Жусупова Б. М., Муйденова А. К. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызмет туралы заңдары: құрылу және даму кезеңдері



Дата23.02.2016
өлшемі63.57 Kb.
#10760
Жусупова Б.М., Муйденова А.К.

Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызмет туралы заңдары: құрылу және даму кезеңдері

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

(Қазақстан Республикасы, Қызылорда қ.)

Кәсіпкерлік қызметті реттейтін бірден-бір құрал ол нормативтік-құқықтық актілер екені белгілі. Қазақстанның кәсіпкерлік қызмет туралы заңдарының қалыптасуы ХХ ғасырдың 80 жылдарындағы кеңес заманында-ақ, кооперациялық қозғалыстың және сыртқы экономикалық қызметтің пайда болуына жеткізген «қайта құру» деп аталатын кезеңде басталған. КСРО-ның 1986 жылы қарашаның 19-ында қабылданған «Жеке еңбек қызметі туралы» заңы және 1988 ж. мамырдың 26-сында қабылданған «КСРО-дағы кооперация туралы» Заңы шаруашылық қызметтің субъектілері ретіндегі азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке еңбек қызметін іске асырудың құқықтық негіздерін айқындап берді. КСРО Министрлер Кеңесінің 1988 жылы желтоқсанның 2-індегі № 1405-ші «Мемлекеттік, кооперациялық және басқадай қоғамдық кәсіпорындардың, бірлестіктер мен ұйымдардың сыртқы экономикалық қызметін ары қарай дамыту туралы» Қаулысы ең маңызды міндет ретінде кәсіпорындардың, бірлестіктердің, өндірістік кооперативтердің және басқадай ұйымдардың валюталық өзін-өзі ақтау, социалистік іскерлікті дамыту ұстанымдарында сыртқы экономикалық қызметтің әртүрлі нысандарына белсенді қатынасуы үшін қажетті шарттар құру міндетін белгіледі. КСРО Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы наурыздың 7-індегі №203-ші «Сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік реттеу туралы» Қаулысы арқылы сыртқы экономикалық байланыстардың қатысушыларын тіркеуді; КСРО-ның мемлекеттік шекаралары арқылы өтетін тауарлар мен басқадай мүліктерді мағлұмдауды; жалпы мемлекеттік маңызы бар жекелеген тауарлардың экспорты мен импорты тәртібін; сыртқы экономикалық байланыстарды тікелей реттеу шараларын қамтыған сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік реттеу жүйесі белгіленді.

Жоғарыда аталған нормативтік актілер шаруашылық (оның ішінде сыртқы экономикалық та) қызмет саласындағы реформаларды жүзеге асыруға және кәсіпкерлік заңдар жүйесін құруға көшу мәселесін айқындады.

Шаруашылық қызметің қалыптасқан қауырт дамыған жағдайында Қазақ КСР-інің 1990 жылғы желтоқсанның 11-інде «Қазақ КСР-інде шарушылық қызметті және кәсіпкерлікті дамыту еркіндігі туралы» Заңының қабылдануы алдын ала шешіліп қойды. Аталған заң алғаш рет кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі ұстанымын жариялады және Қазақ КСР-і азаматтарының кәсіпкерлік қызметіне азаматтығы жоқ тұлғалардың, ҚР заңды тұлғаларының, шетелдік жеке және заңды тұлғалардың араласуына рұқсат берді. Қазақ КСР-нің 1990 жылғы желтоқсанның 7-індегі «Шетелдік инвестициялар туралы» Заңы Республикада ашық тұрпатты экономиканы қалыптастыруға бағытталды және ол елді тезірек әлемдік практикада жалпы қабылданған шаруашылық жүргізу ұстанымдарына көшіруге септігін тигізуге тиіс болды. Сол кезеңде Қазақстанда тараптары Кеңес Одағы және американдық «Шеврон» корпорациясы болып табылған алғашқы сыртқы экономикалық шарт жасалды (1993 ж. аталған шарт ҚР және «Шеврон» корпорациясы арасында қайта жасалды).

Кәсіпкерлік заңдар дамуының бірінші кезеңі осы уақыттарда кәсіпкерлік субъектілері қызметінің құқықтық негізі қаланғанымен сипатталды. Оған сол кезде қабылданған : 1991 жылғы маусымның 11-індегі ҚР-ның «ҚР-дағы бағалы қағаздар айналысы және қор биржалары туралы» заңы; 1991 жылғы маусымның 21-індегі «Шаруашылық серіктестіктері және акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңы; 1991 жылғы желтоқсанның 23-індегі «ҚР-дағы концессиялар туралы» Қр Заңы; 1991 жылғы желтоқсанның 25-індегі «ҚР-дағы салық жүйесі туралы» ҚР Заңы және т.б. сияқты заң актілері дәлел бола алады.

Бұл кезеңде кәсіпкерлік қызметтің өркендеуі үшін 1992 жылғы. шілденің 4-інде шыққан, жеке кәсіпкерліктің негізгі нысандарын және оны қорғау, қолдау тәсілдерін айқындаған, сонымен бірге жеке кәсіпкерлікке мемлекеттің тікелей араласудан бас тарту саясатын, жеке кәсіпкерліктің барынша бостандығын, коммерциялық құпияны сақтауды және мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жеке кәсіпкерлердің құқыларын бұзуға жауапты болуын бекіткен ҚР-ның «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» Заңы аса маңызды құжат болды.

Заңдардың ұлттық жүйесін қалыптастыруда азаматтық заңдарды бір жүйеге түсіру яғни кодификациялау маңызды рөл атқарды. ҚР Азаматтық кодексі (жалпы бөлім) 1994 жылғы желтоқсанның 27-інде («Шетелдік инвестициялар туралы» ҚР Заңымен бір мезгілде) қабылданды, кодекстің қабылдануы 1991 жылығы ҚР-ның «Меншік туралы», «Кәсіпорындар туралы», «Кепілдік туралы» Заңдарының күшін жойды.

Сөйтіп, аталған кезең Қазақстан Республикасындада тұтастай алғанда тәуелсіз және егеменді мемлекеттің мүлдем жаңа заңдық жүйесін және оның ішінде Қазақстанның кәсіпкерлік заңдары жүйесін құру бойынша нарықтық қатынастар дамуының бастапқы кезеңі болып саналады.

Кәсіпкерлік заңдардың дамуындағы екінші кезеңнің басталуына ҚР-ның 1997 жылғы маусымның 19-ындағы №131-І «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» және 1997 жылғы маусымның 1-індегі №135-І «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңдарының қолданысқа енгізілуі себепші болды. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы заң шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың төмендегідей: ҚР-да шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдық ұстанымы; шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау кешенділігі үстанымы; шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының және шағын кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін іске асырылатын шаралардың қолжетерлік болуы ұстанымы; шағын кәсіпкерлікті қолдау және өркендету саласында халықаралық ынтымақтастық ұстанымын бекітті. Жеке кәсіпкерлік туралы заң ҚР Конституциясы белгілеген азаматтардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігін жүзеге асыруға, жеке кәсіпкерлік үшін мемлекеттік кепілдіктер жүйесін құруға бағытталған.

Кәсіпкерлік қатынастарға оң ықпал еткен заң актісі ретінде 1997 ж. ақпанның 28-інде шыққан мынадай заңдарды жаңа технологияларды, алдыңғы қатарлы техниканы және ноу-хауларды енгізу; ішкі нарықты жоғары сапалы тауарлармен және қызметтермен толтыру; отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау және ынталандыру; экспортқа бағытталған және импортты алмастырушы өндірісті дамыту; жаңа жұмыс орандарын құру; қоршаған табиғат ортасын жақсарту және басқа да негізгі міндеттерді айқындаған ҚР-ның «Төте инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» атауға болады. Аталған актіге сәйкес, экономиканың басымдыққа ие секторларында инвестициялацды жүзеге асыру барысында айтарлықтай артықшылықтар мен жеңілдіктер (оның ішінде инвестициялық салық артықшылықтары, кеден төлемдерін төлеуден босату, заттай грант) берілді. Экономиканың басымдыққа ие секторлары болып: 1) өндірістік инфрақұрылым; 2) өңдеущі өнеркәсіп; 3) Ақмола (Астана) қаласының нысандары; 4) тұрғын үй, әлеуметтік сала және туризм нысандары; 5) ауылшарушылығы танылды. Мемлекет дамуы басымдыққа ие болып табылытын экономика секторларын және сол жағдайда берілетін ынталандыру және қолдау шараларын айқындады. Осының бәрі кәсіпкерлердің белсенділігін тудырып, экономиканың дамуына ықпал етті.

Сонымен қатар ҚР-ның 1997 жылғы. шілденің 16- ында шыққан, шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шаралары ретінде мемлекеттік сатып алуларды іске асыру барысында тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) жекелеген түрлерін шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алу үшін, мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемінің 10 %-ын міндетті түрде резрвте сақтауды жүктеген №163-І-ші «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңы (25-2-бабының І-тармағы) белгілі бір шамада шағын кәсіпкерлік субъектіліерінің қатысуымен жүргізілетін кәсіпкерлік қызметті ынталандырады.

Үшінші кезең өз бастауын 2006 жылғы қаңтардың 31-індегі ҚР-ның кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормаларды жүйелеген және оларды біртұтас заң актісіне біріктірген «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңының қолданысқа енген мерзімінен алады. Кәсіпкерлік құқық қатынастарын реттейтін саны көп актілердің орнына ҚР-да кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың жалпыға ортақ бастауын белгілеген бір ғана заң актісі қабылданды [1].

Нәтижесінде, біздің елімізде нарықтық қатынастарды реттейтін Азаматтық кодекс және кәсіпкерлік туралы арнайы заң басты заң актісі болып табылды. Одан басқа Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттейтін 100-ден аса заңдар бар.

Қазіргі кезде Кәсіпкерлік салада да реформалар жүріп жатыр. Үстіміздегі жылы, 2013 жылы ҚР Парламентіндегі бесінші шақырылымның үшінші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа ғаламдық дағдарыстың болу ықтималдығына қатысты еліміздің барлық ішкі мүмкіндігі мен даму көздерін іске қосу, бизнестің сенімділігін арттыратын  құқықтық ортаны қалыптастырудың маңыздылығына байланысты Үкіметке Кәсіпкерлік кодексінің жобасын әзірлеуге тапсырма берді және ол жақын арада аяқталмақ.

Елбасымыз Кәсіпкерлік кодекс Қазақстан бизнесінің конституциясы болуға тиіс екенін баса айтты. «Кәсіпкерлік туралы» Кодекс қабылданған соң жүздеген заң актілерінің күші жойылады. Өйткені ол заң актілері Кодекске енгізіледі.

Кәсіпкерлердің жұмыс жағдайын ұдайы жақсартып отыру жайы әрқашан мемлекеттің басты назарында болады. Бұл – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір маңызды қадам» деді Ел Президенті халыққа мәлімдемесінде [2].

«Кәсіпкерлік - ел экономикасының негізі» деген Елбасымыз. Сондықтан, барлығымыз да еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына өз ықпалымызды тигізуіміз керек, сол арқылы ел экономикасының дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, жұмысссыздықтың азаюына өз үлесімізді қосар едік.

Пайдаланылған әдебиеттер:



1. С.П.Мороз. Кәсіпкерлік (шаруашылық) құқық. – Алматы: Бастау, 2009.– 30 б.

2. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет