Кредиттік оқыту жүйесі жағдайында оқытудың белсенді әдістерін қолдану тиімділігі



Дата09.06.2016
өлшемі55.5 Kb.
#124751
ӘОЖ

543.00


Кредиттік оқыту жүйесі жағдайында оқытудың белсенді әдістерін қолдану тиімділігі
Б.С.Тантыбаева
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті, Өскемен
Қазақстан жоғары оқу орындарында кредиттік оқыту технологиясы енгізілгені бәріне мәлім. Мақалада кредиттік жүйе жағдайында оқытудың белсенді әдістерін қолдану тиімділігі көрсетілген

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың және дүниежүзілік білім бері кеңістігіне енудің негізі болып кредиттік оқыту жүйесіне көшу саналады. Жоғары оқу орындарының оқу процесіне кредиттік жүйені енгізудің негізгі мақсаты білім алушы жастарға білім беру жұмысын жақсартып, жетілдіру болып отыр.

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарына кредиттік технологияны енгізу себептері: еліміздегі білім беру жүйесін дүниежүзілік стандартқа келтіру, мамандардың дипломдарының халықаралық деңгейде жарамды болуы, отандық және дүниежүзілік еңбек рыногында біздің мамандарға деген сұраныстың биік деңгейге көтерілуі, біздің студенттердің шетелден білім алуына жағдай туғызу, шет елдермен студенттерді, оқытушыларды, мамандарды академиялық ауыстыруға мүкіндік жасау. Кредиттік оқыту технологиясы Қазақстанның дүниежүзілік деңгейге көтеріліп, біздің ұлттық білім беру бағдарламамызды халықаралық дәрежеде тануға мүмкіндік береді.

Еліміздегі білім беруді дамыту Концепциясына орай Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары үш деңгейлік жүйеге- бакалавриат, магистратура, докторантураға көшірілді. Оның негізгі бір кезеңі болып кредиттік оқыту жүйесін біртіндеп енгізу саналады. Кредиттік оқыту жүйесіне өту - жоғары білім берудің дамуының заңды кезеңі. Енді студенттер бұрынғыдай «сессиядан-сесияға» дейін деген ұранмен оқуды қысқартып, бүкіл оқу жылы бойы әр түрлі тапсырмаларды жүйелі түрде орындайтын болады. Студенттің жеке оқу траекториясын таңдауына мүмкіндік туды. Оның өзі оқытудың көп нұсқалығын мүмкін етеді. Егер оқу кестесі мүмкіндік берсе студент басқа бағыт бойынша, басқа мамандық бойынша сабаққа қатысуына болады. Нәтижесінде студент қосымша мамандық алып немесе аралас мамандануды меңгеруі мүмкін. Сонымен қатар олар басқа курстың және басқа мамандық студенттерімен араласа алатын болады. Кредиттік оқыту жүйесінің тиімділігі оқытушылар үшін де, студенттер үшін де айқын көрінеді, олар келесідей:



  • оқылатын пәндер саны қысқарады;

  • студент оқытушыны өзі таңдайды, оқу траекториясын белгілеуге эдвайзер көмекке келеді;

  • сынақ тапсыру болмайды;

  • студент өзінің білімділік бағытын пәндерді таңдау арқылы қалыптастырады,

  • білімді бағалаудың рейтингтік жолы білімді бағалауды шынайы әрі көрнекі етеді, студенттер білімі деңгейі жағынан ұпайлары арқылы айырылады;

  • студенттің күні бойы қолы бос болмайды;

  • алдыңғы қатарлы білім беру әдістері мен инновацияларды, интернетті, мультимедиялық сыныптарды қолдану мүмкіндігі артады.[1]

Жоғары оқу орнының оқу жүйесін тиімді ұйымдастыру студентті білікті болашақ маман ретінде жан-жақты дайындауға мүмкіндік береді. Қазіргі заман талабына сай біліктілігі жоғары маман тек дайын білім жүйесін қабылдаумен шектелмей, күрделі, шешуін күтіп тұрған мәселелерді қалтқысыз шешуге қажетті икемділіктерді шығармашылықпен меңгере білгені лайым. Осыған орай жоғары оқу орындарындағы оқыту мен білім беру бүгінгі студент, ертеңгі маман өзінің шығармашылық әлеуетін дамыта алатындай етіп құрылуы керек.

Кредиттік оқыту жүйесі жағдайында аудиторлық сағат пен өзіндік жұмысқа бөлінген сағат саны арасындағы қатынас 1:2 қатынасындай.

Дәстүрлі оқыту жүйесінде өзіндік жұмыс пен аудиториялық сабақтың қатынасын 1:3 қатынасындай болған. Оқытудың екі жүйесін салыстырудан біз мынадай тұжырым жасаймыз. Дәстүрлі жүйеде қолданған оқыту әдістемелері жаңа кредиттік жүйе жағдайында тиімсіз болады. Студенттерді белсендіріп, дербестік деңгейін дамыту үшін оқытудың белсенді әдістерін, ақпараттандыру көздерін ЭЕМ-ды, слайд лекция, мультимедиялық презентация, электрондық оқулықтарды қолданған абзал.

Осы айтылғандардан оқу процесінде белсенді оқыту әдістерін қолдану соңғы кезде өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Ондай белсенді оқыту әдістеріне жататындар: Іскер ойын-ІО, блиц ойын-БО, дәріс жағдаят-ДЖ, рөлді ойнау-РО, миға шабуыл-МШ, дөңгелек стол-ДС, Прессконференция –ПК, интервью дәріс-ИД, пікір сайыс-ПС, визуальды дәріс-ВД, дәріс провакация –ДП т.б.

Белсенді оқыту әдісінің (БОӘ) дәстүрлі оқыту технологиясынан келесідей айырмашылығы бар:

-студенттердің ойлау қабілетін белсендіреді және ол белсенділік ұзақ уақыт сақталып оқу жағдайында өз бетімен шығармашылықпен, мотивациялық дәлелденген шешімді тез қабылдауына мүмкіндік береді;

- серіктестік қатынасты дамытады, студенттердің ұжымда бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай туғызады;

- оқыту нәтижелілігі берілетін ақпарат мөлшерінің көбеюіне байланысты емес, оны өңдеу тереңдігінің және жылдамдығының өсуіне сәйкес артады;

- студент оқу барысында аса көп күш жұмсамай жақсы нәтижеге жетеді.[2-4]

Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында белсенді оқыту әдістерін қолданып дәрісті жүргізу әдістемесін ұйымдастыруға тоқталайық. «Бейорганикалық химияның таңдаулы тараулары» арнайы курсының мысалында белсенді дәріс жағдаятты (ситуация) ұйымдастыру әдістемесі біздің іс – тәжірибемізде келесідей көрініс тапты.

Аталған дәрістің негізінде өте жаңашыл проблема жатыр: ол студенттің алған білімін жаңа жағдаят мәселелерін шешуде қолдану икемділігін дамыту. Мұндай дәріс жоғары дәрежедегі, шығармашылық деңгейдегі сабақ түріне жатады. Студент мұндай сабақ үстінде дербестілік танытып, алдында тұрған мәселені шығармашылықпен орындауға ұмтылады. Дәріс жағдаятының мазмұны келесідей қағидаларға байланысты жобаланады:

-теориялық проблема (оқытушы берген ақпарат бойынша);

-жағдаят түріндегі мысал (оқытушы мысал келтіреді);

-жағдаятты шешу (студенттер орындайды);

- осы келтірілген схема бірнеше рет қайталанады.

Дәріс тақырыбы: Комплексті қосылыстардағы байланысты ВБ және кристалдық өріс теориясымен сипаттау.

Дәріс бағдарлама талабы бойынша баяндалады. Студенттер 1 курста теориялық бейорганикалық химия курсыннан комплексті қосылыстарды валенттік байланыс (ВБ) әдісімен сипаттауды біледі, сондықтан дәріс сабақты оқытушы аудиторияға тапсырма беруден бастайды әр студентке белсенді таратпа материал, комплексті қосылысты валенттік байланыс әдісімен сипаттау алгоритмі беріледі. Студенттер белсенді таратпа материалмен өз беттерімен жұмыс атқарады. Онда комплексті қосылыстың аты, формуласы және оны қалай сипаттау керек екендігі қысқаша беріледі.

Комплексті қосылыстардағы химиялық байланысты валенттік байланыс (ВБ) әдісімен сипаттау алгоритмі:



  1. Қосылыстың молекулалық формуласын жазу;

  2. Орталық атомды анықтау;

  3. Оның электронды ұяшықты және электрондық формуласын жазу;

  4. Қай d-орбиталі байланыс түзуге қатысатынын анықтау;

  5. Гибридтелу типін анықтау;

  6. Кеңістік конфигурациясын анықтау;

  7. Магниттік қасиетін, беріктігін анықтау.

Студенттер алгоритм бойынша берілген комплексті қосылысты сипаттап жауабын береді.

Енді осындан проблемалық сұрақ туындайды.

Студенттердің анықтауы бойынша калийдің гексацианоферраты парамагнитті, әлсіз комплекс.

Ал эксперимент нәтижесінде аталған комплексті қосылыстың берік екендігі анықталған.

Әрі қарай дәріс барысында оқытушы комплексті қосылыстарды сипаттауда қолданылатын кристалдық өріс теориясын береді. Онда d-орбиталь формасы, оның жіктелу параметрі, күшті және әлсіз өріс туғызатын лигандар жайлы баяндай келіп аталған әдіспен комплексті қосылысты сипаттау үшін валенттік байланыс әдісі қажет екендігіне тоқталады. Валенттік байланыс әдісінің артықшылық жағының бірі кеңістік конфигурациясын, гибридтелу типін, дәл анықтайтындығында екеніне баса назар аударады.

Дәріске 1 сағат уақыт бөлінеді. Оны ұтымды пайдалану үшін оқытушы бәрін өзі айтып бермей, проблемалық жағдаятты қолдана отырып, студенттердің өзіндік жұмысын қалдық білімдері негізіне сүйене отырып. ұйымдастырады.

Дәрісте алған білімдерін бекіту үшін оқытушы натрийдің гексхлорохроматы комплексті қосылысын сипаттауды аудиториямен бірігіп жүргізеді де, берілген қосылыстың қасиетті алғашқы комплексті қосылысқа қарама қарсы екенін студенттермен бірлесе отырып дәлелдейді. Аудиториядан оның себебін анықтауды сұрайды. Егер студенттер дәріс материалын түсінген болса оның лиганда табиғатына, қай қабаттың d – орбиталі комплекс түзуге қатысқанына, комплексті ион зарядына байланысты екенін түсіндіреді.

Оқытушы үйге К4 [Fe(CN)6] және К4 [Fe Cl6] қосылыстарын сипаттап келуді өзіндік жұмыс ретінде тапсырады.

Осыдан шығаратын тұжырымдама келесідей болады

Кредиттік оқыту жүйесі жағдайында дәріс сабақтарды бұрынғыдай дәстүрлі дәрістердегі сияқты оқытушы бәрін айтып бермейді. Студенттерді ізденуге баулып, материалды жартылай ізденгіштік әдіспен меңгеруге бағыттайды. Сонда кредиттік оқыту жүйесі жағдайында химияны тереңдетіп беруде дәріс сабақты ұйымдастыруда оқытушының бағыттаушы функциясы көрінеді. Аталған сабақта оқытушы мен студент арасындағы кері байланыс, ынтымақтастық, студенттік дербестілігі мен ізденімпаздығы оқуға қабілетілігі, өзіндік ұйымдасуы айқын көрінеді. Студенттердің білімі блокты – рейтингті жинақтаушы сипатты болғандықтан студенттердің дәрістегі оқу еңбегі де бағаланып тиісті ұпайы қойылады.


Қолданылған әдебиеттер:

1. Шахгулари В.В. Мирзандаева Р.Ж. Досжанов Б.Б Педагогические аспекты организации учебного процесса при кредитной технологии обучения / Вестник КазНУ, серия «Педагогические науки», №18 163-168 стр.

2.С.А.Мухина, А.А.Соловьева. Нетрадиционные педагогические технологии в обучении Ростов –на-Дону 2004. 348c.

3.Махмутов М.И. Проблемное обучение: Основные вопросы теории. М.: Педагогика, 1972.

4. Беспалько В.П. Педагогика и прогрессивные технологии обучения. –М. Высшая школа. 1995. -336с.

5.Г.С.Терешин Химическая связь и строение вещества.-М.: Просвещение 1980.-176с.


ЭФФЕКТИВНОСТЬ ПРИМЕНЕНИЯ АКТИВНОГО МЕТОДА ОБУЧЕНИЯ ПРИ КРЕДИТНОЙ ТЕХНОЛОГИИ

Б.С. Тантыбаева

Всем известно, что в вузах Республики Казахстан внедрена кредитная технология обучения. В данной статье показана эффективность применения интерактивных методов обучения при кредитной системе.

EFFICIENCY OF ACTIVE METHOD APPLICATION OF EDUCATION AT CREDIT TECHNOLOGY



B.S.Tantybayeva

There is showed the efficiency of appliance of interactive educational methods on the credit system basis. It is known that in higher educational establishments in the Republic of Kazakhstan are applied credit system of education.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет