КҮРЕҢбел өҢіріне этно-тарихи экспедиция



Дата17.06.2016
өлшемі99.68 Kb.
#142908
ӘӨЖ 323:908] (574)
БАЙЖҰМАНОВА З.Б.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері


КҮРЕҢБЕЛ ӨҢІРІНЕ ЭТНО-ТАРИХИ ЭКСПЕДИЦИЯ
Аннотация

Мақала Алматы облысы, Кербұлақ ауданы аймағынан жинақталған ауызша тарих материалдары негізінде өрбиді. Күреңбел өңірінің қысқаша тарихи оқиғалары мен би-болыстардың, батырлардың ерлік істері жайлы баяндалады. Сонымен бірге, осы өңірдің тамаша табиғаты жайында да мағлұматтар қарастырылады.



Кілт сөздер: Күреңбел, Алтынемел,Айғайқұм, Тезек төре, би, батыр,ру, ауыл, табиғат, жер.
Отандық тарих ғылымын кеңейту негізінде Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Халық тарих толқынында» атты бағдарламаның «Жүз ауыл», «Жүз қария», «Ою-өрнек құпиясы», және «Шежіре» тақырыптары бойынша Қазақстанның барлық облыстарына, аудандарына, ауылдарына этно-тарихи экспедиция жасалынып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы тұрғыда Алматы облысы, Кербұлақ ауданы өңірінен ауызшадеректер алынды. Аталмыш аймақтағы халықтардың тарихы, мәдениеті, өркениеттілігі, кәсібі және ел ішіндегі аты аңызға айналған адамдар жайлы материалдар жинақталды. Осы ауданданға қарасты Басши ауылының тұрғындары зейнеткер ұстаз Баққожаев Нүсіпқожа Иманқұлұлымен, Өмірбек Жақыпбек Самылтырұлымен, Шаңқанай ауылының тұрғыны Нұртай қажы Айдынбайұлы, Қызылжар ауылының тұрғыны Сырлыбеков Баян сияқты т.б.көптеген ауыл тұрғындармен кездесіп, сұқбаттар алынып, сауалнамалар жүргізіліп, олардың білгендері, көнекөз қариялардан естігендері бойынша мәліметтер жинақталып, жазылып алынды.

Іле мен Жоңғар Алатауының аралығында орналасқан тарихы терең, тамашатабиғаты бар, қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданының аймағын сонау ерте заманнан бері халық «Күреңбел» деп атайды. Олай аталуының өзіндік бір себебі кезінде Асан Қайғы бабамыз Желмаясына мініп, Жерұйықты іздегенде Іленің шығыс жағына өтіп, Матай тауының бөктеріне келгенде осы маңды көріп «Құты да жоқ, жұты да жоқ, күрең ғана бел екен»,- деген екен. Сол ерте кезден бастап бұл өңір «Күреңбел» -деп аталып кеткен. Күреңбел маңы қыста қалың қарлы, жазда көк майса жайлау, көктем кезінде жазығындағы жайқалған алқызыл қызғалдағын арнайы егіп өсірген секілді, көздің жауын алатын тамаша табиғаты бар, шөбі шүйгін, бидай, арпа сияқты дәнді дақылдар өсетін, Алтынемел асуы, Матай тауы, Архарлы асуы, Айғайқұм, Қоянды, Быжы, Кескентерек, Кербұлақ, Терісаққан т.б. сияқты таулы, өзенді, асулы жерлері бар өңір бұл осы Күреңбел.

Бұл өңірде көбінесе Жалайырлар, Қаңлылар, Шапыраштылар, Албандар, Жағалбайлылар, Керейлер, Қарақалпақтар сияқты көптеген рудың ұрпақтары аралас мекен етеді. Осы рулардан басынан сөз асырмағанбилер мен елін жаудан қорғаған көптеген батырлар шыққан. Солардың бірі тарих бетінде аттары қалған Тезек төре, Балпық би, Малайсары батыр, Жоламан батыр, Сәмен батыр, Жайнақ батыр, Шормақ батыр, Дос батыр, Тіленші қажы, Қожбамбет би, Дәулет би, Матай би, Қазыбек бек Тауасарұлы, Бармақ батыр, Құлжабай әулие, Шормақ батыр, Бөлек батыр, Рахым би, Жамбай батыр, Құндақбай мерген т.б. сияқты би-батырлар жайлы да көптеген аңыз әңгімелер мен деректер де баршылық.

Бұл Күреңбелқазақтың атақты ғалымы, этнограф, тарихшы, Ш.Ш.Уәлихановтың сүйегі жатқан жер. Тезек төре аға сұлтан болып тұрған шағында Шоқан Тезек төренің қарындасы Айсараға үйленіп өмірінің соңғы күндерін осы өңірде өткізген екен. 1865 жылы қайтыс болғанда осы жерден топырақ бұйырыпты. 1881 жылы Шоқанның зиратына генерал Г.А.Колпаковский ақ мәрмәр тастан құлпытас қойыпты. Бұл құлпытас Шоқанның ғылымға сіңірген еңбегін ескере отырып, генерал губернатор Фон Кауфманның бұйрығы бойынша Орал тауында жасалынып, Жетісуға түйеге артып әкелініпті. Сонымен бірге мұнда Шоқанның 5 метрлік қола мүсінін Ленинградтың «Манетный дворынан» құйдырып әкеліп орнатқан. Ш. Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орайқазір осы жерде Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалдық мұражайы ашылып жұмыс істеуде.

Бұл өңірде бірнеше жыл төрелік еткен Абылайханның немересі Тезек төре. Оны тарихтанөзінің ақындығымен, шешендігімен, ел билеудегі парасаттылығымен, қайырымдылығымен, әділдігімен білеміз.Тезек төренің бірде қатар жатқан екі елдің малы көбейіп жерге таласып, төреге жүгінгендегі дауды шешіп, адал шешімін айтуын мынадан көреміз. «Бұл қазаққа айтар сөзім екі ру жайлаған қоныстарының екі шетінен екі балаға ат мінгізіп, бір мезгілде жіберіңдер. Сол балалар аттары түйіскен жерден екіге бөлініп, тату-тіршілік етіңдер. Бала періште емеспе», – депті. Төренің ақылына тоқтаған екі ел байлардың малы үшін алыспай бейқұт тірлігін жалғапты. [3, 49-б.] Осы өңірде ол отыз жылға жуық аға сұлтан болып билік құрып, Күреңбел өңіріндегі Алтынемел, Қоянкөз, секілді жерлерін көктеуі мен күзеуі етіп, Аралтөбе, Қалмаққора, Басши сияқты жерлерін қыстауы етсе керек. Тезек төренің кезінде жер дауы, жесір дауы, адам дауы, құн дауы, мал дауы т.б. дауларды шешуде Албан, Суан, Жалайыр руларының болыстары, билері, шешендері осы Күреңбел өңірінің, бұрынғы «Төгерек» қазіргі «Басши» жерінде бас қосқан екен.Оны бұл шынайы ұлттық - құрылтайларын өткізетін жер Жоңғар тауының бір шеті «Ұзынбұлақ» жайлауындағы қолайлы жер белгіленген. Ол жер Қарағайлы жайлауындағы – «Майлы ошақты»–деген жерді таңдапты. Оңтүстігінде «Найза-тапқан» –атты ежелгі шипалы арасаны бар. Осы Майлы ошақтыда олар екі-үш жылда бір рет жиналып дау шешкен екен. Майлы ошақтыдақазірге дейін қырық ошақтың орны бар. Бұл Ынталы, Сәтті жол, Қоңырөлең, Сары төбе, Көктал, Жаркенттің, Күреңбелдің Қоғалысынан арғысы Талдықорған Балқаштан, Үшарал, Ақсудан жиналған ақсақалдардың дау шешетін құрылтайы болғандығын дәлелдейді.

Сол кездері Күреңбел маңына жоғарыда аталған Жалайырлар, Жағалбайлылар, Керейлер, Қаңлылар, Қарақалпақтар сияқты рулардың ұрпақтары көшіп келіп, Тезек Төреден жер сұрап алып, осы өңірде қоныстанып осы күнге дейін тұрып қалған екен.Жағалбайлылардың тұрақтап қалуының бір себебі: Жоңғар соғысы кезінде Әбілхайыр хан кіші жүз азаматтарын осы маңға соғысқа бастап келгенде Жағалбайлылар құрамында келеді. Содан Жағалбайлы атамыздың балалары осы маңда қалып қалса керек. Сонымен бірге, Керейлер Кененсары әскерімен осы маңда Қырғыздармен соғысуға келіп, қалып қалса керек. Сол кезде Іленің сол қанаты түгелдей Шу, Талас өңірі түгелдей Балқаштың батыс тұмсығына дейін Қырғыздар жаулап алыпты. Содан Қырғыздарға Кененсары соғыс ашып, жоғарыда аталған жердің бәрін қазаққа қайтарып алыпты. Сол Керейлердің қалдығы күні бүгінге дейін осы Кербұлақ ауданының әр ауылдарында тұрып жатса керек.Сол кездері бұл маңға Қаңлылар да келіп қоныстаныпты. Қаңлыларды, Қаңлының Бадырақ руынан шыққан Жамбай деген кісі бастап келіп, Тезек Төреден жер алып, тұрақтап қалыпты.Жалайыр руының Ақбұйым ұрпақтары да Тезек Төреден жер сұрап келіп, осы маңда тұрақтапты. Бұл Жалайырларды Құлжабай деген әулие кісі бастап келіпті. Ол кісі үнемі өгізге мініп жүретін кісі болса керек. Құлжабай әулие деп аталу себебі көріпкелдігі бар, емші, киелі аруақты адам болған екен.Қарақалпақ руынан шыққан Малдыбай деген би, барлық Қарақалпақ руластарымен жиналып, осы Матайдың тауының бөктеріне келіп, Тезек Төреден жер алып, ол да руластарымен осы маңда тұрып қалыпты.

1852 жылдары бұл маңға орыстар да келіп бекініс сала бастапты. Орыстардың келгеніне наразы болған осы маңдағы Шапырашты руы орыстармен соғыса бастайды. Орыстардың зеңбірегінен, қару-жарақтарынан қорыққанШапыраштылар Іленің арғы жағына Қытайға қарай өтіп кетіпті. Кейіннен Шапыраштының Түрікпен руынан шыққан Смайыл деген кісі Іленің арғы жағына өтіп кеткен руластарын қайта ата-қонысына көшіріп келеді. Содан осы руластарының басын қосып Смайыл ақсақал оларға болыс болады.

Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы XVIII ғасырда өмір сүрген. Сол кездің өзінде көзі ашық сауатты, тарих, әдебиет т.б. салаларда білім алған. Қазақ тарихына үлкен үлес қосатын «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабын өскелең ұрпағына мол мұра етіп қалдырған. Осы кітабы арқылы XVII - XVIII ғасырлардағы болған соғыстар жайлы, сонымен бірге, біз біле бермейтін көптеген батырлардың ерлік істері жайлы, өз көзімен көргендерін жазып қалдырған. Бұл кітабында қазақтың шежіресін, сондай-ақ, Әбілхайыр хан, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке сынды билердің Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Наурызбай сияқты батырлардың өзі куә болған ерлік істері жайлы да баяндалады. Аңырақай шайқасында Ұлы жүз қолының қолбасшысы болып, осы соғыс жайлы нақты дерек жазып қалдырған бірден-бір тұлға.

Шормақ батыр шамамен 1780 жылдары туған. Албан елінің, Қоңырбөрік руынан тараған. Осы рудың биі, әрі еліне белгілі батыр болған. Қазіргі осы Кербұлақ ауданы (Күреңбел өңіріндегі) Басши ауылы аймағында өмір сүрген. Қырғыздардың Қарабатыр деген батыры бастап барымталық жасап, қазақтардың тыныштығын ала берген соң Шормақ батыр Қарабытырды өлтіріп кек алады. Ол жөнінде Ерғали Ахметұлының 1997 жылы 31 қазанда «Жетісу» газетіне жариялаған «Шормақ батыр»,– атты мақаласында былай делінген: «Қырғыздардан шыққан Қарабатыр деген мықты Албан, Суанның, оның ішінде Сарқұлдардың жылқысын айдап әкетіп тыныштық бермейді. Ол кезде Шормақтың жиырманың ішіндегі қылшылдаған қылыштай, күш-қуаты тасыған, батылдығымен, батырлығымен ел аузына түсе бастаған кезі екен. Шыдамы таусылған ол Қарабатырдан кек алуға ақсақалдардан рұқсат сұрайды. Олар ары кеңесіп, бері кеңесіп ақыры рұқсат береді. Керегінше адам ертуге ақыл қосады.

Шормақ жанына таңдап аз ғана жігіт алады. Сөйтіп, Қарабатыр жайлайды деген жайлауға келіп, сол маңдағы елден сыр тартады. Сөйтсе Қарабатыр басы тұйық бір салалы ұзын сайды жайлайды екен. Сайдың аузындағы кіре берісті күндіз-түні күзетіп, рұқсатсыз ешкімді өткізбейтін елу шақты сарбаз ұстайды. Сондықтан өзі еш қауіпсіз ауылында еркін жататын көрінеді. Барымтамен әкелген жылқыны өз жылқысына қосып, мыңғыртып сай-салаға айдап тастайды екен.

Шормақ батыр әлгі сайдың тұйығымен кіретін жол көрсететін адам іздейді. Ақыры Қарабатырдан жәбір көрген ондай бір адам Шормаққа тұйықтан түсетін қиын соқпақты көрсетіп береді. Сол аң жүретін соқпақпен түскен Шормақ Қарабатырды айқас үстінде өлтіреді. Ауылды жау шапқанын, Қарабатырдың өлгенін естіген сай аузындағы күзет бытырай қашады. Сай басындағы жылқыны тұтасымен айдап әкелген Шормақтың жігіттері малды Албан ауылдарына, Іледен өткізіп Суан ауылдарына таратып бергендігі», -баяндалған [1].

Суан руынан шыққан Қожбамбет Ебейұлы 1815-1883 жылдар аралығында өмір сүрген. Оның жас кезінен ақ өте алғыр, қабілетті екендігі байқалады. Сонымен бірге, көріпкелдігі бар, сөзге шешен, батыл мінезді кісі болады. Әрдайым әділ шешім айтып, әділ би атанған Қожбамбетті басқа рулар да өздерінің дау-дамайларын шешіп беруге араластырған кездері болған екен. Қожбамбет Тезек төренің он екі биінің ішіндегі ең сенімді, ақылман бас биі болады.

Қожбамбет жайлы 1964 жылы Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы шығарған «Айтыс» кітабында Сүйімбай мен Тезек төренің айтысынан, мынадай үзінділер келтіріледі. [2, 115-б.].
Қожбамбет Суандағы сен бір дүлдүл,

Қашекеден қан жайнақ сен бір бұлбұл.

Төрем пысық болды деп Албан, Суан,

Жайдақ атқа мінгендей жұлқынып жүр.
Ал Біржан мен Сара айтысында
Ақ Найман, Қожбамбетке Арғын жетпес,

Төртуыл Қаратайдан қазақ өтпес[2, 145-б.].
деп Сараның әнге қосуы да, сол кездегі Қожбамбеттің ел арасында беделінің жоғары екендігін аңғартады. Қожбамбет би әрдайым Тезек төренің қасында болып, түрлі шешімдерге араласып, тіптен Бақтыбай мен Тезек төренің айтысында бұл айтысқа әділ шешім айтып, төрелік те жасайды. [2, 301-б.].

Күреңбел өңірінің басты байлығы оның табиғатында. Алтынемел Мемлекеттік ұлттық табиғи қорығындағы Айғайқұм, Бесшатыр, Ақтау, Қызыл ауыз, Тайғақ атты жерлері тарихи мұралар мен табиғаттың тамаша жаратылыстары бар өңір. Алтынемел қорығы Қызыл кітапқа тіркеле бастаған аң мен құстардың сақталуына дәнекер болған жер. Алтынемел ұғымы «алтын» ол кәдімгі алтын болса, ал «емел» көне монғол тілінен аударғанда ер-тоқым яғни «алтын ер» деген мағананы білдіреді екен.Бұл асудың осылау аталуына байланысты бернеше аңыздар да баршылық. Бұлай аталу себебі Алтынемел асуы шығыс жағынан қарағанда кәдімгі ер-тоқым секілді көзге көрінетіндіктен осылай «Алтынемел» деп аталса керек. Бұнда Қызыл кітапқа енген 21 түрлі өсімдіктер өседі. Сонымен бірге, 260 омыртқалы аңдардың түрі бар. Бұл Қазақстан фаунасының 31,2 пайызын құрайды екен [3, 56-б.].Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғат бағындағы ерекше табиғат ғажайыбы ол аты әлемге әйгілі «Айғайқұм». «Айғайқұм» деп аталуы, бұнда бара қалсаңреактивті самолет дыбысына ұқсас шу құлаққа естілуіне байланысты осылай аталған болсакерек. Алайда құм төбеге шыға қалсаңыз, аяғыңыздың астынан құмның ысылдаған дыбысын естисіз. Осылайша құм төбенің басына қалай шыққаныңызды білмей қаласыз. Ал төбеге шықан соң, аяқ астынан жел соқса құмның сырнайдан да таза үнін естіп рахаттанасыз. Сонымен бірге, «Айғайқұм» жайлы көптеген аңыздар да баршылық. Соның бірі бұрынғы уақытта мал бағып жүріп сол маңға барғанда малдар құмнан жүре алмай жатқанда адамдар «айқай», «айқай»,– деп малды айқайлап айдағаннан «Айғайқұм» аталыпты деп те айтады. Келесі бір аңыз: «Бұл өңірде керемет бір сұлу қыз болыпты оған пері ғашық болыпты. Сонда қыз «мен адамзаттан теңімді таптым, тыныш өмір сүруіме мұрсат бер», – дейді. Бірақ пері қызға «көнсең сүйікті әйелім боласың, көнбесең жердің әдемі бедеріне айналдырамын», – деген сертін ұстайды. Сөйтіп, пері ыңғайына көнбеген қызды жердің көрікті айдарына айналдырып, Іле өзенінің шығысындағы Қос Қалқаның ортасындағы әдемі айдар – Айғайқұмға айналдырады», –екен [3, 58-б.]. Міне осындай таңғажайып табиғаты бар,әділ шешім айтып, елін аузына қаратқан би-болыстары болған, елін, жерін, жаудан қорғап ерлік көрсеткен батырлары болған,Күреңбел өңірінің тарихы жайында осындай деректер алынып, этно-тарихи экспедиция барысы сәтті аяқталды.



Әдебиттер

  1. Ахметұлы Е. Шормақ батыр // Жетісу – 31.10.1997.

  2. Айтыс. Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1964 . – 115, 145, 301 б.

  3. ӘлдібаевН. Киелі мекен Күреңбел. – Алматы: Мерей баспасы, 2013. – 49, 58 б.


References

  1. Ahmet Ergali. Shormak hero // Zhetisu – 1997

  2. Aitis. Kasak Memlekettik korkem adebiet baspasi 1964. – 115, 145, 301 р.

  3. Adephan Torehanuli. Elim darhan, zherim bai. Almaty Merei baspasi, 2013. – 49, 58 р.


БАЙЖУМАНОВА З.Б.

Институт истории и этнологии имени Ч.Ч.Валиханова,

Младший научный сотрудник Отдела историографии, источниковедения и современной методолгии
ЭТНО-ИСТОРИЧЕСКАЯ ЭКСПЕДИЦИЯ В РЕГИОНЕ КУРЕНБЕЛ
Резюме

В статье на основе анализа материалов историко-этнографической экпедиции в Кербулакский район Алматинской области представлены краткие сведения о истории региона. По материалам устной традиции казахов освещается жизнедеятельность батыров, биев-волостных этого края. Наряду с этим рассматривается природа и достопримечательности Кербулакского района.



Ключевые слова: Куренбель, Алтынемель, Айғайқұм, Тезек төре, би, герой, род, село, природа, земля.
Z.B. BAIZHUMANOVA

Institute of History and Ethnology named afterCh.Ch.Valikhanov,

Junior Research Fellow of the Department of Historiography, Source Study

and Modern Methodology,


ETHNO-HISTORICAL EXPEDITION IN KURENBEL REGION
Summary

In this paper the author presented some short information about the history of Kerbulak district of Almaty region (based on materials of ethno-historical expedition). The life activity of batyrs, volost’ bis of this land was highlighted basing on Kazakh oral tradition materials. Along with that the nature and attractions of Kerbulak region are considered in this paper.



Keywords:Kurenbel, Altynemel, Ayghaykum, Tezek tore, bi, hero, kin, village, nature, land.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет