Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009



Pdf көрінісі
бет26/74
Дата09.03.2024
өлшемі1.99 Mb.
#494755
түріЛекция
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   74
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

2. Қазақстан Алтын Орда құрамында
1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін 1235 жылы 
Қарақорымда монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысында 
Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданды. 
Монғол əскерін Шыңғыс ханның немересі Батый басқаратын болды. 
Шығыс Европаны бағындыруға аттанған Батый басқарған монғол 
армиясының көпшілік бөлігін қыпшақтар құрады. Сондықтан 
деректерде оның əскері қыпшақтық деп аталған. 1236—1242 жж. 
Еділ Бұлғариясын, орыс княздіктерін бағындырып, Польшаны, 
Венгрияны, Чехияны, Молдовияны, Валахияны, Трансильванияны 
талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда жаңа 
монғол мемлекеті — Алтын Орданы құрды. Бұл мемлекеттің 
аумағы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Əмударияның 
төменгі сағасына дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты. Алтын 
Орда Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм жəне Батыс Сібір аумағының 
бір бөлігін қамтыды. Бастапқыда астанасы Астрахань маңындағы 
Сарай-Батый қаласы болды, кейін астана Сарай-Берке қаласына 
Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді. 
Алтын Орда көпұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол əр алуан 
халықтар мен тайпалардан құралды. Монғолдардың өздері тіпті 
аз еді. ХІV ғасырда монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал 
Алтын Орданың халқы «татарлар» деп атала бастады. Сонымен, 
белгілі шығыстанушы Л. Н. Гумилев атап көрсеткендей (Қиял 
патшалығын іздеу. Алматы, 1992, 208-б.) «Жеңген монғолдар 
өздері құрған мемлекетте азшылықта қалып, жеңілген жəне 
бағындырылған халықтар шын мəніндегі қуатты күшке айналып 
шыға келді. Ал тақта мығым отыруды қалаған басқарушылар бұл 
күшпен барған сайын жете санасуға тиісті болды».
Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі 
болды, сөйтіп, əуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын, 
бірақ Батый хан (1242—1256) өзін тəуелсіз билеуші ретінде 
ұстады. 1260 ж. Монғол империясы тəуелсіз ұлыстарға бөлінді. 
Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256—1266) тұсында 
дербес мемлекетке айналды. Ол елді басқарған кезде Алтын 
Орда Монғол империясынан біржолата бөлінді. Одан кейінгі 
Мөңке-Темір хан (1266—1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет 
өз атынан теңге құя бастады. ХІІІ ғасырдың 80- жылдары Алтын 
Ордада беклербек Ноғайдың есімімен байланысты дағдарыс 
басталды. Ноғай Шыңғысханның бір ұрпағы ретінде Батый 
мен Берке кезінде мемлекеттегі екінші адам болды. Оның ниеті 
өзінің дербес мемлекетін құру еді. Ол өзіне Дунай, Днестр, Днепр 
бойындағы елдерді бағындырып алды. Тоқты хан кезінде (1298—
1312) алауыздық өзара күреске ұласып, 1300 жылы Ноғай жеңіліс 
тапты, содан кейін ғана Алтын Орданың бірлігі қайтадан қалпына 
келтірілді. 
Өзбек ханның (1312—1342) жəне оның баласы Жəнібектің
(1342—1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы 
Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс 
княздықтары Алтын Ордаға тəуелділіктерін мойындап, ұлы 
ханның қолынан «князь» атағын алып, алым-салық төлеп тұрды. 
Бірақ билеушілердің хан тағына таласып, өзара қырқысуының 
салдарынан Жəнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың 
құлдырауы басталды. 1357—1380 жылдары ондаған хан ауысады. 
Сөйтіп, бұл жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі» 
деп аталады. 1380 жылы Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамай 
Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс əскерінен 
жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың əлсірегенін
пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін əскери 
жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мəскеуге жорық жасап, 
оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мəуераннахр мен 
Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Тоқтамыстың 
кезінде (1380—1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ ХІV 
ғ. соңында Əмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап 


66
67
(1389, 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір 
мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала 
алмайды. ХV ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, 
Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына 
бөлініп кетеді. 
Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының 
негізгі бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси 
құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары 
неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген əдеттегі көшпелі 
мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет 
адамдарынан, əскери ақсүйектерден құралған əкімшіл-чиновниктік 
аппараты маңызды орын алды. Армияны жəне мемлекеттің ішкі 
істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын Орданың 
билеушісі — хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы 
саналды. Ханның атынан бүкіл əскери істі беклербек басқарды, ал 
азаматтық биліктің басында уəзір тұрды. Беклербек уəзірден дəреже 
жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық 
қатынастарды басқарды жəне азаматтық істерді шешкен кезде 
жоғары сот билігін атқарды. 
Алтын Ордада атқарушы орган — диуанның басында уəзір тұрды. 
Атқарушы өкіметтің орталық органы — диуанның қарауында 
қаржы, салық жəне басқа ведомстволар болды. Диуанның хатшысы 
бітікші деп аталды. Уəзір мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару 
ісінде ханның кеңесшісі болды. Мемлекеттік басқару жүйесінде 
даруғалар мен басқақтар маңызды орын алды. Даруғалар негізінен 
салық жинаумен айналысты, басқақтар басқару міндетін де атқара 
отырып, жергілікті халыққа əскери бақылауды жүзеге асырды. Олар 
сонымен қатар қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық та 
жинады. 
Монғол əскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін 
өзінің зардабы жағынан ауыр апат əкелді. Ол көптеген халықтардың 
экономикалық жəне мəдени прогресін, олардың саяси, əлеуметтік 
жəне этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы 
салдарынан өндіргіш күштер əлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, 
ортағасырлық қала мəдениетіне үлкен зиян келтірілді. Əсіресе, 
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі отырықшылық өмір мен 
егіншілік мəдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған 
халықтан алынатын алым-салық та ауыр жəне көп болды. 
Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған. 
Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен 
бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-
саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады, 
жер-жердің бəрінде пошта жəне көлік қатынасы қызметін енгізді. 
Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын əкеледі, бұрын 
ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тəртібін 
Шыңғысханның заңдар жинағы — «Ясасына» сəйкес келтіре 
бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында 
белгілі дəрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің əлеуметтік 
ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дəуірінен кейін 
Қазақстанда пайда болған мемлекеттік құрылымдарда пайда-
ланылды. Монғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық 
процестер барысына да үлкен əсер етті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   74




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет