Көші қон саясатының теориялық ЖӘне тәжірибе мәселесін талдау қазақстан Президентi Н. Назарбаев өзінің 14. 12. 2012 ж. «Қазақстан-2050»



Дата04.07.2016
өлшемі118.25 Kb.
#175970


Тасқұлов Б. И.,

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы

мемлекеттік басқару Академиясының

«Саясаттану» мамандығы бойынша магистранты


КөШІ - ҚОН САЯСАТЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕ МӘСЕЛЕСІН ТАЛДАУ

Қазақстан Президентi Н. Назарбаев өзінің 14.12.2012 ж. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі [1].

Біз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдің жекелеген өңірлеріндегі көші-қон қысымымен бетпе-бет келіп отырмыз.

Жалпы көші-қон адамзаттың маңызды мәселелерінің бірі болып табылады және әлеуметтік-экономикалық өмірдің көп жақтарына әсер ететін күрделі үрдіс ретінде қарастырылады. Көші-қон үрдістері адамзат тарихында маңызды роль атқарды, онымен шаруашылық жерді игеру, қоныс аударушылық, білім мен өндіруші күштерді даму тығыз байланысты. Оның әр түрлі аспектілері бар: сипаты, салдарлары және құрылымдары. Сонымен қатар, ол әр түрлі ғылымдарды зерттейді: демография, экономика, география, статистика, этнография, әлеуметтану және басқалар.

Көші-қон саясатын қарастыру келесі жағдайлар бойынша көкейкесті болып отыр. Соңғы жырмажылдықта посткеңестік кеңістіктің саяси және әлеуметтік жағдайына әсер еткен қоғамдық өзгерістердің салдарынан миллиондаған адамдар шет елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Күн сайын этносаяси және этноәлеуметтік сипатқа ие болып келе жатқан көші-қон саясаты егеменді елдердің жүргізген саясатына ғана емес, сондай-ақ, басқа территорияға қоныс аударған халықтың жеке бастық сипатын да өзгертеді.

Қазақстандық ғалымдар да көші-қонны қазақстандық қоғамымыздың демографиялық, саяси, ұлттық қауіпсіздік контекстілерінде зерттеп, өз еңбектерін, мақалаларын жариялады. Олар, Б.Г.Аяған, М.Б.Тәтімов, М.Х.Асылбеков, А.Б.Гали, К.Л.Сыроежкин, А.А.Нұрмағамбетов, т.б.

1997 жылы көші-қон процестерің саяси-құқықтық мәселесіне арналған зерттеу жұмысы жарық көрді. Бұл М.Б.Тәтімов пен М.А.Ақшалованың «Формирование самостоятельной демографической и миграционной политики РК», мұнда егеменді Қазақстандағы тиімді көші-қон саясатын жүзеге асыру тәсілдері әзірленген [2].

Н.Э.Масановтың «Положение этнических меншиств в суверенном Казахстане» еңбегінде, неміс, кәріс, ұйғыр ұлт өкілдерімен өткізген социологиялық сауал негізінде этникалық азшылықтардың құқықтары мен мемлекеттік саясат талданылады [3].

Н.В.Романованың «Этнополитиеские процессы в РК» атты еңбегінде Қазақстан Республикасындағы этноәлеуметті процестер саяси аспектіде қарастырылады. Мұнда Қазақстандағы этносаралық сенімді бұзбау керектігіне, келісім, өзара көмек қажет екендігі және қоғамдағы бірлесуге көші-қонмінез-құлық басты ықпал ететін факторлардың бірі болып табылатындығы атап өтіледі [4].

Г.М.Меңдіқұлованың «Исторические судьбы казахской диаспоры на протяжении XVI-XX вв. и современное состояние» деген тарихнамалық еңбегінде қазақ диаспорасының т.б. әлем елдеріне таралуы, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің еңбек көші-қоны, 1990 жылдардағы қазақтарды репатриациялау және қазақ диаспорасының этникалық бірегейлігінің сақталуы проблемасы зерттелген [5].

Көші-қон саясаты дегеніміз – бұл тұрғын халықтың көшіп қонуына алып келетін әлеуметтік мінез-құлықтың, әрекеттің бір түрі немесе элементі болып табылатын көші-қондық қозғалысқа деген ықпал ету. Біздің елімізде көші-қон процестері ынталандырушы және шектеуші іс-шаралар арқылы реттелінеді. Шектеуші іс-шаралар таңдаулы түрде қолданылады, әсіресе ірі қалаларға деген көші-қонға байланысты. Ал елдің экономикалық дамуына қарай ынталандырушы экономикалық іс-шаралар кең қолданыла бастайды.

Қазіргі таңда мамандардың көші-қоны біліксіз жұмыс күшінің себептерімен ұштасып жатыр. Бірінші кезекте мемлекеттердің әлеуметтік және экономикалық дамуының әр түрлі деңгейлігін қарастыру керек. Оқымыстылар мен мамандар бөтен елде өзін-өзі жетілдірудің негізгі компоненттері: жоғары деңгейлі материалды жағдай, шексіз мүмкіндіктерін, лаборатория құралдарын және де демократиялық еркіндік пен азаматтық құқықтарын тапса, сол елдің пайдасына өз елін тастайды.

Мамандардың көші-қоныңың мемлекеттерге тигізетін салдарлары біліксіз жұмысшылардың салдарымен салыстырғанда өте жақсы. Біліксіз жұмысшылардың көші-қоны донор-ел үшін пайдалы, өйткені ол арқылы жұмыссыздықты қысқартып, оған байланысты әр түрлі шығындарды азайтады, сондай-ақ, эмигранттар тапқан пайдасын елге жіберу арқылы отандық экономиканы валюталық ресурспен қамтамасыз етеді.

Инженер-техникалық және білікті мамандарды көші-қондау кезінде донор-ел жеңілісте қалады. Өйткені бұндай мемлекеттер экономиканың ғылыми-техникалық революция жағдайында отандық нарық интеллектуалдық элита мен жұмыс күшінің негізгі «сорпасынан» және осы кадрларға кеткен барлық шығындардан айырылады. Осылайша донор-ел бүгінгі жағдайын нашарлатып, болашақтағы даму перспективаларын жоғалтады. Сәйкесінше бір елдің жоғалтқаны өзге елдің табысымен ұштасып жатады. Белгілі санақ бойынша АҚШ-тың білім және ғылым саласында үнемдеген қаражаты соңғы ғасырдың ширегінде 15 млрд. долларды құраған. Канаданың шетелдік мамандардан түсетін пайдасы дамушы елдерге бөлініп жатқан қаражаттан 7 есе, ал Ұлыбританияның пайдасы 3 есе соманы құрайды.

Қазіргі кезеңдегі әлемдегі жаһандану процесіне байланысты, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі контекстіндегі көші-қон саясатының қалыптасуы мәселесі өте өзекті. Өйткені, еліміздің саяси режиміндегі және әлеуметтік-экономикалық құрылымындағы өзгерістер жаңа көші-қонжағдайдың пайда болуына әкелді. КСРО-ның ыдырауына орай, Одақ ішінде болатын көші-қон процестер трансшекаралыққа айналды. Мәжбүрлі қоныс аударушылар мен «босқындардың» саны артуда. Әсіресе «жақын» және «алыс» шет елдерден келетін жұмыс күші мигранттары, яғни гастарбайтерлер елімізде көбеюде, ал бұлар біздің қоғамымызда біртіндеп «бесінші бағанды» қалыптастыруда.

Себебі олар мәдени жағынанда, менталитеті жағынан да бізге бөтен болғандықтан, қоғамымыздағы қалыптасқан этномәдени тепе-теңдіктің бұзылуына, шикізаттар үшін күрестің өршуіне әкеліп, жаңа конфликтердің пайда болуына серпін берері сөзсіз. Ал уақыт өте келе дұрыстап орнығып алған соң, олар Қазақстандағы саяси және әлеуметтік жағдайға жүйелі түрде ықпал ете бастауы мүмкін. Өйткені Қазақстандағы барлық тұрғын халықтың саны бар болғаны 17 миллион ғана.

Еліміздің ресми 2012 жылғы 6-шы қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңында Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi (бұдан әрi - ұлттық қауiпсiздiк) - адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің серпінді дамуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi», - деп атап өтілген [6].

Қазiргi кезде Қазақстан Республикасы шетелдердегi қазақтарды репатриациялау процесiн жүргiзiп жатыр. Ол бүгiнгi күнi бiрiншi жоспарда тұр және осымен қатар бұл ағым бiрқатар уақытқа созылары сөзсiз. Қазақстан Республикасы келешекте демографтардың болжамдағандарындай халқы көбейiп кеткен елдердiң титулдық тұрғындарының ауқымды көші-қоныңа ұшыраса, онда жағдайы Батыс Еуропа елдерiндегiден де қауiптi болмақ. Өткені иммигранттарды қабылдаушы Батыс Еуропа елдерi иммигранттардың шығатын елдерiмен шекараласпайды, ал Қазақстан Республикасы халқы көп Өзбекстанмен, әсiресе халқы өте тығыз қоныстанған Қытаймен шекаралас жатыр.

БҰҰ-ның мәлiметтерi бойынша 2012 жылы Орталық Азиялық аймақтың халқы 1,5 есеге, яғни 1994 жылдағы 54 миллионнан 75 миллионға дейiн жетедi екен. Осының iшiнде тек Өзбекстан тұрғын халқының саны 22,3-тен 33,2 миллионға артады деп күтiлуде. Ал бұл Қазақстанға көші-қонны күшейтедi, Қазақстан арқылы Ресейге транзиттiк көші-қонны ұлғайтады, осымен қатар әлеуметтiк шиеленiс пен әлеуеттi конфликтiлерге қосымша серпiн бередi.

Бұлардан шығатын түйiн, көші-қон саясатты ойластырып, таразылап алып барып жүргiзу қажет. Яғни, демографиялық түсiнiктер бойынша қажеттi көші-қонға есiктi жаппайтын, осымен қатар оны өте кең және бақылаусыз ашып тастамайтын болуымыз керек. Осымен бiрге имкөші-қонбақылау әрдайым тиiмдi болмайтыны да ескерiлуi тиiс. Мигранттардың заңды ағымы жанында әрқашанда заңсыз мигранттар болады, ал көршiлес мемлекеттерден келетiн заңсыз мигранттармен күресу күрделi iс. Бұған АҚШ-тың тәжiрибесi дәлел болады. Олар әлi де, көршiлес, жақын жатқан Мексикадан келетiн заңсыз имкөші-қон ағымын тоқтата алмауда.

Көші-қонға байланысты туындайтын проблемалар оны реттеумен, квоталаумен, заңсыз мигранттарды депортациялаумен және т.б байланысты, ол ең либералды деген мемлекеттердiң өзiнде де азаматтық еркiндiк пен адам құқықтары туралы қалыптасқан түсiнiктерге күдiктене қарауға әкеледi.

Сондықтан, мемлекет интеллектуалдық көші-қонны реттеу үшін осы салада мынандай саясаттарды жүргiзуi керек. Оның бiрiншiсi - белсендi реттеу концепциясы. Мұның жақтастары мемлекетаралық интеллектуалдық көші-қон процесiне мемлекеттiң араласуын дұрыс деп санайды. Бұл концепцияны негiзiнен «ақыл-ойдың кетуiнен» көп зиян көрiп отырған донор-елдер ұстануда. Олар араласудың құқықтық тетiгiне акцент келтiредi, яғни мигранттардың қайта оралуын реттейтiн және қызығушылықтарын туғызатын халықаралық құқықтық актiлер мен келiсiмдердi жасауды ұсынады.

Араласпау концепциясы негiзiнде интеграцияланып жатқан елдегi адамның еркiн қозғалып-тұруы жөнiндегi құқықтың бар болғандықтан, мемлекетте жоғарғы бiлiктi кадрлардың көші-қоның және көші-қоның реттеудiң принциптi түрде болмайтындығын бейнелейдi. Бұл концепция әсiресе, реципиент-елдерде белгiлi болған жай.

Перспективаға бағдар ұстау концепциясы интеллектуалдық көші-қонды реттеу проблемасы келешекте жеке тұлға мен мемлекеттің және эмигранттың шыққан елiнiң мүдделерiн сақтай отырып, шешiлетiндiгiн көздейдi. Ол үшін мемлекеттiң мүдделерiне қарсы келмейтiн және мигранттың құқықтын бұзбайтын халықаралық нормаларды келiсе отырып әзiрлеу қажет.

Белгiлi саясаттанушы А. Нұрмағамбетов интеллектуалдық көші-қонның елiмiздiң қауiпсiздiгiне қатер келтiретiндiгiмен келiсе отырып оны шешудiң мынандай жолын көрсетiп бередi. Ол бойынша «ақыл-ойдың» кетуi мәселесiн Орталық Азияның басқа елдерiнен шыққан бiлiмдiлер арқылы шешу қажет. Өткені, қазакстанның басқа Орталық Азиялық мемлекеттерге қарағанда экономикалық жағдайы бiршама жақсы, соған байланысты жеңiл визалық режим, арзан тұрғын үй, жұмыс беру арқылы Орталық Азияның басқа елдерiнен «ақыл-ойды» тарту барысында Қазақстаннан «ақыл-ойдың» кетуiнiң орнын толтыруға болады, - дейдi[7].

Келешекте бiздiң территориямызда тәжiк, қытай, т.б. этникалық көпшiлiктiң территориялық анклавының қальтптасуын болдырмау керек. Ол үшін, бiрiншiден, мигранттардың, әсiресе, қытайлықтардың бiр жерге шоғырланбауын қадағалау қажет. Екiншiден, басқа елдерден келетiн еңбек мигранттарына жылдық квотаны бекiту және гастарбайтерлер үшін (Швейцарияның үлгiсi ретiнде) ротация жүйесiн енгiзу керек.

Ал Қазақстанның ресми 2012 жылдың 6-шы қаңтарында қабылданған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңына келер болсақ, мұнда: «ішкі істер органдары - қоғамдық тәртіпті сақтауды, қылмысқа, есірткі заттары мен қарудың заңсыз айналымына, бақылаусыз көші-қонға қарсы күресті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын, қылмыстық жазалардың орындалуын, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді ұйымдастыратын атқарушы органдар» деп атап өтілген.

Бұл Заңда бірден қауіпсіздіктің үш объектісі - жеке тұлға, қоғам және мемлекет сөз болады. Қаіпсіздіктің көптеген аспектілері туралы, мәселен, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, әскери, шекаралық, ақпараттық, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрғын халықтың да, жоғарыда айтылғандай демографиялық қауіпсіздік те қарастырылған.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезде Қазақстан қауіпсіздік мәселесін анық түсінді, оған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтқан сөздері дәлел болады:

«Қауіпсіздіктің басымдылығы анық: егер біз оны сақтай алмасақ, онда тұрақты даму жоспарлары жөнінде сөз қозғаудың қажеттілігі шамалы».

Ұлттық қауіпсіздік елдің егемендігі, территориялық біртұтастығы, халықтың қорғалуы сияқты елдің негізгі және өмірлік маңызды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ұлттық қауіпсіздік бұл мағынада мемлекеттің өмірін қамтамасыз ететін жүйе ретінде алға шығады: ұлттық қауіпсіздік жоқ болса, мемлекет те жоқ.

Шектес елдерден келіп жатқан көші-қон ағынына бақылауды күшейту керек.

Перспективалық міндет ретінде біздің алдымызда шетелдік еңбек нарықтарына көптеп кетіп қалмауы үшін отандық білікті мамандарға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр.

Үкімет  2014 жылы  көші-қон мәселелерін шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуі тиіс.

Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2014 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет деген.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сыртқы саяси іскерлік өте маңызды. Осы мақсатта 1999 жылы 1999-2005 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік Стратегиясы қабылданды. Бұл Стратегия «қауіпсіздік» ұғымын кешенді қарастыруға жол ашты.

Алға қойылған мақсатқа жету үшін мынандай негізгі міндеттер шешілетін болады:


  • Көшіп кетуді азайту және тұтастай алғанда ішкі көші-қон бойынша теріс сальдоны азайту;

  • Бұрынғы отандастарымыздың отанына оралуына жәрдемдесу;

  • Көші-қон процестерін басқару жүйесін және заңнаманы жетілдіру.

Жалпы статистикалық мәлметтер бойынша 2013 жылдың қаңтар-шілдесінде Қазақстан Республикасына барлық ағындар бойынша келгендер 173 690 адамды, кеткендер 174 362 адамды құрады. 2012ж. сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 12 230 адамды, Қазақстаннан кеткендер саны 12 902 адамды құрап, сәйкесінше 32% (17 974 адам) және 18,1% (15 751 адам) азайды. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен орын алуда. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің саны, тиісінше, 10 100 (15 063) және 12 076 (14 952) адамды құрады. 2013 жылдың қаңтар-маусымында басқа мемлекеттерге кеткендердің жалпы санынан орыстар - 70,9% (73,8%), украиндықтар - 8% (7,6%), немістер 6,4% (5,5%) құрады, ал келгендердің ішінен қазақтардың үлесі 62,3% (69%), қырғыздар - 4% (1,8%), өзбектер - 2,5% (2,6%), әзербайжандар – 2,2% (2,2%) құрады.

Республикаға келгендердің үлкен үлесі Маңғыстау – 2 114 (немесе республикаға барлық келгендердің 17,3%-ы), Оңтүстік Қазақстан – 1 601 (13,1%) және Алматы – 1 476 адам (12,1%) облыстарына тиесілі, ал кеткендердің ішінен Қарағанды – 1 943 (немесе барлық кеткендердің 15,1%-ы), Шығыс Қазақстан – 1 533 (11,9%), Павлодар – 1 418 (11%), Солтүстік Қазақстан – 1 338 адам (10,4%) облыстарының үлесіне тиесілі.


Қалалық өңірде ішкі көші-қонды қоса есептегенде көші-қонның оң айырымы қалыптасып, 13 929 (15 366) адамды; келгендер саны 113 895 (140 203) адамды, кеткендер саны 99 966 (124 837) адамды құрады. Ауылдық өңірде теріс халық көші-қон айырымы қалыптасып, -14 601 (-13 143) адамды; келгендер саны 59 795 (71 372) адамды, кеткендер саны 74 396 (84 515) адамды құрады.

2013 жылдың қаңтар-маусымында Астана – 6 130 (11 743) және Алматы – 2 542 (3 571) қалаларынан, сонымен қатар Алматы – 3 211 (3 370), Маңғыстау – 1 044 (1 777) адам облыстарынан басқа өңірлердің өңіраралық көші-қонында теріс айырым калыптасты. Теріс айырымның үлкен үлесі келесі облыстарда байқалды: Оңтүстік Қазақстан облысында –4 569 (-5 344), Жамбыл облысында –2 613 (-4 121), Шығыс Қазақстан облысында –2 468 (-2 617), Қарағанды облысында –1 107 (-1 289) және Солтүстік Қазақстан облысында –983 (-1 749) адам.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, демографиялық процестердің барынша маңыздылығы болғанымен, демографиялық қауіпсіздік пен оған көші-қонның ықпалы жөнінде айтқанда олар жалғыз емес. Демографиялық және демографиялық емес логика түрлері қашан да қайшылыққа түседі. Сондықтан да демографиялық мүдделерді шын мәнінде дұрыс қарастырған жоқ.

Жоғарыдағы мәселелерді талдай отыра оны жүзеге асыру үшін мынандай ұсыныстар келтіреміз:



  • ғылым саласындағы менеджерлерді дайындайтын оқыту бағдарламаларын жаңарту;

  • білікті мамандардың орнын толтыру (экономикалық жағдайы Қазақстанға қарағанда біршама төмен Орталық Азияның басқа елдерінен шыққан білімділерді тарту жолында тұрғын үй, виза алуды жеңілдету арқылы Қазақстанда болған «ақыл-ой көші-қоны» мәселесін шешу қажет);

  • басқа мемлекеттен келіп жұмыс жасайтын азаматтар үшін салық заңнамасында өзгеріс енгізу;

  • әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру жөніндегі бағдарламалар жүйесін жасау (тұрғын үй мәселесін шешу, яғни ғылыми дәрежесі неғұрлым жоғары болса, үй алу рәсімі соғұрлым жеңілдетілген болуы керек);

  • білікті мамандарды, әсіресе, шет елдерде оқып немесе қызмет етіп келген азаматтарды жоғарғы оқу орындарына қызметке тарту (бүгінгі күні Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында, көбінесе, кешегі студент қауымы қызмет атқарады, яғни олар керекті біліктілікті бойына сіңірмей жатып, мектепті жаңа бітіріп келген жас балаларды оқытады. Ал оның өзі болашақ маманның қасиеті мен біліктілігін дамытудың орнына, оның потенциалын жоғалтып алады);

  • Ұлттық қауіпсіздік аясында көші-қон саясатын реттеу үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитеті қызметін күшейту қажет.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келіп, Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының басты мақсаты – көші-қон процестерді басқару, мигранттардың интеллектуалдық және еңбек потенциалының жүзеге асуына, елдің және оның аймақтарының әлеуметтік-экономикалық берік дамуын, демографиялық дамуына, яғни халықтың көбеюіне немесе тұрақтануына ықпал ететін және мемлекетіміздің біртұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болу керек екендігін айқындадық.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. www.akorda.kz ҚР Президентінің ресми сайты

  2. Татимов М.Б., Акшалова М.А. Формирование самостоятельной демографической и миграционной политики РК. – Алматы: Агроуниверситет, 1997. – 113 б.

  3. Масанов Н.Э. Положение этнических меньшинств в суверенном Казахстане Центрально-Азиатский проект. – Алматы,1997. – 79 б.

  4. Романова Н.В. Этнополитические процессы РК. – Алматы: Казахстан, 1998. – 67 с.

  5. Мендекулова Г.М. Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие. – Алматы: Ғалым, 1997. – 264 c.

  6. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы: ҚР Заңы. Алматы: Жеті Жарғы, 2012.

  7. Нурмағамбетов А.А. Образовательная политика Республики Казахстан в контексте трансформации системы высшего образования. Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 354 с.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет