К. Т. Нурсейтова тыныс алу жүйесіНІҢ гистологиясы



Дата15.07.2016
өлшемі0.67 Mb.
#200428


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТІРЛІГІ

ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ

К.Т. Нурсейтова

ТЫНЫС АЛУ жүйесіНІҢ ГИСТОЛОГИЯСЫ
оқу құралы

Қарағанды 2010

ӘОЖ 616.2-018

КБЖ 54.12 я 7

Н 83
ПІКІРСАРАПШЫЛАР:

А.А. Кикимбаева, АҚ «Астана медицина университеті» гистология

курсының профессры, биология ғылымдарының докторы


С.К. Джумабаева, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің гистология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты
Ф.С. Абикенова, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің патологиялық физиология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты
Н 83 Нурсейтова К.Т. Тыныс алу жүйесінің гистологиясы.- Оқу құралы. – Қарағанды. – 2010 - 33 б.

Оқу құралында тыныс алу жүйесі мүшелерінің гистофизиологиясы қарастырылған.

КБЖ 54.12 я 7
ҚММА Әдістемелік кеңесінде бекітілді

10.03. 2010ж. № 7 Хаттама


ҚММА Ғылыми Кеңесінде бекітіліп ұсынылған

25.03. 2010ж. № 7 Хаттама


© К.Т. Нурсейтова, 2010ж.




Мазмұны
Кіріспе 4

Тыныс алу жүйесі 5

Ауа өткізу жолдары 6

Мұрын қуысы 6

Көмекей 7

Кеңірдек 9


Өкпе 11


Бронхтардың бұтақтары 12

Өкпенің респираторлық бөлігі 14

Білім деңгейін тексеруге арналған тестілер 18

Бақылау сұрақтарының үлгісі 28

Оқиғалық есептер 28

Тыныс алу жүйесі бойынша тапсырмалар

картасы және орындау негіздері 29

Тестілердің жауаптары 31

Оқиғалық есептердің жауаптары 32

Қолдануға ұсынылатын әдебиеттер 33



Кіріспе
Тыныс алу жүйесінің құрамына сыртқы тыныс алу және организмге маңызды бірқатар тыныс алудан басқа қызметтерді атқаратын мүшелер кіреді. Тыныс алу жүйесі мүшелерінің қалыпты жағдайдағы дамуын, құрылысын және қызметін білу, осы жүйелердің сырқаттарын алдын алу және емдеу үшін барлық мамандықтар үшін қажет. Оқу құралы 2006ж. типтік бағдарлама бойынша медицина салаларында қазақ тілінде оқитын студенттерге арналған. Оқу құралында тыныс алу жүйесі гистологиясы модулі бойынша өтетін дәрістер мен тәжірибелік сабақтардың жоспарының үлгісі берілген. Студенттер осы оқу құралынан аталған тақырыптар бойынша қажетті материалдарды таба алады.

Дәрістердің тақырыптары:

  • Ауа өткізу жолдпрының гистологиясы. Балаларда болатын ерекшеліктері. 1 сағат.

  • Өкпенің респираторлық бөлімінің гистологиясы. Балаларда болатын ерекшеліктері. 1 сағат.


Тәжірибелік сабақтардың тақырыптары:

  • Мұрын қуысы, көмекей, кеңірдек, бронхтар, қабықшалардың тіндік құрамы. 3 сағат

  • Ацинус. Респираторлық және секреторлық альвеолоциттердің цитофизиологиясы. Аэрогематикалық тосқауыл. 3 сағат


Студенттердің өзіндік жұмысының тақырыптары:

  • Тыныс алу мүшелерінің нәрестелердегі және әр түрлі жас кезеңіндегі балаларда болатын ерекшеліктері. 3 сағат

ТЫНЫС АЛУ жүйесі

Тыныс алу жүйесінің көмегімен жұтқан ауадан оттегі сіңіріліп организмнен көмірқышқыл газы шығарылады. Тыныс алу жүйесі екі бөлімнен түрады: ауа өткізу жолдарынан және респираторлық бөлімнен. Ауа өткізу жолдарына мұрын қуысы, көмекей, мұрынжұтқыншақ, кеңірдек, бронхтар жатады. Респираторлық бөлімнің құрамына бронхиолалар, альвеолярлық жолдар, альвеолярлық қапшықтар кіреді. Бұл құрылымдар өкпе ацинусын құрайды.



Дамуы. Көмекей, кеңірдек және өкпе эмбрионалдық дамудың 3-4 аптасында алдыңғы ішектің вентральды қабырғасының өсіндісі түрінде пайда болады. Көмекей мен кеңірдек эмбрионалдық дамудың 3 аптасында алдыңғы ішектің вентральды қабырғасының қап тәрізді тақ өсіндісінің жоғарғы бөлігінен дамиды. Ол төменгі бөлігінде екіге бөлініп, оң және сол өкпені береді. Кейін бұл қаптардың өзі көптеген ұсақ қапшықтарға бөліп, араларына мезенхима кіре орналасады. 8-ші аптада қысқа, түзу түтікшелер түрінде бронхтар пайда болады, 10-12 аптада олардың қабырғасы қатпарланып, призмалық эпителиймен қапталады (бронхиалды бұтақтар жүйесі қалыптасады). Дамудың бұл сатысында өкпе безге ұқсас болады (безді саты). Эмбриогенездің 5-6 айында терминалды және респираторлық бронхиолалардың, сонымен қатар капиллярлар торымен және жүйке талшықтарымен қоршалған альвеолярлық жолдардың дамуы өтеді (каналикулярлық саты). Бронхиалды бұтақтарды қоршай орналасқан мезенхимадан жазық бұлшық ет тіні, шеміршек тіні, борпылдақ талшықты дәнекер тіні, альвеолалардың коллаген және эластикалық элементтері дамиды. 6-7 айдан туғанға дейін альвеолалар мен оларды қаптайтын 1-ші және 2-ші типті альвеолоциттердің дамуы өтеді ( альвеолярлық саты).

Эмбрионалдық даму барысында альвеолалар қабысқан көпіршіктер түрінде болады. Туылған соң алғашқы дем алу кезінде альвеолалар ашылып, ауаға толады, қабырғалары жұқарады.


ауа өткізу жолдары

Оларға мұрын қуысы, көмекей, мұрынжұтқыншақ, кеңірдек және бронхтар жатады. Ауа өткізу жолдары арқылы жылжу барысында ауаның тазаруы, ылғалдануы, жылуы өтеді және жұтатын ауаның мөлшерінің реттелуі өтеді.


МҰРЫН ҚУЫСЫ

Мұрын қуысының екі бөлігін ажыратады: кіреберіс және меншікті мұрын қуысы (тыныс алу және иіс сезу аймақтары).



Құрылысы. Кіреберіс бөлігін шеміршек астында орналасқан қуыс құрайды. Оның қабырғасы көпқабатты жазық мүйізденетін эпителиймен қапталған, ол тері эпителийінің жалғасы болып табылады. Эпителий астында борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұратын меншікті табақша орналасады. Бұл қабатта май бездері мен қылшықты шаштардың түбірі болады.

Меншікті мұрын қуысының тыныс алу аймағын қаптайтын шырышты қабықша бірқабатты, көп қатарлы призмалық кірпікшелі эпителийден және меншікті табақшадан тұрады. Эпителийдің құрамыны 4 түрлі жасуша кіреді: кірпікшелі, микробүрлі, базальды және бокал тәрізді.



Кірпікшелі жасушалардың апикалді бөлігінде ауаның ағынына қарсы бағытта қозғалатын ұзындығы 3-5 мкм кірпікшелері болады (әр жасушада 250-ге дейін). Бұл жасушалар ауадан шаң-тозаңдарды, мироорганизмдерді ұстауға қатысады. Бокал тәрізді жасушалар эпителийдің бетін ылғалдауға қажет шырыш бөледі. Шырыштың құрамында эпителий астында орналасқан борпылдақ дәнекер тінінің плазмоциттері бөлетін иммуноглобулиндер болады. Микробүрлі жасушалар хеморецепторлар болып табылады. Базальды (ендірме, камбиальды) жасушалар – аз дифференцияланған жасушалар, митоз жолымен бөлінуге қабілетті, эпителийдің физиологиялық және репаративті қалпына келуіне қатысады.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, эластикалық талшықтары басым болады. Құрамында шырышты бездердің секреторлық бөлімдері орналасады. Олардың шығару өзектері эпителийдің бетіне ашылады. Сонымен қатар бұл қабатта лимфалық түйіншелер де орналасады.


көмекей

Көмекейдің қабырғасы үш қабықшадан тұрады: шырышты, фиброзды-шеміршекті, адвентициальды (1 сурет).



Шырышты қабықша көп қатарлы кірпікшелі эпителиймен қапталған. Тек шын дыбыс байламдары көпқабатты мүйізденбейтін жазық эпителиймен қапталған. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, эластикалық талшықтары басым, әрі ретсіз орналасады. Көмекейдің ортаңғы бөліміндегі шырышты қабықша қатпарлары шын және жалған дыбыс байламдарын құрайды. Шын дыбыс байламдарынан жоғары және төмен ақуызды-шырышты бездер орналасады. Дыбыс байламдарының көлденең-жолақты бұлшық ет тінінің жиырылуы олардың арасындағы қуыстың көлемін және дыбыс тембрін өзгертеді. Жас балаларда жалған дыбыс байламдарында көптеген қан тамырлары болады, олар қабыну кезінде қанға тез толып, тыныс алуды қиындатады.

Фиброзды – шеміршекті қабықша гиалинді және эластикалық шеміршектерден тұрады. Сыртынан тығыз талшықты дәнекер тінімен қапталған. Бұл қабықша көмекейдің қорғаныш-тіректік каркасын құрайды.

Адвентициальды қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, құрамында коллаген талшықтары басым болады.

1 сурет. Көмекейдің құрылысы (В.Г. Елисеев, Ю.И. Афанасьев, Е.Ф. Котовский бойынша)

1-Көмей үсті шеміршегі

2– Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы

3-Лимфалық түйіншелер

4 – Қан тамырлары

5 – Жалған дыбыс байламдары

6 –Көмекейдің бездері

7–Қалқанша тәрізді шеміршек

8 – Көмекейдің қуысы

9 – Шын дыбыс байламдары

11 – Көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителий




Кеңірдек

Кеңірдектің қабырғасы төрт қабықшадан тұрады: шырышты, шырыш асты негіз, талшықты-шеміршекті және адвентициалды (2 сурет).



Шырышты қабықшаның (tunica mucosa) екі қабатын ажыратады: эпителий және меншікті табақшасы. Эпителий бірқабатты көп қатарлы призмалық кірпікшелі, құрамына кірпікшелі, бокал тәрізді, эндокриндік және базальды жасушалар кіреді.

2 сурет. Кеңірдектің құрылысы (В.Г. Елисеев, Ю.И. Афанасьев, Е.Ф. Котовский бойынша)

1. Бірқабатты көп қатарлы призмалық кірпікшелі эпителий

2. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы

3. Шырыш асты негіз қабықшасы

4. Аралас ақуызды-шырышты бездердің секреторлық бөлімдері

5. Талшықты-шеміршекті қабықша

6. Шеміршек үсті қабық

7. Адвентициальды қабықша

Кірпікшелі жасушалардың пішіні призма тәрізді, апикальды бетінде шамамен 250-дей кірпікшелері бар. Кірпікшелер ауа ағынына қарсы бағытта қозғалып, ауадан шаң-тозаңдар мен микроорганизмдерді ұстауға қатысады.

Бокал тәрізді жасушалар – біржасушалы эндоэпителиалды бездер – гиалурон және сиал қышқылдарына бай шырыш бөледі. Ол шырыш асты негізде орналасқан бездердің өнімімен бірге эпителийді ылғалдауға қатысады. Шырыштың құрамында микроорганизмдерді залалсыздандыруға қатысатын иммуноглобулиндер болады, оларды борпылдақ дәнекер тінінің плазмоциттері бөледі.

Нейроэндокриндік жасушалардың пішіні пирамида тәрізді, ядросы дөңгелек. Бұл жасушалар ауа өткізу жолдарында орналасқан бұлшық ет жасушаларының жиырылуын реттейтін пептидтік гормондар мен биогендік аминдерді бөледі.

Базальды жасушалар – камбиальды жасушалар – пішіні сопақша немесе үш бұрыш тәрізді. Дифференциялану барысында цитоплазмасында тонофибриллалар мен гликоген пайда болады, органеллалардың саны көбееді.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, құрамында эластикалық талшықтар басым және олар бойлай орналасқан. Бұл қабатта лимфалық фолликулдар мен айналмалы бағытта орналасқан жекелеген жазық бұлшық ет жасушаларының шоғыры кездеседі.

Шырыш асты негіз қабықшасы (tela submucosa) борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Мұнда аралас ақуызды-шырышты бездер орналасады, шығару өзектері шырышты қабықшаның бетіне ашылады. Бездер кеңірдектің артқы және бүйір беттерінде басым болады.

Талшықты-шеміршекті қабықша (tunica fibrocartilaginea) 16-20 тұйықталмаған сақиналар түрінде орналасқан гиалинді шеміршек тінінен тұрады. Кеңірдектің артқы бөлігінде шеміршек сақиналарын жазық бұлшық ет жасушаларының шоғыры біріктіреді. Құрылысының осындай ерекшеліктеріне байланысты кеңірдектің артқы қабырғасы жұмсақ, бұл оның артында орналасқан өңеш арқылы ас түйірінің өтуін жеңілдетеді.

Адвентициальды қабықшаны (tunica adventitia) борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тіні түзейді.
ӨКПЕ

Өкпе кеуде қуысының көп бөлігін алып жатады және оның пішіні тыны салу сатысына байланысты өзгеріп отырады. Сыртынан өкпе сірлі қабықшамен – висцеральды плеврамен қапталған.



Құрылысы. Өкпе екі бөліктен тұрады: ауа өткізу жолдары (бронхтардың бұтақтары) мен респираторлық (3 сурет).

3 сурет. Өкпе құрылысы(В.Г. Елисеев, Ю.И. Афанасьев, Е.Ф. Котовский бойынша)

А. Орта бронх

Б. Терминальды бронхиола

В. Респираторлық бронхиола

Г. Альвеолярлық жол

Д. Альвеолярлық қапшық

Е. Кіші бронх


БРОНХТАРДЫҢ БҰТАҚТАРЫ

Бронхтардың бұтақтары басты бронхтардан (оң және сол) басталады. Олар өкпеден тыс орналасқан бөліктік бронхтарға (1-ші реттік ірі бронхтар), кейін зональдық (2-ші реттік ірі бронхтар) бронхтарға (әр өкпеде 4-тен) тармақталады. Өкпеішілік сегментарлық бронхтар (әр өкпеде 10-нан) субсегментарлық 3-5-ші реттік бронхтарға (орта бронхтар) тармақталады. Олардың тармақтары кіші бронхтарға жалғасады, ал олар терминальды бронхиолалармен аяқталады. Терминальды бронхиолалардан кейін өкпенің респираторлық бөлімі басталады.



Бронхтардың құрылысы. Бронхтардың қабырғасы 4 қабықшадан тұрады: шырышты, шырыш асты негіз, фиброзды-шеміршекті және адвентициалды. Қабықшалардың құрылысы бронхтардың диаметріне байланысты өзгеріске ұшырап отырады. Шырышты қабықшаның (tunica mucosa) үш қабатын ажыратады: эпителий, меншікті және бұлшық етті табақшалар. Эпителий бірқабатты, көп қатарлы призмалық кірпікшелі. Бронхтардың диаметрі кішірейген сайын эпителий жұқарады. Құрамына кірпікшелі, бокал тәрізді, эндокриндік, базальды жасушалар және терминальды бронхиолаларда жиекшелі, кірпікшелі, жиекшесіз, Клардың секреторлық жасушалары кіреді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы бойлай орналасқан эластикалық талшықтарға бай борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Эластикалық талшықтардың мұндай орналасуы бронхтардың ауаны жұтқан кезде созылуына және ауаны шығарған кезде қалпына келуіне септігін тигізеді. Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы жазық бұлшық ет тінінен тұрады. Бронхтардың диаметрі кішірейген сайын бұлшық етті табақша қалыңдайды.

Шырыш асты негіз қабықшасы (tela submucosa) борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тінінен тұрады. Бұл қабықшада аралас шырышты-ақуызды бездердің секреторлық бөлімдері орналасады, шығару өзектері эпителийдің бетіне ашылады. Олардың бөлетін өнімі шырышты қабықшаны ылғалдандырады, ал шырыштың ақуызды компоненті бактериостатикалық және бактериоцидтік әсер етеді. Кіші бронхтарда бездер болмайды.

Фиброзды-шеміршекті қабықша (tunica fibrocartilaginea) ірі бронхтарда гиалинді шеміршек тіні табақшалар түрінде, орта бронхтарда гиалинді шеміршектің орнына эластикалық шеміршек тіні пайда болады және олар аралшықтар түрінде орналасады. Кіші бронхтарда бұл қабықша болмайды.

Адвентициальды қабықшаны (tunica adventitia) борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тінінен тұрады, ол өкпе паренхимасының бөлікаралық және бөлікшеаралық дәнекер тініне жалғасады.

Сонымен, ірі бронхтартарда (диаметрі 5-15 мм) эпителий бірқабатты көп қатарлы призмалық кірпікшелі, шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы нашар дамыған, шырыш асты негіз қабықшасында аралас бездер орналасады және фиброзды-шеміршекті қабықшасы ірі шеміршек табақшаларынан тұрады. Орта бронхтарда эпителий бірқабатты көп қатарлы аласа призмалық кірпікшелі, шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы қалыңдайды, шырыш асты негіз қабықшасында бездердің саны азаяды, фиброзды-шеміршекті қабықшасы аралшықтар түрінде орналасады. Кіші бронхтарда эпителий екі қатарлы кірпікшелі, бездер мен шеміршек тіні жоқ, шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы жақсы дамыған. Патологиялық жағдайларда бұлшық тінінің ұзақ уақыт жиырылуы ұсақ бронхтардың қуысын тарылтып, тыныс алуды қиындатады (бронхиальды астма). Терминальды бронхиолалар (диаметрі 0,5 мм). Шырышты қабықшасы бірқабатты текшелі кірпікшелі эпителиймен қапталған. оның құрамына жиекшелі, кірпікшелі, жиекшесіз, Клардың секреторлық жасушалары кіреді. Бронхиолалардың шырышты қабықшасының меншікті табақшасында бойлай орналасқан эластикалық талшықтардың арасында жекелеген жазық бұлшық ет жасушаларының шоғыры орналасады.



ӨКПЕНІҢ РЕСПИРАТОРЛЫҚ БӨЛІГІ

Өкпенің респираторлық бөлігінің құрылымдық-қызметтік бірлігі ацинус (acinus pulmonaris). Ол респираторлық бронхиолалардың, альвеолярлық жолдардың және альвеолярлық қаптардың қабырғасында орналасқан альвеолалар жүйесінен тұрады. Альвеолалардағы ауа мен қан арасында газ алмасу өтеді. Адам өкпесіндегі ацинустардың жалпы саны 150000. Ацинус 1-ші реттік респираторлық бронхиоладан (bronchiolus respiratorius) басталады, ол дихотомиялық 2-ші реттік және 3-ші реттік респираторлық бронхиолаларға бөлінеді. Бронхиолалардың қуысына альвеолалар ашылады. Әр бір 3-ші реттік респираторлық бронхиолалар альвеолярлық жолдарға (ductuli alveolares) жалғасады, ал альвеолярлық жолдар альвеолярлық қапшықтармен (sacculi alveolares) аяқталады (4 сурет). Ацинустар бір-бірінен жұқа дәнекер тіндік қабатпен бөлінеді. 12-18 ацинустар өкпенің бөлікшесін құрайды.


4 сурет. Өкпе ацинусының құрылысының сызбасы

А. Альвеолярлық қапшық

Б. Альвеолярлық жол

В. Альвеола

Г. Респираторлық бронхиола

Д. Терминальды бронхиола

Респираторлық бронхиолалар бірқабатты текшелі эпителиймен қапталған. Эпителийдің құрамында кірпікшелі жасушалар сирек, ал Клар жасушалары жиі кездеседі. Бұлшық етті табақшасы жекелеген, айналмалы орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының шоғырынан тұрады. Адвентициальды қабықшасы өкпенің интерстициальды тініне жалғасады.

Альвеолярлық жолдар мен альвеолярлық қапшықтардың қабырғасында көптеген альвеолалар орналасады. Ересек адамдарда олардың саны орташа 300-400 млн жетеді. Альвеолалар құрамында гемокапиллярлар бар жұқа дәнекер тіндік тосқауылдармен (2-8 мкм) бөлінеді. Альвеолалардың арасында диаметрі шамамен 10-15 мкм альвеолярлық тесікшелер орналасады. Альвеолалардың ішкі бетін екі түрлі жасушалар қаптайды: респираторлық альвеолоциттер немесе 1-ші типті жасушалар және секреторлық альвеолоциттер немесе 2-ші типті жасушалар. Жануарларда 3-ші типті немесе жиекшелі жасушалар орналасады.

Респираторлық альвеолоциттердің немесе 1-ші типті альвеолоциттердің (olveolocyti respiratorii) пішіні жазық, созылыңқы болып келген. Жасушаның ядросы орналасқан аймағы қалыңырақ (5-6 мкм) болса, ядросыз аймағы жұқа (0,2 мкм). Апикальды бетінде микробүрлері болады. Цитоплазмасында ұсақ митохондриялар мен пиноцитоздық көпіршіктер анықталады. Респираторлық альвеолоциттердің ядросыз аймағына гемокапиллярлардың эндотелиоциттерінің ядросыз аймағы жанаса орналасады. Олардың арасында газ алмасу өтеді, яғни бұл аймақта өте жұқа (орташа 0,5 мкм) аэрогематикалық тосқауыл орналасады( 5 сурет).

Секреторлық альвеолоциттердің немесе үлкен эпителиоциттердің (epitheliocyti magni) пішіні текшелі. Цитоплазмасында секреторлық аппараты жақсы дамыған және осмиофильді табақшалы денешіктер- цитофосфолипосомалар болады. Апикальды бетінде микробүрлері болады. Бұл жасушалар сурфактант өндіреді. Оның үш компонентін ажыратады: мембраналық, гипофаза (сұйық) және резервті сурфактант-миелин тәрізді құрылымдар. Сурфактант альвеолаларды қабысудан сақтайды, олардың қуысына жұтқан ауадан кіретін микроорганизмдердің өтуіне, сондай-ақ тамырлардан сұйықтықтың өтуіне кедергі болады.

5 сурет. Аэрогематикалық тосқауылдың құрылысының сызбасы

А. Өкпенің интерстициальды дәнекер тіні

Б. Үлкен эпителиоцит

В. Респираторлық альвеолоцит

Г. Респираторлы эпителийдің базальды мембранасы

Д. Гемокапиллярдың базальды мембранасы

Е. Эндотелий

Сурфактант үнемі алмасып отырады. Өкпеде сурфактант-антисурфактанттық жүйе бар. Сурфактантты секреторлық альвеолоциттер немесе 2-ші типті жасушалар бөлсе, оны сәйкес ферменттерді бөлу арқылы бронхтар мен бронхиолалардың қабырғасында орналасқан Клар жасушалары, 2-ші типті жасушалардың өзі және альвеолярлық макрофагтар ыдыратуға қатысады. Сонымен қатар, 2-ші типті альвеолоциттер өкпенің резекциясы кезінде бөліну арқылы оның қалпына келуіне қатысады. Альвеолалардың қабырғасында аталған жасушалардан басқа макрофагтарда орналасады. Олар фагоцитозға жауапты.

Тыныс алу жүйесінің қалпына келуі. Тыныс алу жүйесінің физиологиялық қалпына келуі жасушалық деңгейде өтеді, өйткені тыныс алу мүшелері камбиальды элементтерден тұрады, ал репаративті қалпына келуіне 2-ші типті жасушалар қатысады, өйткені митоз жолымен көбеюге қабілетті. Сонымен қатар, бронхтар мен бронхиолалардың базальды жасушалары да өкпенің резекциясы кезінде альвеолалардың эпителийінің жасушаларына дифференциялануға қабілетті. Дәнекер тіндік элементтер өздерінің камбиальды жасушалары арқылы қалпына келеді. Қалпына келу процессінің адамның жасына байланысты ерекшеліктері болады. Тек өкпенің өсуі аяқталмаған жас организмде ғана сылынған өкпе тінінің қалпына келуі бронхиолалардың, альвеолалардың және тамырлардың жаңадан пайда болуы арқылы өтеді. Ересек адамда өкпенің резекциясы кезінде жаңадан альвеолалар пайда болмайды, компенсация мүшенің қалған бөлігінің альвеолаларының гипертрофиясы арқылы жүзеге асады.


БІЛІМ ДЕҢГЕЙІН ТЕКСЕРУГЕ АРНАЛҒАН ТЕСТІЛЕР
1. Кеңірдектің қабырғасы қандай қабықшалардан тұрады

A). эпителиальды, дәнекер тіндік

B). шырышты, талшықты-шеміршекті, адвентициальды

C). шырышты, бұлшық етті, адвентициальды

D). шырышты, бұлшық етті, сірі

E). эндометрий, миометрий, периметрий


2. Тыныс алу жолдары эпителийінің құрамына кіретін жасушаларды атаңдар

A). кірпікшелі, бокал тәрізді, ендірме, жиекшелі, Клар жасушалары, эндокриндік

B). базальды, тікенек тәрізді, жазық

C). І және ІІ типті альвеолоциттер, альвеолярлық макрофагтар

D). меланоциттер, эпидермальдық макрофагтар (Лангерганс жасушалары), Меркел жасушалары

E). жиекшелі, бокал тәрізді, жиекшесіз, эндокриндік


3. Тыныс алу жолдарының талшықты-шеміршекті қабықшасы қандай тіннен тұрады

A). жазық бұлшық ет тінінен және эластикалық талшықтардан

B). эластикалық ойықты мембраналардан, жазық миоциттерден және борпылдақ талшықты дәнекер тінінен

C). тығыз пішінделген талшықты дәнекер тінінен

D). борпылдақ талшықты дәнекер тінінен, белокты-шырышты бездердің секреторлық бөлімдерінен, тамырлардан, жүйке талшықтарынан, лимфалық түйіншелерден

E). гиалинді, эластикалық шеміршек тіндерінен, тығыз талшықты дәнекер тінінен


4. Мұрын қуысында шырыш өндіруге қатысатын жасушаны атаңдар

A). эпителийдің М- жасушалары

B). бокал тәрізді жасушалар, көпжасушалы эндоэпителиальды бездер және ақуызды-шырышты бездер

C). эпителийдің Клар жасушалары

D). төмен және биік ендірме жасушалар

E). эпителийдің жиекшелі жасушалары


5. Дыбыс байламдары (шын және жалған) қапталады

A). көп қабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен

B). эндотелиймен

C). бір қабатты көп қатарлы призмалық кірпікшелі эпителиймен

D). көп қабатты жазық мүйізденетін эпителиймен

E). өтпелі эпителиймен



6. Ауа өткізу жолдарының қандай бөлігі көп қабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған

A). мұрын қуысы

B). көмей

C). дыбыс байламдары

D). кеңірдек

E). бронхтар мен бронхиолалар


7. Өкпенің респираторлық бөлімінің құрылымдық-қызметтік бірлігін атаңдар

A). альвеола

B). ацинус

C). альвеолярлық қапшық

D). альвеолярлық жол

E). бөлікше


8. Тыныс алу жүйесінің негізгі құрылымдық-қызметтік бірлігі

A). бронхтар

B). терминальды бронхиолалар

C). ацинус

D). альвеолярлық қапшықтар

E). респираторлық бронхиолалар


9. Өкпе ацинусының құрамын атаңдар

A). респираторлық бронхиолалар, альвеолярлық жолдар және қапшықтар

B). ұсақ бронхтар, терминалды және респираторлық бронхиолалар

C). безді және центроацинозды жасушалар

D). терминалды бронхиолалар, альвеолярлық қапшықтар

E). капиллярлар шумағы және екі қабатты капсула


10. Өкпенің респираторлық бөлімінде газ алмасу өтеді

A). интерстицияда

B). терминалды бронхиолаларда

C). ұсақ бронхтар мен терминалды бронхиолаларда

D). альвеолаларда

E). орта және ұсақ бронхтарда


11. Альвеолаларды не қаптайды

A). нейросенсорлық, тіректік және базальды жасушалар

B). кірпікшелі, ендірме, бокал тәрізді және эндокриндік жасушалар

C). кірпікшелі жасушалар және брохиолярлық экзокриноциттер (Клар жасушалары)

D). альвеолярлық макрофагтар

E). І және ІІ типті эпителиоциттер



12. Сурфактанттың қызметі

A). мукоцилиарлық тасмалдауға қатысу

B). метаболизмдік, рецепторлық

C). альвеолалардың беткейінің тартылысын төмендету, тосқауылдық, бактерицидтік

D). бронхтардың тонусын реттеу

E). альвеолалардың бетінің биопотенциалының тұрақтылығын сақтау


13. Сурфактантты түзуге қандай жасушалар қатысады

A). бокал тәрізді жасушалар

B). альвеолярлық макрофагтар

C). өкпе капиллярларының эндотелийі

D). ІІ типті альвеолоциттер

E). І типті альвеолоциттер


14. Плевра жапырақшалары құралған

A). эндотелийден және жұқа дәнекер тіндік қабаттан

B). мезотелийден және жұқа дәнекер тіндік қабаттан

C). борпылдақ талшықты дәнекер тінінен

D). мезотелийден және жазық бұлшық ет тінінен

E). мезотелийден және плевральды сұйықтықтан


15. Ауа өткізу жолдарының шырышты қабықшасының эпителийінің қандай жасушалары сурфактантты ыдыратуға қатысады

A). Клар жасушалары

B). бокал тәрізді жасушалар

C). кірпікшелі жасушалар

D). жиекшелі жасушалар

E). эндокриндік жасушалар


16. Ауа өткізу жолдарының шырышты қабықшасының эпителийінің қандай жасушалары улы заттарды залалсыздандыруға қатысады

A). бокал тәрізді жасушалар

B). жиекшелі жасушалар

C). Клар жасушалары

D). кірпікшелі жасушалар

E). эндокриндік жасушалар


17. Өкпе сыртынан қапталған

A). эластикалық мембранамен

B). жыбырлағыш эпителиймен

C). дәнекер тінлық капсуламен

D). көп қабатты жазық эпителиймен

E). мезотелиймен


18. Альвеолярлық макрофагтардың даму көзі

A). эктодерма

B). энтодерма

C). мезодерма

D). мезенхима

E). спланхнотом


19. Ауа өткізу жолдарының эпителийінің даму көзі

A). эктодерма

B). энтодерма

C). мезодерма

D). мезенхима

E). спланхнотом


20. Аэрогематикалық тосқауылдың құрамы

A). эндотелиоцит және капиллярдың базальды мембранасы, капилляр маңы кеңістігі, базальды мембрана және эпителиоретикулярлық жасуша

B). эндотелиоцит және капиллярдың базальды мембранасы, шекаралық табақша, тіректік эпителиоциттер

C). сурфактант, І типті альвеолоцит, базальды мембрана, эндотелиоцит

D). ІІ типті альвеолоцит, базальды мембрана, меншікті табақшаның дәнекер тіні, базальды мембрана және эндотелиоцит

E). эндотелиоцит, базальды мембрана, подоциттер


21. Клардың секреторлық жасушалары өндіреді

A). гликогенді

B). шырышты

C). сурфактантты

D). гормондарды

E). ферменттерді


22. Бронхтың эпителийінің қалпына келуін қамтамасыз ететін жасуша

A). нейроэндокриндік

B). жиекшелі

C). бокал тәрізді

D). базальды

E). кірпікшелі


23. Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасының жақсы дамып жетілуі келесі мүшеде анықталады

A). кеңірдекте

B). кіші көлемді бронхта

C). орташа көлемді бронхта

D). ірі көлемді бронхта

E). терминальды бронхиолада



24. Шырышты-ақуызды бездердің жақсы дамып жетілуі келесі мүшеде байқалады

A). кеңірдекте

B). ірі көлемді бронхта

C). орташа көлемді бронхта

D). кіші көлемді бронхта

E). терминальды бронхиолада


25. Қандай бронхтың шырышты қабықшасын бірқатарлы кірпікшелі эпителий қаптап тұрады

A). басты

B). зональды

C). сегментарлы

D). орташа көлемді

E). кіші көлемді


26. Ацинуста құрамында болмайды

A). респираторлық бронхиола

B). терминальды бронхиола

C). альвеолярлық жол

D). альвеолярлық қапшық

E). альвеола


27. Аэрогематикалық тосқауылдың құрамына кірмейді

A). респираторлық альвеолоцит

B). эндотелиоцит

C). альвеолярлық макрофаг

D). сурфактант қабаты

E). базальды мембраналар



28. Альвеоланың құрамына кірмейді

A). Клар жасушалары

B). тесіктер

C). респираторлық альвеолоциттер

D). альвеолярлық макрофагтар

E). секреторлық альвеолоциттер


29. Ауа өткізу жолдары қапталған эпителий

A). өтпелі

B) көпқатарлы кірпікшелі

C). бірқабатты призмалық

D). бірқабатты текшелі

E). бірқабатты жазық


30. Талшықты-шеміршекті қабықшасы 16-20 тұйықталмаған шеміршек сақиналарынан құралған тыныс алу жүйесінің түтікшелі мүшесін атаңдар

A). орташа көлемді бронх

B). үлкен көлемді бронх

C). басты бронхтар

D). кеңірдек

E). көмекей


31. Талшықты-шеміршекті қабықшасы гиалинді шеміршектің үлкен табақшаларынан тұратын бронхиальды тармақтың бөлігі

A). үлкен көлемді бронх

B). орташа көлемді бронх

C). кіші көлемді бронх

D). көмекей

E). кеңірдек


32. Қабырғасында эластикалық шеміршектің аралшықтары орналасқан тыныс алу жүйесінің түтікшелі мүшесін атаңдар

A). үлкен көлемді бронх

B). орташа көлемді бронх

C). кіші көлемді бронх

D). көмекей

E). кеңірдек


33. Бұлшық етті табақшасы өте жақсы дамып жетілген шырышты және адвентициальды қабықшалардан құралған өкпешілік бронх

A). басты

B). үлкен көлемді

C). орташа көлемді

D). кіші көлемді

E). терминальды бронхиолалар


34. Шырышты қабықшасы бірқатарлы текшелі кірпікшелі эпителиймен қапталған өкпеішілік бронхиалды тармақтың бөлігі

A). орташа көлемді бронх

B). сегментарлық бронх

C). үлкен көлемді бронх

D). басты бронх

E). терминальды бронхиолалар


35. Өкпе ацинусы тұрады

A). респираторлық бронхиолаларда, альвеолярлық жолдарда және қапшықтарда орналасқан альвеолалар жүйесінен

B). терминальды бронхиоладан

C). І-ші деңгейдегң респираторлық бронхиоладан

D). ІІ-ші деңгейдегі респираторлық бронхиоладан

E). бір альвеоладан


36. Өкпе альвеоласының респираторлық эпителиоциттерінің пішіні қандай

A). жұлдыз тәрізді

B). конус тәрізді

C). жазықтанған, созылыңқы

D). текшелі

E). биік призмалық


37. Ауа жүретін жолдардың қандай бөлімдерінің шырышты қабықшасында бұлшық етті табақшасы болмайды

A). сегментарлы бронхта

B). кеңірдекте

C). субсегментарлық бронхта

D). орта көлемді бронхта

E). кіші көлемді бронхта


38 Өкпе ацинусын құрайды

A). терминалды бронхиолалардың тобы

B). бір терминалды және екі респираторлық бронхиола

C). респираторлық бронхиолалар, альвеолярлық қапшықтар және альвеолярлық жолдар

D). терминалды бронхиолалар, альвеолярлық жолдар

E). терминалды бронхиолалар, альвеолярлық жолдар және қапшықтар


39. Өкпе сыртынан немен қапталады

A). мезотелиймен

B). жыбырлағыш эпителиймен

C). дәнекер ұлпалық капсуламен

D). көп қабатты жазық эпителиймен

E). эластикалық мембранамен


40. Мұрын қуысы қапталған

A). адвентициальды қабықшамен

B). сүйек үсті қабығымен

C). көп қабатты жазық эпителийлі шырыш қабықшасымен

D). көп қатарлы кірпікшелі эпителий шырышты қабықшамен

E). сірі қабықшамен


41. Өкпенің альвеолярлық макрофагтары дамиды

A). эктодермадан

B). энтодермадан

C). мезодермадан

D). спланхнотомнан

E). мезенхимадан


42. Өкпенің ауа өткізу жолдары дамиды

A). ішек түтікшесінің қабырғасынан және мезенхимадан

B). жүйке түтікшесінің қабырғасынан және мезенхимадан

C). ауыз бұғазынан және мезенхимадан

D). ішек түтікшесінің қабырғасынан және спланхнотом жапырақшаларынан

E). спланхотом жапырақшаларынан және мезенхимадан


43. Өкпенің респираторлық бөлімі дамиды

A). ішек түтікшесінің қабырғасынан және спланхнотом жапырақшаларынан

B). жүйке түтікшесінің қабырғасынан және мезенхимадан

C). ауыз бұғазынан және мезенхимадан

D). ішек түтікшесінің қабырғасынан және мезенхимадан

E). спланхотом жапырақшаларынан және мезенхимадан


44. Ұсақ бронхтардың эпителийінің құрамында болады

A). І және ІІ типті эпителиоциттер

B). кірпікшелі, щеткалы, эндокринді, секреторлық (Клар жасушасы)

C). кірпікшелі, бокал тәрізді, эндокринді щеткалы

D). кірпікшелі, щеткалы, секреторлық (Клар жасушасы)

E). щеткалы, секреторлық (Клар жасушасы)


45. Терминалды бронхиолалардың эпителийінің құрамында болады

A). І және ІІ типті эпителиоциттер

B). кірпікшелі, щеткалы, эндокринді, секреторлық (Клар жасушасы)

C). кірпікшелі, бокал тәрізді, эндокринді щеткалы

D). кірпікшелі, щеткалы, секреторлық (Клар жасушасы)

E). щеткалы, секреторлық (Клар жасушасы)


46. Респираторлық бронхоланың эпителдийнің құрамында болады

A). І және ІІ типті эпителиоциттер

B). кірпікшелі, щеткалы, эндокринді, секреторлық (Клар жасушасы)

C). кірпікшелі, бокал тәрізді, эндокринді щеткалы

D). кірпікшелі, щеткалы, секреторлық (Клар жасушасы)

E). щеткалы, секреторлық (Клар жасушасы)


47. Бронхтардың бокал тәрізді жасушаларының қызметі

A). гликопротеиндерді, гидролитикалық ферменттерді өндіреді

B). хеморецептор болып табылады

C). шырыш бөледі

D). пептидті гормондарды және биогенді аминдерді өндіреді

E). камбиальды болып табылады


48. Бронхтардың эндокринді жасушаларының қызметі

A). гликопротеиндерді, гидролитикалық ферменттерді өндіреді

B). хеморецептор болып табылады

C). шырыш бөледі

D). камбиальды болып табылады

E). пептидті гормондарды және биогенді аминдерді өндіреді


49. Бронхтардың жиекшелі жасушаларының қызметі

A). гликопротеиндерді, гидролитикалық ферменттерді өндіреді

B). хеморецептор болып табылады

C). шырыш бөледі

D). пептидті гормондарды және биогенді аминдерді өндіреді

E). камбиальды болып табылады


50. Бронхтардың базальды жасушаларының қызметі

A). гликопротеиндерді, гидролитикалық ферменттерді өндіреді

B). хеморецептор болып табылады

C). шырыш бөледі

D). камбиальды болып табылады

E). пептидті гормондарды және биогенді аминдерді өндіреді


51. Шырышты-ақуызды және ақуызды-шырышты бездер қай мүшеде болмайды

A). мұрын қуысында, көмекейде

B). кеңірдекте

C). ірі бронхтарда

D). орташа бронхтарда

E). ұсақ бронхтарда


52. І типті альвеолоциттерге тән емес

A). пішіні жазық дұрыс емес

B). газ алмасуына қатысады

C). терминальды бронхиолада болады

D). цитоплазмасында пиноцитоздық көпіршіктер болады

E). эктодермадан дамиды


53. Кеңірдектің қабырғасында қай қабықша болмайды

A). адвентициальды

B). бұлшықетті

C). талшықты-шеміршекті

D). шырышты негіз

E). шырышты


54. Кеңірдектің шырышты қабықшасының эпителийінде аталған жасушалардың қайсысы болмайды

A). кірпікшелі

B). эндокринді

C). бокал тәрізді

D). жиекшелі

E). базальды


55. Кеңірдектің шырышты қабықшасында болмайды

A). бұлшықет табақшасы

B). меншікті табақша

C). бокал тәрізді жасуша

D). кірпікшелі жасуша

E). базальды жасуша


56. Меншікті мұрын қуысының тыныс алу бөлігінің шырышты қабықшасының эпителийінде болмайтын жасуша

A). микробүрлі

B). кірпікшелі

C). кератиноциттер

D). бокал тәрізді

E). базальды


57. Кеңірдектің көпқатарлы призмалық эпителийінің құрамында қай жасуша болмайды

A). кірпікшелі

B). бокал тәрізді

C). эндокринді

D). базальды

E). апикальды-түйіршікті


58. Аэрогематикалық тосқауылдың құрамына кірмейтін элемент

A). І типті эпителиоциттің цитоплазмасы

B). ІІ типті эпителиоциттің цитоплазмасы

C). эндотелиоциттің цитоплазмасы

D). эпителиоциттің, эндотелиоциттің базальды мембранасы

E). сурфактант


59. Кеңірдекте, ірі және орташа көлемді бронхтарда қандай қабықша болмайды

A). шырышты

B). шырыш асты

C). бұлшықетті

D). фиброз-шеміршекті

E). адвентициальды


60. Альвеола аралық тосқауылдарда болмайды

A). сурфактант

B). фибробластылар

C). эластикалық талшықтар

D). лимфоциттер

E). макрофагтар



Бақылау сұрақтарының үлгісі




  1. Тыныс алу жүйесі мүшелерінің дамуы.

  2. Мұрын қуысының құрылымы.

  3. Кеңірдек пен бронхтардың ішкі бетін жабатын қандай жасушалар шырыш бөліп шығарады?

  4. Өкпенің ауа өткізу жолдары мен респираторлық бөлімінің қабырғаларының құрамына кіретін дәнекер тінінің еркшелігі неде?

  5. Қандай бронхтардың қабырғасында бездер және аралшықтар түрінде шеміршек бар?

  6. Ауа өткізу жолдарының қандай бөлімдері қуысының өзгергіштігіне аса бейім және неліктен?

  7. Ауа өткізу жолдары тіндердің қандай түрлерімен қапталған?

  8. Ауа өткізу жолдары мен альвеолаларға тыныс алған ауамен түскен шаң бөлшектерін шығаруда қандай құрылымдар қатысады?

  9. Өкпе ацинустары қандай бөлімдерден тұрады?

  10. Ацинустың барлық бөлімдері үшін қандай құрылымдар жалпы болып табылады?

  11. Ауа-қан тосқауылын құрайтын құрылымдарды атаңыздар.

  12. Сурфактант деген не, маңызы және оның құрамдық компоненттерін қандай жасушалар бөліп шығарады?



ОҚИҒАЛЫҚ есептер

  1. Кеңірдектің препаратында бездің шығару өзегі мен секреторлық аяққы бөлімі табылды. Безді жасушалардың цитоплазмасы әртүрлі тинкториалдық сипат танытады: бір жасушаларда анық базофилия, ал екіншілерінде цитоплазма ашық түсті, аз боялған. Өнімдерінің химиялық құрамы бойынша бұл бездер қандай болады?

  2. Шаңды ауамен дем алғанда ауа өткізу жолдарына және альвеолаға бөгде заттар енеді. Ауа өткізу жолдарының қандай жасушалары ауаны тазартуға қатысады және оны қалай іске асырады?

  3. Бронхиалдық астма кезіндегі тұншығу ауа өткізу жолдарының кейбір құрылымдарының қызметінің бұзылуына байланысты. Бұл құрылымдарды атаңдар, неге бұл үрдістер болатынын негіздеп көріңдер.

  4. Бронхоспазм кезінде кіші көлемді бронхтардың тарылуы жүреді. Бұл құрылымдардың гистофизиологиясында осы құбылысқа қандай жағдайлар жауапты?

  5. Ауа өткізу жолдарының қабырғасының құрылысына қарап мүшені анықтаңдар: бірінші препаратта шырышты қабықшада көпқатарлы жыбырлағыш эпителий бар, бездер жақсы дамыған, гиалинді шеміршектің ірі табақшалары анықталады. Екіншісінде шырышты қабықшаның эпителиі екіқатарлы жыбырлағыш, бездер мен табақшалар жоқ.

  6. Демді сыртқа шығару барысында өкпенің көлемі кішірейіп, мүшеден СО2 шығарылады. Өкпенің альвеолааралық тосқауылының қандай құрылымдары альвеоланың көлемін кішірейтуге қатысады?



ТЫНЫС АЛУ жүйесі тақырыбы бойынша

тапсырмалар картасы жӘне орындау негіздері
1 тапсырма. Кеңірдектің морфологиялық компоненттерін анықтауды үйрену.

Гематоксилин және эозинмен боялған кеңірдектің көлденең кесіндісінде кіші өлшемде оның қабырғасын құрайтын қабықшаларды қарап шығыңдар: 1-шырышты, 2-шырыш асты негіз, 3-фиброзды-шеміршекті, 4-адвентициалды. Үлкен өлшемде шырышты қабықшаның құрамында 5-бірқабатты призмалық көпқатарлы жыбырлағыш эпителииді, құрамында бойлай бағытталған эластикалық талшықтары мол 6-меншікті табақшаны анықтаңдар. Одан сәл төменірек орналасқан шырыш асты негізде 7-күрделі альвеолярлық шырышты-белокты кеңірдек бездерін табыңдар. Осы қабықшадан сыртқа қарай орналасқан тұйықталмаған гиалин шеміршегінен тұратын сақиналарды көріп, оны біріктіріп тұратын бұлшық ет шоғырларын анықтаңдар. Шеміршек сақинасы шеміршек үсті қабықшасымен жабылған. Кеңірдекті сыртынан жауып тұрған борпылдақ дәнекер тіннен құралған адвентициалды қабықшаны, оның ішіндегі 8-қан тамырлары мен жүйкелік аяқтамаларды көріп, кеңірдектің қабырғасының сегментінің суретін салыңдар.


2 тапсырма. Өкпенің гистологиялық құрылымын анықтау.

Гематоксилин және эозинмен боялған өкпенің гистологиялық препаратында микроскоптың кіші өлшемінде 1-ірі, 2-орташа, 3-кіші көлемді бронхтардың көлденең кесіндісін және олардың 4-арасында дәнекер тіннің құрамында анықталатын 5-альвеолалар мен 6-қан тамырларын көріңдер. Микроскоптың үлкен өлшемінде бронхтардың қабырғасын құрайтын морфологиялық компоненттерін және өкпе альвеоласын анықтаңдар. Ірі көлемді бронхта 7-шырышты қабықшаның көпқатарлы жыбырлағыш 8-эпителиіне. Шырыш асты негізіндегі аралас бездерге, айшық тәрізді 9-шеміршек табақшаларына көңіл аударыңдар. Орташа көлемді бронхта 10-екіқатарлы жыбырлағыш эпителийге, 11-толық дамыған бұлшық ет табақшасына, бездердің азайған санына, 12-эластикалық шеміршектің аралшықтарына көніл бөліңдер. Кіші көлемді бронхта 13-бірқатарлы жыбырлағыш эпителийді, бездердің жоқтығын, 14-жазық бұлшық еттен тұратын қабықшаны анықтап көріңдер. Бронхтардың арасындағы интерстициалды тінде өкпе ацинустарының адьвеоласын, қан тамырларын анықтаңдар. Өкпенің бір бөлігінің суретін салып, белгілерін қойыңдар.


3 тапсырма. Аэро-гематикалық тосқауылдың мсорфологиялық құрылымдарын зерттеу.

Ұсынылған электронды-микроскопиялық схемада, адьвеоланың қуысынан гемокапиллярға қарай бағытта, өкпе ацинусындағы ауа-қан тосқауылының гистологиялық құрамын анықтаңдар. Тосқауылдың суретін салып, келесі белгілерді қойыңдар: 1-респираторлық альвеолярлық жасуша, 2-базальдық мембрана, 3-интерстициалдық дәнекер тін, 4-базальдық мембрана, 5-эндотелиоцит.


4 тапсырма. Өкпе ацинусының құрылымдық құрамын анықтауды үйрену

Ұсынылған оқу кестесінде өкпе ацинусының құрылысын зерттеңдер. Альбомға көшіріп салып, келесі белгілерін қойыңдар: 1-терминальды бронхиола, 2-респираторлық бронхиола, 3-респираторлық альвеолярлық жол, 4-альвеолярлық қапшық, 5-респираторлық альвеола.



Тестілердің жауаптары

  1. – В 18. – D 35. – А 52. - С

  2. – А 19. - В 36. – С 53. - В

  3. – Е 20. – С 37. – В 54. - D

  4. – В 21. – Е 38. – С 55. - А

  5. – А 22. – D 39. – А 56. - С

  6. – С 23. – В 40. – D 57. - Е

  7. – В 24. – А 41. – Е 58. - В

  8. – С 25. – Е 42. – А 59. - С

  9. – А 26. – В 43. – D 60. - А

  10. – D 27. – С 44. – С

  11. – Е 28. – А 45. – В

  12. – С 29. – В 46. – D

  13. – D 30. – D 47. – С

  14. – В 31. – А 48. – Е

  15. – А 32. – В 49. – В

  16. – С 33. – D 50. – D

  17. – Е 34. – Е 51. – Е



ОҚИҒАЛЫҚ есептердің жауаптары

        1. Ақуызды-шырышты бездер.

        2. Кірпікшелі жасушалар. Кірпікшелер ауа ағынына қарсы бағытта қозғалып, ауадан шаң-тозаңдар мен микроорганизмдерді ұстауға қатысады.

        3. Кіші бронхтар. Бұлшық етті қабықшасының жиырылуына байланысты.

        4. Кіші бронхтардың қабырғасындағы жазық миоциттердің тонусының жоғарылауы.

        5. Бірінші препаратта ірі бронх, екіншіде – кіші бронх.

        6. Эластикалық талшықтар.


Қолдануға ұсынылатын Әдебиеттер
1. Ю. И. Афанасьева. Гистология: Учебник /Ю. И.Афанасьева, Н. А.Юрина - М.: Медицина, 2004. – 768с.

2. Р.Б. Абильдинов. Гистология, цитология и эмбриология: атлас для студентов медицинских ВУЗов. /Р.Б. Абильдинов, Ж.О. Аяпова, Р.И. Юй. - Алматы, 2006. -416с.

3. Ж.О. Аяпова. Цитология, эмбриология және гистология: оқу құралы. /Ж.О. Аяпова. -Алматы, 2007. – 288б.

4. Гистология, эмбриология, цитология: Учебник/ред. Э.Г. Улумбеков, Ю.А. Челышев. – М.: ГАОТОР. Мед., 2009.-408с. + СД-ром.

5. В. Л. Быков. Частная гистология человека./ В. Л. Быков. - СПб: Sоtis, 2000. – 300с.

6. П. Қазымбет. Гистология, цитология және эмбриология атласы: Медицина жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. /П. Қазымбет, М. Рысұлы, Ж.Б. Ахметов. -Астана, 2005. - 400б.

7. С.Л. Кузнецов. Гистология, цитология и эмбриология: Учебник. /С.Л. Кузнецов, Н.Н. Мушкамбаров. -М.: Мед. Инфор. агентство, 2007. - 600с.

8. С.Л. Кузнецов. Гистология. Комплексные тесты: ответы и пояснения: Учеб. пос./ С.Л. Кузнецов, Ю.А. Челышев. -М., 2007.-400с.

9. А.С. Пуликов. Возрастная гистология: Учеб. пособие./А.С. Пуликов. - Рн/Д: Феникс, 2006. – 173с.

25.03. 2010 басуға қол қойылды

Көлемі 2.2 есепті-баспа табағы

100 дана


ҚММУ баспаханасында басып шығарылды

Қарағанды қаласы, Гоголь көшесі,40






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет