Кейінгі палеолит пен орта тас немесе мезолит дәуірінің шекарасы дәл қай жерден басталатындығы



бет1/2
Дата23.02.2023
өлшемі25.31 Kb.
#469937
  1   2
Мезолит

Мезолит дәуірі


Кейінгі палеолит пен орта тас немесе мезолит дәуірінің шекарасы дәл қай жерден басталатындығы туралы мәселеде ғалымдардың ортақ пікірі жоқ. Олардың бір бөлігі орта тас дәуірі болғанына күмән келтіріп, оны төменгі тас дәуірінің соңғы сатысы десе; екіншілері орта тас дәуірінің бір бөлігін жаңа тас дәуіріне қосады; үшінші топ археологиялық кезеңдеу принципнен ауытқып, жаңа дәуірді анықтауда табиғи-географиялық жағдай тұрғысынан қарағысы келеді; төртіншілері алдыңғы орынға шаруашылық-экономикалық, яғни әлеуметтік белгілерді қояды; Соңғы топ археологиялық кезеңдеу принсіптерін сақтап, тасты өңдеу техникасы жетілуіне қарай кезеңдеуді ұсынады.


Орта тас дәуірі кезінде игерілген тас өңдеу тәсіліндегі жетістіктер көне тас дәуірі қойнауында қалыптасып, дамыды. Көне тас дәуірі индустриясы мезолиттік құралдардың пайда болуына алғышарт жасады. Жоғарғы тас дәуірі кезіндегі көптеген құралдар мезолитте сақталып, одан әрі жетілдірілді. Осы тұста солтүстік аудандарда болған табиғи-климаттық өзгерістер мен әлеуметтік- экономикалық жетістіктер дамудың жаңа сатысына өтудің алғышартына айналды. Мезолит шамамен, б.э.д. 10-6 – мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Бұл мұздықтардың ерiп, солтүстiкке қарай шегiне бастаған кезi. Керi шегiнген мұздардың iзiмен олардан босаған жерлердi адамдар мекендей бастады. Жаңа кезеңде мыңдаған жылдар өмiр сүрген көне тас дәуірі мәдениетi, яғни iрi мамонттарды аулаумен машықтанған аңшылық мәдениет өзгерiске ұшырап, оның орнына басқа сипаттағы мәдениеттердiң келуi заңды құбылыс едi. Оған аң аулау тәсiлi мен аң аулау объектiсiнiң өзгеруiне орай болған тұрмыстағы жағдайлар әсер еттi. Мезолит дәуiрiнде далалы және орманды аймақтарды ұсақ та жылдам жүгiретiн аңдар, далалы жерлерде жылқы, бұқа, киік, құландар, ал орманды өңірде бұғы, шошқа, аю, қасқыр, түлкі секілді аңдар мекендеді. Оларды палеолит кезiнде кеңiнен қолданылған әдiспен аулау ешқандай нәтиже бермедi. Су құстары мен балықтарды аулау және терімшiлiк шаруашылық та елеулi орын алды. Ауа райының жылынуы терімшіліктің рөлін арттырды. Таулы аймақтар мен үлкен өзендердің жағасындағы тоғайларда жабайы жеміс-жидектер мол өсті. Оңтүстіктегі теңіз жағалауларында жеуге жарамды ұлуларды теру жыл бойына созылды. Балық аулау кәсібі де жоғары қарқынмен дамыды. Қайқы ілмек, гарпун, шөптен тоқылған ау секілді жаңа құралдар шықты. Үлкен ағаштан шауып жасаған алғашқы қайықтар мен ескектер пайда болды.
Орта тас дәуірінің алғашқы ескерткіші ХІХ ғ. соңында Францияда ашылды. Маз-д’ Азиль үңгірінен көне тастан кейінгі уақытқа жататын тұрақты ашқан Э. Пьет сол жердің атымен азильдік деп атады. Мезолит – өмірдің қай саласында бөлмасын адам тұрмысының жағдайы, шаруашылық, табиғат өтпелі кезең саналады. Егіншілік пен бақташылықтың алғашқы нышандары қалыптасатын кезде осы уақытта. Дегенмен, адам қолға үйреткен алғашқы жануар ит жоғарғы тас дәуірінде пайда болды. Шаруашылықтың иемденуші түрінен өндіруші түріне ауысатын кез де осы мезолитте жүзеге асты. Алғашқы егінділіктің нышандары Алдынғы Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Оңтүстік Еуропада пайда болды. Жекелеген аймақтарда аңшылық пен балық аулаудың мамандану әрекеті жүрді. Аңшылықтың иттің көмегімен жеке аулау, тұзақ қою секілді алуан түрлі әдістері игерілді.
Шаруашылықта болған өзгерістер адам қауымдарының бөлінуіне әкелді. Оны мезолиттік қоныстардың көлемінің кішіреюінен көруге болады. Қауым мүшелерінің саны 30-100 адамды қамтыды. Палеолиттік қауымдық үлкен үйлер жойылып, олардың орнына мезолиттік кішігірім маусымдық лашықтар орын тепті. Сонымен қатар орташа көлемдегі жертөле үйлер де болды. Кейбір қоныстардағы жертөлелердің ұзындығы 7 м, ені 5 м, тереңдігі 1 метрге дейін жетеді. Қауымдардың бірнеше бөліктерге бөлінуі жаңа тайпалардың қалыптасуына негіз жасады. Еуразия кеңістігінің оңтүстік аудандарындағы қоныстардан табылған иттердің сүйек қалдықтары оларды қолға үйретудің алғашқы нышанын білдіреді.
Мезолитте тас еңбек құралдарын жасаудың жаңа тәсiлдерi игерiлдi. Осыған орай тас тiстi еңбек құралдары шықты. Саптары ағаштан немесе сүйектен жасалған мұндай құралдардың бас жағына, болмаса өн бойына салынған арнайы кертпелерге ұсақ та жұқа қатпаршықтардан тас тiстер қыстырылды. Осындай қыстырма ретiнде пайдаланылған ұсақ тастар мен шақпақ тастан жасалған сегмент, трапеция, үшбұрыш түріндегі тас құралдарын археологияда «микролиттер» деп атайды. Олардан жебелер мен найзалардың ұштарын, орақтар мен найзалардың тiстерiн жасады.
Садақ пен жебенiң пайда болуы өндiргiш күштердiң дамуында елеулi төңкерiс жасап, ежелгi адамдардың шаруашылық өмiрiне түбегейлi өзгерiс алып келдi. Шаруашылықтың тұрпайы иемденушi нысанынан (формасынан), терімшiлiк пен аңшылықтан оның өндiрушi нысанына, егiншiлiк пен бақташылыққа өтудiң алғышарттары қалыптасты.
Мезолит (орта тас) дәуiрi Еуразия құрлығында бiрдей жүрген жоқ. Сондықтан мезолиттiк микролиттер еуразияның барлық жерлерде бiрдей кездесе бермейдi. Орта тас дәуірінен жаңа тас дәуіпіне өту де жергiлiктi жағдайларға байланысты әртүрлi және әркелкi. Осындай себептерге орай кейбiр ғалымдар еңбек құралдарының әртүрлi болуына сүйенiп, мезолиттi палеолит пен неолиттiң арасындағы өтпелi кезең деп есептесе, екiншi бiр ғалымдар микролиттер белгiлi аймақтарды бiр мәдениетке топтастырып, микролиттер кездеспейтiн аймақтарды екiншi мәдениетке топтастырып, «эпипалеолит» (кейiнгi жоғарғы тас) немесе «протонеолит» (алғашқы жаңа тас) деп атады.
Еуразия құрлығында бiрнеше мезолиттiк мәдени аймақтар болды. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймаққа Қырым, Кавказ, Каспий өңірі, Орта Азия мен Қазақстан жатады. Осы аймақтарда микролиттер мен қатар жалпақша тас құралдар таралды. Мезолиттік ең ерте тұрақтар Орта Азияда табылған. Көне тастың соңында Орта Азия мен оған көршілес жатқан Солтүстік Индия, Иран және Ауғанстан жерлерінде тас өңдеудің микролиттік әдісі пайда болады. Осы аймақта өндіруші шаруашылық түріне өту мезолитте басталды. Егіншілік пен бақташылықтың іздері Алдыңғы Азияның бірқатар ескерткіштерінде сақталған. Олар – Жебелі, Қойлы және Дам-Дам-Чешме өңірі тұрақтары. Олардан табылған шақпақ тастан жасалған құралдар Алдыңғы Азияның мезолиттік құралдарымен ұқсас. Сондықтан олар б.з.д. Х – ІХ ғасырлармен мерзімделеді. Жебелі тұрағын аңшылар мен балықшылар мекендегені анықталған. Үңгірге жақын жатқан Әмударияның құрғап қалған сағасы ол кезде өзен болса керек. Үңгірден табылған сүйек қалдықтары Жебелі тұрғындарының қарақұйрық, құлан, жабайы бұқалар мен су құстарының етін азық еткендігін білдіреді. Қой мен ешкінің сүйектері де кездеседі. Қырымда белгілі бірнеше үңгір тұрақтарының бірсыпырасы көп қабатты келеді. Шаң-Қоба үңгірінің аузына жел мен жаңбырдан тосқауыл жасалған тас қаландылары сақталған. Үңгірдің ортасында тас ошақ орналасқан. Аңшылық шаруашылықта жетекші орын алған. Негізгі азық көзі бұғылар мен қабан, т.б. аңдардың еттері болған. Замиль- Қоба, Мұрзақ-Қоба, Фатьма-Қоба үңгiр тұрақтары да мезолиттiк мәдени қабаттардан тұрады.
Мезолиттік ескерткіштер таралған екінші аймақ – Еділ-Ока аралығы, Каманың ортаңғы ағысы, Днепрдің жоғарғы ағысы мен Беларус, Литва жерлері. Эстониядағы Кунд мезолиттік мәдениеті ескерткіштері зерттелген. Шақпақ тастар қорына кедей осы аймақта сүйектен жасалған еңбек құралдары: гарпундар, ілмектер, кетпен және балтаның саптары, ау тоқитын құралдар көп кездеседі. Латвиядағы Звейнек жерлеу орнында жүзден астам қабірлер қазылған. Қабірлерге сүйектер ешқандай жүйесіз тасталып, үстінен охра себілген. Жерлеу заттарының ішінде аңның тісінен жасалған тұмарлар жиі табылады. Сонымен қатар сүйек найза, қанжарлар мен тас балталар да кездеседі. Солтүстік-батыс аймаққа жататын Онега көліндегі аралдан Оленеострав жерлеу орны ашылған. Онда 150 қабір қазылған. Олардың көпшілігінде сүйектер ұзынынан, бесеуі – аяғын бауырына бүкен түрінде жатқызылса, төртеуі – тігінен отырғызып жерленген. Қабірлердің бірі ерекше бай. Жерленген адамның жанынан сабына есектің басы салынған қанжар қойылған. Ал киіміне көптеген ілгешектер тігілген. Жерленген кісі көсем немесе шаман болуы мүмкін. Қабірден табылған заттардың аналогиясы жақын маңдағы ескерткіштерде кездеспейді. Бірақ кейбір бұйымдар кунд мәдениеті заттарына ұқсас. Қабірлерден қыш ыдыстар кездеспеген. Осындай белгілерін ескере отырып, мамандардың бір бөлігі Оленеостров жерлеулерін мезолитке жатқызып, б.з.д. V мың. жылға мерзімдейді.
Үшінші аймақ орманды дала, яғни солтүстік пен оңтүстіктің элементтері түйісетін аралық аймақ. Мұнда микролиттік құралдар өте сирек. Тастан қыстырма тістері бар сүйектен немесе ағаштан жасалған құралдар жиі кездеседі. Жерлеу дәстүрінен аруақтардан қорқаны, оған табынған белгілері байқалады. Мысалы, Васильевка селосының маңындағы әулеттік зиратта өлген кісілерді терең шұңқырға бастарын шығысқа қаратып көмген. Мәйіттердің сүйектері қатты бүктетілген. Мамандар жерлеу алдында оларды байлаған деген пікір айтады. Тағы бір жерлеуге үлкен тас қойылған, бұл да аруақтан қорыққандықтың белгісі іспеттес. Шақпақ тастан жасалған құралдар өте сирек, жебенің бірнеше ұштары мен мезолиттік қырғыштар табылған. Тағы бір марқұмның сүйегіне қадалған жебенің ұшы сақталған. Бұл сол кездегі адамдар тобыры арасындағы қанды қақтығыстың белгісі секілді.
Осындай әулеттік зираттардың пайда болуы ата-бабаның рухына табыну ғұрпының қалыптасуынан хабар береді. Замиль-қоба (Қырым), Холодный Грот (Абхазия) үңгірлерінде көмілген адамның бас сүйектері де осындай ғұрыппен байланыстырылады. Қырымдағы Фатьма-қоба, Мырза-Қоба зиратты жақсы зерттелген. Онда еркек пен әйел бірге жерленген қабір ашылған. Әйелдің кішкене саусағының соңғы буынын оның тірі кезінде кескені анықталды. Осындай ғұрып бізге этнографиялық салттан белгілі. Жалпы мезолиттік жерлеулерінде ортақ жүйелі дәстүр сақталмаған, Мәйіттің денесін ұзынынан, қол-аяғын бауырына бүгіп, басын кез келген бағытқа қаратып жатқызу ғұрыптары кездесе береді. Жерлеу құрылыстарынан рухқа табыну ғұрпының алғашқы элементтері аңғарылады.
Мезолиттік өнер туындлары тасқа салынған суреттерде сақталған. Аң аулау көріністері суреттелген жартастағы суреттер Уралда, Кавказда және Орта Азияда табылған. Бакуге жақын жердегі Биіктас тауының беткейіндегі үңгірден қолдарына садақ ұстаған адамдардың билеп тұрған көрінісі, жабайы бұқаның қашап салған сұлбасы табылған. Өзбекстандағы Зарауыт-Сай шатқалындағы Зарауыт-Қамар үңгірінде қызыл бояумен салынған суретте жабайы бұқаларды қамап аулау көрінісі бейнеленген. Мезолиттік өнерде адамдар тобының аң аулау көрінісі алғаш көрсетіледі. Сондай-ақ қолына садақ ұстаған адам бейнелері де алғаш кездеседі.
Орта Азияда 50-ден астам мезолиттiк тұрақтар белгiлi. Олардың iшiндегi ең әйгiлiлерi: Түрікменстандағы Жебелi, Қойылу; Тәжiкстандағы Ош-хана, Данғары, Чиль-Чор-Чашма; Өзбекстандағы Мачай, Обишир, т.б. тұрақтары. Орта Азияда палеолиттiң соңында тас өңдеудiң микролиттiк тәсiлi пайда болды. Шаруашылықтың өндiрушi нысанына көшу үдерісi Орта Азия жерiнде мезолит дәуiрiнен бастау алады. Егiншiлiк пен бақташылықтың iздерi Алдыңғы Азияның бiрқатар ескерткiштерінде сақталған. Палеолиттің соңында Орта Азияда және көршілес Солтүстік Индияда, Иран мен Ауғанстанда тас өңдеудің микролиттік тәсілі игерілді. Мезолиттің шекарасы егіншілік аймақтарда кесектен тұрғызылған үйлерден тұратын мекендердің пайда болған кезі болса керек.
Қазақстанда орта тас дәуірінің материалдық мәдениет ескерткіштері аз зерттелген. Ауа райының жылуы мен тұрғындар санының артуы алғашқы қауымдық аңшылардың едәуір солтүстік аудандарды игеруіне мүмкіндік берді. Орта тас тұрақтары Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай және Жайық секілді ірі өзендердің жағалауларынан табылып, зерттелген. Сол кездегі ауа райы қазіргіден едәуір жұмсақ болуына байланысты аңдардың ізіне еріп, жиі қоныс аударып отырған аңшылар бір жерде ұзақ тоқтамаған. Сондықтан олардың уақытша тұрақтарының орны мен жеңіл лашықтарының қалдықтары сақталмаған. Осыған байланысты болса керек, Қазақстан жерінде орта тас ескерткіштері басқа дәуірлермен салыстырғанда едәуір аз табылған. Небәрі жиырмаға жуық ескерткіштер белгілі. Солардың қатарында: Петропавл қаласының маңындағы Мичурин, Боголюбов 2, Явленка 2; Атбасардағы Тельман 7, 8; Қарағандыдағы Әкімбек, Қарағанды 15; Көкшетаудағы Шағалы, Виноградовка 2; Торғайдағы Дүзбай 6; Қостанайдағы Дачная, Евгеньевка тұрақтары бар.
Мұздықтардың жойылып, табиғи-географиялық ортаның өзгеруі аңшылықтың ескі тәсілінен оның жеке аңшылыққа негізделген жаңа түріне ауысуына себеп болды. Адам қоғамының нәтижелі дамуы тайпалық ұйымның қалыптасуына жол ашты. Адам қауымының жер бетіне таралуы одан әрі жалғасты. Өндіргіш күштердің дамуы қоғам дамуының келесі сатысына өтуге дайын болды.
* * *
Орта тас – (Мезолит) мәдениеттің жаңа негіздерін іздеу уақыты. Оның маңызды шаруашылық нысанының жаңа өндіруші саласы бақташылық пен егіншіліктің негізі пайда бола бастады. Балық аулау кәсібі таралып, кейбір аудандар мен елдерде шаруашылықтың жетекші саласына айналды. Шақпақ тас өңдеудің жаңа түрі микролиттерден қыстырмалы құрама құралдар жасау үлкен маңызға ие болды. Садақ пен жебе ойлап табылды. Балық аулайтын ілмектер мен балталардың алғашқы нысандарының, садақ пен жебенің пайда болуы аң аулау мен балықшылық кәсіптің дамуында маңызды орын алып, аңшылардың қоғамдағы рөлін арттырды.
Мұздықтардың жойылып, табиғи-географиялық ортаның өзгеруі аң аулаудың ескі нысанынан, яғни ұжымдық аңшылықтан жеке аулауға ауысуға мүмкіндік берді. Төменгі тас дәуірінде қалыптасқан адамдар ұжымдары рулық ұйымға ұласты. Мезолитте адамдардың жер бетіне таралуы жалғасып, жаңа жерлер игерілді. Өндіргіш күштерде болған прогресс қоғам дамуының келесі сатысына қадам басуға әкелді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет