Көркем аудармадағы тарихи-мәдени ақпарат: функционалды-баламалы тәсіл арқылы жеткізу мүмкінідіктері Ж. К. Қиынова



Дата05.07.2016
өлшемі57.5 Kb.
#180398
түріСтатья
Көркем аудармадағы тарихи-мәдени ақпарат: функционалды-баламалы тәсіл арқылы жеткізу мүмкінідіктері
Ж.К. Қиынова

(әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан)
Статья посвящена семантико-стилистическим проблемам перевода, в ней анализируются различные способы перевода стилистически маркированных архаизмов с русского на казахский язык. Особое внимание уделяется функционально-эквивалентному переводу как одному из способов экспликации семантики языковых единиц.
The article is devoted to the semantic-stylistic problems of translation, explores various ways to transfer stylistically marked archaisms from Russian into Kazakh language. The particular attention is paid to the functional-equivalent translation as one of explication ways of linguistic units' semantics.
Аударма – адамның рухани әрекетінің түрі болып көне заманнан қалыптасқан, жеке халықтардың мәдени тарихында және жалпы әлемдік мәдениетінің тарихында да маңызды қызмет атқарады. XX ғасырдың ортасынан аударматану, яғни теоретикалық ғылым жеке сала болып қалыптаса бастады, дәл осы уақытта көптеген ғалымдар аударманың лингвистикалық мәсеслелеріне көңіл аудара бастады. Қазіргі уақытта, глобализация және интеграция жағдайында, халықаралық байланыстардың кеңеюне, ақпаратпен алмасуына байланысты бір тілден екінші тілге аудару үрдісі ғалымдардың назарында. Аударматану өзінің теоретикалық негізі, концептуалды аппараты және терминжүйесі қалыптасқан дербес ғылым саласы. Жалпы аударманың мәселелерін алсақ, оның лингвистикалық теориясы қарқынды дамыған деп күмәнсіз айтуға болады. Ресейлік аударматану ғылымының негізін қалаушысы Я.И.Рецкер, аудармашылардың алдында тұратын міндеттер туралы былай дейді: «Задача переводчика – передать средствами другого языка целостно и точно содержание подлинника, сохранив его стилистические и экспрессивные особенности» [1, 158б.]. Ол, тәржімашыға қиындықтар туғызатын «аударма бірліктері» және аудармалық трансформация мәселелерін талқылай отырып, баламасыз лексиканың негізгі теоретикалық тұжырымдарын ұсынады. Аудармада кездесетін қиындықтар, оларды шешу жолдары А.В.Федоров, Л.С.Бархударов, В.Н.Комиссаров т.б. еңбектерінде арықарай жалғасын табады. Қазақстандық аударматану XX ғасырдың ортасына дейін көбінесе әдебиеттану ғалымымен ұштасады, сол кездегі кеңестік идеология бойынша ұлттық ақындардың шығармаларын орыс тіліне аудару арнайы тапсырыс бойынша іске асқан. Сондықтан да мақалалардың көбісі аударманының әдеби аспектісін қамтитын. Оған Құсайынов А., Сарыбаев Ш. құрастырған «Аударма мәселесі» атты библиографиялық көрсеткіш дәлел. Ал осы кезеңдегі аударма саласындағы көптеген ғалымдардың еңбектерінде аударманың лингвистикалық аспектісі қарастырылады.

Лингвистикалық аударматанудың ең күрделі мәселесінің бірі – ол баламасыз лексиканың құрамын айқындау және сол сөздердің семантика-стилистикалық ерекшеліктерін жоғалтып алмай, басқа тілдерге аударудың амал-тәсілдерін талдау. Негізі баламасыз лексика – тілдердің ұлттық-мәдени, тарихи-әлеуметтік айырмашылықтары, сондықтан да аудару үрдісінде көптеген қиындықтар туғызатын, сөз топтамасы. Оларға ұлттық реалиялар – лингвокультуремалар, окказионализм, экзотизм, историзм және архаизмдер жатады. Осы мақаланың нысаны – қазіргі уақытта көңерген сөздердің құрамындағы стилистикалық маркіленген архаизмдер, яғни славянизмдер – жалпы славян халықтарына ортақ көнеславян, шіркеу славян (X ғасырда христиан дінін қабылдау мақсатында грек тілінен Библияны аудару үшін Кирилл және Мефодий ағайындылардың құрастырған қасиетті тілі) және көнеорыс тілдерінен енген сөздер мен тіркестер. Көнеславян тілінен енген лексика славян тілдерінің, әсіресе орыс тілінің лексикалық қорын толтыруда, сол халықтардың тарихы мен мәдениетінде алатын орны зор: біріншіден, орта ғасырдағы менталитеттің көрсеткіші және көнеорыс дәуірінің санасын, оның тілдік бейнесін стилизациялау; екіншіден, олардың семантикасында тарихи-мәдени ақпараттың сақталуы; үшіншіден, әртүрлі тарихи-мәдени мазмұны бар мәтіндерде (діндік, философиялық, көркемдік, соның ішінде поэтикалық) қолдану белсенділігі. Бұл лексиканың бірталайы діни мазмұны бар болу себебінен Ұлы Октябрь революциясынан кейін, бүкіл кеңес дәуірінде қолдану аясынан шығып кетіп еді, посткеңестік кезеңде қайтажаңғыру, немесе реабилитация үрдісіне ұшырады.

Бұл сөздер орыс әдебиетінің XIX ғасырындағы А.С.Пушкин, Л.Ю.Лермонтов, И.С.Тургенев т.б. шығармаларында көтеріңкі, поэтикалық стиль белгілері болып табылады: очи, уста, лик, десница, чресла, ланиты, перси, персты, чело, взор, владыка, дева, внимать, злата, брег, град, хлад, врата т.б. Әріне бұл сөздердің әркайсысында қазіргі орыс тілінде синонимдері бар: глаза, губы (рот), правая рука, поясница, щеки, грудь, пальцы, лоб, взгляд, слушать, золото, брег, город, глас, холод, ворота и др., сондықтан да аудару үрдісінде лакуна болмай, қазақ тіліндеде баламалары бар екені мәлім: көз, ауыз (ерін), оң қол, бел, бет, төс (кеуде), саусақтар, маңдай, көз қарас, тыңдау, алтын, жағалау, қала, дауыс, суық, қаша т.б. Баламалары бар сөздерді біз, бір жағынан, баламасыз деп айталмаймыз, екініші жағынан, жоғарыда келтірілген қазақ тіліндегі сәйкестіктер аталмыш славянизмдердің семантика-стилистикалық ерекшеліктерін, сол сөздердегі мәдени-тарихи ақпаратты толығымен жеткізе алмайды. Осындай эквивалентті аударма славянизмдердің (стилистикалық архаизмдердің) экспрессивтік мағынасының бейтараптануына (нейтрализация) әкеледі. Осы сөздердің қазақ тіліне аудару мәселесін М.Джангалин өткен ғасырда жарық көрген «О некоторых вопросах перевода с русского на казахский язык» атты монографиясында қарастырған: «... несколько иной характер носит трудность перевода славянизмов, архаизмов. Если в какой-то степени можно сохранить стилистический оттенок в слове россияне, переводя его россияндықтар, то, это совершенно невозможно в словах днесь, деяние, сей, сия, сие и т.д. Поэтому единственная возможность – это передать логическое значение гладкой, нейтральной лексикой, хотя при этом оригинал теряет свою эмоциональную окраску» [2,37б.]. Осы айтылған пікірмен біз мүлдем келіспейміз, себебі үлкен фактілік материал негізінде, бір ғасыр бойы әртүрлі аудармашылар, ақындар, жазушылар тәржімалаған орыс әдебиетінің классигі, А.С.Пушкиннің шығармаларының қазақ тілініне аударылуы дәлел. Славянизмдердің тек жай мағынаны ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени және стилистикалық маңызы бар екенін түсінген аудармашылар аудару барысында функционалды-баламалы аударманың әртүрлі тәсілдерін, қазақ тілінің мағына берудегі лексикалық байлығын қолдана отырып, сол сөздерге контекстуалды баламалар іздеп тапқан. Мысалы, қазіргі орыс тілінде очи және уста жұптығы, соматизм болып табылатын басқа славянизмдермен салыстырғанда әртүрлі мәтіндерде жиі кездеседі. Олар қазақ тіліне тек көз (көздер), ауыз (ерін) деп аударылса, осы сөздердің коннотативті семантикасындағы ғажап, өте әдемі, әсемі, сұлу мағыналары берілмей қалады. Шынымен де очи дегеніміз тек көру мүшесі емес, сонымен қатар үлкен, сондайақ әсерлі, әдемі көз деген мағына береді, тіпті келбеттің эстетикалық эквиваленті десек те болады. Мысалы, А.С.Пушкиннің «Кавказский пленник» поэмасынан алынған келесі үзіндісінде:

... Люби меня, никто доныне,

Не целовал моих очей.

К моей постеле одинокой

Черкес младой и черноокой,

Не крался в тишине ночной...

Қазақ тіліне аударылуы келесідей:

...Сүй мені, қыз болғалы бұл өмірімде,



... Көзімнен жан сүйген жоқ нәркес, қара

Черкестің солқылдаған бозбаласы,

Құйылған нәркес көзді, қара қасты,-

Жаныма көрпемді ашып енген емес

(ауд. Қ.Бекхожин)

Очи сөзінің баламасы аударманың сипаттау тәсілі, яғни нәркес, қара сөз тіркестері арқылы берілген. Аталмыш тәсіл, әрине, осындай сөздердің мағынасын толықтай бере алады, бірақ поэзияны аударуда үнемі қолданылмайды, рифмаға сыймауы мүмкін. Орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударылған мәтіндерін талқылау барысында очи және уста жұпының келесідей контекстуалды баламалары табылды: қара көз, әдемі көз, нәркес көз, нұрлы көз, көз жанары, мұңлы көз; әдемі ауыз т.б.

Аудармашының шеберлігі – ол оның коммуникативтік құзыреттігінің толық қалыптасуының көрсеткіші, оған тілді жақсы меңгерумен қатар фондық ақпаратты, яғни көркем шығармадағы сипатталып жатқан дәуірдің реалияларын, белгілерін білу және де сол тарихи-мәдени ақпаратты толық жеткізу үшін функционалды-баламалы аударманың ментализациялану тәсілі қолданылады. Тіл иеленушілердің санасында сөздің ұғымдық ақпаратымен қатар, сол ұғымға қатысы жоқ семантикалық бөлшектер жиынтығы лексикалық фонды құрайды. Аудармашының ұғымдық деңгейден, оданда күрделі, көп тармақты фондық деңгейге көшуі – оның шығармашылық ізденісінің көрінісі. Сөздің өзін емес, оның фонындағы семантикалық бөлшектерін аудару, көнеславян тілінен еңген сөздерді тәржімалауда қолданылуы қажет. Мысалы, град – стилистикалық архаизм, оның орыс тіліндегі толықдауысты синонимі город, қазақ тіліне оны қала деген сөзбен-ақ аударады. Алайда, ол сөздің тек қана тура ұғымын береді, сондықтанда город – қала деп аударылуы тепе-тең. Град – ол тек қана қала емес, ол көне шаһар, көнеорыс сөйлеудің тілдік стилизация элементі, сондықтан да ол байырғылық, ұлылық қамтылған «жоғары» контекстілерде кездеседі, орталық және де саяси тұрғыдан маңызы бар, көрнекті тарихи қайраткерлердің есімдерімен байланысты: Петроград, Ленинград, Сталинград, Целиноград т.б. Көне орыс тіліндеде осы сөздердің мағыналары сараланған: град – «бекініс, қабырға-қорған», ал город – адамдар өмір сүретін елді мекен. Град деген архаизмді аударғанда ментализациялану тәсілін қолдану – сөздің тарихи-мәдени ақпаратын толық бере алады, бірақ өлең шеңберінде оны жеткізіп айту мүмкін емес. «Медный всадник» поэмасынан үзіндіде: ... Прошло сто лет, и юный град,

Полнощных стран краса и диво,

Из тьмы лесов, из топи блат

Вознесся пышно, горделиво..

Осы үзіндінің ааударылуының екі варианттын қарастырайық:

... Өтті жүз жыл. Балғын қала ... Жүз жылдай уақыт өтті,

Солтүстіктің сән-сәулеті, Жап-жас «град»

Түнек нулы сол арадан, Түн жақ елдің еркесі,

Бойлап шығып, ірге тепті... әсем, сымбат...

(ауд. Ғ.Орманов) град – шаһар, қала деген сөз

(ауд.М.Даулетбаев)

Ғ.Орманов град лексемасын қалагород деген, сөздік баламасымен берсе, екінші аудармашы – М.Даулетбаев аударманың екі тәсілін бірдей қолданып отыр: транслитерация және түсінік беру (комментарий). Екі жағдайдада шаһар деп аударылса – сол тәржімаланып отырған сөздің фондық семантикасының бір де бір бөлшегі көрініс табады, себебі шаһар – қазақ тілінде «көне қала» деген мағына береді. Ал осындай тарихи-мәдени маңызы бар сөздерге түсінік берілу қажет, бірақта поэтикалық шығарма шеңберінде, мәтін ішінде берілсе ол көлемді және оқырманға қолайсыз болады, сондықтанда ол кітаптың соңында, немесе әр беттің астында орын алуы тиіс.

Сөздік баламалары бар, бірақта толық сол сөздің ұлттық, мәдени, тарихи және функционалды-стилистикалық ерекшеліктерін жеткізе алмаса, оларды абсолютті баламалар емес, біршама баламалар (относительные экиваленты) деп атаймыз Біршама баламалар екітілді сөздіктерде тіркеледі. Көп жағдайда, осындай фондық ақпараты мол сөздерді аударуда, баламаларын сөздіктен ғана іздемей, аудармашы өз шеберлігін, фондық білімін іске асырады, осының нәтижесінде контекстуалды баламалар пайда болады. Біз орыс классиктерінің қазақ тіліне аударылған материалдары бойынша осындай контекстуалды баламалар жиынтығы бойынша қосымшалар жасадық, олар тәржімашылардың тек механикалық, яғни транслитерация, транскрипция, транспозиция, трансформация, калькілеу, лексика-семантикалық алмастыру тәсілдерінен тұрмайды, көбінесе шығармашылық ізденіс нәтижесінде, яғни ментализациялану тәсіл арқылы пайда болған, баламалар, сондықтан екітілді сөздіктерде кездеспейді.

Славянизмдердің (старославянизм, церковнославянизм) басқа тілдерге, әсіресе генеалогиялық және типологиялық жағынан, ешқандай жақындығы жоқ, аударылуы көп қиындықтар туғызады. Мысалы, М.Н.Шмелева «Архаизмы и церковнославянизмы в произведениях А.С.Пушкина и проблема их перевода на английский язык» атты кандидаттық диссертациясында, түпнұсқа мен тәржімаланған мәтінді салыстыра отырып, осы сөздердің ағылшын тіліне аударылу мәселесіне тоқталады: «... в качестве стилистических средств архаизмы и церковнославянизмы стали употребляться в начале XIXв. именно в произведениях А.С. Пушкина. На протяжении XIX-XX вв. они выполняли различные стилистические функции, их перевод представляет большие трудности при переводе на другие языки, в особенности лексические архаизмы. [3, 10 б.].

Өткен ғасырларда жазылған шығармаларды тәржімалау барысында аса назарды семантикалық архаизмдерге аудару қажет. Егер де славянизмдер стилистикалық архаизмдер қатарына жатса, семантикалық архаизмдерде сөздің өзі емес, тек қана оның мағынасы өзгереді. Осы орайда взор сөзінің семантикалық тарихы аса қызуғушылық танытады, XVIII - XIX басында глаза (көз) деген зат есімнің синонимы болатын, кейін оның семантикалық өзгеріске ұшырау нәтижесінде, яғни қазіргі орыс тілінде, ол взгляд (қарау, көз қарасы) сөзінің синонимы болып табылады. Демек, осы семантикалық архаизмді аударғанда, контекстіге аса назар аудару қажет



Қорыта айтқанда, бір тілден екінші тілге аудару үрдісінің негізін ұлттық-тарихи, мәдени-тұрмыстық факторлардың тепе-тең берілуі құрайды. Аудармашыға қойылатын талаптар өте көп: сол ұлттың тарихын, әдеп-ғұрпын, тілін, ұлттық нақыштарын жан-жақты білуі тиіс, оның бәрін фондық ақпарат деп атайды.
Әдебиеттер тізімі:

  1. Рецкер Я.И. О закономерных соответствиях при переводе на родной язык// Тетради переводчика. – Вып. 5. –М.: Международные отношения, 1986. – С.156-178.

  2. Джангалин М. О некоторых вопросах перевода с русского на казахский язык. - Алма-Ата: Казгосиздат, 1958. - 116 с.

  3. Шмелева М.Н. Архаизмы и церковнославянизмы в произведениях А.С.Пушкина и проблема их перевода на английский язык. Дисс... канд.филол.наук. – Москва, 2004. – 185с.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет