КӘсібилілік қАҒидасының МӘні жайлы



Дата07.07.2016
өлшемі111.1 Kb.
#183554
КӘСІБИЛІЛІК ҚАҒИДАСЫНЫҢ МӘНІ ЖАЙЛЫ
Өміржанов Е.Т.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық құқық кафедрасының оқытушысы, з.ғ.к., доцент


Кәсібилілік туралы сөз қозғағанда оның нақты бір саланың қыры мен сырын меңгерген маманның өзі қызмет ететін салада әлі де болса жетістіктерге ұмтылысын тілге тиек етеміз. Яғни, тұлға өзінің жақсы білетін саласын одан ары дамытуға ұмтылып, өзі сүйетін кәсіппен айналысуын жалғастыра бергісі келеді. Бұл өз кезегінде сол маманның өз саласын алға дамытып қана қоймай өзгелерге де жағымды үлгі бола алатындығын көрсетеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда кәсібилік пен кәсібилілік қағидасы бүгінгі күн үшін басты мәселенің біріне айналғандай.

Қазір қоғамда кәсібилілікке көзқарас өзгеріп, «қандай болса да икемді кадр бәрінен артық» қағидасы мықтап орын алды. Ендігі жерде өз саласының біліктілі маманы емес, таныс, тамыр, туыс пен көңілдестің күні тууда. Осы турасында жалпы кәсібилілік жайлы кейбір ойларды ортаға салғым келеді. Жалпы, кәсіби біліктілік деген маманның өз саласының қыр сырын тек теориялық тұрғыда емес тәжірибе жүзінде меңгеріп, өзі қызмет ететін саланың кемшін тұстарын байқай білуі және оны өзгертуге қауқарының болуы. Яғни, сол адамға мүмкіндік немесе өкілеттілік берілген жағдайда оның өзі еңбек ететін саладағы кемшін тұстарды көрсетіп, оларды дұрыстау жолдарын көрсетуге, өз саласының даму бағыттарын айқындап, сол мақсатта жұмыс жүргізуге қауқарының болуы.

Кәсібилілік әр қоғамның негізгі арқа тірер қорғаны, себебі, кез келген мемлекет, мемлекеттік орган, барлық нысандағы заңды тұлғалар өз қызмет ету тетігін ұйымдастыруда басты ұстаным ретінде кәсібилілік қағидасын таңдайды. Яғни, өзінің қызметін ұйымдастыруда нақты сала бойынша кәсіби білікті мамандарды қызметке тартуды, сол кәсіби білікті мамандар ұсынған тұжырымдамалар негізінде қызмет етуді көздейді. Мемлекет тетігінің басты қағидасы кәсібилілік қағидасы болып табылады, соған сәйкес, мемлекеттік органдарда тек кәсіби білікті мамандардың қызмет ету қажеттіліктері басты мәселе ретінде қарастырылады. Мемлекеттік органдарда білікті мамандардың қызмет атқаруы ондағы бюрократия мен қағазбастылықты, міндетіне немқұрайлы қарау мен толып жатқан кемшіліктерді болдырмас еді. Бірақ, өкінішке орай қазіргі қазақстандық мемлекетте де, қоғамда да кәсібилілік қағидасы декларативтік сипаттан ары аса алмауда.

Оған басты себеп мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлықтың әртүрлі нысандарының кең етек алуы, кадр саясатында адамның кәсіби біліктілігі емес өзге қасиеттерінің немесе ерекшеліктерінің негізге алынуы, жерлесшілдік, рушылдық, туысшылдық, достық, шынайы берілгендік және т.б. факторлардың басшылыққа алынуы. Нәтижесінде осындай жолдармен нақты лауазымды иеленген тұлғалардың өз саласындағы жағдайлармен таныс болмауы, тиісті іске асырылуы қажет шараларды уақытында іске асыруға қауқарының жоқтығы, мемлекет қызметіның нақты салаларындағы олқылықтардың орын алуына алып келуде. Тіпті, қоғамда орын алып жатқан жағдайлар жастардың арасында да кәсібилікке немқұрайлы қарауға, мамандықтың қыр-сырын меңгеруді емес диплом алуды мақсат етушілікке алып келуде.

Бұл турасында қазақстандық өмірде мысалдар жеткілікті, мен мемлекеттік қызметтің төменгі эшелонындағы нақты жағдайларға тоқталмасам да ондағы жағдайдың көңіл көншітпейтіні айдан анық. Нақты мысал ретінде соңғы жылдары білім беру саласын құрылысшы мамандығын иеленген маманның, ал денсаулық сақтау саласын экономистің, қорғаныс саласын азаматтық тұлғаның басқарғандығын мысал ретінде келтіруге болады. Менің ойымша, мемлекет қызметінің нақты бір бөлігінің кілтін тек саналы ғұмырын сол салаға арнаған, өз мамандығының қыр сырын меңгерген, өзі еңбек ететін сала бойынша қордаланған мәселелерді білетін және оларды шешу жолдарын көрсетуге қабылетті адамға беру ғана сол саланың алға басуына алып келе алады. Бұл мәселе мемлекеттің заң шығару саласына да қатысты, бізде заң шығарушы органды кәсібилендіру мәселесі әлі шешімін таппауда. Әрине, депутаттардың барлығы заңгер болуы мүмкін де емес шығар, дегенмен, қазіргі мемлекеттің заң шығару органының да құрамының басым бөлігін кәсіби заңгерлердің иеленуі заң шығару қызметінің сапасын жақсартып, сауатты заңдардың қабылдануына алып келері сөзсіз. Қазақта «шайнап берген ас болмас» деген сөз бар, яғни, заң тілін мүлдем түсінбейтін, тіпті, сол шешілуі тиіс мәселенің мәніне жете бермейтін депутаттар саны көп болған сайын онда лобби мәселесі де өрши түседі, сонымен бірге, ол депутаттардың нақты мәселеге қатысты өзіндік ұстанымының болмауы сол заңдарды ұсынушы топтардың пайдасына шешіліп жатады. Тағы бір ескере кететін жайт біздің еліміздегі қағаздың басты орынға шығуы, менің айтпағым, дипломның сөйлейтіндігі. Қазіргі кездегі парламенттің сапалық жағдайына қатысты есептерде оның құрамындағы депутаттардың біршамасының заңгер екендігі тілге тиек етіледі. Бірақ, олардың қандай заңгер екендігі жөнінде мәлімет жоқ. Сондықтан, заң шығару органына депутат болып тек қайсыбір жоғарғы оқу орнының сырттай бөлімін бітірді деген дипломы бар адам емес, заң саласында қызмет еткен, құқықтық санасы кәсіби немесе доктриналдық деңгейге жеткен адамдардың сайланғаны жалпы мемлекеттік заңнаманың сапасының артуына оң әсер ете алар еді.

Мамандардың кәсіби біліктілігінің жоғарылығы мәселенің бір бөлігінің шешімін табуына әсер алуы мүмкін. Жалпылама алғанда мемлекет те, қоғам да нақты бір адамдардың беріле қызмет етуіне байланысты жетістікке жете алады, сол себепті, ең басты орынға адамның ішкі жан дүниесін қойған дұрыс. Яғни, адамдардың санасы нақты бір мәселеде ортақ арнаға тоғысса, ол мәселе ең алдымен мемлекет пен қоғамның игілігіне қатысты болса онда ондай мемлекет міндетті түрде алға дамиды. Сондықтан, қоғамдық сананы жақсы бағытқа бұру керек, мемлекетке қызмет етушілердің өзі қоғам мүшелері болғандықтан сол арқылы мемлекеттегі де кері кетушіліктерді жоюға болады. Қазіргі кездегі біздегі барлық мәселе адамдардың санасына байланысты болып тұр. Сондықтан кәсіби маманның мемлекет пен қоғам пайдасына қызмет етуі үшін оған тағы екі фактор өз септігін тигізе алады. Ең алдымен ол ұлтшылдық, екіншісі иман. Егер кәсіби маманның бойынша ұлтшылдық пен иман бірге көрініс тапса, ол адам қоғам үшін көп нәрсені жүзеге асыра алады.

Осы тұста алдымен, ұлтшылдыққа түсініктеме бере кеткен жөн болар, себебі, біздің қоғамда ұлтшылдыққа қатысты теріс пікір қалыптасқан. Менің пікірімше, ұлтшылдық ол өз ұлтыңды жан-тәніңмен сүю, егер жеке мүддең мен ұлттық мүдде қатар келсе ұлттық мүддені жоғары қою және өзге ұлт өкілдерінің өз ұлттарына деген сезімдеріне түсіністікпен қарай білу қабылеті. Кеңестік кезеңде ұлтшылдық тек Лениндік трактовка бойынша қабылданды, ұлтшылдық теріске шығарылып, орнын интернационалдық сезім басты. Қазіргі мемлекет те, қоғам да осы ұстаным шеңберінен аса алмауда. Бірақ, бұл өз кезегінде адамдардың «ұлтқа қызмет ету» қағидасынан алшақтауына алып келді. Бұл өз кезегінде әркімнің мүмкіндігінше өз мүддесіне қызмет етіп, өз жақындары мен туыстарын, руластарын жарылқауды өмірінің мәніне айналдыруына жол ашты. Нақты бір қызмет деңгейіне көтерілген адамдардың рушылдық, жүзшілдік дертіне шалдығып, өз руластарын жанына жинауды әдетке айналдыруына алып келді. Ұлт алдындағы, нақты қоғам алдындағы адамның жауаптылығы мүлдем қаперге алынбады. Сондықтан, қазіргі қоғамда ұлтшылдықты дұрыс бағытта насихаттап, адамдар санасына оның мәнін сіңіру қажеттілігі туып отыр.

Ал, кәсібилікке діннің тікелей қатысы бар деп айтар едім. Бұл мәселеде тағы да сол социалистік идеологияға қайта тоқталу қажет. Себебі, жетпіс жылдық тарихында социалистік идея құдайды жоққа шығарды, адамдарды тек мемлекет жасаған заңдармен өмір сүруге үндеді, бақи дүниенің жоқтығына сендірді. Нәтижесінде, адамдар санасында тек социалистік идеалдар мен болашақ ұрпақ үшін өмір сүру қажет деген ұстаным қалыптасты. Ал, қоғам үшін күтпеген жерден социалистік Отанның күйреуі мен социализм идеалдарының жоққа шығарылуы ауыр соққы болып тиді. Адамдар тек өмір сүру идеалдарынан ғана емес нақты Отанынан айрылды. Жаңа қалыптасқан мемлекет, ұсынылған жаңа идеялар кейбіреулер үшін құндылық болып таныла алмады. Ендігі жерде көптеген адамдар үшін басты мәселе тек ұрпақ қамы мен материалдық құндылықтар болып қалды. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметте нақты бір лауазымды иеленген адамдар мүмкіндігінще өз отбасы мен жақындарына жақсылық жасауды басты мақсатқа айналдырды. Адамдардың өлген соң жапырақ сияқты шіріп жоқ болатындығына сенуі, бақи дүние мен құдай сотын жоққа шығаруы олардың өз істеріне есеп бермеуіне, мемлекет пен қоғамға деген жанашырлықтың болмауына алып келді. Ал, дін болса жеке адамдардың құдайын тануына, сол арқылы өз істері үшін құдай алдында жауап беретіндігіне сенуіне себепкер болары сөзсіз. Ал, адам құдайдың бар екендігіне сенсе және оның кәрінен қорықса сыбайлас жемқорлық мәселесіне теріс пікірде болары анық. Әрине, мен бұл жерде тек құдайға сену емес, сол құдай алдында жауап беретіндігін толықтай сезіну мәселесін тілге тиек етіп отырмын. Өкінішке орай, кеңес идеологиясымен қалыптасқан сана үшін құдай алдындағы жауаптылық әлі де болса шешуші роль атқара алмауда. Біздің мемлекеттік қызметте көптеген білікті, талантты, білімді азаматтар жеткілікті, дегенмен, олардың бойындағы ұлтшылдық пен иман мәселесінің деңгейі көп жағдайда олар қабылдаған шешімдерге байланысты күмән тудырып жатады. Бірақ, мен болашақта мемлекеттік қызметте белгілі бір мөлшерде кәсіби біліктілігіне ұлшылдығы мен иманы серік болған мамандардың келеріне сенемін.



Кәсібилілік мәселесі тек мемлекет үшін маңызды емес жеке кәсіп те кәсібилілік қағидасына негізделуі тиіс, қазіргі кезде кәсіпкерлік саласында кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға сұраныс жоғары, себебі, жеке кәсіпкерлікте ағайыншылық пен өзге де қатынастар шетке ысырылып қалады. Сондықтан, бұл салада кәсібилілік қағидасы шындығында да өз орнында деп айтуға болады. Бірақ, бұл тек жеке кәсіпкерлікке байланысты, ал, мемлекетке қарасты мекемелер, кәсіпорындар мен өзге заңды тұлғаларға қатысты жағдай жалпы мемлекеттік қызметтегіден артып отырған жоқ. Бірақ, мұнда да бір ескере кететін жағдай бар, біз айтып отырған кәсіби біліктілігі жоғары мамандар өздерін жалдаушыларға қызмет ету барысында мемлекеттік немесе ұлттық мүдделерді ескермейді, сонымен қатар, өздері қызмет еткен заңды тұлғаны өзге жақсы ұсыныс болса оңай тастап кете береді. Яғни, мұндай сипаттағы кәсіби мамандардың мемлекеттік қызметке келуі тиімсіз, себебі, оларды жоғары көрсетілген ұлтшылдық пен иман мәселесі жеткілікті деңгейде болмауы мүмкін.

Сонымен қатар, кәсібилілік мәселесі тек адамдармен шектелмейді, ол мемлекетке де тікелей қатысты. Мемлекет дегеніміздің өзі нақты бір адамдардың қоғамды басқару үшін құрған күрделі саяси ұйымы деп қарастырсақ, ол да адамдар сияқты тірлік жасауы тиіс. Адамдар қоғамның өзге мүшелерімен бәсекелесе отырып дамитын болса, мемлекеттер де халықаралық аренада өз орнын табуы қажет. Бұл жерде мемлекеттің сыртқы саяси ұстанымынан өзге оның әлемдік нарықта алатын орны да нақтыланады. Әу баста құдай адамдарды қалай әртүрлі етіп, әрқилы мүмкіндік беріп жаратса, мемлекеттерге де дәл сондай өзіндік мүмкіндіктер берген. Әр адам өмірде өз орнын тауып қоғамға қандай да бір пайда әкелуге ұмтылса мемлекет те әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындауы тиіс. Мемлекеттің әлемдегі орны оның әртүрлі іс шаралар ұйымдастырып, өзгелердің назарын өзіне аударып, өзін жарнамалап, өзгелерге танытуымен айқындалмайды. Мемлекет өзіне тән өркениетімен және экономикалық жетістіктерімен әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындай алады. Осыған байланысты мемлекеттер әлемдік аренада тек саяси жағынан ғана емес экономикалық бағытта да өзара бәсекелестікке түсіп, дамуда. Бұл тұста кей мемлекеттерге бай табиғи қорлар берсе, кей мемлекеттерге жоқ нәрседен бар жасауды нәсіп етті. Қазіргі кезде еліміз құдай берген табиғи қорлар арқасында қалыпты өмір сүруді бастан кешіруде деп есептесек, оның өзіне құдай берген мүмкіндікті қаншалықты дәрежеде пайдаланып отырғандығы жөнінде пікірлер әртүрлі. Еліміздің қазіргі кезде отарлық кезеңнен қалған шикізаттық ел сипаты әлі өзгерген жоқ, бүгіндері ол нарықтағы жанар-жағар май дефицитінен кейін жай қоғам мүшелеріне нақты сезіле бастады. Қоғамда мұнайлы елдің мұнай өнімдерінің импортына тәуелді болуы жайлы түрлі пікірлер айтылуда. Еліміздің экономиканың нақты секторы бойынша кәсібиленуі әлі де өз шешімін таппауда. Кезінде қазақтың озық ойшылдарының бірі Смағұл Сәдуақасов қазақ елінің Одақ құрамында кәсібиленуі жайлы мәселе көтерген еді. Ол қазақтың мұнай мен ауылшаруашылығы өнімдерін өзімізде өңдеп Одақ нарығына дайын өніммен шығуды ұсынған болатын. Дегенмен, осы мәселе бүгінгі күні де ашық күйінде қалып отыр. Бүгінгі күні де еліміз үшін басты кәсіби түрде маманданатын салалар тұтынушыға қажет даяр мұнай, металл және ауылшарушылық өнімдерін экспорттау болып отыр. Бұл салаларда еліміздің мүмкіндігі өте зор болса да үкіметтің машина жасау сияқты біз үшін керемет мүмкіндік бермейтін салаларға баса назар аударуы көңіл қынжылтады. Себебі, жеңіл және ауыр машина жасау өндірісі көптеген елдерде жолға қойылған, жыл санап жаңа технологиялар енгізілуде. Ал, елімізде даяр машина бөлшектерін жинап, оған «Қазақстанда жасалған» деген жазуды орналастыру даму көрсеткіші болып табылмайды. Сонымен қатар, компьютерлік технологиялар бойынша үлкен жетістіктерге жеткен елдермен бәсекелесуге біздің әлеуетіміздің жеткіліксіздігін мойындау қажет. Технологиялық салада мамандануды мақсат етсек алдымен ауылшаруашылық, мұнай өнімдерін өңдеу технологиясын меңгеріп, өңдеу өндірісіне қажет құрал жабдықтарды жасауды қолға алған дұрысырақ болар еді. Мемлекет еліміздің құдай берген мүмкіндіктерін жүзеге асыру арқылы әлемдік нарықтан өз орнын ала алатыны сөзсіз, сондықтан өзімізде бар мүмкіндіктерді пайдаланып, бар нәрсені ұқсата білуге ұмтылу көп нәтиже берері сөзсіз. Ол үшін ең алдымен мұнай өңдеу зауыттарының санын көбейту және мұнай өңдеудің жаңа технологияларын өндіріске енгізу қажет. Мүмкін, бұл алғашқы кезде кейбір экономистер айтып жүргендей пайдасыз да болуы мүмкін. Бірақ, шикізат арзан болғандықтан уақыт өте келе өңдеу өндірісінің экономикалық тиімділігі артары сөзсіз. Қазіргі кездегі әлемдегі мұнай нарығында орын алып жатқан жағдайлар еліміздің экономикасын тек шикі мұнай экспортына байлаудың қауіптілігін дәлелдеу үстінде. Екіншіден, ауылшаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту және осы секторда өңдеу өндірісін іске қосу еліміздің экономикасын еселеп дамытарына ешкім қарсылық білдіре алмас. Себебі, құдайдың өзі еліміздің аумағында мал шаруашылығының дамуына ең қолайлы жағдайды жасап берген. Ендігі жерде малдың тек етін ғана емес, сүтін, терісін, жүнін, тіпті сүйегін өңдеп, ақырғы өнімді тұтынушы қолына жеткізе білу мүмкіндігін арттыруды басты мақсат етіп қою қажет. Қазіргі кезде еліміздің малшаруашылығы өнімдерін өзге елдерден импорттауы бұл саланың тіпті жолға қойылмағандығынан хабар береді. Ет, сүт өнімдерінің жеткіліксізідігін былай қойғанда, халықтың қолында бар ұсақ малдың жүнін қайда өткізерін білмей отырғандығы жасырын емес. Үкімет тарапынан қаншама бағдарламалар мен жоспарлар жасалынып жатса да бұл саланың алға жылжымауына мал шаруашылығымен айналысушыларға берілетін кредиттердің пайыздық мөлшерлемелерінің жоғарылығы кері әсерін тигізуде. Мал өсіруге халықты жаппай ынталандыру үшін үкімет бұл саламен айналысушыларға пайызсыз несие беру арқылы қол жеткізе алады. Себебі, мал бірден пайда әкелмейді, оған белгілі уақыт мөлшері қажет етіледі, сонымен қатар, малдың шығынға ұшырау қаупі мол, сондықтан, бұл салаға несие беруде пайыздық мөлшерлеме тағайындау мүлдем қисынсыз. Әрине, бұл жерде малдың сапасын арттыру мәселесінің мемлекет тарапынан қолға алынғанын айта кеткен орынды болар. Дегенмен, дәл қазір мал басын асылдандыруды шет елден асыл тұқымды мал сатып алумен емес, өзіміздің қазақ ғалымдары селекциядан өткізген тұқымдар арқылы жүзеге асыру көп өнімділік берер еді. Сол арқылы отандық ауылшаруашылығы ғылымының тәжірибемен ұштаса дамуы қолға алынса, екінші жағынан осы саладағы мамандардың жұмыспен қамтылуы жүзеге асырылар еді. Ал, ұсақ малдың жүнін өңдеп, тұрмыстық қажеттілікке жарату мал басының артуы мен осы сала бойынша өңдеу өндіріс ошақтарының санының артуына оң ықпал етері сөзсіз. Осы тұста жүннен жасалған өнімдердің сұранысқа ие еместігі сөз болуы мүмкін, оған «қоғам алдындағы жауапкершілік» ұғымын насихаттау арқылы халықтың жүн өнімдеріне деген көзқарасын өзгерту мүмкіндігінің барлығымен жауап беруге болады. Мұнда біздің халықтың өзіндік ерекшеліктеріне сай өмір сүру салтын қалыптастыру мәселесін көтеруге болады. Мен қайта көшпенді өмір сүруді насихаттап отырған жоқпын, бірақ, бұрынғы заманда пайдаланылған жүннен жасалған бұйымдарды заманауи талаптарға сай өңдеу және безендіру жолымен ұсыну мүмкіндігін айтқым келеді. Мысалы, жүннен жасалған текеметтердің егер дұрыстап әрлесе кілемнен несі кем, артықтығы болмаса. Өз басым елімізде жасалса жүннен жасалған қыстық сырт киімдерді үлкен мақтанышпен киер ем. Осы мақсатта халық арасында жүннен жасалған өнімдердің кең насихатталып, олардың сұранысқа ие болуына жағдай тудыру керек. Тек, ендігі жерде ең алдымен халықтың мал шаруашылығына деген көзқарасын өзгертіп, оған мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету қажет. Ата-бабадан қалған кәсіп мал бағумен айналысатын адамның қоғамдағы беделін арттыру үшін осы салада еңбек ететін адамдарды насихаттап, олардың еңбек ақысының ең төменгі мөлшерін айқындау қажет. Мал бағудың да кәсіп екендігін, ол үшін де белгілі бір мөлшерде біліктіліктің қажет екендігін түсіндіру жұмыстары жүргізілгені, тіпті мемлекеттік кәсіптік лицейлерде мал бағу бойынша арнайы мамандық ашып, мал бағудың, мал күтімінің қыр-сырын үйрету қажет шығар. Бұл салада жетістікке жету үшін ең алдымен, жергілікті жерлерде малшаруашылығы өнімдерін өңдеп, дайын өнім шығаратын шағын кәсіпорындардың ашылып, жұмыс істеуіне мемлекет қолдау көрсетуі қажет. Сәйкесінше, өнім өңдеуші кәсіпорындар ауылдық жерлерде ашылса ауыл халқының қалаға қарай жөңкіле көшуі бәсеңдейді, сол арқылы демография мәселесі де жанама түрде өз шешімін таба алар еді.

Бір сөзбен айтқанда, кәсібилік қағидасына нақты көңіл бөлініп, адамдардың да мемлекеттің де кәсібиленуі болашақта жақсы нәтижеге қол жеткізудің кепілі болар еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет