К. Смайылов шығармашылығын зерттеу уақыт еншісінде



Pdf көрінісі
Дата19.03.2024
өлшемі174.16 Kb.
#496108
sciPaper24594



К.Смайылов шығармашылығын зерттеу уақыт еншісінде
Клара Қабылғазина, «Баспасөз
және электронды БАҚ» кафедрасының
ассоциирлі профессоры, журналистика факультеті 
Камал Смайылов- Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, 
С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы –публицист. Ол 
шығармашылық өмірінде 300-ге жуық мақала жазып, 17 кітап жариялаған 
екен. «Сенің бақытың», «Өмірдің өзімен өлшесек», «Фильм осылай туды», 
«Ғасыр қырқасында», «ХХ ғасырға саяхат», «Жолданбаған 27 хат», «Оянған 
ойлар», «Елім саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» , «Жеті қыр, бір сыр», 
«Қиғаш кітап» сияқты еңбектері жарық көрген. 
Қаламгер публицистикасы жанр жағынан алғанда түрге бай болып 
келеді. Онда қарапайым заметкадан бастап, репортаж, корреспонденция, 
мақала, рецензия, очерк, фельетон секілді публицистиканың әр алуан 
жанрлары кездеседі. Талант иесінің осылай жанр табиғатын меңгеріп, оны 
игеруі әрі баспасөз бетінде жиі көрінуі шығармашылық мүмкіндігінің мол 
болғандығын көрсетсе керек . 
Тоталитаризмнің белді өкілі Сталиннің социализмді орнату мен сол 
жолда билік жасауына да өзіндік бағасын берген К.Смайылов «Сталиннің 
сырын аша бастадық» атты мақаласының соңын: «Біз тарихты қайта қарап, 
ақтаңдақтарын ашып, қара таңбаларды аршып көрсетіп жатқанымыз өткенді 
білу үшін ғана керек емес. Өткенді білу –бүгінге сабақ, ғибрат, тағылым 
болуға тиіс. Нағыз шындықты, толық шындықты ашып айтып отырып біз 
бүгін шындықтың бар жерде, әр істе орнауы, жүруі керек екенін есте 
ұстауымыз тиіс. Бүгін Сталинді, сталинизмді әшкерелеп сынаудың мәні-
мақсаты – адамдардың бойындағы, ойындағы қорқақтықты, үрейді тамшылап 
емес, молынан, молырақ та тезірек сығып шығару, содан адамдарды арылту, 
тазарту»,- деп аяқтайды.
Қаламгердің шеберлігі қай кезде де жеке –дара көрінеді, ол оның 
шығармашылық стилінен көрініс табады. Стиль – қаламгердің шеберлігін, 
өзіндік даралығын, талантын дәлелдейтін үлкен көрсеткіштің бірі. Көп оқып 
терең ізденетін публицист бір ой айту үшін бірнеше деректерге жүгінеді. Бұл 
қасиеті де оның стильдік өзгешелігі. Еліміздегі экономика саласына көп 
өзгерістер қажеттігін осыдан бірнеше жыл бұрын болжап айтып кеткен 
публицист «Қазақстан экономикасы: шешілмеген проблемалар мен 
реттелмеген мәселелер» атты мақаласында: «Қазақстан экономикасының хал 
–жағдайын айқындайтын бірнеше деректер келтірейік. Бұлардың көбісі 
бұрын ашылмайтын, айтылмайтын. Ауыр өнеркәсіп елімізде 60 проценттен 
асса, Қазақстанда 47 процент шамасында екен. Әсіресе, өндеу салалары, 
нақтылы түпкілікті өнім беретін, тұтынуға даяр өнім-бұйымдар шығаратын 
өнеркәсіп кейін, кенже қалған... Қазақстанның экономиаксы бір жақты 
дамыған болатын. Шикізат өндіретін сала басым өркендеген де, шығарылған 
рудалар сол шикі күйінде немесе концентрант ретінде басқа 


республикаларға, аймақтарға жөнелтіледі. Бізде бар өндірілетін шикізаттың 
17 проценті ғана өңделіп, дайын, ақырғы өнім болып шығады екен. Одан 
басқасының бәрі жартылай өңделген күйінде жөнелтіледі. Одан ақырғы өнім 
таза металды, алюминий прокатын басқа заводтар даярлап шығарады. 
Сондай –ақ титан губкасын біз өндіреміз де, одан таза асыл да қымбат металл 
–титанды басқа заводтар шығарып пайдаланады»,-деп елімізде жетекші 
мамандардың жоқтығын алға тарта отырып: «Қазақстан экономикасының 
тиімділігін өсіру үшін оның шикізат, отын мен руда шығарушы ғана емес, 
өңдеуші дайын өнімдер шығаруын көбейту керек»,- деген қажетті ақпар 
береді. Қарымды қаламгердің «
Энергетиканың болашағы қандай болады?» атты 
мақаласында «Сібір ғана емес, Орта Азияның адуынды асау тау өзендері де электр 
энергиясына бай. Нурек ГЭС-і дүниеге келді. Еліміздегі ең биік орналасқан Нурек ГЭС-
інің қуаты 2,7 миллион киловат. Оның шютинасы да өзіне сай -биіктігі Эйфель 
мұнарасына тең түседі. Енді Вахшқа екінші құрық салынғалы отыр. Нуректен де қуатты 
Ронгун ГЭС-і салына бастады. Оның плотинасының биіктігі 350 метрге жетеді. Барлығы 
Вахш өзенінде сегіз саты орнап, сегіз ГЭС салынады. Ертең екі мыңыншы жылдары Орта 
Азияның онсыз да қызулы күн сәулесіне Вахштың, оған қоса Пенджабтың тасқын 
суларынан алынған электр шұғыласы қосылып, самаладай жарқырай түседі! Пенджаб 
өзенінде сегіз емес, 13 ГЭС салынады, оның бәрі де Нурек ГЭС-терінен қуатты болады. 
Сөйтіп Памирдің екі арынды өзені – Вахш пен Пенджаб сағасына ғасырдың аяғына таман 
салынатын 21 ГЭС-тен 27 миллион килловатт –сағат электр энергиясы өндірілетін болады. 
Энергия дегеніміз сонымен, тіршіліктің қаны, шаруашылықтың жаны. Тіршілік 
ұлғайған ,шаруашылық молайған сайын оған қажет қан да молая, көбейе түсуі керек қой. 
Адам баласының алдындағы үлкен де күрделі міндеттің бірі – энергетика қамы, энергия 
алу жолы бола бермек. Қазірдің өзінде капиталистік дүние энергетикалық дағдарыспен 
бетпе –бет кездесіп отыр. Бұл дағдарыс олар үшін барған сайын ұлғая да шиеленісе 
береді. Ал табиғат өзінің дәл де әділ таразысымен ала білсе, жер бетіндегі адам баласына 
жетерлік энергия қорын өлшеп отыр. Оның көздері жаңарып та толыға береді. Ол судан, 
желден, күннің көзінен , атом қуатынан, ең ақыры, ең бастысы термоядролық күштен 
алынатын болады. Тек оны жоспармен, ақылмен өлшеп-пішіп ала білу қажет,( 
шығармалар жинағы ,2 –том, 91-92 б.) деп әр айтар ойды дәлелмен,дерекпен сөйлететін 
стильімен баяндайды. 
«Қазақстанға ядролық қару қажет пе?» деген мақаласында публицистік ойын 
былай түйіндейді; «Қазақстан қорғаныс жасау ғана емес, шабуылға араласа алады. Біздің 
бір кезде (90 жылдар басында) өз атом бомбамызды да жасауға болатын еді. Оған қажет 
шарттың бәрі сол кезде қолымызда бар болатын. Уранның қорынан әлемде бірінші орын 
аламыз, Үлбі зауытында ураннан қару заряды жасалады, бомба жасайтын, бомбаны 
сынайтын полигонымыз да бар. Бірақ, сол 90-шы жылдар басында Қазақстан әлемде, 
тарихта бірінші рет қолындағы бар қаһарлы ядролық қарудан түгелдей бас тартты. Әрине, 
соншама ракеталарды бейбіт қызметке бұруға, пайдалануға болатын еді. Енді сол сынақ 
полтионында қалған терең де ұзын штольняларды (тоннельдер) қазір айтылып жатқан 
радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз де ұзақ уақыт сақтауға да болмас па еді? ( шығармалар 
жинағы ,3 –том, 259-260 б. )- деп болашақтың да, бүгіннің де мәселесін қоғамға сұрау 
сала, ой қалдыра аяқтауының өзі де жеке шығармашылық даралық. Ал, «Журналист ел 
алдына шықты» (Шерхан Мұртазаға хат) мақаласында «Надандық дүлей күш – талай 
сойқанның сойылы болады» деген Маркс сөзін , « Егер дүниені қозғағың келсе, алдымен 


орныңнан өзің қозғал» деген Сократ нақылын, немесе бұрынғылардың «Ең сұйық сиямен 
жазылған сөздің өзі, басыңда жүрген тамаша ойлардан әлдеқайда артық» деген сөздерін 
қойын кітапшама көшіріп алдым. 
Тағы бір ой Абай туралы. Көбіміз Абайдың өлеңдерін оқимыз, тіпті жаттап та 
аламыз. Ол сол әрбір сөздің ар жағында не жатқанына назар сала бермейміз. Ал ойлы 
сөздері мен өлеңдерін ақылмен терең ұғынған жоқпыз. Оның философиялық толғау-
толғамдары тұңғиық, терең дүние. Оған енді ғана ене, түсіне бастадық. Және де сүңгіген 
сайын жаңа бір қабаттарын аша- ақтара бересің. Бірде Семейде болғанда облыстық
кітапханаға барып, бір кезде Абай алдырып оқыған кітаптарды қарап көрдім. Ойлы 
ғалымдар мен сыршыл жазушылардың еңбектерін орыс тілінде ойлана, бойына, ойына 
сіңіре оқыған екен ғой. Шерхан, сен де соған мегзейсің , солай дейсің. Мәскеу 
университетінде орысша оқыған сен орыс тілінің құдыреті мен қажеттілігін өте терең 
түсінесің, білесің (шығармалар жинағы ,3 –том, 250 б .),-деп Абай шығармашылығының 
бағалылығын басқаша бағамдап айрықша тәсілмен ұғындырады. 
«Қазақстан қазба байлықтары 10 триллион доллар!» деген еңбегінде былай деп 
тұжырым жасайды: «Сонымен, Қазақстанның қазына байлығы құнды. Қазір табылған, 
ашылған , есептелген қазба байлықтың барлық құны 3,7 триллион доллар болады екен. 
Геологтардың есебінше барлық болжамды қазына –байлықтар 10 триллион долларға 
барады. Нақты сезіну үшін бір дерек келтірейін. Осы байлық әр адамға шаққанда жарты 
миллион доллардан келеді екен. Бірақ бұл әлі жер астында жатқан қазына. Оны алатын да, 
пайдаланатын да ХХІ ғасыр адамдары болады. Есте болсын: африкалықтардың да жері 
бай, елі кедей екенін ойлап қоялық. (шығармалар жинағы , 1 –том ,249-250 б.) Айтар 
ойдың астарын мысалдармен,дәлелдермен,сандармен меңзеу тәсілі де қарымды
қаламгердің стильдік, тілдік ерекшелігін таныта түседі. 
Ш. Мұртаза К.Смайылов мақаласын оқығаннан кейін : 
«Сүйсінгенде, алғырлығыңа, журналистік тапқырлығыңа сүйсінемін. Біз 
болсақ, «Қазақстан ұлан –байтақ, Қазақстан бай» деген жалпы ұғыммен 
сөйлейміз. Сен болсаң, сол байлықты нақты цифрлармен сөйлетесің. 
Цифрлар сенің құлдыраңдап жүгіріп жүрген жиендерің сияқты. Тіпті жердің 
жеті қат астында жатқан байлықтың бәрін грамдап өлшеп, есеп-шотты сарт-
сұрт еткізіп, тиынына дейін шығарып қоясың»,-деп оның стиьдік, тілдік 
ерекшелігіне таңданғанын жасырмайды. 
Камал Смайылов –эпистолярлық жанрда да біраз қалам тартқан 
шебер журналистердің бірі. Оның «Жолданбаған 27 хатында» қоғамда, 
өмірде пайда болған күрделі жағдайлардың, қайшылықтардың, адамдардың 
ойында туған әрқалай, түрлі пікірлердің табиғатын аша отырып, өзі 
қадірлейтін зиялы қауым өкілдеріне сырттай жүргізген сұхбат-әңгімелері 
арқылы саяси өмірдің өткен жолдарына бүгінгі көзқараста терең баяндап 
береді. Автор ретінде жолданбаған хаттардың астарында қозғалып отырған 
тақырыпты жақсы білетін азаматтардың пікір- пайымымен үндестіре отырып, 
келелі әңгімеге бара алады. Сондықтан да болар, осы еңбегінің алғы сөзінде
«Әрқайсысының сол өзіне арнаған хаттағы пікір- мәселе жөнінде қандай ой –
көзқарасы барын түсінемін. Хатпен сөйлесу оңтайлы. Содан да мен бұл 


кітапты «Жолданбаған 27 хат» деп атауды жөн көрдім»,- деп жазады 
.(«Жолданбаған 27 хат», К.Смайылов. 1992) .
Қаламгердің адам мен қоғам арасындағы тығыз байланысты, өмірде 
болып жатқан өзгерістерді батылдықпен, шапшаңдықпен, ашық жаза білген
туындылары оқырман қауым арасында өзінің жоғары бағасын алып та 
үлгерді. Журналист шеберлігінің басты белгілері- тақырып таңдау, түпкі 
ойды қалыптастыру, сол арқылы өмір шындығына ықпал ететін, оқырманның 
көкірек ойына әсер ететін нақты дерек көзін жинау, қоғамның көкейтесті 
мәселелерін көтеру болса оның бәрі де осы қаламгердің бойында 
болғандығын бүгінгі көзі қарақты оқырман танып,біліп отыр. 
«Бал арасы бір килограмм бал жинау үшін бір миллион шақырым 
жол жүреді. Журналист мамандығын осы бал арасының жұмысына 
ұқсастыруға болады. Журналист өмірдің ортасында, ортасында емес-ау 
алдында жүреді. Бар жаңалықты жұрттан бұрын көреді, болар өзгерісті 
алдымен сезеді. Соның қиынын да, қызығын да көреді. Коммунистік партия 
кезінде журналистерді партияның жәрдемшісі дейтін, кейде қолбала деп те 
кемсітетін. Алайда оған журналистер жасымайтын. Кейде журналист 
қоғамдық ой –пікірдің жетекшісі деп көтермелеп те қоятын. Оған 
журналистер мастанбайтын. Ендігі басшылар журналистерді «үкіметтің 
нұсқау-шешімдерін жұртқа жеткізетін механизм» деп техникалық аспапқа 
теңеп қояды»,-деп жазды (22, 98 б, К.Смайылов,2000),- көсемсөзші –
қаламгерлерге берген бағалау пікірінде. 
Қорыта келгенде, белгілі қаламгер Камал Смайыловтың журналистік 
шығармашылық ерекшелік сипаты мыналардан көрініс табады:
-ойы көркем, мазмұны тартымды болып келеді; 
-тартымды, тағылымды ой айтады; 
-нақты деректер мен фактілерге сүйенеді;
-дерексіз, дәлелсіз ой айтпайды; 
- мәселенің мәнін әбден түсініп, дәлелденгеннен кейін ғана тұжырым 
жасайды;
-тілі ғылыми болғанымен көпшілікке қол жетімді; 
- тіркестер орнымен қолданылады, сөйлемдері тиянақты; 
- сөз қумайды, ой түйіндей білудің шебері; 
- кез келген тақырыпты аша біледі.
Қорыта айтар болсақ,К.Смайылов шығармашылығының ашылмаған 
қырларын, тілдік,стильдік ерекшеліктерін зерттеу уақыт еншісінде болмақ. 


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет