Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы



бет1/2
Дата05.07.2016
өлшемі453.42 Kb.
  1   2
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi N 591 Заңы


Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 18, 105-құжат

МАЗМҰНЫ


      Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша «жеке профилактикалық жұмыс», «Жеке профилактикалық жұмыс», «жеке профилактикалық жұмысты», «Жеке профилактикалық жұмысты» деген сөздер тиiсiнше «жеке профилактикасы шаралары», «Жеке профилактикасы шаралары», «жеке профилактикасы шараларын», «Жеке профилактикасы шараларын» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2010.04.29 № 272-IV Заңымен.

      Осы Заң кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу жөнiндегi мемлекеттiк органдар қызметiнiң құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды.



1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар



      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) әлеуметтiк оңалту - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң органдары мен мекемелерi жүзеге асыратын өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағанды құқықтық, әлеуметтiк, дене бiтiмi, психикалық, педагогикалық, моральдық және (немесе) материалдық жағынан қалпына келтiруге бағытталған шаралар кешенi;
      2) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.29 № 272-IV Заңымен.
      3) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу (бұдан әрi - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы) - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алуға, оларға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған, кәмелетке толмағандармен, кәмелетке толмағандардың оларды тәрбиелеу, оқыту немесе бағып-күту жөнiндегi мiндеттерiн орындамайтын не олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн ата-аналарымен немесе басқа да заңды өкiлдерiмен, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдармен жеке профилактикасы шараларын қоса жүзеге асыратын құқықтық, педагогикалық және өзге де шаралар жүйесi;
      4) кәмелетке толмағанды бағып-күту - кәмелетке толмағанның ата-анасының немесе басқа да заңды өкiлдерiнiң өздерiнiң қаржылық мүмкiндiктерiнiң және қабiлеттерiнiң шегiнде оның толыққанды дамуы, оның мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтары мен мүдделерiн және мемлекеттiк ең төмен әлеуметтiк стандарттарды қорғау үшiн жағдай жасауы;
      5) кәмелетке толмағанды тәрбиелеу - балаға қоғамда қалыптасқан және оның рухани, дене бiтiмi, имандылық, психикалық, мәдени, зияткерлiк жағынан дамуына және әлеуметтiк ортаның терiс ықпалынан қорғауға бағытталған мiнез-құлық ережелерi мен нормаларын дарыту жөнiндегi ата-анасының немесе басқа да заңды өкiлдерiнiң, сондай-ақ мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң тарапынан оған әсер ететiн үздiксiз процесс;
      6) қадағалаусыз қалған бала - ата-анасының немесе олардың заңды өкiлдерiнiң, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi оқыту, тәрбиелеу және өзге де мекеме педагогтарының, тәрбиешiлерiнiң және басқа да қызметкерлерiнiң тарапынан оны тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы салдарынан не оның үйден немесе баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардан өз бетiмен кетуi салдарынан мiнез-құлқына бақылау болмаған кәмелетке толмаған бала;
      7) қадағалаусыз қалу - кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтар жасауына ықпал ететiн, олардың мiнез-құлқы мен тұрмыс жағдайына тиiсiнше бақылаудың жоқтығымен сипатталатын әлеуметтiк құбылыс;
      8) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.29 № 272-IV Заңымен.
      9) панасыз қалған бала - тұрғылықты жерi жоқ қадағалаусыз қалған бала;
      10) тұрмысы қолайсыз отбасы - кәмелетке толмағандардың ата-анасы немесе заңды өкiлдерi оларды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың
мiнез-құлқына терiс әсер ететiн отбасы.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.10 N 176-IV, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.04.29 № 272-IV Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар


              арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз
              және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.


      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық


              бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың
              профилактикасы саласындағы мемлекеттiк саясат

      1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк саясат құқықтық саясаттың бiр бөлiгi болып табылады және ол кәмелетке толмағандар үшiн құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктер жасау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалу профилактикасының жүйесiн құрайтын органдар мен мекемелердi материалдық-техникалық, қаржылық, ғылыми-әдiстемелiк және кадрлармен қамтамасыз етудi қамтиды.


      2. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк саясат:
      1) заңдылық
      2) кәмелетке толмағандарға iзгiлiкпен қарау;
      3) отбасын қолдау;
      4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы шараларын қолданудағы кешендiлiк;
      5) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандармен жеке жұмыс жүргiзу;
      6) құпиялылық
      7) ғылыми негiздiлiк;
      8) жүйелiлiк принциптерi бойынша жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттiк саясаттың мақсаты:
      1) балалардың дене бiтiмi, зияткерлiк, рухани және имандылық дамуына, оларды патриоттыққа, азаматтыққа және бейбiтшiлiк сүйгiштiкке тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың қоғам мүдделерiмен, мемлекет халықтарының дәстүрлерiмен, ұлттық және әлемдiк мәдениеттiң жетiстiктерiмен ұштасқан жеке басын тәрбиелеуге ықпал ету;
      2) кәмелетке толмағандардың құқықтық санасын және құқықтық мәдениетiн қалыптастыру жөнiндегi мақсатты жұмысты қамтамасыз ету;
      3) кәмелетке толмағандармен жеке профилактикасы шаралары жүргiзу үшiн құқықтық негiздердi қалыптастыру;
      4) кәмелетке толмаған баланың ата-анасымен және басқа да заңды өкiлдерiмен өзара қарым-қатынас жасау;
      5) балаларды оқыту, тәрбиелеу, емдеу, спорт және өзге де мекемелерiнiң тиiстi дәрежеде жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
      6) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi белгiлеу;
      7) қызметi әлеуметтiк тапсырыстар беру және Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де шаралар арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөнiндегi шараларды жүзеге асырумен байланысты коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау арқылы жүзеге асырылатын кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы болып табылады.

      4-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық


              бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың
              профилактикасы саласындағы мемлекеттiк органдардың
              негiзгi мiндеттерi

      Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк органдардың негiзгi мiндеттерi:


      1) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алып, олардың жасалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
      2) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
      3) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды  әлеуметтiк оңалту;
      4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын қалыптастыру;
      5) кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тарту фактiлерiн анықтап, жолын кесу;
      6) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жөнiндегi заңды тұлғалардың қызметiн үйлестiру болып табылады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV Заңымен.

      5-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық


              бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың
              профилактикасы саласындағы мемлекеттiк реттеу

      Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық атқарушы органдар, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.


      Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      6-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық


              бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалу
              профилактикасының жүйесi

      1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалу профилактикасының жүйесiне iшкi iстер, бiлiм беру, денсаулық сақтау, әдiлет органдары, халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын үйлестiретiн мемлекеттiк орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар және өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар кiредi.


      2. Iшкi iстер, бiлiм беру, денсаулық сақтау, әдiлет органдарында және жергiлiктi атқарушы органдарда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөнiндегi жекелеген функцияларды жүзеге асыратын мекемелер құрылуы мүмкiн.
      3. Өзге ұйымдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, қадағалаусыз және панасыз қалу жағдайының профилактикасына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қатысады.

2-тарау. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң функциялары және өкiлеттiктерi

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары мен оны жүзеге асыру жөнiндегi шараларды әзiрлейдi;
      2) кәмелетке толмағандардың әлеуметтiк қорғалу жүйесiн айқындайды;
      3) кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтау және қорғау, бала құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардың желiсiн дамыту жөнiндегi шараларды әзiрлейдi және iске асырады;
      4) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi ведомствоаралық комиссияны құрады;
      5) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, оларды әлеуметтiк оңалту жөнiндегi бағдарламаларды бекiтедi;
      6) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      8-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың


              құзыретi

      1. Жергiлiктi өкiлдi органдар өз құзыретi шегiнде:


      1) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасына арналған жергiлiктi бюджеттердiң шығыс бөлiгiнiң атқарылуын, экономикалық және әлеуметтiк өңiрлiк даму бағдарламаларын бекiтедi және олардың iске асырылуын бақылайды;
      2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың құрамын бекiтедi;
      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Жергiлiктi атқарушы органдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы өз жұмысын жергiлiктi мемлекеттiк басқару деңгейлерiне сәйкес және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген құзыретi шегiнде ұйымдастырады.
      3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың дербес құрамын бекiту үшiн тиiстi мәслихаттарға ұсынады және олардың жұмысын ұйымдастырады;
      2) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың және жайсыз отбасылардың өңiрлiк есебiн жүргiзедi;
      3) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жұмысқа орналастыру және тұрмыстық жағдайын жасау, өзге де көмектер көрсету жөнiндегi шараларды қолданады;
      4) қызметтерi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, жасөспiрiмдердiң салауатты өмiр салтын насихаттау, құқықтық сауаттылығын арттыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты коммерциялық емес және өзге де ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдiстемелiк көмек көрсетедi;
      5) кәмелетке толмағандар үшiн, оның iшiнде бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардың әлеуметтiк инфрақұрылымының қалыптасуын қамтамасыз етедi және олардың қызметтерiнiң мониторингiн жүргiзедi.
      4. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың дербес құрамын бекiту үшiн тиiстi мәслихаттарға ұсынады және олардың жұмысын ұйымдастырады;
      2) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың және тұрмысы қолайсыз отбасылардың дербес есебiн жүргiзедi;
      3) кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымның қалыптасуына жәрдемдеседi;
      4) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жұмысқа орналастыру және оларға тұрмыстық жағдай жасау, өзге де көмек көрсету жөнiндегi шараларды қолданады;
      5) қызметтерi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, жасөспiрiмдердiң салауатты өмiр салтын насихаттау, құқықтық сауаттылығын арттыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты коммерциялық емес және өзге де ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдiстемелiк көмек көрсетедi.

      9-бап. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың


              құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар

      1. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы саласындағы мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз ететiн тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы орган болып табылады.


      2. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi ведомствоаралық комиссия - Қазақстан Республикасының Үкiметi жанынан, ал облыстық, қалалық, аудандық - қалада, аудандық комиссиялар тиiстi жергiлiктi атқарушы орган (әкiмдiк) жанынан құрылады.
      3. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия аудан орталығынан едәуiр қашықтықта орналасқан кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi жанынан құрылуы мүмкiн. Кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi жанындағы кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның аудандық комиссияның құқықтары мен мiндеттерi болады. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi кенттiк, ауылдық (селолық), ауылдық (селолық) округтiк комиссияны құру туралы шешiмдi облыс әкiмдiгi қабылдайды, ал оның дербес құрамын тиiстi ауданның мәслихаты бекiтедi.
      4. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары, комиссия мүшелерi және хатшы кiредi. Төраға мен хатшы тиiстi мемлекеттiк органдар аппараттарында штаттық лауазымды атқарады. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi кенттiк, ауылдық (селолық), ауылдық (селолық) округтiк комиссия төрағасының функцияларын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң әкiмi атқарады.
      5. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның құрамына тиiстi мәслихаттардың депутаттары, iшкi iстер, бiлiм беру, мәдениет, денсаулық сақтау, әдiлет органдарының, жұмыспен қамту, қамқоршылық пен қорғаншылық мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасына мүдделi қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкiлдерi кiредi.
      6. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар өз құзыретi шегiнде:
      1) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау және қалпына келтiру, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтар мен қоғамға жат iс-әрекеттер жасауына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      2) мемлекеттiк органдардың кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң профилактикасы жөнiндегi қызметiн жетiлдiруге, оларды әлеуметтiк оңалтуға бағытталған бағдарламалар мен әдiстемелердi әзiрлейдi;
      3) бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардағы кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, әкету, бағып-күту жағдайларын бақылауды қамтамасыз етуге қатысады;
      4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жай-күйiн зерделейдi және осы салада әлеуметтiк зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады;
      5) бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдар желiсiнiң дамуына жәрдемдеседi және олардың қызметiнiң мониторингiн қамтамасыз етедi;
      6) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасымен айналысатын органдар мен ұйымдардың оң тәжiрибесiн жинақтап, таратады және оларға әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
      7) мүдделi мемлекеттiк органдар басшыларының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, олардың құқықтарын қорғау бойынша жүргiзген жұмыстары туралы есептерiн тыңдайды және олардың арасында жетекшiлiк ететiн мәселелер бойынша өзара ақпарат алмасуды ұйымдастырады;
      8) кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберу мәселелерi бойынша сотқа материалдар дайындауға қатысады;
      9) қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнен босатылған не арнаулы бiлiм беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарынан оралған кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруда және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруда, сондай-ақ өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды әлеуметтiк оңалту жөнiндегi өзге де мiндеттердi жүзеге асыруда мүдделi органдардың қызметiн үйлестiредi;
      10) алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
      11) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөнiнде жүргiзiлген жұмыс туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды ұйымдастырады.
      7. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларды құру тәртiбi және олардың қызметiн ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV, 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      10-бап. Iшкi iстер органдарының құзыретi



      Iшкi iстер органдары өз құзыретi шегiнде:
      1) осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 1) - 12) тармақшаларында аталған кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн олардың ата-аналарын немесе заңды өкiлдерiн анықтайды, есебiн жүргiзедi және оларға қатысты жеке профилактикасы шаралары жүргiзедi;
      2) кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар, қоғамға қарсы iс-әрекеттер жасауға тартатын не балаларға қатысты басқа да құқыққа қарсы ic-әрекеттер жасайтын адамдарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын немесе тиiсiнше орындамайтын, не олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiн, педагогтарды, тәрбиешiлердi, оқу, тәрбие және кәмелетке толмағандарды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге де мекеменiң басқа да қызметкерлерiн анықтайды және оларды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қолданады;
      3) кәмелетке толмағандар жасаған немесе олардың қатысуымен жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы өтiнiштер мен хабарламаларды белгiленген тәртiппен қарайды және оларға итермелейтiн себептер мен жағдайларды жою жөнiнде шаралар қолдану туралы ұсыныстар енгiзедi, олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етедi;
      4) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттiк мекемелерге жiберуге немесе кәмелетке толмағандарды қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа алуды ресiмдеуге жәрдемдеседi;
      5) арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандарға қатысты материалдарды дайындауға қатысады;
      6) қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталған кәмелетке толмағандардың өмiр салтын және мiнез-құлқын бақылауды қамтамасыз етуде әдiлет органдарының қылмыстық-атқару инспекцияларына жәрдемдеседi;
      7) Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару инспекцияларымен бiрлесе отырып, балаларын тәрбиелеу, оқыту және бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың мiнез-құлқына керi әсер ететiн, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабының тәртiбiмен жазасын өтеу кейiнге қалдырылған сотталған әйелдерге қатысты материалдар дайындайды;
      8) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуы, құқық бұзушылықтары туралы және қоғамға жат iс-әрекеттерi, оған итермелейтiн себептер мен жағдайлар туралы мүдделi органдар мен мекемелердi хабардар етедi;
      9) кәмелетке толмағандарды, олардың ата-аналарын және басқа заңды өкiлдерiн құқықтық тәрбиелеуде бiлiм беру органдарына жәрдемдеседi;
      10) он сегiз жасқа толмаған және қылмыс жасаған адамдарды, егер оларды оқшаулау қажет болса, арнаулы мекемелерде ұстайды.
      Қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа толмаған және қылмыс жасаған, сондай-ақ ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандар сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн ата-аналарына, оларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттер заңмен жүктелген қорғаншыларына, қамқоршыларына және өзге де адамдарға берiледi;
      11) кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына, сондай-ақ iшкi iстер органдары қызметiнiң барысында ұсталған, үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi және ата-аналарының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған қадағалаусыз балалар мен жасөспiрiмдердi кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарына жеткiзедi;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      11-бап. Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары

      1. Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары (бұдан әрi – Орталық):
      1) ата-аналарын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтау үшiн үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған;
      2) уақтылы орналастыру мүмкiндiгi болмаған жағдайда ата-аналарының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ олардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қауiп төнген кезде қорғаншылық және қамқоршылық органы ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе оларды қамқорлыққа алған басқа да адамдардан алып қойған;
      3) арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандарды қабылдауды және уақытша ұстауды қамтамасыз ететiн, бiлiм беру органдарының қарамағындағы ұйымдар болып табылады.
      2. Кәмелетке толмағандарды Орталыққа орналастыруға:
      1) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген кәмелетке толмағандарға қатысты - соттың қаулысы;
      2) осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген кәмелетке толмағандарға қатысты - қорғаншылық және қамқоршылық органының қаулысы негiз болып табылады.
      3. Түнгi уақытта, демалыс немесе мереке күндерi, сондай-ақ өзге де ерекше жағдайларда кәмелетке толмағандар Орталық әкiмшiлiгi актiсiнiң негiзiнде Орталыққа орналастырылуы мүмкiн, бұл туралы жиырма төрт сағат iшiнде Орталық әкiмшiлiгi прокурорды жазбаша түрде хабардар етедi. Кәмелетке толмағандарға қатысты материалдар оларды одан әрi ұстау не орналастыру туралы мәселенi шешу үшiн Орталыққа орналастырылған кезден бастап үш тәулiктiң iшiнде қорғаншылық және қамқоршылық органына ұсынылады.
      4. Кәмелетке толмағандарды Орталыққа орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинақтауды iшкi iстер органдары немесе қорғаншылық және қамқоршылық органдары қамтамасыз етедi.
      5. Кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмi үш айдан аспауға тиiс.
      6. Кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмiне денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жариялаған карантин кезеңi, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ауруына байланысты стационарлық медициналық мекемеде болу уақыты кiрмейдi.
      7. Орталыққа алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйiндегi кәмелетке толмағандар, сондай-ақ психикалық аурудың айқын белгiлерi бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды.
      8. Кәмелетке толмағандарды Орталықта ұстаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы бекiткен қағидаларда айқындалады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      12-бап. Бiлiм беру органдарының құзыретi

      Бiлiм беру органдары өз құзыретi шегiнде:
      1) девиантты мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы бiлiм беру ұйымдарының және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарының, сондай-ақ бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын өзге де ұйымдар жүйесiн дамыту жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      2) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
      3) дәлелсiз себептермен жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына бармайтын кәмелетке толмағандарды анықтайды және есепке алады, олармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкiлдерiмен жеке профилактикасы шаралары жүргiзедi;
      4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын қалыптастыруға, олардың бойына имандылық пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдiстемелердi әзiрлеп, бiлiм беру ұйымдарының жұмыс тәжiрибесiне енгiзедi;
      5) дамуында немесе мiнез-құлқында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарды анықтайтын психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларды құрады, олардың кешендi түрде тексерiлуiн жүргiзедi және оларды одан әрi оқыту және тәрбиелеу нысандарын анықтау жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
      6) девиантты мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарды, тұрмысы қолайсыз отбасыларын анықтауға, оларды iшкi iстер органдарында есепке алуға және олармен жеке профилактикасы шаралары жүргiзуге қатысады;
      7) жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында қол жетерлiк спорт секцияларын, техникалық және өзге де үйiрмелер, клубтар ұйымдастыруды қамтамасыз етедi және оларға кәмелетке толмағандарды тартады;
      8) үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандарды, ата-аналарының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандарды заңда белгiленген тәртiппен Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарында ұстайды;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      13-бап. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары



      1. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелерi болып табылады және әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасайтын, бастауыш, негiзгi орта және жалпы орта бiлiм алудан қасақана жалтаратын, отбасынан және балалардың оқу-тәрбие ұйымдарынан үнемi кетiп қалатын, өзге де қоғамға жат iс-әрекеттер жасайтын он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және әлеуметтiк оңалту мақсатында құрылады.
      2. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның ұсынысы бойынша кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберудiң орындылығы туралы шешiмдi сот қабылдайды. Алкогольдiк iшiмдiктердi, есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды құмарлықпен салынып пайдаланатын кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде мiндеттi түрде оларға нашақорлық аурулардан емделу курсынан өтудi белгiлеудiң орындылығы зерттеледi.
      3. Кәмелетке толмаған бала арнаулы бiлiм беру ұйымына бiр айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге жiберiлуi мүмкiн.
      4. Кәмелетке толмағанның арнаулы бiлiм беру ұйымында болуы оның кәмелеттiк жасқа толуына байланысты, сондай-ақ мекеме әкiмшiлiгiнiң не кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi аумақтық комиссияның ұсыныстары негiзiнде арнаулы бiлiм беру ұйымы орналасқан жердегi сот кәмелетке толмаған бала өзiнiң түзелуi үшiн бұл шараны қолдануды бұдан әрi қажет етпейдi деген қорытындыға келген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      5. Кәмелетке толмағандардың арнаулы бiлiм беру ұйымдарында болуының сот белгiленген мерзiмiн осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген тәртiппен, тек қана мына жағдайларда:
      1) кәмелетке толмаған баланың жалпы бiлiмiн немесе кәсiби даярлығын аяқтау қажет болған, бiрақ ол кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн;
      2) әкiмшiлiк жазалау шараларына әкелiп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасаған, орта бiлiм алудан қасақана жалтарған, арнаулы бiлiм беру ұйымынан өз еркiмен кетiп қалған, өзге де қоғамға жат ic-әрекеттер арнаулы бiлiм беру ұйымы орналасқан жердегi сот ұзартуы мүмкiн.
      6. Арнаулы бiлiм беру ұйымының тәрбиеленушiсi қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жасқа дейiн қылмыс белгiлерi бар қоғамдық қауiптi әрекет жасаған жағдайда, ол осы Заңның 14-бабында белгiленген тәртiппен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымына жiберiлуi мүмкiн.
      7. Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде прокурордың қатысуы мiндеттi болады.
      8. Осы баптың 1-тармағында аталған кәмелетке толмағандарды анықтауды және есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды қамтамасыз етедi.
      8-1. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу тәртiбi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде айқындалады.
      9. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiгi:
      1) кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң, аталған мекеменiң аумағын күзетудi, тәрбиеленушiлердiң жеке қауiпсiздiгiн және олардың терiс әсерден барынша қорғалуын, аталған мекеменiң аумағына бөгде адамдардың еркiн кiруiн және одан тәрбиеленушiлердiң өз еркiмен кетуiн шектеудi, кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы, оның iшiнде ұйқыға бөлiнген уақытта қадағалау мен бақылауды, кәмелетке толмағандардың өздерiн, олардың заттары мен тынығатын бөлмелерiн тексерiп қарауды қамтитын арнайы жағдайларын қамтамасыз етедi;
      2) аталған мекеменiң орналасқан жерi бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерi бойынша iшкi iстер органдарына олардың өз еркiмен кетiп қалу фактiлерi туралы хабарлайды және оларды iздестiрiп, қайтаруға тiкелей қатысады;
      3) кәмелетке толмаған баланы аталған мекемеден шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға мiнездеменi және онымен алдағы уақытта жеке профилактикасы шаралары жүргiзудiң, жұмысқа орналасуына және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруға көмек көрсетудiң қажеттiлiгi туралы нұсқауларды кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерiндегi кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға олардың болу мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей жiбередi.
      10. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына өздерiн аталған мекемелерде бағып-күтуге және оқытуға кедергi болатын аурулары бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды. Мұндай аурулардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      11. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қызметiн ұйымдастыру тәртiбi және оларда кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң шарттары Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
      12. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 N 176-IV, 2010.11.23 N 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      14-бап. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдары



      1. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелерi болып табылады және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудiң, оқытудың және әлеуметтiк оңалтудың ерекше жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
      2. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына тәрбиелеудiң, оқытудың ерекше жағдайларын қажет ететiн және арнаулы педагогикалық тәсiлдi талап ететiн он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мынадай жағдайларда, егер олар:
      1) оларға қатысты қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмауына байланысты қылмыстық iс қозғаудан бас тарту немесе қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулы шығарылғаннан кейiн қоғамға кауiптi әрекеттi қайтадан жасаса;
      2) орташа ауыр немесе ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталса және сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 81-бабында көзделген тәртiппен қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатса, орналастырылады.
      3. Қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберудiң орындылығы туралы шешiмдi iшкi iстер органының ұсынысы бойынша сот қабылдайды.
      Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жiберу туралы ұсынысты iшкi iстер органдары аталған кәмелетке толмаған балаға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы немесе оны қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап отыз тәулiк iшiнде сотқа жiбередi.
      Ерекше жағдайларда бұл мерзiм iшкi iстер органы бастығының немесе прокурордың қаулысы негiзiнде отыз тәулiкке дейiн ұзартылуы мүмкiн.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген материалдар оларды сотқа жiберу алдында кәмелетке толмаған балаға және оның заңды өкiлдерiне танысу үшiн ұсынылады.
      Мүдделi адамдар көрсетiлген материалдармен танысқандығы туралы ұсынылған материалда тиiстi жазба жасайды.
      5. Кәмелетке толмаған бала ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымына алты айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге жiберiлуi мүмкiн.
      Кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарында ұстауға:
      1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдарға қатысты – сот қаулысы;
      2) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдарға қатысты – сот үкiмi негiз болып табылады.
      Кәмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымында болуы адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ егер ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымы әкiмшiлiгiнiң ұсынысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған бала өзiнiң түзелуi үшiн осы шараны қолдануды бұдан былай қажет етпейдi деген қорытындыға келген болса, мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      7. Кәмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымында болуының сот айқындаған мерзiмi осы баптың 3-тармағында белгiленген тәртiппен, тек қана мынадай:
      1) кәмелетке толмаған баланың жалпы бiлiм алу немесе кәсiби даярлығын аяқтау қажет болған жағдайда, бiрақ ол кәмелетке толғанға дейiн;
      2) қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толғанға дейiн қылмыстық белгiлерi бар қоғамға қауiптi әрекет жасаған жағдайда ұзартылуы мүмкiн.
      8. Кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде прокурордың қатысуы мiндеттi.
      9. Кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды iшкi iстер органдары қамтамасыз етедi.
      10. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберу тәртiбi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде айқындалады.
      Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген кәмелетке толмағандарды жiберу тәртiбi Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде айқындалады.
      11. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiгi:
      1) ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымының аумағын күзетудi, тәрбиеленушiлердiң жеке қауiпсiздiгiн және олардың терiс әсерден барынша қорғалуын, ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымының аумағына бөгде адамдардың еркiн кiруiн және одан тәрбиеленушiлердiң өз еркiмен кетiп қалуын шектеудi, кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы, оның iшiнде ұйқыға бөлiнген уақытта байқау мен бақылауды, кәмелетке толмағандардың өздерiн, олардың заттары мен ұйықтайтын үй-жайларын тексерiп қарауды қамтитын кәмелетке толмағандарды ұстаудың арнаулы жағдайларын қамтамасыз етедi;
      2) ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымының орналасқан жерi бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерi бойынша iшкi iстер органдарына олардың өз еркiмен кетiп қалу фактiлерi туралы хабарлайды және оларды iздестiру мен қайтаруға тiкелей қатысады;
      3) кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымынан онда болу мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға мiнездеменi және онымен жеке профилактикалық жұмысты одан әрi жүргiзудiң, оның жұмысқа орналасуына және тұрмыстық жағдайын жасауға көмек көрсетудiң қажеттiлiгi туралы ұсынысты кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерi бойынша кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға жiбередi.
      12. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына өздерiн көрсетiлген ұйымдарда ұстауға және оқытуға кедергi болатын аурулары бар кәмелетке толмағандарды орналастыруға болмайды. Мұндай аурулардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      13. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарын құру, олардың қызметiн ұйымдастыру тәртiбi және оларда кәмелетке толмағандарды ұстаудың шарттары Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
      14. Ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.11.23 N 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      14-1-бап. Кәмелетке толмағандарды арнаулы мекемелер мен


                 ұйымдардан шығару (босату) негiздерi

      1. Кәмелетке толмағандар арнаулы бiлiм беру ұйымдарынан мынадай жағдайда:


      1) сот айқындаған мерзiм аяқталғанда;
      2) кәмелеттiк жасқа толуына байланысты мерзiмiнен бұрын;
      3) мерзiмiнен бұрын, егер сот мекеме әкiмшiлiгiнiң не кәмелетке толмағандар iстерi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi аумақтық комиссия ұсынысының негiзiнде кәмелетке толмағанға осы шараны одан әрi қолданудың қажетi жоқ деген қорытындыға келсе;
      4) кәмелетке толмаған ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымына жiберiлгенде;
      5) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкiн болмайтын мән-жайлар туындағанда шығарылады.
      2. Кәмелетке толмағандар ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарынан мынадай жағдайда:
      1) сот айқындаған мерзiм аяқталғанда;
      2) кәмелетке толуына байланысты мерзiмiнен бұрын;
      3) мерзiмiнен бұрын, егер сот мекеме әкiмшiлiгiнiң немесе кәмелетке толмағандар iстерi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi аумақтық комиссия ұсынысының негiзiнде кәмелетке толмаған осы шараны өзiн түзеуге одан әрi қолдануды қажет етпейдi деген қорытындыға келсе;
      4) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкiн болмайтын мән-жайлар туындағанда шығарылады.
      3. Кәмелетке толмағандар Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарынан мынадай жағдайда:
      1) ата-аналары немесе басқа заңды өкiлдерi анықталғанда;
      2) арнаулы бiлiм беру ұйымдарына, ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарына орналастырылғанда;
      3) балалар үйiне (интернатқа) орналастырылғанда;
      4) сот үкiмi заңды күшiне енгенде;
      5) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкiн болмайтын мән-жайлар туындағанда босатылады.
      Ескерту. Заң 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      15-бап. Денсаулық сақтау органдары

      Денсаулық сақтау органдары өз құзыретi шегiнде:
      1) кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң арасында санитарлық-гигиеналық бiлiмдi таратуды, сондай-ақ салауатты өмiр салтын насихаттауды;
      2) кәмелетке толмағандар арасындағы маскүнемдiк, нашақорлық пен уытқұмарлық және осыған байланысты олардың мiнез-құлқындағы ауытқушылықтардың профилактикасы жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеп, iске асыруды;
      3) ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған үш жасқа дейiнгi адасқан, тастанды және басқа да балалардың тәулiк бойы қабылдануын және бағып-күтiлуiн;
      4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң мемлекеттiк органдары мен мекемелерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне консультациялық көмек көрсетудi;
      5) алкогольдiк, есiрткiлiк және уытқұмарлық мас болу күйiндегi кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы қабылдауды және оларға медициналық көмек көрсетудi;
      6) мiнез-құлқында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мамандандырылған диагностикалық және емдеу-қалпына келтiру көмегiн көрсетудi;
      7) белгiленген тәртiппен арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандардың денсаулық жағдайы туралы қорытындылар әзiрлеудi;
      8) алкогольдiк iшiмдiктердi, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның психикасына және дене мүшесiнiң функциялары мен мiнез-құлқына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де күштi әсер ететiн заттарды құмарлықпен салынып пайдаланатын кәмелетке толмағандарды анықтауды, есепке алуды, тексеруден өткiзудi және медициналық әлеуметтiк оңалтуды;
      9) жыныстық жолмен берiлетiн аурулардың көздерiн анықтауды, осындай аурулармен ауыратын кәмелетке толмағандарды тексеруден өткiзудi және емдеудi;
      10) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларға кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың, уытқұмарлықтың және маскүнемдiктiң таралуы, сондай-ақ осы бапта аталған функцияларды жүзеге асыратын денсаулық сақтау мекемелерiнiң орналасқан жерi, олардың қызметтерiнiң мүмкiндiктерi мен нәтижелерi туралы хабарлауды;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруды ұйымдастырады.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV, 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      16-бап. Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттiк


               саясатты iске асыруды үйлестiретiн
               мемлекеттiк орган

      Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды үйлестiретiн мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандардың еңбек шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.


      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.15 N 253 Заңымен.

      17-бап. Әдiлет органдары

      1. Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару инспекциялары қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталған кәмелетке толмағандардың өмiр салты мен мiнез-құлқын бақылауды қамтамасыз етедi, сондай-ақ олармен жеке профилактикасы шараларын жүзеге асырады.
      2. Әдiлет министрлiгi қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiндегi кәмелетке толмағандармен жеке профилактикасы шараларын аталған мекемелердiң әкiмшiлiгi өз құзыретi шегiнде жүргiзедi.

      18-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық


               бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз
               қалудың профилактикасына қатысушы өзге де
               мемлекеттiк органдар

      1. Мәдениет, ақпарат, дене шынықтыру, спорт және туризм органдары өз құзыретi шегiнде:


      1) кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының, қадағалаусыз және панасыз қалуының профилактикасы жөнiндегi нысаналы бағдарламаларды әзiрлеп, iске асыруға қатысады;
      2) қызметтерi кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары, қадағалаусыз және панасыз қалуы профилактикасының шараларын жүзеге асыруға байланысты балалар мен жастардың қоғамдық бiрлестiктерiне, әлеуметтiк мекемелерге, қорларға және өзге де мекемелер мен ұйымдарға жәрдемдеседi;
      3) кәмелетке толмағандардың демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
      4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын және салауатты өмiр салтын насихаттау мен қалыптастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
      2. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары өз құзыретi шегiнде 19-баптың 1-тармағында аталған кәмелетке толмағандармен, егер олар жетiм болса немесе ата-аналарының және басқа заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалса, жеке профилактикасы шараларын жүргiзуге қатысады.

Каталог: files -> sites -> 1383501615557969 -> files -> widgets -> book-catalog -> 1412616075769426
book-catalog -> Мұғалімдерді аттестаттау тесті Қазақ әдебиеті
book-catalog -> Аттестация тест сұрақтары Қоғамдық білім негіздері
book-catalog -> 1. "Күлтегін" жырындағы жырау есімін табыңыз. A білге қаған
book-catalog -> Музыка 1 вариант
book-catalog -> Музыка 2 вариант
1412616075769426 -> Акт нөмірі: 1118 Акт түрі: Жарлық Қабылданған уақыты: 07. 12. 2010 Деректер базасы жаңарған уақыты: 16. 11. 2011 «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы»
1412616075769426 -> Құжаттың грифі: Жариялануға тиіс Қабылданған нөмірі: 35
1412616075769426 -> Бiлiм берудiң мектепке дейiнгi ұйымдарын күтiп ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
1412616075769426 -> Воспитания в системе непрерывного образования республики казахстан
1412616075769426 -> Ұсыныстар беру үшін Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет