Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №1 (61) • 2008 Г. С. Нашанова Ұлттық тәрбие



Дата30.06.2016
өлшемі69.36 Kb.
#167918

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 1 (61) 2008

Г.С. Нашанова

Ұлттық тәрбие


Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: "Қазақстан Республикасын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы", - деп айтқандай, мемлекеттік тілді дамытуда, қоғамдық ортада әлеуметтік қолдану аясын кеңейтуде біраз шаралар жүзеге асырылды [1]. Ал 1990 жылы "Тіл туралы" Заң қабылданған соң ғана қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқыту мәселесіне көңіл бөлініп, өрістетуге жол ашылды. Қазіргі таңда тіл үйренушілерге қазақ тілінен арнайы мұғалімдер сабақ жүргізіп, бүлдіршіндерді қазақ тілінің мөлдір бұлағынан сусындатып, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге, ұлттық тәрбиемізді дамытуға зор үлес қосып жүргенін мақтаныш етеміз [2]. "Кез келген өркениетті елде көп тіл білу - басты мақсат екенін балабақшаның даярлық тобы да, мектеп оқушылары да жақсы біледі. Жаңа қалыптасып келе жатқан өмірде жақсы тұру үшін, қоғамның дамуына зор үлес қосу үшін көп тіл, (соның ішінде қазақ тілін) білмеген баласының ертеңі бұлыңғыр болатынын әрбір ата-ана сезінуі керек. Бұдан артық қандай қажеттілік (стимул) болуы мүмкін",-деп филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек айтқандай, біздің Республикамыздағы мектептерде ұлттық тәрбиені мемлекеттік тілдің негізінде оқытудың жандана бастауы - қуанарлық жай. Тіл үйренушілер белсенді түрде, бағытта әсер ету үшін педагог өзін жан-жақты, терең зерттеп, өзгелермен араласу жолдарын меңгеруі керек. Өзіне балалардың көзімен қарап, мен қандаймын деген сұрақтан бастап ұстаздың кәсіптік әрекетіндегі жеке жұмыс істеу ерекшелігі қалыптаса бастайды. Күнделікті шығармашылықпен жұмыс істеу, адамдармен қарым-қатынас жасау-бүгінгі күннің талабы. Өзгелермен әрекет жасаудың ерекшеліктерін түсіне білуі - рефлексия мен эмпатияның болуы да басты көрсеткіш. Қысқаша психологиялық сөздікте эмпатия өзгені түсіне алу, эмоционалдық күйін сезіну деп аударылған. Ендеше тіл үйренушінің болмашы іс-қимылынан, бет әлпетінен оның сезімдері мен жан-күйін, мұғалімнің түсіне алуы - ұстазға тән игі қасиет болуы керек [3]. Ұлттық тәлiм-тәрбие мәселесi бойынша кейiнгi жылдары iргелi зерттеулер жүргiзілiп ғалымдардың назарынан түскен емес. Қазiрде соңғы педагогикалық тәжiрибелер, сондай-ақ психологиялық-дидактикалық және қолданбалы педагогикалық озық технологияларға сүйене отырып, ұлттық тәрбие мәселесiн одан әрі ғылыми негiздеп, қайта жаңғырту мен дамыту бүгiнде өмір талабы болып отыр. Ұлттық тәлiм-тәрбие мұраларын мектептегi оқушылар ұжымдарының iс-әрекеттерiнде барынша пайдалану - қазiргi кездегi педагогикалық талаптардың бiрi. Замана жетiстiктерi негiзiнде тіл үйренуші ұрпаққа сапалы бiлiм берудi мақсат еткен көпшiлiк қауым, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы сақтап-жинақтап келген халық педагогикасының асыл мұралары арқылы саналы тәрбие берудi әрқашан жадынан тыс қалдырған емес. Соңғы жылдары өткiзiлiп жатқан ғылыми-практикалық конференциялар мен ҚР Президентінің Жарлығы, ҚР Заңдары, ҚР Үкіметі Қаулылары, ҚР Білім және ғылыми министрлігі құжаттары мен зерттеушi ғалымдардың еңбектерiнде этнопедагогика мұраларының назарға iлiнуi - аталмыш проблеманың көкейкестiлiгiн айқындап отыр. Болашақта гүлденген Қазақстанның одан ары қарыштап өркендеуiнiң негiзгi тұтқасы болатын демократиялық қоғамды құратын парасатты, бiлiмдi тұлғаларды дайындауда мектептегі тіл үйренушілер ұйымы арқылы ұлттық тәлiм-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы зор екенi даусыз. Озық жетiстiктерге негiзделген бiлiм нәрiмен қатар, ұлттық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақтар ғана ұлт тағдырын тереңiнен таразылап, болашағын барынша болжайтын тұлға ретiнде танылатыны анық [4].

Тәрбие теориясына байланысты Әл-Фарабидің "адамға ең алдымен білім емес, тәрбие беру керектігі" жөніндегі нақыл сөзі бар. Я.А.Коменскийдiң ойынша ұлттық тәрбиенiң негiзгi ошағы отбасы дәстүрi мен тіл үйренушілер қауымдастықтары - ата-баба тағылымдарынан бастау алғанда ғана, оларға бiлiм берудiң тиiмдiлiгi мен сапалылығы және қоғам үшiн қажеттiлiгi арта түседi деп санаған. Ұлы гуманист Иоганн Генрих Песталоццидiң ойынша, адамзаттың тәлiм-тәрбиелiк құндылықтары, ұрпақтарының түрiне, нәсiлiне, қабiлетiне және әлеуметтiк-таптық ерекшелiктерiне бөлiнбей "Ата-аналар тағылымдары - Книга матерей" деген бiртұтас тәлiм-тәрбие жүйесi ретiнде игiлiктенуi керек деп санаған. Ал Ж.Ж.Руссо тәрбиенiң негiзгi көзi - ата салтында деп қараған.

Тәрбие теориясын К.Д.Ушинский:".. тәрбиенің ғылым үшін де, біз үшін де ең керегі - нағыз адамды қалыптастыру. Адамның мінез-құлқы кәдімгі топырақ болса, халықтық құндылықтар сол топырақ арқылы тамырын жаяды...",- деп, өзінің терең ойын білдіреді [5].

Тіл үйренушілерге ұжымдық қауымдастық негiзiнде жан-жақты ұлттық тәрбие беру жөнiндегi: тіл үйренетін ұжымда жүргізілетін тәрбие жұмыстарының әдістемелері мен ерекшеліктерін Болдырев Н.И, Сластенин В.А, Болотина Л.Р және басқа да ғалымдар зерттеді. В.Лебединский зерттеуінде тіл үйренушілер ұжымындағы ұлттық тәрбие мәселесін педагогика ғылымының бір саласы ретінде қарастырған. Н.Болдырев тіл үйренушілер ұйымының негізгі көрсеткіші - жалпы идеялық ортақ әрекет, тіл үйренушілер арасындағы тығыз қарым-қатынас, жалпыға ортақ басқару жүйесі, көпшілікке ортақ жауапкершілік пен ұжымның әр мүшесіне қойылатын ортақ талаптар болмақ деді. В.Коротовтың ойынша ұжымдық ынтымақтастықтың негізгі күші тіл үйренушілер арасындағы саналы тәртіп делінген. В.Галузинский: "... тіл үйренушілер ұжымындағы қоғамдық пікірдің қалыптасуы - ұжым, топтар арасындағы көсемдер (лидерлер) қарым-қатынасына байланысты деген. Ә.Жұмахановтың пікірінше ұлттық тәрбие мектептегі тәрбие жұмысында жетекші орынға айналуы шарт деп санайды. З.Жақыпов тіл үйренушілер ұжымы арқылы қазақ тілі сабақтарында ұлттық тәрбиеге бағытталған педагогикалық іс-шаралар жан-жақты дамыған жаңа адамды тәрбиелеп шығарудың кепілі болмақ дейді. Қазақстанда тіл үйренушілер ұйымының ұлттық тәлiм-тәрбиеге негiзделген жаңа моделі, ұлттық тәлiм-тәрбиенiң асыл арналары болып табылатын ізгілік, имандылық, парасаттылық ұғымдары өзiнiң бастауын қасиеттi Құран жазбаларынан, тотемдiк-мифологиялық ұғымдар мен таңбалардан, пайғамбарлар мен ғұламалар өсиеттерiнен, киелi "Авеста" шежiрелерiнен, мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерден және дала данышпандарының нақыл сөздерiнен бастау алады. Алтай тауларының қақпа тастарына (IҮ-Ү ғ.ғ) ойып жазып кеткен Күлтегiн мен Тоныкөк бабаларымыздың артына тәлімдік мұра қалдырды [6].

Асанқайғы айтқан асыл тас - табиғат ортасы, асыл сөз - адамзат парасаты, жел мен ой толқыны - тылсым кеңістіктің таңғажайып құпиясы болып табылады. Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептеріне арнап қазақтың ұлттық бай мұраларын орыс тіліне аудару арқылы қазақтың халық педагогикасын басқа ұлт өкілдеріне білдірді. Абай ұлттық тәрбие мәселесіне арнайы тоқталмаса да, қазақи тәлім-тәрбие дүниесінің ерекшеліктерін өзінің жыр жолдары мен қара сөздері арқылы шебер жеткізе білген.

М. Жұмабаев:"..Әрбiр тәрбиешінің қолданатын жолы - ұлт тәрбиесі. …әрбiр ұлттың бала тәрбиесі қылу туралы ескiден келе жатқан жеке-жеке жолы бар....",- деген. Т. Тәжiбаев: "..Қазақтың мәдени өмiрiнде фокльклор, музыка, қол өнерi және халықтың тәрбиелiк дәстүрлерi басты рөл атқарған...",-деді. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" кітабын (1975) қазақ халық педагогикасының әліппесі деп айтуымызға болады [7].

Әр халықтың ұлттық тәлім-тәрбиелік ерекшеліктері жөнінде Г.С. Виноградовтың (1926), А.Ф. Хинтибидзэнің (1951), Г.Н. Волковтың (1956) А.К. Алиевтың (Әзербайжан,1968), Я.И. Ханбиковтың (Татарстан, 1967), З.Миртурсуновтың (Өзбекстан, 1973), А.Ш. Гашимовтың (Азербайжан, 1970), Ю.А.Рудь (1980), З.П.Васильцованың (Украина, 1983) , Е.Л. Христованың (1988), К. Пирлиевтің (Түрікменстан, 1991), А.Э. Измайловтың (Қырғызстан, 1991) және басқа ғалымдардың еңбектерін атап өткен жөн.

Қазақстандық А.Мұхамбаеваның ойынша жас ұрпаққа халықтың сан ғасырлар бойы жинақталып келген салт-дәстүрлері негізінде тәрбие беру - алдымен салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың халық тұрмысындағы пайда болу генезисін тілі сабақтарында анықтап алудан бастау керек дейді. Қ.Сейсембаев "Отбасы тәрбиесінде балаларды мектепке даярлаудағы қазақ халық педагогикасы" атты еңбегінде халық педагогикасының негізгі компоненттерінің бірі ұлттық тәрбие екенін атап көрсетеді.

Қазақ халық педагогикасы мұралары негізінде тіл үйренушілер ұйымы арқылы тілі сабақтарында ұлттық тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру - жалпы адамзат мәдениетінің біртұтас бөлігі болып табылатын ұлттық рухани-мәдени қазыныларымыз жөнінде мол мағлұматтар алуымызға мүмкіндік береді. Оған мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан қазақстандық патриотизм мен республикамыздағы тіл үйренушілер ұйымдарының шығырмашылық әрекетері негіз бола алады [8].

Осы айтылған тұжырымды қорытындылай келе біз алдымен қазақ халық педагогикасының ұрпақ тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибелерін зерделей келе жалпы адамзаттық рухани құндылықтар мен ұлттық мәдениетке негізделген "жаңа типтегі тіл үйренушілер ұйымының моделін" қалыптастыруымыз қажет деп санаймыз.

Мектеп өмірінде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан озық тәжiрибелердiң тиiмдiлiгiн ескерген ғалымдар педагогикалық еңбектерiнiң көп бөлігін тәрбие мәселелеріне арнауды жөн санады. Оның басты себебi, мектеп практикасында тіл үйренушілерге жан-жақты тәрбие берудiң, осы уақытқа дейiн көптеген дәстүрлi әдiс-тәсiлдер жиынтығы жинақталғаны белгiлi.

Жоғарыда баяндалған мағлұматтар - бiзге республика мектептерiнде әрекет етiп жатқан тіл үйренушілер мен олардың ұйымдарында, ұжым мүшелерiне ұлттық тәлiм-тәрбие беретiн арнайы ғылыми-әдiстемелiк бағдарламалардың әлі де керектігін ескертеді.

Мектептегі тіл үйренушілер ұжымында ұлттық тәлім-тәрбие жұмыстарын 1990 жылдан бастап, мектеп педагогтары мен тіл үйренушілер ұйымының қолдауымен құрылған 250-ден астам қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. 1991 жылы Қазақстан Республикасы өз алдына дербес тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан кейін тіл үйренушілердің қоғамдық ұйымдарының белсенділіктері арта түсті [9].

Заманның қай кезiнде болмасын тіл сабақтары мен ұлттық тәрбие дәстүрлерi жүйелі түрде қатар жүріп отырса, болашақ кемеңгер тіл үйренуші жастарымыз рухы биік, патриоттық сезімі мол, ана тілімізді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдет - ғұрыптарымызды сақтайтынына кәміл сенеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2007 жылдың 28 ақпанындағы

қазақстандықтарға жолдауы. -Егеменді Қазақстан. 2007ж, 1-наурыз.

2. Есімбеков Н.В. Қазақстан кәсіпкері.2005 жыл.

3. Вопросы психологии воспитания. Выпуск 2. -Тамбов 1972.

4. Бахтиярова Б.Ж. Қазақстан кәсіпкері.2005 жыл.

5. В.С. Кукушин. Современные педагогические технологии в начальной школе. -Ростов-на-Дону "Феникс" 2004.

6. Құрманова Н.Ж. Сөз тіркесін оқыту барысында оқушылардың тілін дамыту әдістемесі. -Алматы, 1988.

7. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. Алматы, "Рауан", 1998.

8. Наурызбаева Р. Бастауыш мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдары. -Алматы, Білім, 2006.



9. Поляков С.Д. Технологии воспитания. -Москва, Владос 2002

Редакцияға 22.01.2008 қабылданды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет