны алды ма, алмады ма деп қайта-қайта маған айтып, мазасызданып жатыр. Ауырыңқырап тұр ағаң, ауруханада... – деп, жеңешем сөзінің соңын жұтып, бәсең сөйледі.

Мен хатты бүгін алғанымды, өзім тапсырмамен жолға жүріп бара жатқанымды айттым. – Көп сәлем айтыңыз, келген бойда өзім барамын, - деп хош айтыстым.

Адам онсыз да қысқа ғұмыры тек өкініш пен қоштасудан тұратындай көрінеді кейде маған. Егер мен сол жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап, жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім.

Мен өзімнің ойсыздығымнан өмірімде осымен екінші рет өкініш азабын тарттым... Бакуде бір жұмадай болдым. Үйге, балаларға амандық білуге хабарластым. Марттың 28-і күні ғой деймін. – Кеше Мұқағали ағай қайтыс болыпты, - деді үйдегілер. Мен аласұрдым да қалдым. Алматыға ұшуға билет жоқ. Сөйтіп, ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым».



Ән: «Фариза» – Сейтбеков А.Б.

9. «Махаббат диалогы» мини-көрініс (жеңіл музыка әуені)

Ботакөз : Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?

Сұңғат: Сені іздеумен мәңгілік өтер едім?

Ботакөз : Отқа түсіп өртенсем не етер едің?

Сұңғат: Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

Ботакөз : Бұлдырасам сағымдай не етер едің?

Сұңғат: Жел боп қуып ақыры жетер едім.

Ботакөз : Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

Сұңғат: Қойшы, сәулем, бәрін де көтерем

5-столдан ән-жыр шашу «Ұнатамын мен сені» әні – Атабаева Ә.

10. Шахманова – Махаббат пен сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кеткен ақын жоқ, өйткені махаббат – мәңгілік тақырып. Мұқағалидың сезімінде жасандылық жоқ. Махаббат бір қуаныш, бір үміт, бір күдік болатындығы жасырын емес. «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуға тиіс» деп жазған болатын ақын өз күнделігінде.

Ән: «Қариялар азайып бара жатыр» - Құлмағанбетова М.

11. «Өзімнің есебімше» мини-көрініс (Емхана.Түн. Буфет.2 ақпан,1976 жыл. «Көңіл толқыны» күй)

Мұқағали - Әлібек : (аурухана халатын киіп буфетте ойланып отыр)

Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі...

Қалған өмір,

Неше жылға жетерін,

Неше күнге?

Ұмыт болып есебің де, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде

Қырықтың бесеуінде.

Адал едім,

Артынан «арам» болдым,

Адам едім,

Артынан «надан» болдым.

Жиылып бұл жалғанның жамандығы

Ақыры маған қонды,

Жаман болды...

Айтыңдар,

Қайсысың бар ардақтаған,

Таразыға тең қойып салмақтаған?

Басылған маңдайыма қарғыс таңба,

Қарауға жан батпаған.

Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,

Қыранмын екі көзін қан қаптаған! (ойлана басып шығып кетеді)

Ән- жыр шашу. «Аттанып бара жатыр аққу қаздар» әні- Темірбеков М.А., Балмағанбетова Г.С. Күнделіктен сыр

12. Шахманова - Нұрғиса Тілендиевтің «Естеліктер» кітабынан үзінді: « Бір күні Мұқағали маған ойлы көзімен қадалып тұрып: - Аға, мен үйге кетем. Енді босатыңыз. Осы дүниелер елімнің кәдесіне жараса, онда бақыттымын. Бауырымның дерті қозғалып қалыпты», - деді. Ауыр күрсінді. Сонда мен оны соңғы рет көріп тұрғанымды білсемші?!

Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпентімнің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы: «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көрерсіз» депті. Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі «Есіңе мені алғайсың» екен. Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым».



Ән: «Есіңе мені алғайсың» - Жарқынбеков Р.Ж.

ІІІ. Шахманова – Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ақынның естеліктерімен жасасам деймін. Ақынның жары Лашын өз естелігінде былай деп еске алады: «Мен Мұқғалиды данышпан, көреген әулие дер едім. Оның тек өлеңде емес, өмірде де болжап айтқан болжауы келіп отырады».

Енді Мұқағали күнделігінен сыр: «Мен елу жылдығымды тойлауға қатыса алмаймын, бірақ өзім бұл өмірден кеткенше қысылмай жететін жырлар жазып кеттім. Ол сендерді де асырайды. Туған жерім Қарасаздың атын да әлемге жаяды».

Ақын өзінің зарыға күткен алғашқы таңдамалысы – «Өмірдастан» шыққанда өзіне жіберілген он дана кітабына өз қолымен жақсы көретін адамдарына қолтаңба жазып қояды. Сонда бәріне «27 март, 1976 жыл» деп жазыпты. Сол күн тура дүниеден қайтқан күні болды.

«Маған нағыз баға беретін келешек ұрпақ! Нағыз бағалаушылар алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын».

«Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем». (14-ақпан. 1976 жыл).

Әсем: Күнделіктен сыр

Ақынның бұл болжауларына қалайша таң қалмассың. Оған куә - бүгінгі біздің кешіміз. Мұқағалидың бізге аманаттап кеткен жыр-сырларын бүгін ортамызға салып, ақынды еске алып отырмыз ғой. Құрметті жыр сүйер қауым! Ортаға Гүлбақытты шақырамын.



Гүлбақыт: Жұлдыз Мұқағалиұлы Мақатаев «Тұршы, әке »

Кешіміздің шарықтау шегі де келіп жеткен секілді. МҰҚАҒАЛИ сөзінің әрбір әрпіне түсінік беріп көріңіздерші.



Оқырмандар ойы:

М дегеніміз – Мұқағали немесе азан шақырып қойған есімі Мұқаметқали, Мақатай, «Мавр» поэмасы..

Ұ дегеніміз – ұрпаққа ұлағатты ұлан-ғайыр жырларын аманат ету.

Қ дегеніміз –Қарасаз, «Қош, махаббат!». «Қарлығашым, келдің бе?»

А дегеніміз – «Аманат» кітабы, «Аққулар ұйықтағанда».

Ғ дегеніміз – «Ғасыр ақыны».

А дегеніміз – Асқар Оразақын, ақын, аудармашы.

Л дегеніміз – ақынның жары Лашын, яғни Ләсима Әзімжанова.

И дегеніміз – имандылық. Адамзатқа ең бірінші имандылық керектігін Мұқағали «Дүние жүзі мұсылмандарына хат» өлеңіде жырлаған.

«Менің Мұқағалиым» кітапханалық плакатына , шашылған кітап көрмесіне шолу – Сүлейменова Г.Б.

Шахманова: Жалғанда жырды жалғыз бағы көрген,

Көзінің қарасы мен ағы көрген.

Күн сәулесін бойына көп сіңіріп,

Өз отына өртеніп, жанып өлген.

Тірісінде сый көрмей қайран ақын,

Тек өлген соң атағын жайған ақын.

Ежелден бұл қазақтың қасіреті

Бармағын тістеп кейін ойланатын.

Тірлігінде шекпен кимей, шен алмай,

Еңбегінің қызығын да көре алмай.

От боп жанып өтіп кеткен ақынға

Мәңгілік қып өмір берген өлеңді – ай!

Сен қазақтың қазақтығын жырладың,

Ашып айттың қазағымның мұң зарын.

Сол даңқыңды ұрпағыңа жеткізген

Қара өлеңің – жалындаған жырларың.

Зулап күндер, жылдар аунап барады,

Жырларыңнан қазақ бақыт табады.

Қадіріңді сәл кешірек білсек те,

Мәңгі есімің жадымызда қалады, - деген жыр шумақтарымен бүгінгі романтикалық кешімізді аяқтаймыз. Сіздердей көкірегі ояу, көзі ашық ұрпақтары, оқырмандары тұрғанда Мұқағалидың өзі де, өлеңі де ешқашан өлмек емес. Шуақты күндерде кездескенше, сау болыңыздар!



Ән: «Күрең күз» - Тұрсынбек Фариза. (Сахнаға барлық қатысушылар шығып, әнге қосылады)

Қарағанды облысы



Жезқазған қаласы


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет