Кенжебаева Т. Ж. ТӘуелсіздік кезеңдегі қазақ Әдебиеттану ғылымының даму бағыттары



бет12/14
Дата10.05.2023
өлшемі150.08 Kb.
#473463
түріДиссертация
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
кенжебаева тогжан

ҚОРЫТЫНДЫ

Тәуелсіздік тұсындағы ұлттық әдебиеттану ғылымы арыдағы арналарды қайта қарап, таразылап, жаңаша көзқараспен бағалауға бет бұрды. Ұлттық руханият жаңа уақыт тынысына төрінен кең орын берді. Тарих пен таным көкжиегі кеңейе түсті.


Еліміздің саяси-рухани тәуелсіздігінің арқасында өткен тарихымызды таразылап, бүгінгі күннің мақсат-міндеттерін айқындап, ұлттық рух мәселесін тереңінен толғап қарастыруға жол ашылды. Бұл құбылыс қазақ әдебиеттану ғылымында да көрініс тапты.
Бұрын әдебиет тарихын тұтас алып, оның даму заңдылығын көтеретіндей жағдай болған жоқ. Тарихи дамудың негізінен кеңестік идеологияға жақын тұстары ғана қарастырылды. Мәдени мұрамыз түгелге жуық жабулы жатты. Бұл қазақтың ұлтжанды зиялыларының ой-пікірін таптау, жоққа шығару, өздерін аяусыз жазалаумен қатар жүргізілді.
Әдебиет пен көркем сын идеологиялық, саяси қыспақтан, қатаң қадағалаудан шығып, әдебиет тарихында жолсыз жазаға таңылған тұлғалар мен мұраларға көзқарас айқындалып, ұлттық рух, ұлттық сана, ұлттық намыс тұрғысынан қайтадан ұлықталды. Бүгін қазақ халқы ғасырлар бойы тудырған әдеби мұра жинақталуда. Бұл істе мемлекет тарапынан арнайы қабылданған ұлттық мұра жанашыры «Мәдени мұра» бағдарламасының да маңызы зор. Бұл бағдарлама ұлттық мәдениеттің жаңғырып, жаңаруына, серпіліп жаңа тыныс алуына жол ашты.
Қазіргі руханият саласында күрделі процестер жүріп жатыр, соның ішінде ең маңыздысы - репрессияға ұшыраған әдебиетіміздің қайта жаңғырып, мәдени, әдеби-эстетикалық ой-өрісімізді кеңейтіп, елдің ұлттық рухын көтерді. Заманның тәлкегіне ұшырап, идеология мен саясат қыспағында өмір сүрген әдебиет пен мәдениеттің ақтаңдақ беттерінің зерттеп-зерделену үстінде. Қазақ әдебиетінің ақтаңдақ беттері дегенде, әдетте ХХ ғасырдың басында репрессияға ұшыраған әдебиет ойға оралады. Алайда 30-жылдардағыдай ашық түрде қырып-жою болмаса да, идеология сыналап отырып сананы жаулап, ұлт арасында жалтақтық, бұғаулық, үрей сақталды. Сол себептен ақиқаты айтылған ойлар, жазылған пікірлер саясат ыңғайына жығылып, бұрмаланып, еркін жазылған дүниелер цензурадан өтпей қалып немесе редакциялауға ұшырап жатты. Әсіресе, хандық дәуірдегі қазақтың салтанатты тұрмысын, би-шешендер, батырлар заманын, сал-серілердің өнері мен өмірін бейнелеп, насихаттаған көркем әдебиет пен ғылыми зерттеулердің, сарай ақындары, зар заман ақындары мұраларының, діни-ағартушылық сарындағы әдебиеттің көлеңкелі тұстары айтылып, ақтаңдақ беттері айқындалуда. 90-жылдарға дейін кейінгі толқын ақын-жазушылардың да шығармашылық лабороториясы қатаң бақылауда болып келді. Кейінгі жылдары Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Д.Әбілев т.б. басқа бірқатар қаламгерлердің қолжазбаларын, әр жылдардағы басылымдарды салыстыра талданып, тексеріліп осы олқылықтың орны толтырылу үстінде.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ес жинап, етек жиғаннан кейін, жетпіс жылдық рухани қыспақтан босаған халық өз тегін өзі танып, өзгеге танытуға, түркілік, ұлттық рухын жаңғыртуға талпыныс жасай бастады. Түркі жүртына ортақ тарихи-әдеби мұралар көптеп зерттеліп, алыс-жақын шет елдерде сақталған көне мәдени жәдігерліктерді , Осы бағытта әдебиеттануда мол ізденіс, көп зерттеу жұмыстары жасалды. Бұл еңбектердің негізгі ұстанымы – қазақ ұлтының, қазақ әдебиетінің тамыры тереңдігі; бастауы тереңге кететін түркі мәдениетінің қазақ халқына ортақтығы; Кеңес өкіметіне, қазақтардың орыс, Еуропа мәдениетімен танысқанға дейін-ақ қазақ жерінде ұлттық мәдениет дамығандығы, одан ертерек көне түркілік, мәдениет пен дамыған өркениеттің болғандығы.
Ұзақ жылғы ұйқыдан кейін ұлттық сананы ояту, ұлттық идеяны насихаттау, ұлттық намысты қозғау мақсатында қаламгерлер қазақ әдебиетіне жүгінді. Осы бағытта тарихи романдар, зар заман поэзиясы, алаш әдебиеті, діни-ағартушылық сипаттағы әдебиет кеңінен қарастырылды.
Бүгінгі қазақ әдебиеттануындағы жаңа серпіліс алған тағы бір мәселе қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуге қатысты.
Әзірше жоғарғы, орта мекеп оқулықтарында, негізгі зерттеу еңбектерде қазақ әдебиеті тарихының бастау көзі ретінде көне түркі ескерткіштері аталып келеді. Алайда кейінгі толқын зерттеуші, ізденушілер арасында қазақ әдебиетінің тарихына қатысты соны пікірлер де жоқ емес.
Әрине әдебиет тарихын Сақ заманынан бастау қаншалықты берік екендігі уақыт пен жаңа зерттеу жұмыстарының еншісінде. Бұл деректер әлі жан-жақты зерттеп, талданады, саралаудан өтеді.
Тәуелсіздікке жеткеннен кейін қолға алынған мәселелердің бірі – шетелдегі қазақ әдебиетінің игерілуі. Миллиондаған шетелдегі қандас бауырлар тудырған көркем әдебиет қазақ әдебиетінің бір бөлігі. Бұл әдебиеттің де тарихи тамыры тереңде, себебі бір ғасыр бұрын сан алуан себептермен туған елі, атамекенінен жат жерге ауған қалың қазақ арасында небір талантты дарын иелері, ақындар мен жазушылар болды. Олар туған елден қол үзіп қалған қазақтардың мұң-шері, ата-баба жеріне деген сағынышын, тұрмыс-тіршілігін жырға қосып, қара сөзге қалам тербеді. Бүгінде негізінен шетелдегі қазақтардың тығыз орналасқан жерлері – Моңғолияның Баян Өлгий аймағы мен Қытайдың Шыңжан мекендерінде туған әдебиет зерттеліп, өкілдері аталып, қазақ әдебиетінің тармағы ретінде қарастырылады.
Тәуелсіздік ұлттық рухани әлеміміздегі жаңалықтарымызды дүние жүзіне паш етуге мүмкіндік берді. Қазақтың ұлылары Абай, М.Әуезовтің мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Бұл игі істің ұлттық әдебиеттануға да әсері болмай қойған жоқ. Сондықтан осы жылдары Абайтану мен Әуезовтану ілімдері жан-жақты, сала-сала бойынша қарастырылып, зерттеу аясы кеңіді. Әсіресе өмір жолдарының айтылмаған, көлеңкелі тұстары мұрағат деректері, жекелеген шағын топтар болмаса, қалың жұртшылыққа белгісіз болып келген мәліметтер көтерілді.
Бұл екі ірі саламен бой жарыстыра дамып келе жатқан, мағжантану, сәкентану, жүсіпбектану, бейімбеттану ілімдері де соны зерттеулер, жаңа еңбектермен толықтырылуда. Еліміздің кейбір жоғарғы оқу орындарының филологиялық бағыттағы мамандықтарда осы уақытқа дейін арнайы курс дәрежесінде оқытылып келсе, бүгінде жеке пән ретінде бағдарламада бекітіліп, пәнді оқыту жүйелі жолға қойылған.
Әдебиеттанудағы соны ізденіс – көркем ойлау мен қиял, ғылыми болжау әдістерінің тоғысуынан өмірге келетін әдебиет – фантастикалық әдебиеттің зерттеу нысанына айналуы. Кейінгі жылдары ғылым мен техниканың жедел қарқынмен дамып, бүгінгі жаңалық ертең көнеленіп жатқан уақытта фантастикалық әдебиет те, оған қатысты зерттеулер де қарқынды дамыды.
Ойымызды түйіндей келе, тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеттану ғылымының негізгі даму бағыттары бойынша төмендегідей қорытынды тұжырымдар жасалды:
- еліміздің саяси-рухани егемендігі еркін ойлап, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берді;

  • ұлттық әдебиеттанудың негізгі әдіснамалық ұстанымы айқындалды;

  • коммунистік идеологияның орнына ұлттық рух, ұлттық идея орнықты;

  • қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақ әдебиетті игеру аясы мен аумағы кеңейді;

  • шетелдегі қазақ әдебиеті нұсқаларын жинау, зерттеу, насихаттау басталды;

  • қазақ әдебиет тарихын біздің заманымызға дейінгі кезеңге шегеру идеялары ұсынылды;

  • діни-ағартушылық бағыттағы әдебиет жан-жақты сараланды;

  • поэтиканы әдебиеттану ғылымының жеке саласы ретінде қарастыру белең алды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет