К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Қасиетті Нарын, құм Нарын



бет21/26
Дата20.10.2023
өлшемі328.47 Kb.
#481198
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану

Қасиетті Нарын, құм Нарын,
Киелі менің құндағым...


Тұяғы таймас тарланға
Тоқтышақ тақым салғанда ...


Еділдің бойы ен тоғай –
Жайлаған біздің ел талай
Аймағым десем, кім сенер?


Егеулі найза қолға алған
Атаны көріп оқ жонған...


арманда кеткен ер үшін,
адыра қалған жер үшін
ақырып теңдік сұрарға! /106/.
Толғаудың тілі, айшықтау тәсілдері, еспе, кезекті қайталау, дыбыс үндестіктері, екпін, теңеу, метафора, жігер, таныс жолдар (қара әріптермен терілген) Махамбет жырларына тән екені талас тудырмаса керек. «Тазарар түрім жоқ менің жанымның кірін жумай бір Махамбеттердің рухымен» дей отырып ақын Фариза ақын Махамбетше жыр нөсерін төккен.
Махамбет өскен, Махамбет жырына арқау болған Нарын құмы жайында сыр толғағанда жыраудың өз стиліне сөз саптап, оның кейбір жолдарын қайталау арқылы Фариза ақын өлең әсерін күшейте түскен. Бұл жырда Махамбет жырларының сыртқы формасы ғана емес, ішкі мән-мазмұны да сақталған. Ол – Махамбет жырларындағы ащы шындық, әлеуметтік пафос, тартыс, турашылдық, кесек мінез, халық қамын ойлау. Фариза да құм Нарынның «бәйтеректей жыңғылының жайрап» жатқанын, кейбір дүмшелердің билік құрып, адам адамға жау болып отырғанын, «адалдық жаяу ақсаңдап елсіз аралда қалғанын», «пасықтық машина мінген заманның» әділетсіздігін, «Өмірі желдің өтінде өткен Исатайға сол жерде бір белгі де қалмағанын» ақтарыла айтады. Бұл Фаризаның бір ғана өлеңіне тән құбылыс емес, жалпы Фариза жырларының да аса құндылықтарының бірі – шынайылығы, ақиқатын жеріне жеткізе, сүйектен өткізе айта білуі.
«Өзімді-өзім қайраумен, тістенумен,
Қуат сорып, ұшқын ап іштегі үннен,
Табанымнан тілінген шөңге жұлып,
Сәйгүлік – күшке мінгем» /105, 170 б./, -
деп өзі жырлағандай, намыстылығы мен жырларының буырқанған қуат-күші. «Жаны кірсіз, жас қиял – бұла халық, көрсетсем деп соларға бір ағалық» ел намысын жыртып, апа-сіңілілерінің арыр арлап, жырын жырлауы да Махамбет жырларымен үндесіп жатыр.
Әдебиетші ғалым С.Мақпырұлы Фаризаның «Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім» атты поэмасын талдап, таразылай келсе: «Ф.Оңғарсынова поэмасында Махамбеттің ақындық биік тұлғасы батырдың өз сөзі – толғанысы түрінде әсерлі де айшықты ашылған. Батыр ақынды оның биік болмысына, асқақ рухына сай сөйлету – толғандыру арқылы баба рухымен үндесе отырып Фариза осы тарихи тұлғаның ерекше жаратылыс – феномендік сипатын таныта алған. Поэмада Махамбеттің толғанысы арқылы өнеге қатысты көтерілген тағы бір маңызды мәселе – өнердің, ақынның қоғам, адам алдында атқаратын миссиясы. Бұл ретте Ф.Оңғарсынова Махамбетті үлгі ете отырып, өзінің де ақындық кредосын танытады» /107/, - дейді. Біз де осы пікірге қосыламыз.
Махамбет те, Қасым да, Фариза да өр мінезді, кесек сөйлейтін дауылпаз ақындар. Сондықтан да олар дауылды сүйіп, дауылды жырлайды. Бұл үш ақынның үндес, мінездес екендігіне тағы бір айғақ – Махамбет Өтемісұлы шығармашылығы жайында жазған мақаласына Берқайыр Аманшин «Дауылпаз ақын» /9, 5 б./, Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы хақында сыр толғаған Сырбай Мәуленов «Дауылды дарын иесі» /108/, «Найзағайлы қара бұлт» /83, 170 б./, - деп ат қойса, Фариза Оңғарсынованың екі томдық шығармалар жинағына жазған алғысөзін Рымғали Нұрғалиев «Мінезді жырлар» /35, 35 б./ деп атапты. Бұл атаулар тегін қойылмаған.
Махамбет «Адыра қалғыр қу Нарын»(«Әй, Махамбет, жолдасым!»),«Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын»(«Қаршыға деген бір құс бар»), «Адыра қалған Нарынның»(«Адыра қалған Нарынның») деп назалана айтса, Меңдекеш Сатыбалдиев:
Атырау елі,
Қалайша сені
Батыр емес деп айта алам!
..Теңіздің суын тұшытып ішіп отырған!
Атырау елі
Әмәнде жауға айылыңды әсте жимадың,
Қыршын жаныңды
«Құдай қарғаған» өлкені қорғап қинадың /109/, -
деп мақтанышпен жырына қосады.
Қорамсағыма қол салып,
Табанды жерге тіреп мен,
Көздедім сені, ата жау,
Көзіңнен емес,
Жүректен.
Жалғыз оқ жетті құртуға,
Шыбын жаныңды шыр еткен /110/
Немесе:
Жатырмысың, жампозым,
Жығылған жерің егесте –
Жастықсыз жайсыз емес пе?
Жараңды маған сыйпатпай,
Жантаю саған тыныш па
Жалаңаш жайдақ дөңесте? /110, 73 б./
десе де, Меңдекеш өлеңінен Махамбет екпіні байқалады. Махамбет өлеңдерінде кездесетін келісті кесте (дыбыс үндестігі, теңеу, метафора т.б.) де, Махамбет есімі де жиі ұшырасады. Әсіресе оның «Махамбеттің монологы» /111/ аталатын толғауы тура батыр ақынның өзі болып сөйлейді. Тоқсан алты жол өлеңде «К» әрпінің жүз он бес рет қайталануы өлеңге күш-қуат беріп, әрі көркемдігін көтере түскен. «Қызғышты қаңғыртқандарға қиямет-қайым төндіріп», «Қалғыған менің Нарыным, жалпақ жапан құм», «Қабыландай салам мен бүлік, қара шұбар қаптамалы қалың қолға қоңыраулы көк сүңгімен кеп кіріп», «Қылышымды қыршын қырандарыма қалдырып», «Қу қамыстай қаптаған жауды жапырып», «Қиқарланып қияс мүйізді құлжадай, қасарысқан жауымнан сұрадым теңдік ақырып, қалықпан құстай қанатттастарым, қайдасың, құнанша мұзға таймасын, қималы найза қайралсын», «Қақақулап шақырып» деген жолдарда, Махамбет Рухы, Махамбет мақамы, Махамбетке тән өрлік атойлап тұр.
Азаттық жолында арпалысып өткен Махамбет – бүгін Рух!
«Деміменен от үрлеп, шоқ сапырып жататын – кеудесінен бұрқ етіп ұшып шыққан жан Көнер ме, сірә, ырыққа, Көнерме сірә, құрыққа! Шыр айналған шыбын жаным ақыры – басқа түссе бас кескен, тасқа түссе тас кескен, Кетіскенмен кетіскен, егескенмен егескен Айналды .ой Рухқа!» деп «Махамбет Рухымен сырласу» /112/ атты толғауында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек Махамбет Рухын сөйлетеді. Махамбет Рухы ел еңсесін көтеріп, жанға жігер, бойға қайрат берерлік өршіл Рух. Елдің қамын, азаттық таңын аңсаған жанның қолы жетпеген арман-мақсаты қашанда халық атынан сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын айтып өткен ақын Рухының монлогы да халықтың мұңы мен зары болып шыққан. «Көкке де сия алмай, елді ойлап егіледі, Жерді ойлап сөгіледі... Түн де құшып, күн де құшып, Қаздарменен қаз болып, Ақулармен аққу боп, Құстарменен бірге ұшады». Сөйтіп ол – рух:
Қуаныш пен шаттыққа
Толып кеткен мелдектеп
Бара жатты қызық боп
Бір күнімнен бір күнім.
Бостандық алған елімнің
Асып тұрды айбары.
Күміс болды құйылған
Қыздарымның тұлымы.
Алтын болды құбылған
Ұлдарымның айдары.


Мен Махамбет Рухы! –
Азаттығымен Елімнің
Мен осылай табыстым,
Мен осылай қауыштым! –
десе, толғауда Махамбет оптимизмі де сақталғанын аңғарамыз.
Махамбеттің өр мінезі ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иранбек Оразбев жырларында да мен мұндалайды:
Тіл кеспек жоқ!..
Тіл үшін шап басымды,
Жаным жүдеп,
Тәнімді қан тасынды.
Өгей тірлік – өтіріктің өртіне
Үйіте алмаймын көнбіс кәрі-жасымды!


Жез діліңмен алтындайын жарқыра,
Күні ертең түсесің таз қалпыңа!
«Тіл кеспек жоқ»...
Тіл үшін ой көзімді,
Бассыз-көзсіз жырым жетсін халқыма /113/.
Қолына алмас қылыш ұстап, жан алып, жан беріспесе де, тілді, шындықты қару еткен ақынның осы бір шумақтарының өзінен оның ішкі әлемін, рухын, күш-қуатын, ой-мақсатын, мінезін сезінеміз. Ақынның әр сөзі мірдің оғындай, ішкі бұлқынысқа толы.
Ұлықбек Есдәулеттің «Балға» өлеңін оқып көрейікші:
Көкірегімде дүрсілдеген
Балғамды
Аллатағаладан алғам-ды,
Қара төске қарсы салғам-ды,
Жалпағынан жаншып жалғанды.
Талпынып жүріп арманға,
Темір етіктен –
Түймедей,
Темір аяқтан –
Тебен инедей қалғанда
Сынасы ұшып,
Сыр берді менің балғам да.
Қара темірден қан шығып,
Қамырдай өзі жаншылып,
Қайдағыны сезінетін,
Қайғыратын,
Езілетін болды бұл
Балғам...
Тізеліні бүгілтіп,
Мойындыны иілтіп,
Маған да жеттің сұм жалған! /114/.
Бұл өлеңді оқығанда есіңізге Махамбеттің «Мен бір шарға ұстаған қара балта едім. Шабуымды таппай кетілдім», Төлеген Айбергеновтің жоғарыда мысалға кетірген «Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған» деген жолдары түседі. Әр жолдың шиыршық атып, бұлқынып тұруы мен дыбыс үндестіктері, сонымен бірге образды сөздер мен әсірелеу(литота) тәсілін қолдануы да өлең үлгісі мен түрі де еріксізден Махамбет стилі дегізеді. Бірақ автор өзінше параллелдер жасап тың теңеу, тың көркем образ тудырып жаңаша көркемдік шешім табады. Түр мен мазмұн да бір-бірімен қабысып, ақынды діттеген мақсатына жеткізген.
Махамбет бабасының 200 жылдығына 200 жыр арнаған Рафаэль Ниязбек
«Исатай баласын Махамбетке табыстағанда» /115/ деген өлеңінде:
Білем, Маха, жеңістен алыстадым,
Сонда да егеп найзамды тағы ұштадым.
Олай-бұлай боп кетсем,
Алла атынан
Жақияны өзіңе табыстадым.
Жәңгір ханды сұлатып ұзынынан,
Жұмыр басын жыландай жанышпадым.
Әлі күнге өзегім өртенеді,
Өкінішттен қай күні қан құспадым, -
десе, кейінгі толқын – жас ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері Маржан Ершуова:
Әулие атам! Қай кезде де ойлысың,
Еске түсіп Ордадағы кей мүсін.
Исатайдың қақ алдында жарылған,
Баяғының зеңбірегі деймісің?
Киелім-ау! Кеңеселік кәне бір.
Күдігімді күл татыған деме құр.
Игілікке пайдаланып жатсақ та,
Иесіздік орнататын пәле бұл.
Маңғаз Маха! Көріп тұрып төбеңді,
Осы арадан аяқтаймын өлеңді.
Заманыңа жауап беріп кетіп ең.
Заманыма жауаптымын мен енді /116/,-
деп тебіренеді.
Бесінші сынып оқушысы Перизат Әзірбаева «Ұқсастық» /117/ деген өлеңінде:
Мен қазақтың қызы едім,
Қыздарға тән қасиетті
Бойыма жинап жүр едім,
Қыз Жібек пен Баяндай
Ақылына көркі сай,
Көйлегіне бөркі сай.
Айдай сұлу арудың
Ақылын берсе деп едім.
Ақылыммен еліме
Қызмет етсем деп едім, -
деп Махамбет бабасының өлең үлгісімен асыл арманын айтады.
Еркіндігіне жаңа қадам басқан егеменді еліміздің болашағы – балалар мен жасөспірімдер десек, бұл – олардың бойында да Махамбет Рухының бар екендігінің дәлелі.
Махамбет Рухы мәңгі өшпейді!
«Махамбеттегі ұлттық Рух ұлттық тілдің барлық болмыс-байлығын қолдана білуден туындайды... Махамбет поэзиясы пайда болған күннен бастап қазақ поэзиясына ықпал етіп келеді, оған еліктеп жазылған жырларды көптеп кездестіруге болады» /118/.
Рух – ішкі құдірет-күш, жан-дүниең, жүйкең, намысың мен жігерің, қайтпас қайсарлығың. Жүрек түкпірінде жатқан нұрлы сәуле, сөнбес от.
Махамбет – асқан рух иесі. Сондықтан да оның өлеңдері асқақ, сондықтан да оның өлеңдері жанды, сәулелі, намысты, бір сөзбен айтсақ, рухты!
Қорыта айтқанда, Махамбет жыраулар мектебінің нәрі мен әрін бойына сіңіріп, өткен үлгілерден үйренген, алған, «өзіне дейінгі қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан, шыңдалған, елек көзінен өткен табысын бір жерге түйіп тастап, оны әрі қарай жаңа бағытта жалғастыруға бет алған суреткер» /119/. Бұл – дәстүр сабақтастығы. Еліктеу-солықтаумен қалып қоймай, жаңашылдыққа бет бұрып, өзінше сөз саптап, өзінше ой түйіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Сөйтіп өзінен басқа ешкім айта алмайтын жаңа үлгі, жаңа бағыттағы керемет жырларын тудырған. Ақынның қай толғауын оқысаңыз да тек қана Махамбетке ғана тән өршіл рухты, тасқын-сел күш-қуатты сезінесің. Оның әр жолы тот баспас қылыштай, өшпес өмірдің өзінен де бағалы дүниелер. Ақын өзіне дейінгі поэтикалық дәстүрді, әсіресе жыраулар тілінің бар байлығын өлеңдерінде қолдана отырып, сол өзі өмір сүрген кезеңнің өзінде қазіргі әдебиет теориясында айтылатын құбылту, айшықтау, әсерлеу, ажарлау тәсілдерін қолдана білген. Бұл өлеңдерінің күш-қуатын, бедер-көркін ерекшелендіріп, мән-мағынасын арттыра түскен. Махамбет жырларының тіл ерекшелігінің бірі де сол жыраулар толғауымен үндесіп жатуында, көне сөздерді орнымен қолдануында, жоғарыда айтқан көркемдей, әсерлеу тәсілдерінде жатыр. «Ақынның ... метафоралы, теңеулі образдары қазақ поэзиясы тілін жоғары сатыға көтерді, осындай қолданыс арқылы жаңа образдар жасауда қазақ тілінің мүмкіндігі орасан зор екендігін танытты. Оның үстіне бұл образдардың айтылмақ ойға (шығарма идеясына) дәл келіп, қиысып жатуы қазақ поэзиясында мазмұн мен түрдің үндесуі дегенге үлес қосты деп тұжырымдауға болады» /119, 183 б./. Махамбет нақтылы тақырыбы бар, өзі жыр еткен оқиғаларға қатысушы ақын. Оның жырларын жыраулар поэзиясынан оқшауландырып тұрған басты мәселе де осында. Дәстүр жаңашылдыққа, жаңашылдық қайтадан дәстүрге айналатыны белгілі. Махамбет Өтемісов жырлары да бұл күнде дәстүрге айналып, кейінгі толқынға әсер етіп, бағыт-бағдар болды. Дәлірек айтқанда, Махамбетше ой толғап, Махамбетше шындықты бетке айтатын ақындар көбейді. Көптеген талантты, батыл, қайтпас-қайсар ақындар өлеңдерінен Махамбет рухы атойлап, оның жырларының өлмегендігін аңғартады. Рухы күшті өлең осылайша ғасырдан ғасырға жалғаса бермек!
9.Қазақ поэзиясындағы Махамбет дәстүрі


Жоспары:
1.Ақын өлеңдеріндегі өршіл рух өзінен кейінгі ақындар поэзиясына әсер-ықпалы.
2.Қ. Аманжолов, Ф. Оңғарсынова, М. Мақатаев өлеңдеріндегі Махамбет сарыны.
Бақылау сұрақтары:
1.Махамбет ақын дауысын қайта жаңғыртқан ақындар өлеңдерін салыстыру.
2.Ф. Оңғарсынованың «Ей, құм Нарын, құм Нарын» толғауындағы тілдік айшықтауларды табу.
Өзіндік тапсырмалар:
1.М. Сатыбалдиевтің «Махамбеттің монологы» толғауындағы Махамбет өлеңдерінде кездесетін көркемдік кестелер.
2.Т. Медетбек «Махамбет рухымен сырласу» атты толғауында ақын рухын сөйлетуі.
3. Ақындар толғауларындағы реалистік шындық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет