Лекция тезистері



бет3/11
Дата09.05.2023
өлшемі78.11 Kb.
#473417
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
бас білім лекциялар

3-4 лекция. Білім мазмұны
Жоспары:
1.Педагогикалық категория ретіндегі «білім мазмұны» ұғымының мәні-мағынасы мен көлемі.
2.Негізгі компоненттердің (білім, білік және дағды, іс-әрекет тәсілдерінің орындалуы, креативтік іс-әрекет тәжірибесі, іс-әрекетке, өз ісіне, өз іс-
әрекетіне сезімдік-мазмұндық қатынас) сипаттамасы.
3.Білім мазмұнын қалыптастыру деңгейлері және олардың сипаттамалары.
4.Білім мазмұны оқытудың мақсаты, нәтижесі, объектісі және құрал ретінде.
Мақсаты: білім алушыларды педагогикалық категория ретіндегі «білім мазмұны» ұғымының мәні-мағынасымен, көлемімен таныстыру.
Түйін сөздер: білім мазмұны, пәнішілік, пәнаралық байланыстар, тұлғаның жан-жақты дамуы.

Білім мазмұны-оқыту үдерісі компоненттерінің бірі. Білім мазмұны деп оқыту үдерісінде оқушылар меңгеруі тиіс ғылыми білімдер, практикалық біліктер мен дағдылардың жүйесін, сондай-ақ дүниетанымдық және адамгершілік, эстетикалық ойлардың жүйесін түсіну қажет.


Білім мазмұны тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуына бағытталуы тиіс. Осы талаптардың негізінде мынадай принциптерді қолдану білім мазмұнының деңгейін көтеруге өте қажет:

  1. Оқушыларды біліммен қаруландырудың табиғатты қорғауға, еңбекке және өмірге жауапкершілік қатынасты тәрбиелеудің қажеттілігі.

  2. Білім мазмұны негізінде ұлттық мәдени тарихи құндылықты жалпы адамзаттың мәдени мұрасымен ұштастыру.

  3. Білім мазмұнында әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын ескерудің маңыздылығы.

  4. Пәнішілік және пәнаралық байланыстарды ғылыми-әдістемелік негізде жүзеге асыру.

  5. Қазіргі үдемелі ғылыми-техникалық жағдайларда ақпараттық технологияны пайдалану, білім мазмұнын жаңарту.

  6. Ұлттық тілді, халықаралық қатынас тілдерін оқып үйренудің тұрмыс, мәдениет және ғылым салаларындағы маңыздылығы.

  7. Жалпы білім мазмұнының политехникалық және кәсіптік білім мазмұнымен ұласуы-теориялық, практикалық білімнің негізі.

Мектепте білім мазмұнын анықтай мына мәселелерді қамтамасыз етуі тиіс:

  • Табиғат, қоғам, техника, мәдениет, адам жайындағы білімді қалыптастыру;

  • Дүниетанымдық көзқарасты тәрбиелеу;

  • Адамды жан-жақты дамыту мәселесін шешу;

  • Жастарды өмірге, еңбекке, мамандық таңдауға даярлау.

Ю.К. Бабанский ғылымдар негіздерінің мазмұнын таңдап алу үшін төмендегі критерийлер жүйесін атап көрсетті.
Тұлғаның жан-жақты дамуын қалыптастыру міндеттері білім мазмұнында тұтас бейнелеу критерийі. Бұл критерийді пайдалану үшін жүйелі құрылым талдау әдістері қолданылады. Осы әдістердің негізінде оқу бағдарламасында көрсетілген барлық негізгі теориялар, заңдар және ұғымдар ғылымның осы саласы жөнінде жеткілікті тұтас түсінік береді, ғылым, өндірісте, қоғамдық және мәдени өмірде қолданылады; оқушылардың дағдысын, танымдық ынтасын, ақыл-ойын дамытуды қамтамасыз ететін іс-әрекеттерінің негізгі түрлері пайдаланылады.
Ғылым негіздеріне кіретін мазмұнның жоғары ғылыми және практикалық мәнділік критерийі. Мұны қолдану арқылы өте қажетті теориялардың, заңдардың және негізгі ұғымдардың мәнін ашу үшін эксперттік бағалау жолымен бағдарламада тым әмбебап және информативті элементтер мазмұнын қалдырады.
Осы жастағы оқушылардың нақты оқу мүмкіншілігіне мазмұнының сәйкестік критерийі. Мұны пайдалануда төмендегі әдістер қолданылады: диагностикалау, бақылау жұмыстары, жоғары оқу орнына түсу емтихандарының (ҰБТ) нәтижесін талдау, т.б.
Осы пәнді білуге берілген уақытқа мазмұн көлемінің сәйкестік критерийі. Мұны пайдалануда төмендегі әдістер қолданылады: материалды толық меңгеруге жұмсалатын уақытты лабораториялық эксперимент арқылы зерттеу; оқушының тапсырманы орындауға жұмсаған уақытын жалпы мектеп бақылау жұмыстары арқылы дәл жазып алу және нашар үлгіретін оқушыларға көмек көрсету. Осыларды қолдану нәтижесінде бағдарламаның бірінші вариантынан маңызы азырақ кейбір мәселелер, анықтама мәліметтері, фактілер алынып тасталады.
Орта білім мазмұнын құруда халықаралық тәжірибені ескеру критерийі. Бұл критерий бойынша біздің оқу бағдарламаларымызда дүние жүзіндегі дамыған елдердің орта мектептегі оқу бағдарламасымен салыстыру және әрбір оқу пәні бойынша мектептегі білім дәрежесінің артықшылығын қамтамасыз ету керек.
Қазіргі мектептің оқу-әдістемелік және материалдық базасына білім мазмұнының сәйкестік критерийі. Осыған сәйкес білім мазмұнына басты лабораториялық және практикалық жұмыстардың кіруі қажет. Оларды өткізу үшін мектеп өмір талабына сай жабдықталуы тиіс.
Жалпы білім-оқушылардың ғылыми негіздерін игеру үдерісі және нәтижесі. Жалпы білім мазмұнына оқылатын пәндердің негізгі 3 циклы кіреді: ғылыми-жаратылыстару, гуманитарлық, еңбек және дене дайындығы.
Ғылыми-жаратылыстану пәндері (физика, математика, химия, биология және т.б.) табиғат заңдылықтары жайында оқушыларға терең білім береді, олардың ойлау қабілеттерін дамытудың негізгі құралы болады. Гуманитарлық пәндер (тарих, әдебиет, қоғамтану, экономикалық география, түрлі тілдер) оқушыларды қоғңамның даму заңдарымен таныстырады. Әр түрлі тілдер – қоршаған шындықты танудың, ойлау аппаратын дамытудың, қарым-қатынас жасаудың құралы. Гуманитарлық білім беруде тарих, әдебиет, музыка, бейнелеу өнері үлкен рөл атқарады. Олар оқушылардың эстетикалық талғамын, адамгершілік сезімін қалыптастырады, оларды дүние тарихымен, мәдениетімен, рухани байлықтарымен таныстырады.
Еңбек және дене шынықтыру пәндері оқушылардың денсаулығын нығайтады, түрлі іс-әрекеттерінің процесінде олар іскерлік пен дағдыны меңгереді.
Бастауыш мектептің маңызы мен қызметі оның үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болуымен ғана емес, ең алдымен оқушы тұлғасы ұйытқысының қалыптасуы мен дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын буын екендігімен анықталып, негізделеді. Осыған байланысты интелектуалдық, эмоционалдық, іскерлік, коммуникативтік жағынан оқушыны айналадағы дүниемен өзара белсенді әрекеттестік қарым-қатынасқа дайындау бастауыш сатының негізгі қызметі болып табылады.
Оқу мақсаты приоритетінің өзгеруі білім мен тәрбие мазмұнына елеулі түрде ықпал етіп, оны жаңартудың ең басты деген бағыттарын айқындауға және осымен бір мезгілде нақтылы міндеттерін белгілеуге мүмкіндік береді.
Біріншіден, оқу жоспарына сай зерделенетін пәндердің барлығы да білімдік және тәрбиелік рөлі жағынан бірдей маңызға ие болып, осы күнге дейінгі тәжірибеде орын алып келген «мынау негізгі», «мынау қосымша» пән деп бөлінбей оқытылады.
Екіншіден, оқушылар тек пәндік білім, білік, дағдылардың белгілі бір жиынтығын меңгерумен шектелмей, бұған қоса оқу және сөйлеу (ауызекі, жазба тіл) әрекетін, өзін-өзі ұстау, мінез-құлық мәдениетін, этикалық, эстетикалық, адамгершілік нормаларын, яғни оқушының тәрбиелік деңгейін сипаттайтын және қалыптастыруында әр пән белгілі бір рөл атқаратын құндылық қатынастарды меңгереді.
Оқу әрекетінің қалыптасуы білім мазмұнның теориялық деңгейін көтеру ұстанымымен тығыз байланысты. Бұл білім мазмұнындағы ғылыми ұғымдардың үлесін арттыруды қажет етеді.
Үшіншіден, білім мазмұнының жалпы адамзаттық құндылыққа бағдарлануы білім беруді ізгілендірудің міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыруды қамтамасыз етеді, оқытуды шамадан тыс идеологизациялауға жол бермейді, саясаттандыруды болдырмайды.
Сондықтан білім берудің басты міндеттері:

  • Оқушының өзін қоршаған, өзі өмір сүрген жаңа табиғи және әлеуметтік ортаға (мектеп-осы орта) үйренуін, онда жаңа әлеуметтік мәртебе-оқушы мәртебесінің қалыптасуын;

  • Оқу, ойын, еңбек, қарым-қатынас т.б. сияқты әрекет түрлерін қажетті деңгейде меңгеруін;

  • Айналадағы дүниемен дара-тұлғалық қатынасының қалыптасып, эстетикалық, этикалық, адамгершілік нормаларды меңгеруін;

  • Білімін әрі қарай жалғастыруға дайындығын сипаттайтын белгілі бір деңгейдегі эрудициясының болуын қамтамасыз етуі тиіс.

Білім мазмұнын жаңартудың ғылыми негізіне бастауыш сынып оқушысын белгілі бір қажетті біліктер мен дағдылардың иесі, оқу әрекетінің субъектісі, әр түрлі мәдениеттермен өз көзқарасы тұрғысынан диалогқа түсетін автор және жас ерекшелігіне сәйкес өз жасын қалыптастыруға күш жұмсап, еңбектенетін бала деп қарастыратын, осыған орай көп қырлы құрылымды білім-тәрбие мазмұнын анықтап құруға көмектесені қазіргі заманғы дамыта оқыту идеясы алынады.
Бастауыш саты – оқушыда, оның интеллектісі дамуының іргетасы-оқу әрекеті қалыптасуының қуатты жүретін кезеңі. Оқу әрекетінің мазмұны оқу тапсырмалары түрінде құрылады. Осы тапсырма түрлерін меңгеру оқушы ойын тәртіптеп, оның белгілі бір бағытта жүйелі «арнамен жүруін» қамтамасыз етеді; жеке тұлғаның негізгі психикалық үрдістері қалыптасып, ырықты зейін, рефлексия, өзін-өзі бақылау, әрекет – амалдың ішкі жоспары сияқты жаңа түзілімдер пайда болады. Оқушы әр түрлі оқу тапсырмаларын өздігінен шешіп орындаудың ортақ тәсілдерін, өз әрекетін бақылап-бағлауды, нәтижесін эталонмен салыстыруды меңгереді.
Жалпы білім – политехникалық және кәсіптік білімнің негізі және олармен өзара тығыз байланысты. Политехникалық білім берудің мәні-өндірістің барлық процестерінің негізгі принциптерімен таныстыру.
Қазіргі жағдайда оқушыларға политехникалық білім беру радиоэлектрониканың, кибернетиканың және телемеханиканың, атомдық энергетиканың, генетиканың т.б. ғылым мен техника салаларының соңғы жетістіктеріне байланысты.
Политехникалық білім оқытудың әр түрлі мектеп сатысында, яғни еңбек сабақтарында қарастырылады.
Бастауыш мектеп (бірінші саты) оқушыларды еңбекке даярлаудың түрлі мәселелерімен таныстырады. Олар:
а) түрлі материалдарды пайдаланып, қолмен жұмыс істеудің карапайым тәсілдерін меңгеру;
ә) ауылшаруашылық өсімдіктерін мектеп жанындағы тәжірибе үлескесінде өсіру;
б) түрлі оқу-көрнекі құралдарын жөндеу, жаңарту, толықтыру;
в) балаларға таныс кейбір мамандықтар жайлы кәсіптік бағдар беру жұмысын өткізу т.б.
Негізгі сатыда (5-9 сыныптар) оқушылар негізгі еңбек даярлығын алады:
а) ағаш және металл өңдеуді үйренеді, білім алады;
ә) халық шаруашылығының басты салалары туралы түсінік алады;
в) кәсіптік бағдар беру жұмысына ерекше көңіл бөлінеді.
Үшінші сатыда (10-11 сыныптар) теориялық және лабораториялық сабақтарда ғылым мазмұнының политехникалық деңгейін көтеру; осы заманғы электронды есептеу техникасын, оқыту және бақылау машиналарын, компьютерлерді оқыту процесінде кеңінен қолдану, әр түрлі мамандықтар бойынша еңбекке баулу.
Мектепте политехникалық білім беруді жүзеге асырудың басты жолдары:

  1. Жаратылыстану-математика пәндері және «Өндіріс негіздері. Мамандық таңдау», «Есептеу техникасы және информатика негіздері» пәндері бойынша оқушыларды қазіргі заманғы өндірістің негіздерімен таныстырып, оларға қажетті білім беру.

  2. Оқушыларды сабақ процесінде түрлі оқу аспаптары, препараттары, электротехника, компьютер және ЭЕМ сияқты құралдармен таныстырып, оларды жұмыс істей білуге үйрету, дағдыландыру.

  3. Лабораторияларда оқу кабинеттерінде жүргізілетін практикалық және эксперименттік жұмыстар арқылы оқушылар қазіргі заманғы ғылымның және өндірістің негіздері жөнінде түсінік алады, практикалық іс-әрекетінде мамандықты таңдап алуға даяр болады.

  4. Мектептен және сыныптан тыс жұмыстардың барысында оқушылардың техникалық қабілетін дамыту.

Кәсіптік бастауыш білім кәсіптік мектептер мен кәсіптік лицейлерде негізгі жалпы білім беру базасында алынып, жалпы орта білім алумен ұштастырылады және ол еңбек қызметінің түрлі бағыттары бойынша білікті еңбек қызметкерлерін (жұмысшыларды, қызметкерлерді) даярлауға бағытталған.
Кәсіптік мектепте оқу мерзімі-2-3 жыл, кәсіптік лицейде үш жыл, ерекше күрделі кәсіптер бойынша, сондай-ақ бірегей жабдықтарға қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшін төрт жылға дейін болады.
Кәсіптік оқыту тікелей өндірісте, оқу-өндірістік комбинаттарда оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлайтын басқа да оқу-өндірістік құрылымдарда жүзеге асырылуы мүмкін.
Осыдан объектілер мен құбылыстардың тек сыртқы түрін, белгілерін бақылап қана көріп тану тәсілін ғана емес, оқушыны ынталандырып, шығармашылық әрекетке жетектейтін ішкі байланыстрды, өзара тәуелділікті, заңдылықтарды өздігінен ашып, түсініп, танитындай әдіс-тәсілдерді қолдануға мүмкіндік туады, оқу әрекеті арқылы оқушы осындай тәсілдермен жұмыс істеу біліктерін меңгереді.
Көрсетілген ұстанымдардан оқушы ойлауының барлық түрлерін диалектикалық бірлікте дамыту ұстанымын бөліп қарауға болмайды. Педагогикалық психология бастауыш сатыда оқушының эмпирикалық (көрнекі-бейнелі және көрнекі-әрекеттік) ойлау түрлерінің деңгейі жоғары болса, логикалық (теориялық) ойлауы да тиімді дамиды деп есептейді.
Ұғымдар жүйесінде ойлаудың барлық түрлері қамтылатындықтан, білім мазмұнындағы эмпирикалық және ғылыми ұғымдардың ара қатынасын дұрыс анықтап жүйелеу оқушы ойлауының осы заңдылықтарын ескеру арқылы ғана жүзеге асатынын атапа көрсеткен жөн.
Білім мазмұнын, оның құрылымын анықтауда дамыта отырып оқытудың осы айтылған үш ұстанымынан басқа мазмұнның интегративті сипатын қамтамасыз ету, оқушының адамгершілігін, эстетикалық талғамын, эколгиялық-салауатты өмір сүру мәдениетін, халықтың озық-салт-дәстүрі, рухани-мәдени мұрасы негізінде тәрбиелеу басшылыққа алынады.
Бастауыш сатыдағы оқытудың мақсаты мен білім мазмұнының негізіне алынған дамыта оқыту идеясына, оның ұстанымдарына сәйкес білім мазмұнының мынадай құрамы анықталады:

  • Дүние туралы (көркем, мифтік, т.б. түсініктермен байытылған дүниенің ғылыми бейнесі);

  • Оқушыда қалыптасуы тиіс әрекет түрлері (ойын, оқу, еңбек, қарым-қатынас);

  • Дүниені танып білудің әдіс-тәсілдері (логикалық, ғылыми) туралы білім, біліктер.

Бастауыш саты оқушының жас ерекшелігіне сай таным мүмкіндігін және оқыту мақсатының оқушы тұлғасын тәрбиелеуге бағдарланатынын ескерсек, онда бұл ақытылатын пәндерді ғылымдар негіздері түрінде құруға болмайтыны түсінікті: мұнда, негізінен, оқушыда мәдениеттің базистік қырларын қалыптастыру бірінші орынға шығады. Осымен байланысты білім мазмұнын әлі де жете сарламай, былайша жіктеуге болады: коммуникативтік мәдениет (ана тілі), ақыл-ой мәдениеті (математика, жаратылыстану, адамтану, қоғамтану), эстетика және адамгершілік мәдениеті, еңбек мәдениеті, дене тәрбиесі.
Әрине, бұдан білім мазмұнында ғылым негіздерінен ештеңе қамтылмайды деген түсінік тумауы керек: оқу әрекетін қалыптастыру приоритетті мақсат және мұның өзі білімнің теориялық деңгейін көтерумен тікелей байланысты болғандықтан, әр пән ғылыми білім элементтерін, ұғымдар жүйесін міндетті түрде қамтиды және танымдық, дамытушы рөлімен қоса пропедевтикалықта қызмет атқарады.
Осыған және мемлекеттік базистік оқу жоспарына сүйене отырып, бастауыш сатыдағы оқу пәндері жиынтығының тиімді деген бір нұсқасын көрсетелік: ана тілі, екінші тіл, математика, дүниетану, еңбек, бейнелеу өнері, музыка, дене тәрбиесі.
Оқыту үдерісін ұйымдастыруда дидактиканың ерекше көңіл аударатын мәселесінің бірі-апталық оқу жүктемесі. Себебі, бұл ең алдымен, оқушының денсаулығына, сол арқылы бүкіл оқу-тәрбиенің соңғы нәтижесіне ықпал ететін негізгі фактор.
Қазіргі мектептің алдында заманауи әлемге тез бейімделетін және өзін жүзеге асыра алатын оқушыларды даярлау міндеті тұр. Егер мұғалімнің өзі тез өзгермелі әлемнің жағдайларына дайын болмаса, бұл мақсатты бағындыру мүмкін емес.Білім мазмұнын жаңарту оқытудың дәстүрлі репродуктивті стилін жеңуден және оқушылардың танымдық белсенділігін қамтамасыз ететін білім берудің жаңа дамытушы, конструктивті моделіне көшуді білдіреді.Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту белсенді болуы, коллаборативті орта жағдайында ұйымдастырылуы, оқытуды саралау, пәнаралық байланыс жүзеге асырылуы көзделеді. Сондай-ақ АКТ қолдану, диалогтық оқыту, зерттеу әдістері жүзеге асырылуы және оқушылардың қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беру міндетті болып табылады.
Жаңартылған білім беру мазмұнының дәстүрлі білім мазмұнынан төмендегідей ерекшеліктері бар:1. Пән мазмұнының спиральді қағидат бойынша, яғни пән мазмұнының қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға қарай берілуі. 2.Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы. 3. Бір білім беру аясында және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі. 4.Оқу үдерісін ұзақ, орта және қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастыру. 5. Оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік-рухани қасиеттерін қалыптастыру. 6. Білім беру деңгейлері аралығында пәндік сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қою.7. Бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сай келуі, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға назар аударылуы. 8. Оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұстаным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысуы).
Жаңартылған білім беру мазмұны оқушылардың оқу дағдыларын (оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым), ойлау дағдыларын (білу, түсіну, қолдану, талдау, салыстыру, бағалау), шығармашылық ойлау, логикалық ойлау, сыни ойлау, алгоритмдік ойлау, проблемалық ойлау, технологиялық ойлау дағдыларын қалыптастырады.
Сабақтардағы танымдық белсенділік деңгейлері өнімді, интерпретациялық, шығармашылық болып бөлінеді.Аталмыш танымдық белсенділік деңгейлеріне стандарттық, стандарттық емес, аралас тапсырмалар сәйкестендіріледі.
Жаңартылған білім мазмұнында оқушы мен мұғалімді белгілі бір шеңберге қоятын бағалау жүйесі болмайды. Кейде баланың оқу жетістігін бағалау қиын болады. Жаңартылған білім мазмұнының ендірілуіне байланысты бұл проблема маңызды емес болып қалды. Қалыптастырушы бағалау мұғалім мен оқушылардың арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді. Оқушыларда сабаққа қызығушылық және жауапкершілік пайда болады, өз бетінше, топтық жұмыс дағдылары қалыптасады. Толеранттылық, өзара көмек, ұжымшылдық сезімдері тәрбиеленеді. Жаңартылған білім мазмұнында рефлексия тиімді оқытудың шарты болып табылады. Жаңа форматтағы сабақтар бірін-бірі алмастыратын түрлі іс-әрекеттен тұрады, сондықтан оқушылар бір мезгілде сан алуан іс-әрекет түрлеріне тартылады. Оқушыларда тілдік әрекеттің төрт түрін дамыту арқылы олардың ересек өмірге бейімделуіне көмектесетін қарым-қатынас дағдылары қалыптасады.
Сонымен, білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде жүзеге асырылып жатқан барлық іс-шаралар кешені тұлғаның үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру кеңістігін құруға бағытталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет