Лекция конспектілері тақырып: Курстың пәні мен мақсаты. Қазақстан территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыс және оның ыдырауы. Сақ тайпаларының қоғамдық – саяси құрылысы


Тақырып: Қазақ хандығы кезеңіндегі саяси-құқықтық жағдай



бет3/4
Дата23.02.2016
өлшемі0.66 Mb.
#10807
түріЛекция
1   2   3   4

8 Тақырып: Қазақ хандығы кезеңіндегі саяси-құқықтық жағдай
XV ғасырдың ортасында Қазақстан территориясында аса маңызды тарихи оқиға болды. Қазақ хандығы атты жаңа мемлекет пайда болды және осы мемлекеттің негізгі тұрғындары қазақ халқы этнос ретінде қалыптасты. Қазақ хандығы да қазақ халқы да шет жерден келіп қоныстанған жоқ Қазақ хандығы бұған дейін осы өңірде өмір сүрген ежелгі ғүн, үйсін, қаңлы мемлекеттерінен бастап Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығына дейінгі мемлекеттердің заңды жалғасы ретінде дүниеге келді. Қазақ халқы да осы өңірде өмір сүрген ондаған рулар, тайпалар мен халықтардың "қазақ" деп аталатын этникалық топқа қайтадан топталуынан құрылды. Осы ұлан-байтақ жердің бүгінгі иегері қазақ халқы мен оның атымен аталған мемлекет Қазақ хандығы осылай тарих сахнасына шықты.

Қазақ хандығының негізін салушылар Керей және Жәнібек хандар болды. 1456 жылы Керей мен Жәнібекке қараған 200 мыңдай адам Әбілхайыр хандығынан іргесін бөліп, Моғолстанға қарасты Шу мен Қозыбасы өңіріне орда тікті. Бір кезде қаһарлы болған Әбілхайыр ханның олардың жолын кесуге мұршасы болмады. 1468 жылы қазақтарды шабуға үлкен қолмен аттанған Әбілхайыр жорық үстінде қаза тапты. Оның хандығы ыдырады. Әбілхайыр хандығы құрамындағы халықтар мен қазақ хандығы құрамындағы халықтар бірыңғай болғандықтан ешқандай ұрыс-соғыссыз олар бірігіп кетті де бүкіл жерлер қазақ хандығына қарады. Халық бұдан былай қазақтар деген атаққа мәңгі иеленді.

Әбілхайырдың хандығын қайта құруға талпынған оның немересі Мұхаммед Шейбани хан 30 жылдай қазақ хандығымен соғысып нәтиже шығара алмай Орта Азиядағы Бабыр ұрпақтарын ығыстырып өзбек хандығының негізін қалады. Оның соңынан ілескен көшпелі тайпалар өзбектер деп аталып соның негізінде өзбек халқы қалыптасты. Көпшелі өмір сүрген бауырлас бір халықтың қазақ және өзбек халқы болып, қазақ және өзбек мемлекеті болып екіге бөлінгені де оны ХV-ХVІ ғасырдың шегінде өтті.

Қазақ хандығы өзінің дамуында екі кезеңді өткізді. Бірінші кезең XV ғасырдың ортасы — XVIII ғасырдың 20-жылдары немесе біртұтас қазақ хандығының кезеңі.

Екінші кезең XVIII ғ-ң 20 ж.ж. 1864 жылға дейінгі қазақ хандықтарының және олардың жойылу кезеңі.

Бірінші кезеңде қазақ хандығы мемлекет ретінде дүниеге келіп оның территориясы анықталды. Қазақ халқы қалыптасып, оның түрік дүниесі негізінде пайда болған өзіндік тілі, мәдениеті, өнері, ғылымы, әдебиеті, тұрмысы, шаруашылығы мен құқығы қалыптасты. Қазақхандығы өзінің кемеліне келіп, әлемге танылды.

Екінші кезеңде біртұтас қазақ хандығы этникалық-территориялық негізде үшке Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз деп аталатын формальды хандықтарға бөлінді. Тек Абылай хан кезінде (1771-1781 жылдары) біртұтастыққа қайта қол жетті.

Бұл кезеңде қазақ хандықтары тәуелсіздігінен айырылып Ресей империясының отарына айналды.


Қоғамдық-саяси құрылысы

Қазақ қоғамы түрлі әлеуметтік топтармен таптардан феодалдар мен феодалға тәуелді шаруалардан тұрды. Патриархалдық құлдық өмір сүрді.

Қазақ қоғамында артықшылықпен пайдаланатын үстем тап өкілдеріне хандар, сұлтандар, байлар, билер, батырлар, дін өкілдері, тархандар жатты. Феодалдарға тәуелді топтарға шаруалар, төлеңгіттер, құлдар, жатақтар жатты.

Хан. Қазақ қоғамының жоғарғы мемлекет басшысы хан болды. Қазақ хандары Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарады. Ханның қолында әскери және азаматтық билік шоғырланды. Хан әскердің бас қолбасшысы болып есептелді. Бас қолбасшы ретінде әскер басыларын, түменбасы, мыңбасыларды тағайындады. Соғыс жариялау және бітім мәселелерін шешті. Соғыс жоспарларын тыңдап бекітті. Қазақ хандарының өздері тікелей соғыс жағдайында басшылық жасап, өздері де ерліктің ересен үлгілерін көрсетті. Мәселен Бұрындық хан (1480-1510) мен Қасым хандар Мұмаммед Шайбанидің әскерімен соғыстарда өздері ерен ерліктер көрсетіп, батырлығымен және қолбасшылығымен ерекшеленген. Ақназар (1538-1580) және Тәуекел (1580-1598) хандар қазақ хаңдығының шекарасын кеңейтіп өмірінің кемшілігін ат үстінде өткізді.

Жәңгір хан (1628-1660) Орбұлақ шайқасында 600 әскермен қалмақтың 80 мыңдай әскерін талқандады. Абылай (1771 -1781) және Кенесары (1837-1847) хандардың ерлік істері аңызға айналды. Хан жайылымдардың бағытын белгіледі. Көшпелі шаруашылықтың жалпы ұйымдастырылуын басқарды. Тәуке ханның тұсында барлық қазақ жүздерінің тайпалары мен руларының көшіп-қону бағыттары толық анықталды деп есептеледі.

Рубасы сұлтандарды тағайындады. Билерді белгіледі.

Ханның жанында рубасы сұлтандардан, беделді билер мен батьфлардан, ханның жәрдемші уәзірлерінен, танымал ақын-жырау, шешендерден тұратын кеңесші орган — хан кеңесі болды. Хан кеңестің айтқанын еске алып отырды.

Хан жоғарғы заң шығарушы әрі сот билігін жүзеге асырды. Оның өзі аса күрделі де қиын істер жөнінде төрелік айтты. Төменгі билер сотында шағымдарды тыңдады. Хан жоғарғы сот билігі ретінде де жоғарғы мемлекет басшысы ретінде де, өлім жазасын жүзеге асыра алды. Мәселен сотсыз-ақ кінәлілерді өлім жазасына кесіп жіберген қазақ хандары аз болмаған. Мұндай жазаны іске асыру туралы Абылай хан мен Кенесары ханның тұсында мол деректер бар.

Хан сондай-ақ ел ішіндегі салық саясатын белгілеп, алымдардың түрін бекітті. Ханның билігі оның жарлықтары арқылы жүзеге асып отырды. Хан жарлықтары ауызша түрде беріліп, рубасы-сұлтандар, билер арқылы жүзеге асып жатты.

Қалыптасқан дәстүр бойынша қазақ хандары тек Шыңғыс хан ұрпақтарынан сайланып қойылды. Қазақтарда арнайы хан сайлау дәстүрі болды. Бұл дәстүрдің негізі ежелгі ғұндар мен түркі қағандығында қалыптасып, Шыңғыс хан империясында, соның ішінде Алтын Орда мен Ақ Ордада жалғасын тапқан болатын.

Монархиялық басқарудағы басқа елдерде ел билігі әкеден балаға тікелей өтетін дәстүр берік сақталды. Қазақ ордасында билік алмасудың мүлде бөлек түрі қалыптасты. Қазақ қоғамында әрбір жаңа хан өзінің тумысымен емес, болмысымен билікке жеткен, яғни ханның ұлы емес, халықтың ұлы ретінде танылған ел ағаларының бірі көпшіліктің қалауы бойынша хан сайланған.


9 Тақырып: Қазақ қоғамының әдет-ғұрып құқығы
Қазақтардың құқықтық жүйесін әдет-ғұрып құқығы құрайды. Бұл жүйені "адат" деп атады. Адат заңдастырылған әдет-ғұрып нормалары. Бұл нормалар қазақ қоғамының барлық жақтарын реттеп отырды. "Адат" араб тілінде әдет-ғұрып деген ұғымды білдіреді."Адат" өте ерте кезден басталып, көптеген өзгерістермен және толықтырулармен қазақ қоғамындағы негізгі реттеуші нормалар ретінде 1917 жылға дейін созылды. Дегенмен "адаттың" құқықтық институттары ғасырлар барысында үлкен өзгерістерге ұшырамады.

Қазақтардың әдет-ғұрып құқығы мынадай ерекше белгілермен сипатталады:



  1. Рулық, патриархалдық әдет-ғұрыптардың ұзақ сақталуынан көрінетін консерватизмі. Мұндай ерекшеліктердің сақталуы заңды нәрсе. Ру қазақ қоғамының негізі болды. Ал рудың негізі патриархалдық отбасы болды. Қазақ отбасының басшысы немесе отағасы отбасындағы шешуіш фигура болды. Бұл ерекшеліктердің бәрі де көшпелі экономикалық қатынастардың бейнелері болып табылады.

  2. Қазақ әдет-ғұрып құқығы барымта, қанға-қан, жанға-жан, әменгерлік, өз бетімен сот ұйымдастыру сияқты өтпелі институттардың сақталуын қамтамасыз етті. Бұл институттар қазақ қоғамында және оның құқықтық жүйесінде ерекше орын алды. Қоғамдық пікір бұл институттарды айыптамады.

  3. Әдет-ғұрып құқығы бойынша қылмыстық істер мен азаматтық істердің арасындағы айырмашылықтарға ерекше мән бере берілмеді.

  4. Жерге жеке меншік құқының болмауы; қоғам мүшелерінің құқықтық жағынан теңдігі қазақ аристократиясының (сұлтандар, билер, қожалар) артықшылығымен ұштастырылды. Қазақ ақсүйектерінің, әсіресе сұлтандар мен қожалардың артықшылығы ресми заңдастырылды. Ал ел билеу ісі тек сұлтандардың үлесі ретінде рәсімделді. Мұндай тәртіпті қоғамдық пікір де мойындады.

  5. Жазаның түрлері салыстырмалы түрде гуманистік сипатта болды.

  1. Құқықтық жүйе мен оның нормалары демократиялық және компромистік сипатта болды.

  2. Әдет-ғұрып құқығының партикулярлық сипаты. Әдет-ғұрып нормаларындағы басты нәрсе — ол нормалардың өздерінен гөрі олардың ішкі мәні еді, олардың негізінде жатқан принциптері еді. Ең басты нәрсе сол принциптердің өз мәнін, мазмұнын жоймай іске асуы болатын. Айталық, қылмыс пен жаза саласында — қанды кек не құн төлеу қағидасы, неке саласында — жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы, сот саласында әділдік, жариялылық, шешендік қағидалары. Әдет-ғұрып құқығы құқықтық әдеттер жинағы ғана емес, ол қағида, көзқарас, ой түсінік жүйесі де болып табылады.

Әрине, әдет-ғұрып нормаларының белгілі бір бөлігі мемлекет тарапынан қолдау тапты. Мемлекет оларға баса көңіл бөліп, өз мақсат-мүддесі тұрғысынан әсер етуге, өз қызметіне жаратуға әрекет жасады (жинастырды, жүйеледі, өз атынан жариялады). Бірақ әдет-ғұрып нормалары оның ішінде Ереже жарғылары да, одан мемлекет заңына айналған жоқ өзіндік өмір сүру мәнін жоғалтқан жоқ. Қоғамдық тәртіп, демек, әдет-ғұрып нормаларын сақтап орындау да көшпелілердің "автономиялығына", дербестігіне, өздерін өздері басқаруға негізделген еді.
Қазақтың әдет-ғұрып құқығының бастаулары

Қазақтың әдет-ғұрып құқығы мынадай бастаулар негізінде қалыптасты: а) әдет-ғұрыптар — адат; б) билер сотының практикасы (сот-прецеденті); в) билер съездерінің ережелері; г) шариғат нормалары.

Ауызша әдет-ғұрыптар ең көне заманнан, рулық қауымның қалыптасуынан бастау алады. Таптық қатынастардың күшейіп, әлеуметтік жіктелудің артуына орай ауызша әдет-ғұрыптар құқықтың сипат алып билеуші топтардың мүддесіне қызмет ете бастады.

Құқықтың бұл түрі қазақ қоғамының талаптары мен ерекшеліктеріне сай келді. Көшпелі қоғам жағдайында ұзақ уақыт сақталып қалған рулық қатынастар, патриархалдық отбасы, көшпелі мал шаруашылығы т.б. қатынастарды реттеудің бірден-бір тиімді жолы әдет-ғұрып құқығы болып табылды.

Қазақ хандары әдет-ғұрып құқығының нормаларын жүйелеп жетілдіріп, қоғамның талаптарына орай өзгерістерге ұшыратып, оларға ресми сипат беріп отырды. Қасым ханның (1510-1523) кезіндегі «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның кезіндегі (1598-1628) "Есімханның ескі жолы", Тәуке ханның кезіндегі (1680-1718) "Жеті жарғы" атты заңдар жинағы белгілі. Әдет-ғұрып заңдарын алғашқы жүйелеуші Қасым хан болды, Оның заңдары бес бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім — мүліктік және жер қатынастарын реттеуші нормалардан тұрды. Екінші бөлім — қылмыс пен жазаға қатысты құқық нормаларын жинақтады. Үшінші бөлім — әскери міндеттілік және оны орындау, сондай-ақ әскери тәртіпті бұзғандағы жазаларға байланысты құқықтық нормаларды қарастырды. Төртінші бөлім — елшілік жораларға қатысты, елшілерді тағайындау және қабылдау тәртібі, шет ел өкілдерімен келіссөздер жүргізу, дипломатиялық этикет мәселелері туралы нормалардан тұрды. Бесінші бөлім — қайтыс болғандарды жерлеу, еске алу, мерекелер өткізу т.б. рәсімдерге арналды. Қасым ханнан соң шамамен жүз жылдан кейін әдет-ғұрып құқықтары Есім ханның тұсында қайта жүйеленді. Қалмақтармен соғыстардың күшеюіне байланысты Есім хан әскери міндеткерлікті күшейтіп, әскери тәртіпті бұзғаны үшін жазаларды қатайтты. Есім хан негізінен бұрынғы Қасым хан тұсындағы құқықтық ережелерді қайталады. Сондықтан оны ескі жолды жалғастырушы ретінде "Есім ханның ескі жолы" деп атап кетті. Тәуке хан Есім ханнан соң шамамен 80-90 жылдан соң дала заңдарына өзгерістер мен толықтырулар ендіріп оны "Жеті жарғы" деген атаумен қайта қабылдатты. Тәуке хан әдет-ғұрып заңдарын қайта жүйелеуге көп еңбек сіңірді. Аты аңызға айналған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің басшылығымен қазақтың белгілі би, шешен, білгірлері бірнеше рет жиналып "Жеті жарғының" нормаларын талқылаған "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген сөз сол кезден қалған. Ақырында жан-жақты сұрыпталған "Жеті жарғы" заңдар жинағы дүниеге келген. "Жеті жарғының" алғашында қағазға түскен нұсқасы да бар болуы мүмкін деген жорамалдар бар."Жеті жарғының" бізге жеткен қазіргі нұсқаларының бір-бірінен өзгешеліктері бар.

10 тақырып: Қазақсатанның Ресейге қосылу барысындағы саяси-құқықтық жағдай
XVIII ғасырдың 20-30-жылдарында қазақ халқының тағдырында аса күрделі бетбұрыс оқиғалар болды. Біртұтас Қазақ хандығы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атты қазақ хандықтарына бөлінді. Бытыраңқы мемлекетке жоңғарлар шапқыншылық жасап, халық "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" атты қасіретке ұрынды. Осы соғыста қазақ халқының жарымына жуығы қырылды. Билердің біріктірушілік рөлінің арқасында қазақтар ірі жетістіктерге жеткенімен оның түбі баянды болмады. Хан, сұлтандардың бір тобы бытыраңқылық факторына айналды.

Кіші жүздің ханы Әбілхайыр Ресей патшасының қол астына кірудің бастаушысы болды. Тәуелсіздіктен айырылып, бодандыққа кірудің басы болған бұл оқиға 1731 жылдан басталып, 1864 жылы аяқталды. 1,5 ғасырға созылған осы кезеңде Қазақстан біртіндеп отарға айналды. Қазақ хандықтары біртіндеп тарихи сахнадан кетті. Бұл кезең қазақтардың тәуелсіздікті қайтарып алу жолындағы азаттық қозғалысына толы жылдар болды. Тек Абылай хан мен Кенесары хан ғана аз ғана уақыт қазақ хандығының тәуелсіздігін қалпына келтірді.

Осы кезеңде қазақ мемлекетінің — хандықтың қалай жойылып, оның әдет-ғұрып құқығының да Ресей заңдарының ықпалымен өзгерістерге ұшырағанын көреміз.

Қазақ хандықтарының Ресейге қосылуының саяси-құқықтық мәселелері

Кіші жүздің ханы Әбілхайыр 1726 жылы Ордабасыдағы бүкіл қазақтық жиында қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болып сайланды. Бірақ ол барлық қазақтардың ханы болғысы келді. 1729 жылғы қазақтар шешуші жеңіске жеткен соң да, сол жылғы Орта жүздің ханы Болат қайтыс болған соң да бүкіл қазақтың ханы бола алмады. Әбілхайыр хан енді Ресейге арқа сүйеп, өз позициясын нығайтпақ болды.

Осылай Әбілхайыр хан Ресей патшасы Анна Ионовнаға Ресейдің қол астына алу туралы жасырын хат жазды. Жоңғарлардың үздіксіз шабуылдары да Әбілхайырдың әрекетіне түрткі болды.

1731 жылы 19 ақпанда патша Анна Ионовна Кіші жүздің Ресейдің қол астына кіргені туралы грамотаға қол қойды. Онан соң қазақ даласына А.И.Тевкелев бастаған патшаның елшілігі шығып 1732 жылы 10 қазанда Әбілхайыр хан және 27 рубасы сұлтан, батырлар Кіші жүздің Ресейге қосылуы туралы юридикалық актіге қол қойып, ант берді. Осы жылы 21 қарашада тағы да 30 рубасы ант берді.

Патша өкіметі алғашқы кезде қазақтардың ант түріндегі уәдесін алуға ерекше мән берді. 1731 жылы Орта жүздің ханы Сәмеке де Орта жүз атынан Ресейге қосылғысы келетінін білдіріп ант берді.

Қазақтардың бір бөлігі бірден-ақ Ресейге қосылуға қарсы болды. А.Тевкелевтің елшілігі келгенде Әбілхайырдың өтірігі шығып, қазақтардың қарсы тобы дау көтеріп хан мен Тевкелевті уақытша үй тұтқынына алады, тіпті Тевкелевті өлтірмек те болады. Оның қасындағы бірнеше башқұрт старшындары өлтірілді.

Қазақстанның Ресейге қосылуы бірден-ақ осындай қайшылықта болды. Сұлтан батыр бастаған билер мен қазақтардың тобы Ресейге бағынуға қарсы курес те жүргізді. Қазақтардың бұл тобына қалмақтар дем берді.

Қазақстанның Ресейге қосылуы ғылыми-тарихи әдебиетте де әртүрлі бағаланды. 1943 жылғы "История Казахской ССР" атты еңбекте "Қазақтардың Ресей қол астына өтуі қазақ атқамінерлерінің бір тобының патша үкіметімен ауыз жаласуының қорытындысы болды. Қол астына кіру халық бұқарасының еркінен тыс қабылданды", - деп жазылды.

Соғыстан кейінгі тарихи әдебиеттерде идеологиялық қысымның нәтижесінде Ресейдің қол астына кіру тек ерікті негізде болды әрі аса маңызды тарихи оқиға болды деп дәріптелді.

1740 жылы Орынборда Кіші жүз бен Орта жүздің 399 өкілі Россияға қарайтындығы туралы шарттық міндеттемелер қабылдады. Олардың ішінде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да болды.

Қосылудың алғашқы жылдарында Кіші жүз бен Орта жүз Ресеймен протекторлық қарым-қатынаста болды. Бұл қарым-қатынас бойынша Қазақстан сыртқы саясаттан өзге мәселеде егемендігін сақтауы тиіс болды. Ресей қол астындағы елдің ішкі саясатына араласпауы қажет болды. Шынында Ресей қазақтардың ішкі ісіне бірден-ақ араласа бастады. Сыртқы саясатта соғысып жатқан қазақтарға әскер және қару-жарақ жағынан жәрдем бермеді. Жоңғарларға қазақтар өзінің қол астында деген мәлімдемеден ары аспады.

Қазақтардың ішкі өмірде өзін-өзі басқаруы да бұзыла берді. Қазақтың жерлеріне айналдыра әскери қамалдар орнатылып, оларға әскер әкеліп қойылды. Қазақтар Ресейдің келісімінсіз хан сайлай алмады. Қазақ хандары балаларын аманатқа беруі тиіс болды. Жайылымдар тартып алынып қазақтар ішкі жаққа ығыстырыла түсті.

Осылай қазақтардың Ресейдің қол астына кіруі протекторлық қатынастардың шеңберінен асып, Ресей тарапынан таза отырықшылық сипат алды.

Қазақстанның XVIII ғасырының 30-40-жылдарғы Ресеймен қатынасын вассалдық тәуелді қатынастар деп те бағалауға болады. Қазақ басшылары үнемі өздерінің Ресейге тәуелділігі туралы ант берумен болды. Құқықтық жағынан қазақ хандықтарының вассалдық тәуелділіктері хан институтын жойғанға дейін созылды.

Үш жүздің Ресейге юридикалық қосылуынан (1731) XIX ғасырдың 60-жылдарындағы нақты қосылуға дейін немесе Кіші жүздің қосылуының басталуынан Орта жүздің (1740) және Ұлы жүздің қосылуының аяқталуына дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарды Ресейдің Қазақстанға вассалдық элементтері араласқан протекторлығы деп анықтауға болады.

Себебі осы аралықта Ресейге келген қазақ жүздерінің өкілдері елшілер және елшіліктер деп басқа шетелдердің ресми өкілдері ретінде аталды. Бұл кезеңде Қазақстан әлі де халықаралық құқықтың субъектілік құқығын толық жойған жоқ. Осындай жағдай Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынасты протекторлық-вассалдық деп анықтауға мүмкіндік береді.

Протекторлық қарым-қатынас жағдайында тәуелді мемлекет өзінің халықаралық қатынастарын анықтауда өзі протекторы болған мемлекетке бағынышты болады, ішкі мәселелерін өзі шешеді.

Вассалдық қарым-қатынас жағдайында тәуелді мемлекет халықаралық құқық субъектісі болудан қалады және өзі бағынышты болған мемлекетке алым төлеу; аманат беру, вассал болған елдің басшысын жоғары тұрған мемлекеттің тағайындауынша көнуге мәжбүр болады.

Қазақстан мен Ресей арасында протекторлықта, вассалдық та қарым-қатынастардың болғандығына фактілер өте мол. Сондай-ақ Ресей тарапынан протекторлық-вассалдық қатынас отаршылық саясатпен ұштасып жатты.

Патша үкіметі бірден-ақ қазақтың жерлерін отарлауға кірісті. XVIII ғасырды 50-жылдар ішінде Каспий теңізінен бастап Ертіске дейін ондаған қамалдардан тұратын әскери бекіністер салды. Ол жерлерде Жайық, Орынбор және Сібір қазақ әскерлерін құрды. Жайық, Тобыл, Елек, Есіл, Ертіс өзендерінің бойындағы жақсы жайылымдарды қазақ әскерлері тартып алды. Қазақтардың малы ол жерлерге жайылуға рұқсат етілмейтіндігі туралы 1756 жылы патша рескрипті, 1755 жылы сыртқы істер коллегиясының жарлығы шықты.

Екінші жағынан Патша үкіметі қазақтардың беделді хан, сұлтан, билерін сыйлық, шен, пара беріп сатып алып өзіне қызмет өткізді.

Қазақ халқы патша өкіметінің отаршылдығына қарсы көптеген көтерілістер жасады. Солардың алғашқысы Сырым Датұлы бастаған 14 жылға (1783-1797) созылған көтеріліс болды.

Патша үкіметі бұл көтерілісті жаншып отаршылдықты тереңдетіп Кіші жүзде хандық билікті жоюға әрекет етті.

"Игельстром реформасы" деген атпен енген Орынбор генерал-губернаторы Игельстромның әрекеті Сырым Датұлы бастаған көтерілісті өз мақсаты тұрғысында пайдалану еді. Нұралы хан Кіші жүзден қашқан соң Игельстром хан сайлауға рұқсат етпеді. Сырым бастаған старшын, би, батырлардың съезін шақырды. Олар Игелъстромды қолдады. Бірақ бұл шара сұлтандардың қатты наразылығын тудырды.

Кіші жүзді тайпалық құрамына қарай үшке бөлу ұсынылды. Әр бөлікті басқару үшін расправолар құру көзделді. Расправолар Орынбордағы 1786 жылы құрылған шекаралық сотқа бағынуы тиіс болды.

Реформа бойынша билік рубасы старшындарға өтті.
Бірақ расправолар да, шекаралық сот та қалыпты жұмыс істей алмады. Оған себеп ықпалы мықты сұлтандық топтың әсері болды.

11 Тақырып: XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси жағдай
Қазақтар XX ғасырға Ресейдің боданы ретінде, бүкіл саяси және экономикалық құқықтан жұрдай күйінде аяқ басты, отаршылдық органдардың билігі шектен тыс күшейе түсті.

Қазақстанда өнеркәсіптік игеру жалғасты. Орыс және шет ел капиталы көптеп келе бастады. Қарағанды, Зырян, Екібастұз сияқты ірі өнеркәсіп -орындары шет елдерге берілді. Жалдамалы, бірақ ешқандай құқықсыз қазақ жұмысшы тобы қалыптаса бастады. 1913 жылы өнеркәсіп орындарында 20 мыңдай жұмысшы болды. Темір жолдар салынып, олардың ұзындығы 1917 жылы 2793 верстке жетті.

Қарашекпенді орыс қоныс аударушыларының саны, олар құрған шаруашылықтар мен поселкелер көбейе түсті. Қазақтың жерін зорлап тартып алу жалғасты. Патша өкіметі қазақ даласына бірнеше ғылыми экспедиция жіберіп, жер жағдайын терең зерттеді. Қай жерге қандай обьектіні орналастыру ғылыми жағынан негізделді. Қазақтардың барлығы 47 млн. десятинадан астам ең шұрайлы жерлері тартып алынды.

Қазақтардың сандық көрсеткіші кеміді, келімсектер өсті. 1911 жылы Қазақстанда барлығы 5 млн. 408 мың халық болса, соның 67,2% қазақтар немесе 3 млн. 639 мың адам, орыспен украиндар 28,5% немесе 1 млн. 543 мың адамды құрды. Қазақтар өз Отанынан шет елдерге қашуға мәжбүр болды.

Қалалар өсіп, оларда өнеркәсіп пен сауда, мәдениет дамыды.

XX ғасырдың басында 1905-1907 жылдары бірінші орыс революциясы, Столыпиндық реформа, бірінші дүние жүзілік соғыс (1914-1918), 1916 жылғы аса аумақгы ұлтазаттық көтеріліс сияқты оқиғалар болып өтті. Осы оқиғалар Қазақстандағы саяси-құқықтық жағдайға ерекше әсер етті. Патша өкіметінің отаршылық жүйесінің репрессиялық сипаты артты. Бірінші орыс революциясы, Столыпин реакциясы, әсіресе 1916 жылғы көтерілісшілерді жазалауда жүз мыңдаған қазақтар қуғын-сүргінге түсті. Тек Жетісу облысында 300 мыңнан аса қазақтар Қытайға қашты. Жүздеген ауылдар жоқ етілді. Мыңдаған адамдар қырылды.

Бірінші орыс революциясының ықпалымен Патша өкіметі Мемлекеттік дума ашып, оған сайлау өткізді. Барлығы 4 мемлекеттік дума қызмет етті. Мемлекеттік думаға Ә.Бөкейханов, Ш.Қожағұлұлы, Б.Қаратаев сияқты қазақ өкілдері сайланып, оның трибунасын қазақтардың құқығын қорғауға пайдаланды.

Ұлт болашағы үшін күресуші ұлттық интеллигенция қалыптаса бастады. Оның басында күресуші ғалым-ағартушылар А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. қайраткерлер тұрды. Қазақбаспасөзі: "Айқап" журналы (1911-1915), "Қазақ" газеті (1913-1918) қалыптасып, отаршылыққа қарсы күрестің орталығына айналды. М.Дулатов "Оян, қазақ" деп ұран тастады.

Патша өкіметі шешілмейтін түрлі қайшылықтардың топтасқан жері болды. 1917 жылы ақпанда соғыс барысында әбден күйзелген, революциялық толқулар мен ұлт-азаттық көтерілістері қамтыған жағдайда патша өкіметі құлады. Елде Уақытша Үкімет орнады. Қайшылықтарды шеше алмаған бұл үкімет те ұзамай тарих сахнасынан кетті.
Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің саяси-құқықтық шаралары

Патша өкіметі құлаған соң қазақтың тәуелсіздік жолындағы күресуші қайраткерлері "Алаш" партиясының төңірегінде топтасты.

1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда жалпы қазақ сьезінде ұлттық демократиялық саяси "Алаш" партиясы құрылды. Партияның бағдарламасын жасау жөнінде қаулы қабылданды. Ұзамай партияның Семей, Омбы, Торғай, Орал облыстық комитеттері құрылды.

Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров т.б. бір топ қайраткерлердің атынан 1917 жылы "Қазақ" газетінің 21 қарашадағы санында "Алаш" партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды.

1917 жылы 5 желтоқсанда Орынборда жалпы қазақ-қырғыз сьезі ашылды. Оған барлық қазақ облыстарынан, Алтай губерниясы мен Самарқан облысы қазақтарынан және Жетісу облысы қырғыздарынан бәрі 82 өкіл қатысты. Сьездің құн тәртібінде 10 мәселе қойылды. Соның алтауы таза мемлекеттік-құқықтық мәселелер болды. Олар 1. Сібір Түркістан автономиясы һәм юго-восточный союз туралы. 2. Қазақ-қырғыз автономиясы. 3. Милиция. 4. Ұлт Кеңесі. 8. Народный сот. 9. Аулное управление.

Сьездің басты мәселесі ұлттық автономия түріндегі мемлекеттікке қол жеткізу болды. Сьезд қаулысыңда:

I. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей , Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөліміндегі қазақ уездері. Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға.

II. Қазақ-қырғыз автономиясы "Алаш" деп аталсын. Осылай жаңа "Алаш" автономиясы құрылды. Бұл автономиялы мемлекеттің құрылуы болды.

"Алаш" автономиясы партия бағдарламасында көрсетілгендей "қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының бір ағзасы болуы. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе бірден-ақ жеке болу" сипатында болды. Ресейдің құрамынан шығып кететіндей тарихи мүмкіндіктің жоқ екенін "Алаш" көсемдері жақсы түсінді. Жоспардағыдай етене жақын қырғыз халқымен бір автономия ретінде құрылды.

Сьезде "Алаш" автономиясының орталық атқарушы-өкімші органы Ұлт Кеңесі — Алашорда үкіметі құрылды. Үкіметте барлығы 25 орын белгілеңді. Соның 15-і сьезде сайланды. 10 орыс басқа ұлт өкілдеріне қалдырылды. Мұның өзі "Алаш" автономиясында ұлт мәселесінде дұрыс та сындарлы бағыт болғандығын көрсетеді.

"Алашорда" — Ұлт Кеңесі үкіметінің төрағасы болып Ә.Бөкейханов сайланды. Бұл орган автономияның орталық билігі болып табылды.

Алашорда үкіметі мен Кеңес үкіметі арасындағы қатынас бірден-ақ күрделі болды. Кеңес үкіметі ұлттарға кеңестік түрдегі автономия беруді жоспарлады. Кеңестік автономия пролетарлық интернационализм типіндегі жұмысшы табы мен шаруалардың диктатурасына сүйенген билік болуы қажет болды. Ал "Алаш" автономиясы мұндай принципке қарсы болды. Алаштың идеалы ұлттық-демократиялық билік болды. Кеңес өкіметі Алаш үкіметін байлардың, қанаушылардың, капиталистердің мүддесін көздеуші билік деп бағалады.

Дегенмен азамат соғысы жағдайында өмір сүріп жатқан
Кеңес өкіметі Алаш басшыларымен келіссөздер жасауға
мәжбүр болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет