«ленин жолы» газеті («сыр бойы») кеңестік кезеңДЕ



Дата01.07.2016
өлшемі170.38 Kb.
#171078
«ЛЕНИН ЖОЛЫ» ГАЗЕТІ («СЫР БОЙЫ») КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ
Алаш арыстарының шығармашылық ордасы болған Сыр өлкесі шежіреге толы. Өткенді білмей тұрып, бүгінді сөз ету де мүмкін емес. Облыстық «Сыр бойы» газетінің тарихына зер сала отырып, қай кезеңде де халықпен бірге болғанына көз жеткіземіз.

Соғыстан кейінгі жылдарда ел экономикасын түзету жұмыстары жолға қойылған болаты. Осыған орай газет халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге белсене атсалысты. Журналистер одақтағы, республикамыздағы, облысымыздағы оқиғаларды кеңінен насихаттады. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңалықтар жайлы жазылған ТАСС-тың хабарлары газеттің әр санында беріліп тұрды.

Коммунистік партия басшыларының жиналыстарда жасаған баяндамалары, қаулы-қарарлары газет арқылы ел-жұртқа мәлім болып отырды. Облыстық деңгейдегі шаралар да басылым назарынан тыс қалмады. Ауылшаруашылық жұмыстарын механикаландыруға жіті көңіл бөлінді. «Суландыру жүйелерін тазалау жұмысы кеңінен механикаландырылсын», «Су жүйелерін әзірлеудегі кемшіліктер жедел жойылуға тиіс» деген материалдар соның айғағы. Газетте «Әдебиет беті» айдары ашылып, онда жергілікті ақын-жазушылардың, жас талапкерлердің өлеңдері мен әңгімелері басылды. Н.Сералиев, С.Баязитов секілді қаламгерлердің көркем шығармалары аталмыш бетте тұсауын кесті.

Газет аймақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді, көкейтесті мәселелерін сөз етті. Соның бәрін шаруашылық пен мәдениеттің өркендеуі тұрғысынан алып жазды. Облыстағы мәдени-ағарту жұмыстары да газет бетінде көрініс тапты. Мәдени-ағарту саласындағы жетістіктермен бірге кемшіліктер де сөз етілді. Мысалы, «Ленин жолы» газетінің 1951 жылғы 6 қарашадағы санында жарияланған «Идеологиялық жұмыстардың дәрежесін арттыра түсейік» деген есеп Қызылорда қалалық партия комитетінің жиналысында қаралған мәселелер жайын сөз етеді. Бұл реттегі қол жеткен табыстарға клуб мекемелерінің қосқан үлесі көрсетілген. Өйткені бұл клубтар кейіннен пайда болған ірі мәдениет үйлерінің алғашқы бастаулары еді. Яғни, Қызылорда облысының өнері мен мәдениеті, тарихы осы клуб жұмысының жолға қойылуынан басталады. Сондықтан бұл істің құлаш жаюы осы қарастырылып отырған жылдардың өне бойына ерекше қарқынмен жүріп жатты. 1946 жылы Қызылорда облысында 105 клуб, 60 автокөлік, 250 кітапхана, 1 облыстық театр, 6 халық университеттері тағы басқа көптеген мәдени мекемелер жұмыс істегендігі жайында мәліметтер келтірілген.

«Жалағаштағы жайбарақаттық» деп аталатын проблемалық мақаланың авторы М.Асқаров Жалағаш ауданындағы егіске әзірліктің өте нашар екенін сөз етеді. Егіннен мол өнім жинаудағы қажетті шараның бірі жергілікті тыңайтқышты дайындау жұмыстарына көп колхоздың әлі кіріспегендігін айтады. Ал кейбір колхоздың көзбояушылыққа салынып отырғандығына нақты деректер келтіреді. Мысалы, «Ынтымақ» колхозының председателі Макібаев жолдас аудандағы ауылдарға 70 тонна жергілікті тыңайтқыш дайындалды деп мәлімет берген. Шынында, бұл колхоз тыңайтқыш дайындауға әлі кіріскен жоқ. Мұндай фактілер «Еңбек», «Калинин» атты колхоздарда да кездеседі» деп жайбарақаттыққа салынған колхоздарды нақты атап өтеді.

Соғыстан кейінгі жылдардағы ел өміріндегі келеңсіз жайттарды сынап, тезге салып отыру үшін публицистиканың фельетон жанры баспасөзде едәуір орын алып отырды.

Осыған орай, «Ленин жолы» газеті де сатираға көбірек көңіл бөлді. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» (1958 жылы, 6 шілде, №133) атты сын-сықақ бұрышы дүниеге келді. Аталмыш сықақ бұрышының тұсауы кесілісімен-ақ түрлі сын-сықақ, мысқылдар «шым» еткізер шымшымалар жарық көре бастады. Мысалы, М.Сексенбаевтың «Бес сом беріп, берекеміз кете ме?», Байжігіт Әбдіразақовтың «Движоктың мұң-зары», Жақсылық Бекхожаевтың «Бастық ар жақта, жұмыс бер жақта», «Дөрекі мінезді дүкенші», Өтеген Жаппархановтың «Точный факт болуға тиіс», «Егін орылмай, дән төгіліп», Сақтапберген Әлжіковтың «Үзіп-жұлқып» т.б. фельетондарынан сол кездегі өмірден орын алған келеңсіздіктерді көруге болады.

А.Тоқмағамбетовтың халықаралық тақырыпқа арналған «Оқпен ойнаған мысық» мысалы, «Бет пен ет», «Мығымбайға», «Өсекшілерге» атты сықақ өлеңдері алғаш рет осы сықақ бұрышында жарияланған.

«Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» сықақ бетінің айта кетерлік ерекшелігі, мұнда «Көмектесті» деген тұрақты айдар бар. Яғни сыналған, келемежделген нысандағы, өндіріс орнындағы кемшіліктің орны толып, қисықтың түзелгені туралы хабардар етіледі. Мәселен, «Ленин жолы» газетіндегі (1958 жылы, 19 сәуір) жарияланған «Бұл жылдық емес, айлық» атты сын мақалада Абай атындағы колхоз (Сырдария ауданы) басшыларының елді пункттерді санитарлық жағынан таза ұстау мәселесіне мән бермей келгендігі сыналған болатын. Партбюро секретары Нарманов жолдастың хабарлауынша бұл мәселе колхоз жанындағы бастауыш партия ұйымының жиналысында талқыланып, онда ауыл айналасының тазалығын шұғыл жолға қоюдың нақты шаралары белгіленгендігі туралы жауап хат келген. Осыдан-ақ сын-сықақтың, фельетонның қоғамдағы, шаруашылықтағы келеңсіз көріністерді түзетуге ықпал еткенін аңғаруға болады. Сын-сықақ бұрышының мазмұнын арттыруда «Ең соңғы жаңалықтар» деген айдардың өзіндік орны бар. Онда әр ауданда орын алған кемшіліктер сыни ақпарат түрінде хабарланады. Мәселен, «Шиелідегі «Төңкеріс» колхозында балалар бақшасының үйі тауықханаға айналып, жуырда босатылыпты. Бұл қалай деушілерге ауыл басшылары балапан да бала емес пе дейтін көрінеді». Бұл да сын-сықақ бұрышының кемшілікті шағын ақпарат түрінде берудің бір түрі.

Бұл жылдарда газет оқырмандары Қ.Бөршиев, А.Қойшыбаев, Н.Есімова, М.Қарақонақова, З.Өмірбеков, Ж.Жаңабергенов, Ж.Ахметов, О.Нұрқабаев, М.Исаев, Қ.Ажаров, А.Тоқмағамбетов, Ш.Ералиев сынды журналистердің мақалаларын оқып жүрді.

60-70-ші жылдардағы Сыр өңірі публицистикасы көкжиегінің ауқымы Б.Сарбасов, С.Сейiтов, Ж.Қонақбаев, Х.Сыздықов Қ.Сүйенiш, Ж.Түменбаев сынды қаламгерлер шығармашылығынан көрініс тапты. Осындай ел арасындағы қаламы жүйрiк таланттардың облыстық газетте тоғысуына, олардың шығармашылығына бағыт-бағдар беруде 1962 жылдары газет редакторы болған Ұзақ Бағаевтың көп еңбегi сiңген едi.

Бұл жайында журналист Қайырбек Мырзахметұлы газеттің 80 жылдық мерейтойына орай жазған «Менің редакторларым» мақаласында: «Бағаев жазу үлгісімен, қаламының ұшқырлығымен бізді тәнті етті. Газеттің бет-бейнесі өзгеріп, күннен-күнге қуантып, басылым таралымы 50 мыңнан асты» деп еске алады.

Газетте 1960 жылы 6-шы қаңтарда «Әйел теңдігі үшін күрескендердің бірі» тақырыбында жарық көрген Қ.Рысбековтың мақаласы назар аударарлық.

«Әйел теңдігін әйгілі ету, оны қараңғылық шырмауының ықпалындағы жұрттың сана сезіміне ұялату оңайға түспеді. Міне, осы тұста қазақтың саналы, алдыңғы қатарлы әйелдері бұл іске белсене араласты. Олар көптеген ауылдарда болып, әйел теңдігін жүзеге асыруды насихаттады. Қазақтың қастерлеп ауызға алатын алғашқы әйелдері Есқызы Сара, Оразбайқызы Алма, Арыққызы Нағиманың өмірлері мен атқарған қызметтері соған дәлел болады. Олар көптеген қазақ әйелдерін тәрбиелеп, адам етті»,- деп басталатын мақала авторы солардың бірі – 1929 жылы туылған Шиелі поселкесінде тұратын Атығайқызы Әзиза екендігін айтады. Атығаева Әзиза Қызылордадағы 6 айлық курсты бітіріп, кілем артелін ұйымдастыруға белсене араласады. С.Есқызы, Н.Арыққызымен кездеседі. Олар Әзизаға жол-жоба үйретіп, алдағы тұрған күрделі міндеттермен таныстырады.

Ә.Атығайқызы 1928 жылы Түркістан уездік партия комитетінің әйелдер бөлімін меңгереді. Көптеген жас әйелдерді тоқалдықтың бұғауынан ажыратып, олардың бас бостандығын алып береді. Сол жылы Гурьев округтік партия комитетінің әйелдер бөлімін басқара жүріп, Әзиза көптеген қазақ қыздарды оқуға тартады, интернатқа оналастырады. Осындай жұмыстармен 1932-1935 жылдар аралығында Ауылшаруашылық Жоғары мектебін оқып бітіреді. 1937 жылы Қызылорда сәбилер үйіне директор болып тағайындалады. Мақала кейіпкерінің өмір жолы үлгі-өнеге.

«Сын және библиография» айдарында жаңадан жарыққа шыққан кітаптарға пікірлер жазылды. Осы айдарда Дархан Сапаровтың «Құтты қадам» атты рецензиясы өзінің көркем шығармаларымен тек облысқа ғана емес, республикаға таныла бастаған Нәсіредин Сералиевтің «Намыс» әңгімелер жинағына жазылған. Автор шын шеберге тән қолтаңба мен жазушы әңгімелерінің көркемдік дәрежесі, тіл ұстамдылығы, қаламының үшкірлігі жайында ойларын жеткізе айта білген. Шығарманың көркемдік, композициялық құрылымын талдай отырып, кемшіліктеріне де тоқталады.

«Жинақтың ерекшелігі Сыр бойының жиделі тоғайы, созылып жатқан адырлы құмы, құшақ жетпес қауындары көз алдыңа келеді. Сыр елінің тынысы айқын бояуымен көрініп, сүйсіндіреді. Кемшіліктер де бар. Кейбір кейіпкерлері (Мысалы, «Әлеу-һай» деген әңгімедегі Жұмаштың ағасы) өте сабырлы, ақылды бала болып ойнауды, жаза басуды білмейді. «Аңқау шал», «Бөрібасар мен Қанден», «Бүркіт» деген шағын әңгімелердің балаларға беретін дәні аз, көркемдігі солғын дүние. Жалаң үгітке құрылған. Сондықтан мұндай әңгімелерді жинаққа ендіріп, кітаптың көркемдік дәрежесіне нұқсан келтірудің реті жоқ» дейді автор.

Газет бетінен Қайырбек Мырзахметовтың «Жолдастық сотта», «Үйірме насихатшысы» атты мақалаларымен бірге, осы автордың «Сөз бен іс алшақ», Мырқы Исаевтың «Жемшөп малға бапталып берілмейді» /ЛЖ.1960, 9 қаңтар/, «Совхозда сүт өндіру неге нашар» /ЛЖ.1960, 29 қаңтар/, «Ұқыпсыздық аяғы - сапасыздық» /ЛЖ.1970, 3 сәуір/ сияқты тағы басқа көптеген сыни корреспонденцияларын жиі кездестіруге болады.

Кеңестік кезеңде шыққан мерзімді басылымдарда, әсіресе газеттің алғашқы бетінде міндетті түрде кезең міндетіне орай бас мақала берілді. Сондай бас мақаланың бірі «Механизатор кадрларын жеткілікті даярлайық» деп аталды. Мақалада ауылшаруашылығының барлық саласын механикаландыруға механизатор кадрларын даярлау уақыт қажетінен туындап отырғаны айтылған. СОКП ОК декабрь пленумы ауылшаруашылығын күшті қарқынмен өркендетіп, оның өнімділігін арттыру міндетін қойды. Облыс еңбекшілері көтеріңкі міндеттеме қабылдады. Егіншілік пен мал шаруашылығында қолда бар механизмдерді пайдалану үшін мыңнан астам мехнаизатор жетіспейтін еді. Соған сәйкес 1 сәуірге дейін механизатор кадрларын даярлайтын училищелерде 1050 адам даярлануға тиіс болды. Осыған орай «Ленин жолында» техниканы меңгеруге шақырған Жалағаш ауданы бір топ қыздарының хаты жарияланған. «Құрбылар, ауылшаруашылығы техникасын меңгеруге аттаныңдар» деген тақырыптағы Жалағаш аудандық ауылшаруашылығын механикаландыру училищесінің бір топ оқушы қыздарының облысымыздың барлық қыздарына жазған хатында: «Механизатор мамандығын алып, колхоздарымыз бен совхоздарымыздың экономикасын арттыруға үлес қосуға шақырамыз» делінген. Осы ұранның аясында талай қазақ қыздары трактор рөліне отырып, егіс даласына аттанды. Олардың еңбектері кезінде лайықты бағаланды да. Марапаттауларға ие болып, баспасөз беттерінде бірнеше очерктер дүниеге келгені белгілі.

«Әдебиет бетінде» А.Тоқмағамбетовтың «Еңбекте – тұтас армия», С.Есмахановтың «Жасыл бау», Ж.Сыздықовтың «Пернелер», С.Желдербаеваның «Әжесінің баласы» өлеңдері мен Б.Қыдырбекұлының «Жұрынбайдың жұтқыншағы» әңгімесі жарияланған.

«Ленин жолы» газетінен байқағанымыз сын-сықақ беті тұрақты шығып, тек белгілі бір жылдарда атауы өзгеріп отырған. Мысалы, 1963 жылы сықақ беті «Сықақ пен мысқыл» деген атпен жарық көрген.

1968-85 жылдар аралығында «Ленин жолын» Қалқабай Әбенов басқарған. Газетте осы мамандықтың қиындығын да, қызығын да сан жылдар көріп, соғыс жылдары, одан кейінгі ауыр кезеңдерде тер төккен, бұл саланың қыр-сырын әбден меңгерген Ахметжан Нұрекеев, Нұрғали Оспанов, Бөлебай Әлменов, Құрманғали Ажаров, Орман Нұрқабаев, Шора Ерәлиев, Мырқы Исаев және Ш.Рахметбеков, А.Сәдібекұлы, А.Мәдединов, Қ.Сүйеніш, Р.Бекбергенова, Қ.Мырзахметов, Ү.Әбшенов, Б.Омарәлиев, Қ.Әбдешов, Д.Смайылов, Ж.Түменбаев, Ә.Рахымбекұлы, Н.Байғараев, Ә.Уәлиұлы, Ә.Айдаров, Жақсылық Түменбаев, Әділхан Бәйменов, Нұрпейіс Байғараев, Әбдіхан Айдаров, Асқар Кіребаев, Құттыбай Сыдықов сияқты қаламдары үшкір журналистер еңбек етті. Оқырмандар саны, басылымның таралымы өсті.

Газеттің байырғы қызметкері Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Рысты Бекбергенова «Ұмтылмас ұлағат» атты мақаласында редактор Қалқабай Әбеновтің азаматтық тұлғасы, халықпен қарым-қатынасы, шыншылдығы, адалдығы, отаншылдығы жайында былайша ой өрбітеді: «"Ленин жолы" газетінің редакторы болып Қалекең келген кез коммунистік партияның өз билігін, саясатын жүргізіп тұрған кезі. Жақаевшылар қозғалысы, ауылды қаламен теңестіру, жасөспірімдерді еңбекке бейімдеу, тағы басқа шаралар. Әр салада еңбек етіп, жетекшілік етудің алуан түрінен тәжірибесі мол Қалекең халықтың сөзі мен көзі саналатын басылымның насихаттық, көркемдік деңгейін көтере білді. Мәдениет, өнер, әдебиет жаңалықтарына назар аударды. Арнаулы беттер, мен бөлімдерге көңіл бөлді».

Осы тұста жаңа айдарлар, бұрыштар ашылған. Олар - "Сыр түлегі", "Мектептен - өндіріске", "Әйелдер сіздер үшін", "Күріш - біздің байлығымыз", "Өлең - сөздің патшасы" деп аталды. Бұл он жылдықта газеттің ізденісі одан сайын арта түскенін көреміз.

Жетпісінші жылдары газеттің мазмұндық сапасы жоғарылаған. Газет тілшілері еңбек адамдарымен белсене араласты, олардың өмірінен қызғылықты очерктер мен мақалалар жазылды. «Малшы еңбегі - мақтаныш» деген айдарында шопандар өмірінен сыр шертілді. Егіс алқабындағы күрішшілер жайлы да мақалалар үзбей беріліп тұрды. Сонымен бірге республиканың басқа облыстарының да тыныс-тіршілігінен арнаулы беттер ұйымдастырылған.

Облыстық «Ленин жолы» газетінің 1970 жылдары жарық көрген сандарының әрбір алғашқы бетіне «Қазақ ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 50 жылдығы алдында» деп жазылған. Сонымен бірге «Мал қыстатуды үлгілі өткізейік!» /ЛЖ.1970, 14 ақпан/ деген ұранды тақырып аясында берілген материалдар сол кезеңнің тынысынан хабардар етеді. Журналист Қ.Мырзахметовтың «Шопан отарында», К.Изетовтің «Техника әзір ме?» сыни корреспонденциялары осы мәселелерге арналған.

Басылымның осы санындағы арнаулы тілші Д.Сапаровтың «Қоймада жатыр көп дүние...» /ЛЖ.1970, 3 маусым/ атты репортажы көп жайттан хабардар етеді.

«Шіріген жүзім, иістенген балық», «Қираған консервілер» және «Қойма – аула алаңы» деген шағын тақырыпшалардан тұратын бұл проблемалық репортаждың айтары да, дәлелі де мол.

Газеттегі журналист Ақберген Ержановтың «Сауыншылар сайысы» атты оперативті репортажы да кезең қойған сүтті көп өндіру міндеттемесіне орай өткізілген сауыншылар сайысын баяндайды.

Жанр қоғамдық құбылыс болғандықтан, әр кезеңнің ерекшеліктеріне сәйкес әртүрлі жанр түрлері газет бетінде көрініс тауып жүр. Ұжымдастыру кезінде облыстық газет бетінде мақала, корреспонденция жанры көбірек берілген болса, сұқбат жанры мүлдем сирек кездеседі. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында насихаттық мақалалар, очерк жиі жарияланып тұрған.

«Ленин жолында» очерк жанрында жарық көрген материалдардың саны аз емес. Негізінен басылымда портреттік очерк жиі берілген. Өмірмен ілесіп отыратын очерк жанры 1970 жылдары да дәуір туғызған жаңалықтарды, жақсы адамдарды ел-жұртқа таныстыру мақсатында көп міндеттер атқарды.

Газеттің 1970 жылғы 1 қаңтардағы санында жарық көрген А.Досжановтың «Өнегелі өмір» очеркі Арал тұрғындары «шежірелі қарт» деп құрмет тұтатын, қарапайым еңбек адамынан колхоз председателіне дейін өскен Дәуренбек Айбосынұлының еңбек, өсу жолдарын сатылап, сабақтастыра баяндайды. Дәуренбек жан-жақты ұйымдастыру қабілетімен танылып, 1919 жылы Қабырға болысындағы бесінші ауылдың алғашқы Советінің председателі болып сайланады. Автор Дәуренбектің қазақ әйелдерінің арасынан шыққан жаңа өмірдің алғашқы қарлығаштарының бірі Сара Есовамен танысуын қызықты әңгімелейді. Очерк кейіпкері «Қызыл отау» мәдениет ошағын басқарушы С.Есовамен 1 жарым ай ел аралап, көп нәрсеге көзі ашылады. Қазақ ауылындағы кооперацияның алғашқы қадамдары, «Сарбасат» кооперативін құрушы, колхоз председателі, селолық тұтынушылар одағының бастығы, балықшылар тұтынушылар қоғамының председателі қызметтерін атқарады. Соғыс уақытында тылдағы ауыр еңбек дәмін татқан, талай қиыншылықты басынан өткізген адам келе-келе барлық жағынан өскен кейіпкер бейнесімен әдемі түйін тапқан.

Газет беттерінде жарық көрген Т.Қосмұратовтың «Теңіз ұлы» /ЛЖ.1970, 6-қаңтар/, Шәкізат Дәрмағамбетовтың «Өміріңнің жалғасымын» /ЛЖ.1970, №4/, Тоқболат Еңсегенұлының «Таң сұлуы» /ЛЖ.1970, 8-қаңтар/, Жақсылық Түменбаевтың «Ағайындылар»/ЛЖ.1970, 31-қаңтар/ атты очерктерінде қарапайым еңбек адамдарының бейнесі сомдалады. Ол заман очерктерінде кездесетін қиындықты адамның сөзсіз жеңуі, кенестік өмір салтының өскелеңдігі әрдайым бірінші қатарға шығатын, идеологиялық өндіріс пен материалдық өндірістің тізе қоса жұмыс істейтіні айқындала түсетін. Кеңестік ақпараттық кеңістікте баспасөздің басқа жанрларына қарағанда (ақпарат, корреспонденция, сұқбат, баспасөзге шолу т.б.) очеркке ерекше мән берілуі оның деректі сипатымен қоса, көркемдік әсер етушілік табиғатына, социалистік қоғамның артықшылықтарын асыра бағалау сияқты идеологиялық ұстанымдарға байланысты еді. Сонымен қатар очерктегі еңбек романтизмін ынталандыру арқасында ел басында отырғандар идеология мен экономиканы синтездеуге ұмтылды, өндіріс саласына еңбек күшін тартуды, жастарды кәсіп саласына қызықтыруды көздеді. Яғни очерк жанрының ақпараттық-бейнелеушілік сипатымен қоса, оның экономикаға тікелей әсерін, өндіргіш күш есебіндегі ықпалын аңғаруға болады.

А. Тоқмағанбетовтың «Ұл апа» /1970, 7-наурыз/ очеркі Сырдың қайраткер қызы Ұлмекен Рысбекова жайында. Автор Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздары педучилищесінің директоры қызметін атқарған Ұлмекеннің ұстаздық қыры мен басқару саласындағы тәжірибесін, шәкірт тәрбиелеудегі өнегелі өмірін шынайы әңгімелейді. Аталмыш оқу орнын 3 мыңнан аса қыздар бітіріп шыққанын, олардың арасында талантты, дарынды қыздардың аз еместігіне бүгінде республикаға танылған ақын, биші, әнші, сазгер қыздардың Сыр өңіріндегі осы оқу ордасын тәмамдағанына мысалдар келтіреді. Мәселен, Карамолдаева Галина - композитор, Бақыт Әшімова - Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, Н. Лушникова - өзі орыс қызы бола тұра, қазақша өлең жазып, республикаға аты жайылды. Жазушы баспасында қызмет істейді. Рысты Бекбергенова - ақын, Камбарбаева Гуля - ҚазГУ-дың аға оқытушысы. Ұлмекенді жақсы көрген мінезін сүйетіндіктен «Ұл апа» деп ән, өлең шығарған. Автор шәкірттерінің жылы лебіздерін келтіре отырып, Ұлмекен образын аша түседі.

«Шынында да Ұлмекен үлкен жүректі бала тәрбиелеу үшін жаратылған ана сияқты. Ширек ғасырдай мыңдаған асау, тентек, балаң қыздардың ыстығына көніп, суығына төзіп өзінің бойындағы бар қасиетін беруге тырысқан ана. Қатты сөзі жоқ, айқай-шуы көп, жұмсақ сөзімен жанға шипа беретіндей жақсы тілді таба білген ана»,- деп толғанады қаламгер.

Газет ауыл шаруашылығы, еңбек, өнер, мәдениет тақырыбымен бірге әдебиет, ғылым мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. «Театр» айдарында облыстық Н.Бекежанов атындағы театрда сахналанған қойылымдарға сирек болса да рецензиялар беріліп тұрған. Бұл тақырыпқа көбінесе журналист С.Баязитов қалам тартқан. «Ғалымдар трибунасы» айдарында ғалымдардың зерттеу мақалалары орын алды, мәселен, М.Томанов, Н.Жүнісовтің «Қазақ әдеби тілінің зерттелуі» атты ғылыми мақаласы осы айдар аясында жарық көрген. «Жаңа өлеңдер» айдарында О.Асқаровтың «Бұрым жыры», «Бір апта», «Ләйлә», М.Мақатаевтың «Мұзбалақ» /ЛЖ.1970, 11 наурыз/ өлеңдері берілген. Жаңадан жарыққа шыққан кітаптарға рецензия «Оқыдық, пікір айтамыз» айдарында берілген, мәселен, А.Мекебаев ақын Ж.Қыдыровтың «Жұлдыздарға жол» кітабына пікір жазған.

Бұл жылдардағы басылым беттерінде мал шаруашылығы, ауыл және егін шаруашылығын дамытуға көбірек көңіл бөлінген. Сүт өндіруді арттыру кезең алға қойған міндеттердің бірі болды. Осы мақсатта газеттің алғашқы бетіне «Сүтті көп өндірейік!» деген ұранды сөздер жазылды. Сонымен бірге жақсы жұмыс атқарғандарға қолдаулар көрсетіліп, «Озаттарға Қызыл ту!» деген марапат жарияланды. Мәселен, 1970 жылдың 25 июнь және 5 июль аралығында жемшөп дайындау жолындағы социалистік жарыста озып шыққандарға қызыл тулар беру, бермеу туралы жарлық шыққан. Осы жылдың 9 июлінде осы төңіректе мәселе қозғалған. Онда «Берілген апта аралығында бірде-бір аудан жемшөп дайындау жөніндегі тапсырманы орындаған жоқ. Сондықтан ешбір ауданға берілмейді» делінген.

Кеңес журналистикасы тәжірибесінде кейде ресми, кейде көтеріңкі шырайда жазылатын, директивалық үні ашық бас мақалалар күнделікті газеттердің желбірете көтерген туындай бүкіл нөмірдің мазмұны мен шығармашылық саясатын жарқырата көрсетіп тұратын. Ғалым К.Хамзиннің тұжырымына жүгінсек, бұрын мақала түрлеріне жатқызылып жүрген идеологиялық, науқандық реңі басым шағын публицистикалық материалдарға корреспонденция мен мақаланың ортасынан орын сайлап, оларға «кезеңсөз» деген атау бергенді ұсынады. Осыған орай кезеңсөз үлгісінде жазылған материалдар «Ленин жолы» газетінде де аз емес.

60-70-ші жылдары жемшөп дайындау кезек күттірмейтін басты міндеттердің бірі болғандықтан газеттің әр санында «Жемшөптің берік қорын жасайық!» деген ұранды сөздер орын алған. Газеттің аудандағы арнайы тілшілері совхоздардағы аталмыш мәселеге қатысты хал-ахуалды дер кезінде хабарлап отырған. 1970 жылдың 16 июлдегі санында С.Қожаниязов Тереңөзек ауданында атқарылған істің барысы жайында ақпар береді. Ал газет қызметкері, белгілі ақын А.Тоқмағамбетов Жаңақорған ауданындағы малшылармен жүздесіп, еңбек адамдарының берекелі істері жөнінде корреспонденциялар, мақалалар жариялаған. «Туған жердің тарихы» деген өлең ақын мен Жаңақорған аудандық Қызыл отау меңгерушісі айтыскер ақын Манап Көкенов екеуінің диалогы түрінде берілген.

Мал шаруашылығын өркендету талабына сәйкес жарық көрген материалдардың көпшілігі осы бағытта жазылған. Оны «Малшы еңбегі мақтаныш», «Қымыз өндіруге неге қырын қарайды?», «Мал шаруашылығы өзекті мәселе» т.б. мақалалардан аңғаруға болады. Бұл сол кезеңнің өзекті мәселесі ретінде партия комитетінің жиындарында қаралып, пайыздық мөлшерде салыстырылып отырған. Аталмыш тақырыпта И.Қарымсақов, Ә.Жәнәбілов, Қ.Тілеуқабылов сынды журналистер жиі қалам тартқан.

Балық шаруашылығын дамыту мәселесі де газет бетінен түспеген тақырыптардың бірі. Бұған осы жылдарда «Балық – сарқылмас байлық» айдарымен жарық көрген көптеген материалдар дәлел бола алады. Аталмыш тақырыпта газет тілшілерінен өзге осы кәсіп мамандарының да материалдарын кездестіреміз. Мысалы, «1974 жылдың есебінде» деп аталатын жарияланымда Арал ауданы Қаратерең ауылының балықшысы Сембі Шермаханов: «Балықшылар әдетте «дауылда дамылдайды» дейді. Осы бір сөз қазір ескірген-ау деймін. Мұны мен өз еңбек жолымнан көріп отырмын,- деп бастап, одан әрі өз тәжірибесімен бөліседі - Дауыл балықшыларға аз шығын әкелмейді. Әрқайсысы 75 сом тұратын 40 аудан айырылып қалсаң, балықты немен аулайсың? Сол үшін ауды дауыл алып кетпейтіндей, мықтап орналастыру керек. Бұрын 4 ау сайын якорь тасталса, енді 2 ау сайын тастаған жөн. Әрі 4 тармақты болғаны жөн. Асылы балықшы дауылда да дамылдамауы керек».

Балықшылар бірде осы салаға қатысты проблема көтерсе, енді бірде өздеріне берілген тапсырманы артығымен орындағандарын мақтанышпен жеткізеді. Мысалы, Арал ауданындағы штаттан тыс тілші Ө.Төлеповтің «Олар шабыт үстінде» корреспонденциясы осы ыңғайда жазылған. Корреспонденцияда «Авань» балық зауытының балықшылары Сағитжан Сейітов пен Ташен Ералиевтың ата кәсібі, аға ұрпақ дәстүрін жалғастырушы жас балықшылардың тынымсыз ізденісі мен іс-әрекеті баяндалады.

Автор олардың жетістіктерін «Асау толқындармен, қаһарлы аяздармен айқаста шыныға білді. Бір күнде шаһардағы 30 кг балық орнына 50-60 кг, тіптен центнерлеп балық тапсырып, бір күнде айлық, апталық жоспарларын орындап отырған. Соңғы 2 жылда мемлекетке жоспардан тыс 200 центнердан тыс 200 центер балық тапсырды» деп көрсетеді.

«Коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасаушы. Осыбір кең мағыналы жүрекке жылы ұғымдар ойларына оралғанда Сағитжан мен Ташен мол қуанышқа кенелетін» деген жолдардан сол кезең публицистикасына тән идеологияны, публицистерге ортақ шалқу стилді аңғарамыз.

Бұл кезеңдерде газетте жыл сайын тақырып қамту, проблемалық мәселелер көтеру ауқымы кеңейіп, журналистер шеберлігі арта түсті. Газеттің басты тақырыбы соғыс салған жараны жазумен қатар, соғыстан соңғы бесжылдықтарды мүлтіксіз орындауға жұмылдырды. Сыр бойының алдыңғы қатарлы адамдарын көпке таныстырып отырды. Мысалы, Ким Ман Сам, Ыбырай Жақаев, Дүйсенбай Керейтбаевтарды дәріптеп, олардың озат тәжірибесін ортаға салды. «Жас күрішшілер клубы», «Озат тәжірибе мектебі», «Жақаевшылар іс үстінде» деген айдармен берілген материалдар күрішшілердің күшіне күш қосып, еңбекке деген ынта-ықыласын арттыра түсті.

1972 жылы газеттің он мыңыншы санының жарыққа шығуына орай газеттің 28 июльдегі саны тұтастай мерекеге арналған. Алғашқы бетіне «Ленин жолы» газеті редакциясының коллективіне, жұмысшы және село тілшілеріне, барлық оқушыларына» деген бас тақырыппен Қазақстан Компартиясы облыстық және Қызылорда қалалық комитеттерінің құттықтауы жарияланған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының газетті республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапаттау туралы жарлығы берілген. Газеттің екінші бетінен орын алған «Сыр бойының» шежіресі» деген мақаланың авторы, газеттің негізін қалаушылардың бірі А.Тоқмағамбетов «Сыр бойының» шежірелі жылдарын сөйлетеді. Автор басылымның жарыққа шыққан күнінен бастап, еңсені басқан ескілікке, тоғышарлыққа, кеңсешілдікке, рушылдыққа, әйел теңдігі және жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күрес ашқанын әңгімелейді. Экономика мен мәдениетті дамыту, озат тәжірибені өндіріске ендірудің ірден-бір жаршысы болудағы газеттің рөлін көрсетеді.

Ал филология ғылымдарының докторы Әуелбек Қоңыратбаевтың «Ұшқан ұям» мақаласының орны бөлек. «Мен осы «Ленин жолы» газетін 1929 жылдың жазында алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болдым. Бұрын «Сыр бойы» атанған бұл газет үш күнде бір рет шығып тұрды. Редакторымыз Жиенғали Тілепбергенов, аудармашы Әбдірахман Мұстафин, әр бөлімге бекінген әдеби қызметкерлердің бірі – мен, өзгелері М.Байділдаев, Ә.Құрманаев, Датқабай болатын» деуінен газеттің алғашқы шығарушылары жайлы мағлұмат алдық.

Ал 1977 жылы КСРО Журналистер одағының құрметті дипломы және ақшалай сыйлығымен марапатталған. 1979 жылы 50 жылдық мерейтойына орай КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының жарлығы бойынша мемлекеттік жоғары награда болып табылатын «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Одақтық Социалистік жарысты насихаттау мен оның жетістіктерін баспасөз бетінде көрсетуде үздік деп танылып, оның бірсыпыра нұсқалары Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде қойылды.

Қорыта айтқанда, Кеңестік кезеңдегі «Ленин жолы» газеті Сыр өңірі халқымен бірге тыныстап оқырмандар алдындағы борышын адал өтеп отырған. Облыстық аға газеттің өсу жолдарында өздерінің шығармаларымен заман проблемаларына үн қосып, шеберліктің үлгісін көрсеткен публицистер мұралары жас журналистерге үлгі боларлық.

ЕРМАҒАНБЕТОВА Зухра



ҚМУ-дің аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет