КӘсіби тілді оқытуда студенттердің Қатынас қҰзыреттілігін қалыптастыру ерекшеліктері



Дата01.07.2016
өлшемі67.06 Kb.
#171069
КӘСІБИ ТІЛДІ ОҚЫТУДА СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАТЫНАС ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Билял Б.Қ.

Филология ғылымдарының магистрі, аға оқытушы,

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті,

Қарағанды қ., Қазақстан
Әр кезең өзіндік өзгеріс, жаңалықтарымен, талаптарымен келетіні табиғи заңдылық. Жаңа қоғам әкелген жаңаша технология, әлемдік интеграция мен ғаламдық өзгерістер ғылымның барлық саласы мен адам санасына түбегейлі өзгерістер енгізуде. Өскелең ұрпақ өмір сүрудің сындарлы салтын, білімнің сапалылығын, тәсілдің тиімділігін таңдауда.

Бүгінгі нарық заманында көптеген шетелдермен қарым-қатынас жасап, біріккен өнеркәсіптердің құрылуы мемлекеттік тілдің де жандануына әсерін тигізіп отыр. Қазақ елінде өмір сүріп жүрген әр ұлт өкілдерінің өздері мекендеген елдің тілін қадірлеуі, меңгеруі мемлекеттік тіл дәрежесінің өркендеуіне зор ықпалын тигізері сөзсіз.

Тіл сөйлеу кезінде адамзат қоғамының қарым-қатынас құралына айналды.

«Тіл қарым-қатынас құралы. Сондықтан оған тән белгілерді сөйлем шекарасынан шығып, тыңдаушы, сөйлеуші жағдай, стиль сияқты уәждемелерді қамти отырып, анықтауға болады» [1,24].

Адамдар бірі-бірімен қарым-қатынас жасау, тіл арқылы түсінісіп, ой-пікірлерін жеткізе білуі арқылы қатынасқа түседі. Адам белгілі бір ортаға кіріп өмірдегі болып жатқан құбылыстар мен әлеуметтік жағдайлар жөнінде өз пікірін, көзқарасын ортаға салу арқылы жеке адамның сөйлеу әрекетін қалыптастырады.

«Тілдік қатынас дегеніміз тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы; қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысуы, түсінісуі; яғни адамзаттың тіл арқылы қатынасқа түсуі тілдік қатынас дегенді білдіреді» деп көрсетеді ғалым Ф.Ш.Оразбаева [2,7]. Одан білетініміз адамзаттың сөйлеу құралы адамның тілі, тілдік қатынас құралы деген қоғамдық-әлеуметтік ұғым. Ал тілдік қатынасқа түсіп отырған адам сөйлесім әрекетін құрайды.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі. Жоғары оқу орындарындағы қазақ тілін практикалық тұрғыдан меңгертудің мақсаты - студенттердің әр түрлі салада еркін қарым-қатынас жасай білуін қамтамасыз ету. Студенттер үшін мұндай маңызды салалардың бірі - келешектегі кәсіби қызметі. Студенттерге бұл орайда мемлекеттік тіл-қазақ тілін кәсіби тұрғыдан оқыту мақсатында жоғары білім беру жүйесіне базалық пәндердің міндетті компоненті ретінде кәсіби қазақ тілі пәні енгізілген. Пәнді оқытудағы басты мақсат - озық тәжірибелерді, жаңа технологияларды тиімді, ұтымды оқыту әдістерін пайдалана отырып:


  • Мамандыққа қатысты кәсіби тақырыптарға арналған мәтіндерді түсіне білуге үйрету;

  • кәсіби қарым-қатынас жасай білу дағдыларын қалыптастыру;

  • мамандық тілінің терминологиясын үйрету;

  • кәсіптік терминдерді пайдалана отырып, мәтін құрата білуге үйрету;

  • cөйлеу мәдениетін дамыту;

  • сабақтың танымдық, тәрбиелік мазмұнда ұйымдасуын ескеру;

  • термин-ұғымдарды көркем шығарма, ауыз әдебиеті үлгілерімен ұштастыру.

Қазіргі уақытта тіл үйретудің барлық деңгейлерінде оқыту әдістемелері мен теориялары жасалуда. Бүгінгі таңда өзекті де тиімді саналып отырған қазақ тілін деңгейлік оқыту технологиясы тіл үйренудің, тілді оқытудың ең жоғарғы нәтижесі студентті кәсіби маман ретінде тілдесімге шыға алатындай мақсат пен міндетке бағытталып отыр. Осы арқылы жоғары білікті, кәсіби құзіретті маман дайындау көзделіп отыр.

Қазір республикамызда қазақ тілін мамандыққа бейімдей оқыту даму сатысында. Қазақ тілін кәсіби салада оқыту мәселесін де қоғам өміріндегі қажеттіліктер туындатып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесі нығая түскен сайын, келешекте де түрлі салалардағы кәсіби қазақ тілінің маңызы арта түсері сөзсіз. Себебі, жақсы маман болумен қатар, тілдік білімі толысқан, бірнеше тілде соның ішінде мемлекеттік тілде кәсіби сөйлей алатын маманның компания, мекеме, мелекеттік қызмет және қоғам үшін де алар орны, көтерер абыройы бөлек.

Студент өз саласы бойынша кәсіби бағдарлы білім алады. Мамандығына сай сөйлеуге, тілдесуге бір-бірімен ойын ашық жеткізуге үйренеді. Қоғамда болып жатқан барлық жаңалықтардар хабардан болып, өзара пікір таластыра алатын дәрежеге жетеді. Қазақ тілін жоғары оқу орындарында үйретуде тілдің қатынас құралы ретінде құзіреттілігін арттыру керек. Ол үшін тілді кәсіби бағытта оқытатындықтан әр топтың ерекшелігіне қарай мәтіндерді, тапсырмаларды ыңғайлап беру керек. Ол тапсырмалар студентті тілдік қатынасқа түсіріп қана қоймай, оның ой-өрісін кеңейтіп, өмірге көзқарасына жағымды әсер етуі тиіс. Бұл оқытушының алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

Оқытушының оқу материалдарын бағдарламаға сүйене отырып, шеберлікпен таңдап алуы және жобалауы, материалдың күрделілігін бағалауы және оны нақты мақсатта, демек, белгілі бір мамандыққа сәйкес бейімдеуі арқылы бекітіледі. Осыған орай, кәсіби қазақ тілін коммуникативтік-танымдық бағытта үйрету ерекше маңызды орын алады. Экономикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне тілді қатысымдық тұрғыдан оның болашақ мамандығына сәйкестендіріп оқыта отырып, танымдық белсенділігін арттыру шарт.

Коммуникативтік-танымдық бағыт дегенде студенттің сөйлем құрастырғандағы білімін, сөздік қорын, кәсіби тілдегі қарым-қатынас құзіреттілігін қалыптастыру керек. Бұл дегеніміз болашақ мамандардың кәсіби білім деңгейінің жоғары болуы қажеттілігінен шығады.

Студенттің өз мамандығына сай тілді меңгеруінің нәтижелі болуы танымдық белсенділігіне байланысты. Ол үшін оқытушы әр студентке кәсіби бағытта орындалатын материалдарды көптеп дайындау қажет. Оқылым, жазылым, тыңдалым, тілдесім әрекеттері студенттің кәсіби қатынастық құзіреттілігін қалыптастыруда зор ықпал етеді. Өз мамандығына лайық берілген тапсырмалар мен мәтіндер арқылы көптеген ақпараттар алады. Олар тек ақпарат алып қоймайды, жазып үйренеді, жаңа сөздерді меңгереді, бір- бірімен тілдесе алады. Кәсіби бағыттағы тілдік қарым-қатынас орнайды. Ол студенттердің өз мамандығына лайықты тілді үйренуіне деген қызығушылығын арттырады.

Студенттің мамандыққа сай тілдік қатынасқа түсуі оның сөздік қорының молдығына байланысты. Ал кез-келген мәтінмен жұмыс істеу сөздік арқылы іске асады. Осы орайда әр мәтінге сөздік жұмыстарын беріп, оны меңгерту - адамдардың кәсіби тілде бір-бірімен ашық пікірлесіп, ойын жеткізуіне, тілдесуіне септігін тигізеді.

Мамандыққа сәйкес тілдік қарым-қатынас орнату үшін сөздің лексикасын, грамматикасын және стилистикасын білу жеткілікті емес. Кәсіби бағытта қарсыласымен пікірлесіп, ойын анық жеткізе білу үшін сөзді дұрыс қолдануға үйрену керек. Қай мамандықта болмасын болашақ маман жиналыстарда, келіссөздерде, қызметтес адамды қабылдауда әріптестерімен дұрыс сөйлесе білуі парыз.

Ол үшін қазақ тілін кәсіби бағытта үйренуге талпынған әр студент мәтіндердің мазмұнына берілген тапсырмаларға үлкен мән беруі қажет. Осы орайда мамандыққа сай тілдік қарым-қатынасқа түсуі үшін жүргізілетін жұмыс түрлері жаңаша талапқа сай орындалса, студенттің кәсіби сөйлеу тілінің дамуы мен қалыптасуы арқылы мамандыққа қатысты білім аясы кеңейеді сонымен қатар тілдік білім құзіреттілігі қалыптасады.

Осы пәнді меңгеру нәтижесінде студенттердің:



  • ауызша және жазбаша кәсіби сферасында сөйлеу тәртібі мен мәдениетінің деңгейін көтереді;

  • кәсіби қызмет саласында қажетті стильдік, әлеуметтік кәсіби білім қалыптасады;

  • кәсіби коммуникацияның әртүрлі формалары, түрлері бойынша сөйлеу тәртібінің стратегиясы, тактикасы саласында шеберлік икемі болады;

  • курс практикалық бағытта барлық мамандықтар бойынша студенттің кәсіби сөйлеу мәдениеті дағдысын қалыптастырады.

Кәсіби қазақ тілі пәнінен алынған тілдік негіздердің икемділік және дағды-машықтары төмендегі қызметтерді атқару үшін қажет:

  • кәсіби салалар қызметінің жағдайларындағы өзара қатынасты орнықтыруға;

  • ресми-іскери қызметінде кәсібилік шеберлік мәдениетін танытуда;

  • болашақ маманның тілдік кешенді құзыреттілігін қалыптастыруға;

  • қажетті кәсіби сөйлеу стильді дұрыс таңдай білуді дамытуға;

"Қазақ тілі – Қазақстан Республикасынның мемлекеттік тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасынынң әрбір азаматының парызы", “Қазақстан Республикасының Тіл туралы” Заңынан. Жоғары оқу орындарының түлектері кәсіби қазақ тілінен алған білімдерін өздерінің кәсіби мамандықтары бойынша қолдана алады. Студент кәсіби қазақ тілі бойынша меңгерген білімін тәжірибеде қалайда қолдана алуы керек.

Ол үшін тіл үйрету барысында мына талаптарды ескерген жөн:



  • тілдік қызмет мақсатының нақты қойылуы;

  • тілдік қызметтің әлеуметтік және кәсіби бағыттылығы;

  • тіл үйренушінің өз ойын, пікірін айта алуы – осының барлығы студенттің білімге, ғылымға, туған жерге, мамандығына деген сүйіспеншілігінің артары сөзсіз.


Аннотация

Мақалада кәсіби қазақ тілін қарым-қатынас тұрғысында оқытудың өзекті мәселелері қарастырылған.

Аннотация

В статье рассматриваются актуальные вопросы освоения коммуникативной компетенциии при изучении профессионального казахского языка.

Annotation

There are considered topical issues of development of communicative competence in the study of professional Kazakh language in the article.
Қолданылған әдебиеттер:

1. Кибрик С.С. Лингвистические предпосылки моделирования языковой деятельности // Моделирования языковой деятельности в интеллектуальных системах. М., 1987.С.3.



2. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас; теориясы және әдістемесі. Алматы, 2000.207-б.

3. Образцов П.И., Иванова О.Ю. Профессионально-ориентированное обучение иностранному языку на неязыковых факультетах вузов: Учебное пособие / Под ред. П.И. Образцова.- Орел: ОГУ, 2005. - 114 с.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет