Конфессияаралық келісімді нығайту – маңызды міндеттердің бірі Қазақстанның діни конфессиялардың бір-біріне



Дата16.06.2016
өлшемі103.5 Kb.
#138831

Конфессияаралық келісімді нығайту – маңызды міндеттердің бірі
Қазақстанның діни конфессиялардың бір-біріне

деген өзара сыйластығы олардың маңызды

ерекшелігі болып табылады. Қазақ жерінен

барлық әлемдік діндер жүріп өтті, дегенмен

бұл жерде ешқашан фанатизм мен төзімсіздік

болған емес.

Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан

халқына қашанда айрықша толеранттылық,

өзара сыйластық пен өзара жәрдемдесудің

айрықша рухы тән еді. Бұл рухани дәстүр

бүгінгі күні де сақталған.
Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә. Назарбаевтың басқаруымен бірінші

Дүниежүзілік рухани келісім Конгрессінде

сөйлеген сөзінен, 1992 ж., қазан
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықаралық конференциялар мен құрылтайларда, саммиттерде, әр жылдардағы дәстүрлі халыққа Жолдаулары мен еліміздің келелі жиындарында, тұғыры биік мінберлерде, сонымен қатар дін төңірегіндегі сұхбаттарының баршасында халықтардың бірлігі мен конфессияаралық келісімді нығайтуды баса назарға алады. Бұл дегеніміз, біздің еліміз үшін конфессияаралық келісім мен діндер арасындағы диалогтардың маңызы зор деген сөз. Халқымызда «дін бірлігі – ел бірлігі» - деген сөз бар, яғни байтақ жерімізді мекен еткен түрлі ұлттардың ауызбіршілігі, бейбіт өмір сүруі жеріміздің бірлігі мен еліміздің тірлігінің айнымас темірқазығы деген сөз.

Еліміз әлемдегі көпұлтты және көпконфессиялы мемлекеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс, этнос өкілдері ынтымақ-бірлікте тату-тәтті өмір сүруде. Әрбір ұлыс пен этностың өзіндік сенім негіздерінің бар екендігін ескерер болсақ, енжеше елімізде түрлі наным-сенім мен конфессия өкілдері өмір сүріп жатқаны белгілі. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде: «Қазақстан – ислам, православие, католицизм, протес­тантизм, буддизм және иудаизм өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатқан әлемдегі жалғыз жер» деген еді. Бұдан шығатын қорытынды, санғасырлық тарихи ке­зеңдерде қалыптасқан діни және мәдени көптүрлілігімен ерек­шеленетін Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында барша әлемге түрлі конфессиялар мен этностардың тату-тәтті ғұмыр кеше білетіндігін үлгі етіп көрсетіп бере алды. Қазақстандағы бейбітшілік пен конфессияаралық келісімнің әлемдік деңгейде мойындалғандығын біз мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстанда кон­фессияаралық келісімнің сақталуының негіздерінің бірі-ел халқының басым көпшілігінің ислам дінін, оның ішінде ханафи мәзһабын ұстануында жатыр десек артық айтқандық емес. Біздің бұл сөздерімізді өзге наным-сенімдерді төмендету емес, керісінше Ислам дінінің діни төзімділік пен сыйластыққа аса мән беруі деп түсінгеніміз жөн.

Қазақстан Еуразия жүрегінде діни және мәдени әртүрлілік үлкен тарихи кезеңде қалыптасты. Дегенмен де қазақтар мың жылдан астам уақыт бұрын Ислам дінін қабылдады, сондықтан Қазақстан Ислам әлемінің бір бөлшегіне, мұсылмандық оның халқының рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Яғни, мемле­кет­ті құраушы этносқа тән дәс­түрлі толеранттылық, оның басқа мәдениеттер мен конфес­сиялардың өкілдеріне деген ізгі құрметі мен қарым-қатынасы өз кезегінде жаңа мыңжылдықта жас зайырлы мемлекеттің сындарлы дамуы мен алдағы кезеңдегі өркендеуі үшін мықты әрі сенімді негіз бола алды деп түйіндеуге әбден негіз бар.

Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырға жуық уақыт ішінде елімізде діни институттардың сандық және сапалық тұрғыдан жан-жақты өскендігі аңғарылады. Діни бірлестіктер саны бірнеше есе көбейіп, рухани дәстүрлер жаңғыруда. Жаңа мешіттер, шіркеулер, синагогалар салынуда. Халық арасында дінге сенетін адамдардың қатары көбейді.

Діндер арасында халықтың 90%-дан астамын құрайтын мұсылмандар мен православ христиандарының саны басым.

Бұл үдерістер елімізде рухани жаңғыруға, ар-ождан бостандығы, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, нығайтуға бағытталған саясаттың оң нәтижесі екені даусыз. Кейбір шетелдік және отандық құқық қорғау ұйымдарының «дін бостандығы бұзылады» деген мәлімдемелеріне қарамастан, нақты фактілер жағдайдың керісінше екенін шынайы дәлелдеп отыр. Өйткені Қазақстанда барлық конфессиялардың өкілдеріне өзінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға мол мүмкіндіктер қарастырылған. 

Қазақстандағы дін саласындағы мемлекеттік саясат келесі қағидаттарға сүйенеді:

- мемлекет пен оның институттарының зайырлы, конфессиялық бейтарап сипаты;

- адам мен азаматтың дінге көзқарасына, діни немесе зайырлы бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан олардың құқықтары мен бостандықтары тең;

- діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі;

- халықтың түрлі топтарының этномәдени дәстүрлеріне, менталитет ерекшеліктеріне деген құрметі;

- ар-ождан мен дін бостандығы саласында тек конституциялық құрылым негіздерін, адам мен азаматтардың денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қажет ететін жағдайлардан өзге шектеулер қойылмайды.

Ар-ождан мен дін бостандығы, конфессияаралық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың тиімді қызмет ететін тетіктерін құру алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді табысты орындауға, негізгі құқықтар мен бостандықтардың сақталуын, түрлі дін өкілдері арасында және дінге сенбейтіндер арасында өзара түсіністік және ынтымақтастықты нығайтуға, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда уақыт соңынан өткен этникаралық және дінаралық келісім үлгісі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Біздің еліміздегі түрлі конфессиялар арасында орнаған өзара әрекеттесу тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестер зерттеп, зерделеуде. Халықаралық аренада Қазақстан бейбітшілік аумағы, мәдениеттер мен діндердің диалогы мен жақындасуының алаңы ретінде қабылданады.

Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығындағы ұраны төрт Т:Trust (сенім), Tradition (дәстүр), Transparency (транспаренттілік) және Tolerance (толеранттылық) болғаны белгілі. Бұл схемадағы төртінші  компонент -толеранттылық – мәдениеттер, діндер және өркениеттер арасындағы диалогты нығайтудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның дінаралық диалогтың бастамашысы мен белсенді қатысушысы атануы кездейсоқ емес. Біздің елімізде көптеген этностар мен діндердің өкілдері тұрып жатыр, олардың өзара әрекеттесуінің үлкен тәжірибесі бар, сондықтан Қазақстанның конфессиялар мен өркениеттердің жемісті диалогы орнаған мекен атануға құқығы бар.

Съезд өткізу Қазақстанды өркениетті елдер арасындағы диалог алаңына айналуға мүмкіндік берді. Дін лидерлері мен саясаткерлер Астанаға әлем дамуындағы ең өзекті деген мәселелердің шешімін табу үшін жиналады. 

Қазақстан мәдениетаралық және өркениеттер арасындағы диалогты құптайтын көпұлтты, поликонфессиялық мемлекет ретінде өзінің қуатты әлеуетін ұлтшылдық, діни төзімсіздік, нәсілшілдік, ксенофобия және антисемитизмді жеңу үшін пайдаланып келеді.



Еліміздегі әрбір азаматтың ортақ парызы – дінаралық келісімді, этниаралық татулықты сақтау. Сондықтан осынау істің басы-қасында елдегі тыныштықты, бейбітшілікті қалайтын әрбір азаматтың жүруі және оған жан- жақты атсалысуы тиіс деп білеміз.

Б.Құрманғали - ОҚО Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет