Шығармалары
1-жүргізуші: Бірнеше өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған. "Махаббат заңы", "Сенім патшалығы", "Сократты еске алу түні" атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтмановпен бірлесіп жазған "Күз басындағы аңшының зары" атты эссе кітабы мен "Сократты еске алу түні" атты драмасы көптеген тілдерге аударылған. "Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. Мұхтар Шахановтың поэзиясының арқауы ана тілі тағдыры, халқының тағдыры.
2-жүргізуші:
2006 жылы ақынның "Тілсіздендіру анатомиясын" атты кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа тіл, ұлттық рух, космополиттік ағым төңірегіндегі жазылған бірнеше эссе-поэмалары енген.
М.Шаханов 1989-91 жылдар аралығында КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, 1990-93 жылдары - республика
Жоғарғы Кеңесінің, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
1-жүргізуші:
1992 жылы М.Шаханов Олжас Сүлейменовпен бірлесіп «Халық конгресі» партиясын құрды. Бірақ екі тілде тәрбиеленген екі тұлға арасында ұлттық мүдде мен космополиттік ағым жүйелі көзқарас таба алмағандықтан партия ұзақ ғұмыр кеше алмады. 1993-2003 жылдар аралығында М.Шаханов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2001 жылдан «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті, 2004 жылдан «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, 2010 жылдан «Тәуелсіздікті қорғау» атты 50-ден астам қоғамдық ұйымдардың, партиялардың, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және республикалық «Жалын» журналының Бас редакторы.
2-жүргізуші:
Ақын өз елінің мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтарынан, «Халық қаһарманы» атағынан, орден, медалдарынан жүйелі түрде бас тартты. Ол оны былай түсіндіреді. «Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек. Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Бірақ ол өте әділетті түрде шешім табуы тиіс. Қазір елімізде кез-келген заңдастырылған немесе заңдастырылмаған ұрылардың ең кемі екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында болғым келмейді. Ал шет мемлекеттер ұсынған сыйлықтарды алатын себебім, ел перзентіне көрсетілген, есепке құрылмаған риясыз құрмет сәл де болса республикамыздың рухани мәртебесін өсіреді».
Достарыңызбен бөлісу: |