Кодекс І кодек с республики казахстан қазақстан республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет38/44
Дата13.06.2016
өлшемі2.82 Mb.
#131307
түріКодекс
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   44

2. Медициналық ұйымда өткiзiлген уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.

55-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
525-бап. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша

іс жүргізу тәртібі


Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібі осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің жалпы қағидаларында айқындалады.
526-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысаны
1. Егер күдікті белгіленсе, анықтау органы оған қатысты дереу қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасайды. Адамның өзі болмаған кезде хаттама оны нақты белгілеген кезден бастап жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі шегінде жасалуы мүмкін.

2. Қылмыстық теріс қылықтың мән-жайларын, оны жасаған адам, оның тұрған жері туралы деректерді анықтау қажет болған кезде, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама үш тәулікке дейінгі мерзімде жасалады.

3. Сараптама жүргізу немесе маманның қорытындысын алу талап етілетін жағдайда, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама тиісті қорытынды алынған кезден бастап бір тәулік ішінде жасалады.

4. Арасында қылмыстардан басқа, қылмыстық теріс қылық не қылмыстық теріс қылықтар бар бірнеше қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу анықтау не алдын ала тергеу нысанында жүзеге асырылады.


527-бап. Хаттама жасау тәртібі
1. Жасалған қылмыстық теріс қылықтың күдіктіге қатысты мән-жайлары туралы хаттама жасалады, онда: хаттаманың жасалған уақыты мен орны, хаттаманы кімнің жасағаны, күдіктінің жеке басы туралы деректер, қылмыстық теріс қылық жасалған орын мен уақыт, оқиға, оның тәсілдері, себептері, салдары және басқа да елеулі мән-жайлар, қылмыстық теріс қылықтың болғанын және құқық бұзушының кінәсін растайтын нақты деректер, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық құрамының белгілері, жәбірленуші туралы деректер, оған келтірілген залалдың сипаты мен мөлшері көрсетіледі.

2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық теріс қылықтың мән-жайларын анықтау және хаттама жасау үшін күдіктіден, жәбірленушіден, куәлерден жауап алады, күдіктінің жеке басы туралы мәліметтерді талап етіп алдыру және хаттамаға қосып тігу шараларын қолданады, қажет болған кезде – қарап-тексеруді, алуды, осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттер мен тергеу әрекеттерін жүргізеді.

3. Күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан анықтау органдары мен соттың шақыруы бойынша келу және өзінің тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы хабарлау міндеттемесі алынуы мүмкін.
528-бап. Хаттаманы сотқа жіберу тәртібі
1. Анықтау органының бастығы хаттаманы және оған қоса берілген материалдарды зерделеп, хаттаманы келіседі, содан соң барлық материалдар танысу үшін күдіктіге беріледі, бұл туралы хаттамада күдіктінің және қорғаушының (ол қатысқан кезде) қойған қолымен куәландырылған тиісті белгі жасалады.

2. Күдікті хаттамамен және іс материалдарымен танысқаннан кейін анықтау органының бастығы қылмыстық істі дереу прокурорға жібереді.

3. Прокурор қылмыстық істі зерделей отырып – бір тәуліктен кешіктірмей, ал күдікті осы Кодекстің 128-бабының тәртібімен ұсталған істер бойынша сегіз сағаттан кешіктірмей, мынадай әрекеттердің бірін жүргізеді:

1) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді;

2) хаттаманы бекітуден бас тартады және қылмыстық істі осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша тоқтатады;

3) анықтау не алдын ала тергеу жүргізу үшін қылмыстық істі қайтарады;

4) қылмыстық істі жекелеген күдіктілерге қатысты тоқтатады, ол туралы тиісті қаулы шығарып, оның көшірмелерін мүдделі тұлғаларға жібереді және қылмыстық істі сотқа жібереді.

Күдікті осы Кодекстің 128-бабының тәртібімен ұстап алынған жағдайда, қылмыстық теріс қылық туралы іс күдікті нақты ұстап алған кезден бастап отыз алты сағаттан кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.


529-бап. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істі сотта қараудың

тәртібі мен мерзімдері


1. Іс сотқа келіп түскеннен кейін судья істі іс жүргізуге қабылдап және қылмыстық теріс қылық туралы істі қарауға кірісе отырып:

1) істі кімнің қарайтынын, қай істің қаралуға жататынын, кімнің және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қай бабының негізінде жауаптылыққа тартылатынын жариялайды;

2) сотталушының, сондай-ақ істі қарауға қатысатын өзге де адамдардың келгеніне көз жеткізеді;

3) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың жеке басын анықтайды және заңды өкілдері болған кезде – олардың, қорғаушының өкілеттігін тексереді;

4) іс бойынша іс жүргізуге қатысатындардың келмеу себептерін анықтайды және істі көрсетілген адамдардың қатысуынсыз қарау туралы не істі қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;

5) қажет болған жағдайларда істі қарау кезінде қатысуы міндетті болып табылатын адамды күштеп әкелу туралы қаулы шығарады, аудармашы тағайындайды;

6) істі қарауға қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;

7) мәлімделген қарсылық білдірулер мен өтінішхаттарды шешеді;

8) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, ал қажет кезде істің өзге де материалдарын жария етеді;

9) мыналарға: егер судьяға қарсылық білдіру істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтіретін болса, оның өздігінен бас тартуы немесе оған қарсылық білдіру туралы мәлімдеуге; егер қорғаушыға, уәкілетті өкілге, сарапшыға немесе аудармашыға қарсылық білдіру істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтіретін болса, көрсетілген қарсылық білдіруге; істі қарауға қатысатын адамдардың келуі немесе іс бойынша қосымша материалдар талап етіп алдыру қажеттігіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыру туралы қаулы шығарады. Қажет болған жағдайда, судья сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.

2. Судья қылмыстық теріс қылық туралы істі қарауға кірісе отырып, сотталушыны, іс бойынша іс жүргізуге қатысатын басқа да адамдарды, маманның түсінігін және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге дәлелдемелерді зерттейді. Қажет болған жағдайларда, осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттерді жүзеге асырады.

3. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер сотқа келіп түскен кезден бастап он бес тәулік ішінде сотта қаралуға жатады.

Процеске қатысушылардың өтінішхаттары келіп түскен не істің мән-жайын қосымша анықтау қажет болған жағдайда, қарау мерзімі ұзартылуы, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

4. Жазалау ретінде Қазақстан Республикасынан тысқары шығарып жіберу көзделген, сондай-ақ ол бойынша күдікті осы Кодекстің 128-бабының тәртібімен ұстап алынған қылмыстық теріс қылықтар туралы істер сотқа келіп түскен күні қаралады.

5. Сот қылмыстық теріс қылықтар туралы істерді қараған кезде прокурордың қатысуы міндетті.

6. Судья қылмыстық теріс қылық туралы істі қарап шығып:

1) осы Кодекстің 46-тарауында көзделген тәртіппен айыптау немесе ақтау үкімін шығарады;

2) осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде істі тоқтатады;

3) қылмыс белгілері анықталған кезде істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу туралы мәселені шешу үшін тиісті прокурорға жібереді.

7. Соттың қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша шығарған үкімі өзінің нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 388 және 389-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

8. Қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша шешім істі қарау аяқталғаннан кейін дереу жарияланады. Іс бойынша шешімнің көшірмесі сотталушыға, жәбірленушіге және прокурорға дереу табыс етіледі. Көрсетілген адамдар болмағанда, шешімнің көшірмесі оларға үш тәулік ішінде жіберіледі.

9. Қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша соттың шешіміне тараптар осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жалпы негіздерде шағым жасай алады.

56-тарау. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
530-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық

бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi


1. Осы тараудың ережелерi қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде кәмелеттiк жасқа, яғни он сегiз жасқа толмаған адамдардың iстерi бойынша қолданылады.

2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi осы Кодексте белгiленген жалпы қағидалармен, сондай-ақ осы тараудың баптарымен айқындалады.

3. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi:

1) осы адамның бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiліп, олардың бiр бөлiгi он сегiз жасқа толғаннан кейiн жасалған болса;

2) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам сот iсiн жүргiзу кезiнде кәмелетке толған жағдайларда қолданылмайды.
531-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық

бұзушылықтары туралы iстер бойынша анықталуға

жататын мән-жайлар
Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауын жүргiзу кезiнде, осы Кодекстiң 113-бабында көзделген, дәлелденуге жататын мән-жайлардан басқа:

1) кәмелетке толмаған адамның жасы (туған күнi, айы, жылы);

2) кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары;

3) зияткерлік, ерiк-жiгерінің және психикалық даму дәрежесi, мiнезi мен темпераментінің ерекшелiктерi, қажеттіліктері мен мүдделерi;

4) кәмелетке толмаған адамға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуға жатады.
532-бап. Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша

жариялылықты шектеу


Кәмелетке толмаған күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының құпиялыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуға тиiс.
533-бап. Кәмелетке толмаған адам туралы iстi жеке iс жүргiзуге

бөліп шығару


1. Ересектермен бiрге қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысқан кәмелетке толмаған адамға қатысты iс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында осы Кодекстiң 44-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағына сәйкес жеке iс жүргiзуге бөлiп шығарылады.

2. Кәмелетке толмаған адамға қатысты жеке iс жүргiзуді бөліп шығару iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге айтарлықтай кедергi жасауы мүмкiн болатын жағдайларда, бiр iс бойынша ересектермен бірге жауапқа тартылған кәмелетке толмаған күдіктіге, айыпталушыға осы тараудың қағидалары қолданылады.


534-бап. Кәмелетке толмаған күдiктiнi, айыпталушыны,

сотталушыны шақыру тәртiбi


1. Кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы, сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға немесе сотқа – өзінің ата-анасы немесе басқа заңды да өкiлдерi арқылы, олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы органдар арқылы шақырылады.

2. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымда не күзетпен ұсталатын кәмелетке толмаған адам өзі ұсталатын орынның әкiмшiлiгi арқылы шақырылады.


535-бап. Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан,

сотталушыдан жауап алу


1. Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу осы Кодекстiң 216 және 367-баптарында көзделген тәртiппен, қорғаушының, заңды өкiлдiң, ал қажет болған кезде психологтің және педагогтiң қатысуымен жүргiзiледi. Қорғаушы жауап алынушыға сұрақтар қоюға, ал жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттамамен танысуға және айғақтар жазбасының дұрыстығы мен толықтығы туралы ескертулер жасауға құқылы.

2. Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу тәулiктiң күндiзгi уақытында жүргiзiледi және ол үзiлiссiз екi сағаттан артық, ал жалпы алғанда күнiне төрт сағаттан артыққа созылуға тиiс емес. Кәмелетке толмаған адам анық шаршаған жағдайда, жауап алу осы уақыт аяқталмастан тоқтатылуға тиiс.


536-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша осы Кодекстiң 67-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағына сәйкес қорғаушының қатысуы мiндеттi.

2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушы кәмелетке толмағаннан – күдiктi ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап, ал ұстап алынған жағдайда – ұстап алынған кезден бастап жіберіледі.

3. Егер кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы не оның заңды өкiлдерi адвокатпен келiсiм жасаспаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, прокурор, сот iс бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге тиiс.
537-бап. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының заңды

өкiлiнiң сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысуы


1. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi болған кезде олардың iске қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі де, сондай-ақ екеуі де заңды өкіл бола алады. Іске қорғаушы ретінде қатысып отырған ата-ана, басқа да жақын туыстар сонымен бір мезгілде кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдері ретінде қатыса алмайды. Олар болмаған кезде қорғаншылық және қамқоршылық органы өкілінің қатысуы міндетті.

2. Заңды өкiл, ал ол болмаған кезде қорғаншылық және қамқоршылық органның өкiлi кәмелетке толмағаннан күдiктi ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап тергеушінің қаулысымен iске қатысуға жіберіледі. Заңды өкiл, ал ол болмаған кезде – қорғаншылық және қамқоршылық органның өкiлi iске қатысуға жіберілген кезде, оларға осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтар түсiндiрiледi.

3. Заңды өкiлдiң: кәмелетке толмағанға не жөнiнде күдiк келтiрiлiп отырғанын бiлуге; күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулылармен, прокурор бекіткен айыптау актісімен таныстыру кезінде қатысуға, кәмелетке толмаған адамнан жауап алуға, сондай-ақ кәмелетке толмаған күдiктiнiң және оның қорғаушысының қатысуымен жүргiзiлетiн өзге де тергеу әрекеттерiне сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен қатысуға; өзi қатысқан тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға; өтінішхаттар мен қарсылық білдірулер мәлімдеуге, тергеушінің және прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне шағым келтіруге; дәлелдемелер ұсынуға; тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, олардан кез келген мәліметті және кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардан көшірмелер түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқығы бар.

4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталғаннан кейін кәмелетке толмаған адамға керi әсер етуi мүмкiн материалдарды танысу үшiн оған көрсетпеу туралы қаулы шығаруға, ал бұл материалдармен заңды өкiлдi және қорғаушыны таныстыруға құқылы.

5. Егер заңды өкілдің әрекеттері кәмелетке толмаған адамның мүдделерiне нұқсан келтiредi немесе iстi объективтi түрде тергеп-тексеруге кедергi келтiруге бағытталған деп санауға негiз болса, не заңды өкілдің өтінішхаты бойынша заңды өкiл iске қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұл туралы уәжді қаулы шығарады. Iске қатысуға кәмелетке толмаған адамның басқа заңды өкiлi жiберiлуi мүмкiн.
538-бап. Педагог пен психологтің қатысуы
1. Он алты жасқа толмаған, сондай-ақ осы жасқа толған, бiрақ психикалық дамуында артта қалу белгiлерi бар кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілген кезде педагогтің немесе психологтің қатысуы мiндеттi.

2. Он алты жасқа толған кәмелетке толмағандар туралы iстер бойынша педагог немесе психолог тергеушiнiң немесе соттың қалауы бойынша не қорғаушының, заңды өкiлдiң өтiнiшхаты бойынша iске қатысуға жiберiледi.

3. Педагог, психолог тергеушiнiң немесе соттың рұқсатымен кәмелетке толмаған күдiктiге, айыпталушыға, сотталушыға сұрақтар қоюға, ал процестік әрекет аяқталғаннан кейiн – тергеу әрекетінің хаттамасымен (өздерінің сот талқылауына қатысуын көрсететiн бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен) танысуға және онда жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға құқылы, тергеушiнiң, соттың қалауы бойынша кәмелетке толмаған адамның жеке басын сипаттайтын iс материалдарымен танысуға құқығы бар. Бұл құқықтарды тергеушi, прокурор немесе сот процестік әрекет басталар алдында педагогке, психологке түсiндiредi, ол туралы тергеу әрекетінің хаттамасында, сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
539-бап. Кәмелетке толмаған адамға кешендi психологиялық-

психиатриялық және психологиялық сараптама жасау


1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істер бойынша күдiктiнің, айыпталушының өз әрекеттерiне есеп беру және іс бойынша анықталған жағдайларда өз әрекеттерiн игеру қабiлетiн, оның есінің дұрыстығын, онда есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуы бар (жоқ) екенін айқындау үшін психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу мiндеттi.

2. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының зияткерлік, ерiк-жiгерлік, психикалық дамуының деңгейiн, жеке басының өзге де психологиялық қырларын анықтау үшiн психологиялық сараптама тағайындалуы мүмкін.


540-бап. Кәмелетке толмаған адамды бала құқықтарын қорғау

жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын

ұйымға орналастыру немесе патронатқа беру
Кәмелетке толмаған күдікті өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары бойынша бұрынғы тұрғылықты жерiнде қалдырыла алмайтын жағдайларда, ол қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысы бойынша, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қатысуымен қылмыстық процесс бойынша іс жүргізу кезеңінде тұру үшін бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымға орналастырылуы немесе патронатқа берілуі мүмкін.
541-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстап алу және оларға

бұлтартпау шараларын қолдану


1. Кәмелетке толмаған адам осы Кодексте көзделген тәртіппен ұстап алынуы және оған бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін. Қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасауда күдік келтірілетін, айыпталатын кәмелетке толмағандарға күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылмайды.

2. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауда айыпталатын кәмелетке толмаған адамға бұлтартпау шарасының түрін таңдаған кезде осы Кодекстің 138-бабында көрсетілген мән-жайлардан бөлек кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, оның жасы және зияткерлік, ерiк-жiгерлік, психикалық дамуының деңгейiн, мінезі мен темпераментінің ерекшелігін, қажеттіліктері мен мүдделерін, кәмелетке толмаған адамға ересек адамдар мен басқа кәмелетке толмағандардың ықпалын, кәмелетке толмаған адамда оның есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуы бар-жоғын және басқаларды ескеру қажет.

3. Кәмелетке толмаған адамға істе бар мән-жайлар бойынша басқа бұлтарпау шаралары қолданыла алмайтын жағдайларда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады.

4. Өздеріне күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған кәмелетке толмағандар ересектерден бөлек ұсталады. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында кәмелетке толмағандарды күзетпен ұстау мерзімі осы Кодексте көзделген тәртіппен алты айдан асатын мерзімге ұзартыла алмайды.

5. Кәмелетке толмаған адамның ұстап алынғаны, оған күзетпен ұстау түрінде шара таңдалғаны немесе күзетпен ұстау мерзімінің ұзартылғаны туралы оның ата-анасы немесе оның басқа заңды өкілдері, ал олар болмаған кезде – жақын туыстары және (немесе) қорғаншылық және қамқоршылық органдар дереу хабардар етіледі.
542-бап. Сотта кәмелетке толмаған адамға қатысты

істі қарау ерекшеліктері


1. Кәмелетке толмағандарға қатысты істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот не гарнизонның әскери соты немесе мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды. Кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының өтінішхаты бойынша істі осы Кодекстің 65-тарауына сәйкес алқабилер қатысатын сот қарауы мүмкін.

2. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот талқылауы осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша жүргізіледі, онда мынадай ерекшеліктер сақталады:

1) істі талқылау жариялылықты шектеу жағдайларында жүргізіледі;

2) істі қарауға бүкіл сот талқылауы бойында қатысатын, өздеріне тиесілі барлық құқықтарды пайдаланатын кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкілдері қатысады және олардан өздерінің келісімі бойынша кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену салтының мән-жайлары туралы куәлар ретінде жауап алынуы мүмкін; іске қатысатын заңды өкілдің келуі мүмкін болмаған жағдайда, ол басқасымен алмастырылуы мүмкін;

3) сот отырысына қорғаушының қатысуы міндетті, сот кәмелетке толмаған сотталушының қорғаушыдан бас тартуын қабылдай алмайды;

4) осы Кодексте көзделген жағдайларда сот отырысына педагог, психолог, ал қажет болған жағдайларда психиатр, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері, кәмелетке толмаған адам оқыған немесе жұмыс істеген ұжымдардан өкілдер қатысады.

3. Кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкілін және қорғаушыны қатыстыра отырып жәбірленушімен татуласуға, оның ішінде медиация тәртібімен татуласуға, сондай-ақ прокурормен процестік келісім жасасуға құқығы бар.
543-бап. Кәмелетке толмаған сотталушыны сот отырысының

залынан шығарып жіберу


1. Сот қорғаушының немесе заңды өкiлдiң өтiнiшхаты бойынша, сондай-ақ өзiнiң бастамасы бойынша, тараптардың пiкiрiн ескере отырып, кәмелетке толмаған сотталушыға терiс әсер етуi мүмкiн мән-жайларды зерттеу уақытына өзiнiң қаулысымен оны сот отырысының залынан шығарып жіберуге құқылы.

2. Кәмелетке толмаған сотталушы сот отырысының залына қайта келгеннен кейін ол болмаған кезде өткен талқылаудың мазмұнын төрағалық етушi қажеттi көлемде және нысанда хабарлайды және кәмелетке толмаған адамға өзi болмаған кезiнде жауап алынған адамдарға сұрақ қою мүмкiндiгiн бередi.


544-бап. Кәмелетке толмаған адамның iсi бойынша үкiм шығару

кезiнде сот шешетiн мәселелер


1. Сот кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау туралы мәселені шешу кезінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдану не кәмелетке толмаған адамға мәжбүрлеп тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға байланысты оны қылмыстық жазадан босату мүмкіндігін талқылауға және оны үкімде уәждеуге тиіс. Бұл ретте сот кәмелетке толмаған адамға жекелеген жаза түрлерін қолдану сотталушының құқық бұзушылық жасау кезіндегі кәмелетке толмауымен айқындалатынын назарда ұстай отырып, оларды тағайындаудың қылмыстық заңда белгіленген шектерін ескеруге тиіс.

2. Шартты түрде соттау, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза шарасын тағайындау, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру не мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану жағдайларында сот бұл туралы мамандандырылған мемлекеттiк органға хабарлайды және оған сотталушының мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыруды жүктейдi.


545-бап. Мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдана

отырып, кәмелетке толмаған адамды жазадан босату


Егер қылмыстық теріс қылық туралы немесе онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс немесе ауыр қылмыс туралы iс бойынша осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған кәмелетке толмаған адам қылмыстық жаза шарасы қолданылмастан түзелуi мүмкiн деп танылса, сот айыптау үкiмiн шығара отырып, кәмелетке толмаған сотталушыны жазадан босатуға және оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 84-бабында көзделген мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдануға құқылы. Үкiмнiң көшiрмесi мамандандырылған мемлекеттiк органға жiберiледi.
57-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУДАН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

МЕН ИММУНИТЕТІ БАР АДАМДАРДЫҢ ІСТЕРІ БОЙЫНША

ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
546-бап. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті

бар адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктерін

қолдану шегі
Осы тарауда көзделген қылмыстық істер бойынша іс жүргізу ерекшеліктері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы себебін тіркеу кезінде тиісті лауазымда болуы заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатылған адамдарға қолданылмайды.
547-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына

қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу


1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немес аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет