Көше бойлап келе жатқан аруға, Байқалғаны нанның жерде жатқаны



бет1/4
Дата15.06.2016
өлшемі0.63 Mb.
#137193
  1   2   3   4
Бір үзім нан. (поэма)

Көше бойлап келе жатқан аруға,

Байқалғаны нанның жерде жатқаны.

Кім тастаған? Жанға қатты батқаны,

Тез көтеріп имандылық танытты.

Адасқандай, жол қиындап баруға,

Осы нанға үміт отын жаққаны,

Жол көрсетер жандарды да тапқаны,

Бір үзім нан көрсеткендей бағытты.
Осы бір жайт еске салды өткенді,

Ашаршылық заман өткен елімнен.

Жеті жұт боп таралған-ды кеңінен.

Мінер тұяқ қалмай, бітпей егін де,

Қырсық шалып, өрт те алып беткейді,

Жаңбыр жаумай, су таусылып көлімнен.

Аштық-қорлық, болмайтын-ды тегіннен,

Жұртым тұрды жойылатын шегінде.


Тоқшылық-ай, нанның жерде жатқаны,

Ашаршылық заманды кім ұмытар?

Сол бір кезең аман қалған шын ұтар.

Қара суда балық жоқ боп кеткені.

Халық босып, талғажау боп тапқаны,

Не тапса да апыл-ғұпыл қылғытар.

Ана ерлігін үлгі етіп ұл тұтар,

Ұмытылмас ұлы тарих беттері.


Нан қадірін біліп жүр ме бар адам?

Ол кездегі бала қазір қария.

Бір үзім нан тауып жесе әр ұя,

Ертеңінен жарық сәуле іздейтін.

Сол бір нәубет шығады ма санадан?

Есіне алса көз жасы көл дария,

Байлық жетер, елде бәрі жария,

Қайда анасы, қарындасы «Сіз»дейтін.


Қарны ашып, қу далада қаңғырып,

Келе жатты ана ұлы қызымен.

Соры қайнап қасқыр түскен ізімен,

Бұлар бейқам, шөп тамыры жегені.

Қасқыр ұлып, дала үнге жаңғырып,

Түн суытып, қара суық күзімен.

Үміт үзбей ана жылы жүзімен,

Ұл қызымен баспана етті төбені.


Перзенттері екі жақтан құшақтап,

Балбырайды тым ерекше таңменен.

Келгендей-ау екеуі де әнменен,

Ана байғұс оятуға қимаған.

Қатқан нанды тең бөлді де ұсақтап,

Нұр құшты да қайталанбас сәнменен.

Ұрпақтарын сүйіп, құшты жәйменен,

Қасқырларды көріп, есті жинаған.


Тез оятып, перзенттерін ұмтылып,

Қолдарынан сүйрей алға жөнелген.

Қару болса құтылар ма еді егерден?

Қу дорбаны тастап тағы қашқаны.

Кішкене қыз көздерімен сыр тұнық,

Шаршап артта қала берді дегенмен.

Жыртып, талап қу дорбаны көнерген,

Қасқырлар жүр азық болмай шашқаны.


Шүберекке жанды түйіп, зуылдап,

Келеді ана перзенттерін сүйрелеп,

Қасқыр жетті дәл артынан кимелеп,

Амалы жоқ қыздың қолын босатты.

Қарс айырылып, жүрек кетті-ау дуылдап,

Ана ойы: «Ұлсыз Отан күйремек,

Елді кімдер билемек?

Ерсіз ел де қашан мәңгі жасапты?»


Ана ұлымен жүгірумен қыр асты,

Көз ұшында көріп қалды ауылды.

Ана жүрек жылап келер, жауынды,

Сәл қалғанда қыздан қапты-ау айырылып,

Ана аңырап, перзентіне сыр ашты.

Қасқырларды көріп үйір дауылды:

«Мен қайтарам, ұлың сенің жауыңды,

Жүгіре бер қарамағын қайырылып!»


«Ұрпақтарды өрбітетін өзіңсің,

Сенімімді, үмітімді жалғайсың.

Абыроймен адам болып қалғайсың,

Тек өзіңе артылады аманат!

Жан жүрегің жақсылықты сезінсін!

Ақ жаныңды адалдыққа арнайсың!

Қасиетпен қиянатқа бармайсың!

Әрбір іске қанағат...»


Қасқырларға қарсы тұрып, қасқайып,

Қайран ана перзентке арнап өмірін.

Тағзым етіп, қорған етіп тәңірін,

Мейірлене қарап тұрды ұлына.

Жалындаған жанарынан жас тайып,

Кір шалдырмай көңілін,

Таңдамай да тағдырының жеңілін,

Перзентінен нәр алғандай жылына...


Ана ерлігін ұлылыққа теңейміз,

Ал сол бала өніп өсті мың болып.

Осы жырмен ашылмайды сыр толық,

Гүл-өмірдің қадіріне жеттік пе?

Бай болғанмен рухани кедейміз,

Өткен күнге есеп берген кім шолып?

Ашығуды біле ме ұрпақ шын тоңып?

Саналы боп сағынышпен өттік пе?


Адам болып, адам жанын ұқтық па?

Жаза алдық па жараланған жүрегін?

Адам толық сезіне ме тірегін?

Рухы кеміп, кедейленген тұғырын.

Ата-ананың көңілінен шықтық па?

Жалғастырып әкеттік пе тілегін?

Барлық бақыт ұрпағыңмен гүл-егін,

Өзгермейтін мәңгілікке бұл ұғым!


Тектіліктен таралады тамырың!

Адамдықпен биіктелер беделің!

Кісі болып, кісіліктің кемелін,

Ұғынарсың бастан бәрін өткізіп!

Көп жағдайда сақтап қалар сабырың,

Өсіре біл ерлік, елдік еменін

Тағдыр-толқын, өмір атты кеменің,

Сыйластықпен жүзуінде тек қызық!


Қасиетің қадіріңді қаламақ!

Ар-намысың алға қарай сүйрейді!

Баянсыз іс түбі бір күн күйрейді!

Тек жақсылық жанданады жаңғырып!

Өмір сүру-әрбір жанға дара бақ!

Болмысыңды таза сана билейді!

Ынтымақпен ырыс құтың жиілейді!

Азаматтық ұлылықпен мәңгілік!!!

06.05-15.05.2009жыл.

Гүл-өмір.
Сұлусың көктемдей,

Күн нұрын төккендей,

Бақытты жан бар ма,

Өзіңмен тек мендей?


Құпия қазына ең,

Көңілдің жазы ма ең?

Гүл-өмір өтуде,

Сағыныш сазымен.


Оюлап өткенді,

Тәубе етіп жеткенді.

Қуаныш құндылық,

Өзіңмен дөп келді.


Алаулап ағыннан,

Сыр моншақ тағынғам.

Ерекше жансың сен,

Күндіз-түн сағынған.


Жүректе мәнді арман,

Жайымды аңғарған.

Қоштасып қия алмай,

Күтетін таңдардан.


Соққанда таңғы леп,

Елессің мөлдіреп.

Жылындым дауысыңнан,

Елеңдеп елжіреп.


Ізетті ізбенен,

Мейірімді жүзбенен.

Сағынған өзіңді,

Сарғая іздегем...

18.05.2009жыл.
Сыр-сағыныш.
Қиялымда қиылған шақтарыңды,

Құшақ жая карсы алған бақтарымды.

Еске алып, ерекше бір күйге көштім,

Жоғалтып алғандай бір тапқанымды.


Қарсы алып бұлбұл сайрар ақ таңымды,

Сырларым сия болып ақтарылды.

Аяулым мені ойлап жүрсің бе екен?

Жүректе өшіре алмай жаққаныңды.


Аңсатып сағыныштың таң самалы,

Ессіз күй елесіңді қарсы алады.

Еріксіз еске түсіп өткен күндер,

Жан дүнием жақсылығын жар салады!

Сұлулық сиқырынан сүрінгенде,

Белгісіз пайда болды діріл менде.

Жанымда жүргеніңде жылындым да,

Жаурадым алыстығың білінгенде.


Көркіңе көз тоймады көрінгенмен,

Елесің ес жиғызбас берілгеннен.

Сүйкімді сүйікті боп қалады екен,

Мойындау қиын екен жеңілгеннен.


Шуағың төгілген-ді, назың бөлеп,

Көктемдей көріктісің, жазың бөлек.

Күздегі жемісіңді тілеп жүрмін,

Қыстай нұр тазалығың басты себеп!!!

20.05.2009жыл.

Жандағы жалын.

Сағындым сені, жүрегім аңсап, алаңдап,

Жандағы жалын, сенімен сенім қаланбақ.

Құбылып тұрған құйындай мынау әлемде,

Амандығыңды сезіну, сезу маған бақ!
Ризамын саған, ризалық сезім басымдау,

Биылғы көктем жаңбырлы, желек жасылдау.

Табиғатыңа тамсанып тағы тұрамын,

Сұлулық-сиқыр расында-ау.


Есімде қалды көз тоймас сұлу ән бақта,

Тартады көңіл, артады тілек сол жаққа.

Жанымда жауын, күркірер кеуде-найзағай,

Сағыныш билер алшақта.


Келбетің көркем аумайсың еркем еліктен,

Алыстап ай боп күлкімді тағы кеміткем.

Күндіз де түнде миымды менің мың шырмап,

Шықпадың естен неліктен?


Алдымда ақ таң асылым едің арай бақ,

Сағынттың мені сарғайтып тегі сан айлап.

Жүрекке жақын мәңгілік естен кетпейтін,

Жастық шақ екен бал аймақ.

21.05.2009жыл.
Жауқазын жанар қызғалтақ.

Арайлап атқан ақ таңнан,

Үніңді есітіп шаттанғам.

Жүректе жырсың жатталған,

Мәңгілік есте сақталған.
Өмірде үлгі із қалмақ!

Жауқазын жанар қызғалдақ.

Жүйткиді жалған бізді алдап,

Сия боп түстім Сізге арнап.


Арманға мені бастадың,

Шабытым сенсің асқақ үн.

Бәлкім сен менің жас шағым,

Өзгердім, мүлдем басқамын.


Құштармын «Өмір сүрем»-деп,

Сөздерің мені жүр емдеп.

Жеткенше құлаш мың сермеп,

Сағыныш саған тірелмек.


Әуені болдың жыр әннің,

Қасиеті қонып қыранның.

Арманы тұнық ұланның,

Тұмары текті Тұранның!

23.05.2009жыл.
Сүю жолы.

Бұл өмірдің тартымы,

Жан жүректің жарқылы.

Сезінерсің бақытты,

Сүйе білу арқылы.
Адамзаттан саралап,

Кездеседі дара бақ.

Қуанасың құлпырып,

Жүрегіңді жаралап.


Ойшыл, дана, заңғар да,

Бар адамзат, аңдар да,

Түрленеді тіршілік,

Жақсы көрер жан барда.


Сүйген адам сүйікті,

Жақсылық нұр жиыпты.

Қарамайды жасқа да,

Даралайды биікті.


Тылсым тілде тілдескен,

Сағынышпен күй кешкен.

Жүректегі жақын жан,

Шығады ма мүлде естен?


Сезімдерін сақтаған,

Алыс жүрген шақта адам.

Жақсы көрген жанданып,

Жеңіл болар мақтадан.


Әлем билер сұлулық!

Ұстап тұрар жылылық!

Жақсы көру арқылы,

Мойындарсың шын ұғып!

25.05.2009жыл.
Кең баба.

Куә ғой Жер Ана,

Кеңпейіл кең дала.

Керемет кеш еді,

Жүректе Кең баба.
Сылдырап су аққан,

Көңілді құлатқан.

Аққулар жүзгенде,

Естілді күй бақтан.


Балықтар жүзгенде,

Тілектер тізгенде,

Өзіңді сағындым,

Сарғайып күзден де.


Тербелген жастар да,

Құлшынар асқарға.

Қызыға қарайсың ,

Бақытты достарға.


Тектілік Тұраннан,

Кесене құралған.

Баптардың Отаны,

Көз тарта сұранған.


Келбеті үйлескен,

Жұптар жүр тілдескен.

Бақытты сезініп,

Уақытты білместен.


Жұлдыздар сөнбеді,

Ай-ару емдеді.

Тым мөлдір бағыммен,

Қоштасқым келмеді...

28.05.2009жыл.

Мейірім нұры. (поэма)
Дариға ана еске алды өткенді,

Ай дидарын ерекше бір гүл бөлеп.

Ақ пейілін бөлекше нұр жыр демеп,

Бауырына басқан ұлын қайнының.

Келін ауырып, дәрігерге кеткен-ді,

Тоба еткен, қайырымды іс бұл демек.

Көз алдында қос тіршілік гүлдемек,

Айналды да сәбилерін ай күнін.


«Аурухана пәс етпесін көңіліңді,

Бөбегіңе пана болам қалайда.

Өзіңді күт уайымдама жарай ма?

Сәбиімнен артық көріп баптармын.

Берсем дағы осылар деп өмірімді,

Таңды көзбен атырармын алайда.

Аман есен жазылып шық жаңа айда

Аманатты асыл етіп сақтармын»


Жанын салып, тіпті өзін аямай,

Өз баласын сүттен қағып шеткері.

Нан жегізіп, шұрылдаса ішектері,

Қайнысы мен келінін көп ойлаған.

Көптен күткен сәбиі деп аялай,

Онсыз жетер келін азап шеккені,

Ертеңгі күн жазғырмасын тек мені,

Деген оймен берген серттен таймаған.


Сол бір кезең алып ұшып тұрғандай,

Жалын жастық ойландырмас құбылтып.

Өмірге де, күреске де шын ынтық,

Сәбилермен бала болып кеткендей.

Қос бөбектің иісі мұрын жарғандай,

Сезінгенге өмір мәнін ұғынтып,

Сұлулыққа, мөлдірлікке сұғынтып,

Махаббаты мейірім нұр сепкендей.


Мейірленіп жан жүрекпен беріліп,

Қос сәбиді қатар құшып, ынтыққан.

Пәк бөпенің жанарынан нұрды ұққан.

«Өз балам ғой ұрсам дағы кетпес»-деп,

Жеті айлыққа бар қошемет өріліп,

Шын сыйласу құралғандай құлдықтан,

Өз ұлынан адасқандай адасқандай шындықтан,

Ешнәрсе де жайдан жайға өтпес тек.


Өткен күндер, жалын түндер елес пе?

Жайнап тұрған нағыз жалын жас еді.

Құрбылармен көңіл шіркін өседі.

Студенттік өмір өтті қарбалас.

Түні бойы ән салатын, бәрі есте,

Бәрі уақытша, бастан бәрі көшеді.

Бүгін міне елес-самал еседі,

Өзге өмір, жүрегінде жанталас.


Тұрмыс құрды алып қашу амалмен,

Келген сәтте басқа әлемге сүңгіген.

Қатал ене түп тамырын үңгіген.

Кедейлігін баса айтып құданың,

Ән салғанын теңеп нағыз жаманмен

Жалын отын тез өшіру үлгімен,

Сынай қарап кекесінді күлкімен,

Жас келіннің тауысып бақты шыдамын.


Енесіне әрбір ісі ерсі боп,

Жақсылығы құмға сіңген су болып,

Сөйлеу арман, көкірекке шер толып,

Еркін жерден келген келін қамықты.

Тым болмаса сөйлесетін көрші жоқ,

Қайран ару сусыз гүлдей мың солып,

Қабағына қарар жан жоқ бір шолып,

Күйеуінің түсінбесі анық-ты.


Енесінің қырсықтығы көрінген,

Немересін сыйлаған-ды қыз туып.

Жібімеді сонда дағы жыл жуық.

Тілі шығып, қарсы қойды өзіне.

Көңілі толмай келініне берілген,

Жүрсе дағы еңбектеніп, кір жуып,

Ене ызғарлы, жан жабырқау, үй суық.

Жалғыз қалса жылап жүрді езіле.


Қыз-қызғалтақ, қыз-қылықты, қыз-мұңлық,

Жайнататын, жабырқатар ортасы.

Әлем күлсе аналардың арқасы,

Түсінбеске не айтасың, не шара?

Сол ененің бес ұлы бар бұл шындық,

Гүл келіннің ыстық болар алғашы.

Бұл тегіннен жазылмас-ты жалғасы,

Түсініксіз, жанды ауыртар осы ара.


Ал екінші келінге ене сүйініп,

Құрақ ұшып, мың құбыла ынтыққан.

Байлығы мол жерден деген сырды ұққан.

Келген бетте жақын тартты қызындай.

Әділетсіз ене ісіне күйініп,

Дариға жүр алыс кетіп шындықтан,

Тым өзгергіш енесіне сұмдық таң.

«Түсінер»-деп сабыр етті бұзылмай.


Екі бесік ортасында қамықты,

Бірі жылап, екіншісін оятар.

«Шаршадым»-деу сол бір кезде ұят, ар,

Түсінетін қайын ене тым қатал.

Жанға демеу іздер сәуле жарықты,

Қорқыныш пен үрей басым, ұя тар.

Қорған болар күйеу ұрып, қиратар,

Кімнен демеу таба алады шын адал?


Енесіне сәлем беріп, иілер,

Теріс қарар, көрмегендей менсінбей.

Азып тозды бұл ортаға жерсінбей,

Ауыр соққы енесінің бөлгені.

Күндіз күлмей, түні бойы күйінер,

Ал бай келін еңбек етпей, тер сіңбей,

Байлығымен басып кірді еркіндей,

Мақтар ене : «Көп қой , деумен көргені»


Сонда дағы сәбиге кең пейілді,

Саучсақтары бір-бірінен ажырап.

Жеті айлық пен сәби бейне қозы лақ.

Жыласа олар бірге езіліп, жылаған.

Бір ай және апта тағы өрілді,

Түк көрмеген келін келді азынап,

Қарамады деумен ене азғырад,

Қосылды да іздегенге сұраған.


Сол келгеннен қызғаныштар басталды,

Сәби иісі сіңіп қалған өзіне.

Жаны жылар қимастығы сезіле,

Әкетті ғой баланы да ұстатпай,

Жүрек бірге кеткені де расталды.

Сәби ғана көрінеді көзіне.

Келін кетті сол ұядан безіне,

Ез ененің көп күлкісін қысқартты-ай.


Қарсы шықты енесіне мақтаулы.

Қалалық қой басқа мектеп бітірген.

Тұрмаймын деп шал кемпірдей бүкірмен,

Көшіп кетті жанға жайлы үйіне.

Ене білмей жазғыруды, ақтауды,

Ауызында басқа сөз жоқ шүкірден.

Тұйық шалы насыбай атып, түкірген,

Бетке шапты келіндері үйіле.


Дариға да алған сол кез еншісін,

Мектебінде беделімен көрінді.

Ақ сүт емген өз ұлындай өрілді.

Жұмысында сағынышпен қауышар.

Ақтағандай ақ сүтінің белгісін,

Беттен өбіп, анасындай берілді.

Көрдіңіз бе мұн дай ұқсас өрімді?

Мінез құлық ақ сүтпенен ауысар!


Жеті айлық боп туылғанмен тым пысық,

Жалын от боп құштар биге, өнерге.

«Жан анам»-деп Дариғаға келерде,

Сағынысып табысады аңсаумен.

Бұзық келін беделі де шын түсіп,

Қызғаныштан бұған көңілі сенер ме?

Іші күйіп, өзін-өзі жеңер ме?

Тыңдамай ұл, сөзі өтпес шаршаумен.


Сонда қалай сезінбейді анасын?

«Шын анам»-деп Дариғаға ұмтылар.

Жүрегімен болмысымен мың құлар.

Ал өз ұлы нан жегізген тым тұйық.

Сүт ембеуден бетіндегі жарасын,

Айыптауға үлкен жігіт құлқы бар.

Сездірмеген, іштегі мұң үн тұрар,

Анасына махаббаты шын биік!


Ағайындар жақсы көрген ертеден,

Жылы тартып, осы келін түскенін.

Дариғаның айтар жақсы істерін.

Келінменен береке де келгенін.

Ал енені өкініші өртеген.

Қартайғанда байқаған-ды күш кемін.

Кім ойлаған, түбі бармақ тістерін?

Жалынғанда қайта ма үйге бұл келін?


Сол кезеңде газет тапқан қызықты,

Дариғаға тым әсерлі көрінген.

Ол уақиға аңыз түрде берілген,

Анасынан жетім қалған шақалақ,

Жол бойында өткенге көз сүзіпті.

Сезіпті оны иманмен шын өрілген,

Әйелі де туып, қалжа желінген,

Әкеп берді өз ұлындай бағалап.


Ал әйелі өз ұлына еміреніп,

Оң жақ сүтін емізіпті жөн санап.

Оң жағынан басталар деп бар санақ,

Оң болсын деп барлық ісі өмірде,

Оң болуын аңсап, тағы тебіреніп,

Оң бастаса келер тағы қанша бақ,

Жігіт кезін елестетіп тамсанад,

Көріпкел боп кетеді адам кейбірде.


Тауып алған нәрестеге сол жағын,

Емізіпті: «Аман болса жарар»-деп,

«Ұлым байып кетсе малға қарар»-деп,

Қайдан білсін, болашақты болжап па?

«Болмас мәні оңай тапқан олжаның,

Үйдің қамын жасар, отын жағар»-деп,

«Мал артында жүрер, шөбін шабар»-деп,

Бар тағдырын шектеп қойды, қоршап та.


Екі бала екі түрлі өсті де,

Өз ұлының жасап барлық жағдайын.

Көзден таса етпеген-ді әрдайым.

Тәтті беріп, еркелетіп, есіртіп.

Тауып алған бала бейнет кешті де,

Күні бойы тер басады маңдайын,

Ата-ананың отын суы дап-дайын,

Шебер-ұста күй төгеді көсілтіп.


Жігіт болды екі бөлек ұл бала,

Өз ұлдары тым қатыгез, көкірек.

Бұл өмірге келгеніне өкінед.

Жан қинамас, мейірімсіз анаға.

Екінші ұл кішіпейіл, тым дана,

Мейірімді, ерекшелеу, тектірек,

Ата-ананың қамқоршысы көп тірек,

Әрбір сөзі ой түсірер санаға!


Ана сонда түсініпті қатесін,

Әр тағдырды Алла ғана айқындар!

Сол жақ деген жүрек тұсы солқылдар.

Ал жүректен тек жақсылық берілер.

Бұл әңгіме айқындатар төтесін.

Алтын құйма барлық кезде жарқылдар!

Түсінетін, ұғынатын халқым бар,

Жүрек қосса бар жақсылық өрілер!


Ана сүті киелі де қасиет,

Тектіліктің түп тамырын қозғайды.

Тарихты алсақ қара қобыз боздайды.

Көк бөріні бала емген аңыз бар.

Қайсарлық пен ерлік,өрлік-өсиет!

Ынтымақтың оты мәңгі маздайды!

Ерен елім ешқашан да тозбайды!

Әрбір перзент ата-анаға қарыздар!


Анам үшін аналарға бас идім!

Ақ сүтімен осы күнге жеткізген.

Ақ үмітін жалғастырған тек бізбен,

Ақ жол тілер сағым болып санада.

Тебірене жанарыма жас үйдім.

Күлкісіз күн, ұйқысыз түн өткізген.

Жараланған жанын уайым шеккізген,

Мәңгі тағзым, мәңгі құрмет анаға!!!

29.05.2009жыл.

Күлкіңнен сенің...

Күлкіңнен сенің, сыңғыры көркем бұлақтан,

Дидарың шуақ, сәулесін күннің құлатқан.

Табиғатыңа тамсанып тағы тұрамын,

Алыстан аңсап ұнатқан.
Жібектей шашың күнменен бірге жарқырап,

Жылылық жаның, сезінді сезім атырап.

Гүлдер де тартып, өзіңді алып ортаға,

Ынтызар, ынтық бақылап.


Маңдайың әппақ, қиыла қалған қас қабақ,

Жанарың жалын, жүректі өртей бастамақ.

Табиғат тартып, үмітін артып самал жел

Жете алмай тұрды аспан ақ.


Алма бет жүзің жайқалып бейне құрақтай,

Үлбіреп ерін, ақ маржан тісің құлатты ай.

Иіле қалды тал біткен жүрек-жапырақ,

Қозғала алмай бірақ та-ай.


Ай мүсін елік күлкіңнен еріп, ес кетті,

Найзағай ғашық жауынмен келіп, лезде өтті.

Сезімін саған айта алмай күн де күн бойы,

Сәлемін айға ескертті...

30.05.2009жыл.

Тартылыс.

Сеземін сенің жаныңды,

Сағыныш ойда тербелер.

Жүрсің бе аңсап бағыңды?

Шуағын сыйлап, дем берер.
Алыстап кеттің қол бұлғап,

Өзіңсіз бақ та көңілсіз.

Есінде қалды қыз сұңғақ,

Қай күні келер, белгісіз?


Күрсініп қойып жол тіпті,

Ізіңмен сенің сырласар.

Күні-түн сені мол күтті,

Күн бойы аңсау түнге асар.


Иіліп ағаш, тал біткен,

Құшағын жаяр кең дала.

Сезімін саған өрбіткен,

Аңсауы өзің сен ғана.


Бұлбұлдар сайрар таңдағы,

«Сағыныш әнді ұғар»-деп.

Бүгін де өзін алдады,

«Сен келіп қалған шығар деп»

01.06.2009жыл.
Жыр-жүрек.

Мен сені сағынудан шаршамадым,

Елесіңе езіліп, тамсанамын.

Жұбаныш-жыр жүректі жараласам,

Қуаныш сені таңмен қарсы аламын!
Мен сені айналдырғам жыр дастанға,

Жұлдыз боп көрінесің түнгі аспанда.

Жаныма жылылығын ұялатар,

Сен жайлы өз-өзіммен сырласқанда!


Мен сенің місе тұтқам елесіңді,

Жібектей шашың болып, жел есілді.

Аңсарым ай секілді алыс болсаң,

Сезімім күнмен ыстық теңесулі!


Мен сені танып жүрмін табиғаттан,

Адамзат алыс кетпес ақиқаттан.

Жүректің әмірінен шыға алмайсың,

Жаныма амандығың жарық-ақ таң!


Мен сені сағынамын көрмесем де,

Өртеніп өрілемін өрлесем де.

Ғашықтық қиын екен жанды ауыртар,

Жүректер жазылмайды емдесең де!


Мен сені айналдырғам жылылыққа,

Өзіңе жете алмадым құнығып та.

Өлеңмен өру қалған, көру арман,

Ешқашан сүйе алмаған мұны ұғып па?


Тұратын жақсы көру жарасымнан,

Жүрекке әмір жүрмес аласұрған.

Түн болса танып айдың ажарынан,

Жылынам күндей ыстық қарасыңнан!

01.06.2009жыл.
Сағыныш сезім.

Тағы да жаңбыр, сезімін сендей селдеткен,

Табиғат тұнық ғашықтар бейне шөлдеткен.

Жігіт жел келіп, бетінен өбіп, билетіп,

Тербелді ағаш бойжеткен.
Найзағай жігіт қызғанып, тағы күркіреп,

Жете алмай қолы алыстан аңсап, сілкінед.

Бұлтқа айтқан сәлемін жаңбыр жеткізді,

Тамшымен келді мың тілек.


Ай да шын ғашық ұсталып қалды, ұялып,

Көрінбей көкте айта алмай сөзін тұр анық.

Сезіміменен сабырын сақтар бар әлем,

Махаббатымен тұр ғой құралып.


Назыңнан сенің, мөлдірер бейнең таңменен,

Сұлулығыңды суреттер бұлбұл әнменен.

Көрікті әлем керемет болып кетті ғой,

Өзіңдей әсем жанменен!


Көңілім көкте, үніңді есітіп, самғадым,

Сағынышпенен сезімге өмір арнадым.

Жаныңның аңсап, жылылық ескен самалын,

Шөлдеумен келем қанбадым!

Шөлдеумен келем қанбадым!

02.06.2009жыл.


Ұйықтай ғой Жер Ана!
Ұйықтай ғой кірпігіңе ілінемін,

Мен сені күзетемін, сүйінемін.

Өзіңмен біздің жүрек бірге соғар,

Қуаныш күй әкелер күніне мың.


Ұйықтай ғой, тыныс алшы, тым балбырап,

Өзіңе қорған болып, шын жанды бақ.

Күн бойы бар адамды ойлағансың,

Көтеріп тауқыметін мың қалжырап.


Ұйықтай ғой, тым ерекше күй кешемін,

Түн тұйық, жыр дәптермен тілдесемін.

Өзіңмен өрге қарай өрлеп келем,

Қуанышыңа ортақпын күнде сенің!


Ұйықтай ғой әлемді ойлар Жер Анамыз,

Өзіңде барлық сыр да тұнған аңыз.

Мәңгілік болашақты уайымдайсың,

Өзіңдей асыл жан жоқ, қызғанамыз!


Ұйықтай ғой орны бөлек жүректегі,

Өзіңмен сезім шыңның дір етпегі.

Ажарың ай аймалап, ажарланса,

Үн қосар адамзаттың тілектері!


Ұйықтай ғой Жер ана!

03.06.2009жыл.



Ағаш адам.

Әлемде ғажайып көп, таңқаласың,

Көз тартар сұлулықпен арбаласың.

Адамзат табиғаттың бір бөлігі,

Сезесің, түсінесің, аңғарасың.
Ну орман арасында құшақ жайған,

Ағашты көріп қалдым шын мұңайған.

Сыңарын сағынғанын сездіргендей,

Боп-боз боп айырылғандай пәк шырайдан.


Жапырағы жел тиіп, сілкінгендей,

Көп нәрсеге жүреміз көңіл бөлмей.

Табиғат-тәрбиеші, таңданасың,

Түн ұзақ еске түсті ұйқым келмей.


Қаншама адамдар бар сағынысқан,

Жете алмай арманына сағым құшқан.

Көнеді, көнбесіне шарасы жоқ,

Байланған тағдырына бағыныштан.


Сол тағдыр осы ағашта емес пе еді?

Сыр тарттым, сөйлеспеді, кеңеспеді.

Баянын күтіп тұрған баяғыдан,

Қазіргі Қозыкөрпеш елестеді...

04.06.2009жыл.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет