Кіріспе Жұмыстың жалпы сипаттамасы Жұмыстың өзектілігі


І.3. Түркiтаным әлеміндегі және қазақ тіл біліміндегі



бет2/4
Дата24.02.2016
өлшемі381.5 Kb.
#12932
1   2   3   4

І.3. Түркiтаным әлеміндегі және қазақ тіл біліміндегі

сөз таптастыру мәселесі
Орта ғасырлардағы Махмұд Қашқаридің Мұхаммед ибн Қайсаның, Асир-ад-Дин Абу Хайианның, т.б. еңбектерінен бастау алатын түркі тілдеріндегі сездерді таптастыру мәселесі XVIII ғасырда орыс түркологтарының еңбектерінде жалғасын тапты. Араб ғалымдары аталған еңбектеріңде араб грамматикалық ілімінің үлгісімен түркі тіліңдегі сөздерді логикалық тұрғыдан есім, етістік, демеулік деп белсе, орыс түркологтары әлемдік лингвистиканың кейінгі дамуы барысында қол жеткен жетістігі тұрғысынан алғашқы кезеңде семантикалық және синтаксистік принципті басшылыққа ала отырып сөз таптарына ажыратты (2, 12).

Араб тілінде, араб грамматикасымен түркологиялық еңбектер ХІ-ХV ғасырлар арасын қамтиды. Осы мезгіл ішінде түркі тілдерінің салыстырмалы сөздіктерін жасау, шағын көлемді практикалық, грамматикалық очерктерін жазу саласында едәуір жұмыстар істелді. Сондай еңбектердің ең алғашқысы және ең көлемді де құндысы түркі әулетінен шыққан, Бағдат ғалымы Махмуд Қашқари жасаған «Диуани Лұғатит Түрік» деп аталатын сөздік. Мұнда түркі тілдерінің сөз қолданысы, оның семантикалық, дыбыстық, грамматикалық сипаттары, бір-біріне ұқсастық, өзгешеліктері кең қойылып, терең баяндалған.

Төрт томдық салыстырма сөздіктің дені сөз табының ерекше, әрі күрделі тобы – етістік деуге болады. Өйткені, екінші том – түгелімен етістік және сөз табына қатысты ережелерден тұрады. Үшінші том мен Индексте де етістіктер басым (5, 66).

Араб ғалымдары Махмұдтың Диуанынан кейін де бірнеше салыстырмалы сөздіктер жазылды. Сондай сөздіктің бірі – Абулқасым Махмұд ибн Омар (Әл-Замахшари) жасаған «Муккаддимат әл-Адаб» (әдебиетке кіріспе) деп аталатын арабша–парсыша–түрікменше–монғолша сөздік. Еңбек төрт бөлімнен құралған: бірінші бөлімі  есім сөздерге; екінші бөлімі – етістікке арналған.

ХІV ғасырда сақталған тағы бір материал – араб ғалымы Жамал-Аддин Мұхаммед ат – Турки жазған «Түрік, қыпшақ тілдерін жақсы оқып үйренуге арналған кітап» деп аталатын сөздік. 71 беттік бұл сөздік екі бөлімге бөлінген: есім деп аталатын бірінші бөлімінде астрономиялық, топономикалық атаулар және үстеу сөздер берілген, екінші бөлімінде – етістік сөздер. Бұлардың бәрі де арабша-қыпшақша сөздік түрінде берілген.

Міне, осылайша араб ғалымдарының аталған еңбектерінде араб грамматикалық ілімінің үлгісімен түркі тіліндегі сөздерді логикалық тұрғыдан есім, етістік, демеулік деп үшке бөлсе, ХVІІІ ғасырда орыс түркологтарының еңбектерінде әлемдік лингвистиканың ішкі дамуы тұрғысынан сөздерді таптастыру мәселесі өз жалғасын тапты.

Орыс түркологтарының негізінен семантикалық белгіні, кей сөз таптарына қатысты синтаксистік белгіні нысана етуі түркі тілдері сөздерінің лексика-грамматикалық табиғатына байланысты болды, бұл жағдай, әсіресе зат есім мен сын есімнің, сын есім мен үстеудің қарым-қатынасынан анық
көрінді. Мысалы, қарт сөзін семантикалық принцип тұрғысынан
бірде зат есім десе, қарт кісі тіркесі арқылы сын есім ретінде анықтады, ал жақсы секілді бірқатар сөздерді семантикасы арқылы сын есім дей отырып, пысықтауыш қызметінде жұмсалуына байланысты үстеу деп те таниды. Бұл сипат түркі тілдерінің грамматикалық құрылысын зерттеуге арналған алғашқы ресейлік еңбек «Сочинения, пренадлежащие к грамматике чувшского языка» атты еңбектен бастап, И.С.Хальфиннің «Азбука татарского языка» (1809), М.А.Казам-Бектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» (1846), Алтай миссиясы мүшелерінің (негізгі авторы және редакторы Н.И.Ильминский) «Грамматика алтайского языка» (1869) атты зерттеулері де, жалпы, тағы басқа түркологтардың 1930 жылдарға дейінгі еңбектеріне тән болды (2, 12).

Орыс тіл білімінде 1920 жылдардың аяғында сөз таптастырудың үш принципі (семантикалық, морфологиялық, сиптаксистік) пайда болуына байланысты, түркі тілдері сөздерін таптастыру теориясына да өзгеріс енді. 1936 жылы «Революция и письменность» журналында жарық көрген арнаулы мақаласында түркі тілдері сөздерін таптастыруда жүйелі түрде үш принципті (семантикалық, морфологиялық, синтаксистік) бірлікте қолдану керектігін айтқан А.Боровковтың тұжырымы түркологияның кейінгі дамуында берік қолданыс тапты. Орыс түркологтарымен бірге өсіп жетілген ұлттық мамандар да осы дәстүрді дамытып әкетті. Бүгінгі таңда түркологияда сөз таптастырудың бұл дәстүрі қалыптасқан ілім болып табылады.

Ал, жеке түркі тілдеріндегі анықталған сөз таптары саны әр түрлі болуы бұл тілдердің тарихи даму дорсжесінің әр түрлі болуымен қатар, бірқатар сөз таптарының әрқалай танылып, жіктелуіне де байланысты болып отыр. Мысалы, тоғыз сөз табы бар деп саналатын қазақ тіліндегі шылау сөздердің түрлері, шақыру одағайы кейбір түркі тілдерінде жеке-жеке сөз табы ретінде танылады. Орныққан сөз таптастыру теориясы бар түркологияда жеке тілдерге байланысты осылайша сөз таптарының санының әртүрлі болуына әрбір ғалымның жеке көзқарасының да әсер-ықпалы жоқ емес.

Қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлудің алғашқы соқпағын салған түрколог – Николай Иванович Ильминский (1822-1892). Ол 1860-1861 жылдарда Қазан университетінің ғылыми жазбаларында жарияланған «Материалы к изучению киргизского (казахского. Т.Қ.) наречия» дейтін еңбегінде сөздерді тоғыз түрлі тапқа бөледі. Осы сан (П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казахско-киргизского языка» деп аталатын еңбегін қоспағанда) совет дәуіріне дейін жарық көрген еңбектердің барлығында да сақталған. Тек П.Мелиоранский ғана аталған еңбегінде сын есімді әлі жекеленіп жетпеген сөз табы деп санап, оны зат есім тобында қарайды да, сөз табы санын сегіз деп көрсетеді (6, 167).

Бұл еңбектен басқа қазақ тілінің грамматикалық құрылысын зерттеу объектісі еткен тағы бір еңбек М.Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская» деген атпен жазылған еңбегі. Осындағы «қырғыз» деген атпен жазылған грамматика қазақ тілінікі. Бұл  хронологиялық тәртібі жағынан алғанда қазақ тілі грамматикасына арналған екінші еңбек.

Сипаттау тек морфологияға ғана арналған. Морфология, зат есім, сын есім, есімдік, сан есім, жалғаулық, септеулік (послелоги), үстеу, одағай, етістіктер, көсемше, есімше, жіктеу, сөз туғызу және демеулік (частица), күрделі сөздер деп аталған тақырыптарға бөлінген.

Жалпы алғанда, өз заманы, ғылым тарихы үшін демесек, еңбек білгірлікпен жазылмаған. Оның осылай екендігін, жүйесіздігін, кітаби тіл мен сөйлеу тілін бір-бірімен шатастырғанын өз кезінде П.Мелиоранский де көрсете отырып, өзінің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген еңбегінің «Есім» деп аталатын үшінші бөлімінде қазақ тілінде сегіз түрлі сөз табы бар деп көрсетеді. Олар: есім, есімдік, етістік, сан есім, үстеу, жалғаулық, септеулік, демеулік деп жазды. Еңбекте зат есім, сын есім, етістікке жеке-жеке тоқталғанмен басқа сөз таптарын топтап бір ғана тарау етіп берген. Оның баяндауларында алдыңғы авторлардан бөлекше айтылған пікір жоққа тән.

1897 жылы В.В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка, фонетика, этимология и синтаксис» деп аталатын еңбегінің этимология (морфология) деп аталатын бөлімі тоғыз тарауға бөлінген. Сөздерді тапқа бөлуде бұл еңбекте біраз өзгешелік бар. Мелиоранскийде одағай сөздер жеке сөз табы ретінде қаралмаса, мұнда қаралған, алдыңғы автор сын есімді зат есіммен бірге алса, соңғы автор оны дербес сөз табы ретінде қарайды. Соңғы авторда алдыңғыдай демеулікті жеке сөз табы ретінде қарау жоқ.

Мелиоранскиймен Катаринскийдікі сияқты қомақты да мазмұнды болмағандарымен, шағын көлемді, таяз мәнді очерктер де жазылды. 1800 жылы И.Лавтевтің «Краткий грамматическии очерк казахского языка», 1912 жылы И.Созановтың «Записки по грамматике киргизского языка» атты еңбектері жарияланды. Бұларда да соны пікірлер жоқ (7, 41-49).

20 жылдардағы грамматикалық еңбектің екіншісі Г.Архангельскийдің құрастыруымен («Грамматика казахского языка») 1927 жылы Ташкентте басылып шыққан. Бұл – орыс түркологтары қаламынан шыққан грамматикалық әдебиеттердің соңғысы. Осы оқу құралының «Морфология» тарауында қазақ тіліндегі сөздерді тек формалық белгілеріне қарай ғана жіктеуге болатынын көрсетіп: не разложимые основы, самостоятельные слубжебные слова, полуприставки, приставки, междометия деп бес түрге бөледі. (6, 169).

Жалпы алғанда бұл еңбекте сөздердің тұлғалық типтері мен лексикалық-грамматикалық типтері араластырыла берілген. Шылау мен үстеулерді сөз етулерінде де сондай қателіктер бар. Ал сөз табы болып отырған еңбекте осы принципте сақталмаған. Көп мәселеде бұл еңбекті 20-шы жалдарда жарық көрген, осының алдында сөз болған қазақша оқулықтың аудармасы деуге боларлық (6, 169).

Сөздерді таптастырудың теориялық негізінің қазақ тілі білімінде пайда болып, қалыптаса бастауы орыс түркологтары еңбектерінде осылайша көрініс табады. Н.И. Ильминскийдің, М.Терентьевтің, В.В. Катаринскийдің, И.Лавтевтің еңбектерінде қазақ тілі сөздерін зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, жалғаулық, септеулік, үстеу, одағай деп бөлсе, П.М.Милиоранский мен Г.В.Архангельский ғана зат есім мен сын есімді ажыратпай, бір ғана сөз табы ретінде танып, сегіз сөз табын атайды.

Жалпы қазақ тілінің грамматикалық құрылысын сипаттауға арналған орыс түркологтарының ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастау алатын еңбектеріне қатысты мына ортақ жайттарды айтуға болады:


  1. Бұл түркологтардың еңбектерінде саны кейде сегіз, кейде тоғыз болып ажыратылғанымен, сөз таптарына анықтама берілмейді. Қысқаша жасалу жолдары, түрленуі, бірқатар мағыналық топ, категориялары ғана сөз болады;

  2. Тіл білімі салаларының ара жігі айқын ажыратылмаған, морфология этимология деп аталады, көмекші сөз таптары кейбір еңбектерде синтаксистің аясында қаралады;

  3. Барлық еңбек орыс тілінде, орыс тілі грамматикаларының қалпымен жазылған, орыс тілімен салыстырылып отырылады;

  4. Қазақ тілі сөздерін таптастыруда негізінен семантикалық белгі басшылыққа алынады, зат есім мен сын есімнің, сын есім мен үстеудің қарым-қатынасына байланысты синтаксистік белгіге сүйену де кездеседі. Дегенмен, түркологтардың соңғы еңбектерінде сөз табының формальдiк белгісін тануға қарай алғашқы нақты қадам жасалады (2. 14).

Қазақ тілінде сөз таптастыру проблемасының зерттеліп жарық көруі ХХ ғасырдың 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы – 1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген А.Байтұрсынов жазған оқулық. 1914 жылы жарық көріп, кейіннен бірнеше дүркін қайта басылған еңбекте автор сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер, одағайлар деп үш топқа бөледі де, бұлардың біріншісіне зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті; екіншісіне үстеу, демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады да, одағайды өз ішінен еліктеуіш, септеуіш одағайлары деп екіге бөледі. Осы еңбегінде айтылған пікірлерін «Тіл құралының» 1924 жылғы басылымында кеңейте, дәлдей түседі (8, 199).

Бұған қарап, А.Байтұрсынов тіліміздегі сөздерді таптастыру ісінің берік іргетасын қалаушы деуімізге болады.

1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселелеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе сол кездегі ғылыми-педагогикалық журналдар — «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі», оның орнына келген «Халық мұғалімі» журналдары беттерінде жиі-жиі көріне бастайды. Осы он жылдықтың аяғына дейін жеке сөз таптарына, қосымшаларға арналған отызға тарта мақала жарияланыпты. Олардың көпшілігін Қ.Жұбанов, X.Басымов, Ш.X.Сарыбаев, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтар жазған.

30-жылдарға дейінгі жарық көрген еңбектерді қазақ тілінде пәлен сөз табы бар дегені болмаса, сөздерді түрлі топқа бөлудің принциптері жөнінде ештеме айтылмайтын. Н.Сауранбаевтың «Сөз таптары» атты мақаласында осы мәселе талданады

Автор: тілдердегі сөздерді тапқа бөлуде ғылымда қалыптасқан үш түрлі принцип бар, олар «семантикалық, синтаксистік, морфологиялық белгілер» деп жазады да, осы үш түрлі белгілерді мысалдар арқылы талдай келіп, қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлуде сөздердің мағыналық жақтарына шешуші мән берілу керек деген дұрыс қорытынды жасайды.

Сөздерді әр түрлі кластарға бөлу, олай бөлуге негіз болатын принциптерді айқындау ісімен профессор Қ. Жұбанов та айналысқан.

Жұбанов ойынша, сөздерді тапқа бөлуде олардың тек мағыналық жағына ғана көңіл аудару жеткіліксіз. Сөз табын ашу үшін үш түрлі өлшеуді қатар алып отыру дұрыс. Үшеудің бірдей сынына толса, сонда ғана бұл пәлендей сөз табы деуіміз керек. Ол үшеудің бірі – мағына, екіншісі – морфология, үшіншісі – синтаксис деп бүгінгі күні қазақ тіл білімінде орныққан сөз таптастырудың үш принципінің атын атап, түсін түстеп көрсетеді (9, 230-235).

Автордың сөздерді тапқа бөлуінде А.Байтұрсыновтың терминдерін қолданбаудан туған кейбір өзгешеліктер ғана бар. Ең алдымен, тілдегі сөздерді түбір тап, шылау тап, одағай тап үш топқа бөледі.

Автордың сөздерді тапқа бөлуге критерий етіп алған түрлі белгісінің қазақ тілі үшін мәні бірдей еместігі, ең маңызды белгі  сөздің семантикалық жағы екендігі бұл күнде талас туғызбайтын қағида болса керек.

Отызыншы жылдардың аяқ кезінде жариялған морфологияға тікелей қатысы бар тағы бір еңбек – орта мектепке арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулық. Бұл – 1938 жылы баспадан шыққан, авторы – С.Аманжолов. Өз кезінде бұл оқулықтың біраз кемшіліктерін сынға алған мақалалар болған. Шынында да, еңбектің жоғарыда талданған А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов оқулықтарынан теориялық дәрежесі төмендеу болатын. Алдыңғы еңбектер сияқты мұнда да өздерді тұлғасына, тобына қарай жіктейді.

Морфология тұрғысынан алғанда 30-жылдардың алдыңғы он жылдан өзгешелігі – бұл саланы тек оқулық көлемінде ғана емес, ғылыми мақалалар жазу арқылы тереңірек зерттеуіге талпынудың алғашқы бастамасы көріне бастады. Сол кездегі педагогикалық журналдар мен Ұлт мәдениеті институтының ғылыми жинақтарында X.Басымовтың, С.Аманжоловтың қазақ тілінің қосымшаларын зерттеген мақалалары, сөздерді тапқа бөлуде басшылыққа алынатын принциптерді айқындауға арналған С.Жиенбаевтың т.б. еңбектері жарияланды. Сөйтіп, алдағы уақытта тек практикалық қана емес, теория мәселесіне де көңіл бөлудің алғашқы қадамы жасалды.

Қазақ тіл білімінің басқа да салалары сияқты морфологияның да жоспарлы түрде кең көлемде зерттелуі 40-жылдардан басталады. Бұл онжылдықтың атап айтуға тұрарлық бір жаңалығы – қазақ тіл білімінің салаларын даралап арнайы зерттеу, солардың негізінде (кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау болды. Мұндай зерттеулерде ғылымның басқа салаларынан гөрі морфологияға қатысты мәселелер көбірек қамтылды. Тек 40-жылдар ішінде ғана морфологиядан етістіктің есімше, көсемше, етіс шақ, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді.

40-жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектердің бір елеулісі – Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиев жазған «Қазақ тілінің грамматикасы». Осы еңбектің морфология деп аталатын саласы «Сөз» деген тақырыппен басталады. «Морфема» дейтін грамматикалық термин қазақ тілі білімінде алғаш рет осы оқулықта қолданылған, бірақ авторлар оны қосымша формалардың ғана атауы деп түсіндіреді. Қ.Жұбанов еңбегінде өзгертіп қолданған грамматикалық терминдерді соңғы авторлар А.Байтұрсынов қолданған атаулармен атап, дұрыстаған.

Қ. Жұбанов сияқты соңғы авторлар да сөздерді тұлғасына қарай алты түрге бөледі. Терминдік өзгешеліктері болмаса, әр тұлғадағы сөздерді түсіндірулерінде А.Байтұрсынов Қ. Жұбановтан айтарлықтай бөтендік жоқ.

Қ.Жұбанов сияқты бұл авторлар да сөздерді тапқа бөлгенде олардың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілері бірдей дәрежеде ескерілуін талап етеді. Қазақ тіліндіге сөздерді сегіз тапқа бөлу дұрыс емес деп тауып оларды есімдер, етістіктер, есімдіктер, үстеулер, көмекшілер, одағайлар деп алты түрге бөледі.

Сонымен, терминдік, классификациялық ала-құлалықтарына қарамстан 40-шы жылдар ішінде қазақ тілі морфологиялық жүйесі А.Байтұрсынов қалыптастырған негізде ілгері дамыды. Бұған түркологияның 30-40 жылдар ішіндегі түркі тілдері грамматикалық құрылысын зерттеуде қол жеткен табыстарының да игілікті әсерi аз болмаса керек.

1950 жылдан бері қарайғы уақыт ішінде морфологияның жеке мәселелеріне қатысты жүзге тарта ғылыми мақала, жиырмаға тарта монографиялық зерттеулер мен кітапшалар жарық көрді. Олардың ішінде етістік категорияларын зерттеуге арналған Ы.Мамановтың, А.Қалыбаеваның, И.Ұйықбаевтың, осы жолдар авторының, Н.Оралбаеваның, Т.Ерғалиевтың еңбектерін, сын есім катергориясына арналған Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов еңбектерін, сан есімге арналған Ә.Хасенов, одағай, еліктеуіш сөздерін зерттеген Ш.Сарыбаев, Катенбаева, үстеуді зерттеген А.Ысқақов, есімдіктерді зерттеген Ә.Ибатов, шылауларды зерттеген Р.Әміров,Т.Қордабаев, Ф.Кенжебаева т.б. еңбектерін атауға болады.

Морфологияға тән әртүрлі мәселелерді бөліп алып, жекелеп зерттеушілер қазақ тіл білімінде аз емес, бірақ солардың ішінде морфологияны, әсіресе оның есім саласын тұтас алып зерттеуші, оны өзінің ең негізгі ғылыми объектісі деп есептейтін ғалым – А.Ысқақов.

А.Ысқақовтың морфологияны ғылыми пән ретінде жоғарғы оқу орындарында оқытуы және оны зерттеуі 40 жылдар ішінен басталды. Содан бері қарай жүргізілген ғылыми зерттеулердің ең соңғы қорытындысы  «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» деген атпен 1964, 1974, 1991 жылы оқулық ретінде бiрнеше рет жарық көрген кітабы (10, 96-102).

Соңғы жылдары қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясына елеулі жаңалық енгізген ғалым С.Исаев болды. Ғалым қазақ тіл білімінде бұрын да термин ретінде жиі қолданылғанымен, мән мағынасы күнгірт граммикалық мағына, грамматикалық форма, граммикалық категория секілді іргелі грамматикалық ұғымдарды қазіргі лингвистикалық даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беру арқылы сөз таптастыру мәселесінде де барынша айқындық енгізді.

Ғалымның бұл саладағы негізгі ерекшелігі – А.Ысқақов қалыптастырған жобаны сынай отырып сөз табына оныншы етіп модаль сөздерді қосып қарастыруы болды.


ІІ тарау. Сөз таптары – тіл білімінің негізі.

ІІ.1. Сөздерді таптастырудың лексика-грамматикалық ерекшелiгі.
Сөз таптары жөніндегі мәселені бағдарлау әрі тілдің құрылымының, әрі сөздің құрылымының теориялық та, практикалық та мәселелерін терең зерттеу, жете білу үшін керек. Мысалы, бастауыш, орта, жоғары мектептерде тілді оқытудың негізгі түйіндері, сайып келгенде, сөз таптарына, солардың айналасына шоқталады; сондай-ақ, тілдің грамматикалық құрылысына байланысты көптеген мәселелерді алсақ, оларды сөз таптарына байланыстырмай зерттеу де, шешу де мүмкін емес. Олай болса, сөз таптары жайындағы мәселелер тілдің грамматикалық құрылысының, сөздің грамматикалық құрылымының әрі кіндік қазығы, әр негізгі арқауы сияқты мәселелер. Шынында, тереңірек үңілсек, сөз табы грамматиканың көптеген түйіндерін шешетін арқау ғана емес, оны (грамматиканы) лексикамен байланыстыратын да негізгі баспалдақ сияқты. Сөздің морфологиялық құрылымы жайындағы ілім тек сөздің құрамын (түбірінің, негізін, қосымшаларын) талдаумен ғана тынбайды, оның бүкіл грамматикалық жүйесін, әр тобына тән сөз тудыратын, сөз түрлендіретін жүйелерін де зерттейді. Тілдегі сөздерді грамматикалық топтарға бөлу, оларға тиісті грамматикалық сипаттамалар беру, алды-алдына талдау грамматиканың негізгі өзегі, ең түйінді, ең басты мәселесі.

Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық (формальдік) белгілеріне қарай, ең алдымен, үш үлкен топқа бөлінеді. Олар – атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер.



Атаушы сөздер, өздеріне тән дербес мағыналары болғатындықтан, коммуникацияға негіз болып, контекстен тыс та, контексте де қажетіне қарай қолданыла береді; олар сөйлемде грамматиканың заңы бойынша түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, өз алдына мүше бола алады; ол сөздерден қалыптасқан белгілі тәсілдер бойынша жаңа сөздер тудыруға да болады. Сөйтіп, атаушы сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар және ретіне қарай, үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсе алатын дербес сөздер.

Көмекші сөздер, мағыналық дербестігі болмайтындықтан, тек контексте атаушы сөздермен селбесіп қана жұмсалады да, өз алдына дербес сөз ретінде қолданылмайды. Осыған сәйкес, олар сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, тек атаушы сөз арқылы жасалған мүшенің құрамына енеді де, сол мүшелерді өз ара жалғастыруға дәнекер болады; көмекші сөздерден негізінде жаңа сөздер жасалмайды. Сонымен, көмекші сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық мағыналары солғындаған, лексикалық мағыналарынан гөрі грамматикалық мағыналары басым болу себебінен көбінесе әр алуан грамматикалық қатынастарды білдіріп, әр қилы грамматикалық қызмет атқаратын жәрдемші сөздер.

Одағай сөздер деп ешқандай да ақиқат ұғымдарды білдірмейтін, тек адамның әр алуан көңіл күйі мен әр қилы сезім райларын білдіру үшін қолданылатын (бірак олардың атаулары есебінде жұмсалмайтын) сөздерді айтамыз. Одағайлар шығу тегі мен қалыптасу табиғатының ерекшелігіне қарай, өзге сөздермен ешқандай да грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді. Сол себептен одағайлар белгілі бір сөйлемдерге қабаттасып жұмсалатын жарыспа сөйлемдер ретінде жұмсалғандарымен, бірақ өздері сөйлем мүшесі бола алмайды.

Сөйтіп, қазіргі қазақ тіліндегі барлық сөздердi ең әуелі атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деген үш топқа бөлсе, ол топтар лексика-грамматикалық жақтарынан сараланып, ішінара тағы да топ-топтарға бөлінеді.

Әдетте, сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын айтамыз.

Орыс тіл білімінде Л.Б.Щербадан, түріктанымда А.К.Боровковтан бастап сөздерді топтастырғанда жоғарыдағы екі белгісіне сүйену үлгісі бар. Қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов бастаған жаңа лек-буынның келуіне сөздердің семантикалық сипаты мен грамматикалық құрылымын бірдей ескеретін лексика-грамматикалық бағыт пайда болып, бірден қарқын алды (2, 16).

Орыс тіл білімінде Л.Б.Щербадан бастау алған бұл сипаттау, кейінірек В.В.Виноградовтың, И.И.Мещаниновтың те сөз таптары жөнiндегi тұжырымдармен ұштасты (1, 155).

Ал қазақ тіл білімінде Қ.Жұбановтан бастау алған бұл сипаттау, кейінірек А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» атты оқулығында былай тұжырымдалады: «Сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын» айтамыз дейді.

Ендеше, сөз табының мазмұны осындағы лексика-грамматикалық деген қос сөз арқылы айтылған екі компоненттің бірлігінен құралады. Бірақ мұндағы бірінші бөліктің мазмұнынан таза лексикалық семантиканы ғана емес, грамматикалық семантиканы, яғни заттық, амалдық, сапалық, сандық... деген тәрізді тым жалпы мағынаны білдіретін семантиканы қабылдау керек. Грамматикалық семантика деген ұғымға сөздің материалдық я лексикалық мағынасы емес, заттың атын, заттың амал-ісін, заттың сапалық, сандық я басқа (қатыстық) белгілерін, амал мен белгінің белгілерін және басқа да солар сияқты материалдық ерекшеліктерді білдіретін семантика-грамматикалық мағыналар енеді. Бұдан, әрине, сөздің лексикалық мағынасы тіпті ескерусіз қалады екен деген түсінік тумасқа тиіс. Өйткені дербес лексикалық мағынасы бар сөз белгілі бір сөз табына енеді де, оған әрі таяныш есебінде қызмет етеді. Егер де мұндай байланыс болмаса, жалпы лексика мен грамматикада ешқандай қатынастар да болмаған болар еді.

Ал, қос сөздің екінші бөлігінің («грамматикалық» деген компонентінің) мазмұнына белгілі бір сөзге тән грамматикалық категориялардың және олардың жасалу, түрлену формаларының мағыналары енеді. Бұл арадағы грамматикалық мағына деген ұғымға белгілі бір сөздің жаңадан сөз тудыру, сөз түрлендіру, сөз байланыстыру жүйелерінің мағыналары мен формалары, демек, бүкіл морфологиялық белгілері (сыр-сипаттары) және сол сөздің сөйлемдегі қызметтері, өзге сөздермен тіркесу қабілеттері, демек, бүкіл синтаксистік белгілері (сыр-сипаттары) енеді. Қысқасы, сөздің лексика-грамматикалық белгілері деген термин белгілі бір сөзге, сөз табына тән бүкіл лексикалық (семантикалық) морфологиялық және синтаксистік сыр-сипаттарды түгел қамтиды.

Сөз табының лексикалық (семантикалық), грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) белгілерін дұрыс ашу үшін, осы аталған семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілердің үшеуін де бірдей түгел қамту қажет. Өйткені, егер осы үш белгінің үшеуі де тегіс қамтылса, сездің мазмұны да, материалдық (морфологиялық) формасы да, синтаксистік функциясы да түгел ескеріледі.

Дегенмен, сөздердің бәрінен бірдей осы үш белгі теп-тегіс табыла бермейді, ендеше, кейбір сөз таптары үшін белгілі бір принципті негізгі етіп алып, өзгелерін я қосшы (көмекші) принцип етіп, я болмаса, тіпті қолданбай-ақ қоюға да әбден болады. Мысалы, одағай сөздерді анықтау үшін морфологиялық белгіні іздеп жатудың қажеттігі де болмайды. Сол сияқты, шылау сөздерді анықтау үшін, тек олардың семантикасын және сөзбен, сөйлеммен тіркесу ерекшеліктерін ғана негізге алмаса, олардан арнаулы морфологиялық формалар іздеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, үстеу сөздер мен еліктеу сөздерді анықтауға олардың семантикасы мен синтаксистік функциялары ғана тірек болады, морфологиялық белгі тек қостаушы ретінде ғана қаралады. Сөйтіп, кейбір сөз табын анықтау үшін, үш белгінің (принциптің) үшеуін де бірдей қолдануға болса, кейбір сөз таптары үшін я екі белгіні ғана, я бір белгіні ғана қолдануға болады. Ал, егер бір ғана белгіні таяныш етерліктей болса, ондайда тек семантикалық белгі ғана тірек болуға тиіс. Олай болатын себебі – сөзді сөз деп тануға таяныш болатын белгі – оның семантикасы.

Қазақ тілінде тым ерте замандардан бері қарай әрі есім, әрі етістік мағынасында қолданылатын омоним сөздер бар. Ондай омонимдер лексика-семантикалық жақтан қарағанда, бір негізден шыққандығы аңғарылып тұратын сөздер болса да, грамматикалық жақтан бір сыңары есім, бір сыңары етістік болып келеді. Бұлардың қатарына, мысалы, той, көш, тоқ тәрізді түбір омонимдер мен қызық, қанық, тынық, кіріс тәрізді туынды омонимдерді жатқызуға болады. Мысалы, «Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» (халық өлеңі) дегендегі көш сөзі де, көшкен сөзі де, «Тойга барсаң, тойып бар» (мақал) дегендегі тойға сөзі де, тойып сөзі де, сол сияқты, қызық, қанық, тартыс тәрізді туынды омонимдер де – әрі есім, әрі етістік болып қолданылатын сөздер. Мұндай омонимдерден жана туынды сөздер, басқа туынды формалар жасайтындай жағдайда, олардың есім сыңарлары есімдерше, етістік сыңарлары етістіктерше түрленіп, (мысалы: көшші, көш басында, тойшы той басында; көшкен, көшер, көшсе; тойған, тойып, тойса т.б.) соларға тән категориялық формаларды иелене кетеді. Сондықтан сөздерді таптастырғанда, мұндай омонимдердің есім сыңарлары есімдерге, етістік сыңарлары етістіктерге жатқызылып, сол сөз таптарының аяларында қаралуы керек.

Сонымен қатар, тілімізде мағыналары әр түрлі сөздердің ішінде бір мағынасына қарасаң, зат есім, екінші мағынасына қарасаң, сын есім болып келетін сөздер де жоқ емес. Мысалы, жарық деген сөз, «Бөлмеге жарық түсті» дегенде зат есім болса, жарық бөлме, жарық ай дегендерде, сын есім болады. Сондай-ақ, тең деген сөз әрі зат есім (мысалы: буылған тең, түйеге артылған тең), әрі сын есім ретінде (мысалы: тең құрбы; тең праволы; ол екеуі бір-біріне тең) жұмсалады. Сөздерді таптастырғанда, тілдегі мұндай құбылыстар да ескерілуі қажет.

Тілдің даму барысында сөздің мағыналық шеңбері кеңеюмен байланысты, грамматикалық табиғаты мен кызметі де өзгереді. Осындай процестің нәтижесінде кейбір сөздер бір сөз табынан басқа бір сөз табына ауысады. Мұндай жағдайда ол сөздің бұрынғы мағынасы мен грамматикалық қызметінің үстіне жаңа мағына мен жаңа грамматикалық қызмет үстеледі. Мысалы: Хасенніц басынан қалпағы ұшып түсті. Қаратаудың басынан көш келеді. Жұмысты басынан осылай ұйымдастыру керек еді деген үш сөйлемде де түбірлері де, қосымшалары да бірдей басынан деген сөз бар. Бірақ осы үш сөздің мағынасы да, қызметі де бірдей емес. Бірінші сөйлемдегі басынан деген сөз өзінің бастапқы лексикалық (материалдық) мағынасында қолданылып, сөйлемде өз алдына мүше болып тұрса, екінші сөйлемдегі басынан сөзі бастапқы лексикалық мағынасын сәл солғындатып, сөйлемнің дербес мүшесі бола алмай, өзінен бұрынғы ілік жалғаулы Қаратаудың деген сөзбен селбесіп барып, күрделі мүшенін құрамына еніп тұр. Демек, екінші сөйлемдегі басынан сөзі негізгі зат есімнен көмекші есімге айналған. Ал үшінші сөйлемдегі басынан сөзі мағына жағынан да, қызмет жағынан да ауысып, тіпті басқа сөз табына (үстеуге) көшкен. Өйткені бұл соңғы сөйлемдегі басынан деген сөз әуелден (әуел-бастан, алғашқыдан) деген мағына беріп, қайдан? деген сұрауға жауап бермей, қашаннан? деген сұрауға жауап беретін болып, ең әуелі мазмұны жағынан, содан кейін қызметі жағынан ауысып, біржолата үстеу категориясына көшкен. Әрине, бұл сөз үстеуге бірден көшпеген, бірте-бірте дамып, бастапқы шығыс септік жалғауының формасында көнеленіп барып қалыптасқан. Соңғы үстеу сөз өзінің әуелгі төркініне тек сыртқы жамылышы жағынан ғана ұқсас көрінгені болмаса, семантикалық мағынасы мен синтаксистік сипаты жағынан бастапқы төркінінен біржолата қол үзген. Дәл осы сияқты ерекшелікті «Бұл ауылдың адамдары шетінен шебер. Бұл сөзді сен маған басында неге айтпадың» дегендерден де байқауға болады. Сондай-ақ, кейін, соң, әрі бірге, бірден, бірде, жатқа тәрізді сездердің мағыналары мен қызметтерінен де осындай сырлар аңғарылады. Сөздерді таптастырғанда, осы айтылғандай, кейбір сөздердің, олардың формаларының ауысуы, саралануы сияқты жағдайлар да ескерілуі керек (10, 130-133).

Тілдегі барлық сөздерді грамматикалық жағынан топтастырғанда, екі түрлі нысана «темір қазық» («шамшырақ») болуға тиіс.

Біріншіден, барлық сөздер, күллі сөз таптары тілдің сөздік құрамына енеді. Қай сөз табына енсе де, сөздердің лексикалық жағы ескерілуге тиіс. Ал, сөздердің лексикалық жағын ескеру деген сөз — олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей. Олай болса, әрбір сөз табына енетін сөздер лексикалық тұрғыдан қаралып талдануы қажет (10, 129).

Сөз таптарының лексика-семантикалық сипаты. Әр сөздің өзіндік ұғымы, мағынасы болады. Олардың терминдік, лексика-грамматикалық мәні контексте, сөйлем ішінде анықталады, өйткені сөз мағынасы әр қилы. Мектеп грамматикасында сездердің лексика-семантикалық мәні ережелер арқылы беріледі.

Зат есім заттың атын (кітап, ағаш, сүт), сын есім заттың сынын көрсетеді: ақ, қара, жақсы, үлкен, сары т. б. Сондай-ақ сан есім заттың санын (үшеу, екінші, бес, елу, отыз), етістік істің қимыл процесін білдіреді: айту, алу, көру, жүру т. б. Осындай тұжырымдар сөзді лексика-семантикалық жағынан анықтайды (11, 5).

Екіншіден, барлық сөздерді белгілі-белгілі грамматикалық сөз таптарына телу, олардың өзді-өздеріне тән түрлену өзгеру жүйесін, сөйлем мүшесі болу қабілетін, өзге сездермен тіркесу ерекшелігін анықтап, жан-жақты сипаттама беру мәселелері – тікелей грамматикада қаралатын мәселелер. Ендеше, қанша сөз табы болып, оларға қанша сөз енсе де, барлығының грамматикалық жақтары ескерілуі қажет. Ал, сөздердің, сөз таптарының грамматикалық жақтарын ескеру деген сөз – олардың грамматикалық сипаттарын анықтау дегенмен бірдей. Олай болса, әрбір сөз табы және оларға енетін жеке сөздер грамматикалық тұрғыдан да қаралып талдануы қажет.

Сөйтіп, тілдегі сөздерді таптастырғанда, олардың лексика-семантикалық жақтары да, грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) жақтары да бірдей ескерілуі керек.



Сөз таптарының морфологиялық белгісі. Сөз таптарының морфологиялық белгісі – әр сөз табының сөз тудыру тәсілі мен түрленуіне, ол формалардың грамматикалық ерекшелігіне қатысты. Мәселен, зат есім түрленсе (септелсе, көптелсе, тәуелденсе), өзінің номинативтік мағынасынан айырылмайды, сын есім ондай емес, өзінің мағынасынан айырылып, субстантивтенеді. Сын есімде шырай категориясы болса, басқа сөз таптары олай емес. Етістікте шақ категориясы болса, басқа сөз таптарында ол жоқ. Басқа сөз таптарына жұрнақ қосу арқылы сан есім жасалмайды, тек өз ішінде лексика-грамматикалық топтарға бөлініп жатады.

Сөз таптарының синтаксистік қызметі. Әр сөз табы белгілі бір сөйлем мүшесіне бейім тұрады. Мәселен, зат есім атау тұлғасында бастауыш болса, сондай формадағы сан есім мен сын есім көбінесе анықтауыш: етістік – баяндауыш, үстеу – пысықтауыш болады. Сөз таптарының сейлемдегі осындай функциясы – синтаксистік қызметі деп аталады. Бірақ мұнан олар басқа формаларда, тіркестерде тұрып, сөйлемнің басқа мүшесі бола алмайды деген қорытынды шығаруға болмайды.

Соңғы жылдары қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясына елеулі жаңалық енгізген ғалым С.Исаев болды. Ғалым қазақ тіл білімінде бұрын да термин ретінде жиі қолданылғанымен, мән-мағынасы күңгірт грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория секілді іргелі грамматикалық ұғымдарды қазіргі лингвистикалық даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беру арқылы сөз таптастыру мәселесінде де барынша айқындық енгізді. С.Исаев ең алдымен, сөздерді түрлі топқа жіктеу барысында бұрынғы еңбектерде жіберілген ең басты қателік-тілдің лексикалық қабаты деңгейіндегі құбылыстар мен грамматикалық қабаты деңгейіндегі құбылыстардың шатастырылып жүргендігіне байланысты орын алған қателікті түзеп, әрқайсысын орын-орнына қойып берді. Мысалы, бұрынғы зерттеулерде қазақ тілі сөздері алдымен атауыш сөздер, көмекші сөздер, кейде одағай қосылып, осылайша үшке бөлінуін ғалым Сол еңбектерде айтылатындай сөздердің семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне қарай емес, таза лексикалық сипаты, белгілеріне қарай жіктелуі деп тілдің лексикалық деңгейіне жатқызады. Оның дәлелдеуінше, алдымен, сөздерді жоғарыдағыдай үш топқа бөлуде морфологиялық белгілердің еш қатысы жоқ, өйткені атауыш сөздердің түрленетіндері (зат есім, есімдіктің бірқатары, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, сан есім, есімдіктің кейбірі, үстеу) бар, сол сияқты бұл құбылыс көмекші сөздерге де тән, яғни көмекші есім, көмекші етістік түрленсе, шылау, еліктеуіш сөздер түрленбейді. Сондықтан морфологиялық белгілер тілдегі сөздерді атаушы, көмекші, одағай деп бөлуге негіз бола алмайды (12, 285). С.Исаев лексикалық семантика мен грамматикалық семантиканы ажырату арқылы сөз таптарын «сөздердің грамматикалық (лексикалық емес) сипатына негізделген ортақ белгілері арқылы біріктірілетін грамматикалық топтары» ретінде таныса, жоғарыдағы үш сөз тобын (атаушы сөздер, көмекші сөздер, одағай) лексика-семантикалық сипаты, белгілері арқылы жіктелгендіктен, оларды тілдің лексикалық қабаты денгейіндегі құбылыс деп түсінеді. Көмекші есімдердің сөз табы ретінде зат есімнің, көмекші етістіктің лексикалық мағынасының бар-жоғына қарамастан етістіктің аясында қаралуы да ғалымның сөз таптарын грамматикалық сипаттағы топ, ал атаушы сөздер, көмекші сөздер, одағайлар деп бөлінген үш топты лексикалық сипаттары топ ретінде тануының тағы бір дәлелі бола алады. (12, 286).

Сөздердi таптастыруға байланысты көптiң ойларына профессор М.Оразов «Көмекшi сөздер» деген еңбегiнде айтып, С.Исаевтың пiкiрiне қосылады (13, 66-67).

С.Исаев сөз таптастыруда бірден-бір қажеті ұғым грамматикалық мағына ұғымын жан-жақты зерделеп, оны айқын қалыпқа түсірді. Грамматиканық мағынаны сөздің негізгі грамматикалық өзегі ретінде анықтай отырып, ғалым оны (грамматикалық мағынаны) жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын анықтаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына, қатыстық грамматикалық мағына деп іштей үшке беледі. Ғалым және сөз таптастырудың белгілі үш принципі негізінде осы үш грамма-тикалық мағына (семантикалық принцип негізінде жалпы грамматикалық мағына, морфологиялық принцип негізінде категориялық грамматикалық мағына, синтаксистік принцип негізінде қатыстық граматикалық мағына) жатқанын айтып дәлелдеді.

Сонымен, С.Исаев және М.Оразов сөздерді таптастыруда семантикалық принцип морфологиялық принцип және синтаксистік принципті негізге ала отырып қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетті.


  1. Зат есім

  2. Сын есім

  3. Сан есім

  4. Есімдік

  5. Үстеу

  6. Етістік

  7. Еліктеу сөздер

  8. Шылаулар

  9. Одағай

  10. Модаль сөздер

Ғалымның модаль сөздерді де жеке сөздерді де жеке сөз табы ретінде қатарға қосуы сөз таптастыру мәселесіндегі жаңалық болды (12, 290-293; 13, 66-67).





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет