Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы


АУДАРМАЛАР ЛЕВ НИКОЛАЕВИЧ ГУМИЛЕВ



бет7/14
Дата23.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#7276
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

АУДАРМАЛАР
ЛЕВ НИКОЛАЕВИЧ ГУМИЛЕВ:

ҚАЗАҚ ЭТНОСЫНЫҢ ШЫҒУЫ13
Қазақ этносының шығуы алдыңғы түрік халқының этникалық тарихымен тікелей байланысты.

Ғұндар түрік этносы ретінде б.д.д. III ғасырда құрылды. Олар өздеріне көптеген ұлыстарды: саян динлидері, тяньшань үйсіндері және манчжұр сяньбилерін бағындырып, оларды бір туыстас тайпалы мемлекетке біріктірді. Ғұндар этносы көп болған жоқ, олардың жауынгерлері 60 мың болды, яғни 300 мың адам еді. Ғұндар қазіргі Моңғолияның, Батыс Манчжұрдың, Минусин котловиндерін, Жоңғар мен Жетісу аумақтарын мекендеді. Олардың батысына қарай Қаңлы мемлекетін құрған печенегтердің бабалары – қаңлылар тұрды. Ал, солтүстігіне қарай орыстар кейіннен торалар деп атап кеткен гузылар мекендеді.

Хун мемлекеті қытайлардың соққысынан күйреді. Неліктен қытайлар өктемдік жасады? Себебі хундар 300 мың болған кезде, қытайлар 56 миллион болды. Бұл жағдайда кімнің кімге шабуыл жасайтыны түсінікті еді. Хундер төртке бөлініп, ыдырап кеткенде, бір бөлігі Батысқа кетіп, олар ғұндар деп аталып, өздерінің айырмасын білдірді. Ғұндар угрофин халықтарымен (орал және батыссібір халықтары) және аландармен араласты. Басқа бөлігі «күш аз» (малосильные) хундар ешқайда кетпей, Ертіс пен Жетісу аралығына дейінгі Шығыс Қазақстан аумағында қалды. Ал, шығыс ғұндар III ғасырдағы даланың едәуір бөлігін жайлаған ұлы құрғақшылықтың салдарынан Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болды (олар жөнінде «Қытайдағы хундар» деген кітап жазылған), алайда олардың ешқайсысы тірі қалмады.

Батыс ғұндар Еуропадағы жетістіктеріне қарамастан, соңында, өздеріне бағынышты ұлыстар – готтар, гепидтер және басқа да герман этностарының күшті қарсылығына ұшырады.

Ғұндарды тек екі ұлыс – славяндар мен ругилер қолдады да, басқалары қарсы болды, сөйтіп ғұндар 453 жылы күйретілді. Ғұндардың қалғандарын болгарлар – V ғасырдың 60 жылдарындағы сарағұрлар жойды.

Сонда хундардан кімдер тірі қалды? Тек Қазақстан аумағындағылардың ғана өмірлері сақталды. Олар бұл кезде батыстан кейін шегінген ғұндардың тармақтарымен бірігіп, Алтайға берік қоныс тепті де, торқұт, яғни (ұт – моңғолдардағы көптік жалғау) түркілер деп аталды. Олар ғұндардың қалған тайпаларына арқа сүйей отырып, өздерінің Ұлы Қағанаттарын құрды. Қағанат екіге – Шығыс және Батыс Қағанатқа жіктелгені белгілі. Батыс қағанат араб және қытайлармен қарсыласа жүріп, 658 жылға дейін өмір сүрді. Құтлұқтың арқасында бой көтерген Шығыс қағанаты 745-747 жылдары құлады. Батыс қағанаты да VIII ғасырда күйреді. Шато (Жоңғариядағы) жазығындағы қалған ғұндар Қытайға оралып, жартылай түркі, жартылай қытайдан құрылған Тан билігін қолдады. Ғұндар Тан дәстүрін қытай ұлтшылдары Сунға қарсы қолданды. Олар 970 жылға дейін билігін сақтады. Жалпы, хундар тарихындағы деректер олардың этнос ретінде б.д.д. III ғасырда құрылып, б.д. X ғасырға дейін, яғни 1300 жылдай жасағанын дәлелдейді. Мұндағы ең маңыздысы – ғұн этностарының қалдығы ешқайда жоғалып кетпегені.

Тіпті этникалық жүйенің өзі құлағанымен, оның құрылымы, яғни элементтері сақталған. Батыста түрік тайпалары қимақ одағын құрып, оған бір кездері қыпшақтар да біріккен, кейіннен олар бөлініп кеткен. Одан соң қаңлылар одағы құрылып, олар өз тағдырларын Хорезмдермен, Қашғар мен Жаркентке кеткен құрлұқтармен және гуздармен байланыстырды. Бұл тайпалардың көпшілігі қазақтардың арғы аталары саналады. Негізінен, арғындардың бабалары болады. Қыпшақ, қаңлы, арғындар – бұлар ежелгі рулар. Оларға Қиыр Шығыстан манчжұрлар ығыстырған наймандар – қара қытайлардың бір бұтағы қосылды. XII ғасырда олар селжуктарды (түркімен) жеңіп, Жетісу мен Шығыс Түркістанда өз хандықтарын құрды.

XIII ғасырдың басында Шыңғысхан келгенде, қарақытайлар оған өз еркімен қосылды да ешқандай қиындық көрмеді. Олардың солтүстік бұтағы наймандар деп аталды. Басқа тайпалармен араласып кеткен гуздар арғындар деп аталды. Шыңғысханмен бірге Шығыс Сібірден келген қоңыраттар арғын, найман және шығыс қыпшақтарымен бірге төртінші одақ – Орта жүзді құрды.

X ғасырдың аяғы XI ғасырдың басында күшті пассионарлы дүмпу Сібір мен Моңғол даласының шекарасындағы дала Еуразиясының шығыс бөлігін қамтыды. Ол екі ірі халық – чжурчжэней (манчжұрлар) мен моңғолдарды тарихи әрекетке бастады. Чжурчжэней XII ғасырда Қытайдың жартысын жаулап алды. Моңғолдар неғұрлым аз халқымен бірнеше жылға кейін қалды, бірақ кейіннен қуып жетіп, журчжэнейлерді жеңді. Осы кезде алғаш рет моңғол атауы пайда болды. Бұрын моңғол этностары өздерінің жеке ру атауымен аталды. Моңғолдар өздерінің тайпа дәстүрлерімен өмір сүрді, олар ақсақалдарға бағынды да, олардың билігі ең күшті билік саналды. Ақсақалдар жас мөлшерімен емес, өздерінің аталарымен анықталғандықтан, жаңа туған сәби де көп ретте билік иесі болды. Бұл жағдайда нағыз батырлар қысылшаң жағдайда қалып, не билікке, не өз беттерінше еркіндікке қол жеткізе алмады. Сондықтан да олар орманға, далаға кетіп қалып, өздерін «ұзақ еркіндіктің адамы» санады. Бұл еркіндік адамдары топтарға бірігіп, Орда құрды. Ал, жетімсіреген ханзада Тэмучжинді өздерінің басшысы етті. Моңғолдардағы хандар өмір бойғы билік иесі саналды. Бұл мұрагерлік емес еді, әр кезде хан сарбаздарды белгісіз мерзімге емес, өмір бойына сайлады. Егер хан көптің көңілінен шықпаса, оны өлім күтетін. Биліктің мұндай жүйесінің тіпті артықшылығы да болды, хан үлкен жауапкершілікті сезініп, өзін халықпен өте сыпайы ұстауға тырысты. Ал ханның өз бағыныштыларына дұрыс қарауы ең басты мәселе еді. Ол бір жағынан өзінің қол астындағыларға да бағынышты еді.

Моңғолдар бар жағынан қоршауда қалады. Манчжұрлар - чжурчжэндер оларға қарсы жыл сайын «адамдардың санын азайтып, құлдар жинап алу үшін» жорық жасап отырды. Олар ер адамдарды өлтіріп, жас әйелдер мен балаларды Қытайға құлдыққа сатты. Бұл моңғолдарға әрине, ұнаған жоқ. Олар құлдықтан құтылып, кері оралуға тырысты. Қытай жазушысы Чжао Хун айтқандай «бұл олардың миына, қанына, сүйегіне сіңген еді».

Моңғолдардан батысқа қарай, жоғарыда айтып кеткеніміздей, наймандар, қарақиданей көшпелі халықтар тұрды.

Ал, моңғол этносы орныққан орталықта 1009 жылы христиандықты қабылдаған кераит халқы мекендеді. Олардың шіркеуі киіз үйлерде болды. Шығыстан қыса бастаған манчжұрлардан қорғану үшін кераиттарға бірігу керек еді, ол үшін хан билігі қажет болды. Ханға үміткер болғандар алтау еді, соның ішінде неғұрлым билік етуге қабілеттісі 1185 жылы Шыңғысхан дәрежесімен билеуші болып сайланған Есугей батырдың ұлы Тэмучжин болды. Әрине, бұдан соң ол талай сәтсіздікке ұшырады, 12 жыл чжурджэнейлердің түрмесінде отырды, одан кейін қайтып оралды. Одан басқа халықты біріктіретін ешкім болмады. Шыңғысханның қарсыластары кераиттер, наймандар және меркиттер онымен билік үшін шайқасуға ұмтылды. Алайда, ол жеңді де, діндар кераит ханшайымы Сүйріктен бегім шіркеулі киіз үйін сақтай отырып, өз ұлын аяқтандырды. Найман ханы өз немересі Гүйікті үйлендірді. Үгедей ханның әйелі Доргене болды, оны түркіше Туракин деп атады. Ол меркит тайпасынан еді. Шыңғысхан өзінің көршілері мен туыстас тайпаларына жорық жасаған жоқ. Бұл моңғолдарды жек көрген батыс еуропалықтардың жаласы еді. Бұл жек көрудің себебі менің «Черная легенда» («Қара аңыз») еңбегімде көрсетілген.

Батыста моңғолдардың жауы қатал мемлекеттік құрылым – Хорезм сұлтанияты болды. Хорезмдіктер мұсылман фанаттар еді де, бұлардан Самарқант пен Бұхарадағы нағыз мұсылмандар жапа шекті, себебі олар өздерін тым дөрекі ұстап, мұсылмандарға қарсы көтерілістер де болып тұрды. Хорезм әмірлері Отырар қаласында моңғол мемлекетін арқа тұтып, моңғолдарға, яғни халықаралық керуендерге шабуыл жасады. Ал Гурганджге қақтығыстың себебін анықтау үшін келген моңғол елшілерінің біразын өлтіріп, біразын жалаңаштап, шаштарын тақырлап, далаға қуып жіберді. Олардың біреуі, не екеуі ғана Моңғолияға жетіп, басынан кешкендерін жеткізді. Моңғолдар дала көшпенділері ретінде қонақтарға сатқындық жасауды нағыз қылмыс деп санады. Өйткені, қонақты қожайындарға сеніп тапсырады, ал олардың сенімдерін аяқ асты ету көк Тәңірісіне қарсы жасалған қылмыс деп танылды.

Осының нәтижесінде болуға тиісті соғыс басталды. Моңғолдар таңқаларлық әрекетке қол жеткізді, олар 200 мың әскерін соғысқа қатыстырып, 400 мың хорезмдік жауынгерлердің бас сауғалап, бытырай қашуына қол жеткізді. Хорезмнің шахы Мұхаммед Каспий теңізі аралында көз жұмды. Оның ұлы Жәлеладдин Индияға, одан Иранға кетіп, ұзақ уақыт моңғолдармен соғыс жүргізіп, соңында күрттердің қолынан ажал құшты.

Моңғол этносы өте жақсы қаруланған, тіпті техникалық жағынан жарақтанған қарсыластарын қалай жеңді?

XIII ғасырдың басында моңғолдардың саны жарты миллионға дейін жетіп, ғұндардан екі есе көбейді. Ал, Қытайда алпыс миллион халық болды. Хорезм сұлтаниятында шығыс Иранды басып алуымен қосқанда жиырма миллиондай адам болды. Осыған қарамастан моңғолдар бір мезгілде екі майданда соғысып, жеңімпаз атанды. Бұдан соң құмандармен, половецтермен болған соғысты ұйымдастырған үшінші майдан қосылды. Осы үш майданда аз ғана моңғол этносы жеңіске жетті. Бұл құбылыс ұлғайып келе жатқан пассионерліктің болуымен, яғни аз мерзімде көлемді әрекет атқара алуымен түсіндіріледі. Бұл қабілет қатардағы адамдар атқара алмайтын аса күшті ерік арқылы жүзеге асады. Осы ретте, пассионарлардың мінез-құлық стереотипі өзгеріп отырады. Бұл пассионария өздерінің мақсаттары мен идеалдары үшін құрбандыққа да бара алады. Ал, дамудың ұзақ жолынан өтіп, өркениетке қол жеткізген адамдар эгоистке айналып, жалпы істі емес, өз бастарын ғана ойлайды.

Пассионарлардың субпассионарлардан осы айырмасы моңғолдар секілді жас, ғұн, сябий және сібір тайпаларынан құралған елдің біртұтас бүтін елге бірігіп, орасан жетістікке жетуін түсіндіреді. Моңғолдарды мұндай соғыстарды еш мақсатсыз жүргізді деп айыптайды. Бұл электр катиондарын аниондармен қосылуға ұмтылуын кінәлағанмен бірдей. Олар біріге отырып найзағай ойнатады. Бұл ретте энергияның жинақталуы шапшаң, эссцесс жолымен жүреді.

Космоантропоэкология бойынша бүкілодақтық II жиында (Ленинград, 5-10 маусым, 1984) жақын ғарышта жұлдызды жел мен күн желінің өзара әрекеттесуі талқыланды. Энергияның мұндай кездесуі Жер айналасындағы тепе-теңдіктің бұзылуын тудыруы мүмкін, бұл өз кезегінде биосфераға әсер етіп, биология мен этноста жаңа түрлердің пайда болуына ықпал етуі мүмкін (адамдарға аз мөлшерде әсер етеді). Одан әрі этностар қалыпты дамиды, яғни, өмірге келген адам этногенездің барлық сатысынан балалық шақ, жастық шақ, кемел шақ, қарттық кезеңнен өтіп, өз өркениетін құрады. Соңында этнос не изолят ретінде сақталады, не бөлшектеніп (дисперсия), оның мүшелері жаңа этностар құрамына енеді.

Пассионарлы дүмпу – бұл энергетикалық импульс моңғолдарды алға жылжытты да, олардың барлық Ұлы даланы, Хуанхе сары өзенінен көгілдір Днепрге дейін біріктіріп, бір мезгілде Орта Азияны, Иранды басып алып, бағындыруға мүмкіндік берді. Ұлы князь Александр Ярославович Невский Батыймен өзара көмек, қолдау көрсетуге мәмілеге келіп, ұлын Батыйға еншілеп, орыс-моңғол одағын құрды. Бұдан басқа, моңғолдар жаулап алған орасан аумақта Қытай мен Вьетнамның тең жартысы да жаулап алынды.

Алайда, сол кездегі жағдайда мұндай орасан үлкен мемлекетті басқару қолайсыз, әрі мүмкін емес те еді. Сондықтан да, мемлекет төрт үлкен хандыққа жіктелді. Орталық хандықты Моңғолия, Манчжұрия және Қытай иеленді. Оны Түлейдің ұрпағы, Шыңғыс ханның кіші баласы биледі, себебі осы кіші ұлына әкесінің ұлысы мен әскерлердің басым бөлігі берілді. Басқа ағайындар Шағатай, Гүйк жән Шыңғыс ханның немересі Джучидің баласы Бату 4 мың әскерден алды. Ал, Түлейде 100 мыңнан аса әскер болды. Ал, шеткері ұлыстар өздерінің жағдайы мен қалаулары бойынша орналасты.

Джучи мемлекетінде (оның төрт ұлы болды) үш хандық құрылды: Ақ орда шығыс Қазақстанда, Тарбағатай бөктері мен Оңтүстік Алтайға созылды, оның ханы Орда-Ичжэн болды; Көк Орда батыс Қазақстанда Арал теңізі мен Түменге дейін иеленді, оны Шейбани биледі; Үлкен орда Алтын Орда Волгада болды, оны Батыйдың ұрпақтары биледі. Джучилердің анағұрлым татулық жағдайында тұрғанын айта кеткен жөн, бұл хандықтар XIV ғасырға дейін өмір сүрді. Одан кейін құлады, себебі моңғол хандығы мен Алтын Орда арасында «ұлы қақтығыс» басталды. Орыс жылнамаларында «қайырымды хан» аталған Жәнібекті өз ұлы Бердібек өлтіреді, көп ұзамай оның өзі де мерт болып, жаппай бейберекеттік басталады. Алтын Ордадағы байланыс жүйесі бұзылады, одан соң барлық ел алдымен Ақ Орданың ханы Ұрыс ханды жеңген Көк орданың ханы Тоқтамыстың билігіне көшеді. Ол өз басының сорына Темірмен байланысады. Темір Алтын Ордаға екі мәрте жорық жасап, Тоқтамысқа шабуыл жасайды. Бірінші жорығы Қазақстан арқылы, екіншісі Кавказ арқылы өтеді. Джучи ұлысының негізгі аумағы басып алынады. Бұл соққыдан джучиліктер қайтып бас көтере алмайды. Олар біршама уақыт орыстардың көмегімен Волгада тұрақтайды, бірақ шығыста түрік халқы хан билігінің шайқалғанын көріп, жаңаша орнығуды бастайды

Моңғолдарды Еуразия билігіне жеткізген этникалық процестің басында ақсақалдар мен «ұзақ еріктілер адамы» батырларының басқару принципіндегі үлкен отбасылардың болғанын еске алайық. Осы «ұзақ еркіндік адамдарының» көбісі пассионарий ретінде ұрпақ қалдырмастан ұрыстарда қаза тапты. Сақталған көшпелі отбасы, рулар – моңғолдар мен түріктер негізінде тайпалар одағы – жүздер құрылды. Ең бірінші жүз Жоңғарияда құрылған Ұлы жүз болды. Одан кейін Қазақстанның шығысында орта жүз құрылып, ол төрт руды: қоңырат, найман, қыпшақ, арғындарды біріктірді. Ал, Батыс Қазақстанда кіші жүз орнықты, ол көптеген рулардан құралды, себебі түркімендер қазақтар көз тіккен жерлерді басып алды, ал неғұрлым жауынгер қазақтардың бір бөлігі Арал теңізінен оңтүстікке қарай ығыстырылды, сол арқылы Үстірт, Ембі, Жайық (Орал) жерлерін иемденді.

Жаңа этнос ландшафттардың тоғысында пайда болады. Бұл қазақ этностарына да қатысты еді, олар далалы, жазық және таулы аймақтарда пайда болды. Алтай, Тарбағатай, Тянь Шань жерлерімен тоғысатын жазықтықта – әр текті жерлерде қазақ этносы туды да, әрі қарай Еуразияның шексіз даласына Волгаға дейінгі аралыққа жайғасты. Қазақ этнос ретінде өте көркем, табиғаты бай, жерұйықта пайда болды.

Бірқалыпты ландшафта адамның жүйкесіне серпін беретіндей жаңа мінез-қалыптың тууы байқала бермейді. Бірқалыпты ландшафт негізінде тұрақты болады, оны өзгерту тұрғылықты халыққа қиын тиеді. Ал, ландшафт әр түрлі болғанда этностар жеңіл кірігіп, бейімделіп, жаңа этнос құрылады. Бұған мысал ретінде сібір тайгаларын, амазондық селва мен Австралияның даласын айтуға болады.

«Қазақ» деген сөз басқа да халықтарда қолданылған. Дон, Кубань, Теректің тұрғындары хазар славян шығу тегіндегі және православяндықтар өздерін «казактар» деп атаған. Католиктік Польша мен Запорожьеден қашқан орыстар да өздерін «казактар», «козактар» деп атаған. «Казак» деп татарлардан өзге түркілік дала халқы да аталған. Себебі, татарлар деп Алтын Орданың хандары аталды, ал қазақтар еркін көшпелілер деген атауға ие болды. Алтын Орданың құлауымен «қазақ» этнонимінің құрылуын айтуға болады. Әйтсе де қазақтар одан ерте өмір сүрген.

Қазақтардың барлық үш жүзі өзара саяси және мәдени байланыста өмір сүріп, бұл Дала көшпелілерінің бейбіт өмір сүруінің ыңғайлы формасы болды. XII ғасырда Дала Қытай мен Хорезмнің ең күшті қысымынан қорғану керек болды, себебі хорезмдіктер көшпелілерді аяусыз қырды, бұл жағдайда ханның басқаруындағы күшті әскери ұйым құру қажет еді. XV ғасырда Орта Азия түгелдей күйреу жағдайында болды да, Қытай моңғолдарды қуып тастап, Мин династиясының билігіне көшті. Алайда ол да Даланы жаулап алу үшін жеткілікті әскери қабілетін көрсетпеді.

Бұл кезде Далада (Қазақстан, Моңғолия және Батыс Қытай аумағында) соғыссыз өмір сүруге болатын еді. Көшпелілер, оның ішінде қазіргі қазақтардың ата бабалары соғысқан жоқ. Әскери биліктің орнына олар бейбіт өмірдің формасы – тайпалық одақ құрды. Ойраттар, шығыс қалмақтары Батыс Моңғолия мен Жоңғарияда тұрды. Сол көшпелі түркілер батысқа қарай, Алтай мен Тарбағатайдың басқа жағына орналасып, үш қазақ жүздерін құрып, қалмақтар мен қазақтардың жауласуына дейін бейбіт қатар өмір сүрді.

XVII-XVIII ғасырларда қалмақтар қазақ мұсылмандарына қарсы шайқасты. Бұл күрделі жағдайда қазақтар өз еркімен қытайдың билігіне емес, Ресей патшаларына бағынды. Алдымен Әбілқайыр хан Кіші жүзді бағындырды, одан соң Орта жүз, кейінірек оңтүстіктегі Ұлы жүз бағынды. Осылайша, Қазақстан Ресей империясының құрамына енді, ол ішкі басқарудың ерекшелігін сақтай отырып, жергілікті істерді дербес жүргізіп, әскери қызметтен босады (рекруттық және әскери), осы жағдайда XVIII және XIX ғасырларда өмір сүрді. Ал, XX ғасырда жағдай өзгерді. Бұл бәріне белгілі еді.




Манаш Қозыбаев,

тарих ғылымдарының докторы, академик

Л.Н. ГУМИЛЕВ

ЖӘНЕ ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ ПРОБЛЕМАСЫ14
Лев Николаевич Гумилевтің ұрпаққа қалдырған іргелі мұралары адамзат қоғамын тарихқа дейінгі дәуірден бастап терең қозғап, өткен бұлдыр-мифтік болмыс түріндегі кезеңнен қазіргі ішкі және ұлтаралық қарым-қатынасқа дейінгі адамзат қоғамының күрделі болмысын тереңнен қозғайды. Автордың соңғы онжылдық ішіндегі неғұрлым кең танылған еңбектерін ғарыштың тектоникалық құбылысымен салыстыруы бекер емес: «Өзіңді қорғау үшін жанартаудың әрекеті секілді стихиялық құбылыс санатындағы этногенезді зерттеу керек».

Гумилевтің концепциясы адамзаттың жаралуын эвлюциялық емес, өзіндік ішкітүрлік, әр түрлі тайпалар мен нәсілдерді бір қазанда араластыру кезіндегі зерттеуі қандай да бір сызбаны жасап, осы бір вавилондық қозғалыстарды елестететін бүкіләлемдік тарих арқылы көрсетуді көздеген. Алайда, бұл зерттеушінің салқынқанды бәрін қатарластырып, реттеп, нөмірлеп қоятын тәкаппарлығы емес. Оның басты сіңірген еңбегі, біздің ойымызша, қордаланған адамзат идеясының бірлесуін әлемдік планетарлық ауқымда, әлі де толықтай анықталмаған заңдылықтар аясында көрсету болды. Мұнымен қоса, құрғақ логикаға негізделген, идеологиялық догмамен құрсауланған кеңес тарихи шежіресіне қарсы ғылыми талдауына өзінің ұлы ата-анасынан еншілеген қайталанбас поэтиканы үндестірді.

Ғарыштық пайда болу мутациясы туралы мистикалық постулатты негізге ала отырып, өмірге бейім пассионарии пайда болғанда, қандай да бір жоғары иллюзияға ұмтылған «батыр», Гумилевтің этногенез мектебінің іргетасының негізін қалаған керекті тас болып шықты. Автордың өзі бұл жөнінде оппоненттердің қайсысы да оның теориясын не терістей алмай, не қарсылық көрсете алмай, тек тыйым әдісін ғана қолданғанын мысқылмен айтып өткен.

Оның теориясын меңгеру бүгінгі күні де күрделі. Мұны теорияның шынайылықтан алшақтығымен емес, Гумилевтің көзқарас жүйесінің көпқырлылығымен ұғындырған жөн. Бұл теорияны жай адам тұтастай меңгеріп, ондағы заңдылықтар мен құбылыстарды жинақтап, бір орталыққа шоғырландыра алмайды. Адамдардың қатыстылық теориясын ондағы уақыт категориясының қысқару мен кеңеюін, этногенез бен жер биосферасының өзара байланысу жұмбағын мардымсыз ғана түсіне отырып меңгеруі аса тар шеңбердегі мамандардың ғана еншісі. Алайда, қандайда ұлы идеялар сияқты Гумилевтің этногенез теориясы ең алдымен таңғажайып жаңалығымен, терең тұжырымдарымен құнды.

Бұл ең алдымен этнос ұғымының өзіне, оның ішкі процесіне, сыртқы ортамен өзара байланысына қатысты. Ғылыми аппаратқа «этносфера» деген терминді енгізіп, адамзат пен табиғаттың дамуы арасындағы бөлінбейтін байланысты анықтай отырып, Лев Николаевич халықтың өмір сүру тәсілінің құпиясына бәрінен де жақын келе алды, яғни, «олардың байланысы өздерін асырайтын табиғат пен өміршең дәстүр-салт, адамгершілік, көзқарас ғасырдан ғасыр озған сайын қатаң заңдылықпен, этногенетикалық процестермен байқалып отырады» [1]. Ол білім сандығын осыған дейін әлеуметтік категориялар арқылы ғана қарастырылған халықтың шығуы мен даму тарихын жер биосферасының анықтаушы этникалық мәнімен толықтырды. Бұл әсіресе, этностың туу, даму, кемелдену, қартаю (инубациялық кезең, пассионарлы көтерілу, акматикалық фаза, инерция және обскурация) жөніндегі ілімінен айқын байқалды. Этностың тірі ағзалар секілді, жас мөлшері болады екен, ол 1200-1500 жыл шамасында.

Отандық халықтанудағы бетбұрыс қадам – оның ұлттың біртұтастығы, халықтың қауымдастығы туралы тұжырымы болды. Гумилев ашқан дихотомия, суперэтнос этнос субэтнос түбегейлі түрде этнология стереотипінде қалыптасқан тұрғыдан жаңаша қаралды, соның ішінде ең қасиетті саналған лениндік ұлт саясаты, катехизмге лайықталған, одан соң қарабайыр ойға әкелуден аулақталды. «Нақ күрделілік этносқа тұрақтылық әкелуі» мүдделердің, қарама-қайшылықтардың күресі және осы ағзада иерархиялық кешенді жүйе өмір сүреді. Оның қоғамда гүлдену деп қабылданған тоқыраудың нағыз белгісі болғандығын айтуы тікелей ашық айтылған ой еді.

Жасыратын несі бар, біздің отандық тарихтануда бұрынғы конъюнтурлық дәстүр сақталған. Режимнің ауысуымен қатар көзқарастар жүйесі де өзгерді. К. Маркстің айтқанындай, егер екі жерде екі төрт болатындығы туралы формула біреулердің мүддесін қозғаса, онда ол тез арада талқылауға түсер еді. Кеңес қоғамтанушыларының жағдайы идеалдардың мүддеден жоғарылап кетуінен де күрделене түсті, яғни ғылыми ақиқат көкжиектің сызығына айналып, ал ғылыми ізденіс сағымның соңынан жүгіру болды [2]. Лев Николаевич Гумилев шындықты баяндауда өз жолын тапты. Оның сіңірген еңбегі сол, ол гуманитарлық ғылымды физикалық және математикалық заңдылықтарға жақындатуға ұмтылып, жаратылыстану және «жаратылыстану емес» ғылымдардың арасындағы айырманы қысқартқысы келді. Гумилев өзінің ғылыми шығармашылғы арқылы өз кезінде Василий Макарович Шукшин жазған: «... адам бұл жаратылыстың өзін-өзі тану үшін жасаған кездейсоқ, тамаша, азапты қадамы», – деген пікірін дәлелдеді.

Бұл тартымды сюжеттегі негізгі әрекет орталығы болып еуразиялық субконтинент (Орталық және Алдыңғы Азия, Сібір, Шығыс Еуропа) таңдалды, ал көлденең (вертикаль) уақыт Христовтың туғанына дейінгі алыс дәуірге кетеді. Драмалық жылнаманың басты персонажы – Ұлы Даланың көшпенділері болды.

Еуропалық шығыстанудың дала өркениетіне қатынасын О. Сүлейменов анағұрлым дәл анықтап берді: «Ғылым көшпенділерге көресінді көрсетті. Жыртық киіз үй, ластық пен қайыршылық XIX ғасырда еуропалық зерттеушілерге соншалықты ауыр әсер қалдырды да, даланың көне мәдениеті мен Еуропаның арасын байланыстыруды ойлау мүмкін болмады» [3]. Мұндай стереотип қазіргі кезде де орын алып, қитұрқы түрде көрініс беруде. Қазақтардың барлығы дерлік әлі күнге қой бағып қана жүргендер (Солженицын).

Л. Гумилевтің биік жетістігі оның ресейдің беделді ориенталистік мектебі дәстүрін шығармашылық түрде жалғастырып, жақын және алыс елдердің тарихын жаңғыртып, орыс этногенезі мен мәдениетінің қалыптасуында түркі мемлекетінің де үлесі болғандығын дәлелдеуі еді. Ол: «Сібір мен Орта Азия халықтарын тек Қытай мен Иранның көршісі ретінде тануды тоқтататын кез келді. Түркілердің тарихы мен мәдениеті өз алдына дербес дамығандығының талассыз екендігі туралы практикалық қорытынды жасау керек. Тек сонда ғана олардың қалай өмір сүріп, өркендеп, дамығанын түсінуге болады. Өткеннің, тіпті болашақтың бастауы өткеннің қазынасында жатыр, өйткені көне түріктер Кеңес одағы елдерінің көбісінің ата-тегі ғой» [4].

Өз зерттеулерінің негізгі ұстанымдарына Гумилев этникалық процестердің көп тармақты аспектілерін бүкіләлемдік және оқшаулы-аймақтық масштабта қарастырды. Ол ғылыми айналымға категориялы-ұғымдық құрылым, проблеманы зерттеудің принциптері мен әдістерін енгізіп, бұл нақты-тарихи көріністен этникалық процестерді тұтастай және сыртқы ортамен өзара байланыста қарастырудағы заңдылықтардың эвристикалық мүмкіндігіне қол жеткізді. Жекелеген ғылымдардың тар мамандандырылған бағыттан (география, археология, лингвистика, криминалистика және т.б.) ол халықтануды жалпы тарихи білім арқылы жинақтап, бірлестіре зерттеуге жеткізді. «Этнология басқа мақсат қояды. Ол мәтінге емес, айғақтарға, олардың жүйелі байланысына сүйенеді. Эмпирикалық кешеннің тиісті деңгейін қатаң сақтау кезінде ғана бұл нәтижелі болмақ. Этногенез фазаларын есепке алып, жүйе тұтастығын салыстыра отырып, біз еуразия континентіндегі этникалық тарихтың мыңжылдықтар кезеңі туралы толық мағлұмат ала аламыз» [5].

Еуропаорталықтандыруға (А. Тойнби, О. Шпенглер және т.б.) қарсылар көшпенділер «дала құлдары», «жылдық маусымның мәңгілік тұтқындары», «олардың әлеммен қатынастары үзілген», сол сияқты олар салт атты өркениетке тұрақты түрде емес қуып жеткенде ғана даладағы тарихи оқиғаларға уақытша қатысып отырғанымен, көшпенділер тарихы жоқ қоғамға жатады, – дегенді айтты [6]. Ал, Л.Н.Гумилев өз зерттеулерінде Еуразия халқының көшпелі өркениетінің өмір сүруі 3000 жыл шығармашылық эволюцияны бастан кешкені туралы үзілді кесілді қорытындыға келеді [7].

Түркілердің әлемнің төрт бұрышының тоғысында отыруы, оларға деген қызығушылықты тудырды. Түркілер Орта Азияда медиаторлардың рөлін атқарды, Византия, Персия және Үнді мен Қытайда, яғни Шығыс пен Батыстың арасында дәнекер болды. Осымен қоса, олар өздерінің қайталанбас, бірегей өмірлік салттарын, көшпелі мәдениеттің ерекшелігін, еуропалық және шығыстық өмір дәстүрлерімен бәсекелесе алатын қабілеттерін сақтап қалды. Өмір сүруге деген жоғары қабілеттілік, қоғамға кірігу, қоғамның күрделі құрылымы мен әлеуметтік институттарда орны болған түркілер (өлшемді-басқыштық жүйе, шендердің иерархиялылығы, әскери тәртіп, дипломатия, ең соңында тұтас өмірлік философия) гумилевтік пассионарлық теорияға негіз болды.

Әлемдік тарихтағы көшпенділерді түсініп, олардың орнын анықтау үшін олардың ең алдымен малшы-көшпенділер мен егіншілікке бөліну мәселесін анықтап алу керек еді. Б.д.д. бірінші мыңжылдықтың екінші жартысында (сяньбилердің тайпалық одағы және Қытай) өздерінің көзқарастар жүйесін екіге, мәселен, Ұлы Түрік қағанаты мен біздің дәуіріміздегі олардың құлауының ащы сабағы аралығына бөліп, Гумилев дереккөздер мен айғақтар сипатындағы қиыншылықтарды жеңді. Зерттеуші фрагментарлы, көп жағдайда шатасқан тарихи тізбелерді салыстырып, талдау мен жинақтаудың тұтастығына қол жеткізді. Малшы-көшпенділер мен егіншілер арасындағы еңбек бөлінісі этникалық топтардың ішінде өтетін Еуропадан айырмасы, Азияда бұл этникааралық сипат иеленді. Бұл өзіндік қарама-қайшылық (контраст) Гумилевке келісімшарттың үшдеңгейлі сипатына сүйеніп, этногенез заңдылығы кодексін жасауға негіз болды.

Еуразиялық суперэтнос күрделі, бөлшектеуге келмейтін құрылым иелене отырып, тарихи кезеңде үш рет бірікті: Түрік қағанаты, Моңғол ұлысы және Ресей империясы, кейінірек Кеңес Одағы. Л. Гумилев Еуразия халқы үшін бірігу бөлшектенуден анағұрлым қолайлы екендігін дәлелдеді. Алайда, белгілі бір өмір кезеңдерінде халықтың қайсысының бірінші болу принципі бұзылған кезде, оларды дамудың бірыңғай моделіне кіріктіру жүзеге асқанда, одақтар құлап, субконтиненттер қиын кезеңнің тереңіне құлап отырды.

Бүгін, постимпериялық қайта құру кезінде Лев Николаевич Гумилевтің мұраларының ғылыми және қолданбалы маңызы көп қателіктерден құтылуға көмектесер еді.

Л.Н. Гумилев өз еңбектерінде көшпенділер әлемдік өркениетке жетуге өз үлестерін қосқанын дәлелдеді. Ол: «Көшпелілер қоғамында техникалық ілгерлеудің мүмкін еместігін ойлау қате. Көшпелілер, ғұндар мен түркілер қазіргі адамдардың да кәдесіне жарайтын заттар ойлап тапқан. Ең алғаш киімнің түрі – шалбар сонау көнеде пайда болған. Жебе Орта Азияда 200 және 400 жылдары қолданылған. Алғашқы ағаш арба алдымен, күймеге, одан соң тарантасқа айналды да, бұл көшпелілерге таулы, орманды алқаптарда жүруіне қолайлы болды. Көшпелілер түзу қылышты ығыстырып, қайқы қылыш, 700 метр қашықтыққа дейін жететін ұзын жебе ойлап тапты. Ең соңында киіз үй сол заманда ең жетілген жай болып есептелді» [8].

Л.Н. Гумилевше, Еуразияшылдық, басқаша айтқанда, Дала өркениеті Алтайдан Дунайға дейін созылды. А.П. Окладников: «Көне түркі Сібір шығысқа қарағанда батыспен тығыз қатынаста еді. Оның мәдениеті анағұрлым бай, көркем болды» – деген жазуында шындық бар.

Дж.Неру Азияның арий, сақ, ғұн, араб, моңғол, түрік сияқты халықтары туралы айта отырып, «ұзақ кезеңдер, мәнді уақыт бойы Азия басымдықта болды. Оның халқы толқыннан толқынға өте отырып, Еуропаны жаулап алды. Олар Еуропаны құр да қалдырды, өркениетке де жеткізді» [9].

Азия ұлы көсемдерді, оның ішінде басты діннің негізін салушыларды туғызды. Л.Н. Гумилевтің пікірінше түркі моңғол діні көне танымның тереңінен бастау ала отырып, буддизм немесе ислам, зороастризм және манихейлік, христиандыққа қарағанда, дүниетаным концепциясын аяқтаған дін болды. «Тәңірлік онтологиямен, космологиямен, этика және демонология дүниетанымымен толықты» [10]. Барлық басқа діндер сияқты тәңірлік діннің де әлеуметтік мақсаты болды. Енисей рунасында мынадай жолдар біздің айтқанымызды бекіте түседі:



Көкте түрк тәңірісі,

Түрктің қасиетті жері, суы.

Түркі халқы жойылмасын, деп

Әкем Елтіріс қағанды,

Шешем Елбілге қатынды,

Тәңірі төбесіне ұстап,

Жоғары көтерген екен [11].

Ш.Ш.Уәлиханов исламмен кіріккен тәңірліктің тұрақтылығын, бейімділгіштігін ашты.

Өркениеттің мәнді белгілерінің бірі – жазудың дамуы. Ұлы түркітанушы Л.Н. Гумилев ғұндар туралы кітабында былай деп жазады: «245-250 жылдары қытай елшісі Кан тай Фунанға (Кампучия) саяхат жасап, өзінің естелігінде былай деп жазған: «...оларда, кампучиялықтарда кітаптар бар, оларды мұрағаттардың қорларында сақтайды. Олардың жазуы ғұндардікіне ұқсас. Егер ғұндарда жазу дамымаса, қытай елшісі Кан тай фун жазуын немен салыстырар еді?»

Тойнби тарихы жоқ елге санаған көшпенділер әлемге трансконтиненталь магистралін – даланың мәдениетін тасымалдаған Жібек жолын берді. Дала өркениеті жануар стилінің бай өнерін, металлургияның көне орталығын жасады. Ол әлемге орасан аумақты мемлекеттік тұрғыда басқару жүйесін үйретті. Бұл басқару Түрік қағанатында, қыпшақтар мемлекетінде, Моңғол ұлысында, Қазақ хандығында сыннан өтті.

Дала өркениеті әлемге Ш. Уәлихановтың аса үлкен мақтанышпен мәлімдегеніндей, сәулет өнерінің қайталанбас мұраларын, руна жазуындағы бірегей ескерткіштерді, Гомердің туындыларынан кем емес тамаша эпостық жырларды берді [12].

Қазақ эпосы әлемге ұлттық генофонды сақтауды, жас ұрпақты тәрбиелеудің тағылымын қалдырды. Ш. Уәлихановтың анықтауынша, қазақтардың рухани әлемі «тұтас бір дүниені» құраған жалпы тарихи мәнге ие.

Л.Н. Гумилев – әлемдік ойлау деңгейіндегі тұлға. Оның өмірдегі ең үрейленгені – қоғамның қайта құруы кезінде ғана ауызға алынатын автор болуы. Жоқ. Л. Гумилев академик Александр Панченконың атағанындай «ең ерікті, еркін ой» адамы, яғни ең зиялы, ең таңдаулы, сенімді тұлға. Ол «жеке жағдайынан ғылыми ой-танымын жоғары қойған» [13]. Бұл ұстанымынан ғалым өмір бойы айныған жоқ.

Әдебиеттер


  1. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. -М., 1989. -С.44.

  2. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. -Л., 1989. -С. 106.

  3. Сулейменов О.О. Аз и Я. Книга благонамеренного читателя. -Алма-Ата, 1975. -С.200.

  4. Гумилев Л.Н. География этноса в исторический период. -Л., 1990. -С.246.

  5. сонда. 86-б.

  6. Тойнби А. Постижение истории. -М., 1991. -С.186.

  7. Қараңыз: Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли: В т. -Л., 1979. -Т.2. -С. 5.

  8. Гумилев Л.Н. «Тысячелетие вокруг Каспия». -М., 1993. -С. 86.

  9. Неру Дж. Взгляд на всемирную историю. -М., 1977. -Т.1. -С. 40-41.

  10. Гумилев Л.Н. Поиски вымышленного царства. -С. 279.

  11. Стеблева И.В. Поэзия тюрков. -С. 135.

  12. Валиханов Ч.Ч. Избр. произведения, в 5 т. -Алма-Ата, 1984. -С. 193-194.

  13. Гумилев Л.Н. Мы живем в большой коммунальной квартире\\ Неделя. 1991. -№6. -С.10.



Сергей Селиверстов,

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет