Алғашқы дайындық кезеңі. Республикамызда спорт мектептерінің алғашқы дайындық топтарына өз еркімен спортпен айналысқысы келген, ата-аналарының, мектеп басшыларының, дәрігердің келісімін алған балалар қабылданады. Бұл балалар спорт мектептерінің жас ерекшеліктеріне, спорт түріне байланысты бекітілген ережелері бойынша спорт топтарына бөлінеді. Мысалы, гимнастика 6 жастан, суға жүзу 7 жастан, футбол 8 жастан, хоккей 9 жастан, ескек есу 10 жастан, ат спорты 11 жастан т.с.с.
Осы топтардағы оқушылар үш жыл бойы жалпы дене қуатын дамытумен, бастапқы техника негіздерін үйренумен айналысады да, әр түрлі сынақтар тапсырғаннан кейін оқу-жаттығу топтарына ауыстырылады.
Бастапқы мамандану кезеңі балалардың жасөспірім жас шағына сәйкес келеді. Бұл кезеңнің негізгі міндеті организмді жан-жақты дамыту және қимыл-қозғалыс ептілігі мен дағдысын жетілдіру болып табылады. Бастапқы мамандану кезеңінің ұзақтығы 3-4 жыл, бірақ спортшының дарындылығына, спорттың түріне байланысты ол уақыт өзгеруі де мүмкін. Балалардың жастарына, жаттыққандығына байланысты жаттықтыру уақыты ұзаруы, жаттықтыруларды бір апта ішінде қайталау жиілігі біртіндеп көбейіп отырылуы қажет.
Тереңдете жетілдіру кезеңі. Бұл кезең спортшының есейген кезіне сай келеді. Кейбір ерте жастан жаттыға бастайтын суға жүзу, гимнастика, мәнерлеп сырғанау т.б. спорт түрлерінде жасөспірім жас мөлшеріне сәйкес келіп қалуы да мүмкін. Бұл кезеңнің негізгі міндеті жоғары спорттық шеберлікті меңгеру. Жаттықтыру кезінде жүктеме көлемі мен қарқындылығы ең жоғары шекке дейін өсіріледі, жарыстың саны көбейеді, дәрежесі жоғарылайды. Бұл кездегі жас шектеу мөлшері жылдамдықты керек ететін спорт түрлерінде 18-ден 26 жасқа дейін, төзімділікті керек ететін циклдік спорт түрлерінде 30 жасқа дейін болады.
Спортта ұзақ жасау кезеңі. Бұл кезең дайындалғандық деңгейін төмен түсірмей ұстап тұра алған кезге дейін созылады. Бұл кезеңде спортшылардың жас ерекшеліктеріне, психикалық болдыруына, жаттықтырулар мен жарыстардан шаршауларына байланысты спорттық көрсеткіштері біртіндеп төмендей береді. Жалпы жүктеме көлемі жайлап азайтыла бастайды. Жаттықтыруларда жүктеме қарқыны, жарыстар саны азаяды. Әрбір спортшы бұл кезенде жаттықтыру жүктемелерін, жаттықтыруларды кенеттен қойып кетпей, біртіндеп азайтуы керек. Бұлай етпеген жағдайда денсаулығына зиян келетінін олар білуі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |