КӨПҰлтты мемлекетіміздегі толеранттық ТӘуелсіздік тағылымының ТҰҒырлығында



Дата23.02.2016
өлшемі62.33 Kb.
#3031
КӨПҰЛТТЫ МЕМЛЕКЕТІМІЗДЕГІ ТОЛЕРАНТТЫҚ -

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫНЫҢ ТҰҒЫРЛЫҒЫНДА

Бүгінде біз «толеранттық» терминін жиі аузымызға аламыз. Бұны әдетте «шыдамдылық, төзімділік» деп түсініп, жағымды қабылдаймыз. Дегенмен толеранттықты момындық, жігерсіздікке балап, сынға алатын пікір де жоқ емес. Осындай екі ойлылық бізді бұл терминнің мән-мағынасын ашуға өз үлесімізді қосуға итермелеп, осы мақаланы жазуға түрткі болды. Біздің «толеранттық» ұғымы жайлы ізденісімді оқырман қызықты әрі мазмұнды бағалайды деп үміттенеміз.



Толеранттық туралы жалпы түсінік.

Толеранттық латынның «tolerantia» сөзінен шыққан, тура мағынасы - «шыдам», «төзім». Біз толеранттықтың физиологиялық емес, әлеуметтік мағынасын қарастырамыз. Бұл мағынасында ол адамгершілік құндылықтарына жататын шыдамдылықты білдіреді. Мұндай қасиетке ие жан басқа адамның ерекше, бәлкім, жат болып көрінетін өмір салтын, мінез-құлқын, салт-дәстүрін, сезімін, идеялары мен нанымын мақұлдамаса да, оған түсіністікпен, сабырлықпен қарайды.



Толеранттық көнбістік емес!

Кеңінен тараған көзқарасқа сай шыдамдылық дегенде қоршаған дүниені енжар, қарсыласпай қабылдауды, яғни көнбістікті түсінеді. ХХ ғасырдың ортасына дейін толеранттықты анықтауда қолданылған шыдамдылық сөзі бұғып қалуды, біреуге есе беруді білдіріп келді, яғни адамның енжар, пассивті позициясын меңзеді. Бүгінгі таңда толеранттық «шыдамдылық» синонимі ретінде қолданылғанымен, оның мағынасы өзгерді, енді ол адамның өз еркімен, саналы түрде таңдайтын белсенді әлеуметтік мінез-құлқы деп түсініледі.



Толеранттық мен патриотизм.

Жоғарыда, сонымен бірге Толеранттықтың принциптер декларациясынан келтірілген деректер толеранттық мен патриотизмнің кереғар ұғым емес екендерін көрсетеді. Сондықтан «Педагогика контекстінде патриоттық рухта тәрбие береміз деп - өскелең ұрпақта ұлттық ерекшелікке шексіз иелік ұғымын тәрбиелейміз бе?», керісінше, «Өзге мәдениетке толеранттықты тәрбиелейміз деп өз Отанымыздың мәдениетіне немқұрайлылық ұғымын қалыптастырып жүрмейміз бе?» деген сауалдар жөнсіз. Бұл екі ұғым арасында дилемма туғызудың еш мәні жоқ десе болады.

Әдетте, патриотизм мен толеранттық өзара байланыста қарастырылады. Мәселен, орыс философы И. Ильин: «Нағыз патриот өзге халықты жек көруге немесе оны жоққа шығаруға қабілеті жетпейді»,- дейді. И. Ильин осы тұжырымының қисындығы анық болса да, тарихта онымен сыйыспайтын заңдылықтардың куәсі боларлықтай оқиғалардың аз еместігін көрсеткен.



Толеранттық феномені - психология тұрғысынан.

Өкінішке орай, адамдар көбіне-көп өзіне ұқсамайтын жандармен бірге болғысы келмейді немесе онымен тіл табысуға әрекет жасағымыз келмейді. Мұндай психологиялық заңдылық белгілі әлеуметтанушы С. Хантингтонның пайымдауынша, жуық арада адамдар арасында үлкен алауыздықтар мен қарама-қайшылықтарды туғызуы мүмкін.

Толерантты көзқарас қалыптастыру оңай шаруа емес. Толеранттықты адам екі контекстте танытады, біріншіден, өзгенің мәдени тегіне байланыссыз, яғни жалпы адами құндылық тұрғысынан. Екіншіден, өзгеге өзге әлеуметтік мәдени топтың өкілі ретінде, яғни, этникалық, конфессиялық тұрғыдан. Мұнда адамдардың бірін-бірі мойындап тануы, қабылдауы және оны түсінуі маңызда.

Танып мойындауымыз - бұл басқа адамнан өзгеше құқығы бар жеке тұлғаны, бойында өзге құндылықтары бар, өзгеше көзқарасы мен өмір сүру дағдысы, әдет-ғұрпы бар жанды көре білу. Қабылдау дегеніміз - бұл оның өзгешелігіне жағымды көзқараста болу. Ал, түсіну деп өзгенің әлеміне соның көзқарасымен қарау қабілетін айтамыз. Толеранттық этникалық, конфессиялық, гендерлік, физиологиялық, интеллектуалдық және жас ерекшелігі мен материалдық жағдайды - барлығын ескереді.

Толеранттыққа қатысты ғалымдар пікірі.

Әдетте, толеранттық басқаның өзгешелігін қабылдамасаң да, оған саналы түрде «шыдамдылық» таныт деген сөзге саяды. Алайда жаңа қоғамдағы толеранттық туралы зерттеушілер әр алуан пікір білдіреді.

Мәселен, бір ғалымдар: «Толеранттық - бұл басқаның өзгешелігіне қызығушылық таныту, оны түсіне білуге ұмтыла отырып, онымен бірге жағымды әсер таныту»,- десе, енді бірі «Толеранттықтың ерекшелігі - өзіңе тән маңызды ерекше қасиеттерді сақтай отырып, өзгені қабылдау қабілеті»,- дейді (Е.Ю. Клепцова, Н.М Лебедева).

Г.Д. Дмитрьиеваның пікірінше, «толеранттыққа тән ерекшелік - мәдени әдет-ғұрыптары сан алуан адамзаттың бір-бірін құрметтеуі - себебі, әлемнің өзі сан алуан, ендеше, оған көзқарасты да біз біртектілікпен бір арнаға біреудің пайдасы үшін тоғыстыра алмаймыз».

Басқаның өзгешелігін бағалай білгің келмей, аз ғана мөлшерде толеранттық көзқарастан ауытқу арандатушылық пен саналы түрде адам өміріне қауіп төндіру, тіпті, геноцид, экстремизм, агрессия, фашизм әрекеттеріне дейін әкелуі мүмкін. Міне, сондықтан да толеранттық - бүгінде маңызды да күрделі феномен. Ол көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстан үшін де аса маңызды.

Толерантты Қазақстан.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев - әлемде толеранттық идеясын мемлекеттік және халықаралық деңгейде ілгерілетіп, насихаттауымен танымал мемлекет басшыларының бірі. 1997 жылы халыққа арнаған жолдауында ол ұзақ мерзімді стратегияны белгілеумен қатар, сол уақытқа таман мемлекет тәуелсіздігін нығайту мен жаңа саяси және экономикалық жүйені қалыптастыру бағытында жасалған іс-шаралардың қорытындысын шығарды. Осы қорытындыда елiмiздiң қолындағы негізгі артықшылықтардың бірі былай тұжырымдалған болатын: «Мен қазақстандықтардың байсалдылығы мен төзiмдiлiгiн, олардың кеңпейiлдiлiгi мен ақжарқындығын атап айтқым келедi. Мұны шетелдiктердiң баршасы дерлік айтып жүр. Мен өз отандастарымызға өтпелi кезеңнiң ауыртпалықтарын түсiнiп, оған төзіп отырғаны үшiн ризамын және осы қасиеттер - бiздiң табысқа жетуiмiздiң, қоғамымыздың топтасуының, шетелдiк инвестицияларды тартудың және халықаралық қоғамдастықты бiздiң проблемаларымызды шешуге кiрiстiрудiң елеулi кепiлi деп санаймын» (Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан - 2030: барлық қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуы», 1997 жылғы 10 қазан). Халқымыздың осындай мықты жағының арқасында жетіп жатқан жетістіктерімізге, оны нығайту жөніндегі іс-шараларға Елбасының баса назар аударатынын елімізде тіл, дін және білім беру секілді аса маңызды салалардағы толеранттықтан көруге болады.

Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени бiлiм тұжырымдамасына сәйкес әрбір қазақстандық кемел лингвистикалық сана иесi болуы керек. Бүгінде қазақ тiлi - мемлекеттiк тiл, орыс тiлi - ұлтаралық қатынас тiлi және ағылшын тiлi - жаһандық экономикаға ойдағыдай кiрiгу тiлi болып қабылданды. Мұндай «тілдік үштұғырлық» тұлғаның дүниетанымын кеңейтеді, оның сан қырлы дамуына жол ашады, сабырлылық (яғни, толеранттық) пен дүниені байыпты және кең ауқымда тану дағдысын қалыптастыруға жәрдемдеседі деп есептеледі.

Елбасы 2005 жылғы Жолдауының «Рухани даму мен конфессиялар аралық келiсiм» атты бөлімінде былай деген болатын:

«Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдiк дiндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе дiни фанатизм сезiмi бiзге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзiне жүрегiмiздiң ашықтығы - Қазақстандағы конфессиялар аралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бiрi. Бiз өзiмiздiң жатсынбас тұрпатымызбен, этностар аралық, конфессиялар аралық татулығымызбен және өзара үндесуiмiзбен күллi әлемге танымалмыз.  Елiмiздiң өсiп келе жатқан бiтiмгершiлiк әлеуетi алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла бередi».

Қазақстанның әлемдік сахнадағы жоғары беделі елiмiзге 2010 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға (ЕҚЫҰ) төраға болуға мүмкiндiк бердi. Үш құрлықта орналасқан 56 мемлекетті біріктірген бұл аса ықпалды халықаралық ұйымға Қазақстан төрағалығы ағылшынша төрт «T» ұранымен өтті («Trust. Tradition. Transparency. Tolerance»), оның мағынасы: «Сенiм. Дәстүр. Ашықтық. Төзiмдiлiк». Сол жылы Астанада Елбасының ұсынысымен ЕҚЫҰ Саммитi өткізілді. Онда ұйым жауапты аймағында қауiпсiздiктiң көкейкестi мәселелері, Ауғанстандағы жағдай және толеранттық мәселелерi талқыланды.

Көріп отырғанымыздай, Қазақстанда толеранттық мәселесіне жалпыұлттық деңгейде мән берілген. Сондықтан, толеранттықты өскелең ұрпақ бойында тәрбиелеудің білім беру саласында базалық мақсаттардың бірі ретінде қойылуы да кездейсоқтық емес.

Қазақстан Республикасының Президентi - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған биылғы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында белгілеген «Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуi» бағытында оқыту үрдiсiнiң тәрбиелiк құрамбөлігін күшейту қажеттігіне нұсқады. Бұл патриотизм, мораль мен парасаттылық нормаларын, ұлтаралық келiсiм мен толеранттықты, тәннiң де, жанның да дамуын, заңға мойынсынушылықты да қамтиды.

2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгiзiлетін Бiлiм берудiң тиiстi деңгейлерiнiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарында (ҚР Үкiметiнiң 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 Қаулысында) әлеуметтік құзыреттілік шәкірттердің өз халқы мен басқа халықтардың этикалық нормалары мен құндылығын игеруі, эмпатиясы мен төзiмдiлiгi арқылы бағаланады деп көрсетілген.

Ендеше, бүгінгі көпқырлы, көпөрісті әлем жағдайында ел ішінде тыныштық пен татулықты сақтауға бағытталған толеранттықтың мән-мағынасын дұрыс түсіне білейік. Ұлттық келбетті ұлықтай отырып, қоғамның идеялық бірлігіне нұқсан келтіретіндей әрекеттерден сақтануға өз үлесімізді қосайық, Қазақстан деген ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын, ағайын!






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет