Тезистер
Қимақтардың басшылығындағы тайпалар одағының өзегін 656 жылы Батыс Түркі қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтар құрады.
VIII-X ғғ. Қимақ мемлекетінің құрамында болып, қыпшақтар тарихы қимақтар тарихымен қоса өрледі.
Мақмұд Қашқари еңбегі бойынша IX ғасырдағы қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрілі, т.б. рулар мен тайпалар енген.
Қимақ тайпалары шығысында Алтай мен Ертістен, батысында Еділ мен Оңтүстік Оралға дейінгі, солтүстігінде Құлынды даласынан оңтүстігінде Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқан.
Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шегарасын кеңейте отырып, оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді.
XI ғасырдың басында Қимақ қағанаты тарағаннан кейін, қимақ, қыпшақ және құман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді.
Қыпшақ хандығы (XI ғ.-1219 ж.) пайда болды.
XI-XII ғғ. Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы түркітілдес халықтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қыпшақтар болды.
XI ғ. екінші жартысында жазба деректерде бұрын осы жерде аталып келген «Оғыздар даласының» (Мафазат әл-гуз) орнына Дешті Қыпшақ аты пайда болды.
Қыпшақ тайпаларының жері этноаумақтық екі бірлестікке: Еділ өзені бөліп жатқан елбөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс Қыпшақ және тоқсоба рулық әулеті билеген Батыс Қыпшақ бірлестіктеріне бөлінеді.
Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс Қыпшақ ұлысы ханының билігінде болған.
Қыпшақ этникасының қазақ территориясында құрылуы аса ұзақ процесс болған, ол үш кезеңге бөлінді: 1. VII-VIII ғғ. Қимақ қағанатының құрамындағы қыпшақтар; 2. VIII-IX ғғ. Алтай тауларынан батыстағы Еділ өзеніне дейінгі территорияға қоныстанып, саяси үстемдік алған қыпшақтар; 3. XI-XIII ғғ. Шығыс ұлыстағы Қыпшақ хандығы.
Қыпшақтардың саяси салмағының күн санап өсуіне байланысты тайпалар мен этникалық топтар өздерінің бір этносқа жататынын саналы түрде сезе отырып, қыпшақ атын алады.
Алайда қыпшақ жұртының құрылып, қалыптасуының аяққы кезеңін моңғол басқыншылығы үзеді.
Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген.
Оң қанаты ордасымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат ордасымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған.
Орда деп аталатын хан ордасында ханның мал-мүлкі мен әскерін басқарған ханның басқару аппараты орналасты. Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Елбөрілі әулеттік ру саналған, хандар солардан шыққан.
Билеуші ақсүйек топтарының (хандар, тархандар, басқақтар, югурлар, бектер мен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған, бұған қоса рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай бөлінген.
Негізгі теңсіздік малға жекеменшік еді. Жылқы басты байлық саналды.
Шежіреде қыпшақ мемлекетінде қарапайым адамдарды «ерлер» деп атаған. Олар заң жүзінде ерікті болғанымен іс жүзінде үстем тап өкілдеріне тәуелді болған.
Қыпшақ хандығы қалыптасқан ерте феодалдық мемлекет болды, ол Көне Түркі мемлекетінің дәстүрін дамытып, жалғастырды.
Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады.
Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі «Кодекс Куманикус» шығарылды.
Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ жері көптеген ұлыстарға бөлініп кетті.
Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихына үңілсек, осынау тарихи жолдың жібек саудасына байланысты «Жібек жолы» атанғаны түсінікті. Ал «Ұлы» сөзінің оған қосылуы жолдың кең байтақ Шығыс пен Батыс өлкелерін байланыстыруында болды. Сондықтан бұл жол «Ұлы Жібек жолы» деп аталды.
Біздің заманымыздан бұрынғы екінші ғасырдың орта шенінде Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды.
Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын атап көрсетсек:
мұсылмандық діни орындар (мешіт, шығыс моншалары, ғибадатханалар, мавзолейлер тағы басқа) салынды;
жер жаһанның барлық территориясын белгілі бір дәрежеде қамтыды;
әлемдік өркениеттер осы осы жол арқылы бір-бірімен ассимиляцияға түсе отырып, жаңа саяси-мәдени өркениеттердің қалыптасуына әсерін тигізді.
Ұлы Жібек жолының басы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан басталады. Ол Ұлы Қытай қорғанының батыс шетінен өтіп, Іле мен Ыстықкөлге жетеді. Керуен жолдары алғаш рет император Удидің тапсыруымен батысқа саяхат жасайды, бұл жолмен дипломат Чзян-Цянь жүріп өтеді. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер батысқа қарай бет алады. Уақыт өткен сайын керуен жолдарының тармақтары жергілікті саяси-экономикалық жағдайларға байланысты жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешіріп отырған.
Алтыншы ғасырдың екінші жартысында Ұлы Жібек жолы Кореядан Қаратеңізге дейін созылып жатқан орасан зор, көшпелі империя Түркі қағанатының құрамына енеді. Алтыншы ғасырдың соңғы кезеңінде Ұлы Жібек жолының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды қамтитын бөлігі өзгеше жанданып, осы аймақтағы қала мәдениетін өркендетуге көп көмегін тигізеді. Жетісуда ол бірқатар қалалық орталықтың тууына әсер етсе, Қазақстанның оңтүстігінде қалалардың тез көркеюіне себепші болады. Орта Азия арқылы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға келген сауда жолы он төртінші ғасырға дейін Қытайға баратын теңіз жолы игеріліп, бұрынғы көне жолдың жұлдызы сөнгенге дейін жұмыс істейді.
Жетінші-он төртінші ғасырларда елшілік сауда керуендерінің дені Жібек жолымен жүретін. Сан ғасырлар бойы тынымсыз өзгеріп отырған оның бір бөлігі айрықша маңызға ие болып, көркейіп жатса, екінші бір бөлігі жабылып, ондағы қалалар мен сауда бекеттері қаңырап бос қалып отырған.
Он бір-он екінші ғасырларда Қытайдан шығып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы батысқа қарай өтетін жол бәрінен де ерекше жанданады. Жолдың бұлай ауытқуын бірнеше себеппен түсіндіруге болады: біріншіден, Жетісуда Орта Азиямен жүретін сауда жолдарын бақылайтын Түркі қағандарының ордалары болатын; екіншіден, Ферғана арқылы жүретін жол жетінші ғасырда ішкі қырқыс салдарынан қауіпті болған еді; үшіншіден, аса бай түркі қағандары мен олардың айналасындағылар жолды аса көп пайдаланатындар қатарынан саналатын.
Жетісу жерінен Шығысқа шығатын Ұлы Жібек жолының бірнеше бағыты болған:
1. Оңтүстік-батыс Жетісу бағыты: Тараз – Алматы – Шелек – Сүмбе – Жаркент арқылы шығысқа шықты.
2. Солтүстік-шығыс бағыт: Алматы – Қапшағай – Шеңгелді – Алтынемел – Дүнгене – Қойлық қалаларын басып өтіп, Алакөл жанымен Жоңгар қақпасы арқылы Қытайға шықты.
3. Үшінші бағыт: Тараздан шығып Сарқан жері арқылы – Қазақстанның солтүсік-шығысына бет алады. Бұл жол Құлан – Хантау – Балатопар – Айнабұлақ бекеттерін басып өтеді.
Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының батысқа шығатын қақпасы. Жібек жолы Жетісу арқылы тартылған бағыттармен Таразда түйісіп, Испиджабқа келіп екі тармаққа бөлінеді.
1. Оңтүстік-батыс бағыт: Испиджаб – Шаш Самарқан – Бұхара қалалары арқылы Батысқа шығады.
2. Испиджаб – Шымкент – Отырар – Түркістан – Сауран – Сығанақ – Баршынкент. Баршынкенттен жол екіге бөлінеді: біріншісі Хорезмге бағытталды, екіншісі Жанкент – Арал теңізінің солтүстігі және Каспий теңізінің солтүстік-шығысы арқылы батысқа бет алды.
Отырар – керуен жолдары торабында орналасқан қала. Отырардан шыққан бір жол – Шауғарға, екіншісі – Васидж қаласына барған. Васидждан шыққан жол Сырдың бойымен жоғары өрлеп Сүткент арқылы Шашқа, екіншісі төмен қарай Жент қаласына жеткен.
Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарынан кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Шығыс Дешті Қыпшаққа, Ертіс жағалауымен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен көшпелі тайпалар жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады.
Жолдың өзге бір желісі Теріскей-Іледегі Шеңгелді маңынан шығып, Көктал мен Бояулы керуен сарайлары арқылы Балқаш өңіріне шығып, одан әрі Ұлытау жоталарына кеткен.
Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айналып өтіп, Тарбағатай арқылы Ертіске, қимақтар мемлекетінің жеріне жеткен. Тарбағатайда, Ертіс жағалауында Қимақ мемлекетінің Банджар, Ханауыш, Астүр, Сисан секілді қалалары және айналасы бекіністі қамалмен қоршалған, қақпалары темірмен құрсалған орасан зор қала – «Қағандар астанасы» орналасқан еді. Қимақ қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның аймақтарымен байланысып отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |