К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Махамбет поэзиясындағы ақынның өз бейнесі



бет11/26
Дата20.10.2023
өлшемі328.47 Kb.
#481198
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   26
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану

Махамбет поэзиясындағы ақынның өз бейнесі


Исатайдың ерлігі аңызға айнала бастады. Махамбет өлеңдері ауыздан-ауызға тарап, жұрт жиналған жерде жатқа айтатын болды. Әсіресе Жәңгір ханға арнай айтқан “Хан емессің – қасқырсың” деп басталатын өлеңі елдің көкейінен шыққандықтан ба, мақалдай болып кетті. Жұрт бұл толғауды айызы қана, жігерлене, рухтана айтатынды шығарды. Сөйтіп Махамбет ел рухын көтеріп, өзі де мерейлене түсті. Оның үстіне 1836 жылы 17 наурызда ханның Исатайды ұстау жөнінде берген бұйрығынан түк шықпай масқара болды. Ел енді бұл жайында да әңгімелеп, ханның дәрменсіздігі бүкіл халыққа жайылды.1829 жылы Қайыпқали бастаған толқуға Исатай қатысқан жоқ. Махамбет араласып, үгіт-насихат жүргізді. Кейін ол Жайықтың сыртына өтіп кетіп, Ішкі Ордаға қайтадан келгенінде тұтқындалып,екі жыл түрмеде отырады.
Исатай мен Махамбеттің өшпенді жауы Қарауылқожа бірде ханға: “Махамбет Өтемісов адал қылықты адам емес, Орал линиясы арқылы Хиуадан шыққан контрабанданы өткізгені үшін айыпталып, Қалмақ қамалында тұтқынға алынды” -деп хабарлаған. Ал Махамбет те мұны жасырмаған, өзінің 1836 жылғы 10 желтоқсанда берген түсінігінде: “Осыдан 6-7 жыл бұрын орыс үкіметі ұстап алып, Орал линиясы арқылы жасырын өткенім үшін айыптап, содан екі жылдай Қалмақ бекінісінің түрмесіне отырып шықтым деген. Сол кезде яғни 1831 жылғы оба сүзегі кезінде түрмеден қашып шығып, Махамбет қырға келіп жасырынған /31, 31 б./. Бұл - тарихи шындық. Оны:
Кеше біз зынданда жатып құбылдық,
Қамалаған көп дұшпанға қор болдық.
Терезеден телміріп,
Ағайын мен туғанды
Бір көруге зар болдық, – /37/
деп өзі де өлең жолдарына айналдырса, Махамбет жайында роман жазып, зерггеп жүрген белгілі жазушы Нәбиден Әбутәлиев:
“Махамбет 1829 жылы Жайық өзенінен өтем дегенде қолға түсіп, бір жылдан астам уақыт Калмыков абақтысында қамауда отырады” /38/, – деп айқындай түседі.
Бұл өлеңді Махамбет Қайыпқалидың негізгі мақсатын түсінген соң айтқаны байқалады. Оның абақтыда жатқан кездің өзінде сан ойланып, сан толғанғаны “Кеше біз зынданда жатып құбылдық” деген жолынан да көрініп тұр.
Ақынның бұл өлеңі “Жазушы” баспасынан 1989 жылы жарық көрген “Ереуіл атқа ер салмай” жинағына кірмепті. Жинақты құрастырып, алғысөзін жазған филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықов өлеңнің жинаққа кірмеу себебін 12 қазан, 1990 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде жарық көрген “Махамбет жинағы қалай құрастырылды” деген мақаласында “1974 жылғы басылымындағы “Зынданда”, “Өтініш” сияқты Махамбет атына телініп жүрген өлеңдер мен тармақтар қабылданбады” деп көрсеткен. Алайда, Махамбеттің түрмеге қамалғаны шындық. Біздіңше стилі де келетін сияқты. Тек өлең ұйқасы, көркемдігі басқа жазғандарына қарағанда төмендеу. Бірақ ақын өлеңін жаттап, бізге жеткізушілер кейбір жолдарын ұмытып, ұйқастарын шатастырып алуы да мүмкін ғой.
Махамбет ешкімге ұқсамайтын, мінезі тік, батыл, айтқанынан қайтпайтын, “Айтса-дағы айныман көлденеңнің сөзіне”, “Тыңда халық, әлеумет - көп кісіден анықпын” деп өзі жырлағандай, шындықты бүкпей, турасын айтатын, алған мақсатынан, шындық жолынан таймайтын жаратылыс, бітімі мүлде бөлек қызу қанды жан болған екен.
Халел Досмұхамедов “Махамбеттің мінезі сотқар, қалжыңқой, бетің-көзің демей ойына келгенін айтып салатын батыл болған. Жауласқан мезгілде өте батыр, айлакер болған” /14, 80 б./, -деп жазса, А.Ф.Рязанов “Оралдықтар оларды қуып кетті. Исатайдың ізіне түсіп, олар шептерін кеңейте түсті. Астында жақсы аты бар Истомин Махамбет Өтемісовті қуып жетті. Махамбеттің жанында жебелі садақ тартынған оның сарбазы шауып келе жатқан еді. Истомин батырды тірідей қолға түсіргісі келді, алайда Махамбет оған қарсы оқ атып, маңына жолатпады. Тағы бірнеше казак Истоминге көмекке жетті. Олар тіпті жақын келді, батырды қаумалап алды. Бірақ, батыр астындағы көпшікті жұлып алып, дал-дал етіп, мамық қауырсын жүндерін жауларына қарай боратып жіберді. Казактар іркіліп қалды, көздеріне құс жүндері тығылып, ашытып барады. Батыр бұл сәтті бос жібермей, ағызып шауып кетті. Осындай тосын айла Махамбетті құтқармас өлімнен де, тұтқыннан да сақтап қалды” /19, 75 б./, -деп, оның айлакерлігін, тапқырлығын айтады.
Әлемнің біраз жерін шарлаған орыстың саяхатшы ғалымы, жазушы Егор Петрович Ковалевский (1808-1868) 1839 жылдың соңғы тоқсаны мен 1840 жылдың бас кезінде Махамбетпен, Есет батырмен кездеседі. Кейін “Құрлықтар мен теңіздерде жүрген саяхатшы” атты үш томдық кітап жазып, 1843 жылы оны Санкт- Петербургте бастырып шығарады. Сонда (І-ші томында) Махамбеттің орыс тілін жетік білетінін, тілмарлығы мен ақылдылығын, сауаттылығын, айлакерлігін, сол кездегі саясаттан да хабардар екендігін батырдың өз сөздері арқылы әдемі жеткізген. Әсіресе, екеуінің арасында болған диалогтегі: “Сіз менен өткір пышақтан қорыққандай қорқасыз, менің пышақ екенім рас, бірақ екі жүзді емеспін” /39/ деген сөзі Махамбет мінезіне дәл келеді.
Хан жасағымен болған алғашқы айқаста Исатай қолы алыстан атысып қырғынға ұшырай бастайды. Әлдебір себептермен ұрысқа кешігіңкіреп кірген Махамбет шиыршық атып, қаһарланып Ағатайлап Хан жасағына қарсы ұмтылады.
Біз бұдан да оның көтерілісшілерге ақындығымен де, батылдығымен де, батырлығымен де үлгі-өнеге, қайрат-жігер беріп отырғанын аңғарамыз.
“Тұрмысқа сарын жасайтын адамның ғамалы, ғамалға өң беретін адамның мінезі, мінезге кейіп беретін тұрмыс төңірегі; адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен білінеді. Адамның тысқа шыққан пікірінде, көңілінің күйінде, еткен ғамалыңда мінезінің қай түрі көбірек көрінсе, сол адам сол мінезді болмақ” /4, 449 б./.
Махамбеттің түр-тұлғасы, батырлығы, мінез-құлқы өз өлеңдерінде мен мұндалап сайрап тұр.
Махамбет ұлан-байтақ Отанын сүйіп, құмына дейін қастерлей білген патриот ақын. Ақынның ішкі сезім толқыны, қуат-күші, ой- мақсаты, сөйлеу мәнері қағазға түскенде де аңғарылып тұрады. Өйткені, ақын өлеңі - іштен туған сәбиі секілді.
Махамбет өлеңдерін оқығаңда да оның ішкі жан сезімі, адуынды, айбынды, қызуқанды мінезі, турашылдығы, шыншылдығы, әділдігі, тіке, ешкімнен де тайсалмай, қаймықпай сөйлейтіндігі, бірбеткейлігі мен қайсарлығы бірден көзге ұрып тұрады. Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген жырларында оның Отанына сүйіспеншілігі, жүрек дүрсілі, қуанышы мен қайғысы көрінеді. Махамбет жырларының көркемдігін айтпағанның өзінде негізгі қасиеттерінің бірі де осы отаншылдық өршіл сезімде жатыр. Ол үшін Нарынның “шортаны қара бақандай, бақасы сары атандай, балдырғаны білектей, баттауығы жүректей, қымыздығы күректей, сонасы қоңыр үйректей, ондай қоныс жоқ”, “жатып қалған тайлағының өзі жардай атан болған жер, жабағылы тоқтысы қой болып қора толған жер, жылаған бала қойған жер”. Нарынның құмы малға құт болса, “Еділдің бойы ен тоғай”. Сол Еділге “Ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім”, -дейді ол. Қорамды малға толтырсам деп едім деп қораш, тоғышарша, қарын қамын ойлап сөйлемейді. “Менің атам Өтеміс елдің қамын жедіғой”, -деп елдің қамын ойлай ірі, кесек сөйлейді! Осы “Менің атым - Махамбет” аталатын өлеңіндегі “Атасы өткен Айшуақ, Соның көзі көрді ғой” деген жолдардан Өтемістің Кіші жүздің Батыс бөлігінің ханы Айшуақпен аралас-құралас болғанын да аңғаруға болады.
Махамбет өлеңдерін оқығаңда да оның ішкі жан сезімі, адуынды, айбынды, қызуқанды мінезі, турашылдығы, шыншылдығы, әділдігі, тіке, ешкімнен де тайсалмай, қаймықпай сөйлейтіндігі, бірбеткейлігі мен қайсарлығы бірден көзге ұрып тұрады. Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген жырларында оның Отанына сүйіспеншілігі, жүрек дүрсілі, қуанышы мен қайғысы көрінеді. Махамбет жырларының көркемдігін айтпағанның өзінде негізгі қасиеттерінің бірі де осы отанріылдық өршіл сезімде жатыр. Ол үшін Нарынның “шортаны қара бақандай, бақасы сары атандай, балдырғаны білектей, баттауығы жүректей, қымыздығы күректей, сонасы қоңыр үйректей, ондай қоныс жоқ”, “жатып қалған тайлағының өзі жардай атан болған жер, жабағылы тоқтысы қой болып қора толған жер, жылаған бала қойған жер”. Нарынның құмы малға құт болса, “Еділдің бойы ен тоғай”. Сол Еділге “Ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім”, -дейді ол. Қорамды малға толтырсам деп едім деп қораш, тоғышарша, қарын қамын ойлап сөйлемейді. “Менің атам Өтеміс елдің қамын жедіғой”, -деп елдің қамын ойлай ірі, кесек сөйлейді! Осы “Менің атым - Махамбет” аталатын өлеңіндегі “Атасы өткен Айшуақ, Соның көзі көрді ғой” деген жолдардан Өтемістің Кіші жүздің Батыс бөлігінің ханы Айшуақпен аралас-құралас болғанын да аңғаруға болады.
“Намысты адам намысы барды қадірлейді және намысы жоқты сыйламайтыны - заңдылық” /40/, -дейді Бауыржан Момышүлы. Олай болса, Махамбеттің намысты жырлары намысты адамға үнамауы мүмкін емес! Ақын жырлары жастар жанына патриоттық сезім үялатып, өз Отанын, ата-анасын сүюге, озбырлық пен зорлыққа, арсыздық пен қорлыққа қарсы түра білуге баулиды. “Қарындастың қамы үшін, қатын менен бала үшін, қайрылмай кеткен жігіттің өзін кәпір алғанын талақ деп айтсақ болмай ма?!” - деп ездіктен сақтандырып, “ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, қоңыр салқын төске алмай, тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей... Темірқазық жастанбай, қу толағай бастанбай, ерлердің ісі бітер ме?!” деп ерлікке, өрлікке шақырады. Мұның бәрі ел теңдігі үшін. “Теңдікті, малды бермедік, теңдіксіз малға көнбедік”, -дейді ол сондықтан.
Махамбет досқа адал. Өзі адал адам ақ пейілдіні ардақтауы да заңды құбылыс. Достықтың да достығы бар. Біреу қалтасына, біреу лауазымына қарап жанасады. Махамбет Исатаймен халықтың қамын жеп, “қара ұлына дос болғаны үшін, хан ұлымен қас болғаны үшін Исатай деген ағам бар, ақ кіреуке жағам бар” деп оны әрі аға, әрі дос тұтқан. “Исатай – басшы, мен - қосшы” деп ерлігін елге жайып, ақтық демі біткенше ардақтап өткен. Досқа деген адал көңілден, алдына қойған мақсат-мүддеден “айтса-дағы айныман, көлденеңнің сөзіне”, -деп, бір сәт те айнымай өткен.
Арыстаным, көп болды-ау,
Саған да менің арманым?
Кермиығым, кербезім!
Керіскідей шандозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім!
Досқа деген бұдан артық баға, бұдан артық махаббат болар ма?! Махамбеттің идеалы - Исатай, оның ерлігі. “Атақты ермен бірге өлсе, жігіттіңболмас арманы”.
Ата-ананы сөктіріп,
Ат басына соқтырып,
Нәлет десе болмас па
Осылай жүрген жүріске, –
десе, немесе:
Қатын менен балаға
Барсаң сәлем айта бар
Ата менен анаға, - десе,
«Артымда тірі сен қалсаң, жаңа өспірім Жақияны жолдасым, саған тапсырдым», -десе,
Алақандай Нарында Ата менен Ана бар,
Іні менен аға бар,
Қарындас, халқым көп қалды-ау,
Қатын менен бала бар.
Жалғыз ұлым Махмұт Бекетай құмның ішінде,
Жалғыз бір қалған сол да бар, –
десе де Махамбет ата-анаға, балаға, ағайынға адал, “қарындастың қамы үшін, қатын менен бала үшін” қолына егеулі найза алып, “қара қазақ баласын хан ұлына теңгеруді” мақсат етті. Келешек ұрпақ қамын ойлады. Ұрпақ қамы – болашақтың, ұлттың қам- қарекеті. “Ұлттық сипатсыз, дәстүрсіз әдебиеттің болуы, өмір сүруі мүмкін емес, ұлттық сипат әдебиеттің өз стихиясы, даму заңдылығы” /41/. Махамбет ұлт қамын, ұрпағының қайыңның басын жел соқса, қаршыға құс қайғырар, балапаным суға кетер деп” амандығын, соңында тұяқ қалуын, “асылдан болат ұл туса, екі жақ болып тұрғанда, егескен жерде шарт кетіп, жауырынынан өтін алса да, жамандарға жалынбауын”, “аз сөйлесіп, көп тыңдап” парасатты болуын тіледі. “Ақ жұмыртқа, сары уыз әлпештеп қолда өсірген туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса?!” -деп “өзінен туған жас баланың” ата жолын қуып, ата қонысты сақтауын, жауынан тайсалмауын көкседі.
Махамбет жырларында ұлтының қасірет-қайғысы мен зар-мұңы
бар:
Адамы қойдай қырылып,
Құлағызып жер қалды-ау!
Қарағай, қайың, тал, терек,
Қалың орман, ну қалды-ау!
Қиқулап құстар қонатын
Суы тұнық көл қалды-ау!
Тәрбиелеп өсірген
Қатын жесір, тұл қалды-ау.
Еңбектеп жиған мал қалды-ау,
Бұлардан жүда қимайтын,
Енді менің нем қалды-ау!
Тек шықпаған жан қалды-ау! дейді.
Бұл өлеңдерден оның “дұшпанынан тартынбай сөйлейтін асылдығын,” білекті де жүректі екендігін көреміз.
Мұны Мұхтар Әуезов: “Бүкіл XIX ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес. Алды да, арты да бір өзі сияқты” /26, 267-268 б./ деп керемет үлкен баға берген.
Махамбет поэзиясында отаршылдықтан қысым көрген халықтың көңіл-күйі, дәуірге наразылық болғанымен, “шарасыздыққа берілмей, қазақ ұлтын заманның зауалынан құтқаруға үндеген, қайғы-мұңға толы өлеңдерге күрескерлік сана дарытқан, тығырықтан шығудың жолын көрсеткен” /42/ жолдар басым:
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы,
Артымыздан біздердің
Ақырып теңдік сұрарға.
Өмірі күреспен өткен айбарлы ақын теңдікті жай сұрамай, ақырып, айбатпен, қайратпен алу керектігіне сол кездің өзінде-ақ көз жеткізген. Соны кейінгіге осылайша табыстап айтып кеткен.
Бұл Махамбеттің асқақ арманы еді. Сол арман бүгін орындалғандай.
Махамбет батырлық пен ақындықты қатар алып жүрген кесек тұлғасын бейнелейтін көркем бейнесін өзі жасап кеткенін филология ғылымдарының докторы Т.Тебегенов “Махамбеттің поэтикалық автопортрет сипатындағы өлеңдерінде авторлық дүниетаным әдемі реалистік және романтикалық әуендер тоғысуы жағдайында танылады. Автопортреттік көркемдік жинақтау жүйесінде ақынның мінез-құлық сапасын құрайтын барлық қасиеттер тыңдаушыларына, оқырмандарына психологиялық тұрғыда ұғындырылады” /43/ дей келіп, Махамбеттің поэтикалық автопортреттік өлеңдерімен бетпе-бет келген тыңдаушының күрт серпіліс сезімге душар болатынын, лирикалық қаһарманның өзіндік шынайы қалпын поэтикалық қуатты, әсерлі баламаумен өрнектеуі ақынның табиғи мінез-құлық сапаларына лайықты көтеріңкі лепті, айбарлы романтикалық адуынды ырғақтарды танытатынын айтады.


Махамбет тек Бөкей ордасында болған ұлт-азаттық көтерілістің ғана емес, адами қасиетті де қастерлі сезімдердің - адалдық пен адамдықтың, намыс пен жігердің, азаттық пен теңдіктің жалынды жыршысы, ұраншысы!
Әдебиетте кейіпкердің образын сомдау үшін оның өз сөздері, сөйлеу мәнері, жиі қолданатын тіркестері пайдаланылатыны белгілі жайт. Сонда
кейіпкердің сөзінен оның мінез-құлқын аңғаруға болады.
Сол сияқты Махамбет өлеңдерінен, сөз саптауынан өзінің образын – өршілдігін, өжеттігін, қайсар-қайтпас жаужүректігін, елге қамқор, жауға аяусыз, сөйлер сөзге келгенде шешен, ақпа-төкпе ақын екендігін байқау қиын емес. “Батыр ақын батыр қолбасының сөз өнеріндегі мәңгілік бейнесін осылай сомдады да, бұрқанған күшке, бұла қайратқа, шиыршық атқан жігерге, ызалы ашуға, ашулы ақылға, ақылды нақылға толы өлең-жырын тұтастай алғанда өзінің автопортретіне айналдырды. “Махамбеттің өз образы’-’ деген – сол! Өйткені оның “қорғасыннан құйылған” ап-ауыр әр сөзінен өзін танимыз” /18/.
“Садағына сары жебені салдырған” деп басталатын толғауда әдеттегі буын, бунақ өлшемдері сақталмағанымен жеңіл оқылады. Өйткені мұнда Махамбетке ғана тән өзіндік жаңа ырғақ нақыш, ерекше жігер, күш-қуат, екпін бар. Өлең құрылысы қалыптасқан дәстүрден өзгеше болғаннан соң оқушы алғаш тосырқап, кібіртіктеуі де мүмкін. Дегенмен, өлең ырғағын тапқаннан кейін жырдағы “ерке де серке, ақылды, нақылды”, образды сөздер, дыбыс үндестіктері (С әрпіінің бес рет, а әрпінің екі жерде екі реттен қайталануы), теңеу, эпитет, сурет, өлең динамикасы оқушы көңілін де, көзін де әрі қарай жетелеп әкетеді.Сәлден соң әр сөзіне қайран қалып қызыға да құмарта желдіре оқитын болады.
Махамбет осы өлеңді егер қазақтың қара өлеңінің өлшеміне салып жазса, дәл осындай әсерлі, әсем, қуатты болып шығар ма еді, шықпас па еді? Он бір буынмен жазылса, Махамбет Махамбет те болмай қалуы мүмкін.
“Ел сүю тақырыбы көбінесе елге тұлға болып тұрған әлдебіреулерге қарата арнайы сөйленген, ішінде айбыны мен айыбы аралас үкім ретінде, толғау-тұспал үлгісінде жырланады. Ел сүю, ел қамын ойлау сезімі қанаттандырған жыраудың нақыл-насихат сөзі алдымен ақынның өз бейнесін көз алдыңа әкеледі. Сол арқылы халық, халықтың ар-намысы мен абырой-беделі паш етіледі” /86, 62 б./.
Асан қайғы “Ай, хан, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің”,– деп “қымыз ішіп қызарып, мастанып, қызып терлеген” ханға батыл да батырып ел тағдырын ойлауды құлаққағыс етсе, Доспамбет жырау “Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда, Еңсесі биік боз орда Еңеке кірер күн қайда”,– деп, халқының азаттығын аңсаумен өтті. Шалкиіз “Атаның ұлы ерлерге Малыңды бер де басың қос, Басыңды қос та бек сыйлас, Күндердің күні болғанда Басың жауда қалар ма”,– деп елді бірлікке, татулыққа шақырды, Марғасқа жырау “Ей, Қатағанның ханы Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын, Жазықсыз елді еңіретіп, Жер тәңірісіп жатырсың”,– деп әділетсіз ханға тіке қарап айыбын бетке айтқан. Бұқар жырау “Бірі етек, бірі жең болған, Ежелден саған ел болған, Орта жүзден кісің жоқ. Найзасының ұшы алтын Кіші жүзден кісің жоқ - Енді бұған қарап тұрғаннан Басқа қылар ісің жоқ”,– деп Абылайдан үш жүздің басын қосуды талап еткен. Көтеш ақын “Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?”– деп қара халықтың қамын жеп, Ханға қарсы дау айтқан...
Махамбет “Еркіннен еркін жатқан ел едік. Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік. Теңдікті, малды бермедік, Теңдіксіз малға көнбедік, Ханның кірген ақ орда Бұзуын ойлап кеңестік” деп, “Қара қазақ баласын Хан ұлына теңгеруді” армандады. Елінің бірлігі, жерінің тұтастығы, халқының еркіндігі үшін ақ алмастай жарқылдап өтті.
Жыраулар поэзиясынан олардың мақсат-мүддесі, өмірге көзқарасы, мінез-құлқы да байқалады. Олардың қай-қайсысы да өз бейнелерін өздері сомдап, мәңгі өшпестей ескерткіштер тұрғызып кетті. Махамбет те өз образын өзі сомдап, халық жүрегінде қалды.
5. Махамбет поэзиясындағы ақынның өз бейнесі.
Жоспар:
1. Махамбет ерліктің, қайсарлықтың, биік рухтың үлгісі.
2. Ақын жырларындағы өз тұлғасын суреттеуі.

Бақылау сұрақтары:


1. Махамбеттің өз бейнесін сомдаудағы көркем айшықтарды табу.
2. Ақын поэзиясындағы тарихи шындық.
Өзіндік тапсырмалар:
1. Х. Досмұхамедов, М. Әуезов еңбектеріндегі Махамбет туралы ғылыми деректер.
2. Махамбет өз жайын баяндағанда қолданған өрнекті теңеу, көркем салыстырулар.
3. Махамбет поэзиясындағы жыраулар дәстүріне қосқан жаңалықтары.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет