«Тура дәл осы кезде (1919 жылы – Т.Ж.) оңбаған (мерзавец) және алашорданың асыранды шпионы Құлымбетов қызыл армияның Ырғыздағы отрядына барып сіңіп алды да, оларды да сатып, ақтарға қосылып кетті», – деп «қарымтасын қалжасымен қосып» қайырып алды.
Саясатты бүркенген саяси сатқындық кеңес идеологтарының сүйікті тәсілі болды.
Ххх
10.
Тергеушіге берілген жауаптағы бұл көрсетінді 1921 – 1922 жылғы астыртын ұйымның емес, «Алашорданың» мемлекет билігі туралы басты құрылымдық ұстанымы болатын. Онда:
«Россия – демократиялық федеративтік республика болуы тиіс. Федеративтік республиканың құрамындағы әр мемлекет өзінше дербес және әр қайсысының өзін-өзі тең дәрежеде билеу мен мүддесін қорғау құқы болуы керек. Үкіметтің басында Құрылтай кеңесі тұрады, дүбаралығында – Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Дума белгілі бір мерзімге сайлаған Президентбилейді. Президент Министрлер кеңесі арқылы басқарады, ол Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Думаның алдына жауап береді. Заң шығарушы өкімет тек қана мемлекеттік Думаның қолында болады, ол үкіметті бақылауға алу құқына ие болады. Тегіне, дініне, жынысына қарамастан барлық азамат сайлау құқына ие. Депутаттарды сайлау бәріне бірдей ашық және жасырын жүргізіледі, – деп көрсетілген болатын.
Ххх
11.
1927 жылы ақпанда БКП(б) саяси бюросының мәжілісінде «Қазақстандағы байларды тәргілеу науқанын жүргізудің жоспары арнайы талқыланды. Оған Сталиннің өзі төрағалық етті. Қазақ Өлкелік халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Ф.И.Голощкин мен оның идеологиялық қолбаласы О.Исаев бұған қатты «намыстанып», өздерінің әріптестерін «байлардың құйыршығы» деп айып тақты. Мұның соңы немен аяқталғаны мәлім.
(І.Құрамысовтың сөзі осыдан соң берілсе...)
ххх
12.
Ал Сталин Қазақстанға жаңа келген Мирзоянға: «Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БКП(б) орталық комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі – Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдай қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күрес барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылықа аалу үшін БКП(б) орталық комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз» , – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) нұсқау берді.
Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ. «Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, оны талқыға салған ғылыми кеңес өткізді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды.
Ххх ххх
13.
Сабырлы азамат, салмақты жазушы қатарындағы Сабыр Шарипов «Алашорданы» әшкерелеуге ерте қамданыпты. Ол өзінің 1922 жылы маусым айында «Степной правда» газетінде жарияланған «Шығыс Қазақстандағы революциялық қозғалыстың тарихы» атты мақаласында алаш қозғалысын жексұрын етіп қана көрсеткен жоқ, сонымен қатар:
«Алаштың көсемі боп тұрған кезінде, 1918 жылы шілде айында Бөкейханов «Сарыарқа» газетінде №42 санында жарияланған: кеңеске қатысы бар барлық қазақтарды тұтқындау, олардың балалары мен әйелдерін таланға салу туралы өзінің атақты №1 бұйрығын шығарды. Соның салдарынан бұрынғы қызылармияшы Жәнібеков және басқалар тұтқындалды. Комитеттің көрнекті жетекшілері Әуезов, Сәдуақасов, Байділдин және басқалар болды. Бұл комитет ресми түрде мәдени-ағарту сипатында жұмыс істеді, бірақ та олар Алашорданың саяси үйірмесінің ізбасары ретінде ұлттық рухта әрекет етті», – деп «әшкерелеп», оларды қанды қол жазалаушы етіп шығарды.
Алаш идеясы мен «Алаш» партиясының ыстық-суығы басылмай, «әшкерелеу науқаны» басталмай тұрған өліарада С.Шәріповтің «қаламұшын бұлай асыра сілтеуінің» себептері түсініксіз. Оны осы тұстағы Н.Ежовтың Семей губерниясының Қазақстанға қосылуына қарсы белсенді әрекетімен, С.Сәдуақасовтың ол басқарып отырған губкомды таратып жіберуімен, М.Әуезовтің губкомның төрағалығына сайлануымен, Ә.Байділдиннің бұл шешімді қолдап мақала жазуымен ғана түсіндіруге болады. Сонда Сабыр Шәріповтің ұстанымы қандай болғаны? Демек, қазақ жерінің тұтастығына мойынсынбаған – деген күмән ұялайды.
Ххх ххх
14.
Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешімге орай Қазақ халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов:
«Егер орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретін болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкін емес», – деді.
Ал Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев:
«Сөз әзірге біз ұға қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің тек орыс шаруаларының мүддесіне деген ерекше қамқорлығын бірнеше рет байқадым... Ендеше, неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе, айта йын, қазақьардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: «Біздің жерімізді неге алып жатыр?», – деп сұрайтыны анық. Біз болсақ ол жердің тұрғындарының басым көпшілігі орыстар дейміз. Оған олар: «Патшалық Ресейдің біздің жерімізді тартып алып, оған өзінің отаршылдарын қоныстандыр деп кім сұрапты?», – десе, не дейміз... Қазір ел арасында: «Қазақстанда кім бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкімет басында көп тұрмайды – деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлеріне қатысты айтылған. Мейлі, солай-ақ болсын дер едік, бірақ қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: «Сіздің басыңыз ауырды ма?», – деп сұрайды. Мен: «Жоқ, басым емес, жаным ауырады», – деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті», – деп күйіне айтты.
БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов:
«...Біздің республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе)...Мәселенің ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді.Қазіргі кезде қоныстандырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалады... Менің пікірімше, Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтап қалу және оны одан әрі нығайту тұрғысынан келу қажет...Кейбір жолдастарға ерік берсек, олар бұл республиканы таратып жіберуге құлышынып отырған сияқты», – деді (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита.А.2004, 268-бет).
Ххх ххх ххх
15.
Ф.И.Голощекин: «Тартыстың түп тамыры – интернационалистер мен ұлтшылдардың арасындағы күрес. Қазақ арасындағы топшылдық бөлініс 1920 жылдан, «Алаштықтар» партияға кіре бастаған кезден басталды. Бөліну қазақ партия ұйымы мен кеңестің алғашқы іргетасын қалаған «кәрі коммунистермен», 1919–1920 жылдары Меңдешевтің маңына топтасқан коммунистерді айтып отырмын, олардың арасына сынаша қағылып кірген Әуезов, С.Сәдуақасов бастатқан интеллигенция өкілдерінің, сондай-ақ Бөкейхановтың арқасында қалқаланып тұрған осы арада отырған жастардың, олардың аттарын атамай-ақ қояйын, арасында басталды», – деп (сонда, 284-бет) «іріктеп берді».
Хххх хххх
16.
1925 жылдың аяғындағы Ү Қазақ өлкелік партия конференциясында: жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халықтың мүддесін шешіп, олардың отырықшыландыруды міндеттеді. Алайда араға екі ай өткізбей, 1926 жылы 26 ақпанда жоққа шығарған арнаулы қаулы қабылдады. ҮІ өлкелік партконференцияда Голощекин жерді таптық тұрғыдан бөлу саясатын ұсынды. Сөйтіп, қазақ жері – қазаққа қайтпай қалды. Барынша қайрат көрсеткен қайраткерді жаңадан сайланған екінші хатшы І.Құрамысов:
«Біз Ильичсіз өмір сүріп келеміз, Сәдуақасовсыз да өмір сүре аламыз», – деді Смағұлдың қызметтен кету туралы өтініші талқыланғанда.
Ал Голощекин әдеттегідей көбікауызданып кетіп, С.Сейфуллиннің өлеңіндегі теңеуге жүгініп:
«...біздің байларымыз бен буржуазиялық интеллигенцияның ұлтшылдығы қандай момын. Шетінен мүттайым. Қараңыздаршы, Қазан төңкерісінің алдындағы ұлтшыл күшік Қазан төңкерісінен соң қандай төбет боп жетілді десеңші!», – деп лепірді.
Өкінішке орай оның жаңадан қойған жандайшаптарын таныстырып тұрып :
«...Мен, біз – бәріміз бұл мәселеде қателессек, онда Қазақстанның бақытсыздыққа ұшырағаны», – деген сандырағы дәл келді.
Олар – Ильичсіз, Сәдуақасовсыз және «төбеттерсіз» елді басқара алмады, ақыры қазақ халқын бақытсыздыққа ұрындырып тынды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев іріктеген бұл сілтемелер олардың саяси сүлдерін, портретін емес, сүлдері мен сықпытын анық танытады. С.Сәдуақасовтың Ғ.Тоғжановқа:
«Тек қана ленинизмге сүйеніп қазақ халқын басқаруға болмайды», – деген пікірі өмірлік шындықтың тарихи заңдылығын дәлелдеді.
Иә, пайғамбардың ақ жолы мен Ильичтің сара жолы еш қабыспайтын.
Ххх ххх ххх
17.
1923 жылы 9 -12 маусымда өткен «РКП(б) ОК-нің ұлт республикалры мен облыстардың жауапты қызметкерлерінің» кеңесінде пролетариаттың «мерзімдік көсемі» Г.Зиновьев: «Солшылдар – ұлт мәселесіне терең бара алмайды, оны тым жадағай түсінеді, соның салдарынан ұлт мәселесінің мәнін жоққа шығарып алғанын өздері де түсінбейтіндер. Олар өздерін ұлттық (национал) өкілдерміз деп барынша даурығып жүріп, ұлт мүддесін құрбандыққа шалып жіберетіндер. Олардың қауіптілігі, міне, осында», – деп С.Меңдешев, О.Исаев, І.Құрамысов, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов т.б. сияқты «солшылдардың социализмдегі балалық ауыруын» дәл басып, атап көрсетті.
ххх
18.
Ораз Жандосов өзінің 1937 жылы 20 қыркүйекте қауіпсіздік комитетінің тергеушілері лейтенант Бернер мен сержант (!) Калининге берген жауабында:
«Мен мүше болып кірген кеңес өкіметіне қарсы құрылған қазақ ұлтшылдарының ұйымы өзінің алдына: Қазақстандағы кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлатуды; Қазақстанның СССР-ден бөлініп кетуіне қол жеткізуді; сөйтіп капитализмді қайтадан орнатуды; тәуелсіз қазақ буржуазиялық мемлекетін құруды мақсат етіп қойды... Әлихан Бөкейханов кеңес өкіметіне бейімделу бағдарламасын ұсындыкеңес өкіметіне қарсы ұлттық мамандардың билік басында қалып, қастандық әрекеттерін ұйымдастыру үшін , өзінің пікірлестеріне: партия мен кеңес өкіметінің мекемелеріне сіңіп кету туралы тікелей нұсқау берді. Ә.Бөкейхановтың тікелей нұсқауымен М.Әуезовтің, Лекеровтің, С.Сәдуақасовтың, Жаманмұрыновтың және басқалардың партияға кіргені маған белгілі. Сонымен қатар, Ә.Бөкейхановтың: Қазақстанда социализм құрылымын орнату мүмкін емес, – деген теориясын ұлтшыл топтардың барлық мүшелері мойындайтын», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 51-бет) көрсетті.
Ххххх
19.
Бұл пікірді ысылған алашордашыл, кеңестің кенерлі дәбірі, қазақ жерін телімнен сақтаудың бас маманы Жағыпар Сұлтанбеков те тергеушіге 1937 жылы 19 шілде күні берген жауабында:
«Ұлтшыл топтардың бір бөлігі тікелей алашордадан шыққан, барлық топтағылар жекелеген «Алашорда» қайраткерлерімен (Әлихан Бөкейхановпен, Ахмет Байтұрсыновпен және басқаларымен) тура байланыста болды. Алғашында осы ұлтшыл топтардың, кейіннен біздің кеңеске қарсы ұйымның белсенді мүшелерінің біразы алашорда орталығының 1920 жылғы тікелей шешіміне байланысты компартияның ішінен бүлдіру әрекеттерін жүргізу үшін қасақана коммунистік партияның қатарына өткен бұрынғы алашордашылар немесе соларға іш тартатын адамдар еді. Мысалы Нахимжанов, Лекеров, Ж.Аймауытов және М.Әуезовтің Әлихан Бөкейхановтың тікелей нұсқауымен партияға кіргені маған мәлім», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 150-бет) Ораз Жандосовтың көрсетіндісін сөзбе сөз қайталаған.
Ххх ххх ххх
20.
О.Жандосов: «Нұрмақовтан алған нұсқауы бойынша, жоғарыда баяндап өткен тапсырмаларға орай, тура осындай жұмыстарды Аламаты облысы көлемінде Әлімбаев, Тынышбаев және Есіргенов жүргізді. Нәтижесінде Әлімбаев өзінің әкесі мен қайын атасына, ал Тынышбаев – малөндірісінң алпауттары Мамановтар мен Тұрысбековтерге хабарлады, сөйтіп олар иелігіндегі малдың бір бөдігін Батыс Қытайға өткізіп жіберді... Мұқан Орымбаев: Ақсудағы көтерілісті ұйымдастырған Жылысбаев. Ал оны айдап салып, бұл көтерілісті ұйымдастырып отырғандар шет елге ауып кеткен Маманов пен Тұрысбековтер екендігін айтты. Шындығына көшкенде бұл көтеріліс Рысқұлов пен Жылысбаевпен тікелей байланысы бар «алашордашылар» Тынышбаев пен Сүлеевтің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, ,65-бет, 67-бет) «мойындады».
Ххх ххх ххх
21.
Әуесінің соңынан арызданып, тек әкесі үшін ғана емес, мұқым алаш қайраткерлерінің ақталуына ат салысқан аз ұрпақтың бірі Л.Ж.Күдерина. Аяулы азамат арудың бұл хатына Қауіпсіздік комиьтетінің төрағасының орынбасары Тілеулиевтің өзі Ж.Күдерин туралы мәліметтің сақталмағаны туралы хабарлаған. М.Тынышбаев та: «Маған туыстық жағынан ең жақын адам еді», – дегеннен асып ешқандай артық мағлұмат бермеген. Осы орайда табанды ізденуші, мұрахаттардың шын жаны күйері Болат Нәсеновтің аталған жинағындағы Ораз Жандосовтың тергеуге берген жауабында Жұмақан Күдерин туралы:
«Мен 1935 жылы ұйымның мүшесі, Қожановпен тікелей байланысты бұрынғы алашордашы Жұмақан Күдеринмен қарымқатынасымды қайта жалғастырып, оны жұмысқа алдым. Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы. Анненковтың бандысы талқандалғаннан кейін: Қытайға өтіп кетсем бе, жоқ, кеңес өкіметінен кешірім өтінейін бе? – деп екіойлы болған Күдерин ауылда ұзақ жасырынып жүрді. Ақыры соңғы шешімге келіп, араға кісі салып, менімен байланысты. Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым. 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті, кейіннен контрреволюциялық әрекеті үшін сотталды, жазасын өтеген соң, 1935 жылы маған келді», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 75-бет) мағлұмат береді.
Өкінішке орай қандай қызметке алғанын атап көрсетпеген. Зерттеушілердің жанама ақпараттары бойынша ...істеген сияқты.
Ххх ххх ххх
22.
«Алашорда» қайраткерлерінің үстінен жүргізілген ресми тергеу ісін Заки Валидов пен Тұрар Рысқұловтың, Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың үстінен жүргізілген ресми емес тергеу деп атаса да болады. Өйтені қамауға алынған қайраткерлердің бәріне де осы төреуі жөнінде қадалып тұрып сұраған. Сұрақ-жауап барысында толық анықталмаған мәселе –1922 жылы Бұқарадан Ташкентке Алдаберген Үмбетбаевтің көмегімен жасырын келген кезінде Заки Валидов Тұрар Рысқұловпен жолықты ма, жоқ па? Тұрар Рысқұловтың өзі партиялық тазалау комиссиясы мен Сталинге жазған хаттарында мүлдем бас тартқан болатын. Ал 1937 жылы 3 шілде күнгі қауіпсіздік комитетінің тергеушілері, капитан Глебов пен кіші лейтенант Нейманға берген жауабында:
«Сұрақ: Сіздің: Валидовпен кездесуден бас тарттым – деген жауабыңыз күмәнді емес пе?
Жауап: Мойындаймын, кеңес өкіметіне қарсы басмашылар қозғалысының жетекшісі Заки Валидовпен бетпе-бет кездесуім 1922 жылы олжасырынып жүрген кезде Ташкент қаласында өтті. Мен ол кезде Мәскеуден Ташкент қаласына Түркістан республикасының халық комиссарлары кеңесінің төрағалығы қызметіне жаңа ғана ауысып келгемін», – деп «мойындайды».
«Рыков: партия және үкімет басшыларына қарсы террорлық қастандықтарды ұйымдастыруға оңшылдар қатаң түрде шешім қабылдағанын айтты және маған: ең бірінші саяси бюроның мүшелері Сталинді, Молотовты, Ворошиловты, Кагановичті өлтіру керек – деді», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 133-бет) ашына жауап беріпті.
Араға бір ғасырдай уақыт өтсе де саяси мәнін жоймаған, Тұрар Рысқұловтың азаматтық және қайраткерлік-партиялық тұлғасын анықтайтын бұл мәселе жөніндегі Тұрар Рысқұловтың өзі берген үш жауаптың, екі «мойындаудың» қайсысына сенуге болады, қай сөзі шын? Соңғы көрсетіндісі жан қысылғандағы жалған куәлік емес пе? Бәрі де мүмкін. Жүйкесін әбден діңкелеткен тергеушілерге және олардың қалай азапқа түскенін шымылдықтың сыртынан жасырын тамашалайтын шіркеу тақуасы Джугашвилиге ызасы келгені сондай:
Бұл туралы тергеудегі жауаптар да нақты және сенімді емес. М.Тынышбаев та, А.Үмбетбаев та бұл сұраққа жорта жауап қайырған.
ххх ххх
23.
Абдолла Асылбеков өзінің 1937 жылы 31 шілде күні тергеушігеберген жауабында:
«Сейфуллинмен 1934 жылы кездескенімде ол: «Кеңес өкіметіне қарсы күресті дәл қазірден бастау қажет. Тек көнтақы шенеунік қана безеріп отыра алады, ал әрбір саналы адам бұған көніп, қол қусырып отыра алмайды. Бұрын қандай топтың мүшесі болғанына қарамастан, кім өзін қазақ халқының нағыз ұлымын деп санайды, солардың барлығы да кеңес өкіметіне қарсы күресте бірігуі тиіс. Сен екеуміз, Асылбеков жолдас, алашордашылардың кез –келгені: халық үшін деп кеңірдектесіп едіңдер, сол халқың қырылып жатыр-ғой десе, не дейміз? – деп маған сұрақ қойды», – деген (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 145-146 бет) мәлімет береді.
Бұрын зиялы қауымның арасында: «Тар жол, тайғақ кешуді» жазғанына өкініп, бұрынғы райынан қайтып, оны қайта өңдепті. Кеңес өкіметі туралы пікірі өзгеріпті – делінетін пікір айтылып жүргенімен, нақты дәлел жоқ болатын. Өзінің қанды көйлек досы А.Асылбековке: «Алаш азаматтарына ен бетімізді айтамыз?», – деген мағынадағы жоғарыдағы сөзі С.Сейфуллиннің жандүниесінде үлкен өзгерістер болғанын растайды.
Ххх ххх ххх
24.
Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы 31 шілде күні тергеушіге берген жауабында:
«Қазан төңкерісін мен және басқа да буржуазияшыл ұлтшылдар, соның ішінде Мұстафа Шоқаев, Серікбай Ақаев, Қоңырқожа Қожықов, Әбдірахман Оразаев бар, Түркістан өлкесінің барлық реакцияшыл буржуазияшыл-ұлтшылдарын «Кеңес өкіметін мойындамаймыз, дербес буржуазияшыл қоқан республикасын орнатамыз!» – деген ұранмен Жалпытүркістандық төтенше құрылтайдың туының астына жидық. Осы құрылтайда премьер-министр Тынышбаев бастатқан үкімет құрылды, кейін оны Мұстафа Шоқаев ауыстырды. Қоқан республикасы Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының негізін қалады, ол 1918 жылдың басында талқандалды», – дейді (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 148 –бет
Ххх ххх
25.
1928 жылы 27 қаңтарда Алматыға «мырзақамаққа» жер аударылып келген Троцкий, қашан 1929 жылы ақпанда жасырын түрде Одесса арқылы шетелге жөнелтілгенше ерекше бөлімнің қызметкерлерін де, қазақ зиялыларын да біраз әбігерге түсірді. Кейбіреулерінің өмір жолын ажал камерасына бастады. «Алашорда» қайраткерлерінің тергеуі де соған орайластырылып, қыр көрсету мақсатында жүргізілгені күмән туғызбайды. Жоқты – идеяға, барды – тәргіге айналдыру большевиктердің ең қуақы саясаты болатын. Өжет те батыл, өткір тілді «орыс пен татардың қолбасшылығындағы қазақ полкінің» (өз сөзі) командирі, газет тігінделерін тиеп жүріп: «Кеңес мәдениеті жеңіл келеді, сондықтан да көтіңмен басып отырмасаң аспанға ұшып кетеді», «Қазақ полкін басқаратын қазақ туған жоқ», «1929 жылға дейінгі мал санын қалпына келтіру үшін үш немесе одан да көп бесжылдық керек» – деген сөздері үшін жауапқа тартылған, кейін намысты полковник атанған Ә.Баймолдин үстінен көрсетінді жазған Байкен Тыштыбаев:
«1928 жылдың аяғында, не 1929 жылдың басында (бұрынғы командирі – Т.Ж.) Бейсенбаевтың: «Троцкий қызыл армияның қолбасшысы әрі көсем, еңбегі сіңген адам», – деп сәлем беріп шығуды ұсынады. Троцкий бұларға: «Сендер жас бала емессіңдер, сондықтан да мені контрреволюционер деп жариялағанын білесіңдер. Сендерді жауапқа тартуы мүмкін», – деп ескертеді».
Айтқаны келіп, бажасы Т.Рысқұловпен, Н.Нұрмақовпен, Ұ.Құлымбетовпен, С.Қожановпен бірге қосақталып, атылып кетеді. Троцкийге берілген сәлемнің құны адамның өмірімен өлшенді. Ол да заман үкімі.
Ххх ххх ххх
26.
Мәскеуден тікелей Орта Азияға, яғни, Ташкент қаласына «мырза қуғынмен» жер аударылып келген:
«доктор Досмұхамедов 1920 жылдың 28 маусымынан бастап анатомия, физиология және гигиена пәнінен Қазақ педагогикалық институтының студенттеріне лекция оқуға» рұқсат беріледі, «курстың санитарлық дәрігері ретінде арнайы бөлме бөлінеді», қашан және қай күндері қандай пәннің өтілетінін доктор Досмұхамедовтің өзі белгілейтін» болып (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 11-бет) шешілді.
Бұған алғашында оқу ісінің меңгерушісі, директоры міндетін атқарған, ал 1920 жылы 21 тамыз күні институттың педагогикалық кеңесінің төрағасы боп бекітілген (демек қазіргі Абай атындағы педагогикалық университеттің бірінші ректоры) алаш қайраткері Иса Тоқтыбаев ұсыныс жасаған. Х.Досмұхамедов өзінің қызмет анкетасында: оқытушы-дәрігермін, Орал облысында туғамын, 1920 жылы Мәскеуден ауысып келдім, әйелім және 1 жас пен 12 жас аралығындағы 4 балам бар, Түрк. Мем.университетінің ординатор, дәрігерімін, кеңес өкіметіне көзқарасым дұрыс, ескі өкіметтің тұсында полицияда қызмет істегемін жоқ – деп анықтама берген.
Институтта педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық және физика-математика бөлімдері болған. Х.Досмұхамедов бір жылдың ішінде институт пен оның жанындағы педучилищеге ортақ 5 бөлмеден тұратын 8 орынды емдеу лазаретін ашады. 1920 жылдың 1 қазанынан мұнда А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, И.Тоқтыбаев, М.Жұмабаев, К.Жәленов, Х.Болғамбаев, Қ.Қожықов, Ж.Аймауытов, Д.Әділев, А.Байтасов, Д.Сәрсенов, С.Өтегенов, П.Құлтасов, Е.Табынбаев оқытушы болып орналасты. Кейін бұлардың қатарына Мұхтар Әуезов қосылды. Назарға ұстайтын ерекше дерек, институттың мұрахатында:
«1922 жылы 19 ақпан күні: оқу-ағарту комиссариатының қызмет тапсырмасына орай 16 ақпаннан бастап азамат Әділев институттағы қызметінен босатылды», – деген бұйрық (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, ташкент, 2005 жыл, 11-бет) сақталыпты.
Бұл Дінше Әділевті «қызыл партизаннан дала қарақшысына» айналуға бастаған, ең соңында «алашордашыларды» жаппай түрмеге тоғытқан тұйық жолдың алғашқы қадамы, том-том тергеу ісіне тіркелуге тиісті бірінші құжат болатын.
ххх
27.
Институттың ғылыми Кеңесінің төрағасы ретінде:
«Халел Досмұхамедов 1923 жылы 11 шілде күні Москва қаласында өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде ұйымдастырылатын қазақтың тұрмысы мен этнографиясына байланысты шараға Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының студенті Құрманбек Жандарбековтің әнші ретінде қатысуын ұсыныс етті, соған орай ол демалыстан шақыртылып алынды. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқан қазақтардың көрмесінде Қазақ ағарту институтының оқытушысы, Ташкенттегі Қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі Мағжан Жұмабаев ерекше ынта көрсетіп, белсенділік танытты. Көрмеге әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағы апарылды. Олардың ұзын саны 100-ге жуық. Солардың ішінде Темірдің Түркістандағы Ахмет Яссауидің мешітін салу туралы жарлығы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның жағырапиялық очерктері», Тұрар Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» атты кітаптар бар», – делінген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, ташкент, 2005 жыл, 52-бет).
Ххх
Сол жолы Мағжан Жұмабаев В.Брюсов ашқан Әдебиет институтында оқу мәселесін шешіп келді. Соған орай:
«Қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы Мағжан Жұмабаев 1923 жылы 1 қазан күні: оқуын жалғастыру үшін Москваға кетуіне байланысты қызметінен босатылды».
Ххх
Халел Досмұхамедов жетекшілік еткен Ғылым комиссиясы 1922 жылы ғана 622 кітап шығарды, оның 33,7 пайызы қазақ тіліндегі басылымдар.
ХХХ ХХХ
28.
Мұхамеджан Тынышбаев өзінің институтта толтырған анкетасына: «қара сүйектен шыққанмын, ешқандай революциялық қоғамдық қызметпен айналыспадым, денсаулығым жөнінде айтарым – жүрек қабы кеңейген, безгекпен ауырғамын, қазақ ағарту институтында тұрақты істегім келеді – деген анықтама берген. Ол – ұлт көсемі, Түрксібті жобалаған теміржолшы-инженер ретінде ғана емес, тек тарихшы ретіндегі еңбегімен де ұлт тарихында мәңгі сақталатын тұлға. Оның бұл саладағы зерттеуі 1923 жылғы институттың ІІІ курс студенттеріне арналған түркі-монғол тарихының бағдарламасынан бастау алды. Дәріс жобасы:
Достарыңызбен бөлісу: |