Кеудесі қуыс қалған далам – ай… Немесе атамыздың басын іздеумен өткен екі айдың есебі



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі175.5 Kb.
  1   2   3

Кеудесі қуыс қалған далам – ай…

Немесе атамыздың басын іздеумен өткен екі айдың есебі

Мыңжылдықтар ауысқан нысаналы тұстағы көпшілілер әлемінің тікелей мұрагері болып табылатын, ХХІ ғасырды тәуелсіз мемлекет ретінде аттаған қазақ ұлтының тарихындағы ең өкініштісі оқиғаның бірі - –сынау заманға заттық мұрағаттарымыздың тоз – тозы шығып, жадап – жүдеп, тоналып жеткені. Бізден бұрын да жеті жұрт келіп, жеті жұрт ауысқан (Шәкерім, Мұрын) мынау сайын даланың қат – қат қабатының қолқасына қолын тығып, қазнасын былай қойғанда, әруақтарымыздың бассүйегінен бастап башпай тырнағына дейін қотара суырып әкеткені, кеудесі қуыс қалған даланың кәрі әрі шұрық – шұрық тесілген көксау көкірегін ғана иемденіп қалғанымыз жанға батады. Тарихтың аса қатал сілікпесі мен таным талқысына ұшыраған түркі жұрты ХIV – XV ғасырда қағанаттығын жойып, ханталапайға түсті. Ақыры бодан елдің күйін кештік. Тағдырымыз да, қазынамыз да тоналды. Күні кеше табылған Алтын адамнан да айырылып қала жаздадық. Мұның барлығы рухани тәуелділіктің зардабы еді. Бұл қасіретті кешегі Абай мен Әлихан, Ахмет аталарымыз да ойлаған, кеңес тұсындағы ғұламаларымыз да қиналған, ол арман сүзіліп келіп бүгінгі ұрпаққа да ауысты. Қазақ даласының рухани қазыналары Ресейден бастап Рейнге, Филяндиядан Пекинге дейін (Мәселен, Лондондағы, Париждегі, Токиодағы, Швециядағы, Финляндиядағы, Пекиндегі үлгілерді қоспағанда, Ресей Ғылым Академиясында 4228, ал Германияда 8 мың көне түркі жазбаларының ескерткіші бар) шашылды. Олардың ізіне түсу – бүгінгі тәуелсіз ұландардың міндеті. Өткен жылы сондай бір игі ниетке қадам жасалды. Россия Федерациясының архивтері мен мұражай және кітапханалар қорындағы Қазақстанға қатысты тарихи – мәдени, ғылыми деректерді анықтауға, оларды жүйелеуге, қалпына келтіруге арналған ғылыми экспедиция ұйымдастырылды.

Ғылыми экспедицияның басты мақсаты – ұлттық сана мен қоғамдық пікірдің рухани тәуелсіздік сатысына көтеріле бастаған кезіне оны бекіте түсетін мемлекеттік тәуелсіздіктің қажетті нысаналар мен (мысалы, Шыңғыс хан мен Жошының, Алтын орданың, қазақ хандығының, Абылайдың, Алашорданың тулары мен елтаңбасының үлгілері), тарих талқысы талан – таражға ұшыратқан мәдени мұраларымыздың (археологиялық қазбалар мен көне қолжазбалар) төркінін тауып, қалайда ұлтымыздың игілігіне қызмет ететіндей байланыс орнату және оларды қайтарудың мүмкіндіктерін қарастыру, кезінде рұқсат етілмеген мұрағаттарды анықтау, сөйтіп олар туралы мағлұматтарды жинастыру еді. Сонымен қатар, экспедицияның демеушісі Қ.С. Назарбаевтің алдыға қойған басты міндеті – Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың соңғы ханы Кенесар Қасымов пен 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалыстың басшыларының бірі – Кейкі Нурмахамбетұлының бас сүйекткрін іздестіру болды. Мемлекеттік хатшы Ә. Кекілбаев пен мәдениет министрі А. Сәрсенбаевтің Ресейдің ресми мекемелеріне жолдаған қатынастары мен (РФ мәдениет министрінің бірінші орынбасары Н. Л. Дементьеваға, келісім – шартына сәйкес эксепдицияның ғылыми – зерттеу жұмыстарының ауқымы кеңейіп, ол мемлекетаралық, салааралық сипат алды. Бұл сапарға ұйтқы болып, қоғамдық қозғау салған «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының құрамындағы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы. Сондықтан да зерттеу жұмыстарының Қазақстан Республикасының мүддесіне тікелей қатысты әрі екі елдің арасындағы мәдени, ғылыми байланыстарды қалпына келтіруге аса мұқтаж мәлімет пен мағлұмат беретінін ескере отырып, жинақталған деректер мен пайымдауларды қалың қауымның назарына ұсынып отырмыз. Ғылыми экспедиция құрамына Т. Жұртбай (ғылыми жетекшісі), Ш. Әмірбек (тарихшы), Д. Рамазан (қоғамдық өкіл, журналист) кірді. Экспедицияның ғылыми тобы 2000 жылдың маусым – шілде айларында (екі ай 8 күн) Москва, Санкт – петербург қалаларындағы зерттеу мақсатына тікелей қатысты және қосымша мағлұмат беретін 64 мекемеде болып, іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Зерттеу – іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты, аса құнды әрі бұрын республика өкілдерінің арнайы назарына ілінбеген тарихи – этнографиялық бағалы бұйымдар мен деректерге, тың мұрағаттарға жолықтық. Тікелей байланыс орнатудың жолын жеңілдету және олармен еліміздің кез – келген мекемесі өздігінше қарым – қатынас орнату үшін музейлер мен арихивтердің адрестерін, басчшыларының аттарын келтіре отырып, ондағы Қазақстанға қатысты мұралардың бағыт – бағдарынан қысқаша хабардар етуді жөн көрдік. Бұл бізден кейінгі ата мұрасын іздеушілерге де септігін тигізетініне, жол сілтейтініне және көптеген ұйымдастыру жұмыстарын жеңілдетеініне сенемдіміз.

Ғылыми экспедициянын іздестіру – зерттеу жұмыстарының бірінші кезеңі Москва қаласындағы музейлер мен архивтердің қорларымен танысудан басталды. Оның басты себебі: бірінші – мемлекетаралық келісімге сәйкес Ресей бойынша қазақтарға қатысты тарихи, мәдени мұралар қай жерде, қандай түрде сақталған, олардың заттай және деректік айғақтары бар ма, соны анықтау, олардың қызмет көрсету жүйесімен тереңірек танысу. Екінші – Кенесарының бас сүйегі болуы мүмкін мұражайды немесе ол туралы мағлұмат беретін нақты және дәлелді дерек көзін табу. Ал экспедицияның қаперге алып шыққаны; Кенесарының басы Эрмитажда екен деген ел аузындағы аңыз ғана. Ешқандай мекеме тарихи дәлелі расталған құжатсыз өзінің құпиясын ашпайтын белгілі. Үшінші – РФ – ның мұрағаттар туралы заңымен және ол туралы ұстаған саясатымен тануысу. Төртінші - әлдеқандай себеппен бас сүйектің Мәскеу сақталып қалу мүмкіндігі де ескерілді (бұл жорамал әлі де сақталып отыр)№

Алғашқы кезектегі ұйымдастыру жұмыстарына Қазақстан елшілігі мен (Е. Алданов) РФ мәдениет министрлігі (Н. Л. Дементьева, Л.М. Колесникова) араласты. Мәскеу мен Санкт – Петербургтағы музейлер мен архивтерге рұхсат қағаз алынды. Барлық – Петербургтағы музейлер мен архивтерге рұқсат қағаз алынды. Барлық мекемелерге экспедицияның негізгі мақсаты: а/. РФ мен ҚР арасындағы үзіліп қалған мәдени байланыстарды қалпына келтірудін мүмкіндіктерін қарастыру; ә/. Сол біз барған музейдегі немесе архивтегі Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне, ғылымына т.б. қатысты деректер мен заттай айғақтардың мөлшері мен құндылығын анықтау. Б/. Сол айғақтарды ҚР – ның игілігіне жаратудың әр түрлі жолдарын қарастыру (көшпелі көрме ұйымдастыру, құжаттардың көшірмесін алу, өзара біріккен тақырыптық ғылыми жұмыстар мен көркем альбомдар шығару, түрлі келісім шарттар жасасу) деп түсіндірілді. Әрине, мұның барлығы пікір, мағлұмат алмасу жеңгейінде, яғни, экспедиция мүшелерінің ғылыми мақсатына сай ауқымда ғана өтті.

Ашып айтатын және барлық мекемелерге ортақ мәселелер мынадай:

Мәскеу мен Санкт – Петербургтегі музейлердегі заттар РФ – ның жеке меншігі деп жарияланған, ол құқық – Заңмен бекітілген. Бұрынғы СССР – дің құрамындағы одақтас республикалардың түгелі ішінде РФ – ның автономиялық республикалары – Татарстан мен Башқорстан, Якутия, Бурятия, Карелия т. б. да елдер Ресей мұражайларындағы өздеріне қатысты экспонаттарды қайтаруды талап етіпті. Ал Украина оларды халықаралық сотқа беруге ниеттеніп отырған көрінеді. Сондай – ақ, қазір Ресейдің әр түрлі музейлері мен лабораториясында сақтаулы тұрған 17 бас сүекті (Қажымұраттын Түрікмен башы мен оның отбасының, молдолван князының т.б.) әр ел қайтарып алуға әрекет етіп жатыр. Сондықтан да Кенесарының бас сүйегін іздестіріп жүргенімізді тура жеткізбей, орағыта сөйлеп, картотекалар мен қордағы заттардың тізімін ақтарыстырып болған соң, істің қортындысы шығарда ғана ашық айттық. Әйтпесе, қорға кіргізбеу қаупі анық байқалды. Ресей музейлері қаражат көзі табылса мемлекеттік кепілдік берілсе, көшпелі көрме ұйымдастыруға, бірігіп көркем альбом шығаруға, бірігіп ғылыми жұмыс жүргізуге, методикалық - әдістемелік кітаптар шығаруға әзір. Бұл ретте Грузия мен Армения өзінің көрмелерін Мәскеуде өткізіліп үлгіріпті. Ондай мүмкіндік Қазақстанда да бар ғой деп ойлаймыз.

Музейлер мен архивтердегі бұрынғы одақтас республикаларға қатысты экспонаттар мен сирек қолжазбалар, құжаттар, архив қорлары қатаң түрде тізімделіп, қосымша қоймаларға жөнелтіліп үлгерген, барының өзін көзден тасада ұстау бағыты мен жасыру пиғылы аңғарылады. Сөреде тұрғандарының өзінің түсіндірмесі ашып айтылмайды. Бұл, әсәресе, тарихи мұражайда, қазіргі тарих мұражайында (Мәскеу), Эрмитажда, Этнография (бұрынғы СССР харықтары) музейлерінде ерекше сезіледі. Архивтердегі кеңес тұсындағы кейбір ашық қорлары (патша мен әскери губернаторлардың отарлау саясаты, әсери жеткізу үшін сол мекеменің ғылыми қызметкерлерінің көмегіне сүйенуге тура келді. Сондықтан да уақыт өткізбей Қазақстанның мүддесіне сәйкес әр музейдегі деректер мен заттардың толық тізімін алу үшін жеке – жеке мекемеге арнайы топ жіберіп, түбейгелеп зерттеуді тездетіп қолға алған лайық сияқты.

Әр саладағы жетекші ғалымдар мен мамандардың тікелей ықпалы, таныстығы, рекомендациясы, мүдделігі ерекше екен. Өйткені, Ресей оқымыстыларының арасындағы ғылыми мектептер мен бағыттардың, әр түрлі топтардың өзара бәсекесі бұрынғыдан да шиеленісіп кетіпті. Енді ғылыми – саяси емес, ғылыми – экономикалық мүддені алға қойғандарын олардың өздері де ашық айтады. Бұл ретте белгілі шығыстанушылар, түріктанушылар, архивист – тарихшылар, музейтанушылар, антропологтар С.Г. Кляшторныйдың, Ч.М. Таксамсидің, И.О.Гохманның, Ю.К.Чистовтың, О.М. Бронникованың, В.А. Прищепованың, М.В. Твардовскаяның, М.С. Герасимованың, Н.Е. Бекмаханованың, В.М. Паниахтың, Т.Г. Емельяненконың, архив қызметкерлері Л.И. Синицина мен Г.К. Мулинаның, мұражай қызметкерлері Л.И. Скрипкинаның, Г.К. Ольшевскаяның ғылыми кеңестері экспедицияның қал – қадерінше нәтижелі жұмыс істеуіне ықпалын тигізді.

Бұл жөнінен алғанда Қырғыз елінің қазіргі ұсынған тәжірибесін қолдануға әбден лайық. Олар Қырғызстан мен Ресей ғалымдарынан арнайы комиссия құрыпты. Комиссия үш айда бір бас қосып, Қырғыстанға қатысты мәселелерді, мысалы, музей экспонаттарын не архив құжаттарын зерттеугекеліседі екен. Сөйтіп, өз беттерінше іздестіру – зерттеу жұмыстарын жүргізе береді, тиісті экспертизадан өткізеді, қортынды шығарады, қырғыз ғалымдары тек соның нақты нәтижесін алуға келеді екен.

Әр сапарда, бір топ бір ғана саланы не салалас мекемені зерттеуді ниет етіп, ұзақ мерзімге барғаны дұрыс сияқты. Өйткені бір Эрмитаждың өзінде 3,5 миллион экспонат бар. Тек сол тізімнің өзін шығуға бір ай уақыт кетеді. Ал архивтің жөні тіптен басқа. Осы орайда архив пен музей қорларына соңғы 80 жылда жүргізілген үш реткі бөлістің жай – жапсарын білмеген адам бұрынғы сілтемелерге сүйеніп, сандалып қалуы мүмкін екен. Мысалы Е. Бекмахановтың Кенесары туралы сілтеме жасаған архив деректері арқылы ол құжатты қазір табу өте қиын. Сол сияқты Революцияға дейінгі экспонаттар да жан – жаққа жіберілген. Архив пен музейге жүргізілген ревизия мен бөлістің нәтижесінде әр зат ешқандай мақсатсыз жан – жаққа таратылған, мысалы, қазақтардың ханзада Николайға (кейінгі Николай ІІ) сыйлаған киіз үйі мен жиһаздары 1921 – 1922 жылдары Эрмитажға, Кунсткамераға, этнография музейіне және Мәскеудің тарихи музейіне бөлініп беріліпті. 1950 – 1953 жылдары Эрмитаж бен Кунсткамераның, 1960 – 1963 жылдары СССР халықтары музейінің жекеленуіне байланысты олар тағы да қайтадан талан – таражға түскен. Ал архив материалдары 1980 жылы Мәскеу мен Санкт – Петербургтуң және облыстардың архивтеріне жіберілген, соған орай фондфлардың аты, рет саны, заттардың аттары өзгертілген.

Одақтас республикалардың тарихына қатыфсты архив пен мұрағат тізімдердің барлығы қатаң түрде ресми құжаттандырылған, яғни, дербес бақылауға алынған. Кеңестік саяси науқанның құқайын экспонаттар да көрген. Ал. Ал басы даудан ашылмаған Кенесарының бас сүйегі де сол қысымға ұшырып, сөреден – сөреге шүйгіген іспетті. Шәміл мен Кейкі туралы үкімет қаулысы шықпағандықтан да олардың бас сүйегі орында сақталып қалған. Зерттеу – іздеу жұмысын қиындатқан мәселенің бірі жоғарыдағы «бөлісулер». Мәселен, бұрынғы Санкт – Петербургтің архивіндегі Горчаковтың қоры сыртқы істер министрлігі мен Әскери архивке, Гасфордтың қоры – Омбыға жөнелтіліпті. Олардың біразы кіріс тізіміне әлі ілінбеген. Архив пен мұражай саласынан хабардар әрбір адам мұның қандай бейбастыққа жол беретіндігін ойласа, төбе құйқасы шымырлары анық. Бізде, құдайға шүкір, бұл саламен айналсатын «зиялы қылмыстық топ» Қазақстанда әлі қалыптасқан жоқ, бірақ Кенесарының бас сүйегіне қатысты біздің ғылыми экспедициямыздан кейін өз қандастарымыздың арасынан да осы мәселеге көңіл бөлгендер табылды. Алайда солармен бетпе – бет сөйлесудің еш реті келмеді. Түпкі ұлы мақсатқа жету үшін олармен кездесуге жеке өз басым еш арланбас едім. Ресейде, шет елдерде бұл жақсы жолға қойылған, кей тұстарда үкіметтің өзі соларға иек артуға мәжбүр болған тұстары бар. Сонымен қатар соғыс кезінде экспонаттар Самарқандқа, Қостанайға, Саратовқа т.б. қалаларға көшірілген. Ол арадн экспонаттар толық қайтып оралмаған. Мысалы. Түркімен башының бас сүйегі Самарқандта қалып қойған екен де, әйелі мен 5 баласының бас сүйегі Мәскеуге қайтарылыпты. Түрікмендер де 3 жыл іздеп, ақыры шындыққа көз жеткізіпті. Солардың ізіне түсіп, Кенесарының бас сүйегінің Самарқанда қалып қоймағандығының анық – қанығына жету үшін де біраз уақыт қажет. Ол туралы үзілді – кесілді жауап қайтаруға әлі ерте.

Елшілік пен Ресей мәдениет министрлігінің қызметкерлерімен және ғалымдармен ақылдаса отырып Кенесарының бас сүйегі тек бас сүйек ретінде ғана ізделген жоқ, сонывмен қатар күмістелген әскери жарақ, күлдік, балауыз шам, кубок, тостаған, шара сияқты тағы да басқадай әшекейлі тұрмыстық бағалы заттардың тізімнен де қарастырылды. Бұған да назар аударатындай себептер мен қосымша жорамалдар бар еді. Бұл іздестіру жұмысының негізгі бір бағыты ретінде басты назарға алынды.

Енді нақты деректер мен пайымдауларға көшейік. Жоғарыда келіскеніміз бойынша әр мекемеге жеке – жкек тоқталамыз.


Каталог: repository -> history -> %D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Қазақ Қолжазбалары
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрлғанына 10 жыл толуына арналады
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Біз жатсынып кеткен мұралар
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Тұрсын ЖҰртбай, Қазақстан Педагогика ғылымдарының академигі
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> МЫЊ жылдыќ жолдыњ тоѓысы (Перекресток дорог тысячалетий)
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Көркемдік шындық және тарихи тұлға
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> «Айқап» және «Мамания» мектебі Қазақтың тұңғыш ғылыми–көпшілік, әдеби журналы
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> ҚАШҚынбаев иса мен мурзин мұхтардың жауаптасуы
%D0%B0%D1%80%D1%82%D1%83%D1%80%D0%BB%D0%B8 -> Құрметті Ғабит! (Өзің үшін ғана)


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет