Білім беру бағдарламалары құрылымындағы пәннің орны және қысқаша мазмұны
Егемендік алғаннан кейін қазақ халқының ежелгі дәуірдегі әдебиетін жалпы кең тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туды. Оның үстіне бүгінгі қазақ халқының ұлттық жаңғыруы және дүние жүзілік даму процесінде алатын орнының айқындалуы еліміздің ежелгі әдебиетін жан-жақты оқып зерттеудің қажеттілігін арттырды. «Түркі халықтарының әдебиеті» курсы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер үрдісінің аясында жеке пән ретінде соңғы кезде жүйелі түрде оқытылады. Бұл курс алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі Қазақстан мен Орта Азияны, Алтай өңірін мекен еткен ру-тайпалар, ұлыстар туралы тарихи деректерді, б.з.б. екінші ғасырда «Ұлы жібек жолының» ашылуын, сол кездердегі Қытай, Үндістан, Греция, Иран, Сирия, Месопотамия, Вавилон, Мысыр тағы басқа елдермен сауда, мәдени, рухани байланыстарды, Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлылардың тайпалық бірлестігін және олардың дәстүр, наным-сенімін, зороастризм діні мен «Авеста» кітабының көне түркілерге қатысын, ежелгі арамей, соғды, авеста, кушан, көне ұйғыр, руна жазуларының пайда болу кезеңдерін сабақтастыра қамтып, ғылыми мәнін ашып, студенттің білім деңгейін, ой-өрісін тереңдетеді.
«Түрік» сөзінің мәні, түрік қағанатының құрылуы, оның екіге бөлінуі, қыпшақ феодалдық мемлекет бірлестігі мен түрік мұсылмандарының алғашқы Қарахан мемлекетінің құрылып, өмір сүруі, дәуірлеуі, «Ұлы жібек жолындағы» түркілердің ежелгі қалаларының маңызы, ертедегі түрік таңбалары және әріптері, ислам дәуіріне дейінгі түркілердің діни ұғым-түсініктері, тәңірге, табиғат бөлшектеріне табынуы тарихи тұрғыда саралап, ғылыми баға беру осы пән зерттеуіне жатады. Орхон, Енисей, Талас, Алтай, Турфан бойындағы биік тастар мен қағазға түсірілген көне түркі руна жазба ескерткіштерін тауып, оқып, аударып, мәтінін дайындау, ғылыми бағасын беру, әлемге танылған Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған мәдени ескерткіштері мен «Оғызнама», «Қорқыт ата кітабының» ғылыми бағасын беру. «Рабғузи қиссалары», «Кодекс Куманикус», «Махаббатнама», «Құсрау-Шырын», «Жүсіп-Зылиха» дастандары мен «Түрік тіліндегі Гүлстан» шығармасы және басқа шежіре мұралар осы пән арқылы ғылыми бағасы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |