Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009



Pdf көрінісі
бет57/74
Дата09.03.2024
өлшемі1.99 Mb.
#494755
түріЛекция
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   74
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

4. Қоғамдық-саяси өмір
Өлкенің қоғамдық-саяси өміріне бағыт-бағдар берген бірінші 
бүкілқазақтық партия конференциясы 1921 ж. маусымда болды. 
Ол елдегі экономикалық жағдаймен қатар қоғамдық-саяси өмірдің 
мəселелерін қарастырып, ауылда социалистік құрлысты жүзеге 
асыруды міндеттеді. Осы міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен
кеңестерді құру мəселесін қолға алды. 1921 жылы Қазақстан Орталық 
Атқару Комитеті кеңестерге сайлау ережесін бекітті. Осы ереже 
бойынша селолық, ауылдық жəне қалалық кеңес депутаттарының 
мерзімі 6 ай болды. Губерниялық, уездік жəне болыстық атқару 
комитеттері 6 айға, ал ҚОАК-ті — 1 жылға сайланды. Кеңестердегі 
халық өкілдерінің нормаларын көбейтті. 150 тұрғындары бар ауыл-
дарда кеңестер құрылды, яғни 50 тұрғынға бір депутат сəйкес келді. 
Бұрын кеңестер 300 тұрғындары бар ауылдарда құрылуға тиіс еді.
Республикадағы Кеңес үкіметін құру үрдісі өте қиын жағдайда 
жүрді. Большевиктер үшін капиталистік елдер қоршауында тұрып 
социализмді экономикасы артта қалған елде жүзеге асыру өте 
күрделі болды. Сонымен қатар социализм идеясы қазақ қоғамына 
жат еді. Соған қарамай Кеңес үкіметі тұтас Ресей аумағындағы 
халықтарды біріктіруге күш салды. Ресейдегі халықтарды біріктіру 
мəселесі партияның Орталық комитетінде талқыланды. Бұл мəселе 
бойынша екі пікір болды. Сталин «автономизация» идеясын 
ұсынды, яғни барлық ұлттарды, барлық кеңестік республикаларды 
РКФСР құрамына автономия құқында ендіру. Ленин кеңестік респу-
бликалар одағын құруды ұсынды. 1922 жылы Орталық комитеттің 
қазан пленумында Украина, Белоруссия, Закавказ республикала-
ры жəне РКФСР арасында КСРО құру жөнінде келісім жасау қажет 
деп қаулы қабылдады. 1922 жылы 30 желтоқсанда Мəскеуде КСРО 
Кеңестерінің бірінші съезі болды. Съезд КСРО құрылғандығы ту-
ралы декларацияны жəне одақтық келісімді қабылдады. Съезд ең 
жоғарғы заң шығарушы орган КСРО ОАК сайлады. Қазақстан КСРО 
құрамына РКФСР құрамындағы автономиялық республика болып 
енді.
Алайда, республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі толғағы 
жеткен мəселелерді шеше алатын, жергілікті халыққа түсінікті 
жəне де жақын кеңестік мемлекеттік аппарат құру өте қиын болды. 
Жаңа кеңестік əкімшілік аппаратына жұмысқа тартуға жарайтын, 
жергілікті халық арасынан шыққан, даярлығы бар адамдар өте аз 
болды. Əкімшілік орындарындағы еуропалық ұлт өкілдерінің көбісі 
шовинистік пиғылдағы қызметкерлер болды. Олар жаңа биліктің 
жергілікті халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына сай жұмыс 
істеуін қамтамасыз етпеді. 
Кеңес үкіметі əкімшілік басқару орындарын жергіліктендіру — 
қазақтандыру саясатын жүзеге асыруды қолға алды. Алғашқы кез-
де Кеңес үкіметі амалсыздан Алаш зиялыларын өлкедегі кеңестік 
қызметтерге пайдалануға мəжбүр болды. Себебі, қазақ зиялы 
қауымының басым бөлігі алашордалықтар болды. Сондықтан да 
большевиктердің бұрынғы партиялылығы мен саяси белсенділігін 
есепке ала отырып, көптеген зиялыларды жұмысқа тартуына тура 
келді.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жергіліктендіру шарала-
ры кеңес жəне партия аппараттарында қазақтардың үлесін көбейту 
түрінде көрініс берді. Алайда, Қазақстанға Ф. Голощекиннің басшы 
болып келуіне байланысты оның сипаты өзгерді. Ол жергіліктен-
діруді бұрын едəуір ауқым алып келген қазақ ұлтының өкілділігі 
туралы мəселенің орнына қазақ бұқарасының өзін кеңестендіру 
мəселесіне айналдырды. Яғни, Қазақстанның жаңа басшысы 
қазақтандыру саясатын ұлттық мəнінен біржолата айырып, оны 
таптық арнадағы кеңестендіру шараларына қосып жіберді. 
Қазақ АКСР-нің ОАК-ті қазақ жəне орыс тілдерін пайдалану 
тəртібі туралы декрет қабылдады. Декретте кеңес үкіметінің заң 
құжаттарын екі тілде жариялау, жоғарыдан төменге дейін екі тілде 
қатынас жасау міндеттері белгіленді. Осыған орай Қазақстан өкіметі 
барлық халық комиссарлары мен ҚОАК-нің мүшелеріне қазақ 
тілін жедел игеруге кірісуді ұсынды. 1923 жылы 22 қарашада “Іс 
қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы” жаңа декрет қабылданып,
барлық облыстар мен кейбір уездерде 1924 жылдың 1 қаңтарынан 
іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұсынды. Бұл науқан көптеген 
жерлерде қазақтардың орыс тілінен мүлде хабарсыздығынан, ал пар-
тия жəне кеңес қызметіндегі еуропалық ұлт өкілдерінің қазақтардан 
мүлде оқшауланып қалғандығынан, Кеңес үкіметінің амалсыздан


254
255
жүргізген шарасы еді. ҚОАК-ті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің
қаулысымен іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге көшірудің соңғы 
мерзімі 1927 жылдың 1 қазаны болып белгіленді. 
Кеңес үкіметі өлкеде сауатсыздықты жою, яғни өлке тұрғын-
дарының сауатын ашу мəселесін көтерді. Əсіресе, ол үкіметтің 1929 
жылы “Сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс туралы” қаулысынан 
кейін кең өрістеді. Алайда, сауатсыздықты жою шаралары қаржы 
тапшылығы, мұғалімдердің, оқулықтар мен оқу құралдарының 
жетіспеуі сияқты үлкен қиыншылықтарға тап болды. 
Жастарға білім беруді жақсарту үшін мектептер ашу ісі қолға 
алынды. 1928/29 оқу жылында 4397 бастауыш, 142 жетіжылдық, 
29 екінші сатыдағы мектептер жұмыс істеді. Білім беру саласын-
да ұлттық мектептер жүйесі қалыптаса бастады. 1927 жылы қазақ 
мектептерінің саны 1600 болды. Алайда осы мектептердің ішінде 
мектеп үйі барлар саны 40-қа əзер жетті. VІ партия конферен-
циясында мектептердің көбі тек қағаз жүзінде екені, ауылдағы 
мектептердің үйі жоқ, үйі болса орындықтары жоқ, орындықтары 
болса оқулықтары жоқ екені атап көрсетілді. Соған қарамастан мек-
теп жасындағы балаларды оқуға тарту жұмыстары жүргізілді. 1935 
жылы мектеп жасындағы балалардың 91% оқуға тартылды. 1935/36 
оқу жылында алғаш рет 11 қазақ баласы орта мектепті бітірді. 
Кеңес үкіметі Қазақстанда ғылымды қалыптастыру мəселесімен 
де айналысты. Алғашқы ғылыми-зерттеу мекемелері: 1922 жылы — 
Денсаулық халкомының қасынан өлкелік химия-бактериологиялық 
лабораториясы, 1924 жылы — өлкелік өсімдікті қорғау станциясы, 
1925 жылы — санитарлық-бактериологиялық институты ашыл-
ды. 1932 жылы Қазақстанда 12 ғылыми-зерттеу институттары
15 тəжірибе станциялары, 186 лабораториялар мен т.б. ғылыми 
орталықтар жұмыс істеді. Осы кезде КСРО ҒА-ның қазақстандық 
базасы құрылып, 1938 жылы КСРО ҒА-ның филиалына айналды. 
Геология жəне биология ғылымдарының нəтижелері бүкілодақтық
көлемде танымал болды.
20—30 жылдары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев,
Ш.Құдайбердиев шығармалары кең көлемде пайдаланылды. Ақын
М.Жұмабаевты замандастары өте жоғары бағалаған. Оның поэзия-
сы өзінің нəзіктігімен, жаңашылдығымен, адам жанының тазалығы 
мен сұлулығын терең меңгергендігімен ерекшеленді. М.Жұмабаев 
өзінің шығармаларында жалпы адамзаттық құндылықтарды, өзінің 
жеріне, еліне деген сүйіспеншілікті жырлады.
Кеңес үкіметі ұлттық əдебиеттің орнына кеңестік əдебиет пен 
өнердің қалыптасуына жағдай жасады. Осы кезде социалистік 
əдебиеттің негізі қаланды. С.Сейфуллин, С.Торайғыров, Б.Майлин, 
И.Жансүгіров, М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, 
Ғ.Орманов жəне т.б. кеңестік қазақ прозасы мен поэзиясының 
көрнекті өкілдері қалыптасты.
1926 жылы кəсіби театр өнерінің алғашқы қарлығашы қазақ 
драма театры ашылды. Оны Ə.Қашаубаев, Қ.Қуанышбаев, 
С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков сияқты, кейін қазақ 
театр өнерінің майталмандары болғандар ұйымдастырды. Əнші 
Ə.Қашаубаев Париж, Франкфурт-на-Майне сияқты Еуропаның 
ірі қалаларының концерт залдарында өз өнерін көрсетті. Соғыс 
қарсаңында республикада қазақ мемлекеттік академиялық дра-
ма театры, республикалық орыс драма театры, қазақ мемлекеттік 
опера жəне балет театры, ұлт аспаптар оркестрі, симфониялық ор-
кестр, республикалық қуыршақ театры жұмыс істеді.
Алайда, Кеңес үкіметі таптық мүддені ұлттық мүддеден 
жоғары қойды. Жалпы мəдениетті екіге бөлді: буржуазиялық жəне 
пролетарлық. Сондықтан да қазақ халқының қалыптасқан дəстүрлі 
мəдени мұралары, ескі феодалдық құрылыстың қалдықтары деп, 
ұлттық санадан аластатылды. Сонымен бірге халықтың тарихи са-
насын жоюға бағытталған шараның бірі 20- жылдардың аяғында 
ғасырлар бойы пайдаланып келген араб алфавитін латынға ауы-
стыру, сосын оны 1940 жылы кириллицаға ауыстыру болды. Соның 
нəтижесінде бір ұрпақтың ғана ғұмырында қазақтар өзінің төл жа-
зуымен дүниеге келген ұлттық рухани мəдениеттің жетістіктерінен 
айырылды. Бұл жүргізілген шаралардың бəрі де большевиктік 
тəртіптің күшейгенін, əкімшіл-əміршіл жүйенің толық орныққанын 
көрсетеді.
Большевиктер партиясы демократиялық мемлекет құрамыз, ұлт 
мəселесін ұлттардың өзін-өзі билеу принциптерімен шешеміз деп 
көлгірсігенімен, шын мəнінде, олар партияның ықпалын артты-
ра отырып, бір орталыққа бағынған мемлекет құрды. Большевик-
тер құрған қазақ автономиясы дербес автономиялық республика 
атанғанымен, Ресейдің бөлінбес бөлшегі болды. Өлкені басқару 
мəселесі жергілікті ұлт өкілдерінің қолына толық берілмеді. Шын 
мəнінде, бұл Қазақстанды кеңестік саяси отарлау еді.
Большевиктердің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған саясатын 
ашық айыптап, оның бет пердесін айқындаған М. Шоқай болды. 
Ол XX ғасырдағы қазақ саяси эмиграциясының тарихын бастау-


256
257
шы болды. Эмиграция сөзінің мағынасы экономикалық, саяси жəне 
діни себептерге байланысты өз еркімен немесе еріксіз басқа мемле-
кетке қоныс аударуды көрсетеді. Түркістан саяси эмиграциясы тари-
хи көрініс ретінде 1917 жылғы Ресейдегі революциялық сілкіністер 
нəтижесінде пайда болды. Қоқан автономиясы қуылған соң М. 
Шоқай Францияға қоныс аударады. Онда ол Париждің “Дни”, “По-
следние новости“ газеттерінде Түркістандағы ішкі саяси жағдайға 
талдау жасаған мақалаларын жариялайды. 1929—39 жылдары ол 
“Яш Туркестан“ журналын (117 нөмірі жарық көрді) шығарып, оның 
беттерінде кеңестік Түркістан мен дүние жүзіндегі оқиғаларға кең 
сыни талдау жасайды. 
Большевиктердің елде кеңес үкіметін орнату жолдары мен əлеу-
меттік саладағы социалистік қайта құру саясаты қазақ зиялыларының 
қарсылығын туғызды. Алайда, осы социалистік қайта құру саясатын 
жүзеге асыру үшін белгіленген реформаларды пікір-талас негізінде 
талқылап, олардың дұрыс-бұрыстығын анықтаудың орнына партия 
басшылары, өз көзқарастарын білдірген қазақ партия жəне кеңес 
қайраткерлерін айыптады. Өлкедегі жалпы большевиктік айыптау 
жəне қуғындау саясатының ең алғашқысы түрікшілдікті айып-
тау болды. 1920 жылдың 20—26 қаңтарында Ташкент қаласында 
Түркістан коммунистік партиясының конференциясы өтеді. Онда 
мұсылмандар бюросының төрағасы Т.Рысқұлов “Ұлт мəселесі жəне 
ұлттық коммунистік секциялар” туралы баяндама жасады. Онда 
Түркістан республикасында Ресейден түбірлі айырмашылығы бар 
ұлт саясатын жүргізу үшін ең алдымен негізі берік саяси ұйым құру 
қажеттілігі туралы айтылды. Конференция Т. Рысқұлов ұсынысымен
жаңа саяси ұйымды “Түрік халықтарының коммунистік партиясы” 
деп атауға шешім қабылдады. Т. Рысқұловтың түрікшілдік идеяны 
жүзеге асырудағы ең батыл қадамы Мұсбюроның төтенше ІІІ конфе-
ренциясында (1920 жылы 25 қаңтар) “Түркістан автономиялылығы 
туралы” тезистерін қабылдау болды. Т. Рысқұловтың Түрік респу-
бликасын құру туралы идеясы келешектегі түрік мемлекеттерінің 
конфедерациясын құруға апаратын жол еді. 1917 жылы Түркістан 
(Қоқан) автономиясын ұйымдастырған Мұстафа Шоқайдың арма-
ны да осындай конфедерациялық мемлекет құру еді. Алайда, боль-
шевиктер Т.Рысқұловтың “Түрік республикасын құру” туралы иде-
ясына қарсы шығып, ұлтшыл деп айыптады.
Сталин басшылығымен қазақ зиялыларына тағылған айыптау ай-
дарлары “ұлтшылдықпен” шектелмеді. Сонымен қатар қазақ байла-
рын тəркілеу саясатын қолдамай, керісінше қазақ қоғамы сілкіністен 
гөрі көмекке зəру деген көзқарастағы қазақ қайраткерлерінің 
пікірлерін айыптау кең етек алды. 1929 жылы партиялық үштіктер 
арыз айту бюросының қызметін күшейтіп, барлық салада партия 
нұсқауымен “оңшыл жəне солшыл оппортунистік уклонмен” күресу 
жұмыстарын өте қарқынды түрде жүргізді. 7 партия конференция-
сында “солшыл жалаудың тасасына жиі-жиі жасырынатын оңшыл-
байшыл ағым делінетінмен” күресуге партия ұйымдарын шақырады.
Қазақстанда “оңшыл ағымға” Голощекиннің ауылда ”Кіші Қазан” 
төңкерісі қажет деген пікіріне қарсы шыққан С.Сəдуақасов жəне 
оның пікірлестері жатқызылды. 
Ал енді Қазақстанда қазақ кеңес жəне партия қайраткерлерін 
троцкизмге айыптау Троцкийдің 1928 жылы Алматыға жер ауда-
рылуына байланысты деуге болады. Алайда троцкистік оппозицияға 
қазақ қайраткерлерін жатқызу көңілге мүлде қонымсыз еді. Себебі, 
қазақстандық саяси қайраткерлер троцкизм тұрмақ əлі толық 
марксизм-ленинизм идеяларын толық меңгермеген еді. Осыған 
қарамастан 7-партия конференциясында С.Сəдуақасов, Сұлтанбеков 
жəне Мұстамбаевтар “троцкистік оппозицияның төңірегіне топ-
тасқан негізгі ядро” ретінде айыпталды.
Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде 
большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең 
қатал жəне ымырасыз болды. Егерде 1920 жылдардың орта кезіне 
дейін большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте əртүрлі ай-
ыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал 
жаппай саяси қуғынға ұласты. Алаш зиялыларына қарсы күрестің 
жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік пар-
тия комитетінің бюросына өлкелік “Ақ жол” газетінің ұстанған 
бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет 
бетіндегі жарияланған мақалалардың бұл кезде шет елде эмиграци-
яда жүрген М. Шоқайдың ойымен “үндес жəне пікірлес екенін, яғни 
алашордашыл, ұлтшыл идеяларды жаңғыртатыны” атап көрсетілді. 
Сондай-ақ алдағы уақытта осындай көзқарастағы партияда жоқ 
зиялы қауым өкілдерін жастарды тəрбиелеуге жібермеу ескертілді. 
Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия конференциясында
Ф. Голощекин басында А. Байтұрсынов, Ə. Бөкейханов, М. Дулатов 
сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты “реакцияшыл, 
тіптен контрреволюцияшыл” деп бағалады. 
Кеңес өкіметінің өлкедегі əртүрлі айыптау науқаны жап-
пай саяси қуғын-сүргінге ұласты. Қуғын-сүргінді ұйымдастыру 
кезеңі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың ортасы бол-


258
259
ды. Большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы саяси қуғынды 
бастауының негізгі себебіне тоқталсақ, ол мынандай жағдайға бай-
ланысты болды. Большевиктер ірі байларды тəркілеуге байланысты 
бас көтерулерді ұйымдастырушылар деп қазақ интеллигенциясын 
айыптап, оларға қарсы шабуылды бастады. Соның нəтижесінде 
1928- жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары, əдебиетшілері, 
əртүрлі саладағы зиялылары жəне Алашорда қайраткерлері А. Бай-
тұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов 
жəне т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды. 
1930 жылдың қыркүйек, қазан айларында ұлттық интел-
лингенцияның екінші бір тобы (40-қа жуық адам), құрамында Х. 
жəне Ж. Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж. Ақпаев, Ə.Ермеков 
жəне өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды. Көп кешікпей 
олардың 15-і (Х. жəне Ж.Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, 
Ж.Ақпаев, К.Кемеңгеров жəне басқалары) Ресейдің Орталық қара 
топырақты ауданына жер аударылды. Мұндай іс-əрекеттердің 
барлығы большевиктердің өздеріне идеялық жағынан қарсылық 
көрсете алатын зиялылардан құтылу жолы екенін байқатады.
Болшевиктік тəртіп нығайған сайын қоғамдық өмірді толық бақы-
лауға алу күшейді. 1930 жылдардың ортасындағы қоғам мүшелеріне 
қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін — жазалау саясатын жаппай 
халыққа қарсы бағытталған террор деуге болады. Жаппай қуғын-
сүргінді ұйымдастыру үшін большевиктер социализм жеңісі күш 
алған сайын тап күресі шиеленіседі деген тұжырымды желеу етті. 
Елді жаулардан тазарту процесі кезінде большевиктер неше түрлі 
“террористік ұйымдардың” бетін ашты. Əртүрлі қыспақ пен қысым 
жасау нəтижесінде террористік ұйым мүшелері өздерінің күнəларын 
мойындап шыға келді. Мысалы, 1936 жылы тамызда троцкистік-
зиновьевтік террористік орталық жөнінде ашық процесс болды. Бұл 
іс бойынша Г.Е.Зиновьев, Б.Каменев, Г.Е.Евдокимов, барлығы 16 
адам жауапқа тартылды. Жауапқа тартылғандарға С.М.Кировты 
өлтіруді ұйымдастырды жəне оны жүзеге асырды, Сталиннің 
өміріне қастандық даярлады, диверсия, шпиондық əрекет жасады
деген кінəлар тағылды. 
Жаппай репрессия толқыны Қазақстанды да қамтыды. Қазақ-
станда бір жылдың ішінде үш іс қарастырылды. Олар Үржар, 
Пресновка жəне Қарағандыдағы “контрреволюциялық ұлтшыл-
фашистік залалдық ұйымдардың” істері болды. Ең алғашқы іс 
Қарағандыдағы сот ісі болды. Ондағы айыпталушылар тізімінде
округтік партия ұйымының хатшысы М. Гатаулин, мүшелері 
А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов болды. Олардың негізгі кінəсі — 
батылдылығы мен принципшілдігі. Сонымен қатар Гатаулин 1932 
жылы Сталинге жазылған “Бесеудің хаты” авторларының біреуі 
болып табылады. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесінде 
өздерінің “Мəскеудегі “троцкистік орталықпен” қалай байла-
ныс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге 
асырғандарын” мойындады.
Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспор-
тынан, жерхалкомынан, байланысхалкомынан жəне т.б. жерлерден 
анықтап, жауапқа тарта бастады. Партия кеңес қайраткерлерінің 
тізімін Н.Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты қызметкері), 
Т.Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мəскеуде 
ұсталып бастаса, кейін ол тізімді Қарағанды облыстық атқару 
комитетінің төрағасы А. Асылбеков, Қарағанды облыстық партия 
комитетінің екінші хатшысы Н.Нұрсейітов жалғастырды. Өлкенің 
партия жəне кеңес қызметкерлерін айыптап жауапқа тарту ша-
ралары нəтижесінде көрнекті қайраткерлер: К. Сарымолдаев, У. 
Құлымбетов, Г. Тоғжанов, А. Лекеров, А. Розыбакиев, Ж. Садуақасов, 
И. Құрамысов жəне т.б. ұсталып, ату жазасына немесе лагерьлерге 
ұзақ мерзімге айдалды. 
Тіпті орталықта не болып жатқанын білмейтіндер тағылған 
айыптардың еш дəлелсіздігіне қарамай жазаланды. Мəселен, 1938 
жылы 27 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрамдық бес 
азамат “Киров жолдасқа қастандық жасаушылармен ауыз жаласқан 
саяси қылмыскерлер” болып шығады. Жауап алу барысында Сай-
рамда “буржуазияшыл-ұлтшыл топтың” 12 мүшесі анықталып, ол 
топ “облыстық ұйыммен”, облыс “республикалық топпен байланы-
сты”, ал олардың барлығы “Мəскеумен тоғысты” деген қорытынды 
жасалады жəне үштіктің шешімімен “қылмыскерлер” атылады.
Тергеу ісінің материалдары көрсеткендей айыпталушыларға 
байланысты қылмыстық-процессуалдық кодекс дөрекі бұрмалан-
ған. Оның бұрмаланғанын төмендегідей дəлелдер көрсетеді: тергеу 
жұмысы қылмыстық іс қозғау туралы қаулысыз жүргізілген жəне 
айыпталушылар ешбір негізсіз жəне прокурордың рұқсатынсыз 
қамалған. Айыпталушыдан жауап алдын ала кінəлі адам ретіндегі 
көзқарас тұрғысынан алынған жəне көптеген айыпталушыларға
ешбір белгілі кінə тағылмай, олар айлап тергеусіз ОГПУ-дің 
түрмелерінде жатқан. Ал тергеу аяқталған соң айыпталушылар 
тергеу материалдарымен таныстырылмаған. Айыпталушылар 
қорғаушы пайдалану құқығынан айырылған. Іс осындай деңгейде, 


260
261
ешбір бекітілусіз, сот емес органдарға жіберілген жəне олар сырттан 
үкім шығарған. 
Жаппай репрессия саясаты нəтижесінде қазақ халқының ең 
таңдаулы азаматтары, тіпті, олардың ішінде кеңес өкіметін орнатуға 
қатысқан А. Айтиев, С. Арғыншиев, Т. Рысқұлов, Н. Сырғабеков 
сияқты қайраткерлер де атылып кетті. 
Жалпы сталиндік қуғын-сүргін көлемі əлі толық анықтала қой-
ған жоқ. Кей деректерде 1937—1938 жылдары қазақстандықтардың 
44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, басқа деректер 
1930—50 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, 
оның ішінде 20 мыңнан астамы атылғанын айтады.
Большевиктік жаппай репрессия саясаты кезінде жекелеген 
адамдар ғана емес, кішігірім халықтар да қуғын-сүргінге ұшырап, 
жазықсыз жапа шекті. Ондай жапа шеккен халыққа корейлер жата-
ды. Қазақстандық корейлердің негізгі бөлігі кезінде Қиыр Шығыс 
өлкесінен жер аударылды. Олардың жер аударылу себептерін КСРО 
ХКК-і мен БК(б)П Орталық комитеті бірігіп шығарған “Корей хал-
қын Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру тура-
лы” қаулысы бір ауыз сөзбен: “Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпи-
онажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында…” — деп жауап 
береді. Қаулыда оларға өздерімен бірге заттарын, дүние-мүліктерін 
ала кетуге рұқсат етілді. Тіпті, оларға шет елге кетуді қалайтындарға 
кедергі жасамау, шекарадан өтуді оңайлату тəртібіне жол беру 
қажеттілігін де көрсетті. Көшкенде қалдырып кетуге мəжбүр болған 
дүние-мүліктің жəне егіс алқабының шығынын оларға қайтару 
шарасы да атап көрсетілді. Алайда айтылғандар тек сөз жүзінде 
қалды. Көшкен корейлер тек киім-кешек пен азық-түліктерін ғана 
алып шыға алды. Олар сонымен бірге шекара əскерлерінің жəне 
НКВД-нің тікелей бақылауында болды. Корейлер Қазақстанға кел-
ген соң да күдікті саналып, бақылауға алынды жəне қуғын-сүргінге 
ұшырады.
Қазақстан картасында Карлаг деген ерекше тəртіптегі Қарағанды 
еңбекпен түзеу лагері пайда болды. Тоталитарлық тəртіп туындатқан 
тағы бір лагерь — Алжир деп аталды. Жаппай репрессияға ұшыра-
ғандардың отбасы да қуғындалды. Алжир лагерінде осы қуғынға 
ұшырағандардың əйелдері ұзақ жылдар бойы мерзімдерін өтеп 
отыруға мəжбүр болды. Кеңес үкіметі жүргізген қуғын-сүргін са-
ясаты нəтижесінде осы қуғынға ұшырағандарды орналастырып
оларды бақылайтын басқару органы ГУЛАГ пайда болды. 
Елдегі осындай қуғын-сүргін мен қорқыныш күш алып тұрған 
жағдайда КСРО жаңа Конституциясының жобасы талқыланып,
1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданды. Конституция елде социа-
лизм орнағанын жария етті. КСРО жаңа Конституциясы одақтас 
республикалар санын көбейту мүмкіндігін арттырды. Соған сəйкес 
Закавказ республикасы таратылды. Азербайжан, Армян, Грузин 
республикалары енді КСРО құрамына тікелей енді. Қазақ жəне 
Қыр-ғыз автономиялық республикалары одақтас республикаларға 
айналды. Қазақ республикасының мəртебесінің өзгеруіне байла-
нысты жаңа Конституция жасау қажет болды. 1937 жылы 3 ақпанда 
жаңа Конституция жобасын ҚазОАК-нің Президиумы қолдады. 1937 
жылы 21—26 наурызда Алматыда Қазақстан кеңестерінің X съезі 
өтті. 1937 жылы 26 наурызда съезд Қазақ КСР-ның Конституциясын 
бекітті. Мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органы төрт жылға сайла-
натын Қазақ КСР Жоғары Кеңесі болды. Жоғарғы Кеңес өзінің Пре-
зидиумын сайлады жəне республика үкіметі — Халық Комиссар-
лар Кеңесін (ХКК) құрды. Конституцияда республика аумағының 
тұтастығы негізделді. Қазақ КСР-ның əрбір азаматы КСРО азаматы 
болып табылды. 
Сонымен, қорыта айтқанда, 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдары 
əкімшіл-əміршіл большевиктік тəртіп қоғамдық-саяси өмірдің 
барлық саласында үстем болды. Əсіресе, Қазақстанда бұл тəртіптің 
өте ұсқынсыз, қатыгез формалары ұжымдастыру мен 1937—1938 
жылдардағы саяси репрессия кезеңдерінде күш алды. Кеңес үкіметі, 
яғни халықтың үкіметі, сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді 
ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын қолданды. Елде боль-
шевиктер басшылығымен халыққа қарсы жаппай “үлкен террор”
ұйымдастырылды.


262
263


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   74




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет