І. Сөзжасамдағы лексика - семантикалық тәсілдің зерттелуі
1.1 Қазақ ғалымдарының лексика- семантикалық тәсілге қатысты тұжырымдары
Сөзжасам – қай тілде де ертеден келе жатқан құбылыс. Түркі тілдерінің жазба ескерткіштерінің тілі бұл мәселеге толық куә бола алады. Көне түрік тілі қазіргі түркі тілдерінің алғашқы түп негізі екеніне сүйенсек, онда көне түрік тілінің сөз жасалымы қазақ тіліне де жат емес. Белгілі ғалым «Ғ.Айдаров өзінің еңбектерінде көне жазба ескерткіштер тілінде сөз тудырудың қазіргі тірі тұлғаларының бірсыпырасы барын және өлі тұлғалардың кездесетінін де айтады» [1, 9]. Тілдің сөзжасам жүйесінің күрделенуі, баюы, толығуы көбінесе сөзжасаушы жұрнақтардың мағыналық құрамының кеңеюі арқылы болады. Қосымшалардың мағына жағынан дамуы өте ерте басталған. Мысалы, -ғы, -гі қосымшасы ең көне жазба ескерткіш- орхон жазбаларында да әрі заттық мағына, әрі сындық мағына берген. Ал, -ығ, -іг жұрнағы көне жазба ескерткіштердің өзінде көп мағыналы қосымша болған. Мысалы, біліг сөзінде дерексіз заттық ұғым жасаса, учуқ дегенде жанды заттың атын жасаған, яғни ол құс деген сөз. Сондай- ақ бітіг деген жазу, жазба деген ұғым беріп, жоғарыда келтірілген мағыналардан да басқа ұғым туғызып тұрғаны көрініп тұр. Бұдан шығатын қорытынды орхон жазбалары кезеңінде қосымшалардың семантикалық жағынан даму процесі болған. Бұл процесс тілдің даму тарихында үздіксіз жүріп отырған, сондықтан оны тіл дамуына тән негізгі заңдылықтардың бірі ретінде қараған дұрыс. Осы заңдылықтардың негізінде тілде көп мағыналы қосымшалардың саны көбейген. Қазіргі тіліміз көп мағыналы жұрнақтарға өте бай. Мысалы -дық /-дік, - тық/-тік, - лық/-лік жұрнағы қазақ тілінде екі сөз табына жатады. Олар- зат есім және сын есім. Осы жұрнақтың екі сөз табына қатысты болуы оның сөзге заттық мағына беріп, зат есімдер жасауына және заттың сындық белгісін білдіріп, сын есім сөздер жасауына тікелей байланысты. Мысалы: қымыздық, өсімдік дегендерде өсімдіктерге қатысты атаулар, егіндік, шабындық – шаруашылыққа қатысты атаулар, жазықтық, терістік, оңтүстік дегенде географилық атаулар, көптік, жіктік, тәуелдік, септік дегендерде термин жасалған. Сол сияқты -ыс, -іс, -с жұрнақтары қазір екі сөз табына етістік және зат есімге қатысты. Етістікте бұл жұрнақ ортақ етіс жасап, қимылдың бірнеше субьектіге қатыстығын білдіреді. Зат есім де етістіктен зат есім жасап, одан заттық мағына туғызады. Мысалы, Ол ел аузынан естіген ертегі- аңыздарын, жыр- дастандарын, айтыс өлеңдерін, тапқырлық сөздерін жазып алып, тірнектеп жинай берген (Б.М.). Сөйтіп, екі сөз табында бұл қосымша басқа- басқа мағыналар береді, ол қазір омоним қосымша дәрежесінде. Семантикалық тәсіл тілдің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бар. Ғалым Анар Салқынбайдың «Қазіргі қазақ тілі» оқу құралында көрсетілгендей: « «Диуани лұғат ат- түркте» сөзжасамдық тәсілдің семантикалық, фонетикалық, аналитакалық, синтетикалық түрлеріне мысалдар беріліп, талдаулар жасаған. Заттық не қимылдық мағына беретін атаулардың контексте жаңа туынды мәнге ие болатынына терең талдаулар жасап, нақты тілдік деректер арқылы дәлелдемелер келтіреді. Мәселен, автор етістіктерден жасалған құрал аттары өзінің етістік сипатынан ауытқып, есім сөз ретінде танылатынына тоқталады. «Иегу нан» - желінетін нан, «ұрғу»- ұру үшін жасалған құрал, «йыач бығач»- балта (ағаш кесетін құрал аты), «сорғу» - соратын құрал (2-т.184) т.б. ) (сілтемелер Ә.Ибатов тәржімасы негізінде жазылған «Түбі бір түркі тілі» еңбегінен алынды) [3,290]. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» еңбегінде көрсетілгендей, «бірақ бұл тәсілдің де қызметінің өте активтенген кезеңі бары анық. Октябрь революциясынан кейнгі алғашқы 40-50 жылдарда тілде бұл тәсілдің атқарған қызметі ерекше. Сөздің дыбыстық құрамын, тұлғасын өзгертпей, оның бұрынғы мағынасының үстіне тағы жа жаңа мағына қосу, сол арқылы бір сөзге бірнеше сөздің қызметін атқару тілде кең өріс алды. Мысалы: құн, одақ, таңба, тұлға, көрме, негіз, түбір, шығыс, дыбыс, тарау, үндеу, әңгіме т.б. сөздердің де ғылымның түрлі саласында термин сөзқызметіндегі мәні мен мазмұны олардың тілдегі жай сөз ретіндегі мағынасынан өзгеше» [1, 12]. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» еңбегінде лексика- семантикалық тәсілдің жасалуының бір жолы былай көрсетіледі: «Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша, осы тәсіл қайсыбір сөздердегі дауыс екпінінің түрліше құбылып отыруы арқылы да болады. Мысалы: алма (зат есім)- алма (етістік), жарма (зат есім)- жарма (етістік), көрме (зат есім)- көрме (етістік), құдаша (зат есім)- құдаша (үстеу) т.б.» [1, 100]. Белгілі ғалым К.Аханов «Тіл білімінің негіздері» деп аталатын еңбегінде: «Кейбір омонимдер сөз тудырудың лексика- семантикалық тәсілі арқылы пайда болады. Тілдің даму барысында көп мағыналы сөздің мағыналарының арасындағы семантикалық байланыс үзіліп, осының нәтижесінде әр басқа екі сөз- омомнимдес сөздер жасалуы мүмкін. Көп мағыналы сөздердің мағыналарының арасындағы семантикалық байланыстың жойылуы нәтижесінде әр басқа сөздердің ( омонимдес сөздердің) жасалу тәсілі сөз тудырудың лексика- семантикалық тәсілі деп аталады» деген анықтама береді [5, 150]. Анар Салқынбай конверсияны лексика- семантикалық тәсілдің бір формасы деп қарастырады. «Конверсия терімсөзі екі түрлі қолданылады: лексикалық конверсия және сөзжасамдық конверсия. Лексикалық конверсияның мәні – лебізде бір құбылыс не бір жағдай туралы ақпаратты әр түрлі бағытта айтып, негізгі ойды түсіндіру болса, сөзжасамдық конверсия – сөздердің сыртқы таңбасын өзгертпей, жаңа семантикалық мағынаға ие болып, екіншілік сөзжасамдық мағына жасау қабілеті (той- той- той)» [3, 106].
Достарыңызбен бөлісу: |