Беташар – қалыңдық келіп түскен кезде айтылатын өлең. Жаңа түскен келіннің алдына шымылдық ұстап, перделеп жүреді. Беташар айтылып болған соң шымылдық ашылып, келіннің жүзі көрсетіледі. Беташарды күйеу жақтың адамы айтады. Бұл жыр келінді мүлде бейтаныс ортамен таныстыру және өзін сол ортаға лайықты ұстауға үйрету мақсатында айтылады. Басқа салт өлеңдерінен оның көлемі көбірек болып келеді. Өлең келіннің жастық көркін, әдемілігін, сұлулығын мақтаудан басталады да, енді ол күйеуін қалай силап, күтуі, оның ата-анасымен, туған-туысқандарымен, ауыл адамдарымен таныстырып, олармен қандай қарым-қатынаста болу керектігі айтылады. Жиналған жұртты көңілдендіру мақсатында өлең мәтініне ауық-ауық әзіл-қалжың араласып отырады. Өлеңдерде танылып отырған әр адамға сәлем салдырады. Сондай-ақ көпшілікке, аруақтарға сәлем салдыру да кездеседі. Соңында жыршы келіннің бетін ашқаны үшін сый-сияпат күтеді. Беташардың танымдық мәнінен гөрі тәрбиелік мәні басымырақ.
Неке қияр - үйлену салтына байланысты әдет-ғұрып. Неке қияр сөзі күйеу мен қалыңдықтың неке қияр кездегі арада жүретін екі куәнің үйлендіру ризалығын сұраған кездерде айтылады. Оның жаттанды мәтіні мынадай:
Куә, куә, куәдүрміз,
Куәлікке жүредүрміз.
Мұнда халық қасында,
Таңда хақ қасында,
Екі кісі хақ куәлік бередүрміз.
Бұл өлеңнің сөздері халық өлеңінің тілінен алшақ жатқандығын көреміз. Оның ең басты себебі - неке қияр дәстүрінің ислам дінімен бірге келгендігі. Мұнда көне түркілер арасына ислам дінін тарату кезінде үлкен роль атарған кітаби шағатай тілінің ықпалы көрініп тұрады.
Жерлеу салтындағы өлең-жырлар да салт өлеңдерінің көп бөлігін құрайды. Бұл өлеңдер белгілі бір адам дүние салғанда, жерлеу кезінде, жетісінде, қырқында, жылы кезінде айтылған. Олардың түрлері: естірту, көңіл айту, дауыс салу, жоқтау, бата оқу т.б.
Естірту - өлген адамның хабарын жақын адамына жеткізуден туған. Естірту - қазақ халқының дүниетанымындағы ерекшеліктерді танытатын жанр. Естіртудің образдық құрылысында перделеу, тұспалдау басым. Тұспал ретінде көбіне табиғат құбылыстары алынады. Мәселен: “Аққу ұшып көлге кетті...”, “Қара орманың жығылды...”, “Күреу тісің кетілді...” т.б. Естіртудің соңы көңіл айту мен бата оқуға ұласып кетеді. Естірту, көңіл айту, бата оқу бір-бірінен мағыналық жағынан ажыратылғанымен, айтылу кезінде тұтас айтылады, бірін-екіншісі туындатып отырады. Осы үшеуін әдетте жасы ұлғайған адамдар айтады. Жұбатудың (көңіл айту) түрі:
Жетпесті қума,
Келмеске жылама.
Өлі арыстаннан
Тірі тышқан артық,- деп көңіл айтады. Алғаш естіртуде естіртумен бірге жұбату айтылады. Ал қаза жөнінде естіп қойған адамға жұбату ғана айтылады. Көңіл айтуда символ мәнді сөздер қолданылады. Мәселен:
Аққу ұшып көлге кетті,
Бәрі кетіп жатқан жерге кетті.
Осындағы “аққу” деп отырғаны өлген адам. Мысалы, жұбатуда:
Күрек тісің кетілді,
Ұрпағың өсіп жетілді,-
деген жолдардағы “күрек тіс” деп отырғаны өлген адам орнына қолданып тұрған символ сөз. Егер мұндай символ сөзсіз қаза жөнінде сол күйінде айтар болса, ол естуші мен тыңдаушыға қатты тиіп, ұнамсыз құбылыс туғызар еді.
Жоқтау - салтқа қатысты жырлардың ішіндегі ең көне түрлерінің бірі. Жалпы жоқтауды ән жоқтау, жыр жоқтау, күй жоқтау деп бөлсе болады. Соның алғашқы екеуі фольклорға қатысты. Жоқтау жыры қазақ халқының ислам дінінің қағидаларын толық орындалмағанын көрсетеді. Ислам діні бойынша жоқтап жылауға, өзін-өзі азаптауға тыйым салынған. Өйткені мұндай әрекеттер алланың әміріне қарсы келу деп есептелген.
Жоқтау үлгілері зерттеушілердің назарын ерте кезден-ақ аударған. Соның нәтижесінде жекеленген жоқтаулар Қазанда кітап болып шыққан. 1926 жылы Москвада А.Байтұрсынов “23 жоқтауды” басып шығарды.
Ежелгі түркілердің салтында өлген адамның ет жақын адамдары, әсіресе, әйел кісілер өзінің шашын жұлып, бетін тырнап, өздерін-өздері қорлау дәстүрі болған. Оның мәнісі – жақсы адамның соңында қалып сүрген өмірдің не мәнісі бар деген түсініктен шыққан. Өлген адамның анасы, қарындасы, әйелі, сондай-ақ, халықтың белгілі адамдарын ақындар арқылы халық атынан жоқтай берген. Жоқтау ішінде өлген адамның жақсы қасиеттері айтылады. Кейде жеке адамның қайғысына халық басындағы қайғыны қоса жырлайтын кезі болған. Мәселен, Бопы төрені қарындасының жоқтауындағы:
Боғастың бойын орыс алды,
Жүректің басын дерт өрт алды.
Он жеті жасар би-жанды
Қорасан деген дерт алды.
Отбасы ғұрыптық фольклорға: амандасу, көрісу, қоштасу жырларын, сонымен бірге, бұлардан табиғаты өзгешерек - алғыс, қарғыс, батаны да жатқызуға болады. Амандасу, көрісу, тілек т.б. салттық сипаты басым өлеңдер көбіне отбасында айтылады. Ал алғыс, қарғыс, батаның өзгеше болатын себебі, біріншіден, бұлар сөздің сиқырлы күшіне деген сеніммен байланысты болып келеді, екіншіден, әрдайым отбасы мүшелеріне байланысты айтыла бермейді. Мәселен, бата: дастархан батасы, әкесінің ұлына, ұстазы шәкіртіне беретін батасы т.б. Бұл үшеуін отбасы ғұрыптық фольклорға қатысты айтатын себебіміз - олар өздерін тұтас бір отбасымыз деп санаған рудың, елдің түсінігімен де тығыз байланысты.
Бата - жақсылық тілеу, менің сөзім саған жәрдем етеді деген сеніммен тыңдаушыға тікелей бағытталып айтылады. Айтушы мен тыңдаушыға тікелей байланысты және ислам дініне қатысы бар. Батаның ең көп тараған түрі - дастархан басында берілетін бата. Батаны мұндай жағдайда ең үлкен кісі береді. Көптеген бата сөздерінің ырғағы ауыз екі сөйлеу ырғағына жақын. Бата түрі өте көп. Соның бірі - ұстазының шәкіртіне батасы. Бұл бата отбасына байланыссыз көрінгенімен, оның да қатысты тұсы бар. Себебі шәкірт ұстазының үйіне барып, сол отбасының бір мүшесіндей болып кетеді. Бата бергенде бетті сипау міндетті. Ол мазмұнына қарай ақ бата және теріс бата деген түрлерге бөлінеді.
Алғыс - мағынасы жағынан батамен өте ұқсас. Батаның алғысқа қарағанда діни сипаты басымырақ. Бата айтылып болған соң қол жайып, бетті сипау дәстүрі діни ұғыммен байланысты шыққан. Ал, алғыста бұл қимылды істеу шарт емес.
Қарғыс - алғыс пен батаға қарама-қарсы мәнде болады. Мазмұны жағынан теріс батаға ұқсайды. Қарғысты дұшпанына, әкесі – көңілі қалған баласына, ру басы дінін, елін сатқандарға т.б. сондай ауыр жағдайларға байланысты айтылады.
Алғыс, қарғыс тікелей адамға байланысты емес. Алғыс-қарғыс жанры туралы Халел Досмұхамедов сөз қозғаған. Алғыс пен қарғысты ол шағын жанрға жатқызады. Алғыс пен қарғыстың ішінде өзге де көлемді дүниелер де болғандықтан, бұл жанрды мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш сияқты шағын жанр деп айту қиын.
Көрісу жырлары - сүйіктісімен, туған-туыстарымен және қадірлі адамдарымен кездескенде айтылады. Бұл өлеңдерде қуаныш, ризалық сезімдері болады.
Амандасу жырлары - көрісу жырларымен мағыналас, мәндес болады. Амандасу жырлары тікелей кез келген адамға арналып, олардың хал-жағдайы, күйі сұралып, айтушының өз хал-жағдайы туралы сөз қозғалса, көрісу жырларында айтушының ішкі сезімі, көңіл күйі көбірек айтылады. Амандасу жырлары сәлемдеме түрінде де кездеседі. Сәлемдеме ауызша немесе жазбаша түрде біреу арқылы белгілі бір адамға немес көпшілікке жолданады.
Қоштасу - көрісу, амандасу жырларына қарсы мағынадағы өлең. Бұл жыр ата-анадан, достарынан, ата-жұртынан, қадірлі малы не затынан айырылғанда айтылады. М.Әуезов қоштасу жырын жерге қоштасу, елге қоштасу, өмірдің өтіп бара жатқан шағына қоштасу деп бөледі. Қоштасу көбіне әнмен айтылады.
Аңсау өлеңдерінің елінен, жерінен, ағайын-туысынан алыста жүрген адам шығарады. Онда айтушының ішкі сағынышы, көңіл күйі көбірек айтылады.
Күнтізбелік өлеңдер. Календарлық өлеңдер белгілі бір уақытта ғана айтылуымен ерекшеленеді. Сондай өлеңдердің бірі – наурыз жырлары. Өзге Шығыс халықтары сияқты қазақ халқы да жыл басын наурыз деп есептеген. Күн мен түн теңелетін бұл айды қазақтар жаңа жыл деп санайды. Парсы тілінде “нау” - жаңа, “руз” - жыл деген Жыл басын наурыз айынан бастаудың қазақ халқы үшін маңызы үлкен. Өйткені мал шаруашылығымен айналысатын халық үшін көктем – бүкіл тіршіліктің жанданатын шағы. Малдың осы мезгілде төлдеуі ерекше қуанышты кезең болып табылады. Сондықтан наурыз өлеңдерінде осы қуаныштың ізі байқалады. Бұл өлеңде:
Наурыз күні кәрі, жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен.
Қарттар бата беріскен,
Сақтай көр деп терістен, - деген сияқты жайттар айтылады.
Наурыз мейрамы кезінде “ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ақ мол болсын” деген сияқты тілектер тілейтін болған.
Жарапазан - айт мейрамы кезінде айтылатын, ислам дінімен бірге келген фольклорлық жанр. Жарапазан өлеңінде пайғамбарға мадақпен бірге ораза ұстаушы жандардың оразасының қабыл болуына деген ізгі тілектер қоса айтылады. Жарапазан өлеңінің стильдік ерекшелігіне келсек, олар 11-12 буынды қара өлең үлгісінде болып келеді. Сондай-ақ 7-8 буынды жыр түрінде келетін жараназан батасы да қоса айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |