Апа-ау, кедейлер малын бақпай қойса, қайтер еді?
Қайтсін? Өзі баға алмас еді, малдан айырылар еді.
Ендеше неге сөйтпейді?
Ойбай, қарағым-ау! Туысы бір болған соң, қимайды. (Б.Майлин. «Раушан-коммунист»).
Сөйлеушінің сұрағы қарсы сұрақ пен дәлел жауапты қалыптастырады. Жауаптың мазмұны келесі сұрақты – нақтылаушы сұрақты туғызады. Нақтылау, ашу мақсатында жауап алуды көздейді. Онсыз сұхбаттың аяқталмайтындығын аңғартатын мақсат та бар. Сондықтан, тыңдаушы оның сол сұрағына ғана жауап беріп отыр. Диалогке тұтастық сипат беріп тұрған сөйлеу актілерінің мазмұндық жағы мен оның бір бағытта дамуы болып отыр. Ал ол сұрау есімдіктерінің көмегімен жүзеге асады.
Бұдан шығатын қорытынды мақсаттардың өзара ықпалы диалогтік бірлікті қарым-қатынас жасаудың тұтас ауқымды сипаттағы түріне айналдыра алады. Бұл тұтастықтар қайталанатын кем дегенде екі бірліктен құралады. Қайталау жай өзгеріссіз қайталану емес, жаңа мазмұнда, қосымша мақсаттардың үстемеленіп қайталануы болып табылады.
А.Сухих сөйлеуде өзара қарым-қатынасқа негіз болатын, шағылысты қалыптастыратын – ортақ тақырып деп есептейді [17, 28]. Тақырып – сөйлеу мәнбілеріне ортақ мазмұн. Сөйлеу мақсаты сол тақырыпқа қарай анықталады. Тақырып қарым-қатынасты ұйымдастырушы қағида болып табылады. Тақырыпты анықтайтын негізгі көрсеткіштерге – онтологиялық ортақтық, мәдени-әлеуметтік ортақ белгілер, сөйлеу жағдаятының ортақтығы (прагматикалық ортақтық) жатады. Тақырып диалогте фреймдер немесе ойды өрбітіп, дамытушы өзара байланысты ұғымдар мен пікірлер түрінде көрінеді. Адам есінде қоршаған орта шындығы фреймдер түрінде сақталады. Өзара байланыс – фреймдер тақырыпты сөйлеушілерге таныс әрі түсінікті түрде өрбітуге көмектеседі.
Диалог арқылы берілетін хабар – семантикалық белгіні, ал оны анықтауға прагматикалық факторлар қатысады. Прагматикалық фактор сөйлесімдердің тақырыпқа қарай коммуникативті мақсатын анықтайды. Қарым-қатынас үстінде ортақ тақырыптың орнауы бірін-бірі мазмұн жағынан толықтырып отыратын, сөйлеу мақсаттарының үйлесімді тізбегін қалыптастырады. Сөйлеу мақсаттарын жетекші (негізгі) және қосымша мақсаттарға ажыратуға болады. Сөйлеу мақсаттарының үйлесуін тема-ремалық қатынастың сөйлеу актілері арасында көрінуі деп те қарауға болады. Өйткені алғашқы сөйлесімде берілген мазмұн келесі сөйлеу мәнбісінде жаңа мазмұнмен толықтырылады.
Белгілі сөйлеу жағдаятына сай, ортақ тақырып сөйлесім мазмұны мен құрылымын анықтайды. Осы ерекшеліктен ауызекі сөйлеудің көркем әдебиет стилінен айырмашылығы айқын көрінеді. Бірінші жағдайда тақырыптық ортақтық сөйлеу бірліктерінің арасындағы ілеспелі байланысты қалыптастырса, екінші жағдайда тақырыптың ортақтығы тіл бірліктеріндегі ортақ белгілердің болуын негіздейді.
Сөйлеудің жағдаяттық-тақырыптық сипаты қысқа, бірақ тұрақталған, дайын сипаттағы сөйлесім түрлерін қалыптастырады. Олар белгілі бір сөйлеу жағдаятында тыңдаушының әрекеті алдын-ала болжаумен қалыптасқан.
Диалогте тақырыптық байланыс монологте кездесетін лексемалардың, синтаксистік құрылымдардың қайталануы түрінде тілдік бірліктері арқылы көрінуімен қатар, прагматикалық көрсеткіштердің қатысуы арқылы да жүзеге асады. Бұл, біріншіден,
шағылыстың қалыптасуы болса, екіншіден, ынтымақтастық принцип
сақтаумен байланысты астарламалардың, пресуппозиция көрсеткіштерінің сөйлеу мәнбілерінде байланыстырушы, дамытушы қызмет атқаруы түрінде көрінеді.
Диалог бойында сөздердің қайталануы, тыңдаушыға бағытталған сөздердің болуы (есімдік түрлері), сөйлеуге қатысты етістіктің лексика-семантикалық түрлерінің сөйлеу актісін ұйымдастырудағы қызметіне зерттеушілердің бірқатары көңіл аударды. Лексиканың қайталануын формалды түрде қарастырмай, диалогті ұйымдастырудағы қызметін зерттейтін ғылыми жұмыстар бар.
Сөйлеу мәнбісінде диалог құрылымында кездесетін бұндай сөздер ғылыми зерттеулерде «метакоммуникативті сигналдар», «синтаксистік клишелер», «түзету бірліктері», «вербальді белгілер» деп аталып жүр. Олардың әр түрлі аталуының негізінде қарым-қатынаста, диалогті ұйымдастыруда атқарылатын қызметінің, прагматикалық мақсатының әр түрлі болуы жатыр.
Синтаксистік қақпайлардың синтаксистік құрылымдарына ортақ белгілерге мыналарды жатқызуға болады:
жалпы мәнді сұраулы сөйлемдердің ықшамдалған түрде берілуі;
дейксис сөздердің алдыңғы сөйлеу актісіне, сөйлеу жағдаятына сілтеме жасап, жинақтаушы қызметтерде тұруы;
етістіктердің лексика – семантикалық шектеулі тобының қолданылуы;
синтаксистік қақпайлардың қолданылуын прагматикалық факторлар ережелер тұрғысынан қарастыру олардың шын мәнін ашады.
Диалогте сөздердің орынсыздығы, сөздердің сөйлеу жағдаятына сәйкессіз қолданылуы да бар. Оны жазушылар кейіпкер образын ашуда, шығарманың әсерлілігін арттыруда қолданады. Н.Уәлиев оны стильдік контраст деп атайды [18, 90]. Стильдік контраст - кейіпкер тілімен бағалаудың бір тәсілі. Оның айқын көрінетін жері – диалог. Бір стильдік қолданыстарды екінші бір стиль тілінде қолданудың мақсаты юмор туғызу болса, сөйлеу тілі теориясы түрғысынан оны тыңдаушының көңілін аудару, оны өзіне ыңғайлау құралдары ретінде де қарастыруға болады. Бұндай сөйлесімдердің хабарлау не нақтылау сөйлеу актісі, сөйлеушінің тыңдаушыда өзіне қажетті эмоцияны қалыптастырушы құрал болуы да, сөйлеу қағидалары түрғысынан орынсыз қолданылған сөйлесімдер болуы да мүмкін. Диалогтің қалыптасуына, әңгіменің өрбуіне сөзден басқа ым, ишара, жекелеген дыбыстар қызмет атқарады.
Тыңдаушы тарапынан әр түрлі интонациямен берілген мақұлдау, сұрау, таңдану мақсатындағы сөйлеу тіліне тән дыбыс-сөйлесімдер
түрткі» қызметінде қарым-қатынасты дамытып отырады (ы-ы, м-м, і-і). Біздің байқауымызша, олардың әрқайсысы әр түрлі мазмұндағы, әр түрлі мақсаттағы сөйлесім түрлерін жинайды. Немесе оларды дыбыстық сөйлесімдердегі қарым-қатынасты дамытатын эмфазалық екпіннің қызметі деп те атауға болады.
Көркем шығармаларда диалог жалпы мәнмәтіннен әрбір кейіпкердің өздеріне тән сөйлеу мәнеріне сәйкес бөлініп, жаңа жолдан басталып отырады да, арнаулы тыныс белгісімен – сызықшамен белгіленеді. Диалог мағыналарының мазмұны мен сипаты жағынан да біркелкі болмайды. Осыған байланысты диалогтің классификациясы, критерийлері әр түрлі.
Диалог мәдениетаралық тілдік қатынас пен мәдениетаралық коммуникация барысында да үлкен қызмет атқарады. Яғни, тілдер арасындағы диалогтің қырлары әр түрлі жақтан ашылады.
Диалогті құрайтын бірінен соң бірі келетін репликалардың арасында мағыналық және құрылымдық байланыс болады. Реплика диалогтің, сонымен бірге, диалогтік тұтастықтың компоненті ретінде екі жақты сипатқа ие: бұл стимул және реакция. Диалогке қатысушылардың бірінің сөзі екіншісінің сөзінің тууына түрткі болады да, ол өз кезегінде мазмұны жағынан сұраққа жауап, пікірді қостау арқылы растау, не оған қарсы болу, айтылған ойды түсіндіру, оны толықтыру, не өзін қоршаған орта, адам, оқиға жөніндегі ойы, көзқарасы т.б. болып келеді.
Сонымен, диалог бүгінгі жалпы тіл білімінде жан – жақты зерттелген, бірақ, сонымен қатар, диалогтің ішкі және сыртқы табиғатында зерттелмеген ғылыми нысандар әлі көп. Тілдесім үдерісінің бірнеше жолдары, үлгілері, түрлері бар. Диалог – сол көп дүниенің бірі. Бірақ, диалогтің тілдесімнен басқа түрлерінен ең үлкен айырмашылығы – сөйлеуші мен тыңдаушының барлығында, яғни диалог – ең алдымен адамның тіл қатынасы. Диалог монологтен де, полилогтен де биік орында тұрады. Себебі, тілдесімдік (сөйлесімдік) қарым – қатынастың негізі және ең ұтымды, қажетті, теңі жоқ түрі.
Қазақ тіл білімінде диалог тың да, терең де зерттелген жоқ. Біздің ойымызша, ұлттық сана-сезім, ұлттық ойлау-қабілет адамның жеке басының ерекшеліктері (психологиясы,мінез-құлқы, шешендігі, сөзге шорқақтығы т.б.) жағынан тек диалог барысында жан-жақты және айқын сезіледі, иллюстрацияланады. Сондықтан да қазақ диалогін зерттеу тек тілтанымдық дүние емес деп айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |