Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Соңғы жылдары ұлттық әдебиетімізге өзіндік үнімен, суреткерлік қолтаңбасымен, соны формалық ізденісімен жаңа сипаттар әкелген қаламгерлер Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық (автобиографиялық) роман жанрына қалам тартуы әдебиеттану ғылымы үшін жаңа бір арнаның бастау көзіндей болып табылады.
Ғұмырнамалық шығармалар қазіргі қазақ әдебиетінде өз алдына бір жүйе болып, қатар түзе бастады. Көркем әдебиет саласында ғұмырнамалық (автобиографиялық) роман жанры бұрыннан қалыптасқан, методологиясы мен теориясы бар жанрдың бірі болып табылады. Қазақ әдебиетінде де бұл жанр ерте дамыды. Мәселен, М.Х. Дулатидің «Тарихи-Рашиди» т.б. шығармаларды алуға бола болады. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде сөз еркіндігі, ой бостандығы күшейгеннен кейін жазушылар өмірлік дерек негізінде ғұмырнамалық жанрда шығармалар жаза бастады. Олардың көтерген тақырыптары, пайдаланған формасы, айтар идеялары, ұстанар концепциялары әр түрлі болғанымен, шығармаларын жазатын жанры біреу ғана – ғұмырнама (автобиография). Әсіресе, қазақ ғұмырнамалық романдарының ішінде көлем мен көркемдігі тұрғысынан ерекше деп танылатын Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», М. Мағауиннің «Мен», Қ. Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» романдарының қоғамдағы тарихи кезең ақиқатын бейнелеудегі шеберлік қырлары ерекше. Оқырман қауымға суреткерлік ғұмырдың болмысын танытатын бұл туындылар әдебиет ғылымы үшін ғана емес, жалпы адамзаттық мәселелерді қозғаумен де құнды дүниелер болып табылады. Міне, сол себепті де бұл жазушылардың ғұмырнамалық шығармаларындағы өмірлік деректерді зерттеудегі әдебиетімізде көркемдік таным мәселелерінің оң шешімін табуына зор септігін тигізеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты –
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық (автобиографиялық) романдарына арқау болған өмірлік шындықтар мен идеяларды, характерлерді талдай отырып, заман шындығы мен көркем шындық арақатынасын таразылау және осы авторлардың шығармашылық зертханасында өмірге келген тың көркемдік ізденістердің табиғатын ашып көрсету. Осы мақсатқа жету үшін алға мынадай міндеттер қойылды:
– ғұмырнамалық романдардағы авторлар ұстанған концепциялардың арақатынасын талдау;
– авторлардың суреткерлік қолтаңбаларының өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін айқындау;
– шығармалардағы көркем тұлға мен тарихи кезеңнің, өмір шындығының өзара сабақтастығын бір-біріне әсер-ықпалын көрсету;
– өмірлік деректі көркемдік әдіс-тәсіл арқылы көркем шындыққа көтеру бейнелеу процесін автордың қалай жүзеге асырғанын анықтау;
– ғұмырнамалық романға авторлардың қандай шығармашылық жолмен ізденіспен және тарихи деректердің қаншалықты деңгейде игерілу деңгейімен келгендігін пайымдау;
– өмірлік шындықтың негізгі деректерін сұрыптау, жинақтау және соны көркемдік шығармада бейнелеу мақсатындағы танымның рөлін ажырату.
Зерттеу жұмысының әдістері. Ғұмырнамалық романдарды талдау барысында объективті – аналитикалық, салғастырмалы – салыстырмалы, кешенді талдау тәсілдері пайдаланылды. Жұмыс барысында ретіне орай хранологиялық жүйелеу салыстырмалы тәсілдермен де қабаттаса келіп отырады.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ РОМАН ЖАНРЫ
-
Қазақ ғұмырнамалық роман жанры ретінде қалыптасуы
Ғұмырнамалық көркем шығармалардың типологиялық ерекшеліктері қарастырылған. Жалпы атауы «ғұмырнамалық» проза деп аталуына қарамастан, бұл ыңғайдағы туындылар іштей ғұмырнамалық (автобиографиялық), мемуарлық, эпистолярлық болып жүйеленеді. Олар бір-бірімен табиғаты жақын, әрі бір шығармада элементтері араласып келе беретіні тағы бар. Ішкі жанрлық жүйеде «ғұмырнамалық» шығарма деп, көбіне белгілі бір қоғамда өмір сүрген даңқты адамдардың өмірінен жазылған деректі туындылар аталады. Айталық, кешегі кеңес өкіметі кезеңінде дүние-ғаламның даңқты тұлғалары өмірінен жазылатын «Жизнь замечательных людей» сериясы бойынша 1933 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жарық көріп келе жатқан деректі кітаптар сериясын ғалымдар осыған жатқызады. Бұл – мейлінше кең, тынысты серия. Сонымен қатар осы сериямен сабақтас «Жизнь в искусстве» (1967 жылдан жарық көреді) сериясы да болып саналады. Ол – бірыңғай өнер адамдары өмірін арқау ететін деректі туындылар жүйесі. «Жизнь замечательных людей» сериясын «Өнегелі өмір», «Тамаша адамдардың өмірі» деп тәржімалап жүрміз. Аталған серия бойынша Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан қазақтың айтулы азаматтарына байланысты (Шоқан, Сәкен, Қаныш т.б.) деректі ғұмырнамалық туындылар жарық көргені мәлім. Өзге жанрлардан мұның ерекшелігі – қоғамда даңққа бөленіп өткен тұлға жайында дербес автор (өзге адам) жазады. И. Стрелкова – Шоқан Уәлихановтың, Тұрсынбек Кәкішұлы – Сәкен Сейфуллиннің, Медеу Сәрсекеев – Қаныш Сәтбаевтың өмірі туралы жазды. Біз бұл орайда «Бүкілодақтық» өреде жарық көрген туындыларды ғана айтып отырмыз. Қазақ әдебиетінде ғұмырнамалық прозаның небір асыл үлгілері бар.
Сонымен қатар ғұмырнамалық шығармалардың тағы бір жүйесі – «автобиографиялық» туындылар. Әдебиет тарихында небір тамаша автобиографиялық роман, повесть, әңгімелер жазылған. Бұл жүйедегі шығармалардың авторы кейіпкері атының өзі-ақ айтып тұрғандай – өмірі сипатталатын адамның өзі. Автобиографиялық туындылардың бір ерекшелігі – автор мен кейіпкер бір болып келеді. Автор көбіне өз өмір дерегінен ауытқымай, формасын тауып сөйлейді. Алайда, қоғам өмірін жан-жақты қамтып, эпикалық тыныс алып, кең құлашты суреттеуге бара бермейді. Көбіне-көп шығармалардағы уақыт және кеңістік туралы толғамдарды өмірінен өріп шығады. Автобиографиялық шығармалар көп желілі болмай, көбіне бір-екі тармақты ғана болып өрістейді. Мәселен, Дат жазушысы Андерсен Нексенің «Автобиографиялық повестері», Ғабит Мүсіреповтің өз өмірінен жазған шағын формалы туындысын «Автобиографиялық әңгімесі» деп атағанын білеміз.
Ғұмырнамалық шығармалардың тағы бір жүйесі – мемуар. Мемуар жанрында роман, повесть жазыла береді. Ғұмырнамалық туындылардың бұл жүйесі авторға мейлінше еркіндік береді. С. Айнис, Андрей Белый, Александр Бенуа, Сәбит Мұқанов мемуарлық шығармаларын деп атауға болады. Онда қоғам өмірі басты кейіпкер өмірімен телқабыс алынып, оның қабатында көп желі жарыса қатар тартылып, егізделе суреттеліп кете барады. Кейіпкер табиғаты да эпикалық тыныспен беріліп, характері жан-жақты ашыла береді [1, 259].
Біз ғұмырнамалық проза дегенде, осының автобиографиялық жүйесіне ден қоямыз. Біз талдайтын шығармалар автобиографиялық сипатта.
Әдеби – көркемдік бастауы тым тереңде болған ұлттық ғұмырнамалық шығармалар уақытпен, дәуірмен бірге алға жылжып, дамып келеді. Жалпы атауы ғұмырнамалық деп алынған туындылар іштей көркемділік – мазмұндық үйлесімі мен формалық баяндауына, жүйелеуіне қарай бірнеше түрге бөліп қауға да болар еді. Мәселен, Ұлы адамдар, ғалымдар, қайраткерлер, жазушылар ғұмырын негіз еткен шығармаларды тек мемуар жанрына жатқыза салу әсте ұтымды емес. Қазақтың ұлттық тарихы мен әдебиетінен өз орнын алған
әл-Фараби, А. Құнанбаев, М. Өтемісұлы, С. Торайғыров, Т. Рысқұлов
т.б. даңқты жандардың өмір тарихынан жазылған дүниелердің негізгі концепциясы жарқын ғұмырдың жаратылысын ашу болғанмен авторлық танымға да мол мүмкіндік беріледі. Бейнелеу ерекшелігіне қарай бұл шығармаларға негізгі фабула өмірлік жол болса да, барлығын ғұмырнамалық жанрға жатқызуға әсте келе бермейді. Бұларды тарихи тұлға өмірінен жазылған көркем туындылар деп қараған жөн. Қазақ ғұмырнамалық шығармаларының кемеліне келгеніне қарамастан, жанрлық жағынан әлі де ара жігін ажырататын мәселелер аз емес [1, 301].
Ғұмырнамалық – көркем проза кейіпкердің өмірнамасын бейнелеумен ерекшеленеді. Бұрынғы кеңестік және қазіргі ұлттық әдебиеттегі эстетикалық талдау осыны дәлелдейді.
Бүгінгі қазақ мемуаристикасының қалыптасу жайы бүкіл әлем әдебиетінің озығынан, орыс әдебиетінен оқу арқылы жетіле түскен. Ол ұлттық әдебиетіміздегі мемуарлық дәстүрлердің негізгі жолын ескере отырып, күрделене жаңарған, жаңа мазмұнмен түлеп, мәселен деп бағытта түрлене көркейген жанр. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері назар аудартады. Ескерткіш бойынан биография мен естелік элементтерінің ұшқындарын табамыз. Бұл бүгінгі мемуаристикамыздың, оның ішінде ғұмырнамалық форманың ұлттық саласы сонау көнеден екенін еске алғызады. Алғашқы мемуар ұшқындарының туу себептері ескерткіш авторларының соңына белгі қалдыру ғана мақсатынан емес сияқты. Тоныкөктің «Түрік білгіш қағанының еліне осы ескерткішті бағыштаған, Мен» – деуінде халыққа тәрбиесін мирас етпегі де, үлгі етіп ұрандауы да жоқ еместей. Мүмкін мұндай ескерткіш қалдыру сол кездің дәстүрі үшін аса маңызды болған тәрізді. Орхон-Енисей жазбалары сияқты ескерткіштердегі өмірбаян элементтері сол болған адамның өзі туралы айтқандарына жүйеленеді.
Мемуарға енер материалдардан тек естелік қасиет қана байқалуы тиіс деп ойлау бір жақтылық болар еді. Олай болатыны – адам өмірінің ескерткішінен табылар жазбалардың көбінің мемуар – ескерткіштенуі жиі ұшырайды. Мәселен, Л.Н. Толстойдың Ясная поляналық күнделігі күн аттарымен белгіленер күнделіктен гөрі, жазушының өткенді жазып қалдыра берген жалпы әңгіме жазбалары сипаттас. Бұны Л.Н. Толстой «...Менің жазбаларым менің оңаша ауылдық өмірімде болып жатқан оқиғаларымның күнделік дәптері іспеттес», – деп атады [1, 487].
Әзілхан Нұршайықовтың өмірбаяндық романы «Өткелдер», «Асулар» деген 2 кітаптан тұрады. Автор аталған романды Ғабит Мүсіреповтің
90 жылдығына арнап жазады және осы естеліктің дүниеге келуіне қайта құру заманының шарапаты себеп болғанын да жасырмайды.
Ә. Нұршайықов өмірбаяндық романға «Өнер» баспасының директоры Сұлтан Оразалиновтың қазақ халқының ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов туралы естелік жазып беру жайындағы өтініш хатын оқығаннан кейін кіріскенін атап өтеді. Ғабит жайында не білетінін сарапқа салады. Өз өмірінде, өз жүрегінде ұлы жазушының қандай із қалдырғандығын саралайды. Өзіне жолдаған оның хаттарын құрастырады, бірге түскен суретіне үңіледі. Ол туралы өз дәптеріне жазған жазуларына көз жүгіртеді. Осы романды қалай бастағандығын баяндайды:
«... бірден бастай алмадым. Бір күнім босқа кетті. Өйткені естелікке ең алдымен лайықты тақырып тауып алу керек. Айтатын ойыңның бәрі сол тақырыптан тарап, содан өрбуі қажет. Ал мен үстелге отырғанда бірнеше тақырып кемеліп келіп, қаламымның ұшына ілінді. Олар: «Асқар таудың аясы», «Ұлттық мақтаныш», «Ана тілінің асқары», «Парасат нұры», «Ұлы ұстаз», «Маңғаз аға» және «Майталман шебер». Осының қайсысына жіп тағарымды білмей қиналдым. Бұлардан да оңтайлы тақырып табамын ба деп және дәмелендім. Тіпті болмаған соң, тақырыбын кейін қоярмын деп, орнын ашып тастадым да, бұл естелікті бастауға бел будым» [2, 8].
Көркем шығарманың табиғатына әсер ететін негізгі факторлар саясат, қоғам, идеология, тарихи жағдайлар өзгергенде, көркем туындылардың келбеті де өзгеріске түсетіні белгілі. Әсіресе, мұндай факторлық әсердің ерекше күштілігін Кеңес өкіметі орнап, Коммунистік партия билеген кешегі социалистік қоғамдағы әдебиеттерден көреміз. Мұнда тұтас дәуірге татитын ұлы өзгерістердің қалай орнағанын, қалыптасып өркендеуін, нәтижесінің мәнін ашып көрсететін шығармалар жазылған.
Егер сол кездегі «Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Орындалған арман», «Көз көргенде» негізгі кейіпкерлер автордың өзі болса, «Аспандағы айқас», «Халқым үшін» т.б. автор өзге тұлғалар ғұмырын бейнелейді. Мұның өзі соңғы мемуар кейіпкерлерінің жалпы ерекшелігін белгілейтін де фактор. Осыдан автобиографияның мазмұнына материал беруші де, дәуір идеологиясын ғұмырнаманы өзгеріске келтіруші екені байқалмайды. Олай болса мемуар сипаттауына да азды-көпті болсын өзгертудің еніп отыруы (кейіпкерлері, объект нысанасы, адам психикасы, адам санасы т.т.) мүмкін жайлар.
Қазіргі қазақ әдебиетінде көркем ғұмырнамалық романдар («Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Көз көрген», «Орындалған арман», «Ұстаздың оралуы», «Қыран қазасы қияда» т.б.), повестік («Ұшқан ұя»), очерктік («Халқым үшін», «Аспандағы айқас»), әңгімелік («Менің өмірбаяным»), новеллалық («Офицер күнделігі», «Мәңгілік өмір», «Айналайын»), поэзиялық туындылар («Менің өмірім», «Алғашқы адым», «Жолда») т.б. мемуаристиканың қазақ әдебиетінде орныққан түрі. Көлемі және түрі жағынан қазақ ғұмырнамалық шығармаларының мазмұндық ауқымы да, тақырыбы да алуан. Зерттеу объектісіне келу де, ғұмырнамалық мотивтің берілуі де әр түрлі. Мәселен «Өмір мектебі» желісі ғұмырнамаға құрылған. Мұндағы естелік суреттеулер – ғұмырнаманы ашу ретіндегі тәсілдер. Ал, «Тар жол, тайғақ кешу» қоғам өмірінің cан түрлі тартыстарын суреттеу жағдайында басталып, ғұмырнамалық жайды ішкі мазмұнына қарай орайластырады. Кей шығармаларда ғұмырнамалық шығарма соңына дейін бұлтарыссыз, өзге тәсілсіз бір қалыппен қозғалады.
– Балалық шақтан баяндай келетін шығармалар автобиографиялық – ғұмырнамалық болады. Ал «ғұмырнамалық детальдары аз және кейіпкер өмірдің есейген сәтінің бір мезеттік сәттерін (мейлі көп жылдар болса да) үзік-үзік оқиғаларын қамтитын мемуарлар-мемуар естеліктер» боп қарастырылуы жөн [3, 56].
Мемуар түрінің осындай ғұмырнамалық түрлері жиі кездеседі. Ал, балалық шағы баяндалғаннан бастап, соңғы белестерді жазушының ұсынуы – еркіндегі іс. Мәселен, С. Мұқановтың өмірінің есею жылдарын ұсынуы – мемуарды тіпті таяу мерзімге дейін жазуға болатынын көрсетеді. Бірақ,
С. Мұқанов мемуарлық шығармасын одан әрі созбады. Мұндай жағдай
Л.Н. Толстойда да болған. Ол жөнінде Л.Д. Опульская былай дейді: «Кейіннен «Есею жылдары» тұралы толғана отырып, Толстой өзі қолданған «автографияның сарынына көңлі толмайтындығын байқап, ойға алған романын жалғастырмауға ниет етеді»
Әдебиетші Наталья Банк «Нить времени» еңбегінде «Күнделікке» байланысты әдебиеттерді мынадай жүйеде:
1) Көркем әдебиетке қатысы жоқ, таза күнделіктер,
2) Күнделіктерден өсіп шыққан көркем, көркем-деректі әдебиет,
3) Күнделіктің әлем әдебиетіне ықпалын қарастырады [4, 28]. Бұл да қызықты бір сәт. Өйткені, күнделік те ғұмырнамалық әдебиеттің ішкі жанрына жатады. Ол – таза күнделіктің мемуар жанрына кіруі. Өз күнделігі, өзгенің күнделігі.
«Словарь литературоведческих терминов» кітабында жалпы мемуар құрамында құрастырылғандықтан да болса керек, түрлі мемуар жазбалары дараланып жатпайды, сондықтан, күнделіктер кесек-кесек қалпында алынады.
Естелікті үш бөлімге (естелік, биографиялық естелік, жол жазба естеліктері) бөлу де нақтылы емес. Бұлай қарау жалпының қарарына соның құрамындағыны да теңгермелеу болмақшы.
С. Моминскийдің «Мемуарлық – автобиографиялық жанр туралы» ойында мемуарлық – автобиографиялық жанрының түбегейлі қасиеттері мен туу заңдылықтары өте терең жататынын, мемуар құрамы біршама келісімді болатынын «Мемуарларда, әдетте бірнеше жанр түрлері араласып келіп отырады: естеліктер, жазбалар, күнделіктер, өмірбаяндық» [5, 26], – дегендей жүйеде келтірген. Бұл топшалауды әзірге салыстырмалы дұрыстық деп қарауға болады. Түрлі мемуарлық хат – жазба деректерді, көрген – түйгенін, жол суретін тез сәулелендіріп тастайтын ескерткішті жазбалар, ғылыми және естелік іспетті мақалалар, еңбектер т.б. мемуарлық әдебиеттен тыс қарайтын мәселелер емес.
Асылы мемуарлық шығарма қандай жағдайда туады? Ол көбіне қоғамда дүрбелең уақыт өтіп, соның соңынан уақыт-жағдайды таразылаудан келіп туады. Өзін «Ұлы трагикпін» дейтін А. Григорьевтің «Естелік» жазбаларын «Әдеби жәдігерліктер» (Литературные памятники) сериясы бойынша басылымға дайындаған профессор Б.Ф. Егоров былай деп жазады: «Көрініп тұрғандай, уақыттың өзі мемуар жазатындай кез емес болатын: әдетте, естеліктер, құжаттар, хаттар жинағын жасау мен оқуға деген жалпы құлшыныс әлдебір дәуірдің саябырсыған кезінде, біршама тұрақты жағдайда туындайды. Ресейде мұндай: дәуір аздап ертерек, Николай режимінің кұлдыраған және
1 Николайдың өлімінен кейінгі алғашқы жылдарына дөп келген еді. Яғни
50-жылдардың орталары болатын: бұл кезде әдебиет оқырмандарға Герценның «Өткендер мен ойларының» негізгі бөлігін және С.Т. Аксаковтың «Отбасы хроникасын», сондай-ақ балалық шақ пен албырт шақ туралы көптеген автобиографиялық повестерді берді. Алайда, Григорьевтің мемуарлары құрылып жатқан 1862-1864 жылдарға қорытынды жасау мен сабыр мен талдау жүргізуін жайлы уақыт емес болатын: басыбайлы шаруалар жойыла бастаған, елдегі революциялық ахуал зұлымдықпен басып – жаншылған, поляк көтерілісі бой алған және онан талқандалған, әлеуметтік-саяси салада қарқынды журналдық күрес, экономикалық, философиялық, әдеби шиеленіс орын алған кез еді. Әр күні күтпеген кездейсоқ оқиғалар тізбегінен, естелікке мұрша жоқ еді» [6, 256].
Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық романының негізгі композициялық діңгегі автордың өзі әңгімелейтін естеліктер болса, олардың берілу формаларының өзі біркелкі емес. Автордың бірыңғай баяндаудан гөрі формалық түрлендіруге басымырақ мән бергені көрініп тұр. Айтылып отырған әңгімені растап, бекіте түсу үшін түрлі құжаттарды, баспасөз беттеріне жариялағандарды сыналап кіргізіп отыру – мемуар жанрына тән шығармашылық дәстүр. Бірақ бұлжымастай көрінетін міндетті үрдіс емес. Мұндай құжаттарды көлденең тартпай-ақ жазылған мемуарлық шығармалар қазақ әдебиетінде де кездеседі. Автор алдыңғы айтылған шығармашылық дәстүрді пайдалануға көбірек ден қойған деуге болады [7, 99].
Бұл дилогияның анықтамасына «естелік-мемуар» деген атау өзінен-өзі сұранып тұр, шығарма табиғатына байланысты солай деп жіктегеніміз қолайлы деп ойлаймыз. Туындының жазылу формасындағы өзгешеліктің қандай көркемдік-идеялық мәні бар деген сұрақққа келетін болсақ, осы соны форма арқылы автордың ең алдымен оқырманды өзіне тарту жағына күш салғаны байқалады. Белгілі бір тұлға жайында (айталық, бұл арада Ғабит Мүсірепов) әнгімелей отырып, жазушы көбінесе сюжеттік желілерді өз төңірегіне қарай құрады, одан қалса, қойын дәптеріне жазып алған әртүрлі әңгімелерді тізбелеп, жайып салудан да тартына қоймайды [7, 156].
Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық романындағы шығармашылық маңызды факторлардың бірі – автордың жазушылық лабораториясының ашылуы. Ұсынылып отырған кітаптың қалай өмірге келгенін әңгімелеп берумен шектеліп қалмай, айтып келе жатқан әңгімесін шығарманың кез келген тұсынан автор өзінің жазушылық лабораториясына қарай икемдеп бұрып алуға бейім. Мұндай үрдіс екі кітаптың да өн бойынан анық бой көрсетіп, атойлап отырады. Әсіресе өзінің күнделік сипатындағы жазбаларына оралып соға береді.
«Мен және менің замандастарым» өмірбаяндық романының авторы
Ә. Нұршайықов өзінің шығармашылық өмірінің жарқын жақтарынан гөрі көлеңкелі тұстарын, ағалары мен әріптестерінен көрген қорлықтары мен қиянаттарын басымырақ суреттеп кеткен. Және осы бағытта айтылатын әңгімелердің оқылуы қызық, автор тарапынан жасалатын тұжырымдар да субъективизм нышандары байқалғанымен, оқырманға ой салып, пікір түйетіндей деңгейде.
Өткен оқиғаларды дәлдікпен тірілте білуде мұндай жазбалардың атқаратын міндеті ерекше болатындығы көрінеді. Қазақ жазушыларының ішінен қойын кітапшаларының жәрдемі жайлы көбірек айтатындар –
Ә. Нұршайықов пен М. Мағауин. Көп жылдар журналист болып қызмет атқарған Ә. Нұршайықовтың мұндай кітапшаларының саны үш жүзден асып жығылады екен. Олардың басым бөлігінің тікелей әдебиетке қатысы жоқ журналистік қолжазбалар болса, М. Мағауинның «Алтын дәптері» – тек қана әдебиет пен әдебиеттану ғылымының мәселелеріне арналған таза шығармашылық жоспарлар [8, 126].
Тәуелсіздік жылдарында жазылған ғұмырнамалық романдардың пішіндік, стильдік бағыттарында жаңа ізденістер байқалатынын, тілдік қолданыстары түрленіп, қаламгерлердің суреттеу бейнелілігін арттыруға деген ұмтылысын атап өткен жөн.
Екі кітапта да жазушының бүкіл саналы ғұмырындағы негізгі кезеңдер, маңызды оқиғалар мен елеулі эпизодтар мұрнынан жіпке тізілгендей тәптіштей суреттеліп отырады. Шығарманың сюжетті тым жалықтырып бара жатқан сәттерде оқырманды шаршатпай жүрдек баяндауларға да молынан орын берілген.
Қ. Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романының мазмұндық құрылымында мемуарлық романдардың әр ұлт әдебиетінде кең тараған стандартты үлгісіне жатқызуға болатын көркемдік-құрылымдық негіздер жеткілікті деп санауға дәйектер бар. Белгілі бір көзқарастар тұрғысынан алып қарағанда, шаблонға айналған формада жазылған шығарманың оқырманды қызықтыратын жағы, сөз жоқ, оның мазмұны, келтірген деректері мен фактілері, ұсынатын идеяларының ауқымдылығы мен тілдік қолданысы. Көркемдіктің осынау манызды компоненттерін жазушының дұрыс қолдана білуі нәтижесінде туындының эстетикалық шоқтығын едәуір биікке көтере алған деп айтуға болады.
Тәуелсіздік жылдары жазылған қазақ ғұмырнамалық романдарының тілдік түзілімі, жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, бұрыңғы жеткен биіктерінен аласара қоймағандығын, жаңа шығармаларда көркемдік ізденістер үрдісі одан әрі қарай дами түсіп келе жатқандығын көрсетеді.
Мемуарлық роман жазуға дайындық жұмыстарын жүргізудің жауапты бір қыры автордың өмірлік материалдар мен фактілерді шығармасына дұрыс іріктеп ала білуіне байланысты. Адамның өмір жолында көрген, білген,естіген оқиғаларының барлығы мемуар жанрына енгізуге жарайды деп түсіну жаңсақтық. Басқа адамдар үшін елеулі маңызы жоқ, тек автордың жеке өмірінде ғана орын алған тым ұсақ нәрселер мен тұрмыстық детальдарды тықпалай беру көркемдік талаптар тұрғысынан мемуарды ұщпаққа шығара қоймайды. Бұдан шығатын қорытынды – автор өзін қоршаған қоғамдық ортамен, оқырманның рухани сұранысымен санасы білуі шарт.
«Қазақ әдебиеті тарихы» академиялық басылымның 9-томында айтылған: «Халық басынан кешкен тарихты бейнелеп берудің әдіс-тәсілдері мол. Соның ең өнімдісі, мүмкіндігі мол жылы мемуарлық мемуарлық туындылардан танылады» [9, 167], – деген тұжырым мемуарлық романдардағы дәуір келбетінің көрінуіне қатысты келтірілген ойлармен үндес.
Расында да, біз шығармаларын талдамаққа ниет етіп отырған
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов Кеңестік кезеңде тіршілік кешкен, әдебиетке кеңестік кезеңде келген, бірсыпыра шығармаларын сол уақытта жазып, оқырманға кеңінен танылған қаламгерлер. Егер, Желтоқсан оқиғасы болмаса, СССР аталатын алып империя ыдырап, әрбір ұлт тәуелсіздігін алып, дербес жеке мемлекет болып бөлініп шықпаса, аталған жазушылар мемуарға ден қойып, аталған шығармаларын жазар ма еді, жоқ па? Мүмкін олар көркем прозалық ізденісін одан әрі тереңдетіп алуан-алуан табиғатты шығармалар жазған болар еді. Мемуар жазбауы мүмкін еді. Жаза қалғанда жасы бұдан да ұлғайып егде тартқанда жазар ма еді? Қалай болғанда да қазақ қоғамындағы бодандықтың аяқталып, тәуелсіздікке қадам басуымыз – аталған жазушылардың мемуар жанрына келуіне белгілі дәрежеде ықпал етті.
Мемуарлық шығарма формасы әрқилы болып келе береді. Ол да көркем әдебиет секілді жазушыны жаңа түр іздеуге итермелейді. Өмірбаян біреу болғанымен, оны жеткізудің сан-алуан жолдары бар. Мемуарға бастайтын ізденіс – жазушы өмірі мен оның қоғамдық құбылыстар, өзгерістермен бетпе-бет келуі. Алайда, жазушы бетпе-бет келіп отырған тақырыпты өмірлік материалға қарай екшейді, саралайды, содан келіп белгілі бір қалып (форма) пайда болады [9, 196].
Мемуар құрамындағы автобиографиялық, естелік, күнделік, түрлі хат – мақала, жазба қағаздардың алуан формада келгенімен, қатып қалған бұлжымас үлгі межесі жоқ. Көбіне олар «таза» күйінде емес, аралас келеді. Автобиографиялық – ғұмырнамалық деп жүрген шығармалардың өзі де
С. Мұқанов («Өмір мектебі»), С. Айни («Мектеп», «Бұхара»), Ұлық – Заде («Біздің заманымыздың таңы») шығармалардың ішіне естеліктің бірнеше түбірінің, күнделік, хат, жазба қағаздардың да түрлерінің кездесетінін көрсетуі, адам өзінің биографиялық тұтас өмірінен, берісі әр шақтық өмір кезінен мәліметтеуі де ұшырасады. Сондай-ақ түрлі хат-хабар, мақала, жазба қағаздарда да естелік пен биографияның елес берушілігі де жиі ұшырасатыны бар.
Кейде жолдастық хаттардың да мемуарлық түрде жазылғаны кездеседі. Мемуар ұғымы тек оның құрамымен, не болмаса көпке аян принциптерімен ғана шектелмейді, оның танылмағы сан түрлі.
Тарих мемуарда да көрінеді. «Өткендер мен ойлар», «Тар жол, тайғақ кешулердің» зор ерекшеліктерінің бір қыры – тарихтың әдебиетінен де белгіленіп тұр. А. Герценнің «Өткендер мен ойлардағы» өз өмірінен қоғам болмысының сәулесін сезінгісі келетіні барлығы да, В. Белинскийдің тарихи фактордан зәулім құрылыс тұрғызуға, оны қалаушы – әдебиетшіден керемет күтуінің өз де осылардың дәлеліне меңзейді. Тарихи материалдарды пайдаланып зерттегенде, мемуар сырт қарағанда тарихи романдарымен сәт-сапалас сияқты көрінгенімен, тіпті бөлекше келбетте. Рас, кейде тарихи шығармалардың мемуарға мейлінше таяуласа келетін мезеттері де болады.
Тарихи роман – повесте негізгі кейіпкер, не онымен қатысты адамдар дүниеде сол қалпында шын болып өтті дегеннің өзінде де, олардың басынан өткерген болмыстары да автордың көзімен көргені, сезінгені, аралас болғаны жүйесінде емес, жазушының тарихтан зерттегені, халықтан естігені, өмір құбылысынан, сонымен үндесер жайлардан қорыққаны тұрғысынан барып жазылады. Мұнда сол тарихи кейіпкердің өмір кешулерінің барлығы мемуарлардағыдай түгелденіп жазылмайды және тарихи романды жазушы тарихи кейіпкер образын толықтыра түсу мақсатындағы ізгілік үстінде кейде біршама образдарды, кейбір оқиғалар мен эпизодтары ойдан қиыстыруы да кездеседі [9, 287].
Кейбір шығармаларды жазушы өзі білетін адамдардың өмірінен жаза тұрса да, тарихи негізгі кейіпкерлерден басқаның бәрінің аты – жөнін өзгертіп алатыны кездеседі. Мұндай шығармалар мемуарлық емес, тарихи роман – повестер дәрежесінде қалады. Тарихи романдардың мемуар шығармалардан тағы бір айырмасы – оларда, автор – кейіпкер боп жүрмейді, ол онда сырт сипатшы ғана.
Кейде романдағы суреттемелер һәм нәрсе түгелдей көз көрген шындықтан келтірмесе де, кітапқа өз атымен емес, автор қойған есімімен енген адамдар – шығарманың мемуарлығын бекерлеп тұрысары да болады. Мемуардың бір қасиеті – дәлдікпен өлшенетіндігінде.
Мемуарда көбіне күні бүгінге дейін жасап келе жатқан, не олардың өмір жайын жұрт білмейтін, я, тума – туысы, ұрпағы бар, болмаса автордың өзімен мағыналас та кейінгі жасты адамдар көрінері де болады. Осы адамдар жайлы авторға «Жаманның жамандығын айт, құты қашсын, жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, әділ де бұлжымас баға беруге тура келеді.
Қазіргі қазақ мемуарлық роман жанрының кемелденген шағында мемуарлық шығармалардың өзі іштей бірнеше формаға бөлінуі анық байқалады. Өзге жанрларда жазылатын көркем шығармалардан мемуар жанрында – шығарма жазудың өзіндік ерекшеліктері бар екеніне осы зерттеу – еңбегімізде толық көз жеткізу үшін, жанрға ең керекті деген мемуарлық шығармалардың арғы-бергі тарихына, бастау-бұлағына барынша тоқталуды жөн санап және осы ойды негізгі объектіге келу барысында ары қарай талдай түсуге тура келеді. Себебі дамыған, іштей бірнеше салаға бөліп қарауға тура келетін мемуарлық шығармалардың өзіндік тоқталар мәселелері де жоқ емес.
Қазақ әдебиеті тарихының ХХ ғасырдағы жазылған көркем шығармалары қатарына көз салар болсақ, өзіміз зерттеп отырған мемуарлық шығармалардың табиғатын тану үшін, мемуардың жанрлық ерекшелігі, түрлі формалық алуандығына баса назар аударуға тура келеді. Әлемдік әдебиет теориясында мемуардың жанрлық сипатын айқындайтын түрлі ғылыми пікірлер, ойлар, сын ескертпелер сан-салалы [9, 402].
Кез-келген көркем шығарманың тылсым болмысын ашу үшін, сол шығарма жанрының даралық ерекшелігіне негізгі талдауды бағыттауға тиіспіз. Өйткені, жанр мәселесі толық анықталмайынша, белгілі бір шығарманың көркемдік құрылымы, идеясы мен тақырыбы жөнінде ұстамды пікір, салиқалы ой қозғау мүмкін еместей. Жанр дегеніміздің өзі кез-келген әдеби болсын, көркем өнердің қай саласынан болмасын, өнердің өзі әдеби болсын, көркем өнердің қалыптасқан типі. Ал соның ішінде әдебиетте жанр деп тектерді айтамыз. Ғалым М. Серғалиев жанрлық ерекшелікке былайша сипаттама береді, «Жанр ұғымын әдебиет зерттеушілерінің арасында әр түрлі түсіндірушілік бар. Кейде жанр деп әдебиет түрлері мен суреттеу тәсілдері сипатталады.
... әдебиет түрсіз өмір сүре алмайды. Әдебиет түрлері анағұрлым көп: эпос-роман, повесть, әңгіме, поэма, жыр, толғау, очерк, романс, элегия, пародия т.б. жіктеледі. Көп жағдайларда жанрларды бір-бірінен ажыратудың қиындығы да кездеседі», – дейді [10, 10].
Бұл мәселе біз зерттегелі отырған шығармалардың жанрлық ерекшелігіне тоқталу барысында да анық аңғарылды.
80-90 жылдары жарық көрген қазақ прозасын зерттей келе, белгілі ғалым Р. Бердібай былай дейді: «Қазақ романының бұл күнде дамып, өркендегені соншама, оның жанрын анықтаудың қажеттілігі туып отыр» [11, 107].
Ғалым пікірінің орынды екенін қазіргі кезеңде жанрлық ерекшелігі жағынан бір текке жатқызғанымен, іштей мазмұны мен пішініне қарай ерекшелініп кететін формалық, түрлік өзгерістері өзекті болып табылатын шығармалардың мәселесін жеке алып қарауға тура келеді. Ол үшін жоғарыда айтылған мемуарлық шығармалардың жалпылама ерекшеліктері мен жекелік қасиеттерін жік-жікке тарата бөліп қараудың қажеттігі туындайды. Мемуарлық жанрдың табиғатына берілген теориялық анықтаманың бірінде «Мемуар – авторлардың өздері қатысқан немесе куә болған тарихи оқиғалар, қоғамдық қайраткерлердің өнегелі өмірлері туралы көркем естеліктер жазбалары» [12,
58], – деп айтылады.
Еңбегіме осы көзқарас тұрғысынан келер болсақ, ғұмырнамалық роман жанрының қазақ әдебиетіндегі екі түрлі ерекшелігін атап айтуға болады.
Шартты түрге бөліп қарағанда, олар былай болып келеді:
1) Автордың өзі қатысып, тікелей ғұмырынан жазылған қоғамдық, тарихи, саяси, әлеуметтік, мазмұн-пішіні, көркемдік деңгейі жоғары жазылған мемуар, яғни ғұмырнамалық романдар.
2) Өмірде болған, деректік, құжаттық, баспасөздік материалдар, қоғамға еңбек сіңірген қайраткер тұлғалардың ғұмырынан өзге авторлардың жеке тұлға туралы жазған ғұмырнамалық туындылары.
Ойымыз бен мақсатымыз айқын болуы үшін, қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық романдардың көркемдік тағылымы мен тарихи танымына тоқталып өтуге тура келеді. Бұл турасында С. Сейфуллин, С. Мұқанов,
Б. Кенжебаев, С. Көбеев, Т. Бигелдинов, Қ. Доспанова, Б. Момышұлы,
Ғ. Мұстафин, Ж. Сайн, Ә. Жангелдиндердің мемуарлық-автобиографиялық шығармаларындағы кейбір ерекшеліктерге тоқталып өтуге тура келеді.
Ж. Сайн автобиографияны іс-қағаздарынша бастайды. Алғашында бұйығы баяндалады. Ілгерілей тарихтанып кетеді, ақындық шабытпен есіп сөйлеп, шартарапты қамти отыратын жазушы биографияны өзінше безендіреді. Асылы, образ жасауға да әр жазушы өзінше барысады. С. Сейфуллинді ынтықтыратын көбіне ішкі мазмұн, ол бейненің де мазмұндық жағына көбірек назар аударады, оның публицистика мен философиялық ойларды басым қолдануының бір себебі де осы жақта. С. Мұқановта образдылыққа ден қою мол. Бейнелерге Горькийше келу ондағы табиғи іс. С. Көбеев әңгімесі бар жағынан да педагогикалық түйінді дәлелдеуге бейім. Б. Кенжебаев та кейіпкерін сөйлету арқылы ұсақ детальдардың өзінен түйін жасауы көзге түседі.
Ғұмырнамалық мәнді берудегі оқиғаға автор қатысы да сан түрлі.
С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Б. Кенжебаев, Т. Бигелдинов, Қ. Доспанова өздерін оқиғаға аралас қатыстыра отырып, мәселені өз түсінігі, сезінген-түйгені тұрғысында шешеді. Мұндағы автор – кейіпкер. Оның іс-қимылы да, ой дүниесі де қалтықсыз қасқиып келеді. Өзге мемуарларға қарағанда бір өзгешелігі бар Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романында автор өзінің орнына өзін беруші образды қоса отырып, онысын авторлық та, халықтық та сынға ұсынады. Бұл әдістің бір ерекшелігі сол, «Көз көргенде» жазушы өз идеясын беріп отырған Сарыбалаға кейісті білдіре алады. Бұл стильді автор өз өмірінде жіберген өкінішті қатесінің төрелігін айту мақсатында қолданған. Ал, «Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Аспандағы айқас» авторлары бұлай жасай алмайды, олар кейісе тек өзіне ғана тура айтады, не қатесін көз көре мойындай келеді.
Кез келген суреткер шығармашылығы туралы сөз болғанда оны суреткер дүниетанымынсыз қарастыру орынсыз болар еді. Өйткені «биік дүниетану тұрғысы жоқ жерде, шындықты терең, дұрыс тану мүмкін емес» [13, 28]. Ал шындық терең, дұрыс танылмаса, шынайы шығарманың тумасы да анық.
Академик З. Қабдоловтың: «Бір жазушы, айталық адам мінезін қимыл-әрекет үстінде танытуға бейім болса, енді бір жазушы оның көңіл-күйін, сезім-сырын, ой-арманын, әр алуан психологиялық иірімдерін суреттеу арқылы ашуға шебер», – деген жазушы шеберлігі туралы ойлары Бауыржан табиғатына дәл келеді [14, 350].
«Елдегі осындай ахуал, биліктің жалған идеологиясы, орыстық үстем, нәсілшіл, шовинистік пиғылдың күннен күнге өршуі Бауыржанның суреткерлік ұстанымының қалыптасуына да қатты әсер етті. Ол қайткенде де қазақ ұлтын кеңестік идеологияның құрбандығын сақтап қалуға тырысты. Сондықтан, Бауыржанның «Ұшқан ұя» шығармасындағы бүкіл ұлттық болмыс мәселесіне, ұлт тағдырына қатысты салт-дәстүрлерді суреттеуі осындай ұстанымнан туған» [15, 9], – деді Уразбаев «Ұшқан ұя» шығармасындағы зерттеуінде.
Бұл айтылған зерделік ой, біздің пікірімізше, тек қана ғұмырнамалық повестке ғана емес және ерекше зер салатын тағы бір жағдай «тарихи мәтін» – ғұмырнамалық баяндауға негіз болуы үшін, ол сол туындыдағы тарихи тұлғаға және оның өміріне, дәуіріне, өмір сүрген кезеңіне тікелей қатысты болуы шарт, фактілік қызмет атқаруы керек. Сол себепті де бұл көркем ғұмырнамалық шығармада оқиға орын алуы, көрініс беруі керек. Оқиғаның ортасында кейіпкердің өмірі, өзі болып, қатысқан жағдайлар, яғни «тарихи мәтін» екінші жоспарда негізгі жағдайға жанама түрінде алынады да, көмекші рөл атқарады. Олар шығармада шындықты бейнелеп, жан-жақты даралап көрсетуге, жаңалықты тұстарын жарқырата бейнелеуге арналады. Көненің бізге жеткен жәдігерлерінің де көбіне өткен өмірді білуде бізге үлкен пайдасы бар. Сол секілді көркем-ғұмырнамалық шығармалар «тарихи» талабымен болашақ үшін құнды. Көркем ойлардың тарихилығы – ең бір керек бөлік көркем-ғұмырнамалық шығарма үшін, ол кейіпкердің өткені мен қазіргісін жан-жақты көрсетеді. Бұл көркем-ғұмырнамалық шығарманың туыстастырады. Шарттылықпен бейнеленген кейіпкердің ғұмырнамасы әлеуметтік тарихи образды сомдауға арналған жанр заңдылықтары. Қазақ жазушылары тарихи шындыққа қашанда берік болуға тырысады.
Қазақ мемуар автобиографиясы (ғұмырнамалық) шығармаларының бүгінгі уақытқа яғни қазіргі қазақ әдебиетіне дейінгі жазмышы, міне, осылай тұр. Мемуарлық – ғұмырнамаларда мемуар түрінің тоғысары да, болмаса мол түрлерде кездесер мазмұнымен мән жайы да, көбіне, осы беттен құралады. Әрине, мемуардың басқа ұсақ түрлеріндегі өзіндік ерекшеліктерді бұл бекерге шығармайды. Алайда, барлығы да мемуар жанрлық табиғатынан болмақ.
«Ұлы ақын»,– деп жазғанды В.Г. Белинский, – өзінің «Мені туралы айта отырып, бүкіл адамзат туралы әңгімелейді. Өйткені оның табиғатынан адамзаттық қал-жағдайы білініп тұрады. Сондықтан да оның жабырқау тартқан көңілінен әрбір адам өз мұңын түсіне алады. Одан ақынды ғана емес, сондай-ақ адамды, адамзаттың бауырын таниды» [16, 65]. Мемуар жазушылар өз өмірі, басынан өткергені мен жан тербегені жөнінде жазғанда әр туындылар, біріншіден, ...Олар баяғыда болып келгенімен-ақ, қазіргі оқырманға пайдалы, өйткені ол халқымыздың тарихындағы қуыс қалған орындарды бітеп отырса керек, екіншіден, С. Айни туралы Юлиус Фучик айтқандай, автордың кітабы «...біздер үшін тамаша бір өнер емес, сондай-ақ көрнекі оқу құралы да. Бұл кітаптар ескі мұң-қайғыны ғана емес, жаңа жетістіктерді де көрсетеді» [17,
338], [18, 128]. Мемуарда «..адамнан артық көркемдік жоқтығы» да [19,
17] «Көркем әдебиеттің материалы адам екені» [20, 7], – де ұмыт болмайды, автор идеалында «.. қаһарман, ... барша ұлы істерді ерлікпен жүзеге асырушы» халық жатады. Сол себептен де мемуар маңызды, мемуар ұсынушы ақын жазушылар да...адамдардың өмірі туралы парасатты түсінікке, жеке тамаша сезімдер образына жетелейді, олардың туындыларын оқи отырып,біздер барлық жат және жаман қасиеттерден арыламыз, ізгілік пен сұлулықтың көркемдігін танимыз, барлық жақсыны қастерлейтін боламыз, оларды оқи отырып, біздердің өзіміз жақсы мейірімді, текті адамдарға айналамыз» [21, 117]. Осы тұрғыдан қазақ мемуарларының да бүгінгі маңызы тіпті мәнді, оның жанрлық беті бізде әдебиеттік бір саладан дамуда.
Мемуар бұрынғы «memoire», «memoria»-память, белгі семантикасынан бертін, әдеби мағынада, жазушының өмірі, қоғам, ондағы адам жөніндегі ой түйгені, өткергенінен естеліктері, күнделік, хат, жазба ретті белгі, пікірлері көрсеткіштерін беретін әдеби шығармаларға ұлғаяды. Біздіңше, мемуар, әдеби түрдің басқалары сияқты, тіпті көне ертеден бастау алады. Бәлкім ол, жазу, сызу шықпастан да бұрын өз элементтерін адамдар бейнесін қалдыру, жоқтау ретінде де жүргізе келгендей. Жазу пайда болған шақтың алғашқы кездерінде ол ескерткіштік ретпен, болмаса елден-елге ұзақ жол шегушілердің көргенін таңбалар жазбалары сипатты келулері де мүмкін. Осыдан, мәдениеті тездеу дамыған елдерде, сауда-саттығы жол кешкен жұрттарда мемуардың көрдім-білдім түрлі жазбалары, ертелеу жазулары болуы ықтимал (шығыс жұртымен су жолы елдерінде). Сондай-ақ, жорықтар ізінен, ия жеке адамдық ескерткіштен табылар мұралар да таңбасын қалдыратын сөзсіз, жазба мәдениетінсіз жасамады. Мұнда да мәдениетті жұрттың еңбегі бекер тұрмайды. Бұларды ертеден Грек, Рим жұртшылығы мұралары, шығыстағы Орхон-Енисей жазбалары, қазақтағы ауызекі жоқтау түрлері де дәлелдесіп жүретіндері бардай.
Мемуар тек өткеннің ғана көрсеткіші емес, ол сол уақыттың да ой толғанысы, келешекке де болжам – тәрбие кітабы да. Мемуардың осындай мәні мен қажеттілігін А.И. Герцен де, В.Г. Белинский, Н.Г. Чернышевский де, жазушылардан – И.С. Тургенов те бағалаған, таныған [22, 35].
Челлини, Руссо, Гете, Гейне, А.И. Герцен, Л.Н. Толстой, Г. Короленко,
М. Горький автобиографиялары, орыс әдебиетіндегі А.С. Пушкин, Г. Гладков, А. Толстой ұлт әдебиеттеріндегі алуан бір мемуар жазбалары, әр ұлттың да, соның ішінде қазақтың да мемуар әдебиетінің қалыптасуында өте бір маңызды жақтардан көрінеді. Алайда, әр ұлт мемуарының мазмұнды, ұлттық түрлі келісімнің өзінде де көп өзгешеліктері де жоқ болмайды. Материалды өмірдегі барша өзгешеліктер – географиялық орта, ұлт психикасы, дәстүрі, кәсібі, жеке индивидум бет-бейнесі мен ой жүйесі, тұлғасы, адамдардың өмір сүрген уақыты және тағысын-тағылары мен соны суреттеуші автор ерекшеліктері де осыны аңғартады.
Мемуар жанрын зерттеу объектісі, көрсетер тұлғасынан да уақыт адымымен байланысты көрінеді, оның шеберлігі де дәуірден белгіленеді. Тіпті мемуар құрамындағы қай түрінің алда тұруы керектігін де белгілі бір мезгіл айтып отырады. Мемуар автордың білімділігі мен тәжірибе жетімділігі де, оның уақытпен байланысты қадам алысын да талаптайды. Ол заманының әрлі де, аласалы жағының қайсысында да туа береді. Әрине, дәуірдің өзгерген кезі, шығарманың көңілді тұстары болады.
Мемуар жазушылар да түрлі топтан келе беріседі. Олар жазушы әрі философ, публицист әрі қоғам қайраткері, әрі революционер, небір қызметкерде дәрігер, мұғалім, саяхатшы, қатардағы жауынгер де болуы мүмкін-ақ. Бұл – осы жанрдың сан-қырлы сипатынан жазылар мемуарлық – дәлдігінен де, мемуардың жанрлық ерекшеленер өзгешелігінен де, оның жалпы халықтығынан да болмақ. Тек суреттелінуге тиісті объект қана емес, жазушы – автордың кім екендігі, мемуардың тіл құрылысы, оқиғаны баяндауы, шығарма көркемдігі, мемуар түріне де әсер етеді. Мемуар авторларының түрлі кәсіптен болары бұл жанрдың халықпен туыс және сонан екенін, екіншіден, мемуардың жазылуы халықтың жан-жақты іскерлік сипатын көрсетеді. Мемуардың көркем әдебиетпен туыстығы да, өзгешелікпен де келер жақтары да көп-ақ.
Мемуардың қай түрі, қай мөлшері, қай стильде келуі де халықтық тілмен байланысты. Онда сөздігі болсын, адамдарды көркем бейнемен жеткізері болсын, қайткенде де образдау тұрады. Осы себеппен ол жазушының баршасында да көркем әдебиетпен байланысты келеді [22, 105].
Көркем әдебиеттің суреткері – адам, ол өмір сүрген табиғат, қоғам болса, мемуарда да адам тұрмыс құрған орта, адамның ісі мен ойы айтылады. Міне, осылардан да мемуардағы көркем әдебиеттен өзгешелінер көп жайларға қарамастан-ақ, бұлар тұтас көрініседі. Мемуарда оны жазушы автор адам, табиғат, қоғамға деген өз қатынасын, көзқарасын эмоциясымен береді. Автордың жан сезімі қатысқан кітап, оны басқа түрден емес, әдебиеттен байқатады. Міне, осы себептерге байланысты болып табылады.
Мемуар авторы шығармаға өз қатысы, кейіпкер боп көрінері мен сезінері, өсу жолынан сюжет түзіп, композиция жабдықтары, алуан стильде, сан бір профессиядан сөйлері, өмірдегі болған, өзі көрген де естіген адамдарды ғана жазары оларды образды типизацияларымен, көрген жақ моментінен типті әкелері, айтар бейнелерін «фотосуретті» ретте болғанымен әрі өсіреді (домысл), адамдар мен оқиғалар қатысынан бас сюжетке толықтырма ұсақ сюжеттер өрбітіп, олардан да кейде идея, сюжет те ұсынары, адамдар пікірін ауызекі тілге өте таяу тұстары, мемуар жұмысында автор-кейіпкер де, автор -жазушы да боп іс кешері, ғылым мен әдебиетті бір беттен әкелері, жазғанының әр шақта да «тамамдыдан» ұғыну жайлары да әр түрлі. Кейіпкерлердің ішкі психикасын мемуарист жазушы өз сезінісі, ия адамдардың ашылысынан әкеле алады. Мемуар кітаптары тарихи не псевдонимі бар әдеби шығармалардан өзгеше. «Мен» атынан сөйленер өмірде болғаны тарихи келмес шығармалардан да ол дәлдігімен басқаша тұрады. Мемуарда адам биографиясы ұзақ та, тік түсе алады. Бұл жанрда бір адамның естелігінен, екінші одан, үшінші онан, төртінші адамдар естелігі кездесетін жағдайлар болады. Естеліктерден образдардың жасалуы мүмкін [22, 275].
Қазіргі жанрлық тұрғыдан жан-жақты өрістеген қазақ прозасының басым саласын ғұмырнамалық, эссе, эпистолярлық формада жазылған шығармалар құрайды. Зерттеу еңбегім «Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық романдардың жанрлық ерекшеліктері»- атты шығармаларының көркемдік құрылымы, табиғи танымы, пәлсапалық баяны зерттеу үшін, ең әуелі көркем туындыларды тудырушы аталған авторлардың шығармашылық әлеміне байлауды талап етеді. Бұл аталған ғұмырнамалық романдардың авторлары, яғни автор-кейіпкерлер өздерінің ортаға қатысының бүкіл барысы жайлы (қоғамдық саяси, эстетикалық-моральдық жақтарынан) өз халқының асылын жинақтай келуінен-ұлттық ерекшелігімен танылған.
Өзінің қилы тағдырын ұрпағының болашағына арнаған, сол тағдырдың сырын терең ұғындырып, келешекке жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренсін-деген мақсатта жазылған, өнегелі өмір өрімдері Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық баянында өте әдемі үйлесін тапқан. Ғұмырнамалық аталған үш романның жанрлық ерекшелігі, мән-мәнісіне тоқталар болған ғылыми жүйелеудің өзінде бірізділік кездесе бермейді. Біз мұның алдында жазған С. Мұқанов, С. Сейфулин, Ғ. Мұстафин мемуарларының жанры бір болғанын атап өттік және формасы мен мазмұны тұрғысынан келгенде, әр түрлі ерекшеліктер кездеседі [22, 278].
Достарыңызбен бөлісу: |