Лингвомәдениеттанудың зерттеу объектісі, пәні, мақсаты және өзекті мәселелері
Лингвомәдениеттану дегеніміз не? Ол латынның Lingua- тіл, Gultura –мәдениет, Logos – ілім деген терминдердің жинақталуынан туындап, лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің тоғысуында пайда болып, халық мәдениетінің тілдегі әсерін, ерекшелігін, жаңаша көзқараспен салыстыра зерттейтін сала.
ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында тіл білімінде антропоцентристік бағытта қалыптасқан лингвомәдениеттану мен когнитивті лингвистика салалары дүниеге келді. Антропоцентристік бағыт тұрғысынан адам дүниені өзін-өзі тану арқылы біледі. Ол – өткен ғасыр соңында қалыптасқан, тілді зерттеу парадигмаларының ішіндегі ең басты бағыттарының бірі болып саналады. Оның негізгі қызметі – тілді кең мағынада адамның сана-болмысы мен тілін бөлмей, тұтастай әлемдік деңгейде қарау. Тілдің антропоцентристік құрылымы антропологиялық негізде тілдің өзін ішінара зерттемейді, тіл адамның рухани бір бөлігі іспеттес қарастырылады. Олай болса, адамның адамдық қасиетін танытатын да, оның өмірінің барлық саласын қамтитын, заттық, рухани мәдениетін келер ұрпаққа жеткізетін де тіл болмақ.
Бұлардың барлығы ақпараттардың адам танымында өңделіп, адам санасында қалыптасып, тілде көрініс табуы, адамзат түсінігінің қалыптасуы, оның дүниені тануы, дүниетанымда тіл қандай қызмет атқарады деген мәселелерге негізделеді.
Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттану мәселелерінің ұштасуынан қалыптасқан, тіл арқылы көрініс беретін мәдени құндылықтарды, олардың қолданылу жүйесін зерттейтін, өзіндік мақсат-мүддесімен, әдіс-тәсілдерімен ерекшеленетін тіл білімінің үлкен саласы. Ол ұлттық тіл мен ұлттық мәдениеттің бір-біріне ықпалы, адам дүниені қалай көреді, мәдениеттегі тілдік бейненің рөлі, ғасырдан-ғасырға жетіп, ұлт тілінде сақталған халық қазынасы фразеологизмдердің, нақыл сөздер, мақал-мәтелдердің рөлі қандай, олардың адам баласына қажеттілігі неде деген сияқты мәселелерді қарастырады. Ол екі пәннің тоғысуынан пайда болғандықтан халықтың мәдени қазынасын, олардың қолданылу жүйесін зерттейтін тіл білімінің саласы ретінде зерделенеді. Оны зерттеуді көп қажет ететін жас ғылым саласына жатқызамыз.
Бұл саланың негізгі мақсаты – бұрынғы ата-бабаларымыздың қалдырған дүниесінің кейінгі ұрпақ тілінде қаншалықты дәрежеде көрініс тапқанын айқындау. Осы саланы зерттеп жүрген В.В.Воробьев лингвомәдениеттану пәніне: «Мәдениет тек тілдің қызмет етуіндегі өзара байланысы мен өзара әрекеттесуін зерттейтін, бұл үдерісті жүйелі әдістер көмегімен және қазіргі құндылықтар мен мәдени анықтамаларға бағытталған тілдік және тілдік емес мазмұн бірлігін де біртұтас бірліктер құрылымы ретінде бейнелейтін жинақтаушы түрдегі кешенді пән», - деп анықтама береді. Лингвомәдениеттану тек дәстүрлі мәдениетті емес, қазіргі мәдениетті де қамтиды.
Ғалымдар арасында тілдік танымдарды талдай келе дүние – жалпыға ортақ, дүние – континуалды, дүние – ақпараттарға толы әлем, ал тілдік дүниетаным ондай мәліметтерге қатыссыз деген көзқарастар қалыптасқан. «Лингвомәдениеттану» термині соңғы уақытта фразеология мектебінің өкілдері еңбектерінен бастау алса, мәдениеттану идеялары қазақстандық ғалымдар Н.У.Уәлиев, Г.Н.Смағұлова, А.М.Алдашева, А.Д.Сейсенова, А.И.Ислам т.б. тілші-ғалымдар еңбектерінде жарық көрді.
Лингвомәдениеттанудың айналысатын мәселелері тың емес, өткен заман мен бүгінгі күнді жалғастыратын халық мұралары. ХІХ ғасырда В.Гумбольдт, Ф.И.Буслаев, А.Н.Афанасьев, кейіннен Н.И.Толстой, Ю.С.Степанов, В.В.Воробьев сынды ғалымдар бұл мәселелермен айналысып, олар тіл – мәдениет құралы екендігін, оның бөлігі, қалыптасуының бірден-бір шарты екендігін атап көрсеткен болатын.
Бұл сала ұлттық сипаты бар деп ұғынылатын әлеуметтік, танымдық, этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, рухани, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізеді. Осы тұрғыда лингвомәдениеттану өз алдына ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп мақсат қояды. Ал осы ғылым бір халыққа аңыз, әдет-ғұрып, дағды, рәсім, мәдениет символдарын т.б. қарастырса, бұлардың барлығы тіл арқылы көрініс табады.
В.Маслованың: «Лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттану түйісуінен пайда болған тілде бейнеленген және бекіген халық мәдениетінің көріністерін зерттейтін ғылым» деуі мәдениетті тілмен байланыстыра зерттеудің маңыздылығын аша түседі. Ғалым лингвомәдениеттану ғылымының зерттеу нысанын, қалыптасу кезеңдерін, әдістемелік, лингвомәдени бірліктердің түрлерін арнайы зерттей отырып, динамикалық даму кезеңдерін төмендегідей белгілейді:
1. Тіл мен мәдениеттің арақатынасы, астарластығын бағамдайтын лингвомәдени көзқарастардың, лингвомәдениеттанымдық ізденістердің бастау алу кезеңі;
2. Лингвомәдениеттанудың жеке сала ретінде қалыптасу кезеңі;
3. Зерттеу нысаны, ғылыми ұстанымдары мен межелері, теориялық тұжырымдары нақтыланған лингвомәдениеттану ғылымының пайда болу кезеңі.
Мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа тілсіз жетуі мүмкін емес. Демек мәдениеттің қай түрін алсақ та, оның түрі мен мазмұны тек тіл арқылы ғасырдан-ғасырға сақталып, беріліп отырған. Ендеше тіл арқылы мәдениеттану – ұлттың, халықтың кешегісі мен бүгінгісін тану.
Сонымен лингвомәдениеттану – тіл мен мәдениеттің өзара байланысының тілдегі бейнесін сипаттайды. Ол бұл үдерісті «тілдік және мәдени мазмұнды тұтастай құрылым, біртұтас тұлға ретінде кешенді тәсілдер жәрдемімен және де қазіргі заманның негізгі ағымдары мен мәдени ұстанымдарына сәйкес зерттейтін жинақталған біртұтас ғылым болып табылады», - деген тұжырым жасаймыз.
Қазіргі тіл білімінің даму бағыты қоғамдық-экономикалық қатынастар жүйесіндегі жаһандану үдерісіне төтеп берудің негізінде ұлттық тілдің табиғаты мен асыл қазынасын сақтау үшін, тілдік бірліктерді тіл мен таным тұтастығы, тіл мен мәдениет сабақтастығы, лингвофилософиялық құндылықтар жүйесінен зерделеуді қажет етіп отыр.
Тіл тек денотативті (белгілі, сигналдық) коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге коннотативті (белгілі әлеуметтік – мәдени, идеологиялық мәні бар) құрал. Сондықтан тілдің көп қырлы сан-салалы қызметін, адам және оның ақыл-ойымен, аялық білім қорымен, ұлттық дүниетанымдық көзқарасымен, тілдік санадағы этномәдени стереотиптік болмыс-бітімімен сабақтастыра қарастырудың өзектілігі жоғары. Өйткені тілдің кешенділігі қауымдық топтың, этномәдени ерекшеліктерімен, жеке индивидтің дүниетанымдық көзқарасымен қатар сол тілде сөйлеуші қоғам мүшелерінің когнитивтік санасында, генетикалық табиғатында, психофизологиялық болмысында, әлеуметтік жағдайы мен географиялық ортасында, гендерлік жүйесінде өзіндік көп қырлы кешенділк сипатымен көрініс береді.
Кез келген этнос пен қауымдық топтың, халықтың, ұлттың өзіндік болмысы мен дүниетанымы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани және материалдық мәдениеті оның тек жанды тілі арқылы ғана дәйектеледі. Яғни, кез келген тіл белгілі бір ұлттың эталондық көрсеткіші болады. Оған этномәдени біртектілік, ұжымдық сана, территориялық біртұтастық, қауымдық құрылым тоғысады.
Тілдің сапалық белгісі коммуникативті қасиетке ие ақпарат беруші таңбалар жүйесінен ғана тұрмайды, ол осы кешенділік сапаның бәрін қамтитын ұлттық мәдениеттің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады.
Мәдениет - жеке адамның өзіне тән қасиеттерінен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін қамтитын күрделі ұғым. Мәдениетті жасайтын және оны тұтынатын – адам. Сондықтан мәдениет, ең алдымен адам әлемі ретінде саналады. Өйткені мәдениеттің қандай түрі болмасын онда адамның ақыл-ойы, парасаты, наным-сенімі, дүниетанымы, эстетикалық талғамы заттандырылып, материалдық және рухани игіліктер көрініс табады.
Мәдениет деген сөз қазақ тіліне араб тілінен енген. О баста арабтың маданият деген сөзі “қала”, “қалалық” деген ұғымды білдірген. Мұның өзі орта ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениеттанушылардың атап көрсеткеніндей мәдениетке берілген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. “Мәдениет” ұғымын талдауды мәдениеттанушылар көне заманнан бастайды. Көне заманда мәдениет “жерді өңдеу” деген ұғымды білдірген. Бұл тұста көзге түсетін нәрсе – мәдениет пен табиғатты қарсы қоюшылық. Кейінірек Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп “жанды жетілдіру” деген ұғымда жұмсалады. Уақыт өте келе Европада мәдениет сөзі “білім беру”, “даму”, “қабілеттілік”, “құрметттеу” сияқты мағыналарда қолданыла бастайды.
Сондай-ақ, бүгінгі ғылымтануда заттық мәдениет, материалдық мәдениет, рухани мәдениет, этнос мәдениеті, этникалық мәдениет, ұлттық мәдениет, шығыс мәдениеті, постфигуративтік мәдениет (дәстүрлік мәдениет), конфигуративтік мәдениет (замандастық мәдениет), предфигуративтік мәдениет (жас ұрпақтық мәдениет), тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, тамақтану мәдениеті, киіну мәдениеті, төл мәдениет, жалпы адамзаттық мәдениет, аймақтық мәдениет, жазу (жазба) мәдениеті, кәсіби мәдениет т.б. Мұның сыртында көркемөнер мәдениеті, экологиялық мәдениет, оқу мәдениеті, ғылым мәдениеті, экономикалық мәдениет т.б. сияқты топтастырушылық та бар.
Демек, мәдениет адамзаттың адам болуынан бастап, оның бүкіл рухани ізденісі, шығармашылығы, тәжірибесі жинақталған мыңдаған жылдардың жемісі. Бұл орайда Н.В. Гончаренконың мына бір пікірін келтіруге болады: “Культура – величайшее завоевание человеческого гения, неувядаемая летопись его высочайших достижений и блестящих побед над стихиями природы, над дикостью, невежеством, злом над самим собой, над силами реакции и тьми, побед, которыми он вправе гордиться”
Жалпы, әр этностың тілінде заттық атаулардың мәні сол халықтың өзіне тән дүниетанымдық, тұрмыстық ерекшелігін танытады. Яғни жаратылыстағы заттың тура өзі емес, оның халық шығармашылығынан туындаған бейнесі сол елге қызмет етеді. Бұл жерде ғалымдар В. фон Гумбольдт пен А. Потебняның тіл дүниені тікелей бейнелемейді, онда адамның дүниені қалай түсінетіні көрініс береді деген сөздері шындықты ақиқаттайды. Көне сөздердің табиғатын танытып жүрген белгілі ғалым Р. Сыздықова өзінің "Сөздер сөйлейді" және т.б. еңбектерінде бүгінгі жұртшылыққа таныс емес, бірақ ана тіліміздің қазынасында сақталған бірқатар сөздер мен сөз тіркестерінің тарихи-тілдік мағыналарын ашып, әр халықтың өзіндік тұрмыстық-мәдени сөздері мен сөз тіркестерінің қорының кездесуі табиғи құбылыс деп көрсетеді. Тұрақты сөз орамдарының ұлттық мәдени мазмұнын, халық тілінің байырғы лексикасының сан алуан сырын осы саланы «індете» зерттеп жүрген маман-ғалым Н. Уәлиевтің еңбектерінен табамыз. Ол халықтың өзінің өткен дәуірлеріндегі наным-сенімдерін, түйсік-түсінігін, ой-қиялдарын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйғызып, әрі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білгендігі туралы айтады. Тілдегі сөздер халықтың өткендегі тыныс-тіршілігі, ой-қиялы, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады дейді. этнолингвистика (гректің „этнос” – тайпа, халық, француздың „лингвистика” – тіл туралы білім) тілді мәдениетпен, этномәдени және этнопсихологиялық факторлармен байланыстыра қарастыратын тіл білімінің бағыты деп анықтаған.
Тіл арқылы мәдениетті тану лингвомәдениеттану пәнінен бұрын этнолингвистика ғылымында сөз етілгендігі – тарихи шындық. Лингвомәдениеттану мен этнолингвистиканың теориялық арқауы, зерттеу нысаны мен мақсатының өзектес, тамырлас екендігі де дау туғызбайды. Осы екеуінің қатынасын жалпы мен жалқының, бүтін мен бөлшектің байланысы іспетті деп қарауға болады. Нақтырақ айтсақ, этнолингвистиканың зерттеу нысаны – этнос болмысын тұтастай танытатын „тіл әлемі”.
Этнолигвистиканың жеке бағыт ретінде қалыптасуы XIX ғасырдың 70-жылдары Орталық Американың үндіс тайпаларын зерттеумен тығыз байланыста орын алып, ол сол кездегі жаңа ғылыми сала дәстүрінің негізі болған еді. Этнолингвистика ғылымының негізі американдық ғалымдар Ф. Боас, Э. Сепир, Б.Л. Уорф, Х. Хайер т.б. еңбектерінен бастау алып жатыр. Орыс тіл білімінде осы сипаттас ізденістер ресейлік ғалымдар Ф.И. Буслаев, А.Н. Афанасьев, А.А. Потебня еңбектерімен жалғасып, XIX ғасырдың 80-жылдарында фольклор аясында тіл мен мәдениетті сабақтастыра зерттеудің жаңа бағытын пайдаланған Н.И. Толстой, В.В. Иванов, В.Н. Топоров сияқты ғалымдардың этнолингвистикалық зерттеулері атаулы саланы ғылыми биік санатқа көтеріп жіберді.
Ғылым аясында „этнолингвистика” термині ең алғаш ғалым Б. Уорфтың идеясы негізінде туындап, осы идеяны ары қарай жалғастырушы Э. Сепирдың еңбектері арқасында орныққан. Ғылымда аты белгілі „Сепир-Уорф” концепциясына сай, тілдік этнодеректер халық мәдениеті мен жеке индивид тұлғасын терең зерделеу тұрғысынан өте маңызды болса керек. Академик Ә. Қайдардың ана тіліміздің бай қоры – ұлттық болмыс-бітімді танытатын тілдік этнодеректердің қазынасы деген пікірі қазақ этнолингвистикасының негізін салды. Ол этнолингвистиканы этностың (ұлыс, халық, ұлт) инсандық болмысынан туындап, сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани-мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі де құнарлы саласы деп анықтама берген .
Сонымен, лингвомәдениеттану ұлттық тіл деректерінің бойынан мәдени нышанды тауып, қарастырып, ұлт мәдениетіндегі өзіндік ерекшелікті танытуға көбірек бағыт бұрады. Біз жоғарыда сөз еткен лингвомәдениеттанудың және лингвистикалық ой тұжырымдардың негізіне сүйене отырып, халықтың өмірлік даналығы, халық жасаған мәдениет, оның тыныс-тіршілігі мен тұрмыс-салты, қалыптастырған дүниетанымы тіл құдіреті арқылы тарихтың қат-қабат қойнауында сақталады дегіміз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |