2. Шалкиіз жыраудың өмірі мен шығармашылығының зерттелуі.
Шалкиіз «Аспанды бұлт құрсайды», «Қарабас құспен шалдырып» деп басталатын көлемді толғаулары алғаш рет 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества» жинағында жарық көреді. Онда араб әрпіндегі қазақша мәтіні мен орысша мәтіні қатар, салыстырыла беріледі. Орысша мәтіндері 1885 жылы екінші рет басылады. Ы.Алтынсарин хрестоматиясында да орын алды («Би Темірге айтқаны»).
В.В.Радлов кітабына «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» толғауының әңгіме түрі, «Шалкиіз» және «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауының үзінділері енді.
Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірде Шалкиіз шығармаларын қазақ даласына кеңірек таратып, таныстырған XX ғасыр басында жарық көрген «Жақсы үгіт» (Қазан, 1903), «Ақын» (Қазан, 1912), «Шайыр...» (Орынбор, 1910-1912), «Көксілдер...» (Орынбор, 1910-1912) жинақтары болды. «Жақсы үгітте» – «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» толғауларының толық нұсқалары, «Ақын» жинағында – «Шағырмақ бұлт жайтастар», «Көксілдерде» – «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» толғауларының үзінділері, «Шайырда – «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» толғауының үзіндісі жарияланды.
Шалкиіздің ең көлемді, көркемдігі жоғары туындылары Т.А.Сейдалин, С.А.Жантурин, Ғ.Мұштақ, А.Беркалыұғлы сияқты қазақ жинаушылары мен бастырушылары арқасында жарық көрген. Бұлар атадан балаға, баба жыраулардан жас жыршыға ұласып, халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан асыл туындыларды тарихқа әйгілеп, жоғалмас мұраға айналдырған игі еңбек иелері еді.
Шалкиіз шығармалары кеңес дәуірінде қазақ тілінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967) хрестоматиясында, М.Мағауин құрастырған «Алдаспан» (1971), «Поэты Казахстана» (1978) жинақтарында басылды, «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989), т. б. топтамаларда жарияланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет тарихы бөлімі дайындаған XV-XVIII ғасырлардағы қазақ ақын, жыраулар мұрасының ғылыми басылымын да (1982) жарық көрді.
Шалиіз мұрасы М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, А.Сикалиев, К.Мәмбетов, Қ.Сыдиықов зерттеулерінде және Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының зерттеулерінде де сөз болып, швғармаларына талдаулар жасалынып келеді.
Соңғы жылдарда табылған, яки ноғайлар арасынан жазылған Шалиіз өлеңдері де жырау өмірі туралы деректерді толықтыра түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |