Лекция : 30 сағат Практика: 15 сағат обсөЖ : 45 сағат Барлық сағат саны : 135 сағат



бет3/11
Дата14.06.2016
өлшемі1.13 Mb.
#135924
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ЛЕКЦИЯНЫҢ ҚЫСҚАША КУРСЫ

Жетісай-2013




9.ЛЕКЦИЯ САБАҚТАРЫНЫҢ ЖОСПАРЫ
1 лекция

Тақырыбы: ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тарихи жағдайы

Жоспары:

  1. Қазақстан жерін отарлау жұмыстары.

  2. Зар заман ақындары, оның әдеби дамудағы реалистік маңызы.

  3. Халық ағарту ісі.


1. ХІХ ғасырда Қазақстан жерін отарлау жұмыстары төмендегідей бағытта жүргізілді: барлық аймақтарда әскери қамалдар мен бекіністердің салынуы, ресми қазақ хандықтарының жойылуы, аға сұлтандық (округтық), болыстық, старшындық, ауылдық отарлық басқару жүйесінің енгізілуі т.б . Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына бағытталған ресми құжаттары жасалды: “Сібір қазақтарының Уставы” (1822), “Орынбор қазақтарының Уставы” (1824).

ХҮІІІ ғ. аяғында Сырым Датұлы бастаған халық қозғалысы /1787-1797/ болды, ол ХҮІІІ – ХІХ ғғ. әдеби, фольклорлық шығармашылық мұраларда көрініс тапты.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында отарлық езгіге қарсы Қазақстанда болған қарулы көтерілістер: Қаратай сұлтан /1797-1814/, Арынғазы сұлтан /1816-1821/, Исатай-Махамбет /1936-1838/ бастаған көтерілістер, олар әдеби шығармаларда өз көрінісін тапты. Бұған дәлел - сол кезеңде шыққан тарихи жырлар.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс /1824-1847/ осы жылдар арасында жүргізілді, бұл қозғалыс та әдебиетте көрініс тапты. Кенесары, Наурызбай және олар бастаған қозғалысқа қатысқан батырлар туралы тарихи жырлар дүниеге келді. Атап айтқанда, Нысанбай жыраудың “Кенесары-Наурызбай”, Доскей Әлімбаевтің “Кенесары”, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының “Қисса Наурызбай төре” дастандары, Досқожа ақынның “Кенесары қоныстан ауғанда айтқаны” өлеңі, “Кенесарының өлеңі”, “Кенесары жырының бірнеше ауызы” атты халық өлеңдері, т.б.

Қазақстан жеріндегі Ресей патшалығының отаршылдығы ХІХ ғ. екінші жартысында күшейе түсті. Ресейдің отарлық саясатына және Хиуа, Қоқан хандықтарының басқыншылық соғыстарына қарсы көтерілістер туындады: Есет батыр /1853-1859/, Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы бастаған Сырдария бойындағы, 1867, 1868, 1870 жылдары Орал, Торғай, Маңғыстау облыстары халқының көтерілістері туралы тарихи жырлар дүниеге келді.

2. Күні бүгінгі шейін зар заман ақындары төңірегінде айтылып жатқан жайлар аз емес.1932 жылы С.Сейфуллин қазақ әдебиетінің төңкеріске дейінгі тарихын екі дәуірге бөлді. 1.«Билер дәуірі», 2.«Орыс патшасына бағынған дәуір ». Сәбит Мұқанов Шортанбай дәуірін «Зар заман әдебиеті» деп, ғылыми негізде баға берді. Былайғы уақытта бұл дәуір қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне қатысты пікір айтқан Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, Ы. Дүйсенбаев сияқты ғалымдарымыздың да арнайы тоқтап, айрықша мән беріп өткен дәуірі болды.

Соңғы жылдары ғалым Мекемтас Мырзахметов зар заман әдебиетін орыс отаршылығына қарсы туған сипатына қарап: «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп атауды ұсынды.

Мұхтар Әуезов 1927 жылға «Әдебиет тарихы» оқулығына енген «Зар заман ақындары» атты зерттеуінде зар заман ақыны кім, дәуірі қандай еді, көтерген мәселелері қандай дегенді нақты да дәлелді ойды қозғаған еді. Ол зар заман ақындары деген терминге бірнеше теориялық тұжырымды негіз етеді. М.Әуезов жүйелеуіндегі «зар заман әдеби ағымы» мынандай мәселелерді ажыратудан барып айғақталады:

Зар заман ақындары деп кімді айтамыз?

Бұл дәуірдің алғашқы ақындары кімдер?

Барлығының басын қосатын күй қайсы?

Көпшілігі қандай жайды тақырып еткен, нені толғаған?

Бұл еңбекте М.Әуезов заман сарына терең үңіледі. Барша ерекшелік, өзгешелігін қамти айтады. Біздің, зар заман ақындары дегенде, жалпы қазақтың атам заманнан бергі өмір тарихындағы зарды емес, дәл осы М.Әуезов атап беріп отырған, орыспен арадағы саяси ахуалға байланысты туған мұң мен зарды нысанада ұстауымыз қажет. Отаршылдық саясаттың зардаптары мен мақсаттары саяси жүйе ретінде, тарихтың белгілі бір беті ретінде көрінген тұсты бар сипат-өзгешелігімен тұтас қабылдап, оның әдебиетке түскен көлеңкесін көрсету.

Зар заман ағымына: М. Әуезов ХІХ ғасырда жасаған ақындардың бәрін кіргізеді: «Бұқар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы - Махамбет. Одан кейінгілері Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буын Абаймен тұстас ақында: Нарманбет, Шернияз, Досқожа, Күдеріқожа, Ығылмандардың заманы Абылай заманы емес, енді іс қана қалған, алыстан толғап, ойға тартамын деп отыруға болмай қалған заман екенін ұғындырады. М. Әуезов жүз жылдық әдебиетті үш кезеңге бөліп, әр уақыттың өзіндік ерекшелігін, ортақ сарын аясындағы өзгерістерін атап-атап көрсетіп береді:

- әлеуметшілдік, ойшылдық сарыны - Бұхар заманы;

- ісшілдік – Махамбет заманы;

- дін мен мәдениет – Ыбырай заманы.



3. Ресейдегі капиталистік қарым-қатынастардың дамуы Қазақстандағы табиғи байлық шикізаттарының көздерін игеруге ықпалын тигізді. Сауда-саттық кеңінен дами түсті. Ақмола, Атбасар, Қарқаралы, Қарқара, Талды-Қоянды, т.б. жәрмеңкелер ашылып, олар қазақ өнерінің кең танылуына өзіндік септігін тигізді.

ХІХ ғасырдың бас кезіндегі оқыту түрлеріне тоқталсақ, Бұқара, Самарқанд, Хиуа, Ташкент, Қазан, Уфа, Түркістан, Ақмешіт қалаларында медресе, мұғалімдік училище, семинариялар ашылып, сол медреселерден білім алған қазақ оқығандары ағартушылық қызмет жасады.

Отарлау саясатының мақсаттары үшін әртүрлі басқышты оқу орындары: 4-5 кластық қалалық училищелер, орыс-қазақ мектептері, гимназиялар Омбыда, Семейде, Өскеменде, Верныйда, Торғайда, Қостанайда, Ырғызда және т.б. жерлерде ашылды.

Орыс зиялыларының қазақ халқының тарихын, тілін, фольклорын, этнографиясын зерттеу жұмыстарының екі жақты сипаты болды: ең бастысы – патшалық өкіметтің отарлау саясатының мақсатын орындау, екіншісі – ғылымдық ізгі ниет. Қазақ халқының рухани мәдениетін, этнографиясын, фольклорын патшалық империяның отарлау пиғылына орай игеруді негізгі мақсат еткендер: А.И.Левшин, П.П.Семенов Тянь-Шаньский, В.В.Григорьев, А.П.Рычков, П.С.Паллас, Н.И.Ильминский, А.И.Алекторов, т.б. Бұлардың еңбектері отаршылық ниетке негізделгенімен, қазақтың ұлттық мұраларын әлемдік өркениетке таныстырудағы ғылыми маңызы бар. Ғылымдық ізгі мақсатта, адал ниетпен халық мұрасын жинап зерттегендер: В.В.Радлов, И.А.Березин, Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, т.б.


Әдебиеттер:

1.Әуезов М. Әдебиет тарихы (1927)Жоғарғы оқу-орындарының студенттеріне арналған. - А., 1991

2.Байтұрсынов А.. Әдебиет танытқыш (1926) - А., 1991

3.Жұмалиев Қ. XVIII – XIX ғ. қазақ әдебиеті .- А., 1907.

4.Қабдолов З.Сөз өнері.- А., 1983

5.Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы - А., 1994.

6.Сүйіншәлиев Х. XIX ғасыр әдебиеті . - А., 1992.

7.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы - А., 1997.

8.Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV – XIX ғасырлар ) - А. 1993.
2-лекция.

Тақырыбы: ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті

Жоспар:


  1. ХІХ ғасыр әдебиетінің өзіндік ерекшелігі.

  2. ХІХ ғасыр әдебиетінің зерттелуі.

  3. ХІХ ғасыр әдебиеті - сан жанрлы әдебиет

  4. ХІХ ғасыр әдебитінің өкілдері.


1. Қазақ әдебиеті ХІХ ғасырда аса бір елеулі, құнарлы кемелденуді: түрленіп, түлеуді бастан кешті. ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің бел асқан кезеңі болды. Әдебиет тарихының мәселелері түпкілікті қозғала бастаған жиырмасыншы ғасырдың басынан бері ХІХ ғасыр әдебиеті айрықша назарда болды, шұқшия зерттелді.

Бұл дәуірдің әдебиет үлгілері, оның туу, жасау себептері тек қана сырт мазмұндау емес, көркемдік негіздерімен дәлелденіп, айғақтала бастады. ХІХ ғасыр әдебиетінің сан-саласы, оны туғызушылардың өмірбаяны, шығармашылық мұрасы ғылым назарына ілікті. Өкінішке орай, түрлі саяси қаулы-қарарлар әдеби мұраны ары тартып, бері тартып саясаттың, идеологияның көкпарына айналдырған тұстар аз болған жоқ: ол уақыттарда көркемдік әлем, сөз өнері жайлы ғылым жаландыққа, жасандылыққа барды, тоқыраған сәттері болды.

Соның өзінде әдебиеттану ғылымы әдеби мұраны жиып, теріп, жариялап, бастырып: зерттеу ісін тоқтатқан жоқ.

Қазіргі күнде қолымызда ХІХ ғасырда жасаған қазақ әдебиеті үлгілерінің қырау мұрасы бар: сол әдебиетті туғызушылардың өмірбаян, шығармашылық ғұмыры жайлы толып жатқан мәнді, маңызды мәлімет бар. Негізігі, басты сипаттары, ерекшеліктері қамтылған ғылыми-зерттеу еңбектер бар.

Соңғы уақыттарға шейін ХІХ ғасыр әдебиеті түрлі атауларымен бөлініп келгені мәлім. Бірақ ол атауларға көбіне сол әдебиеттің көркемдік негізі, әдеби үлгісі емес, көбіне мазмұндық, саяси мән жағынан берілген жалпы баға негіз болды. Кертартпа романтикалық, сыншыл реалистік деген атаулар әдебиет ерекшелігін ажыратуға қатысты қолданыстар, айғақтар болғанымен, өз мәнінде қолданылды деуге болмас. Бір кездерде біздің әдебиеттану ғылымымызда, көркемдік танымымызда реализм тек Абайдан басталды деген ұғындыру басым болды. Көркем әдебит реалистік негізсіз тумайтынын, жасамайтының мойындағымыз келмеді.

2. ХІХ ғасырдағы әдебиеттің өзіне шейінгі жасап келген әдебиетпен сабақтастығы бола тұра, көркемдік жөнінде де, басылым, шығармашылық тақырып, мазмұн жөнінен де, бірнеше ерекшелігі, айырмасы бар. Негізінен, ХІХ ғасырға шейін ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы болып келсе, енді әдебиет сырт түрі, үлгісі жағынан бірнеше түрлі болды. Ішкі көркемдік сапа жөнінен де көп өзгеріс, жаңалық туды.

Х. Досмұхамедұлы халық әдебиетін көркемдік жөнінен жіктеп отырып, ХІХ ғасыр әдебиетінің бір қырын көрсетер мына бір жайларға тоқталады: «Халық әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүйелі түрде хатқа түсе бастады. Әдетте оны қызығушылар мен Радлов, Потанин, Ильминский, Мелиоранский сияқты шығыстанушы мамандар жазып алды.

Қазақ халық әдебиетінің нағыз жинаушысы этногроф Әубәкір Ахметжанұлы

Диваев болды. Қырық жылдан астам уақыт бойы ол шаршамай-талмай қазақ

халық әдебиеті үлгілерін жинады, жүйеледі және орыс тіліне аударды».

Халық әдебиеті үлгілерін Омбыдағы орыс оқымыстыларының, зиялыларының тапсыруымен Шыңғыс Уәлихановтың, Шоқан Уәлихановтың жиыстырғаны белгілі.

ХІХ ғасырдың соңына қарай қазақ тіліндегі баспасөзде «Түркістан уәлаятының газетасы», «Дала уәлаятының газетасы» беттерінде әдебиет материалдары, оларға қатысты пікір, сыни ойлар жарияланды.Орыс тіліндегі түрлі басылымдарда, қазақ тіліндегі басылымдарда Алекторовтың, Диваевтың, Радловтың, Лютшьтің еңбектеріндегі әдебиет үлгілері жарық көріп жатты.

ХІХ ғасырдың соңын ала, төңкеріске шейін Қазанда көптеген өлең кітап, жинақтар басылып шықты. Дулаттың «Өсиетнамасы», Шортанбайдың «Бала зары», түрлі қиссалар.

ХІХ ғасырда жазба әдебиет туғанын М.Әуезов те нығыздай айтты. М.Әуезов түрлі саяси күйдің әдебиетке жаңа сарындар: әлеуметшілдік, азаматтық бағыт әкелгенін айтты.

ХІХ ғасыр әдебиетіне байланысты Сәбит Мұқанов 1942 жылы мынандай тұжырым жасады: «ХІХ ғасыр әдебиетінің дәуірлері одан бұрынғы ғасырлардың әдебиет дәуірлеріндей көмескі емес, айқын, ашық. Мәселен: ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ұлт бостандығын жырлайтын әдебиет жасалды. ХІХ ғасырдың 50-70 жылдарында «Зар заман» әдебиет басым болды. ХІХ ғасырдың 70 жылдардан бастап просветительдік (мәдениет үндеуші) әдебиет туды».

С.Мұқанов ХІХ ғасыр әдебиетінде Айтысқа айрықша тоқталды. Айтыс - ХІХ ғасырда жасаған әдебиет үлгілерінің бір түрі. Мұқанов жіктеуінде, бөлуінде (1942ж) сыншыл реализм атауы жоқ, Абай дәуіріндегі әдебиетті мәдениетке үндеу деп бөледі.

ХІХ ғасыр әдебиетінің негізгі бітім-болмысы, саяси-тарихи жағдайлары Х. Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, Ә. Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, С. Қирабаев, Т. Кәкішов, Р. Бердібаев, М. Мырзахмедов. М. Мағауин, А. Жақсылықов, Б. Омарұлы т.б ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырылды.



3. ХІХ ғасыр әдебиеті - түрі мол, сан жанрлы әдебиет. ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде жыр үлгісінің түрлі дәстүрлі жанрымен бірге жаңа өлең түрлері туып дамыды. Уақиғалы дастан-поэмалар, түрлі сырлы лирикалық өлеңдер, сатира, айтыс түрлері қатар жасады. Көркем прозаның үлгілері (Ыбырай әңгімелері), сыни мақалалар, түрлі баспасөз жанрлары, аударма, әдебиет, ғылыми-публицистика туып, қалыптаса бастады. Мазмұн мен түрдің жалпы сырт сипатына қарағанда әдебиет мынадай үлгілерде, салаларда көрінеді:

  1. Жыр үлгісінде келген түрлі толғау, терме, үгіт-насихат өлең: ерлік, бостандық күрес жырлары. Тарихи жырлар: жоқтау, естірту, зар:

  2. Ақыл-нақыл , афоризм:

  3. Айтыс өлеңдер

  4. Сал-серілердің ән өлеңдері.

  5. Қиссалар

  6. Саяси-әлеуметтік көңіл-күй лирикалары

  7. Поэмалар

  8. Көркем қарасөз

  9. Публицистика

  10. Сын

  11. Аударма.

4. ХІХ ғасыр әдебиетінің аса көрнекті өкілдері:

- бостандық рухты жырлаған Махамбет ақын, Шернияз;

- зар заман әдебиетінің айтулы тұлғалары Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әубәкір;

- әйгілі айтыс ақындары Шөже, Орынбай, Кемпірбай, Түбек, Марабай;

- атышулы сал-серілер Сегіз Сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері;

- қиссашыл ақындар: Қоқан езгісіндегі өңірдің әдебит өкілдері Сүйінбай, Мәделі, Құлыншақ, Майлықожа , Базар;

- жаңа жазба әдебиет өкілдері: Абай, Ыбырай, Шоқан.
Әдебиеттер:

1. Әуезов М.Әдебиет тарихы (1927)Жоғарғы оқу-орындарының студенттеріне арналған. - А.. 1991

2.Байтұрсынов А.. Әдебиет танытқыш (1926) - А., 1991

3.Жұмалиев Қ.. XVIII – XIX ғ. қазақ әдебиеті .- А., 1907.

4.Қабдолов З.Сөз өнері.- А., 1983

5.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

6.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

7.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

8.Сыздықова Р.. Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV – XIX ғасырлар ) - А. 1993.

6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989

7.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

3-лекция.



Тақырыбы: ХІХ ғасыр әдебиетіндегі ұлт-азаттық күрес жырлары

Жоспар:

  1. Тарихи өлеңдер.

  2. «Кенесары- Наурызбай » жыры.

  3. «Исатай-Махамбет» жыры.

  4. «Бекет батыр» жыры.


1. Ел ескілігінің бір алуаны тарихи өлеңдер. Тарихи өлеңдер, ең алдымен, ел тірлігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады. Сол дәуірде арнаулы оқиғаның нақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, қолымен істелген істің жыры болады. Тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар жалпақ елге аты белгілі, қадірлі, сүйікті адамдар. Сол адамдардың істеген ісі, алдына қойған мақсаты, көптің өміріне қозғау салған әсері, көптің аузында неше алуан әңгіме болып қалады. Бұл әңгімелердің көбі сол оқиғалардың ішінде болған, көзі көргеннің әңгімесі.

Сондайлық тарихи оқиғалар өз тұсында көпке жайылған жанды әңгіме болып жүрсе, кейде ақындардың қолына жетіп, өлең өлшеуіне түседі. Тарихта болған оқиға, өлеңге айналған соң өзі ескінің тарихы болып жоғалмайтын болады. Бұл күнгі қазақ ескілігінен бізге қалып отырған тарихи өлеңдердің барлығы да, осы жолмен туып, өскен. Нағыз тарихи өлеңдердің басталатын кезі Абылай заманынан бері қарай деп санасақ, қазірде Абылайдың өз жорығын баяндаған өлеңдер, онан соң Сырым қозғалысын айтатын өлеңдер біздің қолымызға тиген жоқ. Жалпы тарихи өлеңдер, шығуы жағынан қарағанда, ескі батырлар өлеңінен аз болмауға керек. Бірақ бұл күнде қолдағысы Кенесары, Бекет өлеңдері болғандықтан, тарих өлеңдері турасындағы жалпы сөзді осы айтылған екі-үш өлеңге қарай топшылаймыз.

Әуелі бұл өлеңдерді жеке-жеке қарастырудан бұрын, осыларды туғызған тарих, дәуір туралы біраз айтып кетпей болмайды. Себебі, бұл өлеңдерді туғызған ел тіршілігінің тарихы, тарихта орын алған ұлы оқиғалар. Сол себепті тарих өлеңдерін толық ұғу үшін, алдымен, солардың мезгілін, сол заманның шартын білу керек. Тарихта екі дәуірдің жапсары Әбілқайыр, Тәуке, Қайып, Абылай хандардың заманына келеді. Бұл дәуірдің басты оқиғасы - 1723 жылғы ақтабан шұбырынды зәуметінен басталса, екінші сатысы - шет жұртқа бағынуға айналып, елдің алдында «темір ноқта мен қайыс ноқтаның» таңдауы шыққан заман. Ақыры: орысқа бағынып, ноқтаға бас иіп, асаудың жуасып, алыптың басылған уақыты болады.

Қазақ елін орысқа бағындыруға зорлаған себептер көп. Бір жағынан, қалмақ сияқты елдің тізесі батқан жаулығы болса, екінші: Орта Азия халықтарының қысымшылығы; үшінші: орыс үкіметінің қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы, осымен бірге тағы бір зор себеп - қазақтың өз хандарының алалығы.

Әдебиетте қалың елдің бұл қайғысы Абылай айналасынан шығады. Абылай маңына жиналады. Себебі сол аласапыран дәуірде қалың елдің «қайраңдап жан қала ма» деген «Қазы құрттай» үміті, жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын. Бұлай болса кейінгі заманда туатын үлкен тарихи оқиғалар мен тарихи жырлары түгелімен Абылай заманынан бастау алады. Қазақтың жат елге бағынбай өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы, Абылай заманынан бері қарай ХІХ ғасырдың ортасынан ауғанға шейін, жаңа саяси бет сияқты болады.

Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхаметовтың «Исатай-Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгеровтың «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарастыру керек.

Түр жағынан қарағанда, тарихи өлеңдер, бұрынғы батырлар өлеңдерімен туыс. Мұнда да сондай елден асып туған ерлердің ел қамы үшін аттанып, ел тілегі қамымен жүрген сарбаздарды артынан ертіп, қастасқан дұшпанға шабуыл жасаған жорықтары жырланады.

Тарихи өлеңдерден біздің қолымыздағысы –«Кенесары», «Исатай-Махамбет», «Бекет». Енді осы үшеуін жеке-жеке қарастырып шығамыз.



2. «Кенесары» жыры. Тарихи өлеңдердің ішінде баспаға шыққан ірі өлеңнің бірі «Кенесары-Наурызбай» жыры. Бұл да барлық тарихи жырлар сияқты белгілі дәуірдің туғызған әңгімесі. Кенесарының қайғы, өкінішімен біткен жорығы, қазақ баласының барлығына да қадірлі, қасиетті әңгімедей болып көп жайылған. Бұл жырдың көп жайылуына екінші бір себеп болған нәрсе - Кесесары ісінің өзге батырлардың ісінен әлде қайда көлемді оқиға болғандықтан туады. Кенесары қазақ елінің ескіден қадірлеген Абылай ханның тұқымынан шыққан, өзі де орыс құлдығына елдің бағынып алып, қиын қыстау заманға келіп қысылған кезінде ескі еркін күннің ескерткіші сияқты, жоғалған ұжмақ жоқшысы болып шыққан. Артынан көп елді ертіп, қалың көптің тілеуіне сүйенгендігінен көп жылдай күшті үкіметтің қолына түспей, қарсылық істеп өткен. Сол елден ерекше қажырлы, қайтпас еңбегі үшін үш жүздің баласы сол қысылшың аласапыран заманда да хан сайлаған.

Кенесары жорығына қазақ баласының әрбір руы да араласқан. Іспен араласпаса, сөз қосып, тілеу қосқан. Үш жүздің игі жақсысының ауызында Кенесары істері көп жылдарға шейін қан қыздыратын әңгіме болып жүрген. Сондықтан Кенесарының өз жорығы ғана әңгіме болмай, сол «Кенесары қолында бірге жүрген батырлардың ішінде, әсіресе, Наурызбай өмірі көп жыр туғызған қызықты әңгіме болған. Қазіргі біз қарастыратын Нысамбай жыры сол ірі оқиғалардың дәл ішінде болған «Кенесары-Наурызбай» жыры болады.

Бұл жырдың айтушысы қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының қалың ортасында болған, қан майданның ішінен шыққан жортуылшы ақын, қалың қолдың жыршысы. Шеру тартқан жүрістің, бағытты, қызық жорықтың жыршысы.

Кенесары Наурызбай жорығы туралы кейінгі талай ақын түрлі өлең шығарса да , дәл Нысамбай жеткен өріске жеткен емес. Нысамбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы жанды шындық бар. Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде сол жорықтың қуанышы мен қайғыс кеше ғана көз алдынан өткізген, көзі көргеннің жаңалығы бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң, арманы бар. Өзі сол оқиғаның адамы. Сондықтан әңгіме тізуінде жаңылмайтын сенімділік бар.

Нысамбай жырында қырғыз үнемі жазықты болмайды. Қайта Кәрібоздың кінәласқан сөзінде Наурызбайды жеңуі ақынның ерекше әділдігін білдіреді. Қырғызда кінә аз. Жазығы: «Ежелгі жау - ел болмас» деп Абылай тұқымына бағынғысы келмегендік. Жалғыз сол кінәсі үшін қырғыз қазақ қолынан көп зорлық, көп қиянат көреді. Соның бәрін бадырайтып айтпасы да Нысамбай бүркемей, жасырмай сездіреді.

Кенесары жырындағы өлең тілі ерекше сұлу, кестелі тіл, оқушыға ұтымды, артынан лепілдетіп ертіп отыратын құрыш қайратты қызуы бар. Ақынның жанын салған қызумен шын сезімін білдірген міні жоқ, ұзақ қайғы өлеңі болып шығады. Өлең тілі - құр ғана ұйқасы мен қызуын қуған сөз емес, сол заманның кестелі сұлу, шешен түрлерінен құралған сом алтындай жұмыр келетін кесек тіл.



3. «Исатай-Махамбет» жыры. Баспаға шыққан тарихи өлеңнің бірі - «Исатай-Махамбет» жыры. Бұл - Исатайдың жорығын жыр қылған жыр. Мұнда көмескілеген жасырын жоқ. Болған оқиғаны өлең өлшеуіне түсіру жыршының алдыңғы мақсаты болған сияқты. Ығылман Исатай жырын тізуіне қарағанда, кейде Кенесары қолындағы Нысамбайға ұқсайды. Бұл да батыр сапарына тілеулес, соның ісінен жеміс күтіп, үміт етеді. Бұл жағынан ел мұңын жоқтап шыққан қолдың ақыны сияқты.

Исатай өз заманыда зор іс істеп өтті. Ол құр ғана сөз сөйлеуді қанағат қылған жоқ. Барлық ақыл мен қайратын іске жұмсады. Сол іс пен мақсаттың жолына басын бағалап, оның қадірін ұққан болса, ең алдымен, сол жақсысын ұмытпау керек. Соның аруағы қалың елдің аузында үнемі аталып, үнемі еске алынып жүруі керек. Олай болса, Исатайдан соңғы бір алуан жақсының міндеті сол батырдың аруағын тірілту. Елге арналған жақсы сөз өлеңмен жақсы ұғылады, өлеңмен айтылса ұмытылмайды. Сондықтан Исатайдың жорығын жыр қылуды екінші түрлі батырлық міндеті деп санаған ақын шығады. Исатайды қадірлеген ел соның жүрісін өлең қылуды ақынға міндеті сияқты қылып артады. Осы сияқты ел ортасында ертеден орнаған салт бойынша қазақтың өлең өлшеуіне түскен тарихы жасалады. «Исатай» жырының тарихи өлең болатын зор себебінің бірі - осы. Осы хал Ығылман жырында өзге өлеңдерден анығырақ, ашығырақ көрінеді. Ел айтқан соң Ығылман Исатайдың ісіне өлеңмен күмбез орнатуға кіріскен. Батырдың басына зират салған ісмер сияқты өз қолынан келетін ескерткіш жасаған.

Жырдағы әңгімені алсақ: тарихи оқиғаның жылы ізі суымай тұрған уақытта, сол оқиғаның өкшесін басып шыққандықтан үлкен шыншылдықпен жазылған. Өмірде анық болған оқиға көмескісіз, күңгіртсіз, айнаға түскендей ашық түскен. Бұрынғы батырлар жырының жасырынды сүйетін тұманды сарыны Исатай жырында суалып, жоғалған сияқты да, оның орнына ел тіршілігі мен ел салты көлемірек болып көрінуге айналған. Бұл жағынан қарағанда, Кенесары, Исатай жырлары сияқты тарихи өлеңдер әдебиетте жаңа бағыт туғызып, өмірге жанасуды мақсат қылған сияқтанады. Ел әдебиетіндегі өміршілдік, нағызшылдық толық пішінде ең алғашқы рет осы өлеңдерден шығады. Исатайдың Жәңгір ханға астамдық сөз айтып, айып тартып, алпыс атан төлеуі. Ел билерінің кесім айтуы, онан соң жырдың ішінде шай мен жылы үй, құс төсектің кіруі - барлығы да әдебиетке ел өмірі көлемді суретпен кіре бастағанының белгісі. Бұлардан басқа орыс әскері, зеңбірек, қазақша соғыстың суреттері болсын, бәрі де бүгінгі заман адамдарына Исатай оқиғасы кеше ғана болған іс екенін анық білдіреді.

Ағайынның арына,

Қарындастың қамына,

Қысқа күнде қырық шапқан.

Қысылғанның панасы -

Асыл едің Исатай

Ер Тайманның баласы.

«Исатай-Махамбет» - жыры өзге халіне қарағанда, жоғарыда айтақан жаңа заманның жаңа түрлі жыры болды. Заманның толық суреті сияқты болып түскен әңгімелі өлең-тарихи белең болады.



4. «Бекет батыр» жыры. Алшын, Жаппас деген елдің ішінде ер Көтібар деген бай болады. Оның жеті баласы болады. Үлкені Серкебай екен. Соның жалғыз баласы – Бекет батыр. Мұның тұсында Арыстан деген хан болып Орынбор, Петрбор деген қалалар болады. Арыстан хан сол Орынбор, Москва, Томск деген қалалардан лек болып шыққан орыс әскерлерін бастап келіп, қазақ елінің шырқын бұзып, қастық істейді. Елді жылатып, зарлатады. Соған Бекет батыр шыдамай Арыстан ханды өлтіреді. Ханды өлтірген соң, Арыстан ұлықтары Бекеттің соңына түседі. Патшаға айыпты болып, қылмысты кісі атанады.

Орыс атаулының бәрі жау болып, қуғынға ұшыратқан соң, қашқын болып жүреді. Сол уақытта дуандардың әкімдері батырды қалай ұстауды білмей айланың бәрін тауысып келіп, аяғында Бекеттің жолдасы Шернияды айналдырады. Көп пұл беріп, сатып алып, жолдасын ұстап беруге уәде алады.

Шернияз Бекетті алдау үшін орыстан пәлен жүз теңге ақша алып, соны саған сыйға жіберді, өзіңмен татуласпақшы дейді. Бекет осының тіліне нанып дуанға келгенде, дайындалып тұрған әскер ұстап алып, қол-аяғына кісен салып, көк арбаға таңып, Сібір айдап жібереді. Бекеттің тұтқын болғанын естіген соң амандасып қалмақ болып, артынан қуып, шешесі келеді. Жылап, зарлап жыр айтады, Бекет те сүйегі босап жылайды. Артта қалған ел мен әкесіне, үй ішіне, ағайын-туысқанына сәлем айтады. Сонымен Бекет Сібірге кетеді. Шешесі үйіне жылап қайтақан соң Бекеттің қатыны күйеуін іздеп, жүрмекші болады. Ата-енесінен бата алып, сегіз мың теңге алып, ноғайдың саудагерлері болып киініп, алыс сапарға жүріп кетеді.

Жолда талай күн жүріп , күйеуі тұрған жерге жетеді. Тұтқын болып жұмыста жүрген күйеуін көреді. Бірін-бірі таниды. Қатыны күйеуінің жолына бірнеше рет ат айтып сояды. Абақтыдағы Бекетке асын пісіріп бергенде, ішіне батырдың алмас пышағын тығып жібереді. Жолығатын жерін айтып хат салады. Бекет түн болған соң алмас пышақпен қол-аяғынның шыншырын қиып, абақтыдан қашып шығады. Мұнымен бірге жатқан Жаппар төре бар екен, ол - Кенесарының баласы. Бекетке бұ да қосылып алып, барлығы бірдей қашады. Артынан солдаттар біліп, қуғын жасайды. Батыр барлығын қырып, аман-есен еліне келіп, Шерниязды өлтіріп, баяғыдай дәурен сүріп, мұратына жетеді.


Әдебиеттер

1. Әуезов М.Әдебиет тарихы (1927)Жоғарғы оқу-орындарының студенттеріне арналған. - А.. 1991

2.Байтұрсынов А.. Әдебиет танытқыш (1926) - А., 1991

3.Жұмалиев Қ.. XVIII – XIX ғ. қазақ әдебиеті .- А., 1907.

4.Қабдолов З.Сөз өнері.- А., 1983

5.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

6.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

7.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989

7.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

8.Тарихи жырлар. Жинақ. – А., 2002

4-лекция.



Тақырыбы: Дулат Бабатайұлы (1802-1874) шығармашылығы

Жоспары:

1.Өмірі туралы мәлімет

2.Дулат шығармашылығының зерттелу жайы.

3.Шығармаларының тақырыбы, көтерген мәселелері.

4.Дулат шығармаларының жанры және көркемдік ерекшеліктері.
1. Дулат Бабатайұлы – туған елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас ақын. Ол патшалық Россияның қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі.

Отарлау саясаты іске асуына байланысты қазақ елі бұрынғы дәстүрлі басшылықтан (хандық биліктен), ата-баба жайлаған жер-судан, ұлттық меншіктерден айрылып, салт-сана бұзылып, үйреншікті әдет-ғұрып, наным-сенім өзгеріп жатқаны ауыр қасірет ретінде танылады. Қоғамның заңды өзгеруі жолынан тыс, күшпен, зорлықпен еніп жатқан жаңа қарым-қатынас, сауда-саттық, ақшалы алаяқтар әрекеттері қазақ шаруаларына қаншалықты ұнамаса, ақынға да соншалық жат құбылыс ретінде көрінеді. Сондықтан да Дулат - өзі жасаған заманға, отаршылар зорлығына, ол қауымға қызмет еткен әкімдерге, аға сұлтандық билікке түбегейлі қарсы шыққан, халқының тәуелсіздігін көксеген әрі күрескер, әрі реалист ақын.

Дулат Балқаш пен Аякөз маңын жайлаған Найман-Сыбан елінен шыққан. Бізге жеткен өлеңдерінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, Дулат ескіше оқыған, сауатты ақын болған. Ол өз өлеңдерін кейініректе қолжазба кітап етіп тізіп жүрген.

Дулат - қазақтың көп жеріне мәлім ақын. Ол өзі туған өлкеде тұрып қоймай, Шығыс, Оңтүстік Қазақстан жерлерін және Арқаны түгел аралаған. Ертедегі ақындар үлгісінде тәрбиеленіп өскен. Әуелі ақын айтыс, әзіл-оспақ ретіндегі өлеңдер шығарып айтып жүрген. Бірақ кейін ол ел арасы, ауыл іші, жергілікті тақырыпты жырлаудан гөрі саяси әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді жырлауға ойысқан.



2. Дулаттың өмірі туралы деректер және оның өлеңдері Кеңес дәуірінде жиналып, зерттеле бастады. Мәселен, ақынның кейбір өлеңдері мен өмірбаяны туралы деректі біз ең алғаш орта мектептің сегізінші класына арналған С.Мұқанов пен К.Бекхожиннің 1939 жылғы хрестоматиясынан ұшыратамыз. Онан кейін профессор Қ.Жұмалиев өзінің 1940-1941 жылдары мектеп оқушыларына арнап жазған қазақ әдебиеті оқулығында Дулаттың өмірі мен кейбір шығармаларын талдап, ақын туралы өз қорытындысын жасады.

Біраз жылдар зерттеушілердің Дулатты нағыз кертартпа әдебиет өкілі санап келгені мәлім. Өз заманына орай ақын көзқарасына тән тарихи шындық сырын танытты.

Қазіргі уақытта ақын туралы ғылыми жаңа түсініктер орнығып келеді.

3. Дулат өлеңдерінің қазіргі мөлшері оның басқа замандастарының өлеңдерімен салыстырғанда әлдеқайда мол. Олардың ішінде ұзақ арнау өлеңдер, нақыл-өсиет ретінде айтылатын дидактикалық терме, ертек, аңыз сюжетінде жазылған толғау және бірнеше мысал сөздер бар. Шығармаларының идеялық мазмұны да әр алуан. Олар, негізінен, қазақ қоғамындағы белгілі кезеңнің тарихи шындығын қамтиды.

Дулат “Бірінші сөз” деп аталатын өлеңінде туған өлкесінің сұлу табиғатын ардақтап, өзін соны қорғаған қызғышқа теңейді.

Дулат өзінің “Бесінші сөз” немесе “Ата қоныс Арқада” деп аталатын өлеңінде Арқаны жайлаған қазақтардың бір кездегі тарихын баян етеді. Ол қазақ халқының жоңғарларға қарсы ерлік күрес жүргізу арқылы елдігін сақтап келгенін, туған жерін қалмақтардан қорғай білгенін айтып, сол кездегі ерлікті, дербестікті мадақтайды.

Ақын шығармаларынан орын алатын маңызды мәселенің бірі - оқу, өнер-білім. Дулат та басқа ақындар сияқты надандыққа, әдепсіздікке қарсы шығып, қазақ қоғамындағы адамгершілікке жат қылықтардың өріс алу себебі - осы надандық індетінің салдары деп түсінген. Сондықтан оқып білім алған адамдардың қоғам өмірінен алатын орындары өзгеше деп бағалаған. Адам бойындағы даналық пен жақсылық - бәрі тәрбиенің, оқудың нәтижесі. Елді оқыған, тәрбиелі, білімді адам басқарса, зұлымдық пен озбырлық дегендерге жол берілмес еді, - деп түйген. Жалпы, адамның “жақсы”, “жаман” болып бөлінуі де сол парасаттылығында; ойлы, ұстамды, білімді, өнерлі болуы, ақылының өсуі - бәрі оның ізденіп тапқанына, содан соң бойына дарытқанына байланысты демекші.

Дулат өлеңдері - ойлы, нәрлі, образды. Нысанасына дәл тиерлік өткір. Ақынның шығармаларын оқығанда көз алдыңнан қазақ қауымының сан алуан жағымсыз тобы тізбектеліп өтіп жатады. Кердең, кербез, құркеуде ұлықтары, малын жанына балап, жалаң-жадағай жылмаңдаған, сүмеңдеген сараңдары, ойлағаны - сұмдық, істегені - қулық, алаяқ би-болыстары, дөң-дөкір, ұры-қары, қу-сұмдары өздеріне ғана тән мінездірімен ерекшеленеді. Ұлық алдында ұяңсып, жуасып, қылықтана қалатын, ал ұлық кетсе, елге қасқырша шабатын Сүлеймен болыстың екіжүзді мінезін дәл басып, шебер бейнелейді.

4. Ақындық сөздің рухани күшіне мән бере білген Дулаттың өз өлеңіне қояр мақсаттары да айқын. Ол сусағандарға сусын боп, таңдайын жібітер сөзді, шаршағанды тынықтырар, күш-қуат берер жырды шығаруға талаптанған. Өлеңнің мақсаты - ел-жұрттың жүрегіне жылы тиіп, олардың көңіліне дем, қайғысына ем болу деп ұғады. Яғни, өлеңді еріккеннің ермегі емес, рухани керегі деп біледі.

Асылы, Дулат шығармаларының басым бөлігі - дидактика. Әсіресе, ақынның “Өсиет нама” жинағына енген шығармалары осындай.

Дулат өлеңдерінің мазмұны, тілі халық ауыз әдебиетімен ғана үндесіп жатпайды. Соған қоса Абай, Ыбырай, Махамбет, Шортанбай, Мұрат сияқты кейінгі ақындарға жалғасып, пікірлесіп жатады.

Дулаттың “Он бес деген жас қайда” деген жыры - адам өмірі жайлы айтылатын Бұқар, Шал, Шортанбай, Сүйінбай толғауларымен үндесетін тақырыптас өлең.

Дулат шығармалары қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына өз үлесін қосты. Ол поэзиямыздың мазмұнын байытты, оның көркемдік түрі жағынан да жетіле түсуіне көмектесті. Сын-сықақты жиі қолданып, өлеңдердің бұл саласының дамуына да өз үлесін тигізді. Әдебиетіміздің реалистік бағытын нығайтты, образдылық, көркемдік бояуын күшейтті.
Әдебиеттер

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992
5-лекция

Тақырыбы: Дулаттың дастандары

Жоспары:

1.«Еспембет» дастанының әдеби-фольклорлық сипаты.

2.Дулаттың мысал өлеңдері .

3.«Шаштараз» дастанындағы дидактикалық сарын.
1. Дулат шығармасынан елеулі орын алатын туынды - «Еспембет» атты толғау. Бұл өзінің көлемі, құрылысы жағынан халық жырлары үлгісіндегі ерлік дастан тәрізді. Ақын бұл шығармасында да жетім бала тағдырын сөз қылады. Дастан халық аузында жүрген Еспембет батыр туралы аңыз сюжеті бойынша жазылған.

Дастанның негізгі қаһарманы – жетім бала Еспембет. Ол өз елінен жырақта, нағашы жұрты Қарасайдың қолында жылқы бағып жүреді. Ер жете келе Қарасай елінде, тамағы тойған жерінде жата беруді ар санап, жас жігіт өзі туған Арқаға кері оралмақ болады. Қарасай оның басына үй, алдына мал салып, қалыңдық әперіп, ырғап-жырғап аттандыруды ойлайды. Бірақ Еспембет оны қостамайды, Қарасай ұсынған дүние-мүліктің бәрін де алмай, тек жалғыз Ақбөрте деген тайды қалайды. Ақыры сол таймен елге оралады. Ел-жұрты әуелі баланы елемей, жалғыз ғана тай мінгізіп қайтарғаны не қылғаны деп Қарасай байды да кінәлай өсекке таңады. Бірақ Еспембет оның бәріне де мән бермейді. Ақбөртені баптап бағумен болады. Ақбөрте жақсы ат боп өседі. Еліндегі Сәтімқұл бидің ас берген тойында Ақбөрте бәйгеден жалғыз келеді. Бас бәйгеге келген жүз тайлақты Еспембет түгелімен бес арыс Сыбанға бөліп береді.

Дулат осы Еспембет ерлігін кейінгілерге үлгі етеді. Аталмыш дастан өзінің құрылысы жағынан да ерекшеленеді. Оқиғаның желісі жинақты, мазмұны тартымды.

Дастанда Еспембет бас кейіпкер ретінде ерлік қимылдар үстінде танылады. Ол жауға аттанғанда тегін олжаға, опасыз дүние-мүлікке қызықпайды, елінің жауын жеңуді, дұшпанын мұқатуды армандайды. Сол асқақ арманына жетпей тынбайды:

Қалмақтың басы белінде,

Бақ құсы қонып басына,

Еспембет келді еліне.

Дулаттың «Еспембет» дастаны - өз кезіндегі әдебиетте елеулі орны бар, батырлар жыры үлгісіндегі патриоттық мәні зор шығарма.



2.Дулат қазақ әдебиеті тарихында алғаш мысал жазған ақын болып саналады. Оның бізге жеткен қызғылықты төрт, бес мысалы бар. Бұл жағынан алғанда, оны - әдебиетке жаңа бір форма әкелуші, жаңалық енгізуші деп қараған жөн.

Дулаттың мысал ретінде жазған шығармалары үлгі, өнеге беру, ақыл айту ретінде келіп отырады. Онда кішіпейілділік, бірлік, әділеттік жақталып, мақтаншақтық, мен-мендік, бейшаралық, орынсыз пысықтық сыналады.

Нысапсыз патша туралы шығарған «Бір патшаның бір кезде» деп басталатын аңыз-мысал өлеңінде ақын дүниеқор, баққұмар патшаның пайдақорлық жолында өз түбіне жеткенін мысқылдайды.

Дулаттың «Шымшық пен бөдене» туралы өлеңі де осындай мысал сөз ретіндегі шығарма. Ақын мұнда орынсыз мақтан, желбуаыздыққа қарсы шығады. Кішіпейіл, адал болуға баулиды.



3. Мысал стилінде жазылған тағы бір шығармасы – «Шаштараз». Бұл да қысқаша сюжетке құрылған өнегелі, өрнекті туынды. Оның да оқушысына тәлім берерлік мәні бар. Мысалдың мазмұнына халық арасына кең тараған Ескендір патша туралы бір аңыз негіз болған.

Аңыз бойынша Ескендірдің басында қос мүйізі болыпты-мыс. Патша оны жасырып жүріпті. Шашын қиып, тарап, күтіп тұру үшін сыр шашпайтын, аузына берік шаштараз таптырып, одан ант алып, сұрағанын беріп, шашын алдырып жүреді. Шаштараз уәдесін біраз күн ұстап жүргенмен күндердің күнінде уәдені бұзып алады. Қанша айтпайын деп жүрсе де, ол ішін кернеген сырды жасыра алмай, ақыры далаға оңаша шығып, жерге етпеттеп жатып: «Патшаның басында мүйізі бар» - деп қалады. Аузынан құпияның шығуы мұң екен, жел естіп, желден ел естіп тарап кетеді. Бейшара шаштараз аузына ие бола алмай басынан айрылады.

Ақынның бұл мысалы да адамгершілік тәлім береді. Уағдаға берік, ұстамды болуға үндейді. Бұл тұста Дулаттың аталмыш шығармасына ұқсас Мағжан Жұмабаевтың «Ескендірдің екі мүйізі» - атты мысал өлеңі бар екенін ескертеміз. Бұлардың екеуі сарындас. Сондықтан бұрынғы түсінік үстем кезінде біз аталмыш шығарма туралы аузымызды аша алмадық. Мағжанның қадірлі есімін атауға жағдай туған соң ғана біз «Шаштаразды» сөз ете бастадық.

Осылайша, Дулат өзінің мысал өлеңдерімен де халықты жағымды мінезге тәрбиелеп, ақыл-кеңестер берген. Мысал жанрының алғашқы үлгісін жазып, қазақ әдебиетінде бұл жанрдың қалыптасуына септігін тигізген.


Әдебиеттер:

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

6 -Лекция.



Тақырыбы: Махамбет Өтемісұлы (1803-1840)

Жоспары:

1.Өмірі туралы мәлімет.

2.Ақын шығармаларын жариялау, зерттеу жұмыстары.

3.Махамбет – қазақ әдебиетіндегі сыншыл, реалистік, романтикалық толғау ақыны.
1. Бұқарашылдық идеясын айқын танытып, қазақ қауымындағы таптық қайшылықтың шиеленіскен кезін, хан-феодалдар мен еңбекші халық арасындағы кескілескен күресті нағыз шындық тұрғысында жырлап өткен ақын Махамбет еді. Ол - езілген елдің жоғын жоқтап, ар-намысын қорғаған күрескер ақын, Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысына бастан-аяқ қатынасқан, сол қозғалыстың ең бір табанды сарбазы, жалынды үгітшісі, өз кезеңінің ірі қоғам қайраткері.

Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы қазіргі Гурьев пен Орал облыстарына қарасты Нарын құмында туған. Махамбеттің шыққан ортасы - шағын шаруа. Бірақ бір ағасы Бекмұхамбет - хан сарайына жақын, Жәңгір ханның сенімді биі болған. Хан жағында болып көтеріліске қарсы күрескен. Ал Махамбеттің басқа ағайындылары көтеріліс жағын жақтап, жау қолынан қаза тапқан. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгеннен бастап Махамбет өмірдің жай-жапсарына ой жіберіп, сын көзімен болжай білген озық ойлы албырт жас ретінде көзге түседі. Қалың еңбекші қауымның ортасында өскен ол бұқара халықтың зары мен мұңын жақсы білді, жігіт шағында хан ордасы маңында болып, өзгеше өктем ортаға кездесіп, ондағы сән-салтанат, байлықтың сырын терең түсінді. Байлық пен салтанатқа, сарайдың жалтырауық сыртқы сәніне қызыққан жоқ. Махамбет - халық қозғалысы тұсында өсіп, күрес-тартыста шынығып, әдебиет майданына келген өршіл идеялы, алып күшті, өрен ақын болатын.

Ұл болып туған Махамбет жастың масаты: ”Ереуіл атқа ер салу, егеулі найза қолға алу, алты малтаны ас қылып, ат үстінде күн көріп, ашаршылық шөл көріп” жүріп, жаудан кек алу, халықтың арын, жерін қорғай білу еді. Махамбет XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, сол кезеңнің зор дүбірлі тарихи оқиғасының жалынды жаршысы, насихатшысы болды. Махамбет ел тарыққан заманда одан шығар жолды батыл күрестен тауып, жауына қарсы қол бастаған қамқоршы, әрі батыр, әрі ақын болды.

2. 1925 жылы Халел Досмұхамедұлы жариялаған “Исатай-Махамбет” атты кітаптағы пікірлер бойынша “Махамбеттің өзі де жас кезінде Жәңгірдің нөкерінде болған екен. Исатай ханға қарсы бола бастағанда-ақ Исатайға еріп кеткен. Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы; өте қызулы адам екен...”-делінген.

Сондай-ақ Махамбеттің орысша, мұсылманша сауатты адам болғаны туралы деректі материалдар бар екені мәлім. Олардың бірі тарихшы А.Ф.Рязанов тауып мәлімдеген Махамбеттің 1939 жылғы елде қалған жолдастарына жазған хаты; екіншісі, 1845 жылғы Орынбор шекара комиссиясына баласы Нұрсұлтанды оқуға алуын сұрап, өз қолымен жазып жолдаған арызы.

Махамбет өз кезінің алдыңғы қатарлы, көзі ашық, білімді адамы болған. Хан сарайы айналасында жүрген Махамбет жас кезінен оқуға мүмкіндік алған.

Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар қозғалысы туралы соңғы жылдары жаңа деректер табылып, олар баспа бетін көре бастады. Сол деректердің ең ұстамдысы деп біз Никита Савичев (1821-1855) қалдырған еңбекті атамақпыз. Никита Федорович Савичев XIX ғасырдың екінші жартысында Орал қаласында әскери қызмет атқарған, тарихшы-этнограф, архив ісімен шұғылданушы, сурет өнерімен, жазушылықпен әуес, жан-жақты талапкер адам болған. Исатай мен Махамбет көтерілісі туралы алғаш тарихи шынайы пікір түйіндеген прогресшіл зерттеуші.

Исатай қозғалысын біз бұрын батыр өлген 1838 жылмен аяқтап жүрдік. Ал Савичев материалдары бойынша көтерілістің жалғасы 1842 жылы Аббас Кучиев және Муса Айбулатовтар басшылығымен хан Жәңгірдің қатал жауыздығына қарсы болыпты. Бірақ сәтсіз аяқталған.

Савичевтің мәліметі бойынша, Исатай Тайманов 1838 жылы 12 шілде күні Ақбұлақты оқиға үстінде “өз ерлігінің құрбаны ретінде қаза тапты” деп, Исатай Таймановты ол аққан жұлдызға (метеорға) балайды, “Дауылпаз батыр” санайды.

Н.Савичев Исатайдың серіктері ішінде Махамбетті ерекше еске алады. Ол көп жерде екеуін қатар атап, нағыз пікірлес, мақсаттас, қайтпас қайсар батырлар санайды. ”Көтеріліс тәмамдалғаннан соң, - дейді Савичев, Исатай нөкерінің аман қалған қазақтары Қиылға қарай жол тартты. Бұлардың ішінде Таймановтың бірден-бір жанашыр жолдасы, әрі жолын қуушы шәкірті ретіндегі ақын інісі Махамбет Өтемісов те бар еді”. Исатай қазасынан кейін Махамбеттің жауына берілмей, батыр ісін қайта бастап, көтеріліс туын жықпау жолында жан аямай күресіп, ат арқасынан түспегенін, ақыры қатыгез жаулары оны да құтқармағанына аяныш білдіреді.”Ықылас бастаған Б.Айшуақовтың жендеттері оны 1846 жылы 16 қазан күні (Қаройда) сатқындықпен өлтіреді”, - деп батырдың өлімін де өкінішпен аяқтайды.

Махамбет – суырыпсалма, ақпа ақын. Өлеңдері ауызша тарап келген. Сөйтсе де ақынның кейбір өлеңдері өзінің мазмұны жағынан да, түр өзгешелігі жағынан да бұрынғы ауыз әдебиеті шеңберінен жоғары, жазба әдебиетке біртабан жақын тұр.

Махамбет өлеңдері баспа бетін кейін көрді. Кейбір өлеңдері XX ғасыр басында, Қазан төңкерілісі алдында шыққан қазақ ақындарының жинақтарына енеді. 1908 жылы қазанда басылып шыққан “Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны” деген жинаққа Махамбеттің жүз жолдан астам екі толғауы енген. Бұл басылымдағы өлең “Борайда-борай қар жауса” деп басталады. “Беріш батырының сұлтанға айтқаны” деген атпен қазір бөлек басылып жүрген бірнеше өлеңі осы жинақта біріктіріліп беріледі. Бұлардың Мұрат ақынның айтуы бойынша басылғаны ескертіледі. Жалпы, мазмұнында ерекше өзгешелік жоқ. Тек кейбір жолдары ғана қазіргі басылуынан біраз бөлегірек.

Махамбет толғауларының кейбір үзінділері 1910 жылдары Орынборда шыққан “Шайыр” жинағында да басылған. Осы жинақта “Исатайдың әндесі Махамбет жыраудың сөзі” деген атпен ақынның “Ереуіл атқа ер салмай”, “Мен, мен едім, мен едім” толғаулары берілген.

Махамбет өлеңдерінің тиянақты жиналып бастырылуы, оның өмірі мен шщығармашылығын зерттеу революциядан кейін ғана құнттап қолға алынды. Атап айтсақ, Халел Досмұхамбетұлы құрастырған “Исатай, Махамбет” кітабында 1925 жылы, “Аламан” жинақтарында 1926 жылы Ташкентте басылды және осы тұста жарық көрген “Жаңа мектеп”, “Сәуле” журналдарында Махамбет өлеңдері түгелге жақын жарияланып, Исатай көтерілісі туралы мәліметтер, Ғылман ақын поэмасы және басқалары шықты.

1927 жылы шыққан М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” атты еңбегінде Махамбет шығармасына бірінші рет талдау жасалды. Кейінірек, Махамбеттің өмірі мен шығармашылығына М.О.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, И. Жолдыбаевтар оқулықтарында да (1933-1934) біршама орын берілді.

Жазушы С.Мұқанов Махамбет творчествосын өзінің “XVIII-XIX ғғ. әдебиет тарихының очеркінде” кең талдады.

1939 жылы Махамбет өлеңдерінің жинағы жеке кітап болып басылды.



3. Махамбет заман шындығынан бірден-бір дұрыс қорытынды жасай білген реалист ақын болды. Оның шыншылдығын әрбір өлеңінен көреміз. Халық бақыты, ел мүддесі үшін күрескен Махамбеттей жалынды ақын өлеңі өмір шындығынан аулақ болуы мүмкін де емес еді.

Ақын өзі бастаған қозғалысты бастан аяқ жырлау арқылы сол тарихи оқиғаның шындық көрінісін түп-түгел көз алдыңнан өткізеді. Мысалы, өзінің “Соғыс” деген өлеңінде ақын Бекетай құмына ту тіккен көтерілісшілердің дүбірін, алғаш бас қосып, жауға қарсы аттанған сәттерін жырлайды.

Әскер жиып аттандық, Жау қарасы көрінді,

Бекетай еді тұрағым. Жиылған әскер бүлінді.

Айқайлап жауға тигенде, Исатай-басшы, мен-қосшы...

“Ағатай беріш” ұраным...


Махамбет - қазақ әдебиетінде ең бірінші болып хан-сұлтандарға қарсы халық қозғалысын батыл да ашық айтқан ақын. Оларды халыққа жармасқан албасты, аяусыз талап жатқан қасқыр, шағып жатқан қара шұбар жылан, айыр құйрық шаян бейнесінде суреттеді.

Ол Исатайдың ерлік тұлғасын бейнелеп, сол арқылы күреске аттанған барлық халықтың алып күшін көз алдыңа елестетеді.”Мінген ер”,”Тарланым”,”Тайманның ұлы Исатай”,”Біз неткен ер”,”Ұл туса”,”Туған ұлдан не пайда”, ”Исатай деген ағам бар”, т.б. өлеңдерінде ақын халықтың ерлік тұлғасын толық таныта алады.

Махамбет өлеңдері жігерлі де асқақ романтикаға толы. Ақын қиялы алыс қияға самғап, өмір өрін кезеді. Оның халықтық беті де айқын. Ол – халық үшін бар өмірін сарп еткен, ел үшін туған ер ақын. Махамбат поэзиясының реализмі оның халықтығымен ұштасып жатады. Оның поэзиясы - нағыз халықтық, реалистік поэзия.

Махамбет - ақындық мақсатын ел мүддесімен ұщтастыра білген азамат ақын. Халық қамы үшін атқа мініп, жауға қарсы өзінің жалынды сөзін жай оғымен қатар жұмсады. Ақынның өжет сөздері батырдың беліндегі ақ семсер, алмас қылыштай қиып түсер өткір қарудан кем емес еді.


Әдебиеттер:

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7. Әлімжанов Ә.“Махамбеттің жебесі”. – А.,1978.

7- Лекция.

Тақырыбы: Махамбет шығармаларындағы Исатай батыр бейнесі

Жоспары:

1. Ақын өлеңдерінде Исатай батыр бейнесінің жырлануы.

2. Лирикалық өлеңдеріндегі ақынның өз бейнесінің сомдалуы.

3. Махамбет өлеңдеріндегі жыраулық, ақындық дәстүр.
1. Махамбет – тілге шебер ақын. Ол - өзіне дейінгі ақындар шешендігін, халық даналығын игерген, тұспалдап сөз айтуға мейлінше ұста. Әрбір өлеңі оқушысының көкейіне бірден-ақ қона кетеді. Термелеп сөз қатып, өміршең жыр толғайды. Өмір, табиғат, қоғамның өзгеріс-құбылыстары, табиғи заңдылықтары туралы тұспалды шумақтар туғызады. Бұндай жолдары ақынның тек жалаң үгітші емес, терең ойдың, зор парасаттың адамы екенін танытады. Асылы, Махамбет заманының озық ойлы, терең сырлы табиғи таланты болған. Оның әрбір шығармалары осы бір тұжырымымызды растайды. Халық даналығы мен ақын парасаты ұштасады.

Ермін деген жігітті, Келмейтұғын нәрсеге,

Кеңшілікте сынама. Жаныңды қинап жылама...
Немесе:

Тоқсан тарау су ақса, Жайық үшін жандастық,

Дария болар сағасы. Қиғаш үшін қырылдық,

Исатайдың барында Теңдікті, малды бермедік,

Қара қазан, сарбала Теңдіксіз малға көнбедік.

Қамы үшін қылыш сермедік.

Ақын Исатайды суреттеген толғауларында неше алуан теңеу, эпитет, метафоралар қолданады. Исатайды небір халықтың асыл сөздерімен суреттеп, батыр тұлғасын танытар айқын теңеулер табады. Мысалға ақынның «Тарланым» деген өлеңін алайық. Осы өлеңнің өзінде-ақ Исатай өз бойының барлық көрінісімен көз алдыңа елестейді. Батырдың сырт тұлғасы ғана емес, ішкі сыры, қайтпас қайсар мінезі, жайдары жарқын жүзі, ақылы мен өнері, жауға деген айбары, ашуы, ел ішіндегі беделі – барлық жағынан өте сүйкімді сипатта бейнеледі

Кермиығым, кербезім, Хиуадай базарлым,

Келіскендей шандозым, Теңіздей терең ақылдым,

Құландай ащы дауыстым, Тебіренбес ауыр мінездім...

Қырмызыдай ажарлым, Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен...
2. Махамбет поэзиясы – хан сарайы маңындағы озбыршылыққа қарсы жырланды, ол озық идеяны, халықтық күресшіл поэзияның өріс алуына елеулі үлес қосты. Өз кезіндегі және кейінгі дәуірлердегі жазба әдебиетіміздің қалыптаса беруіне мықты ықпал етті, өміршең, реалистік әдебиетті нығайта түсті.

Махамбет поэзиясы XIX ғасыр әдебиеті қорына өзіндік, жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды.

Махамбет поэзиясына тән өжеттік, өрлік, өткір сын, әр кезде де кейінгі жастарға үлгі. Ақынның бітім тұлға-тұрпаты, ісі, сөзі – бәрі ерліктің мәңгі символы деуге боларлық.

Махамбеттің көптеген өлеңдерінде кездесетін ақындық «Меннің» мәні терең. Оған халық ерлігі, халықтың ең асыл қасиеттерінің бірі түгел сыйып жатады. «Мен ақсұңқардан туған құмаймын», «Мен тауда ойнаған қарт марал», «Боз ағаштан биік мен едім», «Томағалы сұңқар мен едім», «Таудағы тарлан шұбар біз едік», «Мен бір шарға түскен қара балта едім», «Мен ақсұңқар құстың сойымын», «Мен кескекті ердің сойымын», «Шамдансам жығар асаумын», «Шамырқансам сынар болатпын» деп келетін көптеген тропа, метафора (ауыстырулар) ақын тіліндегі көркемдеу құралдардың сан алуан құбылып отыратынын танытады. 3. Махамбет әрбір өлеңін ой толқынына сай құрады. Ақын ойының толқыны күрес толқынымен сабақтас еді. Күрес оның өлеңінің мазмұнына да, құрылысына да өз ықпалын тигізді. Ал мұның өзі күрес идеясын беруге ыңғайлы өлең құрылысын керек етті. Сөйтіп, Махамбет батырлар жырының құрылысын қолданды. Күреске аттанған батырлар тілегіне шығарма әуені де ұштасты. Сондықтан да профессор Қ. Жұмалиев өзінің зерттеулерінде «Махамбет өлеңдері көбіне 7,8 буынды жыр ағымымен келеді», - деп қорытады. Бұл пікірдің негізі дұрыс. Жыр формасы ақынға біраз жеңілдік беріп тұр. Онда шумақ өлшемі, буын мөлшері, тіпті ұйқас тәртібі, онша қатал сақталмайды. Ақын бұл жағынан өзін еркін ұстап, өлеңнің буын санын да, ұйқасын да, шумақ мөлшерін де өз ойына бағындырып алады. Осыдан болса керек, жырларда мөлшерлі шумақ болмайды, буын саны көбіне 7-8 болғанымен, онда басқа да мөлшерлер (11, 12 буын) ұшырай береді. Жырлардың буыны 11 болса да, ол төрт жолды бір шумақ қара өлеңмен шатаспайды, өзінің жыр қалпын сақтайды.

Махамбет өлеңдерінің ұйқас ерекшелігі де бар. Оның көп қолданатыны – шұбыртпалы ұйқас. «Ереуіл атқа ер салмай», «Мұнар күн» тағы басқа өлеңдері. Бұдан басқа ұйқас түрлері де ақынға жат емес. Ол көп жерде кезекті, қаусырмалы, асқақ, ерікті, аралас ұйқастарды қолданған, сондай-ақ кейбір өлеңдерінде егіз не қатар ұйқас та (а, а, б, в) кездеседі.

Махамбеттің «Мұңайма» деген өлеңінде де өзіндік ұйқас сезіледі.

Ханның ісі қатайды, (а) Ұрандап жауға тигенде (в)

Азамат ерден бақ тайды (а) Кім жеңері талайды, (а)

Қанды кебе киініп, (б) Жолдастарым мұңайма! (в)

Бір аллаға сиынып, (б)


Бұл өлеңнің алғашқы екі жолы және алтыншы жолы өзара ұйқасады, одан кейінгі 3-4 жолдары да үйлесіп келген, ал бесінші және соңғы бір жолы өзінше бөлек, дара жатыр. Әрине, бұл поэзияға Махамбет қосқан жаңалық емес, ол – халық жырларында жиі ұшырайтын құбылыстар. Ақын соны жақсы пайдаланған.

Махамбет өлеңдеріне, оның жыр үлгілеріне Шернияз, Мұрат, Ақтан, Базар, Нұрым, Аралбай, Қашаған, Ғылман сияқты ақындар еліктеген, оның шығармашылығын жақсы біліп, әдеби үлгі алған.


Әдебиеттер:

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Әлімжанов Ә.“Махамбеттің жебесі”. – А.,1978.

8- Лекция



Тақырыбы: Шернияз Жарылғасұлы (1807-1867)

Жоспары:

1.Өмірі туралы мәлімет.

2.Ақын шығармашылығының негізі - суырыпсалма ақындық.

3.Ақынның толғау-термелеріндегі өмір қайшылықтары.

4.Шернияз – Исатай, Махамбет бастаған халық көтерілісінің жыршысы.
1. Махамбет рухында жыр толғап, шаруалар көтерілісіне үн қосқан,

халықтың қайнаған шерін өлеңмен шерткен өткір тілді ерен жүйріктің бірі - Шернияз. Шернияз Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жарыпшыққан бойын мекендеген кете елінен. Ол жас шағынан ел өмірін, халық тұрмысын жақсы біліп, олардың мұң-мұқтажын жете түсінген. Ақын көтеріліс басталысымен бірден Орда жағына өтіп, Исатай мен Махамбетті өзі іздеп барып қосылады. 1836 жылы Бөкей хандығына келіп Исатайға қосылады, ұзамай оның ең жақын достарының біріне айналады. Көтеріліс күшпен басылғаннан кейін Шернияз Махамбетпен бірге Жайықтың Шығыс бетіне өтіп, ел аралап үгіт жүргізеді. Махамбетке еріп Хиуаға да барады, бірақ көтерілісті қайтадан бастай алмайды, қуғын азабын тартады. Баймағамбеттің ел кезген жендеттері Шернияздың барарға жерін, басарға тауын қалдырмайды. Ұсталатынына көзі жеткен ақын өзі ханға келіп, өнер асырып, оның кешірімін қабылдайды. Бірақ ол ешқашан өзінің Исатайдың Шерниязы екенін жасырмай, басына түскен жағдайға сай, сақтана жүріп қызмет етеді.



2. Шернияз он бес жасынан-ақ кішкене ділмар шері атанады. Ол адайдың атақты ақыны Абылмен кездеседі. Абылға еріп ел аралап, одан ақындық өнер үйреніп, Абылдың батасын алады. Кезінде Қашаған ақынмен де кездесіп, тіл қағыстырады.

Менің атым Қашаған, Шынтуайтқа келгенде

Денемді артық жасаған. Үш сиықты баса алам,-

деген Қашағанға Шернияз:

Қашаған болсаң қияға, Ұзын құйрық, жүйрік ат,

Бар күшіңді аяма. Қашқанменен қоя ма?-

деп бір ауыз сөзбен жауап айтқан екен.

Шернияз айтыпты дейтін сөздер, терме, толғаулар көп, ел аузындағы сөздің бірі “Шернияз батасы” деп аталады.

Қонса қоныс бермейді сай дегенің,

Мінсе мініс бермейді тай дегенің.

Үйіне қонақ қондырмас бай дегенің,

Ішсе тамақ болмайды шай дегенің.

Осы шайды шығарған қай дегенің,

Тыңдап отыр сөзімді бай дегенім,

Құрып қап па осы үйде май дегенің?

Бата берем қолыңды жай дегенім,

Бұндай бата бере алмас баз дегенің.

Осы батам сендерге саз дегенім.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет