Күршім аудандық кітапханасының меңгерушісі Мұқанова Н. М



Дата20.06.2016
өлшемі150.88 Kb.
Күршім аудандық кітапханасының меңгерушісі

Мұқанова Н. М.
Көршілер

Үй іші азынап суып барады. Нұрай шелегін алып көмір қораға беттеді. Дала азынаған суық, аяз бет қаратпайды, дірдектеп тоңып кетті. Төбенің жақтауында отырған қара мысыққа көзі түсті. Басын қақшитып, тіп тік отырған мысыққа таңдана қарады. Қақаған аязға ерегіскендей көзін алысқа қадаған қалпы қақшиып отыр. Көршінің өзіне қарап тұрғанын білсе де назар аудармады, өн бойын жаулап бара жатқан үскірікке берісер емес. Нұрай тездетіп шелегін көмірге толтырды да, дірдектеген қалпы үйіне беттеді. Көмірі ойсырап-ақ қалыпты, әрине, Темір көршісінің ісі. Көршісі жұмыссыз, ертеңді-кеш бітіретіні – ішу. Көршісінің ауласы жаққа қарап еді, әзірге тыныштық. Ұйқыда ма, үйінде жоқ па – белгісіз, бүтін терезесі қалмапты. Қырық жамау терезесін бөтелкелес достары қағып-қағып, ашпаған соң сылдыр еткізіп сындырып кетеді. Төбе жақтауын паналап отырған мысыққа тағы да таңдана қарады, сақылдаған сары аязда қақиып отырысын, „неменеге қарайсың?„ деп шамданғандай, сол қақшиған қалпы ызалы көзін алысқа қадап алыпты.

Сытырлап жанып жатқан ағаштың қызыл шоғына көмірді төгіп жіберіп еді, пеш гүрілдеп тартып әкетті. Аздан кейін шәугімдегі су да сарқылдап қайнап, үй жылына бастады. Пештің жанында ақ мысық маужырап жатыр. Оны қызы Шынар жақтырғанда Жақсылық-Жакс деп, жақтырмағанда Пакс деп атайды. Таңғы шәйін ішіп ой үстінде отырғанда бөлесі Нұрбол келді «аһ, уһ» деп, екі көзі ғана ашық, беті- басын түгел жауып тұратын тоқыма маска киіп алыпты. Шешініп жайғасқаннан соң екеуі таусылмайтын қазақ тарихы туралы, интернеттегі қызықты әңгімелерді өрбітті. «Көршіңнің көмірі жоқ қой деймін осы»-деді Нұрбол . «Оны қайдан білдің, менің көмірімнен алған тәрізді»-деді Нұрай. «Байқап жүрмін,мұржасынан қыс бойы түтін шыққан жоқ, анда-санда сенің көміріңнен алатын болу керек. Ендігі жылы көмірді үйдің ішіндегі кілетке кіргізіп беремін, аяз қысып жіберген соң шыдамаған ғой. Жалпы еңсесін түсірмейді өзі, бірақ, бұрынғыдай емес арақ жеңе бастаған сияқты»-деді. «Иә, көп-көрім машинасы бар еді, қаңқасы ғана тұр. Күннен күнге тозып барады» - деді Нұрай.

Әріптесі Бақан екеуі түскі асқа үйге келіп еді, үй әлі де жылына қоймаған екен. Екі-үш шелек көмірді бір-ақ төккен Бақан «енді жылынбай көрсін»-деді гуілдеп жанып жатқан отқа қарап. Екеуі әңгімелерін соғып ауқаттанып алды да, жұмысқа кетті. Шынар теледидар көрген күйі үйде қалды.

Кешке қарай Шынар телефон соқты: «мама, пештен түтін шығып жатыр!»-деп. „Плитаның астыңғы қақпағын жап, сонда түтін шықпайды„ - деді Нұрай жайбарақат.

-Түтін бәрібір шығып жатыр!- деді Шынар үрейлене сөйлеп.

Әріптесі Нұрбәтияны «біліп кел» деп үйге жіберді де өзі қалған жұмыстарын аяқтап, жинала бастағанда «Нұрай, үйлерің өртеніп жатыр!»-деген хабар жетті. Жұмыстағылар түгелдей Нұрайдың үйіне жүгірді. Үйге тақай бергенде Нұрбәтия аяңдап қарсы шықты, үйдің төбесі, верандасынан бұрқырап көк түтін шығып жатыр, „түгел өртеніп кеткен сияқты, газ да атылған шығар„ - деп ойлады Нұрай. Нұрбәтия Шынардың көрші Жұлдыздың үйіне кеткенін айтты да:

- Нұрай!-деді де, біраз үнсіздіктен соң:

- Бәрі кетіп қалды! - деді.

Өзі де түгел өртеніп кеткенін байқап тұрған ол будақтаған түтіннің арасындағы үйіне қараған қалпы:

- Мысық қайда? Ол да өртеніп кетті ме? - деді.

- Бағана аулада жүрген, сосын қайта үйге кіріп кетті,-деді Нұрбәтия.

Шынар аман екен, ал үйді қайтпек? Мейлі, әкетіп бара жатқан байлық жоқ, оның үстіне аса құтты үй болмады. Ұлы Қанаттан айырылғанда да өлген жоқ қой, „не болса да ішіне кіріп көрейін„ - деп ойлап, үйге кірді. Дабырлап барлық қызметтестері бірге еріп келеді. Үйдің іші көк түтін демесең, сол қалпы. Ешнәрсе өртенбеген, бәрі орнында, тіпті, плитаның қуысындағы отындар да, сібірткі де сол қалпы. Бұлар дабыр-дұбыр етіп төргі үйге енсе, Нұрайдың төсегінің көрпелерін ақтарып, су шашып еңгезердей орыс тұр. Төсегін бөтен бір адамның емін-еркін қопарып жатқаны біртүрлі көрінеді екен, Нұрай оған таңдана қарады. Төсектің пеш жақ ағашы қап қара болып жанып кетіпті, терезені шағып, су шашатын шлангты кіргізген. Үй киімдері салынған қытайдың ала сөмкесінің бір шеті үйтіліп, ішіндегі киімдер жабысып қалған, басқа бүлінген ешнәрсе жоқ.

Мәселе былай болған екен, пеш қатты қызып кетеді де тақау тұрған кілем жана бастайды, түтінді көріп Шынар көрші үйге телефонға жүгіреді, қайта келгенше кілем түгел жанып, төсектің ағаш басы тұтана бастайды. Бар болғаны сол. Көңірсіген түтін иісі тамақты қырады. Енді әйелдер әзілдей бастады:

- Үйің өртенді енді бай боласың...

- Бүгін қонуға келмейді, иіс тиеді.

- Розаның үйіне барып жатасыңдар, бірнеше рет ағартпасаң мына үй оңайшылықпен ағармайды.

- Отты қатты жағып жібергенсің ғой...

- Иә, мен қаладан келгенше үй азынап кетіпті. «Енді жылынбағанын көрейін»- деп Бәкең екі-үш шелек көмірді бір-ақ төкті емес пе, - деді күліп Нұрай.

- Өзі кішкентай үй, сонша көмір төккен соң пеш қызып кеткен ғой, пешке жақын тұрған кілем өртенген.

Жазда ғана асүйге жайып, басқа кезде әспеттеп орап қоятын кілемі еді, бүкіл үйді қалай қиды екен, енді сол кілеміне іші ашып тұр.

- Нұрай! Бәрі кетіп қалды! - деп Нұрбәтияның даусына салып әйелдерді ду күлдірді Нұрай.

- Көршің шошынып жүгіріп келді: „Не болды, не болды?! Апайым аман ба,өзі?!„ - деді .

- Аман, - деп едім, «Уһ! Апайым аман болса болды, апайым аман болса болды! - деп айтты„ - деп Нұрбәтия әңгімесін жалғады, әйелдер қыран-топан күліп жатыр. Сол сәтте амандасып көршісі Темір келді, қолында шынысы бар екен, бірден төргі үйге беттеді. Қуақы мінезді, қу тілді Гүлнәр:

- Көршің жақсы екен, шынысын алып жүгіріп жүр, әне,-деп көзін қысып қойды. Сайқымазаққа әуес қыздар бір-біріне қарап жымыңдасып, «иә, молодец екен» - деп өтірік сабырлы сөйлеседі. Нұрай да жымиды, негізі олар оның көршісінің «атақ-даңқынан» хабардар еді, Темір түнгі дырду, маскүнемдік, одан қалса төбелес, қымқыру деген сияқты істерімен танымал болатын. Өтірік білмегенсіп «көршің қандай жақсы еді, көршіден жолың болған екен»-деп қисық сөйлеп тұрғанын қайдан білсін, Темір маңғазданып терезеге беттеді. „Қараңғы түсіп кетті„ деп терезені жастықпен бітеп кетті. Шыныны ертең салатынын айтып, есікке беттеді.

- Көрші деген осындай қысылшаңда керек қой, рахмет!-деді Гүлнәр байсалды сөйлегенсіп, тағы да қулана.

- Иә, иә, жүгіріп жүр, молодец! - деп қалғандары да даурығысты. Темір сол „деловой„ қалпы шығып кетті. Әйелдер тағы сылк-сылқ күлісіп алды да қоштасып кете бастады. Сіңілісі Роза мен күйеу баласы Сейіл келіп Нұрай мен Шынарды алып кетті.

Ертеңінде түсте сыныптасы Бағзада телефон соқты:

- Известь аз болып кетті, түсте ала кел, - деп. Нұрай таңданып қалды, қай уақытта естіп қойған? Үйге келсе, олар Роза екеуі үйді бірнеше қайтара ағартып та қойыпты, тіпті Бағзада ет ала келіп, былқытып пісіріп қойыпты. Түскі астан кейін Нұрай жұмысқа барған жоқ, көмекшілерді пайдаланып үйді түгелдей жиып, айнадай қылып алды.

Сенбі күні әдеттегідей жақсылап дем алып алайын деп Шынар екеуі ұйқыны соғып жатыр еді, есікті біреу тоқылдатып болмаған соң ашты. Екі милиционер екен. «Демалыста да маза бермейді екенсіңдер! Не боп қалды?» - деді Нұрай.

- Көршіңіз іше ме?-деген сарында сұрақтар қойды ана екеуі.

- Ішеді, неге ішпейді ішкісі келген соң, менің онда шаруам қанша? - деді Нұрай. Тағы біраз сауалдар қойды да, Нұрай тарапынан ешқандай шағым болмаған соң кетіп қалды. Кейіннен естіді, көршілер Темірдің үстінен милицияға арыз түсіріпті, „түнімен ішеді, күнде жиын, күнде той, әбден мазамызды алды,, - деп. Іргесіндегі көршісіне естілмеген айқай-шу сендерге қалай естіліп тұратынын ұқпадық, - деп арызды қарамапты заң орындары. Нұрай мен Темірдің үйін шыны терезе ғана бөліп тұр, терезе түбінде құдық. Ол ар жағында құдықтан су алып жатса, бер жағында дастарқан басында Нұрай отырады қызымен. Келген қонақтар таңдана қарап, кішігірім кино көргендей болады. Мұқым аудан орталығының ішкіштері жиналады, алдымен „Жабыққан сәтте қас қағым, жанымды ұғар басқа кім? Жаңа бір әуен бастадым, достарым менің, достарым! - деп әндетіп Темір көңілді-ақ қарсы алады, одан кейін шаң -шұң ұрыс басталады. Арты төбелеске ұласады. «Бір күні біз ұйықтап жатқанда төбелестерін терезені бұзып өтіп біздің кухняда жалғастырып жүрмесін» - деп күледі Нұрай. Жалпы соңғы кездері „достарым„ деп қарсы алғанда қойыпты, дос емес екенін ұққан тәрізді.

- Шынында да қауіпті екен, көшу керек қой сендерге - дейді таныстары, туыстары. «Бастық басыңызға мұндай үй жараспайды, еңселі үй алу керек сізге» - дейді Гауһар әріптесі әрі досы. Бөлесі Нұрбол жиі келіп тұрады, қонып кетеді. Ол да көшу керектігін айтады. „Пешің тозған,үйің де ескірген„.

- Иә, көп қабатты үйге көшеміз жазға салым, бірақ, төрт жылдай көрші тұрамыз, терезені тық еткізіп шерткен емес. Қанша алқаш болса да тәрбиелі жерден шыққаны білініп, бір кездегі алған тәлімі байқалып тұрады. Басқаны білмеймін, өзіммен сыпайы амандасып жүреді. Мен оған өмірі жымиған емеспін, үнемі сазарып жүремін. Қабағым әрқашан қатулы, бұл - менің саясатым, арақашықтықты сақтау саясаты. Мүлде сөйлеспеймін, амандасса басты сәл ғана изеп өтемін. Кейде менің қол астымда істеп, ішкілік салдарынан шығып қалған Жәнібекті көріп қалам. Қашаның ар жағынан ыржалаңдап күліп: «Сәлеметсіз бе, апай, жұмыс болып қалса мені ұмытпаңызшы» - деп жатады. Ол да мұғалім отбасынан шыққан жап жақсы жігіт, аңқылдап тұрады, - деді Нұрай.

- Темірді Бекен ақкөңіл деп мақтап отыр - деді Нұрбол.

- Иә, көршің қалай? - деп мырс-мырс күліп сұрап қояды келген сайын, осы үйге келіп жүретін алқаштардың көбі сендердің сыныптастарың.

- Ішінде Бекеннің достары да бар, Бекен де қызық қой, солардың өмірін де зерттеп қызық көріп жүреді, бір жолы бірге ішіп сонда түнепті, жалғыз төсегі бар екен, соған Бекенді жатқызып, „достарым менің достарым„ - деп өзі жерге жатты дейді.

-Іргеде тұрған үйге жете алмай жүргендей о несі екен? Біздің үйдің іші анық көрініп тұратын шығар деп едім, „иә, анық көрініп тұрады-деді-сөздеріміз де анық естіліп тұратын көрінеді, терезенің түбі - оның ауласы ғой„.

-Терезеге дейін жететін қоршау жасатып қойса ғой-деді Нұрбол. Нұрай бауыры Бекенге айту керектігін ойлағанмен, „шекараның қанша қажеті бар дейсің„ деп айнып қалды.

Сенбі күні жуған кірлері аяз сорып дегдіп қалыпты, жинап жүріп жаңадан алған қалың кеудешесін таппады, ауласын қардан тазалап жүрген Темірге:

- Менің кеудешемді сен алған болуың керек, таба алмадым,-деді.

- Қойыңыз, апай, мен алғам жоқ, - деді де мырс етті.

- Сен алдың, сенен басқа ешкім емес!

- Қойыңыз, мен алғам жоқ, - деп күлді анау.

Төбенің жақтауында сол қара мысық қасқайып отыр.

- Мысығыңды неге үйге кіргізбейсің, суыққа тоңдырмай?Оның үстіне аш, - деді де Нұрай үйіне беттеді.



- Мысығыңды күтпейсің дегеніңіз ыңғайсыз екен, мысығымды үйде тамақ беріп күтіп отырмын, - деді ол.

Нұрай үндемеді, бұл үйде екі мысық болғанын, Темірге дейінгі үй иелері-орыстың шалы мен кемпірі оларды баладай күткенін, сол кездер екі мысықтың ең бақытты шақтары болғанын айтып жату ұзақ әңгіме болып көрінді. Қалай Темір көшіп келді, солай екі мысық пен ерке ит үшін қара түнек күндер басталды. Қара мысық дірдектеп панасыз далада қалды, ал иттің көрген күні - нағыз ит өмір еді. Иесінің сирек те болса сау жүретін күндері ғана басына тыныштық орнайды, ал қалған күн мен түн - ит үшін бір азап . Теңселе басып, тілін шайнап иесі жетеді де иттің цирктегідей өнер көрсетуін талап етеді. Байқұс ит иесін ұқпағаны үшін қан қақсап жазасын алады, ал ұғып, тәп-тәуір өнер көрсетсе-мақтау естімесе де жазалау көрмейді. Бар-бар етіп теңселіп келе жатқан қожасын көргенде иттің зәресі ұшады, келе салысымен итті „цирк өнеріне„ тәрбиелейді, дікілдеп, зіркілдеп бітеді. Ит иесіне жалпақтап жағынып-ақ бағады, қайтсін, енді... Кейде ызалы келгенде тар үйшігінің ішінде қаңқылдатып сабайды кеп, иттің қаңқылдағаны бүкіл көршілерге естіледі. Жеті түнде барып мас адамға ақыл айтудан пайда жоқ. Үйшікте ит сабау да Темірдің дағдылы ісіне айналды. Итке қарағанда қара мысық бақыттылау, әйтеуір басы бос. Нұрайдың үйінің төбесінің жақтауына шығып алып ықтасында отырады, аяз сынып, күн шыққан кезде әжептәуір ық. Шынардың ерке мысығы Жакс сияқты пештің жаны болмаса да күн сәулесінде, ықтасында бір жасап қалады. Түнге қарай мұржаға жабысып жылынады, тамақты да Шынар арнайы ыдысқа құйып қояды. Ал иттің тамағы аш па тоқ па, ол жағы белгісіз. Ондай қамқорлық үнемі ләйліп жүретін иесінің ойында бар ма екен? Бір жолы бір шаруаларымен бұрынғы иелері келіп қалды, сондағы екі мысықтың қуанғаны-ай! Бұрынғыдан қабақтары пәс, салы суға кеткен, жүнжіген қалыптары иелеріне қарай екеуі де сүйретіліп барды. Алып кететіндеріне сенімді еді, бұрынғыдай күтімде үлпілдетіп ұстайды деп ойлады бейшара мысықтар! Бірақ ол бақытты күндері көзден бұл- бұл ұшқан екен, үміттері ақталмады, иелері қайырылмай кете барды. Аязда қасқайып отырған қара мысықтың есіне бұрынғы иелерінің беретін хош иісті тамағы, жып-жылы үйі түскен болар. Күн сәулесі де, ықтасын да пана болмай бара жатты, аяз қырық градусқа жеткен, бейшара мысық қатып барады , енді ұятты ұмытып, Нұрайдың есігі ашылған кезде жылы үйге кіріп кетуден басқа шара қалмаған. Ол солай істеді де, бірақ, Нұрай « кет» деп қуып шықты. Мысыққа жаны ашығанмен, жан-жануарларды жиып алып үйде ұстайтын ойы жоқ еді. Мысық жан-дәрмен отын қораға қойып кетті, қақаған аяз апшыны қуырып барады. Отынның жанында бір ескі тон жатыр екен, соның ішіне сүңгіп кетті. Бұған да шүкір, жаны сәл жай тапты, Нұрайы құрғыр бұл жерден қумаса екен. Қара мысық қыстай отын қораны, шифермен жабылған төбедегі мұржаны, төбе жақтауындағы ықтасынды паналап шықты. Көктем иісі сезіле бастағанда Жакс мысық та жақындап, жаралы жанына демеу болып жүрді. Қырық күн қатарынан аяздың қаһары басылмады. Бәрі артта қалды, көктем де келді. Ит те шынжырдан босап кету әдісін үйреніп алған еді, рақат болды, үйшікте таяқ жеуден құтылды, қарны да ашпайды. Шынар итаяққа ас құйып қояды. Екінші мысықтың күйісі кетіп жүр еді, ол да бұрынғы иелерінің достарын паналады, қазіргі жағдайы жақсы. Сорлап жүрген қара мысық қана, бірақ көктем келді, демек, келесі қысты бір құдайға тапсырады.

Мұржасынан түтін шықпаған Темірдің қысты қалай өткізгенін бір құдай ғана біледі. Өзінің көмірін екі отбасы боп жағып шыққанын Нұрай біледі, бірақ, таң қалатыны- Темір үйіне қыс бойы от жақпады, сонда одан басқа біреудің қымқырып жүргені ғой, тіпті бір жолы көмір салынған шелегі қоса жоғалды.

Көктем шыққалы Темір де киімін түзеп, әлдеқандай жесір келіншекке барғыштайтын болды. Жалпы қыста да осы үйден сол келіншектің шығып бара жатқанын Нұрай байқап қалатын. Екеуі шүйіркелесіп, әзілдері жарасып,келіншек еркелей күліп тұр екен. Нұрай тесіле қарап өтіп еді, көрші келіншек „неге қарайсың?„-дегендей жақтырмай қыржың ете қалды. Екеуі жаз бойы жұбын жазбады. Темір арзанға тағы бір машина сатып алды, бұрынғы талқаны шыққан машинасының бөлшектерін сатып жатты және әжептәуір бағаға сатады. Нұрайға оның ауласы келесі бөлмесіндей анық көрінеді, сауда сәтті өтісімен дорбасын толтырып арақ- шарап, тағамдар алып келеді. Одан кейін баяғы ырду-дырду басталады. Бір жолы сол келіншек Жазира мен тағы бір бөгде әйел екеуі түні бойы тойлады. Темір қонақтарды үйге кіргізбей, верандада тойлатқанды тәуір көреді, ал оның верандасы Нұрайдың терезесінің алды. Ол төргі үйде жатқанда аналар оның асүйінде отырғандай әсер қалдырады. Біраздан кейін екі келіншек Темірге таласып, „сен кет, жоқ, сен өзің кет!„ деп қырқыса бастады.Кейде бойы бір қарыс, домаланған қара келіншек Райхан да сол үйден табылады. Ол алыстау тұрады, Жазирамен бірге тойлап алады да, өзі періште, ал Жазираның жүрмейтін еркегі жоқ деп дүрілдетіп өсек таратады. Жазираның бұл үйде неғып жүретінін Нұрай ұқпайды, өйткені оның ішпейтінін біледі. Темірді ұнатып жүрген болу керек, өйткені «арақты қойсаң саған тием» - деп жатқанын естіген. Темірдің бұрынғы әйелі мұғалім, ұлы ержетіп кеткен, әжесінің қолында деп естиді.

Түскі асқа әдеттегідей Нұрбол келді, дастарқан басында әңгіме желісі көршіге ауды.

- Кеше мына көршің удай мас, бөтелкелес жолдасы екеуі қақпаның сыртына шығып алып ал күрес, жаңбырдан кейінгі шалшыққа жығылып, малмандай боп үйлеріне қайтты. Күннен-күнге кері кетіп барады, бейшара.

- Алдында қойымды ұрладыңдар деп бір жігіт келген екен, бауыры екеуі жабыла сабапты. „Әлгі жігіттің шекесіне кірпішпен бір салып, басынан қан саулап, құдай сақтасын, сұмдық төбелес болды„ дейді Шынар. Одан милиция келіп Шынарға: « төбелес болды ма?» - деген екен, ол «білмеймін, көрген жоқпын»,-депті. «Үйімнен заттар ұрладың»-деп тағы бір туысы келіп айқайлап-айқайлап кетті. Ісін сотқа беріп қойған сияқты, жұмыстағылар солай деп отыр. «Көршіме тиіспесін, туысы емес пе»-деп едім, кешірмейтін тәрізді ашулы - деді олар. Іргедегі орыстың да қойын ұрлаған, ол кешірген тәрізді.

Әдеттегідей, түнге қарай Шынар екеуі телесериал көріп отырған, көршісі жақтан шаң-шұң естілді. Тасыр-тұсыр бұл жолы тіпті қатты шығып жатқандықтан терезеге үңіліп еді, ештеңе көре алмады. Сыртқа шығып еді, ауланың биік дуалынан ешнәрсе көрінбеді, боқтық пен тарс-тұрс соққылар ғана естіледі. Жанжал Нұрайдың кілеті тұсында болып жатыр, ол сонда бас сұқты, ер адамның баж еткен даусы естілді. «Мынауың не! Мынау не!» - деп әлдекім тепкінің астына алды Темірді, ол да ұрып жатқан сияқты. Бажылдаған еркектің сөзіне қарағанда анау пышақ жұмсаған сияқты да, пышағы ұшып кеткен болу керек. Нұрай ешнәрсе көріп тұрған жоқ, кілетте шам жоқ, қап-қараңғы, тек дауыстары мен соққылардан ғана не болып жатқанын ұғынды. Темір өзінің мықты танысына баяндап, сазайын бергізетінін айтып еді, анау одан ары есіріп, құтырына тепкіледі. Тепкінің қаттылығы сонша, көршісінің он екі қабырғасы түгел сынғандай еді, байғұстың үні өшті. «Өлтіріп тастады ма, не болды ?» - деп ойлаған Нұрай Шынарға «есіктің ілгегін іл»-деді де, өзі жолдың арғы жағындағы көршілерге жүгірді. Іргесіндегі сексеннен асқан орыс кемпірден қайыр жоқ, ол есігін күнде жау шабатындай байлап-матап тастайды, «түнде біреулер менің қорама кірді, телефон желісін үзді»-деп зарлап жүреді. Оның телефоны үзілгенін хабарлап, кісі жіберу де Нұрайдың мойнында, „жалғыз тұратын кемпір өліп қалған жоқ па?„-деп терезесінің шымылдығы ашылмай қалса да алаңдап, қарайлап жүреді. Нұрай одан қашқақтап жүреді, көрсе болды „Надя„ деп жабыса кетеді, қара аспанды төндіріп зарлап ап жөнеледі. Ол бір сағаттық үзіліске келді-ау, жұмыстан қалады-ау деген қаперге кірмейді.Қырсыққанда үйінің тұсындағы жарықтар өшіп қалыпты. Қаншайым көршісін ертіп алып Серік көршісіне барды, сөйтіп, үшеуі Темірдің үйіне беттеді. Олар келгенде ешкім жоқ екен, тыныштық орнапты. Темірдің ауласына, төбелес болған жерге жарық түсіргенмен ешкім көрінбеді. Көршісі өліп қалып қозғалмай жатқан шығар деген күдікпен тағы бір тексеріп өтті, тірі пенде жоқ.

Ертеңінде жұмыста отырған Нұрайды Қаншайым көршісі түскі тамаққа шақырып, телефон шалған соң кіріп шықты.

- Әй, көршіңнің өлген түгі жоқ, қайқайып бағана кетіп барады, жусаңшы, - деп қарқ қарқ күліп қарсы алды Қаншайым. Сабап жүрген „афганец„ көршісі екен, өзі бір оңбаған, сол керек Темірге! - деді. Нұрайдың ойынша „афганец„ көрші жалғыз емес, жабылған екі кісі сияқты, тіпті үшеу болуы да ғажап емес. „Көрші хақысы - тәңір ақысы„, бұдан былай іс насырға шаппай тұрып жүгіру қажет екен деп түйді іштей. Тірі жүре берсін, өлімнен құдай сақтасын! - деп оның аман екенін естіп жеңілдеп қалды. Сол күні түнде ескі диванын су жаңа ғып қаптап алып келген екен, оны көтерісетін ер адам керек деген соң көршісі Темірді шақырды, обалы не керек, ол көмекке жетіп келгенмен көтере алмады, кешегі таяқтан жараланып қалған тәрізді. Нұрай жүгіріп барып Марат көршісін ертіп келді, диван жөндеуші арбасындағы шоқиып отырған келіншекпен өліп-талып сүйісіп біткенше Темір бар, тағы бір мастар келіп қалыпты, бәрінің әңгімелесіп күте тұруына тура келді. Ақыры әлгі шебердің шөлі басылған кезде бәрі жабылып диванды үйге көтеріп кіргізді. Нұрай ақшасын төлейін деп сыртқа шығып еді, көршілері өзара әңгіме құрып тұр, әлгі шебер тағы шүйкебасымен сүйісуге көшіпті. Екеуі болған кезде ақшасын төледі де, кресло жөніңде келісімге келіп, көмектескен жігіттерге рахметін айтты. Әлгі шебер әлгі әйелдің ерніне тағы жабысты, басын бір көтергенде қашаның есігін жауып жатқан Нұраймен қоштасып, жөніне кетті.

Көршісіне Жазира келгенді қойыпты, енді ол үйге әбден азып кеткен, араққа салынған әйелдер келе бастады. Оның бірі әлі де сылқымдығын сақтаған, аты шыққан Жұртбаева деген бикеш еді. Қара көзілдірігін тағып алып, Нұрайдың терезесінің түбінде ертеңді-кеш Темірге қылмыңдайды да тұрады. Кешқұрым алқаш еркектер жиналады, арасында жалғыз сылқым сылқ-сылқ күліп, арақты қылқ-қылқ жұтып мәз. Нұрбол оны көріп „тфу„ деді. „Темір құлдырағанның үстіне құлдырап барады екен„ - деді үмітін үзе. Көп ұзамай пакетін сүйретіп беті көнектей болып ісінген, додасы шыққан тағы бір әйел кіріп бара жатты. Екі әйелден шаршаған күні Темір оларды боқтап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып қуып шықты. Олар ауладан шыққанша үндемеді де, қауіпсіз жерге шығып алғаннан кейін айқайлап тілдеп бара жатты. Көп ұзамай азып-тозған екінші әйел тағы келе жатты. Темір өтірік күліп қарсы алды, жақтырмай-ақ тұр, бірақ „кет„ дей алмады. Ұзамай ығын тауып одан құтылған сияқты, анау мүлде көрінбей кетті. Көршісінің бір пайдасы - өзі екпесе де ғайыптан пайда болатын картопты Нұрай арзан бағаға сатып ала беретін. Ол картоптың аспаннан түспейтінін де жақсы білетін.

Нұрай көшу керектігі жөнінде ойланып жүргенде, ол ойының іске асуын тездете түскен оқиға-оның желмен бірге жаман тонның жабуы сияқты жалп-жалп еткен қақпасы еді, күнге әбден күйіп, қурап тұрған ағаш қақпа бір күні қатты желде жарбаң етіп құлап қалды. Осы қақпаны отқа жағып жіберсе, шіркін, қандай шытырлап жанар еді. Қаусаған қақпасымақты қайта түзеп қойып еді, желмен бірге желп- желп етіп жарты нервісін құртты. Сол күні ағасына көп қабатты үйлерден бір жақсы пәтер тапқанын, соған ақша керек екенін айтып еді, ағасының да осы үйге қашасымен қосып жыны келіп төзімі бітсе керек, бірден келісті. Өзінің қалаға бара жатқанын айтып, ақшаны Сейілден беріп жіберіпті. Кешке қарай Сейіл бір буда ақшаны алып келді де, Нұрай кешіктірмей қалаған үйді сатып алды. Құжат жасап, заңды түрде үйді меншіктенгеннен кейін көшіп кетті. Нұрайдың үйін Алматыдан күйеуінен ажырасып келген бір келіншек сатып алды. Жүк тиеліп жатқанда Темірдің өңі бұзыла қарап өткенін Нұрай байқап қалды, әрине, жаңа көрші жайлы бола ма, жоқ шағымданып есін шығара ма деген алаңдаушылық екені сөзсіз.

- Темір, мен көшетін болдым, басқа үй сатып алдым,-деді. Темір үн-түнсіз бақырайып қарады да, күліп жіберді:

- Кетер кезде бір сөйледіңіз-ау, әйтеуір. Сіз үндемеген соң мен де сөйлеспей қойдым. О, Алла! Кетер кезде бір сөйледіңіз-ау! - деп таң-тамаша болды. Екеуі біраз сөйлесті. Иә,оның қабағын ашпайтыны рас болатын, мінезі тұйық болған соң емес, мазасыз көршісін ықтырып ұстау үшін тапқан айласы. Әйтпесе бұра сөйлеп әзілдесуге асып тұр.

Нұрай көршісімен төрт жыл бойы бет жыртысып ұрсысқан емес. Қалған елге аузына келгенін айтып керілдескенімен, обалы не керек, Нұрайға тіктеп қараған да емес. Бір жолы ескі махаббаты Жазирамен де қатты ұрсысып қалды, ол да долы екен, аянып қалмады: «Ұры!ұрысың сен!»-деп шаңқылдады.

- Кім ұры? Нағыз ұры - сенсің! Білесің бе, көршіме Райхан екеуің не істегеніңді?! Айтам көршіме, сенің ұры екеніңді! - деп еді, Жамалдың үні бірден өшті. Асүйде жүрген Нұрайдың естіп қойғанын біліп, зытып отырды.

Нұрай еңселі де жарық, суы, барлық жағдайы жасалған үйге кіріп алды, көршілері де тыныш. Ал бұрынғы көршісіне де, оның алқаш достарына да Нұрайдың өкпесі жоқ, әрқашан ізет білдіріп сыйлап тұратын, ашық күнде адасып, бұрыс жолды таңдап алғандары өкінішті, әрине! Нұрайдың күйеуі де осы ішімдікті таңдаған. Нұрай көрген оны, екі көзі қатып қалған екі тамшы жас сияқты, жанары өзекті өртеген өкінішке, өксікке толы. Бірақ Нұрай ұлы Қанаттан айырылғаннан бері өзінің өміріндей қаталданып, қара тастай қатып қалған еді. Адасқан жандар туралы Мұқағали Мақатаев былай деп жырлайды:

Сүрініп кетпе!

Сүрініп кетсең болғаны,

Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.

Аңдамай кейде, басамыз-дағы кердеңдеп,

Құлап жатамыз

Аяқ-қолымыз ербеңдеп.

Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.

Таппайсың оны,

Тартасың азап сан жылдар.

Аттай алмайсың,

Құлауың мүмкін, алдың-жар.

...Не істесем екен?!

Не істесем екен сендерге,

Сүрініп кетіп,



Бүлініп жүрген тағдырлар!




Каталог: docs
docs -> Қызылорда облысының 2015 жылғЫ Әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері
docs -> Бекітемін Тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультетінің деканы
docs -> Программа по истории Казахстана: программа для 5-9 кл. / Б. К. Абдугулова. Алматы, 1999. 42 с. Абдугулова, Б. К. «Воспитание учащихся в духе дружбы народов при изучении истории ссср»
docs -> Қазақстан Республикасының Заңы
docs -> А. С. Пушкин атындағы шығыс қазақстан облыстық кітапханасы а. С Пушкин атындағы кітапхана қорына түскен жаңА Әдебиеттер тізімі


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет