Кіріспе зерттеудің көкейкестілігі


Этностық құндылықтардың отбасылық өмірге психологиялық дайындаудағы маңыздылығы



бет5/12
Дата17.07.2022
өлшемі0.76 Mb.
#459710
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Рахметова Арай диссертация 13 июнь

1.2 Этностық құндылықтардың отбасылық өмірге психологиялық дайындаудағы маңыздылығы

Адамзат баласының отбасындағы тәрбиесі қай ғасырдың болсын өзекті мәселелерінің бірі болды. Ежелгі антикалық дәуірден бастап ойшылдар отбасылық тәрбие мен отбасылық өмірге дайындық жасау мәселесіне ерекше мән берген. Соның бір дәлелін грек ойшылы Платонның көзқарастарынан табамыз. Оның пікірінше, адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет деген тұжырым жасайды. Ал, белгілі ойшыл Аристотель болса, «отбасы - адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған.


Көптеген еңбектерде ғалым-педагогтар мен психологтар балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін дүние жоқ деп есептейді. Осы орайда, балалардың рухани үйлесімді тұлға ретінде қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық, т.б. адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне байланысты болып табылады [55].
Сонымен, қандай да болсын, мейлі ол толық не жартылай болсын әрбір отбасының өзіндік даму тарихы бар. Жоғарыдағы айтылған ойлардан туындайтыны отбасы – бұл кішігірім мемлекет, әлеуметтік топ. Ол алғашқы адам баласы пайда болған кезеңнен бері қарай дамуда, бүгінгі күні оның сипаты мен мәні өзгеруде. Дегенмен ерте кезден-ақ, отбасын құру күнкөріс қамынан, ерлі-зайыптылық қарым-қатынастан және ұрпақ әкелуден бастап туындаған [56].
Бүгінгі күні отбасы құрамын анықтау мәселесінде отбасыға психологиялық көмекті ұйымдастыру теориясы мен тәжірибесі біршама күрделі сипатта болып отыр. Отбасы туралы танымал американдық отбасылық психотерапевт С. Минухин оның мүшелерінің дара биопсиходинамикасына қарағанда неғұрлым кең дүние деп есептеген [12]. Аталмыш ғалымның пікірінше отбасы мүшелерінің өзара әрекеті олардың трансакцияларын басқаратын нақты бір заңдылықтарға тәуелді болып табылады. Сонымен қатар, осы заңдылықтар отбасы құрылымын құрайды деп тұжырымдаған.
Белгілі ғалым Л.Б. Шнейдер бойынша, отбасылық топтың маңызды интегралдық сипаттамасы оның қызметі, құрлымы және динамикасы болып табылады [13].
Келесі мәселеде отбасының жүйелеріне тоқталамыз. Отбасы жүйесінің динамикасы оның өмірлік циклімен тығыз байланысты. Біріншісі–жұптар немесе ерлі–зайыптылар жүйесі болып табылады. Бұл некеге отырумен жүзеге асады. Мұнда ерлі–зайыптылар өзара әрекет жасайды және атқаратын рөлдерді қабылдауға не қабылдамауға бейімделу (аккомодация) процесі басталады.
Ал, балалар жүйесі балаға тек «бала болу» мүмкіндігін тудырады, қатарластарының қарым–қатынасы енгізілмейтіндей құзіреттіліксіз және жауапкершіліксіз тәжірибелі қарым–қатынас жасауға болады. Балалардың қарым-қатынасы қатарластарымен және ересектермен өздігінен байланыс орнату үшін оған қажетті дағдылар мен әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе алаңына айналады[57].
Жоғарыда атап отырған жүйелердің бөлініп шығуы олардың ішкі және сыртқы байланыстарын анағұрлым анық көрсетуге мүмкіндік береді. Ал бұл байланыстар отбасы құрылымын оның шекарасы тұрғысынан сипаттайды. Осы шекаралардың жүйелері олардың арасындағы және ішіндегі қарым–қатынастарды реттеуге жағдай жасайды. Мұндай шекараларды С.В. Ковалев қарастырды
Қазіргі уақытта жастардың отбасыға және некеге деген қатынастары ерекше сипатта болып отыр. Өйткені көптеген бүгінгі жастар өз әріптестерімен қарым–қатынасқа түсуге, істі жауапкершілікпен орындауға үйренбей жатып, ойланбастан немесе неке құруға асығыс шешім қабылдайды. Нәтижесінде неке туралы пікірлері мен сенімдері дұрыс болып шықпайды. Көптеген зерттеулерде көрсеткендей, неке сәтті болуы үшін жастар жауапкершілікті ең басты орынға қоюлары керек. Кейбір жастар ерлі–зайыпты өмірдің бірінші жылында стресстік жағдайларға ұшырап, өмірлік қиындықтарға толық дайын емес болып шығады. Мұның салдарынан жас отбасылар дағдарысқа ұшырап, ажырасулар көптеп белең алып кетеді [58]. Осы орайда, «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі. Алып ұшпа-сезімдерінің салдарынан жастардың бір-бірінің өміріне жауапсыздығы белең алып, «әкесіз бала», «жалғызбасты ана» деген ұғымдар белең алып отырғаны кімді де болса ойландырады.
Қазіргі нарық жағдайында жастарды неке құруға және болашақ отбасылық өмірге дайындау өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде басты міндеттердің бірі болып табылады. Көптеген ғалымдардың зерттеулерінде (Ю.Е. Алешина, А.И. Антонов, В.А. Борисов) жастарды белгілі бір жасқа келгенде отбасын құруға толығымен дайын деп есептеген [59]. Дегенмен, әлеуметтік ортаның мәдени-тарихи динамикасына орай, өсіп келе жатқан жас ұрпақты отбасын құруға арнайы дайындық жүргізу қажет. Толып жатқан әлеуметтік, педагогикалық және психологиялық зерттеулер және этностық құндылықтар арқылы жастарды неке және отбасын құруға дайындау психологиялық жұмыстың басты мақсаты болып отыр.
Отбасылық өмір туралы жағымды көзқарастар жастарды тұлғалық үйлесімді дамуға және өмірлік бақытты етуге жетелейді. Жас отбасының тұрақтылығы олардың неке құруға психологиялық дайындығымен ерекшеленеді [60]. Аталмыш жүйе тұлғаның әлеуметтік–психологиялық орнығуымен және ерлі-зайыптылардың өмірге деген эмоциялық–психологиялық қарым–қатынасымен анықталады. Ал кейбір ғалымдар неке мен отбасының тұрақты қарым–қатынасы неке құруға психологиялық дайындығымен байланысты деп көрсеткен (А.А. Бодолев, К.Бейкер).
Белгілі шетел ғалымы және индивидуалды психологияның негізін салушы А. Адлер некеге психологиялық дайындықтың сәтті болуы адам өмірінің стилімен және оның түптұлғасымен негізделеді деп тұжырымдайды. Аталмыш ғалымның пікіріне сай бірнеше жылдан кейін оның махаббат пен некеге туралы пайымдауы толығымен өзекті болып шықты. Ғалымның пікірінше, махаббат пен некеге психологиялық дайын болу үшін ең алдымен әлеуметтік тұрғыда бейімделген болу керек. Шын мәнісінде тұлғаның махаббат пен некеге деген қабілеттілігі адам өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қалыптасады. Ересек адамдар отбасында тұлғаның қасиеттерін тани отырып, алдағы уақытта қателіктер жібермеуге тырысады. Бұл ғалым әрбір тұлға шешетін өмірдің ерекше үш саласын немесе ерекше үш бағытын бөліп көрсетеді. Алғашқы екі сала жастық шақта неке мен махаббатқа дайындалуды үйретеді. Екі жастың арасындағы басты міндеттердің бірі неке болып табылады. Бірақ көп жағдайда жастар мұны жалғыз өзі немесе көп адамдардың шешімінен табуға үйреніп кетеді. Өйткені көп жағдайда жастардың өз бетінше шешім қабылдауларына іскерліктері жетіспей жатады. Ғалым өмірде дұрыс бағытты таңдау кәсіби істі және пайдалы әрекетті талап етеді деп санайды. Бұл қасиеттерден айрылған адам махаббат сезімімен өзгелермен қарым–қатынас жасауға әлі дайын болмайды.
Тұлғаның гуманитарлық теориясының негізін салушылардың бірі, шетел ғалымы Э. Фромм сүйе алу қабілеті туралы көзқарастарының орны ерекше. Э. Фромм махаббатты сезіну және түсінуді, іскерлік пен тәжірибені талап ететін өмірге деген қызығушылықты белсендіретін сезім деп қарастырады.
Жоғарыдаға айтылған пікрілерге орай, өмірлік жар табу оңай міндет емес. Біреулерге жүз жігіттің біреуі ғана ұнаса, енді біреулерге бәрінің де бір міні бар сияқты болып көрінуі заңды құбылыс болып табылады. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі мамандық таңдау, екіншісі жар таңдау деген қағиданы жастардың арасынан жиі естіп жүрсек те, көп жағдайда албырт сезімдер оларды көптеген адасуларға жетелеп келе жатқаны белгілі [61]. Дегенмен, отбасылық өмірге психологиялық дайындық барлық құбылыстардың жиынтығын біріктіретін интегралды категория:

  • тұлғаның отбасылық өмірдегі жұбайы мен болашақ балаларына, жаңа жүйедегі қарым–қатынасқа дайындығы адамгершілік қасиеттерін қалыптастырумен байланысты. Біздің пікірімізше бұл құбылыстар ерлі–зайыптылардың отбасындағы рөлдерімен жүзеге асырылады;

  • ерлі–зайыптылардың отбасылық өмірлері дұрыс қалыптасу үшін, олар өзара түсінушілік пен тұлғааралық қарым- қатынасқа психологиялық тұрғыда дайын болуы қажет;

  • отбасылық өмірде бір–біріне деген эмпатиялық қабілеттері болу керек. Және де өз сезімдеріне сай жақсы көретін адамына әрекет етулері маңызды рөл атқарады;

  • эмпатиялық құбылыс адамның ішкі жан дүниесі мен рухани қасиеттерімен байланысты. Бұл құбылыстың ерекшелігі отбасылық өмір тұлғаның нәзіктік күшін күшейтіп, ерлі–зайыптылардың эмоциялық қабілетін дамытады;

  • отбасылық өмірде тұлғаның мінез–құлқында жоғары мәдени эстетикалық сезімдері болады;

  • отбасылық өмірде кездесетін тұлғалық шиеленістерді конструктивті іскерлік арқылы шешу;

  • ерлі–зайыптылардың тұлғааралық қарым-қатынастарын дамыту үшін жастар бұл шешу процесін қолдануға болады.

Балалар өмір сүру барысында отбасы мен некеге деген қатынас нормаларын айналысындағы ересек адамдардан үйренеді [62]. Оларда адами қадір–қасиет, достық, жолдастық және шынайылық қасиеттері балалық шақтан бастап дамиды. Бұл қасиеттер адамдағы ең жоғары сезімдердің бірі махаббатты елестетуге және неке мен отбасылық қарым–қатынасты қалыптастыруға жол көрсетеді. Дегенмен, өмір талабының өзгеруіне байланысты бұл өте бағалы механизм білім беруде жеткіліксіз болып табылады. Әрдайым даму процесінде болады. Сондықтан да қазіргі таңда өсіп келе жатқан ұрпақты мектепте педагогтар және отбасында ата–аналары болашақтағы отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайындауы қажет. Яғни, болашақта отбасын құрған кезде ата–ананың міндеттері қандай? Баланы қалай тәрбиелеу керек? Осы сұрақтар төңірегінде әрдайым ой қозғап, ол туралы сауатты мәлімет беру басты міндеттердің бірі болуы тиіс.
Ал, ғалым И.В.Гребенниковтың пікірінше, өсіп келе жатқан ұрпақты отбасылық өмірге дайындауда келесі негізгі ерекшеліктерді жүзеге асыруға болады:
Біріншіден, әлеуметтік ерекшеліктер - отбасында ата–аналар мен ерлі–зайыптылардың рөлдерін, бағалауларын, белгілерін неке мен отбасындағы қарым–қатынастың қоғамдық маңызын ашады;
Екіншіден, адамгершілік–эстетикалық ерекшеліктер - жауапкершілік,
шынайылық, ұстамдылық, мейірімділік, инабаттылық қасиеттерді бойға сіңіре отырып, кіші және үлкенді, ана мен әкені сыйлауға, адамдармен достық қарым–қатынаста болуға тәрбиелейді;
Үшіншіден, заңи ерекшеліктер - заңды түрде неке мен отбасының негізгі заңдылықтарына сүйенеді. Отбасының жалпы заңына сай ерлі–зайыптылар қоғам мен балаларына, бір-біріне деген міндеттерді білуі керек;
Төртіншіден, психологиялық ерекшеліктер - неке мен отбасылық өмірдің психологиялық негізі. Ерлі–зайыптылар отбасылық өмірде бір–бірінің психологиясын түсінумен қатар, сезімдерін дамытып, қарым-қатынас дағдыларын игеру қажет;
Бесіншіден, физиологиялық ерекшеліктер - ерлі–зайыптылардың жыныстық өмірімен ерекшеленеді;
Алтыншыдан, педагогикалық ерекшеліктер - отбасында баланы тәрбиелеуде маңызы зор. Ата–ананың педагогикалық сауаттылығы мен мәдениетінің жоғарлауы отбасылық тәрбиелеуді қалыптастырумен байланысты;
Жетіншіден, шаруашылық–экономикалық ерекшеліктер - ерлі–зайыптыларды үй–шаруашылығын, мәдени тұрмысты және отбасы қаржысын жұмсауға үйретеді.
Жоғарыдағы айтылған ерекшеліктерді ескере отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты, яғни жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындау қоғамда маңызды рөл атқарады. Мұндағы әрбір ерекшеліктер жастарды жан–жақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосады. Жастарды отбасылық өмірге тәрбиелеудің барлық жақтары әлеуметтік–педагогикалық және психологиялық факторлармен ерекшеленетіндігі белгілі. Сондықтан жастарды отбасылық өмірге дайындау өзара әрекетті қажет етеді. Бұл айтылған мәселелердің барлығы жастардың отбасылық өмір туралы көзқарастары мен сезімдерінің қалыптасуымен байланысты болады [63].
Қазіргі қоғамда жастарды отбасылық өмірге және некеге психологиялық жағынан дайындау басты міндеттердің бірі екендігін жоғарыда айтылған болатын. Біздің жұмысымызда отбасылық өмірге этностық құндылықтар арқылы психологиялық дайындау мәселесі қарастырылады. Өйткені ересек адамдар әсіресе жастар отбасы адамға не үшін керек деген сұрақты сирек қояды. Бүгінгі жаһандану жағдайында “отбасы” ұғымы әрбір тұлға үшін әртүрлі мағына береді [64]. Отбасы ұғымы бала үшін ата-ана және аға-апа, бауырларына байланысты қарастырылады, яғни оның тәрбиесіне қатысатындар арасындағы қарым-қатынас болса, ал жастар үшін некелескеннен кейін өзіне және оның жарына, содан кейін болашақ балаларына қатысты саналанады.
Отбасының сансыз көп құбылыстары тұлға сипатына әртүрлі мағына береді. Отбасы адамның психологиялық–физиологиялық жайлылығын толығымен қамтамасыз етеді және жоғарыда атап өткен эмоциялық функциясын атқарады. Отбасында әрбір тұлға өзін керек екендігін сезінеді. Өмірде кездесіп жатқан көптеген адамдардың келеңсіз жағдайларға түсуі өзін керексіз сезінуінен басталып отыр. Осы орайда, отбасында әрбір адам өзін бірегей, қайталанбас және қамқорлыққа ие, сонымен қатар өзінің қажет екенін сезінуі керек [65].
ҚР отбасы және неке туралы Заңына байланысты қазіргі жастар арасындағы неке құру үшін қажетті жағдай - екі қарсы жыныстың кәмелетке келуі, яғни 18 жасқа толуы болып есептеледі. Қазіргі таңда ата–аналар да негізінен осы жас мөлшерін дұрыс деп есептей отырып, бұл жас кезеңіне дейін қызын ұзатуға және ұлын үйлендіруге асықпайды. Себебі, әрбір ата–ана өз балаларының оқу бітіріп, өз бетінше өмір сүруге дайын болған кезінде ғана жеке отбасылы болуын қалайды. Олай болса, қазіргі күнде орта мектепті 17 – 18 жасқа, ал жоғарғы оқу орнын негізінен 22 – 23 жасқа толғанда бітіретіндіктен, оның үстіне өзіне өмірлік жар таңдау жастардың өз еркінде болғандықтан, неке құру жолы бұрынғымен салыстырғанда әжептәуір жоғарылады. Жинақталған деректерге қарасақ, қазіргі жастардың арасында алғашқы неке құру жасы негізінен 18–25 аралығында болып отыр. Кейбір әлеуметтік және психологиялық жағдайларға байланысты бұл аралықтан әрлі–берлі ауытқуы да мүмкін. Көп жағдайда қыздар негізінен 20 жасқа дейін тұрмыс құруды дұрыс деп санаса, ер азаматтар Отан алдындағы борышын, яғни, әскер қатарында қызмет еткеннен кейін барып отбасылы болуды қалайды. Мұның өзі қазіргі заман талабына байланысты қалыптасқан заңдылық іспеттес десек қателеспеген болармыз [2].
Соңғы кездегі дерек көздеріне сүйенсек, неке құратын жастар негізінен бірге оқу немесе жұмыс істеу арқылы ұзақ бірін–бірі біліп, өзара сынасып, ұнатысу, бір-бірінің қырларын ұғынысудың нәтижесінде отбасын құру арқылы өз тағдырларын ұштастыруға келіседі. Әдетте жастар арасындағы мұндай ұзаққа созылған достық қарым-қатынасты екеуінің де ата-аналары хабардар болады. Сондықтан болашақ отбасын құруға ниеттенген қыз да, жігіт те әке–шешесімен ақылдасып, олардың келісімін ала отырып, өздері де өзара уәделеседі. Әрине, шешім қабылдауда шешуші дауыс әрқашан жастардың өзінде қалатыны сөзсіз. Алайда, осы жайттарды ескере келе, жастардың отбасыға және некеге деген қатынастары әртүрлі болып келеді. Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы заман талабына сай өзгеріске ұшырап, жаңа сипатта және бағытта көрініс тауып отырады. Бұл әсер етуші факторлардың динамикасына тәуелді болып табылады [66].
Көптеген отбасы мәселесімен айналысқан мамандар жастардың некеге және отбасыға деген қатынастарын талдады (А.Зейнеп, Д.Б. Оспанова). Отбасы жағдайы және онда жүргізілетін тәрбие мәселесімен айналысқан зерттеушілер отбасының және некенің тұрақтылығының басты шарты тұлғалардың адамгершілік деңгейі деп есептейді. Шын мәнісінде адам санасында белгілі адамгершілік қасиеттердің даму деңгейі отбасы сферасы үшін маңызды болып табылады. Дегенмен, қазіргі таңда жастардың отбасын құруға деген жетекші мотивтерінің бірі махаббат екені белгілі. Осы отбасын құрудың басты мотиві махаббат болса, жастар бұл ұғымның мағынасын әртүрлі түсінеді, сезінеді және бағалайды.
Ғалым Т.А. Флоренская «махаббат» ұғымының үш түрлі мағынасын бөліп көрсетті. Бұл ұғымдарға сипаттама беретін болсақ, біріншіден, махаббат- жыныстық құмарлық, екіншіден, махаббат-сүйікті болу қажеттілігі, үшіншіден, махаббат өзгеге бағытталған доминантты қарым-қатынас.
Келесі кезекте біз осы ұғымдардың мағынасына талдау жасап көрелік. Гипертрофиялық жыныстық құмарлық ретінде махаббат адамның барлық өмірлік күшін тартымды етіп, өзінің нәпсісінің құлы етуге дейін апарады. Бұл жағдай адамның рухани және психологиялық дамуының тосқауылы бола отырып, ішкі және сыртқы шиеленістердің тамыр жаюына себептігін тигізеді. Балалардың психикасының дамуына ерлі–зайыптылардың жағымсыз, әрі дөрекі қарым–қатынасы қатты әсер етеді. Т.А.Флоренскийдің пікірінше, мұндай адам отбасын құруға қабілетті емес, оларда тек жыныстық қажеттілікті қанағаттандыруда әріптесті алмастыру ниеті өте күшті басым болады. Соңғы кездегі психологиялық зерттеулерде отбасындағы жоғарыдағы айтылған жағдайды “сериялық моногамия ” ретінде сипаттайды.
Сүйікті болу қажеттілігі ретінде махаббат балалық шақтан бастап туындайды. Бірақ көбінесе адамның сүйікті болуға деген қажеттілігі тек өзіне ғана бағытталған болуы да ғажап емес. Жоғарыдағы айтылған тек біржақты қажеттіліктер балалық шақта өзіне және өзгеге қанағаттанбаушылық пен жоғары мазасыздық сезімін ұялатуы мүмкін. Осы орайда, эгоцентрикалық және невротикалық қажеттіліктер өзіне деген махаббатты талап етеді. Сүйікті болу қажеттілігінің жоғарлауы сәтсіздікке қарай итермелейтін реакцияларды туындатады [67]. Махаббат қарым-қатынасындағы тұрақсыздық, өзгені жақсы көре алмау қабілеті, сүйікті болу қажеттілігінің күшеюі қарқынды қызбалықты туындатады. Мұндай адамдар отбасылық өмірде үнемі қарым-қатынасты анықтаумен болады. Отбасылық өмірге қатысты жауапкершіліктерді, міндеттерді көбінде атқармайды.
Махаббаттың үшінші сипатында, яғни, басқаға доминантты қарым-қатынаста жақсы көру қабілетінің жоғары болуы өзіне және отбасына сенімділік тудырады. Сүйікті адамының өзін жалықтырмағандығы қарым-қатынасты тереңдете және нығайта түсетіні анық. Бұл жағдайда сүйіктілер әрдайым бірге болуды қалайды, оларды тек ажал ғана ажырата алады деп санайды.
Адамзат өмірінде отбасы қарсы жынысты екі жас үшін, тіпті материалдық экономикалық жағынан ата–аналарына бағынышты болса да елеулі іс болып табылады. Неке туралы сөз қозғағанда жастардың отбасылық әлеуметтік институтқа дайын болу жағдайы мен деңгейін анықтауды ұмытпауымыз қажет. Себебі, бұл ұғым біржақты ғана емес. Психологтардың көзқарастары бойынша (В.П. Левкович, С.В. Ковалев) тұлғаның отбасына деген адамгершілік–психологиялық дайындығы әлеуметтік стандартты және мінез–құлық ерекшеліктерінің толық жиынтығын талап етеді. Осы арқылы тұлға отбасылық өмірді реттейді. Адамгершілік-психологиялық дайындығына төмендегі жағдайлар жатқызылады: өзінің отбасылық әріптесі мен болашақ балаларының қылықтарына жауапкершілікті мойнына алуға үйрену, жаңа жүйедегі ерекшеліктерді қабылдауға дайын болу; отбасы мүшелерінің қадір–қасиетін және құқығын түсіну, тұлғааралық қарым–қатынаста тепе-теңдік принципін сақтау; өз жұбайымен күнделікті қарым-қатынас жасау, қарама–қарсы жыныс өкілімен өзара әрекет ету, өз кезегінде жоғары мәдени адамгершілікті жорамалдау; басқа адамның мінез–құлық ерекшеліктерін және оның психологиялық жағдайын және денсаулығын түсіну [68].
Ресей ғалымы В.С. Торохтий жоғарыдағы талаптар әртүрлі деңгейде жүзеге асады деп санайды. Аталмыш ғалым бұл деректердің негізінде “некеге деген қабілеттілік” ұғымының бірнеше пайымдауларын ұсынды:

  1. Басқа адамға аянбай қызмет ету, қамқорлық көрсету қабілетінің болуы,

жақсылық жасау;

  1. Сезіну, уайымдау, қайғыру қабілетінің болуы, яғни осы арқылы

жұбайының эмоциялық әлеміндегі қуаныш пен қайғыны, уайым мен сәтсіздікті, жеңілу мен жеңісті түсіне алу. Демек, басқа адамның рухани бірлігін табу;

  1. Кооперация, әріптестік, тұлғааралық қарым–қатынасқа деген қабілеттілік.

Үй шаруашылығын жайластыру мен тұтынуды ұйымдастыру. Әртүрлі еңбек түрін дағды мен іскерлік арқылы жүзеге асыру;

  1. Әлеуметтік ортада жоғары психологиялық және этикалық мәдениеттің,

шыдамдылық пен төзімділіктің, ақкөңілділік пен мейірімділіктің басым болуы. Өзгелердің жетіспеушілік және таңқаларлық қасиеттерін қабылдау негізінде өзіндік эгоизмге үстемдік етеді.
Бұл барлық қабілеттер адамның іскерлік көрсеткішінің өзіндік мінез–құлқының сәйкестілігімен жағдайына байланысты тез өзгеріп отырады. Мұны шыдамдылық, тұрақтылық және өзінің мінез-құлқын алдын ала болжау немесе келісімге келу қабілеті деп атайды.
Отбасы психологиясында өзіндік зертттеулер жүргізген аталмыш ғалым өмірде әрбір тұлғаның отбасын құруға дайындығын маңызды жағдайлардың бірі деп белгілеп қояды. Ол отбасының беріктігі көптеген факторларға байланысты деп тұжырымдаған. Өйткені, отбасын күрделі психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері бар қарсы жынысты тұлға құрады. Некеде болатын адамдардың әлеуметтік–психологиялық қарым–қатынасы толығымен кемелденген болуы керек. Оның пікірінше, психологиялық кемелдену эгоизм мен агрессивтілікті жойып, керісінше ерлі–зайыптылардың қарым–қатынасының үнемі өзіндік жетілуіне бағыттала отырып, өзіндік қателіктерін сезінуге қабілеттілігін арттырады [69].
Қазақ этнопедагогикасы мен этнопсихологиясындағы отбасы тәрбиесі туралы педагогикалық-психологиялық көкейкесті мәселелерді шешуде алдымен тарихи зерттеулерге талдау жасап көрелік.
Этнопедагогика және этнопсихология мәселесі зерттеу жұмысының тақырыбына байланысты, яғни этностық құндылықтар негізінде отбасылық өмірге жастарды дайындау туралы болып отырғандығында екендігін ескерсек, алдымен тарихи мағлұматтарға тоқталып соңынан салт-дәстүр, әсіресе діни дәстүрлер мен ұйғарымдардың ықпалдастық дәрежесін қарастыруға болады.
Сан ғасырлар бұрын ата-бабамыз өмiр сүрген ұлан-ғайыр өңiрдiң қысқаша тарихи-географиялық сипатындағы отбасылық тәлім-тәрбиесінде тұтас халық жөнiнде әлi де болса толық анықталмаған жәйттер аздың қасы. Болашақта тәуелсiз елдiң тарихшылары, әдебиетшiлерi, лингвистерi, археологтары қазақтың қанына сіңген этнотарихи сипатына тән этностық құндылықтарымыздың тың деректерімен толықтыра берерi сөзсіз. Бiздiң зерттеуiмiздiң шеңберi этностық құндылықтар арқылы жастарды отбасылық өмірге дайындау болғандықтан бүгінгі күні ғылыми еңбектер, әсіресе мемлекеттік тілдегі зерттеулер жоқтың қасы. Жастарды ұлтымыздың қанына сіңген құндылықтар, яғни тіліміз, дініміз, діліміз және салт-дәстүрлеріміз пен ырым тиымдарымыз негізінде болашақ отбасын құруға дайындау бүгінгі күні өзінің өзектілігін туындатып отырғаны белгілі [70].
Этностық құндылықтар болып саналатын халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кез-келген ұлттың өзiне тән сипатын айқындай түсетiн асыл қасиеттер болып табылады. Этнопедагогика осы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерде мәңгi қалған педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжiрибесiнiң жиынтығы болса, этнопсихология әрбір ұлттың психологиялық ерекшеліктерін және өмір жағдайларының психологиялық негіздемелерін ұсынады.
Бүгінгі күннің ағымы қоғамдағы отбасының рөлi мен оның жай-күйiн елеулi өзгерiстерге ұшыратып қоймай, сонымен қатар, олардың қызмет аясына, сипатына және мазмұнына едәуiр ықпал етiп отырады. Бұларға төмендегi жайларды жатқызуға болады:
- әлеуметтiк институттар (бiлiм беру мекемелерiнен өзге) негiзiнен тәрбие процесстерінен алшақтаған жағдайда ата-аналардың қызмет аясы отбасылық шаруашылықты жүргiзумен ғана шектелiп қалмайды, жауапкершiлiктiң едәуiр ауқымы ата-аналарға түседi;
- коммуникация құралдары арқылы аса кең көлемде жүргiзiлiп отырған шетелдiк мәдениеттiң әсер-ықпалы көп жағдайларда халқымыздың ұлттық құндылықтарына және тәрбиесiндегi идеалдарға түбiрiмен қарама-қайшы келедi;
- әрбiр халықтың мәдениетi мен дәстүрлерiн өркендетуде ұлттық құндылықтарды орнықтыра түсу аса қажет.
Жоғарыдағы айтылған мәселелерге байланысты этнопедагогика мен этнопсихологияға негізделген зерттеулерді, сондай-ақ, зерттеу өзегі болып отырған отбасылық тәрбиенi уақыт талабына сай жаңа қырынан жандандырып, оның теориялық негiзi мен практикалық нұсқау-кеңестерiн байыта түсумен қатар, жастарды оған психологиялық дайындау аса маңызды болып табылады [71].
Халқымыздың этнопедагогикасында және этнопсихологиясында жастарды болашақ отбасына дайындауда бай әрі тиімді тәжiрибе жинақталғаны айқын көрінуде. Оны қазiргi заман талабына сай әрі күнделiктi болып жатқан отбасылық тыныс-тiршiлiкте пайдалану қазақ халқының рухани-адамгершiлiк әлеуетін байыта түсуге өлшеусiз үлес қосары айқын.
Қазақ халқының мәдениетi жөнiнде толық түсiнiк алуымызда дiни дәстүрлер мен қағидаларды ғылыми түрде ой елігiнен өткiзудiң елеулi әсер етер маңызы бар. Оның үстiне қазіргі таңда қазақ отбасының көптеген дiни дәстүрлерi мен қағидалары этнопедагогика мен этнопсихологияның бөлшектерімен тығыз байланыса келе халықтың тұрмыс-тiршiлiгiне тереңдей бойлап, оның ажырамас бөлiгiне айналып отырғаны сөзсіз.
Егер де археологиялық және өзге де тарихи ескерткiштер мәлiметтерiнiң негiзiнде қазақ халықтарының дiни наным-сенiмдерiнiң генезисiне тарихи тұрғыда ой жүгiртер болсақ, мәдениет сияқты, оның да қат-қабаттар мен қыр-сырлары бары анық.
Жастарды отбасылық өмірге діни көзқарастар арқылы дайындау да болашақ оған деген қатынастың жағымды көріністерін берері даусыз. Ислам дiнi идеология ретiнде елеулі түрде қазақ халқының көзқарасын қалыптастыруда аса маңызды ықпал тигізді. Қазiргi кезде дiни ұғымдар мен түсiнiктер көптеген қазақ халқының отбасыларына тән болып келедi.
Халқымызда дiни мәдениеттiң бiлiм беру мен рухани сана-сезiмдi дамытудағы, салт-дәстүрлердi қолдап отырудағы, тұрмыс-тiршiлiгiміздің өмiрлiк бейнесiн ұйымдастырудағы, ұлттар арасындағы өзара келiсiм мен мейiрбандықты қалыптастырудағы рөлi орасан зор болып отыр. Сондықтан да оның идеялары мен ықпалдары өскелең ұрпақ тәрбиесiнде, жоғары өнегелi тұлғаларды қалыптастыруда, рухани-адамгершілік қасиеттерiн орнықтыруда барынша молынан пайдалану қажеттiгi туындайды. Қазақ халқында дiни қарым-қатынастың, өнегелiлiктiң қарапайым нормаларын насихаттауда, жоғары деңгейдегі өнегелiк, рухани тазалық қасиеттерiне негiзделген неке қатынастары мен отбасылық арқауды қалыптастыруда, ондағы бала тарбиесіне зер сала қараушылық аса маңызды рөл атқарып келедi.
Біздің зерттеуімізде қарастырылып отырылған мәселеде ислам діні iлiмiндегi отбасы тiрлiгiне жүргiзiлген қысқаша зерттеулер, мұнда қазiргi заманда аса пайдалы болып есептелетiн педагогикалық және психологиялық ой-пiкiрлер мен ұстанымдардың бар екенiн нақтылай түседi. Сондықтан да педагогикалық және психологиялық тұрғыдан алғанда ислам дiнi жастардың отбасылық тәрбиелiк дәстүрлерiн жаңғыртуда, байыта түсуде, сөйтiп, оны болашақ отбасылық өмірге қазақ халқының көзқарасы рухында тәрбиелеу бағытындағы әдiстемелiк нұсқау-кеңестер түрінде қалыпты жүйеге келтiру аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Қазақ халқының отбасы тәрбиесіне елеулі үлесін қосқан педагог-ғалым Қ. Бөлеев өз еңбегінде жастардың бойындағы жеке дара тұлғасын жан-жақты қалыптастыру үшін отбасындағы тәрбиенің маңызын ерекше екенін атап көрсетеді.
Бүгінгі таңда жалпы әлемдегі қоғамдық қайғылы қасіреттер: тастанды балалар, зағип балалардың көптеп кездесуі, отбасындағы жанжалдарға куә болып отырған әжелер мен аталардың қайғысы, ішкілік пен нашақорлық жолына салынған жастар, қаулаған қылмыстық әрекеттер, сыбайлас жемқорлық, мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының, іс-шараларының күрт төмендеуі, жағымсыз әдеттерге бой ұрған ұлдар мен тәрбиесіз қыздар, ата-ананы құрметтемеу, ата-ана намысын аяққа таптау, ата-ананың бала тәрбиесіне салғырт және ат үсті қарауы, өз тілін, дінін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін білмейтін және олардан мүлдем хабары жоқ жастар, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, өмір сүрудің қиындауы, көп кездесіп жатырған жұмыссыздық, табиғат жағдайларының нашарлауы, т.б. ұлттық тәрбиенің болмауынан пайда болған құбылыстар деп санасақ қателеспеген едік. Осы жоғарыда қозғалып отырған мәселеде қазақ халқы отбасында және ислам дініндегі тәрбие мен мектепте ұлттық тәрбие алған болса, бұл қайғы-қасіреттер болмас екендігі анық еді. Бүгінгі күні тәрбиенің негізгі діңгегі ұлттық тәлім-тәрбие мен ислам тәрбиесі болуы тиіс. Осыдан кейін ғана жоғарыда аталған құбылыстарды болдырмауға және одан құтылудың нық сенімді жолдары пайда болады [72].
Бұл жағдайлардың негізгі себебі — елдегі орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық, яғни нарықтық жағдай. Алайда, отбасы өміріне тек қоғам әсерін тигізбейді, отбасының да қоғамға тигізер әсері зор. Сондықтан да, қазіргі таңда жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындаудағы басты педагогикалық іс-әрекеттер олардың отбасы-некелік өмір туралы көзқарастарын қалыптастыру үшін ең алдымен жоғары сынып оқушыларынан бастап қазақтың салт-дәстүрлерін және ислам шарттары мен амалдарын олардың бойларына қалыптастыру, және де тарихи құндылықтармен таныстыру, отбасы-некелік өмір туралы толық білім беру және отбасы-некелік өмірдегі үлгілі іс-әрекеттерге тәрбиелеу болып табылады.
Айтарлықтай көп жылдар бойы мектеп бағдарламасында жоғарыдағы айтылған мәселеге тиісті пән тіпті қарастырылмаған. “Отбасы өмірінің әдебі және психологиясы” арнаулы курсының ашылғандығы қуантарлық, дегенмен қазіргі кезде ол пәннің болуы да, болмауы да мүмкін.
Ғалым В.Н. Панферов өз зерттеулері нәтижесінде ұсынған еңбегінде мына қызметтердің талдауын ашып береді: гуманистік, кәсіптік-экономикалық, әлеуметтік саяси, мәдени-тәрбиелік және отбасы өміріне даярлау қызметі. Бірақ, соңғы қызметі оның еңбегінде тек аталып ғана қойылған, ал оның талдауы іс-жүзінде берілмеген. Осы орайда, отбасылық өмірге дайындау мәселесінің біздің зерттеулерімізде қарастырылуы жұмысымыздың құндылығын арттырып отыр.
Ал, қазақстандық ғалым Х. А. Арғынбаевтың пікірінше әр қоғамдық формациядағы әлеуметтік өзгерістер отбасы мен некелік өмір сипатына да әсер ете отырып, өзгереді және жаңарады деп тұжырымдалады. Жоғарыда айтылып отырған бұл жағдайлар отбасы мен неке өміріндегі мәселенің, оның дамуындағы тарихының үлкен қоғамдық мәселелер екендігін айқындай түсетіні анық. Мұны зерттеу ісіндегі ғылым алдындағы аса жауапты, өте қажетті, әлеуметтік мәні бар үлкен мәселенің бірі болып есептелінеді.
Қазақстандық педагогика ғылымының дамуында өзіндік үлесі бар Ж. Қоянбаевтың еңбектерінде осы отбасы жайлы, оның құқықтық және адамгершілік негіздері, отбасы тәрбиесі, оның ерекшеліктері, отбасы тәрбиесі процесінде кездесетін және көп мөлшерде орын алатын қателіктер, оларды болдырмаудың жолдары мен әдіс-тәсілдері және жастарды отбасы-некелік өмірге даярлау мен әзірлеу мәселелері тұжырымдалады. Сондай-ақ, отбасылық өмірге дайындаудағы тәлім-тәрбиені жетілдірудің тағы да бір басты шарты — ата-аналарды оқыту мен білім беру жүйесін өрістету, мәдени дәрежесін көтеру болып табылады. Осыған орай, қазіргі таңда ата- аналарға психологиялық-педагогикалық білім берудің ең негізгі формалары мен мазмұнына үлкен мән беріліп келеді.
Келесі қазақстандық ғалым Р.М. Қоянбаевтың еңбектерінде халық педагогикасында жастарды болашақ некелік- үйелмендік өмірге дайындау ана мен әкенің басты міндеттерінің бірі болып есептелінеді деп тұжырымдалған [73].
Отбасындағы ерлі-зайыптының бірлігі, ынтымақтастығы мен сүйіспеншілігі, татулығы мен өмірге деген жаңа және қызығушылық көзқараспен қарауы, бір-біріне жылы сезімі мен қамқорлығы, ата-анаға деген ізеттілігі, олардың өзара адамгершілік қарым-қатынастарын байытады.
Жоғарыда атап өткендей мұндай үйелмендік өмір балаларға өнеге көрсететін, қуаныш пен шаттықа бөлейтін ұстамды, берік, бірлікті, баянды, бақытты әлеуметтік отбасына айналуы тиіс. Қазақ халқында қазіргі кезеңнің өзінде де балаларды болашақ үйелмендік өмірге яғни болашаққа нық сеніммен қарауға, өзіне деген болашағына деген сенімділікпен қарауға даярлау — ана мен әкенің тікелей борышы болып есептелінеді.
Көптеген зерттеулерде қазақ халқының отбасылық тәрбиесі бойынша бағдарлама құру мәселесін қарастыру керек деген тұжырым жасалынған [74]. Сонымен, жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындауда этнопедагогика және этнопсихология саласының зерттеулері жүйеленіп, талдама жасалатын жағдайлар отбасына жағымды қатынас пен дұрыс пікірлердің қалыптасуына мүмкіндік берері сөзсіз.
Жастарды отбасылық өмірге дайындауда әлеуметтік институттардың рөлі ерекше. Жоғарыда тұлға әлеуметтену институтының ең алғашқысы отбасы туралы ғылыми теориялар мен тұжырымдаларға сипаттама берілді. Жалпы зерттеуіміздің мақсаты жастарды отбасылық өмірге дайындау болғандықтан біз әлеуметтік институттардың рөлін негіздеуді жөн көріп отырмыз.
Болашақ ұрпақ тәрбиесінде мектептің рөлі маңызды екенін көрсеткіміз келеді. Мектеп баланың тұлғалық және тәрбиелілік жағынан да қалыптасуынының басты әлеуметтік институттарының бірі болып табылады. Мектеп қабырғасынан бастап білім нәрін сусындап, өмірлік мақсаттарды қоюда дүниетанымы қалыптасып, тұлғалық үйлесіммен дамиды. Мектепте ажырамас үштік- мұғалім, бала және ата-ана арасындағы ынтымақтастық ұрпақ тәрбиесіндегі басты жағдайлардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне жаңа сипатпен қарау тұжырымдамаларда анық көрсетілгенмен де кейбір жағдайларда қарама-қайшылықтардың туындап отырғанын біз жоққа шығара алмаймыз.
Соңғы кездегі деректемелерге сүйенсек, мектепте оқушылар алдындағы педагогтың беделі ең алдымен білімділік деңгейімен, сосын мінез-құлқымен және іс-әрекетімен өлшенетіндігі белгілі болған. Бүгінгі нарық және бәсекелестік заманында қаншалықты білімді болсаң, соншалықты жастар тарапынан құрмет көрсетілетіні анық. Қазіргі жастар педагог іс-әрекетінде кездесіп жататын кей жағдайдағы кемшіліктерге көз жұма және салқын қанды қарай қоймайды. Сондықтан, бүгінгі күні мектеп жүйесіндегі педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті тұлғалық үйлесімді дамудың негіздерінің бірі болып табылады. Мектепте қабырғасында оқушылар тұлғасының идеалы қалыптасып, оған еліктеу жағдайы көрініс береді. Сондықтан мектепте әрбір педагогикалық іс-әрекетті жүзеге асырушы педагог оқушылар үшін идеал бола білуі шарт.
Қазіргі таңда Қазақстандықтарды тәрбиелеуде қоғамның ықпалы мен күші айтарлықтай орасан зор. Жалпы алғанда адамзат психикасына өмір сүріп отырған әлеуметтік ортасының әсері күшті болады. Қоғамдық күштермен әлеуметтік институттар жастардың мінез-құлқы мен іс-әрекетіне әсерін тигізіп ғана қоймай, өмірлік жағдайларына да елеулі ықпалын тигізеді.
Әлеуметтік қатынастар субъектісі әрі әлеуметтік мәнді қасиеттердің иегері ретінде әрбір адам - тұлға болып сипатталады. Психология ғылымында «тұлға» түсінігімен қатар біздің қолдануымызда «тұлға», «дара тұлға», «даралық» терминдері қосарлана жүреді [75]. Бұл ұғымдардың әрқайсысы өз ерекшеліктерімен ажыратылады, бірақ бір-бірімен тығыз байланысты болады. Осының ішінде ең жалпыланған және қолданылуы жағынан көбірек кездесетін бірнеше қасиеттердің жиынтығын «тұлға» ұғымы қамтиды. Тұлға – табиғаттың ең күрделі бөлшегі бола отырып, тіршілік иелерінің ішінде дамудың ең жоғарғы деңгейдегі көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, қоғамдық еңбек барысының жемісі ретінде әрі табиғатпен әлеуметтік болмыс тұтастығын аңдататын тіршілік иесі. Дара тұлға бұл «homo sapiens» тектілерінің өкілі, адамдық даму нышандарының иесі. Даралық ұғымына түсінік беретін болсақ, нақты адамның табиғи және әлеуметтік қабылдаған қайталанбас ерекшеліктері мен қасиеттері болып табылады. Тұлға баласының әлеуметтік мәні оның қоғаммен байланысында қалыптасады және сонда көрініс береді [76].
Қоғам құрлымына орай тұлғаның қасиеттері мен сапаларының өлшемдері әрқилы келеді. Психология ғылымында тұлғаның көп сатылы құрылымға ие екендігі көрсетілген. Мұндай тұлғалық психологиялық құрылымының ең жоғарғы да жетекші деңгейі бұл қажеттіліктері, себеп аймақтары мен тұлғаның бағыт – бағдарлары жатады. Тұлғаның құрылымы қоғамға, басқаларға, өзіне қатынасынан және қоғамдық әрі еңбектік міндеттерден тұрады. Сондай-ақ, тұлға үшін ең мәнді құбылыстардың бірі тек оның ұстанған бағыттары ғана емес, сонымен қатар, оның өз қатынас мүмкіндіктерін жүзеге асыру қабілеті үлкен маңызға ие болады. Демек, бұл өз кезегінде адам баласының іс-әрекетке бейімділігімен, оның қабілетімен, білімі мен ептілігімен, көңіл–күйі мен еріктік және ақыл-ой сапаларымен, мінез-құлықтарымен астасып, әрі байланысып жатады. Адамзат баласы өмірге дайын қабілет, білім мен ептілікпен, мінез және қызығуларымен келмейді, олардың тек нышаны көрініс береді де, бұлардың барлығы белгілі бір табиғи негізде тұлғаның өмір ағымында пайда бола отырып, сонда қалыптасады [77].
Тұлға тәнінің негізгі, яғни генотипті оның анатомиялық– физиологиялық ерекшеліктері мен жүйке жүйесінің қозғалысын анықтайды. Яғни биологиялық тіршілік иесі тұлға өткен аға ұрпақтың білімі, салт-дәстүрі, заттай және рухани мәдениеті күйінде жинақталған өмір тәжірибесін игерумен ғана тұлға деңгейіне көтеріле алады. Тұлғаның сапалары мен қасиеттері оның айналасында араласқан қатынастар өрісі мен әртүрлі әлеуметтік өмір аймағында қызмет ете алу мүмкіндігіне байланысты келеді. Тұлғаның даралық санатына көтерілуі үшін маңызды факторларға мыналар жатады:

  • Идентификация- дара тұлғаның өзін басқа адамдармен теңестіре алуы мен қоғам талабына сай болу ниетімен қалыптасуы;

  • Персонализация – өзінің қадірі барын түсіне білу.

Жоғарыдағы ұғымдарға орай тұлғада белгілі бір теңестірулер мен қадірін түсінулер арқылы отбасылық қарым-қатынас негіздері қаланады. Сонымен бірге, нақты әлеуметтік топта өзінің кісілік мүмкіндіктерін жүзеге асыра алады. Басқа да әлеуметтік топ мүшелерімен тұлға өз «мені» негізінде қатынас жасайды.
Психология ғылымда «тұлғалық рефлексия» деген ұғым қолданысқа енді. Бұл дегеніміз «мен» ұғымы арқылы тұлғаның өзін және өзінің жеке қасиеттерін сезе білу сапаларын қамтиды. Тұлғаның өзіне берген бағасы жоғары не төмен болуынан сол адамның ішкі жан дүниесінің мәні шығады. Дегенмен, тұлға ұғымына ғылымда әртүрлі түсінік береді. Солардың ішінде Қазақстандық этнопсихологияның негізін салушы Қ. Жарықбаевтың айтуынша, дүниеге келген сәби «адам» деп аталғанымен, жеке «тұлға» деген атқа көпке дейін ие бола алмайды. Себебі, кісі ретінде ер жету үшін бала оңы мен солын, өзінің «менін» басқа «мендерден», яғни басқа адамдардан ажырата алуы тиіс [78]. Осы орайда, аталмыш ғалым нәрестені жеке тұлға деп айту қиын деп тұжырымдайды.
Өзінің өмірлік салтында тұлға жеке құндылық бағыттарына бағдарлана отырып, тіршілік жағдайларын өзгерту арқылы қайта құрудың жалпыланған және тұрақты тәсілдер жүйесін құрады. Осы орайда, тұлғаның тұрмыс тіршілік салты мен оның жалпы өмір сүруі және қоғамдағы орнын иелеу бағдарына айналады. Тұлғаның әлеуметтік салт–бағытынан жоғары инабаттылығы, жасампаздық өмірі, рухани–этикалық және рухани–эстетикалық дүниетанымы туындайды. Тұлға өмірі бір мезеттік ықпалдар билігінде қалып қоймай, ішкі заңдылықтар арқылы ниет–себептер жүйесін арқау етіп, өзінің әлеуметтік мәнді және мағыналы мұраттарын бірлестіре саналы бағытта болу мүмкіндігін ие болады [79].
Жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындауда әлеуметтену ұғымының мәні ерекше. Белгілі ғалым С.Калиев әлеуметтенуді барлық әлеуметтік және психологиялық өмірдің жиынтығы деп көрсеткен [80]. Әлеуметтену дегеніміз тұлғаның білімді жүйелі меңгеруі, қоғамның нормалары мен құндылығын қабылдауы болып табылады. Сонымен қатар, тұлғаға қоғам мүшесі ретінде жұмыс жасауға құқық береді. Тұлға өмірге келгеннен бастап айналасындағылармен әлеуметтік әрекеттестіктерге араласады. Әрбір тұлға бірдей жағдайларда өмір сүре отырып, әртүрлі әлеуметтік тәжірибе жинақтайды.
Әлеуметтену процесі тәрбие негізінде басқарушы және мақсатқа бағыттаушы болып келеді. Тұлғаның әлеуметтену процесі барлық өмір ағымында жүзеге асатын процесс. Тұлғаның әлеуметтенуі оның белгілі бір қоғамда өмір сүруі мен басқа адамдармен нәтижелі қарым–қатынас жасауы үшін қолданылады.
Тұлға әлеуметтік тәжірибені игеру және ұдайы өндіру барысында екі түрге ие бола алады. Олар: объективті және субъективті әлеумет болып бөлінеді. Белгілі кеңес ғалымы Б.Г. Ананьев тұлғаны өзіне бағытталған әлеуметтік нысан ретінде анықтайды. Мұнда ең алдымен тұлғаны оның ішкі көзқарасы тұрғысынан қарастырмай, яғни қоғамдық қатынастың субъектісі ретінде емес, барлық әлеуметтік күштер мен құбылыстардың жиынтығына сипаттама бере отырып, оған әсер етуші сыртқы күштер арқылы негіздеме беру керек деген тұжырым жасалған. Басқалай айтқанда, тұлғаны қоғамның даму объектісі ретінде алып қарайтын болсақ, ал оның субъект ретіндегі сипаттамасын қоғам дамуының тұрғысынан ішкі орнығуын түсінуіміз қажет.
Қазіргі таңдағы әлеуметтенудың маңызды ерекшеліктерінің бірі оның басқа кезеңдермен салыстырғанда ұзақтығында екені сөзсіз. Алғашқы әлеуметтенудың кезеңі, яғни балалық шақта белгілі бір мөлшерде және белгілі бір уақытта басқа жаспен салыстырғанда ұзақ жүзеге асады. Осы орайда, балалық шақтың статусы ұдайы (жағдайы, күйі) өзгеріп отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет